Жағалау жиегiнiң нақты орналасқан жерiн айқындау ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 15 наурыздағы N 233 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Мұнай туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 маусымдағы Заңының  5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI: Z100291 қараңыз 

      1. Қоса берiлiп отырған Жағалау жиегінiң нақты орналасқан жерiн айқындау ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң         
2005 жылғы 15 наурыздағы 
N 233 қаулысымен     
бекiтiлген        

  Жағалау жиегiнiң нақты орналасқан жерiн айқындау
ЕРЕЖЕСI

      1. Осы Жағалау жиегiнiң нақты орналасқан жерiн айқындау ережесi Қазақстан Республикасы аумағындағы су объектiлерiнiң жағалау жиегiн айқындау тәртiбiн регламенттейдi.
      2. Су объектiсi (теңiздер, көлдер, өзендер, тоғандар және су қоймалары) бетiнiң құрғақ жер бетiмен белгiлi бiр уақыт аралығында қиылысу сызығы жағалау жиегiнiң нақты орналасқан жерi болып табылады.
      3. Жағалау жиегi су объектiсi деңгейiнiң орташа көпжылдық жай-күйiне қатысты қолданылатын шартты түсiнiктi танытады.
      4. Теңiздер, көлдер, өзендер мен су қоймаларының жағалау жиегi тұрақты және айқындалған; тұрақсыз және айқындалмаған (орташа көпжылдық, теңiздердiң су басып қалатын ойпаң жағалаулары, кеуiп бара жатқан көлдер мен су қоймаларының, батпақтардағы, жүзбелердегi көлдердiң жағалаулары) болуы мүмкiн.
      5. Теңiздiң жағалау жиегi судың көтерiлу уақытындағы деңгейi неғұрлым жоғары кезiндегi қию сызығы, ал көтерiлу-қайту құбылысы болмаған кезде толқынның жағаға соғу сызығы болып табылады.
      6. Каспий теңiзiнiң жағалау жиегi оның орташа көпжылдық деңгейi бойынша немесе Каспий жағалауындағы мемлекет ресми түрде таныған iрi масштабты карталарда көрсетiлген құрлықта немесе аралдарда толығымен немесе жартылай орналасқан бастапқы сызығы бойынша айқындалады.
      7. Жағалау жиегi терең жырымдалған және иiрленген немесе жағалаудың бойында және оған тiкелей жақын жерде аралдар тiзбегi болған жерлерде аумақтық теңiздiң енi өлшенетiн бастапқы сызық тиiстi нүктелердi қосатын бастапқы тура сызықтар әдiсiмен айқындалады.
      Аумақтық теңiздiң енiн өлшеу үшiн қабылданған бастапқы сызықтан жағалау жаққа қарай орналасқан теңiз сулары iшкi теңiз суларына жатады.
      8. Өзендердiң және оларға теңестiрiлген арналардың, көлдердiң, тоғандардың жағалау жиектерi судың төменгi сабасын (судың неғұрлым төмен күйiндегi мезгiлдегi су деңгейi) қию сызығы болып табылады.
      9. Iрi су қоймаларының жағалау жиегi су қоймасын пайдалануға қажетті су деңгейiне сәйкес болатын қалыпты сүйеу көкжиегiнiң сызығы болып табылады. Егер су қоймасы қалыпты сүйеу көкжиегiнiң деңгейiне дейiн толмаған болса, онда оның жағалау жиегi су қоймасының суға толған сәтiндегi су деңгейiнiң жай-күйi бойынша көрсетiледi және картографиялық материалдарда тұрақсыз және айқындалмаған жағалау жиегiнiң шартты белгiсiмен бейнеленедi.