Кәсiптiк бастауыш бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгі ережесiн бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 28 ақпандағы N 174 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 17.05.2013 № 499 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

      "Бiлiм туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiліп отырған Кәсiптiк бастауыш бiлiмнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгізіледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 
2005 жылғы 28 ақпандағы      
N 174 қаулысымен        
бекiтілген            

Кәсiптiк бастауыш білімнің білім беру бағдарламаларын
іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Кәсiптiк бастауыш білiмнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Бiлiм туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес меншiк нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, кәсіптік бастауыш білімнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң тәртiбiн айқындайды.
 

      2. Кәсiптік бастауыш білім кәсiптiк мектептер мен кәсіптік лицейлерде негізгi жалпы бiлiм беру базасында алынады, жалпы орта білім алумен ұштастырылады және еңбек қызметiнiң түрлi бағыттары бойынша бiлiктi еңбек қызметкерлерiн (жұмысшыларды, қызметшілердi) даярлауға бағытталған.
      Жекелеген кәсiптер бойынша кәсiптiк бастауыш білім беру қысқартылған оқыту мерзiмiмен жалпы орта бiлiм беруге негiзделуi мүмкiн.
 

      3. Кәсiптiк бастауыш бiлiм беру ұйымдары Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына өздерiнiң мүдделерiне, қабілеттерiне, денсаулық жағдайына сәйкес кәсiп, мамандық және білiктілiк алуда тең мүмкiндiктер бередi.
 

      4. Кәсiптік оқыту білім беру қызметiн жүзеге асыру құқығына белгіленген тәртiппен берiлген лицензиясы болған кезде тікелей өндiрiсте, оқу-өндiрiстiк комбинаттарда, оқу орталықтарында, курстарда және жұмысшылар даярлайтын басқа да оқу-өндiрiстiк құрылымдарда жүзеге асырылуы мүмкiн.
 

      5. Кәсiптiк бастауыш білім беру ұйымдарының алдында мынадай мiндеттер тұр:
      1) кәсiптiк бастауыш және жалпы орта білімнiң білім беру бағдарламаларын игеру үшiн жағдайлар жасау;
 

      2) еңбек рыногында бәсекеге қабілеттi, жоғарғы білікті жұмысшылар мен мамандар даярлауды, қайта даярлауды және олардың білiктілігін арттыруды қамтамасыз ету;
 

      3) кәсiпорындарға, мекемелерге, ұйымдарға, жұмыс берушілерге жұмыстан босатылған қызметкерлердi және жұмыспен қамтылмаған халықты қайта оқыту, қайта даярлау және олардың білiктілігін арттыру жөнiндегi қызметтерді шарттық негізде көрсету;
 

      4) оқытудың жаңа технологияларын енгізу, кәсіптік бастауыш бiлiм беру ұйымдарының қызметiн ақпараттандыру.
 

      6. Кәсіптік бастауыш бiлiм беру ұйымдары:
      1) мемлекеттік;
 

      2) жеке меншiк болуы мүмкiн.
 

      7. Кәсiптiк бастауыш бiлiм беру ұйымдары өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясыназаңдарына және өзге де нормативтiк құқықтық кесімдерiне, сондай-ақ осы Ережеге және олардың негiзiнде әзiрленген жарғыға сәйкес жүзеге асырады.

2. Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру

      8. Кәсiптiк бастауыш бiлiм беру ұйымдары оқу-тәрбие процесiн, ғылыми-педагогикалық қызметтi өз бетiнше ұйымдастырады.
      Кәсiптер бойынша бiлiм беру бағдарламаларының мазмұны, оларды игерудiң нормативтiк мерзімдерi мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттарымен айқындалады және кәсiптiк бастауыш білім беру ұйымдары әзiрлейтiн жұмыс оқу жоспарларына және бағдарламаларына сәйкес iске асырылады.
 

      9. Ұйымдардың білім алушыларының үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы орган бекіткен тәртiппен жүзеге асырылады.
 

      10. Кәсіптік бастауыш бiлiм беру ұйымдарында техникалық және қызмет көрсету еңбегінiң білiктi кадрларын даярлау, қайта даярлау және олардың білiктiлігін арттыру оқу орны жұмыс берушілермен, жұмыспен қамту қызметiмен және жеке азаматтармен бiрлесiп айқындалатын кәсiптер (мамандықтар) мен кәсiптер топтары бойынша жүзеге асырылады.
 

      11. Кәсiптiк бастауыш бiлiм беру ұйымдарында оқыту мынадай нысандарда жүзеге асырылуы мүмкiн: күндiзгі, кешкі, қашықтықтан оқыту.
      Кәсiптiк бастауыш бiлiм алу үшiн әр түрлi нысандарда оқытуды ұштастыруға рұқсат беріледі.
      Кәсiп топтары бойынша филиалдар, кадрлардың бiлiктiлігін арттыру және оларды қайта даярлау курстары, кешкі (ауысымдық) бөлiмдер (топтар), оқу шаруашылықтары, полигондар мен басқа да құрылымдық бөлімшелер құрылуы мүмкін.
      Құрылымдық бөлiмшелердi ұйымдастыру тәртібін Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы әзiрлейдi және бекiтеді.
 

      12. Кәсiптік бастауыш білiм беру ұйымдарында тiлдер бойынша оқыту Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен жүргiзiледi.
 

      13. Оқушылардың жекелеген санаттары үшін сабақтың басталуы оқу топтарының жинақталуына қарай жұмыс берушiлермен шарт негiзiнде белгiленедi.
 

      14. Теориялық және өндiрiстiк оқытуды ұйымдастырудың негізгі нысаны сабақ болып табылады. Оқу сабақтары дәрістер, практикалық сабақтар, әңгiмелесу, зертханалық, бақылау және өз бетiмен жасалатын жұмыстар, консультациялар, факультативтiк сабақтар, курстық және дипломдық жобалар түрінде өткiзiлуi мүмкiн.
 

      15. Кәсiптiк бастауыш бiлiм беру ұйымдарында білім алушылармен оқу сабақтарын ұйымдастыру және өткiзу үшiн оқу топтары құрылады.
      Кәсіптік бастауыш бiлiм беру ұйымдарының оқу топтары санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес жинақталады.
      Кәсiптiк бастауыш білім беру ұйымдарында кәсіп бейiнiнiң ерекшелiктерiне қарай, жекелеген оқушылармен жеке сабақтар өткiзiлуi мүмкін.
 

      16. Оқу топтары өндiрiстiк оқыту сабақтарында, жекелеген пәндер бойынша, оның iшiнде дене тәрбиесi бойынша теориялық және зертханалық-практикалық сабақтарда тілдердi оқыту кезiнде кішi топтарға бөлiне алады.
      Топтардың кiшi топтарға бөлiнiп оқытылуы кезiнде оқу пәндерiнiң тiзбесi оқу жоспарымен және бағдарламаларымен белгiленедi.
      Теориялық, практикалық сабақтардың кезектесуi оқу жоспарымен және оқу процесiнiң кестесiмен белгiленедi.
 

      17. Оқушыларды өндiрiстік оқыту оқу орындарының оқу-өндiрiстiк шеберханаларында, зертханаларында, полигондарында, оқу шаруашылықтарында, құрылыс объектiлерiнiң үйрену орындарында, егіс далаларында, фермаларда, тапсырыс берушілердің, яғни жұмыс берушiлердiң кәсiпорындарында жүзеге асырылады.
      Өндiрiстiк оқыту процесінде оқу бағдарламаларына сәйкес, сондай-ақ сабақтан тыс уақытта өнеркәсiп және ауыл шаруашылығы өнiмдерін, халық тұтынатын тауарлар шығаруды ұйымдастыру көзделеді.
 

      18. Кәсіп бойынша кәсiптiк практика ұйымдарда (кәсiпорындарда, мекемелерде) кәсiптiк бастауыш бiлiм беру ұйымдары мен ұйымдар (кәсiпорындар, мекемелер) арасында жасалған шарттар негiзiнде өткiзiледi.
      Кәсiптiк практиканың түрлерi, мерзiмi мен мазмұны білiм берудің мемлекеттiк жалпыға міндеттi стандарттарының талаптарына сәйкес жұмыс оқу жоспарларымен және бағдарламаларымен белгіленедi.
 

      19. Білiм алушыларды оқыту және тәрбиелеу сапасын, оқытушылардың педагогикалық шеберлiгiн арттыру және әдiстемелiк жұмысты жетiлдiру мақсатында кәсiптік бастауыш бiлiм беру ұйымдарында педагогикалық, оқу-әдiстемелiк кеңестер құрылады.
 

      20. Кәсіптік бастауыш білiм беру ұйымдары оқушыларының құрамынан бiлiм алушылар:
      1) өз еркімен;
 

      2) денсаулық жағдайы бойынша дәрігерлік-консультациялық комиссияның (ДКК) қорытынды-анықтамасы негiзiнде;
 

      3) басқа бiлiм беру ұйымына ауысуына байланысты;
 

      4) және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге жағдайларда да шығарылуы мүмкiн.

3. Бiлiм беру ұйымын басқару

      21. Кәсiптiк бастауыш бiлiм беру ұйымдарындағы басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Ережеге және оқу орнының жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
      Алқалы басқару нысандары педагогикалық, оқу-әдiстемелiк және қамқоршылық кеңестер болып табылады.
      Бiлiм беру ұйымын тiкелей басқаруды Қазақстан Республикасының   заңнамасындабелгіленген тәртiппен құрылтайшы тағайындайтын директор жүзеге асырады.
 

      22. Кәсiптiк бастауыш білім беру ұйымдары кадрларды iрiктеуде және орналастыруда, ғылыми, қаржы-шаруашылық және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектерде өзге де қызметтердi өз бетiнше жүзеге асырады.