Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
"Алқабилер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ Алқабилер туралы
Осы Заң алқабилердiң құқықтық мәртебесiн, сондай-ақ қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуды қамтамасыз етудiң құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн айқындайды және алқабилер тәуелсiздігінiң кепiлдiгiн белгiлейдi.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) алқабилерге кандидаттардың қосымша тiзiмi - алқабилерге кандидаттардың бiрыңғай және қосалқы тiзiм ресурстары болмаған жағдайда, жасалатын облыстан (республикалық маңызы бар қаладан, астанадан) алқабилерге кандидаттардың тiзiмi;
2) алқабилерге кандидаттардың бiрыңғай тiзiмi - тиiстi облыстық және оған теңестiрiлген сот төрағасы белгiлеген азаматтардың санын қамтитын облыстан (республикалық маңызы бар қаладан, астанадан) алқабилерге кандидаттардың негізгi тiзiмi;
3) алқабилерге кандидаттардың қосалқы тiзiмi - алқабилерге кандидаттардың бiрыңғай тiзiм ресурстарын пайдаланғаннан кейiн алқабилердi iрiктеу рәсiмдерiне алқабилерге кандидаттарды тарту үшiн облыс орталығында (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) тұратын азаматтар қатарынан тағайындалған алқабилерге кандидаттардың тiзiмi;
4) алқабилерге кандидаттар - Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiне сәйкес кейiннен алқабилерге кандидаттарды iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн алқабилерге кандидаттардың тiзiмiне енгiзiлген Қазақстан Республикасының азаматы;
5) алқабилер - заңда белгiленген тәртiппен соттың қылмыстық iстi қарауға қатысуға шақырған Қазақстан Республикасының азаматы;
6) алқабилерге кандидаттардың бастапқы тiзiмi - алқабилерге кандидаттардың бiрыңғай тiзiмiн жасау кезiнде негізiн құрайтын ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) алқабилерге кандидаттардың тiзiмi;
7) алқабилерге кандидаттардың алдың ала тiзiмi - азаматтарды кездейсоқ таңдау рәсiмiн жүргiзу үшiн негiзiн құрайтын алқабилерге кандидаттардың алдын ала бастапқы немесе алдын ала қосалқы тізiмi;
8) кездейсоқ таңдау - осындай iрiктеудiң кездейсоқтығын қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретін компьютерлiк және өзге де технологияларды пайдаланумен алқабилерге кандидаттардың алдын ала тiзiмiнен азаматтарды таңдау;
9) облыстық және оған теңестiрілген соттардың қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшiн қажетті азаматтардың саны - алқабилердiң қатысуымен соттың қарауына жататын iстердiң орташа жылдық саны негiзiнде белгiленетiн азаматтардың болжамды саны.
2-бап. Алқабилердiң мәртебесi
Алқабилердiң құқықтық жағдайы осы Заңмен айқындалады.
Алқабилерге Қазақстан Республикасының Конституциясында , Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнде және осы Заңда белгiленген тәртiппен қылмыстық iстер бойынша сот төрелiгiн жүзеге асыруға қатысу бойынша өкілеттiк берiлген.
Қазақстан Республикасының Алқабилерi тең мәртебеге ие.
3-бап. Алқабилер туралы заңдар
Алқабилер туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнен, осы Заңнан және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңда қамтылғандардан өзге ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
4-бап. Алқабилерге кандидаттардың тiзiмi
Алқабилердi iрiктеу рәсiмiне Қазақстан Республикасы азаматтарының қатысуын қамтамасыз ету мақсатында жергiлiктi атқарушы органдар жыл сайын алдағы жылы алқабилерге кандидаттардың тiзiмдерi пайдаланатын жылдың 1 желтоқсанына дейiн алқабилерге кандидаттардың бастапқы тiзiмдерiн, алқабилерге кандидаттардың бiрыңғай тiзiмдерiн, алқабилерге кандидаттардың қосалқы тiзiмiн жасайды.
Жергілiкті атқарушы органдар мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан және азаматтардан осы Заңның 10-бабында белгіленген алқабилерге кандидаттарға қойылатын талаптарға азаматтардың сәйкес келуiн тексеру үшiн қажетті ақпаратты сұрауға құқылы. Жергіліктi атқарушы органдардың сауалдарына жауап олардың мекен-жайына алынған күннен бастап үш жұмыс күнi мерзiмiнен кешіктiрілмей жiберiлуге тиiс.
Алқабилерге кандидаттардың тiзiмдерi әлiпбилiк немесе өзге де тәртiппен жасалады. Тiзiмдерде алқабилерге кандидаттардың тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (жасы жиырма бесте - қосымша күнi мен айы) және тұрғылықты мекен-жайы көрсетiледi.
5-бап. Алқабилерге кандидаттардың тiзiмдерiне
енгiзiлетiн азаматтардың саны
Алқабилерге кандидаттардың бастапқы тiзiмдерiне, алқабилерге кандидаттардың бiрыңғай тiзiмдерiне, алқабилерге кандидаттардың қосалқы тiзiмiне енгізілетiн азаматтардың саны тиiсті облыстық және оған теңестiрiлген сот төрағасы жыл сайын ұсынатын алқабилерге кандидаттардың санына негiзделедi.
Тиiсті облыстық және оған теңестірiлген сот төрағасының ұсынымы сот талқылауына қатысу үшiн алқабилерiн iрiктеу мақсатында алдағы жылы алқабилерге кандидаттардың пайдаланатын тiзiмдерi жылдың 1 қыркүйегiнен кешiктiрмей облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) жергілiктi атқарушы органына жiберiлуге тиiс.
Облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органдары облыстық және оған теңестiрiлген сот төрағасының ұсынымын алған күннен бастап жыл сайын үш күн мерзiмнен кешiктiрмей әрбiр ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) алқабилерге кандидаттардың санын айқындайды және алқабилерге кандидаттардың осы саны туралы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органдарына хабарлайды.
6-бап. Алқабилерге кандидаттардың бастапқы тiзiмдерiн
жасау рәсiмi
1. Алқабилерге кандидаттардың бастапқы тiзiмдерiн жасау үшiн ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы:
1) ауданнан алқабилерге кандидаттардың саны туралы хабарламаны алған күннен бастап бiр ай мерзiмде осы Заңның 10-бабында белгiленген алқабилерге кандидаттарға қойылатын талаптарға сай келмейтiн адамдарды сайлаушылар тiзiмдерiнен алып тастау арқылы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте тұрақты тұратын азаматтардың санынан тиiстi ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) сайлаушылар тізiмiнiң негiзiнде алқабилерге кандидаттардың бастапқы тiзiмдерiн жасайды;
2) алқабилерге кандидаттардың алдын ала бастапқы тiзiмiн жасау аяқталған сәттен бастап жетi күн мерзiм iшiнде азаматтарды жергiлiктi атқарушы органның үй-жайында алқабилерге кандидаттардың алдын ала бастапқы тiзiмiмен таныстыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етедi, тiзiмдегi қателiктер мен дәлсiздiктер туралы өтiнiштердi қарайды және оған тиiстi өзгерiстер енгізу туралы мәселелердi шешедi;
3) алқабилерге кандидаттардың алдын-ала бастапқы тiзiмдерiн ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мерзiмдi баспасөз басылымында жариялайды;
4) тиiстi облыстың (астаналық, республикалық маңызы бар қаланың) жергіліктi атқарушы органы белгiлеген санда жекелеген әрбiр аудан (облыстық маңызы бар қала) бойынша алқабилерге кандидаттардың алдын ала бастапқы тiзiмiнен азаматтарды кездейсоқ таңдап алуды жүргiзедi;
5) кездейсоқ таңдап алу нәтижелерi бойынша алқабилерге кандидаттардың бастапқы тiзiмiн жасайды, жергiлiктi атқарушы органның мөрiмен бекiтедi және оны облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) жергілiктi атқарушы органына жiбередi.
2. Олармен осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылатын ауданның жергiлiктi атқарушы органының iс-әрекетi, сондай-ақ алқаби ретiнде қылмыстық сот iсiн жүргізуге қатысу үшiн iрiктеу рәсiмдерiне қатысуға азаматтардың құқықтарын бұзған жергілiкті атқарушы органның әрекетiне (әрекетсiздiгіне) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алқабилерге кандидаттардың алдын ала бастапқы тiзiмiмен азаматтарды таныстыру мерзiмi анықталған сәттен бастап жетi күн мерзiмде сотқа шағым берiлуi мүмкiн.
Осы баптың 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген рәсiмдер ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының шешiмдерiне шағым беру мерзiмi аяқталғаннан кейiн жүргiзiледi.
Осы бапта көзделген рәсiмдердi жүргiзудiң жалпы мерзiмi ауданнан алқабилерге кандидаттардың саны туралы хабарламаны алған күннен бастап екi айдан аспауға тиiс.
7-бап. Алқабилерге кандидаттардың қосалқы тiзiмiн
жасау рәсiмi
1. Алқабилерге кандидаттардың қосалқы тiзiмiн жасау үшiн облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) жергілiктi атқарушы органы:
1) облыстан (астанадан, республикалық маңызы бар қаладан) алқабилерге кандидаттардың саны туралы облыстық және оған теңестiрiлген сот төрағасының ұсынымын алған күннен бастап бiр ай мерзiмде осы Заңның 10-бабында белгiленген алқабилерге кандидаттарға қойылатын талаптарға сай келмейтiн адамдарды сайлаушылардың мұндай тiзiмдерiнен алып тастау арқылы облыс орталығында (астанада, республикалық маңызы бар қалада) тұрақты тұратын азаматтар қатарынан сайлаушылар тiзiмдерiнiң негiзiнде алқабилерге кандидаттардың алдын ала қосалқы тiзiмiн жасайды;
2) алқабилерге кандидаттардың алдын ала қосалқы тiзiмiн жасауды аяқтаған сәттен бастап жетi күн мерзiм iшiнде азаматтарды жергiлiктi атқарушы органның үй-жайында алқабилерге кандидаттардың алдын ала қосалқы тiзiмiмен таныстыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етедi, тiзiмдегi қателiктер мен дәлсiздiктер туралы өтiнiштердi қарайды және оған тиiстi өзгерiстер енгізу туралы мәселелерді шешедi;
3) алқабилерге кандидаттардың алдын-ала қосалқы тiзiмдерiн облыстың мерзiмдi баспасөз басылымында жариялайды;
4) алқабилерге кандидаттардың бiрыңғай тiзiмiне енгiзiлетiн азаматтардың санынан төрттен бiрiне тең санда алқабилерге кандидаттардың алдын ала қосалқы тiзiмiнен азаматтарды кездейсоқ таңдап алуды жүргiзедi;
5) кездейсоқ таңдап алу нәтижелерi бойынша алқабилерге кандидаттардың қосалқы тiзiмiн жасайды облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының мөрiмен бекiтедi.
2. Олармен осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылатын облыстың жергiлiктi атқарушы органының iс-әрекетiне, сондай-ақ алқаби ретінде қылмыстық сот iсiн жүргізуге қатысу үшiн iрiктеу рәсiмдерiне қатысуға азаматтардың құқықтарын бұзған облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) жергіліктi атқарушы органның әрекетiне (әрекетсiздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алқабилерге кандидаттардың алдын ала қосалқы тiзiмiмен азаматтарды таныстыру мерзiмi аяқталған сәттен бастап жеті күн мерзiмде сотқа шағым берiлуi мүмкiн.
Осы баптың 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген рәсiмдер облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) жергіліктi атқарушы органының шешiмдерiне шағымдану мерзiмi аяқталғаннан кейiн жүргiзiледi.
Осы бапта көзделген рәсiмдердi жүргізудiң жалпы мерзiмi облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының облыстан (астанадан, республикалық маңызы бар қаладан) алқабилерге кандидаттардың саны туралы ұсынымын алған күннен бастап екi айдан аспауға тиiс.
8-бап. Алқабилерге кандидаттардың бiрыңғай тiзiмiн
жасау рәсiмi
1. Облыстың (астана, республикалық маңызы бар қаланың) жергіліктi атқарушы органы:
1) алқабилерге кандидаттардың бастапқы тізiмдерінің негiзiнде алқабилерге кандидаттардың бiрыңғай тiзiмiн жасайды;
2) алқабилерге кандидаттардың бiрыңғай тiзiмiн облыстың мерзiмдi баспасөз басылымында жариялайды;
3) алқабилерге кандидаттардың бiрыңғай және қосалқы тiзiмдерiн тиiстi облыстық және оған теңестірiлген сотқа жiбередi.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген рәсiмдердi облыстық және оған теңестiрiлген сот төрағасының облыстан (астанадан, республикалық маңызы бар қаладан) алқабилерге кандидаттардың саны туралы ұсынымын алған күннен бастап үш ай мерзiмнен кешіктiрмей облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы жүргiзедi.
9-бап. Алқабилерге кандидаттардың қосымша тiзiмi
Алқабилерге кандидаттардың бiрыңғай және қосалқы тізiмдерiнiң ресурстары таусылған ерекше жағдайда, облыстық және оған теңестiрiлген соттың төрағасы Жоғарғы Сот Төрағасының келiсiмi бойынша облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына талап етiлетiн азаматтардың қосымша саны туралы және осыған байланысты алқабилерге кандидаттардың қосымша тiзiмiн жасау қажеттілiгi туралы ұсынымын жiберуге құқылы.
Облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы облыстық және оған теңестірiлген сот төрағасының ұсынымын алған күннен бастап он күн мерзiмде осы Заңның 7-бабының 3) және 4) тармақшаларының талаптарына сәйкес талап етiлген азаматтардың санына қарай алқабилерге кандидаттардың қосымша тiзiмдерiн жасайды және оларды тиiсті облыстық және оған теңестірілген сотқа жiбередi.
10-бап. Алқабилерге кандидаттарға қойылатын талаптар
1. Алқабилерге кандидаттардың тiзiмдерiне:
1) алқабилердi сайлаудың алдында жасалған тiзiмдерiне немесе референдумға қатысуға құқығы бар сайлаушылар немесе азаматтардың жалпы халықтық дауыс беру (референдум) тiзiмiне енгiзiлмеген;
2) алқабилердiң тiзiмiн жасау кезiнде 25 жасқа толмаған;
3) бұрын қылмыстық жауапкершілiкке тартылған;
4) сот қабiлетсiз және әрекет қабiлеттiлiгі шектеулі деп таныған;
5) судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi енгiзiлмейді.
Алқабилердiң тiзiмiне әлеуметтік жағдайына, нәсiліне және ұлтына, мүлiктік жағдайына, қоғамдық бiрлестіктер мен қозғалыстарға қатысуына, жынысына және дiни сенiмiне қарай азаматтарды енгiзуге қандай да бiр шек қоюға жол берiлмейдi.
2. Алқабилердiң тiзiмдерiнен олардың жазбаша өтiнiшi бойынша:
1) қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізiлетін тілді бiлмейтiн адамдар;
2) мылқаулар, саңыраулар, соқырлар және басқа да мүгедек болып табылатын адамдар;
3) медициналық құжаттармен расталған, өздерiнің дене немесе психикалық кемiстігі салдарынан алқабилердiң мiндеттерiн ойдағыдай орындауға қабiлетсiз адамдар;
4) 65 жастан асқан адамдар;
5) дiни қызметшілер алынып тасталады.
11-бап. Азаматтардың құқықтары мен мiндеттерi
Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексi мен осы Заңда белгiленген тәртiппен алқабилерге кандидаттарға қойылатын талаптарына сай келетiн Қазақстан Республикасының азаматтарына қылмыстық сот iсiн жүргізуге қатысу құқығы қамтамасыз етілуге тиiс.
Азаматтар осы Заңда белгiленген тәртіппен алқабилерге кандидаттардың тiзiмдерiмен танысуға құқылы.
Азаматтар жергiлiктi атқарушы органдарға алқабилерге кандидаттардың тiзiмдерiн жасау үшін олардың сұраулары бойынша қажеттi ақпарат ұсынуға міндетті.
Азаматтар алқабилерге кандидаттардың тiзiмдерiн жасау үшiн қажетті ақпараттарды ұсынбағаны үшiн, сондай-ақ жалған ақпараттар ұсынғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауапкершілiкті көтередi.
Сот отырысының басталу орны мен уақыты туралы хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге мiндетті.
12-бап. Алқабилерге кандидаттардың тiзiмдерiне енгiзбеу,
дұрыс енгiзбеу немесе алып тастау бойынша
жергілікті атқарушы органдардың шешiмдерiне
шағым беру бойынша
Азаматтар жергілікті атқарушы органдарға осы Заңда белгiленген тәртіппен нақты адамдарды алқабилерге кандидаттардың алдын ала бастапқы немесе алдын ала қосалқы тiзiмiне заңсыз енгізу немесе енгізбеу туралы не осы тiзiмдерiнен алып тастау, тiзiмдердегi басқа да нақты еместігі туралы өтiнiшпен жүгiнуге құқылы.
Жергiлiктi атқарушы органдар бес күн мерзiмде келiп түскен өтінiштердi қарайды және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сотқа шағым берiлуi мүмкiн шешiм қабылдайды.
Жергiлiктi атқарушы органдар үнемi тексеруге және осы Заңның 10-бабының талаптарына сай келмейтiн адамдарды тiзiмнен алып тастай отырып, алқабилерге кандидаттардың алдын ала тiзiмiне қажет кезде өзгерiстер енгізуге мiндеттi.
Сот алқабилерге кандидаттардың тiзiмiнен адамды алып тастауды талап ететiн мән-жайларды анықтаған жағдайда, сот бұл туралы облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) жергіліктi атқарушы органына хабарлайды.
13-бап. Алқабилердiң құқықтары, мiндеттерi және iсті
қарауға байланысты әрекеттерiндегi шектеулер
1. Алқаби:
1) өзiнiң iшкi сенiмi бойынша iстің мән-жайын жеке бағалауға мүмкiндiк алу үшін сотта қаралатын дәлелдердi зерделеуге қатысуға және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беруге;
2) төрағалық етушi арқылы процеске қатысушыларға сұрақ қоюға;
3) заттай дәлелдемелердi, құжаттарды қарауға, жерлердi және үй-жайларды қарауды жүргiзуге, сот тергеуiндегі барлық басқа да әрекеттерге қатысуға;
4) төрағалық етушiден iске қатысты заңның нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етілген құжаттардың мазмұнын және оған түсiнiкті емес басқа да мәселелердi түсiндiрудi өтiнуге;
5) сот отырысы кезiнде жазбаша белгiлер жасауға құқылы.
2. Алқаби:
1) сот отырысында тәртiп сақтауға және төрағалық етушінің заңды өкiмiне бағынуға;
2) егер сот отырысына үзіліс жарияланса немесе iсті тыңдау кейiнге қалдырылған жағдайда, сот талқылауын жалғастыру үшiн сот белгiлеген уақытта келуге мiндетті;
3) сотқа келуге мүмкiншiлiк болмаған жағдайда, төрағалық етушiге алдын ала келмеудiң себептерi туралы ескертуi тиiс.
3. Алқаби мынадай:
1) iстi тыңдау кезiнде сот отырысының залынан кету;
2) төрағалық етушiнің рұқсатынсыз iсті тыңдау кезiнде iс бойынша сот құрамына кiрмейтiн адамдармен сөйлесу;
3) iсті талқылау барысында сот отырысынан тыс iс бойынша мәлiметтер жинау;
4) үкім шығару кезiнде кеңесу уақытында, сондай-ақ оның қатысуымен жабық cот отырысында оған белгілi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария ету әрекеттерiмен шектеледi.
4. Алқабы сотқа шақыру бойынша дәлелсiз себептермен келмеген жағдайда төрағалық етушi судьяның қаулысы бойынша мәжбүрлеп әкелуi мүмкiн.
5. Алқабидiң мiндеттерін орындамауы, сондай-ақ осы бапта көзделген шектеулердi сақтамауы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес әкiмшілiк жауапкершілікке, сондай-ақ төрағалық етушiнiң iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттеу мүмкiндiгiне әкеп соғады.
14-бап. Алқабидiң анты
Алқаби ретінде қылмыстық сот iсiн жүргізуге қатысу үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнде белгiленген тәртiппен iрiктелген адам мынадай мазмұнда ант қабылдайды:
"Өз мiндеттерiмдi адал және абыройлы атқаруға, сотта қаралған барлық дәлелдемелердi, дәлелдердi, iстiң мән-жайын назарыма алуға, ерiктi азамат және адал адам ретiнде өзiмнiң iшкі сенiмiм мен арым бойынша iсті шешуге ант етемін".
Алқаби "Ант етемiн" деген сөздердi айтумен антты қабылдауын pacтaлaды.
15-бап. Азаматтарды сотқа алқаби мiндеттерiн орындауға
шақыру тәртібi мен мерзiмi
Істі қарауға қатысу үшін сотқа алқабилерге кандидаттардың қажеттi санын шақыртуды алқабилердiң қатысуымен қылмыстық iстi қарайтын соттың төрағалық етушi судьясының өкiмiне сәйкес сот отырысының хатшысы жүзеге асырады.
Азаматтар алқабилердiң мiндеттерiн орындауға жылына бiр рет он жұмыс күнiне, ал егер алқабидің қатысуымен басталған iсті талқылау көрсетiлген мерзiмде аяқталған сәтте аяқталмаса, онда осы iс қаралатын барлық уақытқа шақыртылады.
Сотқа шақырылған, бiрақ алқабилерi алқасының құрамына iрiктелмегендер адамдар басқа сот отырысына алқаби ретiнде қатысу үшiн тартылуы мүмкiн.
16-бап. Алқабидiң еңбегiне ақы төлеу. Алқабилерге
кандидаттар мен алқабилердiң шығыстарын төлеу.
Алқабилердiң еңбек қатынастарындағы кепiлдiктерi
1. Алқабиге облыстық және оған теңестiрiлген соттың қызметін материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк орган республикалық бюджет есебiнен нақты iс қаралып болғаннан кейiн, ал iсті қарау созылатын болса, ай сайын облыстық және оған теңестірiлген сот судьясының лауазымдық жалақысының жартысы мөлшерiнде, бiрақ алқабидiң сотқа қатысу уақытына (жұмыс күнiнiң санына) бара-бар оның негiзгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес сыйақы төленедi.
2. Алқабилерге кандидатқа/алқабиге iссапар шығыстары республикалық бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерiне арналған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мөлшерде өтеледi.
3. Сотта алқабидiң мiндеттерiн орындау уақыты еңбек стажын есептеген кезде есептеледi.
Алқабидiң мiндеттерiн орындау кезiнде оның негізгі жұмыс орны ол үшiн сақталады. Жұмыс берушінiң бастамасымен оның сотта мiндеттердi орындау кезiнде алқабидi жұмыстан шығаруға немесе оны ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi.
17-бап. Алқабидiң тәуелсiздігіне кепiлдiктер
Сотта мiндеттерiн орындау кезiнде алқабидiң тәуелсiздігі:
заңда көзделген сот төрелігін жүзеге асыру рәсiммен;
сот төрелiгiн жүзеге асыруға қатысу бойынша алқабидiң қызметiне қалай болса да араласуға жауапкершілігіне қауiп төндiруге тыйым салумен қамтамасыз етiледi.
Алқаби, оның отбасы мүшелерi мен олардың мүліктерi мемлекеттің ерекше қорғауында болады. Iшкi iстер органдары, егер сотта мiндеттерiн орындаушы алқабиден тиiсті өтiнiм келiп түссе, сондай-ақ ішкі iстер органдары көрсетілген адамдардың қауiпсiздiгiне немесе олардың мүліктерiнің сақталу қауiпiне нышандарын анықтаса, алқабидiң, оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздігін, оларға тиесiлі мүліктердiң сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдауға мiндетті.
Алқабиге қатысты қылмыстық iсті тек облыстық және оған теңестірiлген прокуроры ғана қозғайды.
18-бап. Алқабидiң мiндеттерiн атқаруға кедергі
келтiретiн адамдардың жауапкершілігі
Алқабиге мiндеттерiн атқаруға кедергі келтiретiн азаматтар мен лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен жауапкершілік көтередi.
19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
Осы Заң 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледi.
Қазақстан Республикасының
Президентi