Геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыру ережесiн, Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттарын қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану ережесiн, Геодезиялық пункттерді қорғау туралы ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 23 маусымдағы N 593 қаулысы

Қолданыстағы

      "Геодезия және картография туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 3 шiлдедегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған:
      1) Геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыру ережесi ;
      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттарын қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану ережесi ;
      3) Геодезиялық пункттердi қорғау туралы ереже бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 
2003 жылғы 23 маусымдағы     
N 593 қаулысымен         
бекітілген            

Геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы
мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру
ережесi

      Осы Ереже "Геодезия және картография туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 3 шiлдедегi Заңына сәйкес әзiрлендi және геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыру тәртiбiн анықтайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы мемлекеттiк қадағалау (бұдан әрi - мемлекеттiк қадағалау) Қазақстан Республикасының геодезия және картография саласындағы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.

      2. Мемлекеттiк қадағалауды геодезия және картография саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) жүзеге асырады.

      3. Мемлекеттiк қадағалауды уәкiлеттi органның атынан геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы қадағалау жөнiндегi мемлекеттiк инспектор болып табылатын олардың лауазымды тұлғалары жүзеге асырады.

2. Мемлекеттiк қадағалаудың негiзгі мiндеттерi

      4. Мемлекеттiк қадағалаудың негiзгi мiндеттерi:
      1) геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiнiң мемлекеттiк, арнайы және (немесе) салалық мақсаты бар жұмыстарды геодезия және картография саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдер мен техникалық талаптарға сәйкес ұйымдастыру және орындау тәртiбiн сақтауын;
      2) Қазақстан Республикасы мемлекеттiк шекарасының және оның аумағының, аумақтық сулар мен континентальды қайраң шекараларының, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер шекараларының дұрыс көрсетiлуiн;
      3) Қазақстан Республикасының экономика және қорғаныс салаларының топографиялық-геодезиялық, картографиялық және аэротүсiрiлiм деректерi мен материалдарына қажеттiлiгiн қамтамасыз етуiн, сондай-ақ осы материалдар мен деректердi есепке алу, сақтау, көбейту, пайдалану және сату ережесiн сақтауын;
      4) онда әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер арасындағы шекаралардың өзгерiстерi, сондай-ақ жергiлiктi жердiң және географиялық объектiлер атауларының өзгерiстерi көрсетiлген кезекшi анықтама картасын жүргiзуiн;
      5) геодезиялық пункттердi есепке алу және олардың сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын қадағалауды жүзеге асыру болып табылады.

      5. Уәкiлеттi орган мемлекеттiк қадағалаудың негiзгi мiндеттерiне сәйкес:
      1) геодезиялық және картографиялық жұмыстардың орындалуының белгiленген тәртiбiнiң сақталуын, соның iшiнде олардың метрологиялық қамтамасыз етілуiн бақылайды;
      2) топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды орындау кезiнде координаттар мен биiктiктердiң бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiнiң қолданылуын бақылайды;
      3) карталар, жоспарлар, атластар және графикалық, сандық, электрондық, фотосуреттiк және өзге де нысандардағы басқа да өнiмдердi жасаудың және басып шығарудың белгiленген тәртiбiнiң орындалуын қадағалауды жүзеге асырады;
      4) Қазақстан Республикасы мемлекеттiк шекарасының, аумақтық сулар мен континентальды қайраң шекараларының, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер шекараларының картографиялық материалдарда дұрыс көрсетілуін қадағалауды қамтамасыз етедi;
      5) жергiлiктi жерлердегi өзгерiстердi картографиялық материалдарда көрсету үшiн бұл өзгерiстердi және олардың атауын қадағалауды қамтамасыз етедi;
      6) геодезиялық және картографиялық жұмыстарды орындау нәтижесiнде алынған графикалық, сандық, электрондық, фотосуреттiк және өзге де нысандардағы материалдар мен деректердiң есепке алыну, сақталу, пайдаланылу жағдайын бақылайды;
      7) Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорға енгiзуге жататын геодезиялық және картографиялық қызмет нәтижесiнде алынған материалдар мен деректердi бақылауды жүзеге асырады;
      8) құпиялылық және ақпаратты қорғау режимiн бақылауды жүзеге асырады;
      9) заңға қайшы геодезиялық және картографиялық қызметтi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен анықтайды және болдырмайды.

3. Мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыру
кезіндегi уәкілеттi органның құқықтары

      6. Мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыру кезiнде уәкiлеттi орган:
      1) барлық геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiнiң геодезия және картография саласындағы нормативтiк құқықтық және нормативтiк-техникалық кесiмдердiң талаптарын сақтау шарттарын тексеруге;
      2) геодезиялық және картографиялық жұмыстарды ұйымдастыру мен орындау тәртiбiнiң анықталған жолсыздықтарын жоюды, сондай-ақ көрсетiлген жұмыстарды немесе аэроғарыштық түсiрiлiмдердi жүргiзу нәтижесiнде алынған геодезиялық және картографиялық материалдар мен деректердi топтастыруды, есепке алуды, сақтауды, пайдалануды және сатуды талап етуге;
      3) геодезия және картография саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының және техникалық талаптардың бұзылу фактiлерi анықталған кезде геодезиялық және картографиялық жұмыстарды анықталған жолсыздықтар жойылғанға дейiн тоқтата тұруға;
      4) мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпаратты геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiнен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен сұратуға құқылы.

4. Мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыру тәртiбi

      7. Мемлекеттiк қадағалау тексерулер жүргiзу жолымен жүзеге асырылады.

      8. Уәкiлеттi орган геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiн:
      1) мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыру жұмыстарының бекітілген жоспарына;
      2) өтiнiмдерге, шағымдарға, хабарлар мен заңнаманы бұзғандығы туралы басқа да деректерге;
      3) геодезия және картография саласындағы заңнаманы бұзудың тiкелей анықталуына байланысты тексеру жүргiзедi.

      9. Геодезиялық, топографиялық, картографиялық және аэротүсiрiлiм жұмыстарының соңғы нәтижелерiнiң сапасын тексеру, сондай-ақ осы жұмыстардың материалдарын қараудың және пайдаланудың дұрыстығын тексерудi далалық зерттеу және өңдеу жолымен уәкілеттi орган жүзеге асырады.

      10. Далалық зерттеу және өңдеу кезiнде топографиялық-геодезиялық, картографиялық және аэротүсiрiлiм жұмыстарының орындалу сапасы мен көлемi, олардың геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы техникалық талаптарға сәйкестiгi тексерiледi.

      11. Тексеру нәтижелерi екi данада жасалатын актіде тiркеледi және:
      1) орындалған жұмыстардың көлемiн;
      2) жұмыстардың сапасы жай-күйiнiң сипаттамасын, геодезиялық және картографиялық жұмыстарды ұйымдастыру тәртібiнiң, орындаудың белгiленген әдiстерi мен технологияларының сақталуын;
      3) анықталған кемшiлiктердi жою жөнiндегi қажеттi іс-шаралар көрсетілетiн қорытындылар мен ұсыныстарды;
      4) жолсыздықтарды жою жөнiндегi нақты мерзiмдердi қамтуы тиiс.

      12. Геодезиялық және картографиялық қызметтi жүзеге асыратын және белгiленген жолсыздықтар фактiлерiне қатысы бар лауазымды тұлғалар міндетті түрде актiнiң мазмұнымен қолдарын қоя отырып танысады.

      13. Егер тексерулер нәтижелерi бойынша Қазақстан Республикасының геодезия және картография саласындағы заңнамасының және техникалық талаптарының бұзылу фактiлерi анықталған жағдайда "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкiлеттi орган анықталған жолсыздықтарды жойғанға дейiн, жұмыстарды одан әрі жүргiзудi уақытша тоқтата тұрады.

      14. Геодезиялық және картографиялық қызметтiң субъектiлерi бір ай мерзiмде анықталған жолсыздықтарды жою жөнiндегi шараларды қабылдайды және жою нәтижелерi туралы уәкiлеттi органды хабардар етедi.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 
2003 жылғы 23 маусымдағы      
N 593 қаулысымен          
бекітiлген             

Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттарын қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану ережесi

      Осы Ереже Қазақстан Республикасының " Геодезия және картография туралы " 2002 жылғы 3 шiлдедегi және " Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы " 1998 жылғы 22 желтоқсандағы Заңдарына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының (бұдан әрі - Қор) құжаттарын қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану тәртiбiн анықтайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Қор геодезиялық және картографиялық қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған және жалпымемлекеттiк, салааралық арнаулы және (немесе) салалық маңызы бар геодезиялық, картографиялық, топографиялық, гидрографиялық, аэроғарыштық түсiрiлiм, гравиметриялық материалдар мен деректердiң (бұдан әрi - материалдар мен деректер) жиынтығын бiлдiредi.

      2. Қордың графикалық, сандық, электрондық, фотосуреттiк, қағаз және өзге де нысандар мен түрлердегi материалдары мен деректерi орталықтандырылған мемлекеттiк есепке алуға, сақтауға және пайдалануға жатады.
      Қорға осы Ережеге қосымшаға сәйкес Тiзбе бойынша материалдар мен деректер енгiзiледi.

      3. Қордың құжаттары мемлекеттiк меншiкте болады және оларды мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру, сатып алу-сату, айырбастау немесе сыйға тарту объектiсi етуге, сондай-ақ басқа мемлекетке тұрақты сақтауға әкетуге болмайды.

2. Қор құжаттарын қалыптастыру және жинау

      4. Қорды қалыптастырудың негiзi геодезиялық және картографиялық қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде құрылған материалдар мен деректер болып табылады.

      5. Қордың құжаттары ауқымы мен оларды сақтау мерзiмдерiн ескере отырып, геодезиялық және картографиялық қызметтiң бағыттары бойынша қалыптасады.
      Қордың құжаттарын пайдалану қолайлы болу үшiн материалдарды орналастыру сызбасы берiлетiн көрсеткiштер жасалған.

      6. Геодезиялық және картографиялық қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар өздерi жасаған Қорға енгiзiлуге жататын геодезиялық және картографиялық материалдар мен деректер көшiрмелерiнiң бiр данасын авторлық құқықтарын сақтай отырып тегін бередi.
      Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерi бар материалдар мен деректер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Қорға берiледi.

      7. Материалдар мен деректердi Қордың құрамына жатқызу, материалдар мен деректердi сақтауға iрiктеу, сондай-ақ сақтау мерзiмдерi өткендерiн жою құжаттардың құндылығын мемлекеттiк сараптау негiзiнде жүргiзiледi.

      8. Уәкiлеттi орган мемлекеттiк сараптама-тексеру комиссиясын құрайды және ол туралы ереженi бекiтедi.

      9. Сараптама-тексеру комиссиясының қорытындысы негiзiнде уәкiлеттi орган материалдар мен деректердi қалыптастыру және толықтыру көздерiнiң тiзiмдерiн бекiтедi, оларды Қордың құрамына жатқызу туралы, сондай-ақ оның құрамынан шығару туралы шешiмдер қабылдайды.

3. Қордың құжаттарын сақтау

      10. Қордың материалдары мен деректерi осы мақсатқа арнайы арналған үй-жайларда (қоймаларда) сақталады.

      11. Қордың материалдары мен деректерi жұмыс түрлерi бойынша топтастырылады, жүйелендiрiледi, есепке алынады, орналастырылады және сақталады.

4. Қордың құжаттарын пайдалану

      12. Қордың материалдары мен деректерi мемлекеттiк органдарды, жеке және заңды тұлғаларды геодезиялық және картографиялық өнiммен және ақпаратпен қамтамасыз ету үшiн пайдаланылады.

      13. Қордың материалдары мен деректерiн пайдалануға рұқсатты бір апта мерзiмде геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiнiң өтiнiмдерi бойынша уәкiлеттi орган бередi.
      Материалдар мен деректердi немесе олардың көшірмелерiн уәкiлеттi органның рұқсаты бойынша Ұлттық картографиялық-геодезиялық қор бередi.

      14. Қордың материалдары мен деректерiн пайдаланып болғаннан кейiн олар бiр ай iшiнде қайтарылуға тиiс.

Қазақстан Республикасы Ұлттық  
картографиялық-геодезиялық   
қорының құжаттарын қалыптастыру,
жинау, сақтау және пайдалану  
ережесiне қосымша        

Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құрамына енгiзiлетiн материалдар мен деректердiң Тізбесі

      1. Топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды орындауға арналған техникалық жобалар.
      2. Мемлекеттiк нивелирлiк желiлердi, барлық сыныптар мен разрядтардағы геодезиялық желiлердi, гравиметриялық iргелi және бiрiншi сыныпты желiлердi жасау, дамыту және жұмыс iстеу жағдайында ұстап тұру жөнiндегi техникалық есептер, координаттар мен биiктiктердiң каталогтары және басқа да материалдар мен деректер.
      3. Геодезиялық және картографиялық қызметтi қамтамасыз ету мақсатында Жердi қашықтықтан зондылаудың бастапқы және туынды материалдары мен деректерi (аэрофототүсiрiлiмдер мен ғарыштық түсiрiлiмдер), аэрофототүсiрiлiмдердiң паспорттары, арнайы аспаптардың деректерi, түсiрiлiмдердi картографиялық байланыстырудың сызбалары.
      4. Геодезиялық, гравиметриялық, ғарыштық өлшемдер базасында геодинамикалық зерттеулердiң материалдары мен деректерi.
      5. Жергiлiктi жердiң, оның iшiнде теңiздер, көлдер, өзендер мен су қоймалары қайраңдарының топографиялық түсiрiлiмдер бойынша техникалық есептерi (ауқымы 1: 2 000 және кiшi).
      6. Мемлекеттiк топографиялық карталардың, оның iшiнде теңiздер, көлдер, өзендер, су қоймалары қайраңдарының карталарының, қалалар мен елдi мекендердiң жоспарларының (ауқымы 1: 2 000 және кiшi) графикалық, сандық, фотосуреттiк, электрондық нысандардағы түпнұсқалары мен көшiрмелерi, сондай-ақ көрсетiлген карталар мен жоспарлардың таралымдық бедерлемелерi.
      7. Жалпымемлекеттiк және салааралық мақсаттағы жалпыгеографиялық, саяси-әкiмшiлiк, ғылыми-әкiмшiлiк, ғылыми-анықтама және басқа да тақырыптық карталар мен атластардың, оқу картографиялық құралдардың түпнұсқалары, туынды өнiм жасау үшiн негiз болып табылатын картографиялық материалдардың таралымдық бедерлемелерi.
      8. Құжаттамасы бар кезекшi (анықтама) топографиялық карталар, оның iшiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы мен әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң шекараларын және шетел мемлекеттерiнiң шекараларын белгiлеу жөнiндегi материалдар.
      9. Географиялық атаулардың мемлекеттiк каталогы және олардың негiзгi материалдары, Қазақстан Республикасының, шетел мемлекеттерiнiң аумақтарындағы, материктер мен мұхиттардағы географиялық объектiлер атауларының сөздiктерi мен анықтамалары.
      10. Геодезиялық және картографиялық қызмет, мұрағат iсi, құпиялылық режимi саласындағы нормативтiк-техникалық құжаттар.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң
2003 жылғы 23 маусымдағы    
N 593 қаулысымен        
бекiтiлген           

Геодезиялық пункттердi қорғау туралы
ереже

      1. Осы Ереже "Геодезия және картография туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 3 шілдедегi Заңына сәйкес әзiрлендi және геодезиялық пункттердi қорғауды қамтамасыз ету тәртiбiн анықтайды.

      2. Мемлекеттiк геодезиялық желiнiң геодезиялық пункттерi (астрономиялық-геодезиялық, геодезиялық, нивелирлiк және гравиметриялық пункттер, жер бетiндегi белгiлер мен осы пункттердiң орталығы), сондай-ақ арнайы геодезиялық желiлер пункттерi (орталықтар, бақылау таңбалары, сыртқы белгiлер, бағдарлық пункттер) мемлекеттiк меншiк болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.

      3. Геодезиялық пункттердi есепке алу мен олардың сақталуының қамтамасыз етiлуiн қадағалауды геодезия және картография саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) жүзеге асырады.

      4. Геодезиялық пункт орталықтан, сыртқы белгiден және геодезиялық белгiнiң шекарасы болып табылатын жыра немесе бел түрiндегi сыртқы безендiруден тұрады.
      Геодезиялық пункттiң сыртқы безендiруi болмаған жағдайда сыртқы белгiнiң негізі оның шекарасы болып табылады.
      Арнайы орталықтары ғимараттар мен басқа да құрылыстардың қабырғаларына салынған геодезиялық пункттер үшiн пункттердiң шекаралары мен қорғау аймақтары белгiленбейдi.
      Бұл жағдайда қабырғалық марка немесе қабырғалық репер қорғалуға тиiс.

      5. Геодезиялық пункт орналасқан жер учаскесi, геодезиялық белгiнiң шекарасы және оларды бойлай жағаланған енi 1 метр жер жолағы геодезиялық пункттi қорғау аймағы болып табылады.

      6. Геодезиялық-пункттердiң сақталуын қадағалауды уәкiлеттi орган және оның аумақтық органдары жүзеге асырады.

      7. Уәкiлеттi органның рұқсатынсыз геодезиялық пункттердi қорғау аймағының шегiнде геодезиялық пункттердi бүлдiруге немесе жоюға әкеп соғатын немесе геодезиялық өлшемдер жүргiзу кезiнде қиындықтар туғызатын жұмыстарды орындауға тыйым салынады.

      8. Аумағында геодезиялық пункттер орналасқан жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жердi пайдаланушылар геодезиялық пункттердiң бүлiнуiнiң немесе жойылуының барлық жағдайлары туралы уәкілеттi органға хабарлауға мiндетті.

      9. Геодезиялық пункттердiң бүлiнгендiгi немесе жойылғандығы туралы ақпарат келiп түскен жағдайда уәкiлеттi орган осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша бүлiнген немесе жойылған геодезиялық пункттерге акт жасайды.

      10. Геодезиялық пункттердi бұзу немесе қайта салу (көшiру) уәкiлеттi органның рұқсатымен жүргiзiледi.

      11. Геодезиялық пункттердiң бүлiнуiне немесе жойылуына (бұзу) әкеп соғуы мүмкiн құрылыс жұмыстарын жүргiзген, карьерлердi өндiрген, құрылыстарды салған немесе бұзған және басқа да жұмыстарды жүргiзген жағдайда, осындай жұмыстарды жүргiзетін адамдар геодезиялық пункттердi көшiру немесе бұзу мүмкiндiгi туралы уәкiлеттi органға алдын ала сұрау салады.

      12. Уәкiлеттi орган әрбiр нақты жағдайда геодезиялық пункттердiң тығыздығын, қолда бар геодезиялық желiлердi дамыту және жаңарту перспективаларын ескере отырып, геодезиялық пункттердi көшiрудiң қажеттiгi немесе бұзудың мүмкiндiгi туралы мәселенi шешедi және телiмiнде көшiрiлетiн немесе бұзылатын геодезиялық пункттер орналасқан мүдделi ұйымдарды, жердi пайдаланушыларды және жер телiмдерiнiң меншiк иелерiн қабылданған шешiм туралы жазбаша түрде хабардар етедi.

      13. Геодезиялық пункттерді жүйелi түрде зерттеудi және қалпына келтiрудi, ал қажет болған кезде толық қалпына келтiрудi:
      қалалық аумақтарда - уәкiлеттi орган;
      қалған жерлерде - келiсiлген жоспарлар бойынша уәкiлеттi орган мен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi жүзеге асырады.

      14. Геодезиялық пункттердi жою немесе бүлдiру және олар дайындаған материалдарды тонау Қазақстан Республикасының заңнамалық   кесiмдерiне   сәйкес жауапкершiлiк жүктейдi.

Геодезиялық пункттердi қорғау
туралы ережесiне қосымша  

Геодезиялық пункттiң бүлiнуi (жойылуы) туралы
Aкт

20__ ж. "__"____________             _____________________________
                                     (елдi мекен пунктiнiң атауы,
                                          почталық мекен-жайы
                                     _____________________________

      Бiз төмендегi қол қоюшылар _________________________________
                                   (актiнi жасаушының тегi, және
__________________________________________________________________
          әкесiнiң аты, лауазымы, мекеменiң атауы)
__________________________________________________________________
геодезиялық пункттiң бүлiнуi (жойылу) туралы осы актiнi жасадық

__________________________________________________________________
                 (пункттiң атауы немесе нөмiрi)
____________________________________________________ орналасқан

__________________________________________________________________
      (сақталуын қадағалау үшiн пункттi беру актiсiне сәйкес)

20__ ж. "___" __________ акт бойынша сақталуын бақылау үшiн қабылданған

Қараған кезде анықталады _________________________________________
                           (орталықтық жай-күйiн, сыртқы белгiсi, __________________________________________________________________
    бағдарлы пункттер және сыртқы ресiмделуi, пункттiң бұзылуына
__________________________________________________________________
     немесе жойылуына әкеп соқтырған себептер, сондай-ақ кiнәлi
                        адамдар көрсетiледi;
__________________________________________________________________

      Қолдары ________________________
              ________________________