Борышкерден алынған және банктер мен банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға сақтауға берілген бағалы қағаздарды, валюта құндылықтарын, бағалы металдардан, асыл тастар мен iнжуден жасалған зергерлiк және басқа да бұйымдарды, сондай-ақ осындай бұйымдардың сынықтары мен антиквариатты сату ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 4 маусымдағы N 526 қаулысы

Қолданыстағы

      "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 маусымдағы Заңының 51-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Борышкерден алынған және банктер мен банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға сақтауға берiлген бағалы қағаздарды, валюта құндылықтарын, бағалы металдардан, асыл тастар мен iнжуден жасалған зергерлiк және басқа да бұйымдарды, сондай-ақ осындай бұйымдардың сынықтары мен антиквариатты сату ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң       
2003 жылғы 4 маусымдағы 
N 526 қаулысымен   
бекiтiлген   

Борышкерден алынған және банктер мен банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға сақтауға берiлген бағалы қағаздарды, валюталық құндылықтарды, бағалы металдардан, асыл тастар мен iнжуден жасалған зергерлiк және басқа да бұйымдарды, сондай-ақ осындай бұйымдардың сынықтары мен антиквариатты сату
ЕРЕЖЕСI

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже сот орындаушылары атқару құжаттарын мәжбүрлеп орындау кезiнде борышкерден алынған және банктер мен банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға сақтауға берiлген тазартылған құйма алтынды, бағалы металдардан, бағалы тастар мен iнжуден жасалған зергерлiк және басқа да бұйымдарды, сондай-ақ осындай бұйымдардың сынықтарын және антиквариатты (бұдан әрi - құндылықтар), ұлттық және шетел валютасындағы бағалы қағаздарды (бұдан әрi - бағалы қағаздар), қолма-қол шетел валютасы мен номиналы шетел валютасымен көрсетiлген төлем құжаттарын (бұдан әрi - шетел валютасы) сату тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi.

2. Құндылықтарды сату

      2. Құндылықтарды сату заңнамада белгiленген тәртiппен құндылықтармен сауда-саттық өткiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар сауда және мамандандырылған ұйымдар (бұдан әрi - ұйымдастырушы) арқылы аукцион нысанындағы сауда-саттықта өткiзiледi.

      3. Борышкерден алынған құндылықтарды сауда-саттыққа шығару туралы сот орындаушысы қаулы шығарады.

      4. Сот орындаушысы мен ұйымдастырушы арасындағы құндылықтарды сатуға байланысты туындайтын қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған шартпен реттеледi.

      5. Құндылықтармен сауда-саттық өткiзу үшiн ұйымдастырушыны таңдау оның қызметтер көрсетуiнiң құны туралы ұсыныстарға сұрау салуды пайдалана отырып жүзеге асырылады. Сот орындаушысы ықтимал  ұйымдастырушылардан қызметтер көрсетудiң өз құнынан басқа, олар қызметтер көрсетудiң құнына енгiзетiн ықтимал ұйымдастырушының шығыстары туралы ақпаратты қамтуы мүмкiн қызметтер көрсетуiнiң құны туралы жазбаша ұсыныстарды ауызша немесе жазбаша сұратады.
      Әрбiр ықтимал ұйымдастырушы оның қызметтер көрсетуiнiң құны туралы бiр ғана ұсыныс бередi.

      6. Сот орындаушысы сауда-саттық өткiзу үшiн ең төмен баға ұсынған ықтимал ұйымдастырушымен борышкерден алынған құндылықтарды сату жөнiндегi сауда-саттықты ұйымдастыруға және өткiзуге арналған шарт жасасады.

      7. Сот орындаушысы жасалған шартқа сәйкес ұйымдастырушыға борышкерден алынған құндылықтардың атауы, саны бар тiзiмдеме актiсiн табыс етедi, сондай-ақ сауда-саттық өткiзiлетiн күндi анықтайды. Ұйымдастырушы сот орындаушысы табыс еткен тiзiмдеме актiсi негiзiнде сауда-саттыққа қатысушыларға берiлуiн ақпараттық парақ құрастырады.

      8. Құндылықтардың бастапқы бағасын сот орындаушысы тыйым салу туралы актiде көрсетiлген құндылықтардың бағалану құны негiзiнде белгiлейдi.
      Борышкер немесе өндiрiп алушы құндылықтарды бағалау нәтижелерiне дау шығарған жағдайда, сауда-саттық өткiзу жөнiндегi iс-әрекеттер бағалау жүргiзiлгенге дейiн "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тоқтатыла тұрады.

      9. Сауда-саттықты ұйымдастырушы сауда-саттықта сату үшiн ұсынылып отырған құндылықтар туралы ақпараттық хабарламалар жасайды және сауда-саттық өткiзудiң белгiленген күнiне дейiн 10 күннен кешiктiрмей олардың мерзiмдi баспасөз басылымдарында жариялануын ұйымдастырады.

      10. Ақпараттық хабарламалар мынадай мәлiметтердi:
      сауда-саттықты өткiзу мән-жайын, күнiн, уақытын және орнын, бастапқы бағасын;
      сауда-саттыққа қатысуға өтiнiштердi қабылдау орнының мекен-жайын, уақытын және мерзiмдерiн;
      сауда-саттыққа қатысу үшiн төленетiн кепiлдiк жарнаның мөлшерiн және кепiлдiк жарна аударылуға тиiс атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi уәкiлеттi орган аумақтық органының ағымдағы шотының деректемелерiн;
      жеңiмпаздың ақы төлеу шартын (ақша енгiзу мерзiмдерiн) қамтуы тиiс.

      11. Сауда-саттыққа осы Ереженiң 14-тармағында белгiленген кепiлдiк жарна сомасын енгiзген және осы Ереженiң 12-тармағында белгiленген тәртiппен тiркеуден өткен жеке және заңды тұлғаларға қатысуға рұқсат етiледi.
      Сауда-саттыққа сауда-саттық жүргiзiлiп отырған атқарушылық iс жүргiзу бойынша шешiм шығарған сот орындаушылары мен соттар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстары (ата-аналары, жұбайлары, туған аға-iнiлерi мен апа-қарындастары, балалары немесе жекжаттары - жұбайларының туған аға-iнiлерi мен апа-қарындастары, ата-анасы мен балалары) қатыса алмайды.

      12. Сауда-саттыққа қатысушы ретiнде тiркелу үшiн:
      сауда-саттыққа қатысуға өтiнiштi;
      қатысушының жеке басын куәландыратын құжатты;
      кепiлдiк жарнаның енгiзiлгенiн растайтын төлем құжатты;
      өкілдің өкілеттiктерiн куәландыратын құжатты ұсынуы тиiс;
      заңды тұлғалар заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркелуi туралы куәлiктiң заңнамада белгiленген тәртiппен расталған көшiрмесiн қосымша ұсынады;
      шетелдiк заңды тұлғалар мемлекеттiк немесе орыс тiлiндегi нотариалды расталған аудармасымен құрылтай құжаттарын ұсынады.

      13. Ұйымдастырушы сауда-саттыққа қатысушылар үшiн билеттер дайындайды, оларда мынадай мәлiметтер:
      сатып алушының сауда-саттыққа қатысатын нөмiрi;
      олар бойынша сатып алушы қатысатын құндылықтың атауы қамтылады.

      14. Сауда-саттыққа қатысу үшiн кепiлдiк жарна құндылықтың бағалану құнының 5 пайызы мөлшерiнде белгiленедi.
      Кепiлдiк жарна атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi уәкілеттi орган аумақтық органының ағымдағы шотына есептеледi.

      15. Сауда-саттықты ұтып алған тұлғаның кепiлдiк жарнасы сатып алу бағасының есебiне жатады.
      Сауда-саттықта ұтпаған қатысушының кепiлдiк жарнасы сауда-саттық аяқталғаннан кейiн қайтарылады.
      Егер құндылықтардың құны кепiлдiк жарна сомасынан кем болған жағдайда, сот орындаушысы олардың арасындағы айырманы сауда-саттықты өткiзген күннен бастап үш операциялық күннен кешiктiрмей сауда-саттықты ұтып алған тұлғаға қайтарады.

      16. Сауда-саттықты ұйымдастырушы өткiзедi және оларды өткiзу ережесiн, сату затының қысқаша сипаттамасын, сауда-саттық өткізу әдiсiн, бастапқы бағасын жариялаудан басталады.

      17. Сауда-саттық, егер оған кемiнде екi сатып алушы қатысса өттi деп саналады.

      18. Сауда-саттық барысында қатысушылар аукциондық нөмiрлерiн жоғары көтередi және өз бағасын атайды.

      19. Құндылық үшiн неғұрлым жоғары бағаны ұсынған сауда-саттыққа қатысушы жеңiмпаз деп жарияланады.

      20. Жеңiмпаз сот орындаушысына немесе ұйымдастырушыға қатысушы билетiн ұсынуы және сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға қолын қоюы тиіс.

      21. Хаттамада сатып алушы туралы деректер, құндылықтың атауы, оның бастапқы құны мен сатылған бағасы көрсетiледi.

      22. Сауда-саттық аяқталғаннан кейiн сатып алушы, сот орындаушысы мен ұйымдастырушы өткен сауда-саттық туралы актiге қолдарын қояды.

      23. Сатып алушы сатылған құндылықтың ақырғы сомасын төлегеннен кейiн сот орындаушысы өткен сауда-саттық туралы актiнiң бiр данасын сатып алушыға бередi.

      24. Өткен сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға қол қоюдан бас тартқан сауда-саттықтың жеңiмпазы өткiзiлетiн сауда-саттыққа одан әрi қатысу құқығынан айырылады. Бұл жағдайда осы құндылықты сату жөнiндегi сауда-саттық сауда-саттықтың қалған қатысушыларымен қайта жаңартылады. Бұл туралы шешiмдi ұйымдастырушы қабылдайды.

      25. Ұйымдастырушы:
      егер сауда-саттыққа екiден кем сатып алушы келсе;
      егер қатысушылардың ешқайсысы құндылықтардың бастапқы бағасына үстеме жасамаса;
      егер сатып алушы сауда-саттық аяқталғаннан кейiн бес күн iшiнде құндылықтар сатып алған соманы толығымен енгiзбесе, сауда-саттықты өткiзiлмедi деп жариялайды.
      Егер сауда-саттық өтпесе, кепiлдiк жарна оны енгiзген тұлғаларға қайтарылады.

      26. Бiрiншi сауда-саттық өткiзiлмедi деп жарияланған жағдайда ұйымдастырушы бiрiншi сауда-саттықты өткiзілмедi деп жарияланғаннан кейiн кемiнде 10 күннен кейiн сауда-саттықты қайта өткiзедi.
      Бұл ретте құндылықтардың құны қатысушылардың бiрi оларды жарияланған, бастапқы құнының 50 пайызынан төмен болмауға тиiс баға бойынша сатып алуға келiскен сәтке дейiн жариялану қадамымен төмендетiлiп отырады.
      Қадам объектінiң ағымдағы бағасының 3-тен 5 пайызына дейiнгi шекте белгiленедi.

      27. Қайталама сауда-саттық өткiзiлмедi деп жарияланған және өндiрiп алушы сатылатын құндылықтарды соңғы жарияланған баға бойынша өзiне қалдырудан бас тартқан жағдайда, құндылықтарға салынған тыйым алынады.

3. Бағалы қағаздарды сату

      28. Бағалы қағаздарды сату бағалы қағаздар рыногында делдалдық және дилерлiк қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары (бұдан әрi - кәсiпқой қатысушылар) арқылы өткiзiледi.

      29. Кәсiпқой қатысушылар арқылы бағалы қағаздарды сату туралы сот орындаушысы қаулы шығарады.

      30. Сот орындаушысы мен кәсiпқой қатысушы арасындағы бағалы қағаздарды сатуға байланысты туындайтын қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған шартпен реттеледi.

      31. Кәсiпқой қатысушыларды таңдау осы Ереженiң 5 және 6-тармақтарында көзделген тәртiппен жүргiзiледi.

      32. Кәсiпқой қатысушылар бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасына сәйкес сатады.

4. Шетел валютасын сату

      33. Шетел валютасын сатуды сот орындаушысы шетел валютасымен операцияларды жүргiзуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясы бар уәкiлеттi банктер және шетел валютасымен банктiк операцияларды жүргiзуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң тиiстi лицензиясы бар банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын уәкiлеттi ұйымдар (қызметiнiң бiрден бiрi қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда) (бұдан әрi - уәкiлеттi заңды тұлғалар) арқылы жүргiзедi.

      34. Уәкiлеттi заңды тұлғалардан тыс жерлерде шетел валютасын сатуға жол берiлмейдi.

      35. Шетел валютасын сатуға қою туралы сот орындаушысы қаулы шығарады.

      36. Сот орындаушысы мен уәкiлеттi заңды тұлға арасындағы шетел валютасын сатуға байланысты туындайтын қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған шартпен реттеледi.

      37. Уәкiлеттi заңды тұлғаларды таңдау осы Ереженiң 5 және 6-тармақтарында көзделген тәртiппен жүргiзiледi.

      38. Егер шетел валютасын сату осы шетел валютасының сақтаушысы болып табылмайтын уәкiлеттi заңды тұлға арқылы өткiзiлген жағдайда, сот орындаушысы оларды сақтаушы уәкiлеттi заңды тұлғадан тасымалдауды жүзеге асырады. Бұл ретте, шетел валютасын уәкiлеттi заңды тұлғаға тасымалдау мiндеттi түрде сот приставтарының қатысуымен жүзеге асырылады.
      Қажет болған жағдайларда сот орындаушысы заңнамада белгiленген тәртiппен шетел валютасының тасымалдау кезiнде сақталуын қамтамасыз ету үшiн iшкi iстер органдарының қызметкерлерiн немесе бөлiмшелерiн тартуға құқылы.

      39. Шетел валютасын сату үшiн қабылдаған уәкiлеттi заңды тұлға оның ары қарай сақтаушысы болып табылады. Сот орындаушысы шетел валютасын уәкiлеттi заңды тұлғаға сақтауға берудi сақтауға қабылдау тәртiбiн регламенттейтiн операциялар жүргiзудiң жалпы шарттары туралы ережелерде белгiленген тәртiппен және/немесе тиiстi өкiлеттiгi бар лауазымды тұлғаның қолымен (бұдан әрi - уәкiлеттi заңды тұлғаның өкiлi) қолхат алу жолымен сақтау шарты негiзiнде жүзеге асырады.

      40. Уәкiлеттi заңды тұлғалар шетел валютасын Қазақстан Республикасының валюта заңнамасының талаптарына сәйкес ағымдағы нарықтық бағам бойынша сатады.

      41. Уәкiлеттi заңды тұлғалар сот орындаушысы берiлген қолма-қол шетел валютасын ағымдағы нарықтық бағам бойынша сатып ала алады.

      42. Шетел валютасын сатудан алынған ақша келiп түскен кезде, уәкiлетті заңды тұлға түскен ақшаны атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi аумақтық органның ағымдағы шотына аударады.
      Уәкiлеттi заңды тұлғалар сот орындаушысына шетел валютасының сатылуын растауға сатылу бағасын көрсете отырып, тиiстi түрде ресiмделген құжаттарды табыс етедi.

5. Қорытынды ережелер

      43. Құндылықтарды, бағалы қағаздарды және шетел валютасын сатуға, оның iшiнде ұйымдастырушының, кәсiпқой қатысушының және уәкiлетті заңды тұлғаның қызметтер көрсетуiне ақы төлеуге жұмсалған шығыстар, атқарушылық iс-әрекеттердi жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылуы тиiс.

      44. Борышкерден алынған құндылықтарды, бағалы қағаздарды және шетел валютасын сатудан алынған қаражат атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi уәкiлеттi орган аумақтық органының ағымдағы шотына аударылуға тиiс, одан ең алдымен атқару құжатын орындау процесiнде борышкерге салынған айыппұлдар өтеледi, содан кейiн орындау жөнiндегi шығыстар жабылады, қалған сома өндiрiп алушының талаптарын қанағаттандыруға түседi. Барлық талаптар қанағаттандырылғаннан кейiн қалған сома борышкерге қайтарылады.