Қазақстан Республикасында жерүсті телерадио хабарларын тарату құқығын алуға конкурстар өткізу жөніндегі комиссияның кейбір мәселелері

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 5 желтоқсандағы N 1238 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкiметі қаулы етеді:

      1. "Қазақстан Республикасында жерүстi телерадио хабарларын тарату құқығын алуға конкурстар өткiзу жөнiндегi комиссияны құру туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 11 ақпандағы N 203 қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2002 ж., N 6, 52-құжат) мынадай толықтыру мен өзгерiстер енгiзiлсiн:
      1) Қазақстан Республикасында жерүстi телерадио хабарларын тарату құқығын алуға конкурстар өткiзу жөнiндегi комиссияның құрамына мыналар енгiзiлсiн:

Сұлтанов                 - Қазақстан Республикасы Парламентiнiң
Қуаныш Сұлтанұлы           Сенаты Әлеуметтiк-мәдени даму жөнiндегi
                           комитетiнiң төрағасы (келiсiм бойынша)

Бурлаков                 - Қазақстан Республикасы Парламентiнiң
Леонид Николаевич          Сенаты Өңiрлiк даму және жергiлiктi
                           өзiн-өзi басқару мәселелерi жөнiндегi
                           комитетiнiң төрағасы (келiсiм бойынша)

Нығматулин               - Қазақстан Республикасының Парламентi
Ерлан Зайроллаұлы          Мәжiлiсiнiң депутаты (келiсiм бойынша)

Қосынов                  - Қазақстан Республикасының Көлiк және
Алмас Олжабайұлы           коммуникациялар министрлiгi Аэроғарыш
                           комитетiнiң төрағасы

Аманшаев                 - Қазақстан Республикасының Мәдениет
Ермек Әмiрханұлы           вице-министрi

Гамарник                 - Қазақстан Республикасының Бiлiм және
Геннадий Николаевич        ғылым бiрiншi вице-министрi

Жаңбыршин                - Қазақстан Республикасы Қорғаныс
Қозы-Көрпеш Есiмұлы        министрiнiң қаржы және экономика
                           жөнiндегі орынбасары

Петров                   - Қазақстан Республикасының Төтенше
Валерий Викторович         жағдайлар жөнiндегi агенттiгi
                           төрағасының орынбасары

      мына:

"Ақпенова                - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат
Раушан Төлеқызы            және қоғамдық келiсiм министрлiгiнiң
                           Бұқаралық ақпарат құралдары департаменті
                           Телерадио хабарларын тарату басқармасының
                           бастығы, хатшы"

      деген жол мынадай редакцияда жазылсын:

"Ақпенова                - Қазақстан Республикасы Ақпарат
Раушан Төлеқызы            министрлiгiнiң Бұқаралық ақпарат
                           құралдары департаментi Телерадио
                           хабарларын тарату басқармасының бастығы,
                           хатшы"

      2) 2 және 3-тармақтардағы "Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм" деген сөздер "Ақпарат" деген сөзбен ауыстырылсын.

      2. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасында жерүстi телерадио хабарларын тарату құқығын алуға конкурстар өткiзу жөнiндегi комиссия туралы ереже бекiтiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінiң
      мiндетiн атқарушы

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
2003 жылғы 5 желтоқсандағы
N 1238 қаулысымен     
бекiтiлген        

Қазақстан Республикасында жерүстi телерадио хабарларын
тарату құқығын алуға конкурстар өткiзу жөнiндегi
комиссия туралы ереже

      Осы Қазақстан Республикасында жерүстi телерадио хабарларын тарату құқығын алуға конкурстар өткiзу жөнiндегi комиссия туралы ереже (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 11 ақпандағы N 203 қаулысымен құрылған Қазақстан Республикасында жерүстi телерадио хабарларын тарату құқығын алуға конкурстар өткiзу жөнiндегi комиссияның қызметiн регламенттейдi.

1. Жалпы ережелер

      1. Жерүстi телерадио хабарларын тарату құқығын алуға конкурстар өткiзу жөнiндегi комиссия (бұдан әрi - Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.

      2. Комиссия жерүстi телерадио хабарларын тарату жұмысы үшiн бөлiнетiн шектелген мемлекеттiк ресурс - радиожиiлiк спектрiн пайдалану тиiмдiлiгiн арттыру, халықтың теледидар және/немесе радио бағдарламаларына сұранысын неғұрлым толық қанағаттандыру мақсатында құрылған.

      3. Комиссия қызметi оның құзыретiне енетiн мәселелердi талқылау мен шешу кезiндегi жариялылық пен ашықтық негiзiнде жүзеге асырылады.

      4. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кесiмдерiн, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

2. Комиссияның мiндеттерi,
функциялары және құқықтары

      5. Комиссияның мiндеттерi мен функциялары:
      1) Қазақстан Республикасында бiртұтас ақпараттық кеңiстiктi қалыптастыруға және теледидар және/немесе радио хабарларын таратуды дамыту саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруға жәрдемдесу;
      2) жерүстi теледидар және/немесе радио хабарларын тарату жұмысы үшiн бөлiнетiн радиожиiлiк спектрiн пайдалану тиiмдiлiгiн арттыруға бағытталған шешiмдердi қабылдау;
      3) теледидар және/немесе радио хабарларын тарату мақсатына радиожиiлiк спектрiнiң алқаптарын (номиналдарын) бөлу жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу;
      4) жерүстi телерадио хабарларын тарату құқығын алуға конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін қарау және олардың шығармашылық, техникалық және қаржылық ұсыныстарын ескере отырып, жеңiмпаздарды анықтау жөнiнде шешiмдер қабылдау;
      5) теледидар және/немесе радио хабарларын тарату саласындағы заңнаманы сақтау мәселелерi бойынша теле- және/немесе радиокомпаниялардың қызметiн қарау және теледидар және/немесе радио хабарларын тарату мақсатына бөлiнетiн радиожиiлiк спектрiн пайдалану тиiмдiлiгiн арттыруға, халықтың теле және/немесе радио бағдарламаларға сұранысын неғұрлым толық қанағаттандыруға бағытталған ұсынымдарды әзiрлеу болып табылады.

      6. Негiзгi мiндеттер мен функцияларды iске асыру үшiн Комиссия заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) мемлекеттiк органдардан, өзге де ұйымдардан Комиссияның құзыретiне жататын мәселелер бойынша ақпаратты сұратуға;
      2) Қазақстан Республикасының Yкiметiне Комиссияның қызметiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
      3) қажет болған жағдайда, өз жұмысына мемлекеттiк органдардың мамандарын тартуға;
      4) заңнамаға сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

3. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру

      7. Комиссияның төрағасы және дербес құрамы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен бекiтiледi.
      Комиссияның мүшелерi отырыстарға ауыстыру құқығынсыз қатысады.

      8. Комиссияның төрағасы немесе оның орынбасары төрағалық етушi болып табылады.

      9. Комиссияның отырыстары қажеттiлiгiне қарай, бiрақ кем дегенде жарты жылда бiр рет өткiзiледi.
      Комиссияның отырыстары оның мүшелерiнiң кем дегенде үштен екi бөлiгi қатысқан жағдайда болып өттi деп саналады.

      10. Комиссияның мүшелерi:
      1) Комиссия отырыстарының күн тәртiбiне ұсыныстар енгiзуге;
      2) отырыстарда сөз сөйлеуге және енгiзiлген ұсыныстар бойынша дауыс берудiң өткiзiлуiн талап етуге;
      3) Комиссияның материалдарымен танысуға және олардың көшiрмелерiн алуға құқылы.

      11. Комиссияның жұмысы ағымдағы және перспективалық жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады.

      12. Күн тәртiбiнiң әрбiр мәселесi бойынша шешiмдер ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға қатысып отырған Комиссия мүшелерi жалпы санының көпшiлiгi дауыс берген болса, қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушiнiң даусы шешушi болып саналады.

      13. Қажет болған жағдайда, Комиссияның шешiмдерi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының нормативтiк құқықтық кесiмдерiн қабылдау үшiн ұсынылуы мүмкін.

      14. Комиссия отырыстарының хаттамаларын оның жұмыс органы ресiмдейдi және қол қойылғаннан кейiн Комиссия мүшелерiне таратылады. Қажет болған жағдайда Комиссия шешiмдерiнен үзiндi көшiрмелер мүдделi мемлекеттiк және өзге де органдарға жiберiледi.

      15. Комиссияның жұмыс органы Комиссия отырыстарының күн тәртiбi бойынша ұсыныстар мен қажет материалдарды дайындауды жүзеге асырады және олардың iске асырылуын қамтамасыз етеді.

      16. Комиссияның жұмыс органы бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган болып табылады.