Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне республикалық мемлекеттік меншiктiң пайдаланылмайтын объектiлерiн кейiннен меншікке өтеусiз беру құқығымен мүлiктiк жалға алуға (жалға беруге) немесе сенiмгерлiк басқаруға беру ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 4 сәуірдегі N 327 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне республикалық мемлекеттiк меншiктiң пайдаланылмайтын объектiлерiн кейiннен меншiкке өтеусiз беру құқығымен мүлiктiк жалға алуға (жалға беруге) немесе сенiмгерлiк басқаруға беру ережесi (бұдан әрi - Ереже) бекiтiлсiн.

      2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi Ереженiң 34-42-тармақтарында көзделген тәртiппен кейiннен меншiкке өтеусiз беру құқығымен коммуналдық меншiк объектiлерiн мүлiктiк жалға алу (жалға беру) немесе сенiмгерлiк басқару шарттарының талаптарын орындаған шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң меншігіне берудi жүзеге асырсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң
2003 жылғы 4 сәуірдегі     
N 327 қаулысымен        
БЕКIТIЛГEH           

Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне республикалық мемлекеттiк меншiктiң пайдаланылмайтын объектiлерiн кейiннен меншiкке өтеусiз беру құқығымен мүлiктiк жалға алуға (жалға беруге) немесе сенiмгерлiк басқаруға беру
ЕРЕЖЕСI

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Шағын кәсiпкерлiктi дамытуға мемлекеттiк қолдауды күшейту және оны жандандыру жөнiндегi шаралар туралы" 1997 жылғы 6 наурыздағы N 3398 Жарлығына , "Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 19 маусымдағы N 131-I Заңына  сәйкес әзiрлендi және сауда-сатып алу (делдалдық) қызметiн қоспағанда, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне өндiрiстiк қызметiн ұйымдастыру мен халыққа қызмет көрсету саласын дамыту үшiн республикалық мемлекеттiк меншiктегi пайдаланылмайтын ғимараттарды, құрылыстарды және жабдықтарды (бұдан әрi - объектiлер) кейiннен меншiкке өтеусiз беру құқығымен бiр жыл мерзiмге мүлiктiк жалға алуға (жалға бepугe) немесе сенiмгерлiк басқаруға беру, сондай-ақ объектiлердi шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне меншiкке беру шарттары мен тәртiбiн реттейдi.

      2. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне кейiннен меншiкке өтеусiз беру құқығымен бiр жыл мерзiмге мүлiктiк жалға алуға (жалға бepуге) немесе сенiмгерлiк басқаруға бiр жылдан астам уақытта мақсаты бойынша пайдаланылмаған республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар мен мекемелердiң (бұдан әрi - ұйымдар) объектiлерi берiледi.

      3. Объектiлердi беру тендерлiк негiзде жүзеге асырылады.

2. Пайдаланылмайтын объектiлер тiзбесiн қалыптастыру

      4. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне берiлуге жататын объектiлердi айқындау мақсатында аймақтық мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитеттерi (бұдан әрi - аумақтық комитеттер) мен ұйымдарға қатысты мемлекеттiк басқару органдарының өкiлдерi жыл сайын ұйымдар мүлкiнiң тиімділiгіне және мақсатты пайдаланылуына тексеру жүргiзедi.

      5. Аумақтық комитеттер жүргiзiлген тексерулердiң нәтижелерi бойынша бiр жылдан астам пайдаланылмаған, шағын кәсiпкерлер субъектiлерiне беруге жататын объектiлердiң тiзбесiн (бұдан әрi - тiзбе) қалыптастырады және шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне кейiннен меншiкке бepу құқығымен объектiлердi мүлiктiк жалға алуға немесе сенiмгерлiк басқаруға беру жөнiнде тендерлер өткiзу кестесiн айқындайды.

      6. Тендерлер өткiзу тiзбесi мен кестесiн аумақтық комитеттер мемлекеттiк басқару органдарымен келiседi. Тендерлер өткiзу тiзбесi мен кестесiн өзгертуге мемлекеттiк басқару органдарының келiсiмiнсiз жол берiлмейдi.

      7. Ұйымдар шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне объектiлердi бергенге дейiн олардың сақталуын қамтамасыз етедi.

3. Тендер өткiзуге дайындық

      8. Тендер өткiзу мен шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүлiктiк жалға алу (жалға беру) немесе сенiмгерлiк басқару шарттарының талаптарын орындауын бақылауды жүзеге асыру үшiн аумақтық комитеттер тұрақты жұмыс iстейтiн комиссиялар (бұдан әрi -  комиссия) құрады.
      Комиссияның құрамына аумақтық комитеттердiң, Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлiгi аумақтық бөлiмшелерiнiң, сондай-ақ басқа да мүдделi министрлiктердiң агенттiктер мен жергiлiктi атқарушы органдардың өкiлдерi (келiсiм бойынша) кiредi. Аумақтық комитеттiң өкiлi комиссияның төрағасы болып табылады.

      9. Комиссия:
      1) өз жұмысының регламентiн әзiрлейдi және бекiтедi;
      2) объектiлердiң техникалық жағдайына байланысты бepу (мүлiктi жалға алу (жалға беpу) немесе сенiмгерлiк басқару) түрiн айқындайды;
      3) тендер өткiзу күнi туралы шешiм қабылдайды;
      4) тендер шарттарын айқындайды;
      5) жалдау ақысының мөлшерiн айқындайды (объектiлердi мүлiктiк жалға алуға берген кезде);
      6) кепiлдi жарнаның мөлшерiн айқындайды;
      7) тендер өткiзу туралы хабарламаның жариялануын жүзеге асырады;
      8) тендер өткiзедi;
      9) тендер жеңiмпазын айқындайды;
      10) осы Ережемен көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      10. Комиссияның отырысы, eгep оған комиссия мүшелерiнiң кемiнде 2/3-ci қатысса, заңды болып табылады.
      Комиссия шешiмi қатысушы комиссия мүшелерiнiң қарапайым көпшiлiк дауысымен қабылданады, дауыстар тең болған кезде комиссия төрағасының дауысы шешушi болып табылады.

4. Тендерлiк құжаттама

      11. Тендерлiк құжаттаманы дайындаудың нақты тәртiбiн, мазмұнын және шарттарын комиссия айқындайды.

      12. Ақпараттық хабарлама тендер өткiзу жарияланған күнге дейiн 15 күннен кешiктiрмей республикалық ресми баспасөзде мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде жариялануға және мынадай мәлiметтердi:
      1) тендердiң шарттары мен жеңiмпазды таңдау өлшемдерiн;
      2) тендер объектiсiнiң қысқаша сипаттамасын;
      3) тендер өткiзу күнiн, уақытын және орнын;
      4) тeндepгe қатысуға өтiнiмдердi қабылдау мерзiмдерiн;
      5) жалға беру ақысының мөлшерiн (мүлiктiк жалға алуға берген кезде);
      6) тендерге қатысуды ресiмдеу тәртiбiн;
      7) кепiлдi жарнаның мөлшерiн және оны енгiзу үшiн банктiк деректемелердi (кепiлдi жарнаның мөлшерi ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейiн өзгертiлмейдi) қамтуы тиiс.

      13. Тендерлiк құжаттама комиссия айқындайтын тәртiппен қатысушының сұрауы бойынша жиынтықта берiледi.

      14. Тендерлiк құжаттама мынадай негізгі бөлiмдердi:
      1) тендер объектiсi туралы мәлiметтi;
      2) өтiнiмдер мен онымен бipгe ұсынылатын құжаттардың мазмұны бойынша талаптарды;
      3) тендер өткiзу тәртiбi мен шарттарын;
      4) мүлiктi жалдау шартының жобасын;
      5) тендерге қатысуға өтiнiмнiң нысанын қамтуы тиiс.

      15. Тендерге қатысушыларды тiркеу тендер өткiзу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап жүргiзiледi және тендер өткiзуге дейiн бiр күн бұрын аяқталады.

      16. Комиссия тендер өткiзу туралы хабарлама жарияланғаннан кейiн барлық ниет бiлдiрушiлердiң объектiлер мен тендер өткiзудiң шарттары туралы ақпаратқа еркiн қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге міндетті.

5. Тендер өткiзу

      17. Тендерге қатысуға ниет бiлдiрген шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi белгiленген мерзiмдерде:
      1) үмiткердiң тендерге қатысуға келiсiмi және оның тендер шарттарын орындау мен тиiстi шартты жасасу жөнiндегi мiндеттемелерiн қамтитын тендерге қатысуға арналған өтiнiмдi;
      2) осы объектiде өндiрiстiк қызметтi ұйымдастыру және халыққа қызмет көрсету жөнiндегi бизнес-жоспарды;
      3) заңды тұлғалар - құрылтай құжаттарының (құрылтай шарты мен жарғы) нотариалды куәландырылған көшiрмелерiн және салық төлеушi куәлiгiнiң көшiрмесiн; жеке тұлғалар - кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру құқығын растайтын құжаттың көшiрмесiн, сондай-ақ жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттардың көшiрмесiн және салық төлеушiнiң куәлiгiн;
      4) салық берешегiнiң жоқтығы туралы салық органының анықтамасын;
      5) кепiлдi жарнаның енгiзiлуiн растайтын төлем құжатының көшiрмесiн;
      6) ақпараттық хабарламада көрсетiлген өзге де құжаттарды бередi.

      18. Өтiнiмдердi қабылдау және тендерге қатысуға ниет бiлдiрген тұлғаларды тiркеу талап етiлетiн құжаттардың толық жинақтамасы болған кезде жүргiзiледi.

      19. Тендерге қатысуға ниет бiлдiрген шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн тiркеуден бас тарту үшiн мыналар:
      1) талап етiлетiн құжаттардың толық жинақтамасын ұсынбау;
      2) мемлекеттiк бюджет алдында салық берешегiнiң болуы;
      3) белгiленген талаптарды бұзып ұсынылған құжаттар негiз болып табылады.

      20. Тендерге қатысушы:
      1) тендерге жеке өзi немесе тиiстi түрде ресiмделген сенiмхаттың негiзiнде өзiнiң өкiлдерi арқылы қатысуға;
      2) тендерге қойылатын объект бойынша қосымша мәлiметтердi, нақтылауларды тегiн алуға;
      3) объектiнi алдын-ала қарауға;
      4) оның құқықтары бұзылған кезде сотқа жүгiнуге;
      5) өзiнiң тендерге қатысуға арналған өтiнiмiн бұл туралы комиссияға оны өткiзгенге дейiн 3 күн бұрын хабарлай отырып, қайтарып алуға құқылы.

      21. Егер өтiнiмдердi қабылдау мерзiмi аяқталған сәтте (үшінші және келесi тендерлердi қоспағанда) бiр ғана өтiнiм тiркелген болса, тендер өтпедi деп танылады.

      22. Тендер өтетiн күнi отырыста комиссия мүшелерi тендерге қатысушылардың ұсыныстары бар конверттердi ашады және олардың ұсыныстарын жариялайды. Конверттi ашу алдында комиссия мүшелерi олардың бүтiндiгiн тексередi, бұл комиссия отырысының хаттамасында тiркеледi.
      Конверттердi ашу және ұсыныстарды жариялау кезiнде тендерге қатысушылардың немесе олар уәкiлеттiк берген өкiлдердiң қатысуға құқығы бар.

      23. Конверттердi ашқаннан және ұсыныстарды жариялағаннан кейiн комиссия ұсыныстарды талқылау және бағалау үшiн кеңесуге кетедi.
      Тендерге қатысушылардың (олардың өкiлдерiнiң) ұсыныстарды талқылау және бағалау кезiнде қатысуға құқықтары жоқ.

      24. Комиссияның шешiмi бойынша ұсыныстары тендерлiк құжаттамадағы барлық талапқа жауап беретiн және тендер талаптарын орындау бөлiгiнде үздiк болып табылатын қатысушы тендер жеңiмпазы деп танылады.

6. Тендер нәтижелерiн ресiмдеу мен шарттың мазмұны

      25. Тендер қорытындылары бойынша тендер жеңiмпазын айқындайтын комиссияның қорытындысы немесе өзге шешiмi комиссияның барлық қатысып отырған мүшелерi қол қоятын хаттамамен ресiмделедi.
      Теңдер жеңiмпазын айқындайтын хаттамаға тендердi жеңiп алған тұлға да қол қояды.

      26. Хаттамада мынадай деректер:
      1) комиссияның құрамы;
      2) тендер талаптары;
      3) тендерге қатысушылар мен олардың ұсыныстары туралы мәлiметтер;
      4) мүлiктi пайдаланғаны үшiн ұсынылып отырған төлемнiң ставкалары (мүлiктi жалға алуға берген кезде);
      5) тендер жеңiмпазы;
      6) тараптардың мүлiктiк жалға алу немесе сенiмгерлiк басқару шартына қол қою жөнiндегi мiндеттемелерi болуға тиiс.

      27. Тендер нәтижелерi туралы хаттаманың көшiрмесi жеңiмпазға берiледi және оның мүлiктiк жалға алу немесе сенiмгерлiк басқару шартын жасасу құқығын куәландыратын құжат болып табылады.

      28. Teндep нәтижелерi туралы хаттаманың негiзiнде жеңiмпазбен тендерге қатысу кезiнде мәлiмделген ұсыныстарға жауап беретiн талаптарда мүлiктiк жалға алу немесе сенiмгерлiк басқару шарты (бұдан әрi - шарт) жасалады.

      29. Жеңiмпаз тендерге қатысу кезiнде мәлiмделген ұсыныстарға жауап беретiн талаптарда шарт жасасудан бас тартқан жағдайда, комиссия жеңiмпазды тендерге қатысушылардың қалғандарының iшiнен (егер қалғандарының саны кемiнде eкeу болса) анықтауға не жаңадан тендер өткiзу туралы шешiм қабылдауға құқылы.

      30. Кепiлдi жарна:
      1) eгep тендерге қатысушы өзiнiң ұсынысынан бас тартқанда нeмece оны тендер мерзiмi өткенге дейiн өзгерткенде;
      2) тендер жеңiмпазына тендерге қатысу кезiнде мәлiмделген ұсыныстарға жауап беретiн талаптарда тиiстi шарт жасасудан бас тартқан жағдайда қайтарылмайды.
      Барлық қалған жағдайларда кепiлдi жарналар тендер аяқталған күннен бастап 10 банктiк күннен кешiктiрмейтiн мерзiмде, ал егер ақша шотқа тендерден кейiн түссе, онда олар түскен күннен бастап 10 банктiк күн iшiнде қайтарылады.

      31. Аумақтық комитет тендер жеңiмпазымен тендердiң хаттамасына қол қойылған күннен бастап 10 күнтiзбелiк күннен кешiктiрмей бiр жыл мерзiмге шарт жасасады.
      Жасалатын шартта, eгep өндiрiстiк қызмет пен халыққа қызмет көрсету шарт жасалған күннен бастап алты ай iшiнде ұйымдастырылмаған жағдайда, оның бұзылуға жататындығы көзделуi тиiс.

      32. Шарт мiндеттi түрде мынадай жағдайларды:
      1) шағын кәсiпкерлiк субъектiсiне берiлетiн объектiнiң техникалық сипаттамалары туралы деректер;
      2) объектiнi пайдаланғаны үшiн төлем енгiзу тәртiбi мен мерзiмдерiн (мүлiктiк жалға алуға берген кезде);
      3) бизнес-жоспарға сәйкес алынған шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң мiндеттемелерiн;
      4) жалдаушының (сенiмдi басқарушының) мерзiмдерi мен есеп беpу нысандарын;
      5) шартты мерзiмiнен бұрын бұзу негiздемесi мен талаптарын қамтуға тиiс.

      33. Шартқа қол қойылғаннан кейiн 10 күннен кешiктiрмей баланс ұстаушы объектiнi тiркеу есебiнде тендер жеңiмпазы тұрған салық комитетiн бiр уақытта хабардар ете отырып, аумақтық комитет бекiтетiн объектiнi мүлiктiк жалға алуға (жалға бepугe) немесе сенiмгерлiк басқаруға бepу туралы қабылдау-беру актiсi бойынша тендер жеңiмпазына бepугe тиiс.
      Ғимарат пен құрылысты мүлiктiк жалға алу (жалға бeру) шарты мемлекеттiк тiркелуге жатады және осындай тiркеу сәтiнен бастап жасалған деп саналады.
      Мүлiктiк жалға алу (жалға беру) шарттарын мемлекеттiк тiркеу шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Тендер жеңiмпазының кепiлдi жарнасы мүлiктiк жалға алу шарты бойынша тиесiлi төлемдердiң есебiне жатады.

7. Шарт талаптарының орындалуын бақылау және объектiнi меншiкке беру тәртiбi

      34. Шарт жасалған сәттен бастап алты ай өткеннен кейiн комиссия жергiлiктi жерге шығып, шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң өндiрiстiк қызметтi жөндеу (халыққа қызмет көрсету) туралы шарттың талаптарын орындауға тексерудi жүзеге асырады.

      35. Шарттың осы талабы орындалмаған жағдайда, комиссия шартты оның мерзiмi аяқталғанға дейiн бұзудың орындылығы туралы қорытынды жасайды.
      Қорытындыға комиссия мүшелерiнiң барлығы қол қояды және ол мiндеттi түрде: тексеру өткiзу уақыты мен орнын, комиссияның құрамын, объектiнiң атауын, жасалған шарттың нөмiрi мен күнiн, жүргiзiлген тексеру нәтижелерiн, шарт талаптары мен ұсынылған бизнес-жоспардың орындалуы, шартты оның мерзiмi аяқталғанға дейiн бұзудың орындылығы туралы комиссияның тұжырымдарын қамтуы тиiс.
      Комиссияның әрбiр мүшесi комиссия қорытындысымен келiспеген жағдайда, қорытындыда көрсетілуге тиiс айрықша пiкiр бiлдiруге құқылы.

      36. Қол қойылған қорытындының бiр данасы тексеру жүргiзiлген күннен бастап 5 күнтiзбелiк күн iшiнде объектiнi мүлiктiк жалға алуды немесе сенiмгерлiк басқаруды жүзеге асыратын шағын кәсiпкерлiк субъектiсiне қол қойғызып немесе тапсырыстық хатпен берiлуге тиiс.
      Шағын кәсiпкерлiк субъектiсi комиссияның қорытындысымен келiспеген жағдайда, ол комиссияның қорытындысына заңнамада белгiленген тәртiппен шағым беруге құқылы.

      37. Шарттың талаптары орындалмаған кезде комиссия қорытындысының негiзiнде аумақтық комитеттер шартты бұзады және объектiнi тендерге қайта қояды.

      38. Егер шарт бұзылған жағдайда, шағын кәсiпкерлiк субъектiсiне ол өз қаражаты есебiнен және аумақтық комитеттiң келiсiмiмен жалға алынған объект үшiн зиян келтiрместен бөлiнбейтiн жүргiзiлген жақсартулардың құны өтеледi.

      39. Объектiнiң сақталуын қамтамасыз етпеу, оны мақсатты пайдаланбау және т.б. салдарлардан зиян келтiрiлген жағдайда, шағын кәсiпкерлiк субъектiсi заңнамада белгiленген тәртiппен келтiрiлген материалдық залалдың орнын толтырады.

      40. Шарттың мерзiмi аяқталғанда және оның талаптарын аумақтық комитет толық орындаған кезде комиссия қорытындысының негiзiнде объектiнi шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң меншiгiне өтеусiз беру туралы бұл жөнiнде шағын кәсiпкерлiк субъектiсi тiркеу есебiнде тұрған салық органын хабардар ете отырып шешiм қабылдайды.

      41. Объектiнi шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң меншiгiне беру объектiнi өтеусiз беру туралы шартпен және қабылдау-беру актiсiмен ресiмделедi.
      Объектiлердi меншiкке өтеусiз беру туралы шарттарда шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң үш жыл iшiнде аумақтық комитеттердiң келiсiмiнсiз объектiлердi сату және объектiлердi иелену құқықтарын шектеу, сондай-ақ аумақтық комитеттердiң шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнен объектiлердi шарттың талаптарына қайшы келетiн мақсаттарда пайдаланған жағдайда объектiлердi алу құқығы көзделуi тиiс.
      (Объектiнi меншiкке өтеусiз бepу туралы шарттың үлгi нысаны қоса берiлiп отыр).
      Мәмiленi тiркеу қолданыстағы заңнамада белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      42. Шарт жасалғаннан кейiн аумақтық комитеттер тіpкeу есебiнде салық төлеушi - шағын кәсiпкерлiк субъектiсi тұрған салық органын республикалық меншiк объектiсiн мүлiктiк жалға алуға (жалға бepугe) немесе сенiмгерлiк басқаруға беру туралы хабардар етедi.

8. Қорытынды ережелер

      43. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне объектiлердi кейiннен өтеусiз меншiкке беру құқығымен мүлiктiк жалға алуға (жалға бepугe) немесе сенiмгерлiк басқаруға беру кезiнде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қаралады.

Ережеге қосымша
( Q030327  )  

Объектiнi шағын кәсiпкерлiк субъектiсiне меншiкке
өтеусiз беру туралы
ҮЛГIЛIК ШАРТ

_____________ қаласы             200__ жылғы "___" ________ N ____

      Бұдан әрi "Аумақтық комитет" деп аталатын Қазақстан
Республикасының Қаржы министрлiгi Мемлекеттiк мүлiк және
жекешелендiру комитетiнiң 200_ жылғы "___" ________ N ____
Бұйрығымен бекiтiлген ___________ аумақтық мемлекеттiк мүлiк және
жекешелендiру комитетi туралы Ереженiң негiзiнде әрекет ететiн
_______ аумақтық мемлекеттiк мүлік және жекешелендiру комитетінің атынан,
___________________________________________________________________
                   (уәкiлеттi тұлғаның аты-жөнi)
бiр тараптан және бұдан әрi "Кәсiпкер" деп аталатын
__________________________________________ негiзiнде әрекет eтетiн
___________________________________________________________________
   (заңды тұлғаның толық атауы мен орналасқан жерi немесе жеке
___________________________________________________________________
                 тұлғаның аты-жөнi мен мекен-жайы)
шағын кәсiпкерлiк субъектiсi атынан _______________________________,
                                     (уәкiлеттi тұлғаның аты-жөнi)
екiншi тараптан мына төмендегi туралы осы шартты жасасты.

1. Шарттың мәнi

      1. Бұдан әрi "Объект" деп аталатын 200_жылғы "___" ________
N ____ тендер хаттамасымен _______________ аумақтық мемлекеттiк
мүлiк және жекешелендiру комитетiндегi 200__ жылғы "___" ________
N ___ тендерде Кәсiпкер сатып алу құқығын иеленген және 200_жылғы
"___" ________ N ____ мен 200_жылғы "___" ________ N ____
хаттамаларымен, 200_ жылғы "___" ________ N ____ мүлiктiк жалға алу
(сенiмгерлiк басқару) шартының талаптарын орындау туралы
__________________ аумақтық мемлекеттiк мүлік және жекешелендiру комитетiнiң 200_ жылғы "___" ________ N ____ бұйрығымен құрылған комиссия қорытындысының негiзiнде ____________ шаршы метр алаңдағы
__________________ мекен-жайында орналасқан _______________________
                                              (объектiнiң атауы)
Кәсiпкердiң меншiгiне өтеусiз беру Шарттың мәнi болып табылады.
      2. Аумақтық комитет бередi, ал Кәсiпкер жалға беру (сенiмгерлiк басқару) шартын жасасу сәтiнде қалдық сомасы _________
________________ теңге объектiнi өтеусiз сатып алады.
  (жазумен)
      Объектiнi бepу осы шарттың ажырамас бөлiгi болып табылатын Объектiнi қабылдау-беру актiсiнiң негiзiнде жүзеге асырылады.
      3. Осы шарт қолданыстағы заңнамада көзделген тәртiппен мемлекеттiк тiркелуге жатады.

2. Тараптардың құқықтары мен мiндеттерi

      4. Аумақтық комитет қабылдау-беру актiсi бойынша осы шарт
жасалған сәттен бастап 3 күн iшiнде Объектiнi Кәсiпкергe беруге
міндеттенеді.
      Аумақтық комитет Объектiнi кәсiпкердiң меншiгiне берген
сәттен бастап үш жыл iшiнде объектiнiң пайдаланылу тұрғысына
__________________________________________________________________
   (шағын кәсiпкерлiк субъектiсi қызметiнiң түрi көрсетiлсiн)
мақсаттарда тексерулер жүргізуге құқылы.
      5. Кәсiпкер үш жыл iшiнде объектiнi
__________________________________________________________________
      (шағын кәсiпкерлiк субъектiсi қызметiнiң түрi көрсетiлсiн)
мақсаттарда пайдалануға мiндеттенедi.
      Кәсiпкер үш жыл iшiнде Объектiнi иеленудi Аумақтық комитеттiң келiсiмi болған кезде ғана жүзеге асыра алады.
      6. Объектiнi орынсыз пайдаланған жағдайда, Кәсiпкер
объектiнiң сақталуын қамтамасыз етпеумен келтiрiлген материалдық
залалдың орнын толтыра отырып, объектiнi Аумақтық комитетке
қайтаруға мiндеттi.

3. Қосымша талаптар

      7. Осы шарт оны мемлекеттiк тiркеген күннен бастап күшiне
енедi.
      8. Шарт заң күші бірдей, мемлекеттік және орыс тілдерінде төрт данада жасалды, оның екеуі Аумақтық комитетте, екеуі Кәсіпкерге қалдырылады.

4. Тараптардың орналасқан жері мен қолдары

______________________________   _________________________________
аумақтық мемлекеттік мүлік және   заңды тұлғаның атауы немесе
жекешелендіру комитеті            жеке тұлғаның тегі, аты-жөні
______________________ қаласы     ______________________ қаласы
______________________ көшесі     ______________________ көшесі
үйінің N ____________________     үйінің N ____________________
телефоны: ___________________     телефоны: ___________________

Төраға ______________________     Басшы  ______________________
                      М.О.                               М.О.