Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетiнiң мәселелері

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы N 1114 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару жүйесiн одан әрi жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы" 2004 жылғы 29 қыркүйектегi N 1449  Жарлығына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған:
      1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi (бұдан әрi - Комитет) туралы ереже;
      2) Комитеттiң құрылымы;
      3) Комитеттiң қарамағындағы ұйымдардың тiзбесi бекiтiлсiн.

      2. Комитеттiң төрағасына үш орынбасары болуына рұқсат етiлсiн.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.02.27. N  134  қаулысымен.

      3. "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендіру комитетiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 5 шілдедегi N 930  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1999 ж., N 32-33, 295-құжат) 1-тармағы 1) және 2) тармақшаларының күшi жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы 
Yкiметiнiң        
2004 жылғы 28 қазандағы
N 1114 қаулысымен   
бекiтiлген       

  Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі
Мемлекеттiк мүлік және жекешелендiру комитетi туралы
ереже

  1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi (бұдан әрi - Комитет) өз құзыретiнiң шегiнде республикалық меншiк, жекешелендiру объектiлерiн басқару және экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншiктiң мемлекеттік мониторингi салаларында iске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң ведомствосы болып табылады.
      Комитеттің негiзгi мiндеттерi мыналар:
      республикалық меншiк және жекешелендiру объектiлерiн басқарудың мемлекеттiк саясатын iске асыру;
      республикалық меншiкке қатысты меншiк иесiнiң құқықтарын iске асыру;
      заңнамада белгiленген тәртiппен республикалық меншiк объектілерiнiң мақсатты және тиiмдi пайдаланылуын бақылау;
      республикалық меншiк объектiлерiн жекешелендiру және республикалық меншiктi сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылау;
      экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншiктiң мемлекеттiк мониторингi болып табылады.
      2. Комитеттiң өзiнiң мынадай аумақтық органдары бар:
      мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру аумақтық комитеттерi;
      мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру аймақтық комитеттерi.
      3. Комитет өзiнiң қызметiн Қазақстан Республикасының  Конституциясы  мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң кесiмдерiне, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Комитет мемлекеттiк мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттiк тiлде жазылған мөрлерi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкілерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қаржы министрлiгiнiң Қазынашылық комитетiнiң органдарында шоттары болады.
      Комитет азаматтық-құқықтық қатынасқа өз атынан түседi.
      Комитеттiң, егер оған заңнамаға сәйкес уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
      5. Комитет өз құзыретiндегi мәселелер бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен нормативтік құқықтық кесiмдердi, сондай-ақ жеке қолданылатын құқықтық кесiмдердi шығарады.
      6. Комитеттiң құрылымын, сондай-ақ штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      7. Комитеттiң заңды мекен-жайы: 473000, Астана қаласы, Жеңiс даңғылы, 11.
       Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.10.22. N  1063  қаулысымен.
      8. Комитеттiң толық атауы - "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Мемлекеттік мүлiк және жекешелендiру комитетi" мемлекеттiк мекемесi.
      9. Осы Ереже Комитеттiң құрылтай құжаты болып табылады.
      10. Комитеттiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджеттен ғана жүзеге асырылады.
      Егер Комитетке заңнамалық кесiмдермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда мұндай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.

  2. Комитеттiң функциялары және құқықтары

      11. Комитет заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) республикалық меншiк және жекешелендiру объектiлерiн басқару саласында мемлекеттік саясатты iске асыруды қамтамасыз ететін функциялар:
      республикалық мемлекеттiк кәсiпорындарға қатысты республикалық меншiк (уәкiлеттi орган) құқығының субъектiсiн;
      мемлекеттiң қатысуымен мемлекеттiк емес заңды тұлғалар органдарында Комитеттiң және мемлекеттiк органдар өкiлдерiнiң қатысуын қамтамасыз етудi;
      республикалық меншiк объектiлерiн жекешелендiру жөнiндегi комиссияның қызметiн ұйымдастыруды және қамтамасыз етудi;
      республикалық меншiк объектілерiн сату алдындағы дайындықты ұйымдастыруды;
      республикалық меншiк объектiлерiн жекешелендiрудiң түрлерiн және әдiстерiн анықтауды;
      республикалық меншiк объектiлерiн жекешелендiру жөнiндегі саудаластықты ұйымдастыру мен жүргiзудi, республикалық меншiк объектілерiн сатып алу-сату шарттарын дайындауды және оның қорытындысын;
      республикалық мемлекеттiк заңды тұлғаларға бекiтiлген негiзгi қаражатты қабылдау-беру және есептен шығару мәселелерiн келiсудi;
      республикалық мемлекеттiк кәсiпорындарды қайта ұйымдастыру және тарату кезiнде жарғыларды, бөлу және тарату теңгерiмдерiн, сондай-ақ беру кесiмдерiн бекiтудi;
      республикалық меншiк және жекешелендiру объектілерiн басқару мәселелерi жөнiндегi заңнаманы қолдану тәжiрибесiн талдауды және қорытындылауды;
      республикалық меншiк мәселелерi бойынша мемлекеттің мүдделерiн бiлдiру және оның мүлiктiк құқықтарын қорғауды;
      2) бақылау-қадағалау функциялары:
      республикалық мемлекеттiк заңды тұлғаларға шаруашылық жүргiзу және жедел басқару құқығында бекiтілген мүлiктiң тиiмдi пайдаланылуын тексерудi ұйымдастыру және жүргiзу;
      республикалық мемлекеттiк заңды тұлғаларға бекiтiлген мүлiктi мүлiктiк жалға (жалдау) беру мониторингін ұйымдастыруды және жүргiзудi;
      меншiк объектілерiн, сондай-ақ мемлекеттiң меншiк үлесi бар объектiлердi басқару тиiмдiлiгi мониторингiн ұйымдастыруды және жүргiзуді;
      экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншiктiң мемлекеттiк мониторингiн ұйымдастыру мен жүргiзудi және мониторинг субъектiлерiнiң және қатысушыларының әрекеттерiн үйлестiрудi; меншiктiң мемлекеттiк мониторингiнiң бiрыңғай электрондық деректер қорын енгiзудi және мемлекеттiк органдардың оған қол жеткiзуiн қамтамасыз етудi;
      мемлекеттiк органдарға иелену және пайдалануға берiлген акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн және мемлекеттiк қатысу үлестерiн тиiмдi басқарылуын бақылауды жүргiзудi және ұйымдастыруды;
      сатып алушылардың республикалық меншiк объектiлерiн сатып алу-сату шарттарына сәйкес мiндеттемелердi орындауын, сондай-ақ өзге де шарттық мiндеттемелердiң орындалуын бақылауды;
      республикалық меншiк объектiлерiн сенiмдi басқару (концессиялар) шарттарына сәйкес олардың мiндеттемелердi орындау мәселесi бойынша бақылау, оның iшiнде сенiмдi басқарушыларына (концессионерлерге) тыңдау жүргiзудi;
      республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар мен мемлекеттiң қатысуымен мемлекеттiк емес заңды тұлғалар қызметiнiң тиiмдiлігін талдауды жүзеге асырады.
      12. Комитеттiң:
      республикалық меншiк объектiлерiне иелiк етуге, пайдалануға және билiк етуге;
      заңнамаға сәйкес оларға берiлген республикалық меншiктi мемлекеттiк органдардың және оларға бағынысты ұйымдардың пайдалануын бақылауды жүзеге асыруға;
      мемлекеттің қатысуымен ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру, сондай-ақ тарату мәселелерi бойынша ұсыныстар енгiзуге;
      қатысуға және (немесе) мемлекеттiң қатысуымен мемлекеттiк емес заңды тұлғалар органдарының қызметiнде мемлекеттiк органдар өкiлдерiнiң қатысуын қамтамасыз етуге;
      республикалық меншiкке иелiк ету, пайдалану және билiк ету, сондай-ақ экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншiктiң мемлекеттiк мониторингiн жүргiзу, республикалық меншiк объектiлерiн басқаруды талдау және бақылау мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық кесiмдердi шығаруға;
      республикалық меншiкке иелiк ету, пайдалану және билiк ету, сондай-ақ экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншiктiң мемлекеттiк мониторингін жүргізу, республикалық меншiк объектiлерiн басқаруды талдау және бақылау мәселелерiн реттейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларын әзiрлеуге және қарауға;
      мемлекеттiң қатысуымен орталық және жергiлiктi атқарушы және өкiлеттi органдардан, заңды тұлғалардан қажеттi қаржылық және өзге де құжаттарды, сондай-ақ республикалық меншiктi пайдалануға байланысты мәселелер бойынша бухгалтерлiк құжаттарды және өзге құжаттарды, қаржы және өзге де ақпаратты сұрауға және алуға;
      заңнамаға сәйкес республикалық меншiктi жекешелендiру жөнiнде сауда-саттық жүргiзуге;
      жеке және заңды тұлғалармен сатып алу-сату, кепiлдiкке беру, сенiмдi басқару, республикалық меншiк объектiлерiн жалға беру шарттарын жасасуға;
      сатып алу-сату, мүлiктiк жалдау (жалға бepу), сенiмдi басқару шарттары бойынша мiндеттемелердiң орындалуын тексеруге;
      экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншiктiң мемлекеттiк мониторингiн, мемлекеттiк меншiктiң объектiлерiн, сондай-ақ мемлекеттiң меншiк үлесi бар объектiлерiн басқару тиiмдiлiгiнiң мониторингiн жүргiзуге;
      меншiктің мемлекеттiк мониторингiн жүргiзу жөнiнде әдiстемелiк қамтамасыз етудi жүзеге асыруға және жұмысты үйлестiруге;
      меншiктiң мемлекеттiк мониторингiн жүргізу жоспарын және бағдарламасын әзiрлеуге және экономиканың стратегиялық маңызы бар салалары объектiлерiнiң тiзбесiн қалыптастыруға, оған қатысты меншiктiң мемлекеттік мониторингiн жүзеге асыруға;
      Қазақстан Республикасының орталық және жергілiктi атқарушы органдарынан, сондай-ақ мониторинг объектiлерiнен меншiктiң мемлекеттiк мониторингiн жүзеге асыру үшiн қажеттi құжаттар мен мәлiметтердi сұрауға және алуға;
      тәуелсiз сарапшылардың, аудиторлардың және кеңесшiлердiң қызметiн мемлекеттiк сатып алуын ұйымдастыру және жүргiзу;
      Қазақстан Республикасының соттарында республикалық меншiкке иелiк ету, пайдалану және билiк ету мәселелерi бойынша мемлекеттiң мүдделерiн бiлдiруге;
      тексеру органдарына айқындалған бұзушылықтар, республикалық меншiкті ұрлау және оның пайдаланылуына байланысты өзге де құқық бұзушылық фактiлерi бойынша материалдарды жiберуге құқығы бар.

  3. Комитеттiң мүлкi

      13. Комитеттiң жедел басқару құқығында оқшауландырылған мүлкi бар.
      14. Комитетке бекiтiлген мүлік республикалық меншiкке жатады.
      15. Комитеттiң өзiне берiлген мүлiктi өз бетiнше иелiгiнен шығаруға немесе өзге тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.
      Комитетке заңнамада белгiленген жағдайларда және шектерде мүлiкке билiк ету құқығы берiлуi мүмкiн.

  4. Комитеттiң қызметiн ұйымдастыру

      16. Комитеттi Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады. Комитет төрағасының ұсынуы бойынша Комитет төрағасының Қазақстан Республикасының Қаржы министрі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасарлары болады.
      Облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша аумақтық органдардың басшыларын Комитет төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      17. Төраға Комитеттiң жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық етедi және Комитетке жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен оның функцияларының жүзеге асырылуына дербес жауаптылықта болады.
      18. Осы мақсаттарда төраға:
      өз орынбасарларының және Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының міндеттері мен өкілеттiктерiн белгiлейдi;
      заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрі бекiткен лауазымдар номенклатурасына сәйкес Комитеттің және аумақтық органдардың қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      заңнамада белгіленген тәртiппен Комитеттiң қызметкерлерiне тәртiптiк жаза қолданады;
      Комитеттiң бұйрықтарына қол қояды;
      Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi мен оның аумақтық органдары туралы ережелердi бекiтедi;
      Қазақстан Республикасының Қаржы министрiмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен құрылым мен штат санының лимитi шегiнде штат кестесiн бекiтедi;
      заңнамаға сәйкес барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитеттi бiлдiредi;
      заңнамаға сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      19. Төраға болмаған кезде оның мiндеттерiн Комитеттiң қызметiн үйлестiретiн, өзiне төраға жүктеген өзге де мiндеттердi жүзеге асыратын орынбасарларының бiрi атқарады.

  5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      20. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізiледi.

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнің       
2004 жылғы 28 қазандағы
N 1114 қаулысымен  
бекiтілген      

  Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі
Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетiнiң
құрылымы

      Басшылық
      Республикалық меншiк объектілерін сату басқармасы
      Мониторинг және жекешелендiруден кейiнгi бақылау басқармасы
      Республикалық мемлекеттік заңды тұлғалармен жұмыс басқармасы
      Мемлекет қатысатын мемлекеттiк емес заңды тұлғалармен жұмыс басқармасы
      Республикалық мемлекеттiк кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын мемлекеттік емес заңды тұлғалардың қызметін талдау басқармасы
      Заң басқармасы
      Республикалық бюджет қаражатының түсуiн және жұмсалуын бақылау басқармасы
      Ұйымдастыру-кадр жұмысы басқармасы

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнің       
2004 жылғы 28 қазандағы
N 1114 қаулысымен  
бекiтілген       

  Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгі
Мемлекеттік мүлiк және жекешелендiру комитетiнiң
қарамағындағы ұйымдардың тiзбесi 

       Ескерту. Тізбеге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.05.19. N  475  қаулысымен.

      1. "Ақпараттық-есептеу орталығы" акционерлiк қоғамы