Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.02.22 № 254 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
"Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi Заңының 8-бабының 16) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу қағидалары бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.02.22 № 254 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
міндетін атқарушы
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2005 жылғы 5 қаңтардағы
N 2 қаулысымен
бекiтiлген
Жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу қағидалары
Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.02.22 № 254 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу қағидалары «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу (бұдан әрі – шектеулер мен тыйым салулар) тәртібін айқындайды.
2. Шектеулер мен тыйым салулар жануарлар дүниесінің объектілерін сақтау және өсімін молайту мақсатында белгіленеді.
3. Шектеулер мен тыйым салулар жануарлар дүниесінің объектілерін сақтау мақсатында олардың мекендеу ортасы ареалдарының (таралу облыстарының) географиялық, климаттық ерекшеліктері ескеріле отырып белгіленеді.
4. Шектеулер мен тыйым салулар:
1) аумақ бойынша: Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында, өңiраралық, бассейндік деңгейде, жекелеген аумақтық әкiмшiлiк бiрлiктердiң немесе олардың бір бөлiктерiнің шекараларында, сондай-ақ жекелеген аңшылық алқаптарда, су айдындарда және (немесе) учаскелерде;
2) мерзiм бойынша: тұрақты (қолданылу мерзiмдерi көрсетiлмей) не белгiлi бiр мерзiмдерге;
3) жануарлар дүниесi объектiлерiн, олардың бөліктері мен дериваттарын аулаудың әдiстерiн, тәсiлдерiн және құралдарын қолдану бойынша;
4) жануарлардың жекелеген түрлерiн немесе топтарын, олардың белгiлi бiр популяциясын алу нормаларын шектеу мен өзгерту қажеттiгi туындағанда жануарлардың түрлерi бойынша не жынысы немесе жасы бойынша;
5) жануарлар дүниесiн, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдаланушылар санын шектеу бойынша белгіленеді.
2. Шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу тәртібі
5. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) бюджет қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған басқа қаржы көздердің есебінен әзірленген биологиялық негіздеменің түрінде немесе құрамында тиісті ғылыми ұйымдармен жануарлардың белгілі бір түрлеріне арналған шектеулер мен тыйым салулар бойынша берілген ұсыныстардың түсу қарқынына қарай шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу, сондай-ақ белгіленген шектеулер мен тыйым салуларды түзету мәселелерін қарастырады.
6. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынылған биологиялық негіздемелерді мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткізу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жолдайды.
7. Биологиялық негіздемелерге сәйкес және мемлекеттік экологиялық сараптаманың нәтижелері бойынша уәкілетті орган жануарлардың тиісті түрлеріне арналған шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің жобасын (бұдан әрі – шешім жобасы) әзірлейді.
8. Уәкілетті орган әзірленген шешім жобасын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
9. Қазақстан Республикасының Үкіметі биологиялық негіздемелердің және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелерінің негізінде шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу туралы шешім қабылдайды.
10. Белгіленген шектеулер мен тыйым салулардың орындалуын бақылауды уәкілетті органның тиісті ведомстволары және олардың аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.