Мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңiрлiк орталығы туралы үлгi ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 18 ақпандағы N 153 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшiлерiн қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру ережесiн бекiту туралы" 2004 жылғы 11 қазандағы N 1457  Жарлығына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлау және олардың біліктілігiн арттыру өңiрлiк орталығы туралы үлгi ереже бекiтiлсiн.

      2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi осы қаулыны iске асыру жөнiнде шаралар қабылдасын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Mинистрі

Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң         
2005 жылғы 18 ақпандағы  
N 153 қаулысымен    
бекiтiлген         

  Мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлау және
олардың біліктілігін арттыру өңiрлiк орталығы туралы
үлгі ереже

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттiк қызметшілердi қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру өңiрлiк орталығы туралы үлгi ереже (бұдан әрi - Ереже) мемлекеттік қызметшілердi қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру өңiрлiк орталығының (бұдан әрi - Орталық) міндеттерi мен функцияларын айқындайды.
      2. Орталық жергiлiктi мемлекеттiк органдар мен орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлiмшелерiнің мемлекеттiк қызметшiлерiне қосымша кәсiби білiм берудiң бағдарламаларын iске асырады.
      3. Орталық облыс әкiмдiгiнiң* қаулысымен құрылады және Орталық үшiн басқа да ұйымдық-құқықтық нысандары көзделуi мүмкiн Астана мен Алматы қалаларын қоспағанда, оның шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорынның ұйымдық-құқықтық нысаны болады.
      Орталықтың Жарғысын облыстың, Алматы қаласының әкiмдiгi бекiтедi.
__________________

* Орталық Алматы облысында құрылмайды, Алматы облысының мемлекеттiк қызметшілерiн қайта даярлау және олардың біліктілігiн арттыру Алматы қаласының қайта даярлау және біліктілікті арттырудың аумақтық орталықтарында жүзеге асырылады.
Астана қаласының мемлекеттік қызметшілерiн қайта даярлау және олардың бiлiктілiгiн арттыру Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясында жүзеге асырылады.

  2. Орталықтың негiзгi мiндеттерi мен функциялары

      4. Орталықтың негiзгi міндеттерi:
      1) жергілікті және аумақтық басқару органдарының мемлекеттiк қызметшiлерiн қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру және жүргiзу;
      2) жергiлiктi мемлекетті басқарудың және жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың тиiмділігiн арттыруды қамтамасыз ететiн оқытудың қазiргi заманғы технологиялары мен әдiстемелерiн сынау, енгізу;
      3) мемлекеттік қызметшiлердi қайта даярлаудың және олардың білiктiлiгiн арттырудың сапасын арттыруға бағытталған оқу-әдiстемелiк материалдарды әзiрлеу;
      4) мемлекеттiк қызметшiлердi оқытудың, оның iшiнде үкiметтік емес бiлiм беру ұйымдарының қатысуымен, отандық және халықаралық тәжiрибенi зерделеу және пайдалану болып табылады.
      5. Негiзгi мiндеттердi iске асыру мақсатында Орталық мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) мемлекеттік қызметшiлердi қайта даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттыруда мемлекеттiк органдардың қажеттілігiн қамтамасыз ету;
      2) өңiрдiң ерекшелiктерiн ескере отырып, мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру оқу бағдарламаларын Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Мемлекеттiк қызмет академиясының (бұдан әрi - Академия) келiсiмi бойынша әзiрлеу;
      3) сабақ өткiзудiң қазiргi заманғы нысандары мен әдiстерiн енгiзу, оқытудың практикалық бағыттылығын күшейту, оның өңiрдегi мемлекеттiк қызметтiң нақты мiндеттерiн шешуге бағытталуы;
      4) қайта даярлау мен білiктiлiктi арттыру мәселелерi бойынша мемлекеттік органдарға және мемлекеттік қызметшілерге консультациялық және ақпараттық қызметтер көрсету;
      5) білiм беру қызметтерiнiң түрлері мен нысандарын жетiлдiру және дамыту;
      6) мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру мәселелерiнде отандық және шетелдiк әрiптестермен ынтымақтастықты ұйымдастыру.

  3. Орталықтың қызметiн ұйымдастыру

      6. Орталықты облыстың, Алматы қаласының әкiмдігі лауазымға тағайындайтын директор басқарады.
      7. Директор өз құзыреті шегiнде:
      1) Орталықтың қызметiн ұйымдастырады және басшылықты жүзеге асырады;
      2) Орталықтың барлық қызметкерлерi үшiн мiндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар бередi;
      3) мемлекеттiк органдарда және өзге ұйымдарда Орталықтың мүдделерiн бiлдiредi;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына және Орталықтың Жарғысына сәйкес өзге өкілеттілiктердi жүзеге асырады.

  4. Қорытынды ережелер

      8. Орталықтың қызметiн үйлестiрудi Академия өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
      9. Орталықты қайта ұйымдастыру немесе тарату Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.