Қылмыстық істер бойынша сот сараптамасы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 26 қарашадағы N 16 Нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

      Сот практикасын жетілдіру, сараптаманы дайындау, тағайындау, оның нәтижелерін бағалау, сондай-ақ сот ісін жүргізу кезінде арнайы білімді пайдалану жөнінде бірыңғай тәжірибе қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай - ҚІЖК)  240-бабына сәйкес, сараптама сарапшының арнайы ғылыми бiлiмнің негiзiнде тек iс материалдарын зерттеуінің нәтижесiнде қылмыстық іс үшін маңызы бар мән-жайлар алынуы мүмкін жағдайларда тағайындалатыны түсіндірілсін.

      2. Қылмыстық істі жүргізуші органның назары сараптама тағайындау мен жүргізу кезінде қылмыстық-іс жүргізу заңын қатаң сақтаудың, осы орайда сараптама жүргізілуге қатыстырылған айыпталушының, жәбірленушінің, сондай-ақ куәнің және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға байланысты іс жүргізіліп жатқан адамдардың құқықтарын қамтамасыз етудің қажеттілігіне аударылсын.

      3. Сот сараптамасын жүргізу ҚР ҚІЖК-нің  243-бабының бірінші бөлігінде және "Сот сараптамасы туралы" Қазақстан Республикасының  Заңында көрсетілген адамдарға ғана, атап айтқанда:
      а) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
      б) лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамдарға;
      в) арнайы білімі бар, сот сараптама жүргізуді жүктеген өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.

      4. Істі алдын ала тыңдау барысында сараптаманы тағайындау туралы қаулыны сот сараптаманы тағайындау дәлелдемелерге баға беруге байланысты болмаса, ал оны жүргізу ҚІЖК-нің  241-бабына сәйкес міндетті болса тек тараптардың өтініші бойынша шығаруы мүмкін.
      Егер басты сот талқылауында арнайы ғылыми білім негізінде анықтауды қажет ететін мән-жайлар туындаса, сот тараптардың өтініші бойынша, сондай-ақ өз бастамасы бойынша тиісті сараптама тағайындауға міндетті.
      Апелляциялық сатының соты, егер іс бойынша сотталған адамның психикасының жай-күйін анықтау қажет болса, оның ақыл-есiнiң дұрыстығы немесе қылмыстық iс жүргiзу барысында өз құқықтары мен заңды мүдделерiн өз бетiнше қорғау қабiлетi жөнiнде күмән туса; жәбiрленушiнiң, куәнiң iс үшiн маңызы бар жағдайларды дұрыс қабылдау қабiлетiне күмән туған жағдайларда олардың психикалық жай-күйiн анықтау қажет болса сот психиатриялық сараптама тағайындауға құқылы.
      Істегі және тараптар қосымша ұсынған, сот отырысында зерделеуді қажет етпейтін материалдар бойынша сараптама жүргізу мүмкін болған жағдайларда ғана апелляциялық сатының соты басқа сараптама тағайындауы мүмкін.
      Егер істі апелляциялық тәртіппен қарау кезінде сараптамалық зерттеудің қажет екені анықталса, бірақ оны жүргізу үшін қандай да болмасын мән-жайларды анықтау немесе қосымша материалдарды, сараптамалық зерттеу объектілерін жинау талап етілсе, онда мұндай жағдайларда сараптаманы бірінші сатыдағы сот сот актісі бұзылғаннан кейін істі жаңадан қараған жағдайда ғана тағайындалуы мүмкін.
      Қадағалау сатысының соты сотта талқыланбаған фактілерді анықтауға құқылы болмағандықтан сот сараптамасын тағайындау қадағалау сатысының құзыретіне кірмейді.

      5. Сот сараптамаларын тағайындау туралы шешім зерттеліп отырған мәселелер бойынша сараптама қорытындысы істе болса да болмаса да қабылдануы мүмкін.
      Сот анықтау немесе алдын ала тергеу кезінде сараптама жүргізілмесе, ал іс материалдары бойынша оны жүргізу қажет болса, ҚІЖК-нің  249 250-баптарына сәйкес жеке сарапшының қатысуымен комиссиялық не кешенді сараптама жүргізуді тағайындайды.
      Егер сараптаманың нәтижелері анық болмаса және мұны сарапшыдан жауап алу жолымен жою мүмкін болмаса не сарапшы өзінің алдына қойылған мәселелерді толық шешпесе немесе осының алдында жүргізілген зерттеуге байланысты қосымша мәселелердi шешу қажет болған жағдайда ҚІЖК-нің  255-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес қосымша сараптама тағайындалады. Оны жүргізу сол сарапшының өзіне тапсырылуы мүмкін.
      Егер сарапшының алдыңғы қорытындысы жеткiлiктi негiзделмесе не оның дұрыстығы күмән туғызса не сараптама тағайындау мен жүргiзудің iс жүргiзу нормалары едәуір бұзылса, қылмыстық процесті жүргізуші орган нақ сол нысандарды зерттеу және нақ сол мәселелердi шешу үшiн ҚІЖК-нің  255-бабының үшінші бөлігіне сәйкес қайталама сараптама тағайындайды. Оны жүргізуді сол сарапшының өзіне тапсыруға болмайды.
      Қандай да болмасын мән-жайды жекелеген сараптамалар жүргізу арқылы анықтау мүмкін болмаған жағдайда ҚІЖК-нің  250-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кешенді сараптама тағайындалады. Әр түрлі арнайы білімдерді пайдаланудың негізінде бірқатар зерттеулер жүргізу үшін сараптама жасау әр түрлі мамандықтағы сарапшыларға тапсырылады.

      6. Қылмыстық процесті жүргізуші орган сарапшының қорытынды беруіне қажетті мән-жайларды зерттеу үшін заңмен көзделген шараларды қолдануға, содан кейін тараптарға өздері сарапшыға қойылуға тиіс деп есептейтін сұрақтарды жазбаша нысанда беруді ұсынуға және іс жүргізуге қатысып отырған басқа да адамдардың олар бойынша пікірін тыңдауға тиіс.
      Тараптар сонымен қатар қандай объектілердің сараптамалық зерттеуге жататынын, сондай-ақ сараптаманы жүргізу кімге тапсырылуы мүмкін екенін көрсетуге және сарапшы ретінде шақырылған адамға қарсылық білдіруге құқылы.
      Істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар сұрақтар соттың сараптама тағайындау туралы қаулысында тұжырымдалуға тиіс. Қаулыны шығару кезінде сарапшының алдына қойылған сұрақтардың сараптама жүргізу тапсырылған адамның арнайы білімінің шегінен аспауы керектігін назарда ұстаған жөн.
      Сараптаманы тағайындау туралы қаулыда сарапшының құзыретіне кірмейтін құқықтық сұрақтарды, сондай-ақ іске қатысы жоқ өзге де сұрақтарды шешу туралы міндет қойылмауға тиіс.

      7. Сараптаманы тағайындаған кезде сот сараптамалық зерттеу объектілерін табу, алу, тіркеу кезінде  ҚІЖК талаптарының орындалуымен қатар объектілердің іске толық тіркелгендігін тексеруге міндетті.
      Егер сот қаулысы бойынша алынуға тиіс объектілер сараптамалық зерттеуге жататын болса, олардың алынуы, буылып-түйілуі және сараптамалық зерттеуге әкелінуі сараптаманы тағайындау туралы сот қаулысының осы бөлігін орындау жүктелген тиісті органдардың мамандарының қатысуымен жүргізіледі.
      Сараптамаға ұсынылған объектілердің сипаттамасы, олардың сыртқы түрі, мөлшері, буылып-түйілуі осы заттардың сараптама тағайындау туралы қаулыда көрсетілген сипаттамасымен, бумалардағы жазбамен салыстырылып, бұл туралы сараптама актісінде көрсетілуге тиіс.
      Тараптар заттарды, құжаттарды және өзге де заттай айғақтарды сараптамалық зерттеу объектілері ретінде ұсынуға құқылы. Заттарды осы сараптамалық зерттеу объектілер қатарынан алып тастау үшін қылмыстық процесті жүргізуші орган дәлелді қаулы шығаруға міндетті.
      Сараптамаға қатыстырылып отырған жәбірленуші, сезікті, айыпталушы, сондай-ақ куә және өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану жөнінде іс жүргізіліп жатқан адам, егер оның психикалық жай-күйі мүмкіндік берсе қылмыстық процесті жүргізуші органның рұқсатымен сараптама жүргізу кезінде қатысып отыруға құқылы.

      8. Сот-психиатрия сараптамасын жүргізу қажет болған жағдайда зерттелуге тиісті адамның психиатриялық ауруханаға ҚІЖК-нің  14,    247-баптарының талаптары сақтала отырып орналастырылатынын назарда ұстаған жөн.
      Егер сот-психиатрия сараптамасы жүргізілуге тиіс адамның психикасының уақытша бұзылғаны (ауруының қозуы) анықталса және мұның өзі сараптама жүргізуге кедергі келтірсе әрі осыған байланысты оны емдеу қажет болса, онда мұндай адамды психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тек сот қаулысы бойынша жүргізіледі. Мұндай жағдайда іс бойынша іс жүргізу ҚІЖК-нің  50-бабының бірінші бөлігінің 4) тармағына сәйкес тоқтатыла тұрады.
      Қамауға алынбаған адамды сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн медициналық мекемеге мәжбүрлеп орналастыру тек соттың шешiмiмен, ал сот-медициналық сараптама жүргiзу үшiн тиісінше соттың шешiмi немесе прокурордың санкциясы бойынша жүзеге асырылады.

      9. Сараптама тағайындау туралы сот қаулысы сараптама мекемелері үшін де және сот сараптамалық зерттеу объектілерін алу, буып-түю және жеткізу міндеті жүктелген басқа да органдар (адамдар) үшін де орындауға міндетті болып табылады.

      10. ҚІЖК-нің  50-бабына сәйкес, сараптаманы тағайындау қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға негіз болмайды, сондықтан сот сараптама тағайындаған кезде қажет болған жағдайда іс бойынша тыңдауды кейінге қалдыруға міндетті. Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін сот талқылауы жалғастырылады.
      Соттар сараптама жүргізу мерзімдерін бақылауға алып, қажет болған жағдайларда сараптама мекемелерінен сараптама қорытындысының дайындығы туралы сұрауы керек. ҚІЖК-нің  302-бабының бесінші бөлігіне сәйкес сот дәлелді қаулысымен сараптама жүргізуге байланысты өткен істі қарау мерзімін ұзартады.

      11. Сарапшының қорытындысы зерттелуге әрі бағалануға тиіс. Сарапшы қорытындысын зерттеу кезінде оның басқа дәлелдемелерден қандай да болмасын артықшылығының жоқ екенін, алдын ала белгіленген күшінің жоқ екенін және ол іс бойынша басқа дәлелдемелермен қоса талданып, салыстырылып бағалануға жататынын назарда ұстаған жөн.
      Сот сарапшының қорытындысымен келіспеген жағдайда өз пікірін үкімінде немесе қаулысында тұжырымдап көрсетуге тиіс.

      12. Соттарға сарапшы қорытындысына баға беру бірқатар мәселелерді, олардың ішінде маңызды болып табылатын мына мәселелерді:
      а) сарапшыға сол іске қатысты зерттеу объектілерінің ұсынылғаны не ұсынылмағаны және олардың сараптамалық зерттеу үшін жеткіліктілігін;
      б) сараптамалық зерттеудің толықтығы бірін бірі толықтыратын әр түрлі зерттеу тәсілдерін пайдалануға және сараптамаға ұсынылған барлық нысандарды зерттеумен толық қамтылуына тікелей байланысты екені назарға алына отырып сараптаманың толық жүргізілгенін не жүргізілмегенін;
      в) сарапшы қорытындысының ғылыми қағидаларға дұрыс негізделгенін;
      г) сараптаманы білікті адамның жүргізгені, сарапшының өз құзыретінің шегінен шыққан-шықпағанын;
      д) сараптаманы тағайындау және жүргізу кезінде қылмыстық-іс жүргізу заңының талаптарының сақталғаны не сақталмағанын тексеруге байланысты екені түсіндірілсін.

      13. ҚІЖК-нің  251-бабының сарапшының қорытындысының нысаны және мазмұны бойынша қойылатын талаптарына назар аудару қажет. Осы талаптар нысаны бойынша да, сондай-ақ мазмұны бойынша да оларға сәйкес болуы керек.
      Қайталама сараптама жүргізген сарапшылардың қорытындысында олардың алдыңғы сарапшы қорытындысының дұрыс не қате екендігін растау туралы пікірге қандай мәліметтердің, зерттеу қорытындыларының негізінде келгені міндетті түрде көрсетілуге тиіс.
      Кешенді сараптама қорытындысында әр сарапшының зерттеулерді қандай көлемде жүргізгені және әрқайсысының қандай тұжырымдарға келгені көрсетіледі, содан кейін жалпы тұжырым жасалады, оған алынған нәтижелерге баға беруге құзыретті сарапшылар қол қояды.
      Сарапшылар арасында келiспеушiлiк болған жағдайда олардың әрқайсысы немесе сарапшылардың бiр тобы бөлек қорытынды бере алады.

      14. Сараптамалық зерттеу объектілерін табу, алу мен есепке алу сараптаманы тағайындау және жүргізу кезінде қылмыстық iс жүргiзу заңының елеулi түрде бұзылуы сарапшы қорытындысын дәлелдеме ретінде қабылданбайды деп тануға әкеліп соғуы мүмкін.
      Мұндай заңды елеулі бұзушылықтарға:
      1) сараптамалық зерттеу объектілерін сараптамаға дайындау мен жіберудің процессуалдық тәртібінің бұзылуы;
      2) іс бойынша сараптамалық зерттеуді (зерттеудің бір бөлігін) осы сараптаманы жүргізу тапсырылмаған адамдардың жүргізуі;
      3) сараптаманы жүргізуге құқығы жоқ немесе заңға сәйкес қарсылық білдіруге жататын адамның сараптама жүргізуі;
      4) сараптаманы тағайындау және жүргізу кезінде іс жүргізуге қатысушылардың құқықтарының бұзылуы;
      5) және басқа сараптамалық зерттеуді толық әрі жан-жақтылы жүргізуге, сарапшының қорытындысының әділдігіне әрі негізділігіне шын мәнінде әсер ететін жағдайда заңды елеулі бұзушылықтар жатқызылуы мүмкін.

      15. Сот, ҚІЖК-нің  355-бабына сәйкес, қажет болған жағдайларда сарапшыны сот отырысына шақыртуға және жүргізілген сараптамалық зерттеу мәселелері бойынша одан сұрақ алуға құқылы.
      Сарапшының ауызша түсіндірмелері, нақтылаулары немесе толықтырулары оның бұған дейін жазбаша ұсынған қорытындысының бөлігі мен шегінде ғана беріледі.

      16. Маманның пікірі сараптамалық қорытындыны алмастырмайтынын назарда ұстаған жөн. Маман сараптаманы тағайындау кезінде (сараптама түрін таңдау, іс материалдарын дайындау, салыстырмалы үлгілердің көлемі мен сапасын анықтау және т.с.с.) қатыстырылуы мүмкін. Маман сот талқылауына сот шешімі бойынша тек сарапшы қорытындысын зерттеуге көмектесу және оған баға беру, сараптамалық зерттеуді жүргізген кезде қолданылған әдістерді, ғылыми-техникалық құралдарды, жүргізілген ғылыми әдістемелерді және т.с.с. түсіндіру мақсатында қатыса алады.

      17. Сот сараптамасы органдары қызметкерлерінің сараптама жүргізуге байланысты іс жүргізу шығындары сотталған адамнан немесе оның заңды өкілінен мемлекет пайдасына өндіріледі немесе мемлекет кірісіне алынады.
      Сот-сараптама қызметін лицензия негізінде, сондай-ақ лицензиясыз, бірақ қылмыстық процесті жүргізуші органның қаулысы бойынша бір жолғы сараптама жүргізу үшін тартылған адамдардың сараптаманы жүргізуге байланысты шығындары сарапшылар шотты ұсынғаннан кейін олардың пайдасына өндіріледі.

      18. ҚІЖК-нің  371-бабы бірінші бөлігінің 12-тармағының талаптарына сәйкес іс бойынша түпкілікті шешім қабылдау кезінде сот сараптамалық зерттеу объектілері болған заттардың қайда жіберілетіні туралы мәселені шешуге міндетті. Осы орайда ҚІЖК-нің  121-бабының ережелерін басшылыққа алған жөн.
      19. Қазақстан Республикасы Конституциясының  4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы