"Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы әскери-көлiк мiндеттілігi туралы ереже бекiтілсiн.
2. Орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдар бұрын қабылданған нормативтік құқықтық кесiмдердi осы қаулыға сәйкес келтiрсiн.
3. "Қазақстан Республикасындағы әскери-көлiктiк мiндет туралы ереженi бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 3 қыркүйектегі N 1083 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 36, 343-құжат) күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы алғаш жарияланған күннен кейiн он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Pеспубликасының |
Қазақстан Республикасы Үкіметiнің 2005 жылғы 19 шілдедегі N 747 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасындағы әскери-көлiк мiндеттілiгі туралы ереже
1. Әскери-көлiк мiндеттілігі Қазақстан Республикасының аумағында "Қазақстан Республикасындағы жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы Заңына сәйкес Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды көлiкпен, мотоциклдермен, тракторлармен, жол-құрылыс және көтергiш-көлiк машиналарымен және тетiктермен, көлік-арбамен және арту құралдарымен (бұдан әрі - көлiк құралдары) қамтамасыз ету мақсатында: соғыс жағдайы немесе жұмылдыру жарияланған, әскерлердi жауынгерлiк әзiрлiктiң жоғары дәрежесiне көшiрген кезде белгіленедi.
2. Әскери-көлiк міндеттілігі Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдарына ұйымдарға және көлік құралдары бар азаматтарға, сондай-ақ көлiк құралдарының жұмысын қамтамасыз ететiн өзге де ұйымдарға қолданылады.
3. Көлік құралдары иеліктен алынады немесе жеке және заңды тұлғалар олардың меншiк иелерiне кейіннен тең бағамен өтей отырып қорғаныс мұқтажы үшін бередi және Қазақстан Республикасының жергілiктi әскери басқару органдары мен жергілiкті атқарушы органдарының өкiлдерi Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрамына береді.
4. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының құрамына көлiк құралдарын беру жөнiндегі жұмылдыру тапсырмасы Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының жергіліктi әскери басқару органдарының өтінімі бойынша жергiліктi атқарушы органдардың шешімiмен белгіленеді және жергiлiкті әскери басқару органдары олардың меншiк иелерiне жеткiзеді.
5. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Iшкі iстер министрлiгi, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті бейбiт уақытта Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулысының негiзiнде жұмылдыру тапсырмасына сәйкес Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрамына беруге олардың техникалық жай-күйі мен әзірлігін тексеру үшiн жеке көлiк құралдарын қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрамына беруге арналған көлiк құралдарын оқу-жаттығуға, арнайы және тексеру жиындарына тартады.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 21.11.2016 № 717 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.6. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгінiң органдары жүзеге асыратын жеке жеңiл көлiк құралдарын, мотоциклдер мен мотороллерлердi қоспағанда, көлiк құралдарын мемлекеттік тiркеу және есептен шығару қалалардың (аудандардың) қорғаныс iстерi жөнiндегі тиiсті басқармаларына (бөлiмдерiне) жазбаша хабарлағаннан кейiн ғана жүргізіледi.
7. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті әскери басқару органдары Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрамына беруге арналған көлік құралдарының міндетті техникалық тексеруден өту фактісін растау үшін аумақтық көліктік бақылау органдарына тиісті сұрау салуды жолдайды.
Аумақтық көліктік бақылау органдары 5 жұмыс күні ішінде тиісті сұрау салу бойынша ақпарат береді.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.09.11 № 1177 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.8. Соғыс жағдайы немесе жұмылдыру жарияланған кезде беруге жоспарланатын көлiк құралдарын толық жинақтауға арналған қосалқы бөлшектер мен құрылғыларды, арнайы жабдықтарды жинауды, ұстауды осы көлiк құралдарының келiп түсуi жоспарланған министрлiктер мен ведомстволар жүзеге асырады.
9. Көлiк құралдарын Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрамына беруге дайындауды бейбiт уақытта олардың меншiк иелерi жүзеге асырады.
Соғыс жағдайы немесе жұмылдыру жарияланған жағдайда Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мұқтажы үшiн көлiк құралдарын пайдалану жөнiндегi нұсқаулыққа сәйкес техникалық ақаусыз, моторесурстарды барынша аз жұмсайтын, жүргізушi саймандарымен, шанецтiк аспаптармен қамтамасыз етілген көлiк құралдарын жеткiзу жүзеге асырылады.
10. Әскери-көлiк мiндеттілігінен осы ережеге 1-қосымшаға сәйкес мемлекеттiк органдар босатылады және осы ережеге 2-қосымшаға сәйкес көлiк құралдары Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлердiң, әскери құралымдардың құрамына беруге жатпайды.
11. Осы ереже талаптарының бұзылуына кiнәлi адамдар заңнамада белгiленген тәртiппен жауапты болады.
Қазақстан Республикасындағы әскери-көлiк мiндеттiлігі туралы ережеге 1-қосымша |
Әскери-көлiк мiндеттілігінен босатылатын
мемлекеттік органдардың тiзбесi
Ескерту. 1-қосымшаға өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.10.2014 N 1098 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.10.2016 № 628; 21.11.2016 № 717 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.
1. Қазақстан Республикасының Парламентi.
2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi.
3. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi.
4. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы.
5. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi.
6. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 21.11.2016 № 717 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
7. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігі.
8. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі.
9. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
9-1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттік кірістер комитетi.
10. Облыстар, Астана және Алматы қалалары әкiмдерiнiң аппараттары.
Қазақстан Республикасындағы әскери-көлiк мiндеттiлігі туралы ережеге 2-қосымша |
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң,
басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының құрамына беруге
жатпайтын көлiк құралдарының тiзбесi
1. Жедел медициналық жәрдем, қан құю станцияларының көлiк құралдары, арнайы жабдықталған жедел жәрдем машиналары.
2. Почталық көлiк құралдары.
3. Инкассаторлық көлiк құралдары.
4. Ветеринариялық көмек көлiк құралдары.
5. Сүт тасымалдауға арналған мамандандырылған көлiк құралдары.
6. Техникалық көмек трамвай-троллейбус шаруашылықтарының көлiк құралдары.
7. Зауытiшілік көлiк құралдары.