Пестицидтерді (улы химикаттарды) аэрозольдік және фумигациялық әдістермен қолдану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 20 тамыздағы N 833 қаулысы

Қолданыстағы

      "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуірдегі Заңына  және "Өсімдіктерді қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 3 шілдедегі Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған пестицидтерді (улы химикаттарды) аэрозольдік және фумигациялық әдістермен қолдану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:
      1) "Жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым ставкаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 24 қаңтардағы N 100 қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 5, 30-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым ставкаларында:
      1-тараудың 4-тармағы мынадай мазмұндағы 40) тармақшамен толықтырылсын:
      "40) пестицидтерді (улы химикаттарды) аэрозольдік және фумигациялық әдістермен қолдану жөніндегі қызмет             10";
      2) "Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 17 сәуірдегі N 2201 қаулысын жүзеге асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 1894 қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1995 ж., N 41, 515-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген лицензиялауға жататын қызметтің түрлеріне лицензия беруге өкілеттік берілген мемлекеттік органдардың (лицензиярлардың) тізбесінде:
      реттік нөмірі 26-жол, 3-баған мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын;
      "пестицидтерді (улы химикаттарды) аэрозольдік және фумигациялық әдістермен қолдану жөніндегі қызмет";
      көрсетілген қаулымен бекітілген санитарлық, экологиялық және тау-кен техникалық қадағалау органдарының, сондай-ақ мемэнергияқадағалау органының қорытындысы қажет лицензияланатын жұмыстар мен қызметтер түрлерінің тізімінде:
      "Санитарлық қадағалау органдарының қорытындысы қажет лицензияланатын жұмыстар мен қызметтер түрлерінің тізімі" деген І бөлім мынадай мазмұндағы 25-2-тармақпен толықтырылсын:
      "25-2. Пестицидтерді (улы химикаттарды) аэрозольдік және фумигациялық әдістермен қолдану жөніндегі қызмет";
      "Экологиялық қадағалау органдарының қорытындысы қажет лицензиялайтын жұмыстар мен қызмет түрлерінің тізімі" деген ІІ бөлім мынадай мазмұндағы 21-2-тармақпен толықтырылсын:
      "21-2. Пестицидтерді (улы химикаттарды) аэрозольдік және фумигациялық әдістермен қолдану жөніндегі қызмет".

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2003 жылғы 20 тамыздағы
N 833 қаулысымен  
бекітілген     

Пестицидтерді (улы химикаттарды) аэрозольдік
және фумигациялық әдістермен қолдану жөніндегі
қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға
қойылатын біліктілік талаптары

      Пестицидтерді (улы химикаттарды) аэрозольдік және фумигациялық әдістермен қолдану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптары мыналар болып табылады:
      1) химиялық өңдеудің қауіпсіздігін және сапасын қамтамасыз ететін пестицидтерді (улы химикаттарды) аэрозольдік және фумигациялық әдістермен қолдану үшін арнайы техника мен жабдықтың;
      2) санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға, құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келетін, өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап беретін пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтау үшін арнайы үй-жайлардың;
      3) өтінім берушінің санитарлық-эпидемиялық ережелер мен нормалардың, қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерінің талаптарына, экологиялық талаптарға сәйкестігі туралы қоршаған ортаны қорғау органдарының және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің оң қорытындыларының;
      4) қорғаудың жеке құралдарының, өртке қарсы мүкамалдың;
      5) пестицидтерді (улы химикаттарды) аэрозольдік және фумигациялық әдістермен қолдану жөніндегі практикалық жұмыс тәжірибесі бар, тиісті білімді және қайта даярлаудан өткен мамандардың білікті құрамының болуы.