Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiне тұрғын үй салуға 2005 жылға кредит берудiң кейбiр мәселелерi туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 25 қаңтардағы N 57 Қаулысы

Жаңартылған

      "2005 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 2 желтоқсандағы  Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса берiлiп отырған Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiне тұрғын үй салу үшін сыйақының (мүдденiң) нөлдiк ставкасы бойынша 2005 жылға кредит беру ережесi (бұдан әрi - Ереже) бекiтiлсiн.

      2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрi - жергілікті атқарушы органдар) тиiстi мәслихаттар облыстық, Астана және Алматы қалаларының 2005 жылға арналған бюджеттерiнде тиiстi түсiмдерді, сондай-ақ осы қаулының 3-тармағын орындауға байланысты бағдарлама бойынша шығыстарды көздейтiн шешiмдер қабылдағаннан кейiн 10 (он) күнтiзбелiк күн iшiнде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiне мәслихаттардың көрсетілген шешiмдерiн берсiн.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы қаулының 2-тармағы орындалғаннан кейiн жергiлiктi атқарушы органдарға 2005 жылға арналған республикалық бюджетте осы мақсаттарға көзделген қаражаттан Ережеде көзделген шарттарда 42000000000 (қырық екi миллиард) теңге сомасында тұрғын үй салуға кредиттер бөлсiн, оның iшiнде:
      Ақмола облысына - 756000000 теңге
      Ақтөбе облысына - 3672000000 теңге
      Алматы облысына - 2680100000 теңге
      Атырау облысына - 3625000000 теңге
      Шығыс Қазақстан облысына - 2754000000 теңге
      Жамбыл облысына - 1042100000 теңге
      Батыс Қазақстан облысына - 3672000000 теңге
      Қарағанды облысына - 1263300000 теңге
      Қостанай облысына - 1055300000 теңге
      Қызылорда облысына - 937000000 теңге
      Маңғыстау облысына - 500000000 теңге
      Павлодар облысына - 1804000000 теңге
      Солтүстiк Қазақстан облысына - 1065000000 теңге
      Оңтүстiк Қазақстан облысына - 5909000000 теңге
      Астана қаласына - 5070300000 теңге
      Алматы қаласы - 6194900000 теңге;
      2) жергiлiктi атқарушы органдардың кредиттерді мақсатты пайдалануын бақылауды қамтамасыз етсiн;
      3) осы қаулыдан туындайтын, оның iшiнде жергiлiктi атқарушы органдардың кредиттердi қайтаруын қамтамасыз ететiн қажеттi шараларды қабылдасын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары - Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрi C.M. Мыңбаевқа жүктелсiн.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң        
2005 жылғы 25 қаңтардағы 
N 57 қаулысымен    
бекiтiлген      

  Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының
бюджеттерiне тұрғын үй салу үшiн сыйақының
(мүдденiң) нөлдiк ставкасы бойынша 2005 жылға
кредит беру ережесi

      1. Осы Ереже "2005 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 2 желтоқсандағы  Заңында  көзделген қаражат есебiнен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiне тұрғын үй салуға 2005 жылға 42000000000 (қырық екi миллиард) теңге сомасында кредит беру тәртiбiн белгілейдi.
      2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілiктi атқарушы органдарына (бұдан әрi - жергiлiктi атқарушы органдар) кредиттер тұрғын үй салуға 2007 жылғы желтоқсанда өтеу мерзiмiмен сыйақының нөлдiк ставкасы бойынша бөлiнедi.
       Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.10.24. N  1021  қаулысымен.
      3. Жергiлiктi атқарушы органдар 1 (бip) шаршы метрi 350 (үш жүз елу) АҚШ долларына баламалы сомадан аспауы тиiс толығымен әрленген тұрғын үй салуды қамтамасыз етедi.
      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi заңнамаға сәйкес:
      1) осы Ережеге қосымшаға сәйкес үлгiлiк нысан бойынша жергiлiктi атқарушы органдармен және республикалық бюджеттiк бағдарламаның әкiмшiсiмен үш жақты кредит келiсiмдерiн жасасады;
      2) кредиттердiң мақсатты пайдаланылуын және республикалық бюджетке уақтылы өтелуін бақылауды қамтамасыз етедi.
      5. Жергiлiктi атқарушы органдар кредиттердi республикалық бюджетке белгiленген мерзiмде қайтаруды жүргiзедi.
      6. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгі заңнамаға сәйкес жергiлiктi атқарушы органдардың қаражатты мақсатсыз пайдалануы және кредиттi уақтылы қайтармауы фактiлерi анықталған жағдайда, жергілiктi атқарушы органдарды 7 (жетi) жұмыс күнi iшiнде:
      1) мақсатына сай пайдаланылмаған соманың 25 (жиырма бес) пайызы мөлшерiнде есептелген айыппұлдарды ескере отырып, мақсатына сай пайдаланылмаған соманы республикалық бюджеттiң кiрiсiне;
      2) кредит бойынша әрбiр кешiктiрiлген күн үшiн 0,1 (нөл бүтiн оннан бip) пайыз мөлшерiнде өсiмақы аудару қажеттiлiгi туралы хабардар етедi.
      7. Жергiлiктi атқарушы органдар осы Ереженiң 6-тармағында көрсетiлген iс-шаралар жүргізiлгеннен кейiн мiндеттемелердi орындамаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгі заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) жергiлiктi атқарушы органдардың келiсiмiнсiз жергiлiктi бюджеттердiң шоттарынан берешек соманы және есептелген өсiмақы сомасын республикалық бюджеттiң кiрiсiне есептен шығаруды жүргiзедi;
      2) заңнамада көзделген өзге де қажеттi шараларды қабылдайды.

Облыстық бюджеттерге, Астана   
және Алматы қалаларының     
бюджеттерiне тұрғын үй салуға  
сыйақының (мүдденiң) нөлдiк   
ставкасы бойынша 2005 жылға   
кредит беру ережесiне    
қосымша          

N__ Кредит келiсiмi

Астана қаласы                2005 жылғы "__"________________

      Бұдан әрi "Кредит берушi" деп аталатын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң атынан Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 28 қазандағы N 1119  қаулысымен  бекiтiлген Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi туралы ереженiң негiзiнде әрекет ететiн,____________ бiр тараптан,
      бұдан әрi "Әкiмшi" деп аталатын Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлiгінiң атынан Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң "__"_______N_________ қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі туралы ереженiң негiзiнде әрекет ететiн _________, екiншi тараптан,
      бұдан әрi "Қарыз алушы" деп аталатын______жергiлiктi атқарушы органының атынан "Қазақстан Республикасында жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының негізiнде әрекет ететiн әкiм____________, үшiншi тараптан,
      бұдан әрi бiрлесiп "Тараптар" деп аталатындар мыналарды:
      1) Қазақстан Республикасының Бюджет  кодексiн ;
      2) "2005 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрi - Заң);
      3) "2005 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 8 желтоқсандағы N 289  қаулысын ;
      4) "Республикалық және жергілiктi бюджеттердiң атқарылу ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 200__жылғы "__ "_______N_______ қаулысын;
      5) "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiне тұрғын үй салу үшiн 2005 жылға кредит берудiң кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 200___ жылғы "__"______N ____қаулысын (бұдан әрi - Қаулы);
      6) Келiсiмде айтылған басқа құжаттарды назарға ала отырып, мына төмендегілер туралы осы Кредит келiсiмiн (бұдан әрi - Келiсiм) жасасты.

1. Келiсiмнiң мәнi

      Заңға сәйкес Кредит берушi Қарыз алушыға_____"__"______дейiн өтеу мерзiмiмен сыйақының нөлдiк ставкасы бойынша________ теңге сомасында қаулыда көзделген мақсаттарға қаражат (бұдан әрi - Кредит) бөледi.

2. Тараптардың құқықтары мен мiндеттерi

      1. Кредит берушi:
      1) Қарыз алушының Кредиттi мақсатты пайдалануын, сондай-ақ Қарыз алушының Келiсiм бойынша мiндеттемелерiн уақтылы және толық орындауын бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi.
      2. Кредит берушiнiң:
      1) Қарыз алушыдан және Әкiмшiден Кредиттi игеруге және уақтылы қайтаруға байланысты барлық қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға;
      2) Мақсатсыз пайдалану фактiсi анықталған кезде Қарыз алушыдан Келiсiмнiң 3 тарауының 1 тармағында көрсетiлген айыппұлды ескере отырып, Кредиттi мақсатсыз пайдалану сомасын өндiрiп алуға;
      3) Кредиттi уақтылы қайтармаған жағдайда Қарыз алушыдан Келiсiмнiң 3 тарауының 2 тармағында көрсетiлген мөлшерде айыппұл өндiрiп алуға;
      4) Кредит белгiленген мерзiмдерде қайтарылмаған не мақсатсыз пайдаланылған жағдайда Кредит берушi Қазақстан Республикасының заңнамасында анықталған тәртiппен өтелмеген борыштың сомасын есептен шығаруды жүзеге асыру үшiн Қарыз алушының ағымдағы шоттары бойынша барлық шығыс операцияларын тоқтатуға құқылы;
      5) Қарыз алушы Келiсiмде көзделген мiндеттемелердi орындамаған кезде Қарыз алушыға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шараларды қолдануға;
      6) Қарыз алушыдан 2005 жылға арналған облыстық бюджетте кредиттер бойынша түсiмдi және тиiстi қаржы жылына арналған облыстық бюджетте оларды өтеудi көздейтiн мәслихаттың шешiмiн (бұдан әрi - Мәслихаттың шешiмi) сұратуға және алуға құқығы бар.
      3. Әкiмшi:
      1) Кредит берушiге Келiсiмнiң шарттарын орындауға байланысты барлық қажеттi ақпаратты беруге;
      2) Қарыз алушы Мәслихат шешiмiн бергеннен кейiн 10(он) жұмыс күнi ішінде Кредиттiң барлық сомасын шотқа аудару жөнiндегi қажеттi iс-шаралар жүргізуді қамтамасыз етуге;
      3) Қарыз алушының Келiсiм бойынша мiндеттемелерiн уақтылы және тиiсiнше орындауын бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi.
      4. Әкiмшiнiң:
      1) Қарыз алушыдан Кредиттi игеруге және уақтылы қайтаруға байланысты барлық ақпаратты сұратуға және алуға;
      2) Қарыз алушыдан Мәслихаттың шешiмiн сұратуға және алуға құқығы бар.
      5. Қарыз алушы:
      1) Кредит берушiге және Әкiмшiге Мәслихаттың шешiмiн беруге;
      2) Кредиттi қатаң түрде мақсатына сай пайдалануға;
      3) Кредиттi 2007 жылғы ___________ дейiн қайтаруға;
      4) Келiсiм бойынша құқықтары мен мiндеттерiн үшiншi тұлғаларға бермеуге және қайта бермеуге;
      5) Кредит берушiнi және Әкiмшiнi Кредиттi уақтылы игермеуге және өтеуге әсер етуi мүмкiн барлық фактiлер туралы уақтылы хабардар етуге;
      6) Кредит берушiнiң және/немесе Әкiмшiнiң бiрiншi талабы бойынша Кредитке байланысты барлық ақпаратты беруге;
      7) Кредит берушi белгілеген нысандарда және мерзiмдерде Кредит бойынша есеп беруге мiндеттi.
      6. Қарыз алушының:
      1) Қарыз алушының Келiсiм шарттарын толық, нақты және уақтылы орындауы үшiн қажеттi ақпаратты Әкiмшiден алуға құқығы бар.

3. Тараптардың жауапкершiлiгi

      1. Кредитті мақсатсыз пайдаланған жағдайда Кредиттi мақсатсыз пайдалану фактiсi анықталғаннан кейiн 7 (жетi) жұмыс күнi iшiнде Қарыз алушы Кредиттiң мақсатсыз пайдаланылған сомасын республикалық бюджеттiң кiрiсiне қайтарады, Кредиттi мақсатсыз пайдалану сомасының 25 (жиырма бес) пайызы мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
      2. Қарыз алушы Кредиттiң толық және уақтылы қайтарылуына жауап бередi. Төлеу мерзiмiн бұзған кезде Қарыз алушы республикалық бюджеттiң кiрiсiне әрбiр кешiктiрген күн үшiн Кредит бойынша берешек сомасының 0,1 (нөл бүтiн оннан бip) пайыз мөлшерiнде өсiмақы аударады.

4. Форс-мажор

      1. Тараптар, егер бұл зiлзала, әскери iс-қимылдар және тараптардың еркiнен тыс өзге жағдайларға жататын тежеусiз күш жағдайларының салдары болып табылатын болса, Келiсiм бойынша кез келген өз мiндеттемелерiнiң толық немесе iшiнара орындамау жауапкершiлігінен босатылады.
      2. Келiсiмнiң 4 тарауының 1 тармағында көрсетiлген тежеусiз күш жағдайлары салдарынан мiндеттемелердi орындамау мүмкiндiгi болған Тарап мұндай жағдайлар басталған сәттен бастап 10 (он) күнтiзбелiк күн iшiнде бұл туралы басқа тараптарды жазбаша хабардар етуге және уәкiлетті мемлекеттiк органдардың тежеусiз күш жағдайларының туындауын және мұндай iс-әрекеттердiң мерзiмдерiн растайтын жазбаша актiлерiн (өзге құжаттарын) беруге мiндеттi.
      3. Тарап 3 (үш) күнтiзбелiк күннiң iшiнде бұл ретте Келiсiм бойынша мiндеттемелердi орындау ұйғарылатын мерзiмдi көрсете отырып, көрсетiлген жағдайлардың әрекет етуiн тоқтату туралы жазбаша нысанда хабарлауға мiндеттi.
      4. Тежеусiз күш жағдайлары туралы уақтылы хабардар етпеу оған сiлтеме жасайтын тарапты одан әрi жауапкершiлiктен босату ретiнде мұндай жағдайларға сiлтеме жacaу құқығынан айырады.
      5. Тежеусiз күш жағдайлары туындаған жағдайда Келiсiм бойынша мiндеттемелердi орындау мерзiмi осындай жағдайлар мен олардың салдары әрекет ететiн уақытқа тең мерзiмге кейiнге қалдырылады.

5. Қосымша ережелер

      1. Келiсiмде реттелмеген бөлiкте Тараптар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын басшылыққа алады.
      2. Келiсiм Тараптардың әрқайсысы үшiн бiр данадан бiрдей заң күшi бар мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде үш данада жасалды.
      3. Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар, егер олар жазбаша нысанда жасалса, Тараптар қол қойса және мөрлермен бекiтiлсе, жарамды.
      4. Келiсiмнiң шарттарын орындау барысында Тараптар арасында келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар оларды соттан тыс тәртiппен реттеуге мiндеттi. Келiсiмге қол жеткiзiлмеген кезде даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаралады.
      5. Келiсiм Кредит берушi тiркеген күнiнен бастап күшiне енедi және Тараптар Келiсiмде көзделген барлық мiндеттемелердi орындағанға дейiн қолданылады.
      6. Келiсiм бойынша мiндеттемелердi орындаудан бiр жақты бас тартуға жол берiлмейдi.

6. Тараптардың заңды мекен-жайлары

      Кредит берушi:
      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрлiгi,
      473000, Астана қаласы,
      Жеңiс даңғ., 33                _________________________
                                         м.о.        аты-жөнi

      Әкiмшi:
      Қазақстан Республикасы
      Индустрия және сауда
      министрлiгi,
      473000, Астана қаласы          _________________________
                                        м.о.        аты-жөнi

      Қарыз алушы:
      _________облысының әкiмi,      _________________________
     __________қаласы                   м.о.        аты-жөнi