Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 7 қарашадағы N 1357 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 4 тамыздағы N 779 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. "Мемлекет меншiгiндегi геологиялық ақпарат және оны оқу, ғылыми, коммерциялық және өзге де мақсаттарда пайдалану тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 7 қарашадағы N 1357 қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 45, 436-құжат) мынадай өзгерiстер енгiзiлсiн:
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Мемлекет меншiгiндегi геологиялық ақпарат және оны оқу, ғылыми, коммерциялық және өзге де мақсаттарда пайдалану тәртiбi туралы ережеде:
      1) 1-тармақта "жер қойнауы туралы, яғни жер қойнауының геологиялық құрылысы, ондағы пайдалы қазбалар, кен орындарының геологиялық параметрлерi, қорлардың ауқымы, игеру шарттары, сондай-ақ геологиялық есептердегi, карталардағы және өзге де материалдардағы жер қойнауының кез келген ерекшелiктерi туралы ақпаратты дайындаушылар, сақтаушылар мен тұтынушылар" деген сөздер алынып тасталсын;
      2) 2, 3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Жер қойнауының геологиялық құрылысы, ондағы пайдалы қазбалар, кен орындарының геологиялық параметрлерi, қорлардың ауқымы, игеру шарттары, сондай-ақ геологиялық есептердегi, карталардағы және өзге де материалдардағы Жер қойнауының кез келген ерекшелiктерi туралы ақпарат, егер ол республиканың бюджет қаржысы есебiнен алынса, мемлекеттiк меншiкте болады және егер ол Жер қойнауын пайдаланушының өз қаражаты есебiнен алынса, Жер қойнауын пайдаланушының меншiгiнде болады.
      3. Жер қойнауы туралы геологиялық және өзге де ақпарат қаржыландыру көзiне қарамастан мiндеттi түрде белгіленген стандарт бойынша сақтауға, жүйелеуге және қорытуға жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органға өтеусiз берiледi.
      4. Келiсiм-шарттың қолданылуы тоқтатылған кезде бүкiл геологиялық ақпарат мемлекет меншiгiне көшедi. Жер қойнауын пайдаланушы барлық құжаттар мен геологиялық ақпараттың өзге де материалдық тасымалдаушыларын жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органға (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) өтеусiз беруге мiндеттi.";
      3) 8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "8. Жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебiнен алынған және ол осы Ереженiң 3-тармағына сәйкес уәкілеттi органға берген ақпаратты оқу, ғылыми, коммерциялық және өзге де мақсаттарда пайдаланудың тәртiбi ақпаратты меншiктенушi мен уәкілеттi орган арасындағы келiсiмде айқындалады.
      Сондай-ақ бүкіл геологиялық ақпараттың немесе оның бiр бөлiгiнiң құпиялылық мерзiмi, сондай-ақ Келiсiм-шарттың қолданылуы кезеңiнде геологиялық ақпаратты Жер қойнауын пайдаланушының меншiгiнен Қазақстан Республикасының меншiгiне беру мүмкiндiгi мен оның шарттары да осы келiсiмде айқындалады.";
      4) 10-тармақтың төртiншi абзацындағы "лицензия" деген сөз "жер қойнауын пайдалану құқығын" деген сөздермен ауыстырылсын;
      5) 14-тармақтың екiншi және үшiншi абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:
      "жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурсқа қатысушыларға - конкурстық пакет түрiнде;
      жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурстың жеңiмпазына - жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурстың шарттарында айтылған жер қойнауы учаскесi бойынша - келiсiм-шарт аумағы бойынша толық пакет түрiнде";
      6) 16-тармақта:
      үшiншi абзацта "жұмыс" деген сөз "құзыретті" деген сөзбен ауыстырылсын;
      "Жер қойнауын пайдалануды лицензиялау" деген сөздер "Жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттарды жасасу және орындау" деген сөздермен ауыстырылсын;
      7) 20-тармақта "Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалануды лицензиялау туралы ережеге" деген сөздер "Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын беру ережесiне" деген сөздермен ауыстырылсын.

      2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1) "Қазақстан Республикасының жер қойнауы жөнiндегi ақпараттарды (беру, айырбастау, сату) тарату тәртiбi туралы ереженi бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1992 жылғы 8 желтоқсандағы N 1034 қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1992 ж., N 48, 709-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (жалпы бөлiм) қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу, күшi жойылған деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 19 қаңтардағы N 71 қаулысымен  бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 5-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 6, 26-құжат).

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі