Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 21 тамыздағы N 932 қаулысына толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 1 қазандағы N 1016 қаулысы

Қолданыстағы

      "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шiлдедегi  Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. "Қазақстан Республикасының радиожиiлiк спектрiн пайдаланудың кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 21 тамыздағы N 932  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 23, 311-құжат) мынадай толықтырулар енгiзiлсiн:
      1-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "1-1) Радиожиiлiк спектрiн пайдалана отырып, байланыс саласындағы қызметтердi көрсету жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырғаны үшiн төленетiн бiр жолғы төлем мөлшерiн белгiлеу ережесi;";
      көрсетiлген қаулы осы қаулының қосымшасына сәйкес Радиожиiлiк спектрiн пайдалана отырып, байланыс саласындағы қызметтердi көрсету жөніндегi кәсіпкерлік қызметтi жүзеге асырғаны үшiн төленетiн бiр жолғы төлем мөлшерiн белгiлеу ережесiмен толықтырылсын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
2004 жылғы 1 қазандағы  
N 1016 қаулысына     
қосымша          

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2002 жылғы 21 шілдедегі 
N 932 қаулысымен     
бекітілген        

  Радиожиiлiк спектрiн пайдалана отырып, байланыс
саласындағы қызметтердi көрсету жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырғаны үшiн төленетiн бір жолғы төлем мөлшерiн белгілеу ережесi

      1. Радиожиілiк спектрiн пайдалана отырып, байланыс саласындағы қызметтердi көрсету жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырғаны үшiн бiр жолғы төлем (бұдан әрi - бiр жолғы төлем) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес байланыс саласындағы уәкілеттi орган өткiзетiн конкурс (аукцион) қорытындылары бойынша анықталады.
      2. Радиожиілiк спектрiнiң номиналдары (белдеулерi, диапазондары) (бұдан әрi - радиожиілiк спектрiнiң номиналдары) үшін бастапқы бағаны конкурс (аукцион) өткiзу жөнiндегi комиссия анықтайды, бiрақ Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн радиобайланыстың тиiстi түрiнiң радиожиілiк спектрiн пайдаланғаны үшiн төленетін төлемнiң жылдық ставкасынан кем болмауы керек.
      3. Конкурс өткiзiлетiн жағдайда бiр жолғы төлем бастапқы бағаны құрайды.
      4. Аукцион өткiзiлген кезде бiр жолғы төлемнiң мөлшерi байланыс саласындағы уәкілеттi орган бөлген, радиожиiлiк спектрiнiң номиналдарына қатысушы ұсынған неғұрлым жоғары баға негiзiнде анықталады.
      5. Бiр жолғы төлемдi конкурс (аукцион) жеңiмпазы қорытынды шешiм шығарылғаннан кейiн он күнтiзбелiк күннен кешiктiрмей салық төлеушiнiң тiркеу есебiнiң орны бойынша мемлекеттік бюджетке төлейдi.