Зияткерлiк меншiк саласындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу жөнiндегi ынтымақтастық туралы келiсiмдi орындауға жауапты мемлекеттiк органдардың тiзбесiн белгiлеу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 13 қарашадағы N 1141 қаулысы

Жаңартылған

      2001 жылғы 11 мамырдағы Қазақстан Республикасының  Заңымен  бекiтiлген Санаткерлiк меншiк саласындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу жөнiндегi ынтымақтастық туралы келiсiмнiң (бұдан әрi - Келiсiм) 4-бабының 2-тармағына сәйкес, сондай-ақ зияткерлiк меншiктi қорғау саласында келiсiлген нысандарды әзiрлеу және өзара iс-қимыл әдiстерiн iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Келiсiмдi орындауға жауапты мемлекеттiк органдардың тiзбесi мынадай болып белгiленсiн:
      Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi;
      Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi;
      Қазақстан Республикасының Кедендiк бақылау агенттiгi;
      Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөнiндегi агенттігі (қаржы полициясы); <*>
      Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы (келiсiм бойынша).
       Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.09.06. N 936   қаулысымен .

      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi Келiсiмдi орындауға жауапты мемлекеттiк органдардың белгiленуi туралы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқару комитетiне хабарласын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі