Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 21 тамыздағы N 840 қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қoca берiлiп отырған Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесi бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң заң жобалау қызметiн жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 11 қыркүйектегi N 1376 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 40, 455-құжат) мынадай өзгерiс пен толықтыру енгізiлсiн:
      2-тармақта 2) тармақша алынып тасталсын;
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Заң жобалау қызметi мәселелерi жөнiндегі ведомствоаралық комиссия туралы ережеде:
      4-тармақтың он бiрiншi абзацында "қатынастар бойынша" деген сөздерден кейiн "заң жобаларының тұжырымдамаларын және" деген сөздермен толықтырылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2003 жылғы 21 тамыздағы
N 840 қаулысымен   
бекітілген     

Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарында
заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесi

      1. Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесi (бұдан әрі - Ереже) "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 10 желтоқсандағы N 1300 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Регламентiне (бұдан әрi - Үкiметтiң Регламентi) сәйкес заң жобаларын әзiрлеушi уәкiлеттi органдарда (бұдан әрi - Уәкiлеттi органдар) заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру тәртiбiн айқындайды.

      2. Уәкiлеттi органдардың заң жобалау қызметiн жүзеге асыруы мынадай кезеңдерді қамтиды:
      заң жобаларының тұжырымдамаларын әзiрлеу;
      Норма шығармашылығы қызметiн жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 30 мамырдағы N 598 қаулысымен бекiтiлген Ғылыми сараптама жүргiзу ережесiне сәйкес заң жобаларының тұжырымдамаларына ғылыми сараптама жүргiзу;
      заң жобаларының тұжырымдамаларын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Заң жобалау қызметi мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссияда (бұдан әрi - Комиссия) қарау;
      заңнамалық кесiмдердiң жобаларын даярлау;
      заңнамалық кесiмдер жобаларына ғылыми сараптама жүргiзу;
      Үкіметтiң Регламентiне сәйкес мемлекеттiк органдармен заң жобаларын келiсу;
      заңнамалық кесiмдер жобаларын жетілдiргенде тұжырымдамалық өзгерiстер енгiзілген жағдайда қосымша ғылыми сараптама жүргiзу;
      заң жобаларын Қазақстан Республикасының Үкiметiне енгiзу;
      заң жобаларын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң палаталарында қарау кезiнде оларды ұйымдастырушылық және ақпараттық қамтамасыз ету.
      Жоғарыда көрсетiлген кезеңдердiң әрқайсысында заң жобалау қызметiн жүзеге асыру уәкiлеттi органның заң қызметiнiң басшысымен келiсiлуi тиiс.
      Заң сараптамасын жүргізу үшiн келiсуге жiберген кезде заң жобасының әр парағына уәкiлеттi органның заң қызметiнiң басшысы қол қояды.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің   2006.03.15. N 172 , 2007.03.20. N 217 қаулыларымен.

      3. Уәкiлеттi органдар заң жобаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi заң жобалау жұмыстарының ағымдағы және перспективалық жоспарларын орындау үшiн, сондай-ақ Мемлекет басшысы мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жекелеген тапсырмаларына сәйкес әзiрлейдi.
      Қажеттi жағдайларда заң жобаларын әзiрлеудi Уәкiлеттi органдар өз бастамасы бойынша белгiленген құзыретiне сәйкес жүзеге асырады.

      4. Заңнамалық кесiмнiң жобасы Комиссия мақұлдаған оның тұжырымдамасына қатаң сәйкестiкпен әзiрленуi тиiс.

      5. Комиссия:
      1) қолданыстағы заңнамада реттелiп қойған құқықтық қатынастарды регламенттеудi көздейтiн;
      2) құқықтың негiз қалаушы қағидаттарына қайшы келетiн;
      3) реттеу мәнi Қазақстан Республикасының Конституциясы  61-бабының 3-тармағында көрсетiлген қоғамдық қатынастарға сәйкес келмейтiн заң жобаларының тұжырымдамаларын мақұлдамайды.

      6. Заң жобаларының барлық тұжырымдамалары бойынша Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi оларды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне енгізген сәттен бастап он бес күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде осы Ереженiң 5-тармағында көрсетiлген талаптарға тұжырымдаманың сәйкестiгiн көрсететiн алдын ала қорытынды дайындайды. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң қорытындысын Комиссия заң жобасының тұжырымдамасымен және заң жобасы тұжырымдамасының ғылыми құқықтық сараптамасының қорытындысымен бiрге қарайды.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.03.20. N 217 , 2009.06.04. N 822 қаулыларымен.

      7. Заң жобасының тұжырымдамасын әзiрлеудi уәкiлеттi орган қажет болған кезде заң жобалау қызметi саласындағы ғылыми-зерттеу ұйымдарын, ғалымдарды, бiлiмнiң әртүрлi салаларындағы мамандарды тарта отырып жүзеге асырады.

      8. Заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеу кезінде әзірлеуші:
      құқықтық реттеудің тиісті саласында қолданылып жүрген заңнаманы талдауы, қазіргі құқықтық тетіктердің (олар болған жағдайда) тиімділігінің жеткіліксіз болу себептерін анықтауы, заңнамадағы олқылықтарды, қайшылықтарды, ескірген нормаларды не ұқсас құқықтық қатынастарды реттейтін көптеген актілердің болуын, қолданыстағы заңнаманы дұрыс қолданбау себептерін анықтауы;
      экономикалық, социологиялық, статистикалық және өзге де қажетті ақпаратты зерделеуі, қорытуы және талдауы, нормативтік құқықтық актіні қабылдаудың болжамды әлеуметтік, қаржы-экономикалық, экологиялық, құқықтық, криминологиялық және өзге де салдарына, актіні қабылдауға байланысты белгілі бір саладағы қоғамдық қатынастардың ықтимал үрдістері мен даму нұсқаларына зерттеу жүргізуі;
      қажетті қаржы-экономикалық есептемелер жүргізуі;
      шетелдік тәжірибені зерделеуі, салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізуі қажет.
       Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2009.06.04.  N 822 Қаулысымен.

      9. Заң жобасының тұжырымдамасы осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша жазылуға тиіс.
      Заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеу Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауын, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жыл сайынғы жолдауының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының ережелерін, қоғамдық өмірдің тиісті салаларында және аясында Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану практикасын, қолданыстағы заңнаманың проблемалары бойынша өткізілетін ғылыми-практикалық конференциялардың, семинарлардың, кеңестердің материалдарын, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, үкіметтік емес ұйымдар ұсынатын материалдарды, бұқаралық ақпарат құралдарында қамтылған ақпаратты ескере отырып жүзеге асырылады.
      Заңды қабылдау қажеттілігі туралы куәландыратын дәлелдерді баяндау нақты, келеңсіз құбылыстар мен процестердің қолданыстағы заңнамамен жеткілікті жасалмаған байланысын тиянақты түрде орнататын болуы тиіс. Дәлелдемелер ретінде орын алған жағдайдың қысқаша мән-жайын, заң нормаларын қолданудың дұрыстығы, қорытындылар мен ұсыныстар туралы пікірді көрсете отырып, практикадан мысал келтіру қажет.
      Әлеуметтік салдарларды болжау кезінде актіні қабылдаудың жалпы қоғамның, сондай-ақ оның жекелеген әлеуметтік топтарының дамуына әсер етуіне, білім беру және халықты жұмыспен қамту деңгейіне, қоғамның әлеуметтік құрылымына, денсаулық сақтау қызметінің қол жетімділігіне, тұрғын үй жағдайын жақсартуға, азаматтық қоғам институттарын дамытуға ықпалына және басқа да салдарларға талдау жүргізіледі.
      Қаржы-экономикалық салдарларды болжау кезінде актіні қабылдауға байланысты:
      республикалық және жергілікті бюджеттен тікелей және жанама шығыстар;
      құқық қолданушылар мен актінің нормаларын іске асырудың өзге де субъектілерінің шығыстары;
      республикалық және жергілікті бюджеттің кірістері, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың кірістері;
      өзге де шығыстар мен кірістер, сондай-ақ өзге де экономикалық әсер (бәсекенің дамуына ықпалы; кредиттік ресурстардың қол жетімділігі, жаңа жұмыс орындарын ашу және басқа да салдарлар) бағаланады.
      Экологиялық салдарларды болжау кезінде актіні қабылдау нәтижесінде қоршаған ортаға ықпал ететін әсердің бағыты, сипаты және деңгейі бағаланады.
      Құқықтық салдарларды болжау шеңберінде келешектегі актінің қаралып отырған саладағы құқықтық қатынастарды құқықтық реттеудің қолданыстағы тетігіне ықпалы, атап айтқанда: заңнамадағы олқылықтар мен қарама-қайшылықтардың, тиімсіз және декларативті нормалардың болуы, құқықтар мен міндеттерді іске асыру тетігінің жоқтығы бағаланады.
      Криминологиялық салдарларды болжау кезінде заң жобасының тұжырымдамасына оның қоғам, мемлекет қажеттілігіне және қылмысқа қарсы күрес саласындағы мемлекеттік саясатқа сәйкестігі мәніне ондағы құқық бұзушылықтар жасауға тікелей немесе жанама ықпал ететін, көзделген жауапкершілік шараларынан заңды негіздерде бас тарту мүмкіндігін туғызатын ережелерді (олқылықтар, өзге де кемшіліктер) анықтау, сондай-ақ осындай актіні қабылдау нәтижесінде криминогенді не криминогендікке қарсы сипаттағы өзге де салдарларды анықтау арқылы талдау жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік бюджеттен болжанып отырған қаржылық шығындар туралы ақпаратқа тиісті қаржылық есептемелер қоса берілуі тиіс.
      Салдарларды болжау кезінде болашақ актінің мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының мақсатты индикаторларына, көрсеткіштеріне, тәуекелдеріне әсері бағаланады.
       Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2009.06.04.  N 822 Қаулысымен.

      10. Заң жобасын әзiрлеушi уәкiлеттi орган жобаны дайындау жөнiндегi жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды жұмыс тобының функцияларын орындайтын өзiнiң бөлiмшелерiнiң бiрiне тапсырады. Жобаны дайындауда жобаны дайындайтын органның заң бөлiмшесi қызметкерлерінің қатысуы мiндеттi.
      Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары заң жобасын дайындау жөнiндегi жұмыс тобының жұмысына кез келген сатыда қатысуға құқылы.
      Жұмыс тобының жұмысына қатысу үшiн әр түрлi бiлiм салаларының, ғылыми мекемелердiң мамандары және ғылыми қызметкерлерi, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерi тартылуы мүмкiн.
      Егер әзiрленетiн заң жобасы әзірлеуші орган құзыретiнiң шеңберiнен шығатын мәселелердi қозғамаса, жұмыс тобын құру талап етілмейді.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.02.14. N 99 қаулысымен.

      11. Егер заң жобалау жұмыстарының жоспарымен немесе заң жобасын әзiрлеу туралы тапсырмамен өзгеше белгiленбесе, Уәкілеттi орган заң жобасын дайындауды ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк ұйымдарға немесе шарттық негiзде мамандарға, ғылыми мекемелерге, жекелеген ғалымдарға немесе олардың ұжымдарына соның iшiнде шетелдiктерге тапсыра алады.
      Уәкілеттi орган баламалы жобаларды дайындауды бiр немесе бiрнеше тұлғаға тапсыруға құқылы. Заң жобаларының сапасы, уақытылы әзiрленуi мен ұсынылуы үшiн Уәкiлеттi органдардың бiрiншi басшылары жеке жауап бередi.

      12. Уәкiлеттi органдардың заң жобалау жұмыстарының жоспарларын және заң жобаларын әзiрлеу жөнiндегi жекелеген тапсырмаларды орындауын жалпы бақылауды, осы бағыттағы олардың қызметiне әдiстемелiк басшылық жасауды және сол үшiн қажеттi ақпараттық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi жүзеге асырады.

      13. Заң жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясы 61-бабының , 3-тармағымен регламенттелген негiз қалаушы қағидаттар мен нормаларды белгілейтiн аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттеуi және "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңының талаптарына сәйкес ресiмделуi тиiс.

      14. Заң жобасын әзірлеу Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауын, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жыл сайынғы жолдауының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының ережелерін, қоғамдық өмірдің тиісті салаларында және аясында Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану практикасын ескере отырып жүзеге асырылады.
       Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2009.06.04.  N 822 Қаулысымен.

      15. Заң жобасының нормаларында мiндеттi түрде:
      құқықтық реттеудiң мәнi;
      құқықтық реттеудiң негізгі қағидаттары;
      заң жобасының мәтiнiнде пайдаланылатын негiзгi ұғымдар айқындалуы тиiс.
      Сондай-ақ, заң жобасында заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi, заң күшiне енгеннен кейiн өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi қолдану тәртiбi мен шарттары көрсетiлуi мүмкiн.

      16. Құқықтық нормалардың мазмұны қисындалған жүйелi әрi әртүрлi ұғыну мен түсiндiруге жол бермейтiн мазмұны айқын болуы тиiс.
      Заң жобасын әзiрлеу кезiнде, Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде пайдаланылатын терминдер тiзбесiнде көзделген терминология пайдаланылады.
      Нормативтiк құқықтық кесiмнiң мәтiнi әдеби тiл мен заң терминологиясының нормалары сақтала отырып жазылады. Ескiрген және көп мағыналы сөздер және теңеулер, эпитеттер, метафоралар қолдануға, сөздердi қысқартуға жол берілмейдi.

      17. Қабылдануы Қазақстан Республикасының Конституциясында немесе заңнамалық кесiмде тiкелей көзделген заң жобасына түсiндiрме жазбада Конституцияның немесе өзге де заңнамалық кесiмнiң бабын мiндеттi түрде көрсету керек.

      18. Заң жобасының өтпелi ережелерiнде оны қолданысқа енгiзгенге дейiнгi қатынастарды заң жобасында реттеу тәртiбi көрсетіледi, жаңа құқық нормаларына көшу мерзiмдерi мен тәсiлдерi белгіленедi.

      19. Заңнамалық кесiмнiң қорытынды ережелерiнде осы кесiмнiң қолданысқа енгiзілуі туралы, бұрын шығарылған кесiмнiң күшiн жою туралы нормалар бекiтiледi, осы кесiмдi орындау және дамыту мақсатында қажет болған кезде басқа мемлекеттiк органдардың кесiмдер шығару талаптары белгiленедi.

      20. Заң жобасына:
      күшiн жоюға жататын кесiмдер тiзiмдерi;
      есептемелер, тарифтер кестелерi, графикалар, карталар;
      бланкiлер, құжаттар, сызбалар үлгiлерi және қосымша қолдану мәнi бар басқа да материалдар қоса берілуi мүмкiн.

      20-1. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын заң жобалары сараптамалық қорытынды алу үшiн жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiне жiберiледi.
      Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiнiң сараптамалық қорытындылары ұсынымдық сипатта болады.
      Сараптамалық қорытындыда заң жобасына ескертулер және ұсыныстар болған кезде уәкiлеттi орган оларды құзыретiне сараптамалық қорытындыда қозғалатын мәселелердi қарау кiретiн мемлекеттiк органға пысықтау және тиiстi ұстанымды қалыптастыру үшiн заң жобасымен бiр мезгiлде жiбередi.
      Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiнiң сараптамалық қорытындылары заң жобасы қабылданғанға дейiн оған мiндеттi қосымша болып табылады.
      Ескерту. 20-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2007.03.20. N 217 қаулысымен.

      21. Үкiмет Парламенттiң қарауына енгізетiн заң жобалары бойынша "Норма шығармашылығы қызметiн жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы" Yкiметтiң 2002 жылғы 30 мамырдағы N 598 қаулысымен бекiтiлген ғылыми сараптама жүргiзу ережесiне сәйкес заң жобасында реттелетiн құқықтық қатынастарға қарай тиiстi ғылыми сараптама (құқықтық, экономикалық, экологиялық, қаржылық және басқа) жүргiзу мiндеттi. Бұл ретте қабылдануынан туындайтын болжамды салдарлар экологиялық, соның iшiнде радиациялық қауiпсiздiкке, қоршаған ортаны қорғауға қауiп төндiруi мүмкiн заңнамалық кесiмдердiң жобалары мiндеттi түрде экологиялық сараптама жасауға жатады. Заң жобасын әзiрлеушi оны мүдделi мемлекеттiк органдармен келiскенге дейiн жобаның тиiстi сараптамасы жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi, оның нәтижелерi бойынша қорытынды заң жобасына басқа да материалдармен бiрге келiсушi мемлекеттiк органдарға мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде ұсынылады.
      Ескерту. 21-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.03.20. N 217 қаулысымен.

       21-1. Егер Қазақстан Республикасы заңының қолданысын қамтамасыз ету үшiн заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық акт қабылдау қажет болса, заң жобасын әзiрлеушi мемлекеттiк орган заң жобасын жан-жақты пысықтау мақсатында келiсушi мемлекеттiк органдардың қарауына заң жобасын iске асыру үшiн қажеттi заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын бiр мезгiлде енгiзедi.
      Егер заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын әзiрлеу басқа мемлекеттiк органның құзыретiне жатқан жағдайда, онда ол заң жобасын әзiрлеушi мемлекеттiк органның сұратуы бойынша заңға тәуелдi актiнiң тиiстi жобасын ұсынады.
      Ескерту. 21-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2007.03.20. N 217 қаулысымен.

      22. Заң жобасын мемлекеттiк органдармен келiсу, заң жобасын Үкiметтiң қарауына енгiзу тәртiбiн Үкiметтiң Регламентi белгiлейдi.

Қазақстан Республикасының
уәкiлеттi органдарында 
заң жобалау жұмыстарын 
ұйымдастыру ережесiне 
қосымша        

Әзiрленетiн заң жобалары бойынша тұжырымдама нысаны

      1. Заң жобасының атауы.
      2. Заң жобасын әзiрлеу қажеттiлiгiнiң негiзi.
      3. Заң жобасын қабылдау мақсаттары.
      4. Заң жобасын реттеу мәнi.
      5. Заң жобасының құрылымы.
      6. Заң жобасын қабылдаған жағдайда болжанып отырған құқықтық және әлеуметтiк-экономикалық салдарлар.
      7. Басқа заңнамалық кесiмдердi әзiрленетiн заң жобасымен бiр мезгiлде (кейiннен) сәйкес келтiру қажеттiлiгi.
      8. Заң жобасы мәнiнiң өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдермен регламенттелуі.
      9. Қаралатын мәселе бойынша шетелдiк тәжiрибенiң бар-жоғы.
      10. Заң жобасын iске асыруға байланысты болжанып отырған қаржы шығындары.