Өздерінің қызметін заңнаманы өрескел бұза отырып жүзеге асыратын заңды тұлғаларды таратудағы сот тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 5 Нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

      Өздерінің қызметін заңнаманы өрескел бұза отырып жүзеге асыратын заңды тұлғаларды (бұдан әрі - жоқ заңды тұлғалар мен жоқ борышкерлерді) тарату туралы заңнаманы сот тәжірибесінде біркелкі түсіндіру және қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Заңды тұлғаны тарату Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК)  49-бабында  көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылатынына соттардың назары аударылсын.
      Жеке кәсіпкерлердің қызметін тоқтату ерекшеліктері АК-нің  21-бабында , "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  33-46-баптарында , "Шаруа (фермер) қожалығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  20-бабында  белгіленген.

      2. Жоқ заңды тұлғалар мен жоқ борышкерлер үшін заңнамамен таратудың арнайы негіздемелері мен жеңілдетілген тәртібі қарастырылған.
      "Банкроттық туралы" Заңның (бұдан әрі - Заң)  1-бабының  18) тармақшасына сәйкес, жоқ борышкер - тұрақты органының, сондай-ақ заңды тұлға оларсыз өз қызметін жүзеге асыра алмайтын құрылтайшыларының, қатысушыларының, менеджерлері мен лауазымды адамдарының тұрған жерін алты ай ішінде анықтау мүмкін емес борышкер.
      Заңды тұлға орналасқан жері бойынша немесе нақты мекен-жайы бойынша болмаған, сондай-ақ заңды тұлға бір жыл ішінде оларсыз жұмыс істей алмайтын құрылтайшылар (қатысушылар) және лауазымды адамдар болмаған заңды тұлға АК-нің  49-бабы  2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес таратылуы мүмкін.
      Жоқ заңды тұлғаны және жоқ борышкерді тарату тек сот тәртібімен жүзеге асырылады.
      Жоқ заңды тұлғаны және жоқ борышкерді тарату тәртібі оның несиелік берешегінің (несие берушілерінің) болуына не болмауына байланысты анықталады.

      3. Заңда белгіленген табыс ету мерзімінен кейін бір жыл өткен соң корпорациялық табыс салығы туралы (жиынтық жылдық табыс пен жасалған шегерімдер туралы) декларацияны немесе оңайлатылған декларацияны табыс етпеу несие берушілері және өзі жоқ заңды тұлғаны тарату үшін негіз болып табылады. Мұның өзі АК-нің  49-бабы  2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес заңнаманы өрескел бұзу болып табылады.
      АК-нің  49-бабы  2-тармағының 4) тармақшасында аталған жоқ заңды тұлғаның кез келген белгілері жекелеп алғанда, сондай-ақ заңды тұлғаның несие берушілерінің болмауы заңды тұлғаны тарату үшін өз алдына бөлек негіздеме болып табылмайды.
      Тұрған орнында немесе нақтылы мекен-жайында жоқ, сондай-ақ құрылтайшылары (қатысушылары) мен лауазымды адамдары жоқ заңды тұлға, егер осы заңды тұлға өз қызметін уақытша тоқтатса, бірақ салықтық есебін уақытында, белгіленген мерзімде ұсынып отырса АК-нің  49-бабы  2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес таратылуға тиіс емес.
      Лауазымды тұлғалары жоқ, бірақ заңды тұлғаның қызметі үшін жауапкершілік көтеретін және лауазымды тұлғаларды тағайындауға (сайлауға) құқылы құрылтайшылары (қатысушылары) бар заңды тұлға көрсетілген тәртіппен таратылуға тиіс емес.
      Жоқ заңды тұлғаның салықтық есебін ұсынбауын жұмыс істейтін заңды тұлғаның есепті ұсыну мерзімдерін бұзуынан ажырата білу керек. Тіркеу орны бойынша орналасқан (демек бар) және өз қызметін жүзеге асыратын, бірақ салықтық есебін белгіленген мерзімде ұсынбайтын заңды тұлғалар, құрылтайшылар (қатысушылар) не лауазымды тұлғалар осы заң бұзушылықтары үшін қолданыстағы заңнамамен белгіленген тәртіпте жауапкершілік көтереді.
      Салық төлеушіні салықтық есепті өз уақытында тапсырмағаны үшін заңмен белгіленген өзге жауапкершілікке тартпау жоқ заңды тұлғаны тарату туралы өтінішті қарауға қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды.

      4. АК-нің  49-бабының  3-тармағына сәйкес, жоқ заңды тұлғаны тарату туралы талапты сотқа заң актілерімен мұндай талаптарды қою құқығы берілген мемлекеттік орган, ал банкрот болған жағдайларда - сондай-ақ несие берушілер қоюы мүмкін. Мұндай құқық, атап айтқанда, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі)  16-бабымен  салық органдарына берілген.
      Несиелік берешегі бар жоқ заңды тұлға (жоқ борышкер) Заңның  94-95-баптарында  белгіленген оңайлатылған рәсімдеу бойынша банкрот болуына (дәрменсіздікке) байланысты АК-нің  49-бабы  2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес сот тәртібімен таратылуға жатады.
      Жоқ борышкерді банкроттық негізде тарату туралы талапты мәлімдеу құқығы Заңның  94-бабымен  несие берушілерге, салық органына немесе салықтар мен бюджетке төленетін басқа да төлемдер бойынша өзге уәкілетті мемлекеттік органға, сондай-ақ прокурорға берілген.

      5. Несие берушілері болмаған жоқ заңды тұлғаны тарату туралы немесе несиелік берешегі бар жоқ борышкерге қатысты банкроттық жөнінде іс қозғау туралы сотқа талап қою кезінде өтініш берушілер заңды тұлғаның құрылтайшылық құжаттарда көрсетілген жерде немесе нақтылы мекен-жайында жоқтығына дәлелдемелерді, сондай-ақ оларсыз заңды тұлға өзінің қызметін жүзеге асыра алмайтын құрылтайшылардың, қатысушылардың және лауазымды адамдардың жоқтығына дәлелдемелерді ұсынуға міндетті. Осы орайда заңды тұлғаның құрылтайшылық құжаттарында көрсетілген жерде немесе нақтылы мекен-жайда жоқтығының заңмен белгіленген мерзімінің өткені борышкерлер үшін - алты ай ішінде, жұмыс істемейтін заңды тұлғалар үшін - өтініш беруші сотқа жүгінгенге дейін бір жыл ішінде расталуға тиіс.
      Мұндай дәлелдемелер жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, тиісті ауданның (қаланың) аумағында кәсіпкерлік қызметке бақылауды жүзеге асыратын өзге органдардың, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсететін органдардың актілері, анықтамалары немесе өзге де құжаттары болуы мүмкін. Заңды тұлғаның жоқтығына сондай-ақ байланыс органдарының соттың заңды тұлғаның атына жіберген жоқ заңды тұлғаны тарату туралы өтініштің және іс бойынша іс қозғау туралы сот ұйғарымының көшірмелерін адресаттың жоқтығы немесе оның шығып кеткені туралы белгі соғып, кері қайтаруы дәлелдеме болып табылады.

      6. Заңды тұлға оларсыз өз қызметін жүзеге асыра алмайтын (жұмыс істей алмайтын) адамдардың шеңберін әрбір нақтылы жағдайда жарғылық құжаттар негізінде сот анықтайды. Жоқ заңды тұлғаны (борышкерді) тарату туралы өтінішпен сотқа жүгіну кезінде өтініш берушілер құрылтайшылық құжаттарды не құрылтайшылық құжаттардың нотариалдық куәландырылған көшірмелерін, сондай-ақ осы заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлікті ұсынуға міндетті.
      Оларсыз заңды тұлғаның қызметін жүзеге асыру (жұмыс істеу) мүмкін болмайтын, жарғылық құжаттарда көрсетілген лауазымды тұлғалардың, сондай-ақ құрылтайшылар мен қатысушылардың - жеке тұлғалардың жоқтығы олардың кетіп қалғаны туралы құжаттармен, тұрмайтыны жөнінде куәгерлердің айғағымен, басқа да дәлелдемелермен расталуы мүмкін.
      Заңды тұлға белгіленген тәртіппен қызметтен босатқан тұлғалар, тіпті оның тұрғылықты орны белгілі болса да және олар сот отырысына келсе де жұмыс істемейтін заңды тұлғаның (жоқ борышкердің) тиісті өкілдері болып танылмайды.
      Егер басқа тұлғалар жоқ заңды тұлғаның, оның ішінде борышкердің дара құрылтайшысы (қатысушысы) болып табылса және олар заңмен белгіленген тәртіппен таратылса, онда осы мән-жай да заңды тұлғаның құрылтайшысының (қатысушысының) болмағанына дәлелдеме болып табылады.

      7. Заңды тұлғаның қызметін оларсыз жүзеге асыру мүмкін болмайтын лауазымды тұлғалардың өлгені туралы, әрекет қабілеттілігін тану, бас бостандығынан айыруға соттау не қызметтің белгілі бір түрімен айналысу құқығынан айыру, хабарсыз кетті деп тану туралы немесе дара құрылтайшылардың (қатысушылардың) - жеке тұлғалардың (құқығын иеленуші болмаған кезде) өлгені туралы құжаттарды соттар дәлелдемелер ретінде қабылдауы мүмкін.
      Мұндай жағдайда заңды тұлғаны тарату туралы талап аталған оқиғалар орын алған күннен бастап алты ай (бір жыл) өткенге дейін де қойылуы мүмкін.

      8. Жоқ борышкерлердің несиелік берешегінің бары немесе жоқ заңды тұлғаның несие берушілерінің болмауы олардың салық органдарына соңғы тапсырған салықтық есебіне, баланстарына, анықтамаларына, өзге құжаттарына түсіндірмелер беру арқылы расталуы мүмкін.
      Жоқ заңды тұлғаның (жоқ борышкердің) несие берушілерінің немесе несиелік берешегінің болуы немесе болмауы туралы өтінішпен бірге ұсынылған дәлелдемелерге байланысты сотқа жүгінген талапкер  АК-нің  немесе  Заңның  тиісті баптарына сілтеме жасай отырып, жоқ заңды тұлғаны (жоқ борышкерді) тарату туралы талапты мәлімдеу үшін заңмен көзделген негіздемелерді көрсетуге міндетті.

      9. АІЖК-нің  30-тарауында  және Заңның  22-26-баптарында  көзделген жоқ борышкерді тарату туралы арыздарды, олардың банкроттығы туралы сотқа берілген арыздарды ресімдеуге қойылған талаптарды соттар осы санаттағы істердің ерекшеліктерін ескере отырып қолданғандары жөн.
      Несие берушілердің борышкерге қояр талап сомасы жөнінде Заңның  3-бабының  4-тармағымен белгіленген шектеулер (кемінде 150 айлық есептік көрсеткіш) жоқ борышкерге қатысты қолданылмайды және жоқ борышкердің банкроттығы туралы өтінішті соттар борышкердің қолында қалған берешектің сомасының мөлшеріне қарамастан қабылдайды.
      Салық органдары және прокурор жоқ заңды тұлғаны, сондай-ақ жоқ борышкерді тарату туралы сотқа өтініш беру кезінде мемлекеттік баж төленбейді. Басқа несие берушілер борышкердің банкроттығы туралы өтінішпен сотқа жүгінген жағдайда мемлекеттік баж жалпы тәртіппен төленеді.

      10. Жоқ заңды тұлғаның (жоқ борышкердің) ұйымдық-құқықтық нысанының қолданыстағы Азаматтық кодекстің  34-бабының  талаптарына сәйкес келмеуі, өтініш берушінің сотқа жүгінуі кезінде жоқ заңды тұлғаның (жоқ борышкердің) мүліктерінің барлығы туралы мәліметті ұсынбауы соттың заңды тұлғаны тарату туралы өтінішті қарауға қабылдаудан бас тартуы үшін негіз болып табылмайды.
      Заңды тұлғаның заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінде болмауы да, егер осы заңды тұлға қолданыстағы АК қабылданғанға дейін құрылса және оның құрылуын осындай тіркеуді жүргізуге уәкілетті орган тіркеген жағдайда, соттың өтінішті қарауға қабылдаудан бас тартуына негіз бола алмайды.

      11. Жоқ заңды тұлғаны тарату туралы өтініш талап қою ісін жүргізу тәртібімен, жоқ борышкердің банкроттығы туралы өтініш - ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралады.
      Заңды тұлғаның (құрылтайшылардың, қатысушылардың және лауазымды адамдардың) мүдделерін білдіруге жарғылық құжаттармен өкілеттік алған адамдардың сот отырысына келмеуі өтінішті сырттай іс жүргізу тәртібімен қарауға әкеп соқпайды.

      12. Егер сот жоқ заңды тұлғаны тарату туралы істі қарау кезінде өтініш беруші жоқ деп жариялаған заңды тұлғаның уәкілетті лауазымды адамдары немесе оның құрылтайшылары (қатысушылары) сотқа келсе немесе заңды тұлғаның қызметін жалғастырып жатқанын не таратумен келісетіндіктерін жазбаша мәлімдесе, онда сот осы заңды тұлғаны жоқ заңды тұлға ретінде тарату туралы талаптан бас тартады.
      Несие берушілер (немесе несиелік берешек) тікелей сот отырысы кезінде анықталған жағдайда, сот егер заңды тұлғаны тарату туралы талап тек оның несие берушілерінің жоқтығына байланысты мәлімделсе, онда заңды тұлғаны тарату туралы талаптан бас тартады.
      АК-нің  49-бабы  2-тармағының 4) тармақшасымен несие берушілері болмаған жоқ заңды тұлға үшін белгіленген негіз бойынша заңды тұлғаны таратудан бас тарту несие берушілердің, уәкілетті органның немесе прокурордың сол заңды тұлғаны азаматтық заңнамада көзделген басқа негіздер бойынша тарату туралы қайтадан талап қоюына кедергі келтірмейді.

      13. Несие берушінің, прокурордың немесе уәкілетті органның сотқа берген жазбаша өтініші бойынша сот жоқ заңды тұлғаны тарату туралы мәлімделген талаптың негіздерін өзгерту жөніндегі мәселені қарауға құқылы.
      Талапкер өтінішпен сотқа жүгіну кезінде жоқ деп көрсеткен уәкілетті лауазымды адамдардың, сондай-ақ заңды тұлғаның құрылтайшыларының (қатысушыларының) сотқа келіп, өздерінің оларды тарату туралы талаппен, оның ішінде оңайлатылған рәсім бойынша тарату туралы талаппен келісуі өтінішті қанағаттандыру үшін сөзсіз негіз болып табылмайды. Сот талаптан бас тарта отырып, құрылтайшылық құжаттармен өкілеттік алған адамдарға олардың заңды тұлғаны өз еркімен тарату туралы мәселені өз ықтиярлары бойынша шешуге не қолданыстағы заңнамамен көзделген өзге де негіздемелер бойынша мәжбүрлеп тарату туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы екенін түсіндіруге міндетті.

      14. Заңның  94-бабының  2-тармағына сәйкес, жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығару үшін іс бойынша іс қозғалған күннен бастап бес күндік мерзім белгіленгеніне соттардың назары аударылсын. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында жоқ борышкердің банкроттығы туралы іс бойынша іс қозғалғаны туралы хабар жарияланбайды.
      АК-нің  49-бабында  сондай-ақ соттың заңды тұлғаны тарату туралы іс бойынша іс қозғағаны туралы міндетті түрде хабар жариялау жөнінде талаптар көрсетілмеген.
      АК-нің  50-бабының  3-тармағына және Заңның  94-бабының  5-тармағына сәйкес, соттың жоқ заңды тұлғаны тарату туралы не жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы және тарату ісінің қозғалғаны туралы шешім қабылдағаны жөніндегі хабарлама міндетті түрде жариялауға жатады.

      15. Жоқ заңды тұлғаны және жоқ борышкерді тарату туралы талаптарды қарау кезінде сот оның құрылтайшылық құжаттарының негізінде оларсыз заңды тұлғаның қызмет етуі мүмкін емес тұлғалардың шеңберін, оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) құрамын анықтауы және заңды тұлғаның болмағандығын және болмаған уақытын растап ұсынылған дәлелдердің жеткілікті екеніне баға беруі қажет.
      Жоқ заңды тұлғаның несиелік берешегі болған жағдайда оны дәрменсіздігіне байланысты тарату Заңның  94-95-баптарымен  белгіленген тәртіпте банкроттықты рәсімдеудің оңайлатылған жолы арқылы жүзеге асырылады.
      Егер арыз беруші сотқа жүгіну кезінде борышкерді конкурстық іс қозғамай жою туралы өтініш білдіре отырып оның мүлкінің болмағаны жөнінде дәлелдемелер ұсынса, онда сот Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитетінің (әрі қарай - уәкілетті органның) және несие берушілер комитетінің (немесе белгілі бір несие берушілердің) келісімімен конкурстық іс қозғамастан жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығаруға құқылы.
      Егер жоқ заңды тұлғаны тарату туралы талап заңнаманың салықтық есепті ұсыну туралы талабының бұзылуына сілтеме жасала отырып мәлімделсе, онда сот заңды тұлғаның және несие берушілердің жоқтығы жөніндегі дәлелдемелерге баға берумен қатар, есепті ұсынбау мерзімінің бір жылдан асқанын анықтауы қажет.

      16. Заңның  67,   94-баптарына  сәйкес, банкрот деп танылған жұмыс істемейтін заңды тұлғаны таратуды уәкілетті орган тағайындаған конкурстық басқарушы жүзеге асырады.
      Жоқ борышкерді банкрот деп тану және оны конкурстық іс қозғамай тарату туралы шешім шығарылған жағдайда, жоқ борышкерді тарату рәсімін ұйымдастыру және жүзеге асыру сот шешімімен уәкілетті органға тапсырылады.

      17. АК-нің  49-бабының  3-тармағына сәйкес, жоқ заңды тұлғаны тарату жөніндегі міндеттерді сот оның мүлкінің меншік иесіне, меншік иесі өкілеттік берген органға, заңды тұлғаны таратуға оның құрылтайшылық құжаттарымен өкілеттік берілген органға не өзге де органға жүктеуі мүмкін.
      Жоқ заңды тұлғаларды тарату және банкроттау рәсімін жүргізу республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатындықтан сот жоқ заңды тұлғаны тарату жөніндегі міндеттерді жоқ борышкерді тарату кезіндегі сияқты уәкілетті органға жүктеуі мүмкін.
      Жұмыс істемейтін заңды тұлғаны тарату АК-нің  50-бабымен  белгіленген тәртіпте жүргізіледі.

      18. Соттың жоқ заңды тұлғаны тарату туралы шешімі не соттың жоқ борышкердің дәрменсіздігі (банкроттығы) туралы шешімі заңды тұлғаны тарату рәсімдері аяқталғанға дейін заңды тұлғаны заңды тұлғалардың мемлекеттік тізімдемесінен шығарып тастау үшін негіз болып табылмайды.
      Жоқ заңды тұлғаны мәжбүрлеп тарату туралы немесе жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы күшіне енген сот шешімінің көшірмесі заңды тұлғаны тіркеуді жүзеге асыратын әділет органына және статистика жөніндегі мемлекеттік уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне мәлімет үшін жіберіледі.

      19. Жоқ заңды тұлғаны тарату кезінде табылған мүлік таратуға байланысты шығындардың орнын толтыру үшін жұмсалады, қалған мүлік АК-нің  50-бабының  8-тармағына сәйкес құрылтайшылық құжаттарда көрсетілген мақсаттарға жұмсалады.

      20. Сот тарату рәсімдерін жүргізу жөніндегі міндеттерді жүктеген тұлға сотқа өзінің қызметі туралы қорытынды есепті және тарату балансын ұсынады.
      Сот ұсынылған құжаттарды әрі кеткенде 15 күн мерзім ішінде қарайды және есепті бекіту жөнінде немесе конкурстық іс жүргізуді (таратуды) аяқтау немесе есепті бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
      Егер есепте жоқ заңды тұлғаны немесе жоқ борышкерді тарату кезінде қажетті рәсімдерді жүзеге асыру туралы жеткілікті мәліметтер мен дәлелдемелер болмаған жағдайда сот есепті бекітуден бас тарта алады.
      Егер жоқ борышкердің несие берушілері конкурстық басқарушының, уәкілетті органның немесе тарату жүктелген адамның шешіміне, әрекетіне сотқа шағым берсе, онда сот есепті тек дауды қарау бойынша шығарылған сот актісі күшіне енгеннен кейін қарайды.

      21. Жоқ борышкерді тарату туралы іс бойынша іс жүргізуді аяқтау жөніндегі ұйғарымда несие берушілердің тізімі және борышкердің мүлкінің жеткіліксіздігіне немесе жоқтығына байланысты қанағаттандырылмаған талаптардың көлемі көрсетілуге тиіс.
      Егер борышкерді тарату кезінде бірінші кезектегі несие берушілердің талаптары қанағаттандырылмаса, онда сот ұйғарымы мен тарату туралы бекітілген есептің көшірмесі уәкілетті органға жіберіледі (Заңның  87-бабының  2-тармағы).
      Ұйғарымда банкротты міндеттемелерден және тарату кезінде орындау үшін қойылатын міндеттемелер мен өзге де талаптардан босату көрсетілуге тиіс.

      22. Сот ұйғарымының қарар бөлімінде уәкілетті органға заңды тұлғаны тарату туралы шешімнің және тарату рәсімдерінің аяқталғаны туралы ұйғарымның көшірмесін әділет басқармасының тіркеу органына жіберу жөнінде тапсырма жүктелуге тиіс.
      Өтініш иесі сотқа жүгінген кезде ұсынған жоқ заңды тұлға мен жоқ борышкердің құрылтайшылық құжаттарының түпнұсқалары, егер заңды тұлға Әділет министрлігінің органдарында тіркеуден өтпесе, сот актілерінің көшірмелерімен бірге әділет тіркеу органына тапсырылады.
      Тіркеуші орган заңды тұлғаны тарату туралы бұйрықтың көшірмесін іс материалдарына қосу үшін он күн мерзімнің ішінде сотқа жібереді.
      Тіркеуші орган заңды тұлғаны тарату туралы бұйрық шығарғаннан кейін және бұл туралы заңды тұлғалардың мемлекеттік тізіліміне тиісті жазба енгізілгеннен кейін ғана заңды тұлғаның таратылуы аяқталды, ал заңды тұлға жұмыс істеуін тоқтатты деп есептеледі.

      23. Қазақстан Республикасы Конституциясының  4-бабына  сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы