Қазақстан Республикасының үкiметтiк емес ұйымдарын мемлекеттiк қолдаудың 2003-2005 жылдарға арналған бағдарламасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 наурыздағы N 253 қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң "Қазақстан Республикасының үкiметтiк емес ұйымдарын мемлекеттiк қолдаудың тұжырымдамасы туралы" 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 85 , "Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002-2004 жылдарға арналған Бағдарламасын іске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспары туралы" 2002 жылғы 24 сәуiрдегi N 470  қаулыларына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының үкiметтiк емес ұйымдарын мемлекеттiк қолдаудың 2003-2005 жылдарға арналған Бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекiтiлсiн.

      2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдiктерi Бағдарлама бекiтiлгеннен кейiн бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасының үкiметтiк емес ұйымдарын мемлекеттiк қолдаудың өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлесiн.

      3. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы ақпаратты есептi жарты жылдан кейiнгi айдың 10-күнiнен кешiктiрмей Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiне ұсынсын.

      4. Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгi жарты жылдың қорытындылары бойынша қаңтарда және шiлдеде Бағдарламаның iске асырылу барысы туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының Yкiметiне ұсынсын.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының үкiметтiк емес
ұйымдарын мемлекеттiк қолдаудың 2003-2005
жылдарға арналған бағдарламасы

1. Бағдарламаның паспорты

Бағдарламаның      - Қазақстан Республикасының үкiметтiк емес
атауы                ұйымдарын мемлекеттiк қолдаудың 2003-2005
                     жылдарға арналған бағдарламасы

Бағдарламаны       - Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң
әзірлеу үшін         "Қазақстан Республикасының үкiметтiк емес
негiздеме            ұйымдарын мемлекеттiк қолдаудың тұжырымдамасы
                     туралы" 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 85,
                     "Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002-2004
                     жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру
                     жөнiндегi iс-шаралар жоспары туралы" 2002
                     жылғы 24 сәуiрдегi N 470 қаулылары

Бағдарламаның      - Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат
негiзгi              және қоғамдық келiсiм министрлiгi
әзiрлеушiсi

Бағдарламаның      - азаматтық қоғамның бiр бөлiгi ретiнде
мақсаты              Қазақстанда үкiметтiк емес ұйымдардың тұрақты
                     дамуы үшiн жағдайлар жасау және мемлекеттiк
                     билiк органдарымен өзара iс-қимыл жасау және
                     олардың тарапынан қолдау көрсету негiзiнде
                     қоғамның әлеуметтiк маңызы бар мәселелерiн
                     шешудегі олардың рөлiн күшейту

Бағдарламаның      - мемлекеттiк органдар мен үкiметтiк емес
міндеттері           ұйымдардың өзара iс-қимыл және ынтымақтастық
                     жүйесiн жетiлдiру; әлеуметтiк мәселелердi
                     шешетiн елдiң үкiметтiк емес ұйымдарын
                     ақпараттық, консультативтiк, әдiстемелiк,
                     ұйымдастырушылық-техникалық қолдау; үкiметтiк
                     емес ұйымдардың қызметiн қамтамасыз ететiн
                     құқықтық базаны жетiлдiру; мемлекеттiк
                     әлеуметтiк тапсырыс жүйесiн қалыптастыру;
                     аймақтарда азаматтық бастаманың артуына
                     жағдай жасау; үкiметтiк емес ұйымдармен
                     ынтымақтастық және өзара iс-қимыл жасау
                     мәселелерi бойынша мемлекеттiк қызметшiлердi
                     даярлау және бiлiктiлiгiн көтеру жүйесiн
                     құру; үкiметтiк емес ұйымдардың қызметiне
                     тұрақты мониторинг пен зерттеулеp жүргiзу;
                     халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту

Бағдарламаны  -      қаржыландыру республикалық және жергiлiктi
қаржыландыру         бюджеттерде көзделген қаражат және Қазақстан
көздерi              Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған
                     өзге де қаржыландыру көздері шегінде жүзеге
                     асырылатын болады.
                     Бағдарламаны iске асыруға республикалық
                     бюджеттен қаржыландырудың жалпы көлемi
                     37628000 теңге көлемінде көзделедi, оның
                     iшiнде: 2003 жылға - 14 000 000 теңге, 2004
                     жылға - 11 146 000 теңге, 2005 жылға - 12 482
                     000 теңге. <*>

Бағдарламаны       - мемлекеттiк органдар мен үкiметтiк емес
іске асырудан        ұйымдар арасындағы әрiптестiк қатынастардың
күтiлетiн нәтиже     тұрақты әрi тиiмдi жүйесiн әзiрлеу және
                     енгiзу;
                     - елдiң үкiметтiк емес секторын одан әрi
                     дамыту үшiн құқықтық, әдiснамалық жағдайлар
                     жасау;
                     - аймақтарда азаматтық бастаманың өcуi үшін
                     жағдайлар жасау;
                     - халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты
                     нығайту

Бағдарламаны         - 2003-2005 жылдар
іске асыру
мерзімдері
      Ескерту. 1-бөлім өзгерді - ҚР Үкіметінің 2004.02.06. N 146
қаулысымен .

2. Кiріспе

      Қазақстан Республикасының үкiметтiк емес ұйымдарын мемлекеттiк қолдаудың 2003-2005 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң "Қазақстан Республикасының үкiметтiк емес ұйымдарын мемлекеттiк қолдаудың Тұжырымдамасы туралы" 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 85 , "Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002-2004 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспары туралы" 2002 жылғы 24 сәуiрдегi N 470 қаулыларына  сәйкес әзiрленген және 3 жылға есептелген.
      Осы бағдарламаны әзiрлеу үкiметтiк емес секторды қолдау әрi олармен өзара iс-қимылдың кешендi және мақсатты бағытталған мемлекеттiк саясатын әзiрлеу қажеттiлiгiнен туындап отыр. Азаматтық қоғамның ажырамас құрамдас бөлiгi бола отырып, үкiметтiк емес сектор елдегi қоғамдық-саяси процестердiң одан әрi демократияландырылуына оң әсер етедi. Yкiметтiк емес ұйымдар ерiктi негiзде әрекет жасай және бастама көтере отырып, қазiрдiң өзiнде әлеуметтiк саланың проблемаларын шешуге елеулi үлес қосып отыр. Қазiргi уақытта үкiметтік емес ұйымдардың мемлекеттiк құрылымдармен нақты ынтымақтастығы тең құқылы әрiптестiк қағидаттарда маңызды мәнге ие болып отыр.
      Бағдарлама елдiң мемлекеттiк органдары мен үкiметтiк емес ұйымдары арасында орнықты әрi тиiмдi әрiптестiк қатынастар жүйесiн құруға бағытталған.

3. Қазақстан Республикасының үкiметтiк емес ұйымдарын
мемлекеттiк қолдау проблемаларының
қазiргi жай-күйiн талдау

      3.1. Қазақстан Республикасының үкiметтiк емес
   секторының қалыптасу кезеңдерi және оның мемлекетпен
                     өзара iс-қимылы

      Yкiметтiк емес сектордың қалыптасуы қазақстан мемлекеттiлiгiнiң қалыптасуымен, Қазақстанның демократиялық, нарықтық экономикасы бар әлеуметтiк мемлекет ретiнде даму кезеңiмен тұспа-тұс келедi. Қазақстанда тәуелсiздiктiң 10 жылы iшiнде қоғамның әлеуметтiк маңызы бар проблемаларын шешетiн қоғамдық бiрлестiктерден, қорлардан, мемлекеттiк емес коммерциялық емес мекемелерден тұратын үкiметтiк емес сектор қалыптасты.
      Yкiметтiк емес ұйымдар - бұл азаматтар заңнамаға қайшы келмейтiн өздерiнiң ортақ мақсаттарына жету үшiн ерiктi негiзде құрған, қоғамдық қатынастарды реттеу тетiктерiнiң бiрi болып табылатын, әлеуметтiк проблемаларды шешуде, азаматтық қоғам қалыптастыру мәселелерiнде мемлекет пен азаматтардың арасында дәнекерлiк рөл атқаратын коммерциялық емес ұйымдар. Yкiметтiк емес ұйымдардың қызметi азаматтық бастаманы дамытуға, әлеуметтiк проблемаларды шешудегi қоғамдық ұйымдардың рөлiн арттыруға, қоғамды тұрақты дамытуға қол жеткiзуге бағытталған.
      Қазақстандағы үкiметтiк емес ұйымдар қызметiн талдау қоғамдық сектор дамуын және оның мемлекетпен өзара iс-қимылын 3 кезеңге бөлуге мүмкiндiк бередi.
      Yкiметтiк емес сектор қалыптасуының 1-кезеңi 1980-шi жылдардың аяғынан бастап 1994 жыл кезеңiн қамтиды. Отандық және шетелдiк сарапшылардың бағалауы бойынша осы уақытта 500-ге жуық үкiметтiк емес ұйым құрылды. Бұл ретте үкiметтiк емес ұйымдар негiзiнен құқық қорғау бағытында болды, бұл Қазақстан тәуелсiздiгiнiң қалыптасу кезеңiмен және демократиялық қайта құрулар процесiнiң басталуымен байланысты.
      Бұл кезең мемлекеттiк емес секторға қатысты мемлекеттiң жалпы көзқарасы мен басымдықтарын әзiрлеу процесiмен сипатталды. Мемлекет пен үкiметтiк емес ұйымдардың оң ынтымақтастығына мысалдар сирек кездеседi.
      2-кезең - 1994-1997 жылдар. Бұл үкiметтiк емес ұйымдардың сапалық және сандық өсу кезеңi, олардың саны 1600-ге дейiн өстi. Yкiметтiк емес сектордың тек сандық жағынан өсуiн ғана емес, сонымен бiрге қызмет түрлерi бойынша да сараланғанын атап өткен жөн. Yкiметтiк емес ұйымдардың сандық өсуiн бiрiншi кезекте халықаралық қорлар мен ұйымдардың гранттар жүйесi арқылы жаппай қаржылық қолдау есебiнен жүруiмен түсiндiруге болады.
      Шетелдiк қорлар мен ұйымдардың гранттық қолдауы оқыту әрi әдiстемелiк сипатта болды және үкiметтiк емес сектордың қалыптасу процесiне елеулi әсер еттi.
      1996 жылы қоғамдық бiрлестiктердiң заңдық мәртебесiн, құқықтары мен мiндеттерiн анықтаған, жаңа үкiметтiк емес ұйымдардың пайда болу процесiн жандандыра түскен "Қоғамдық бiрлестiктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы  қабылданды.
      Бұл кезең үкiметтiк емес ұйымдардың құрылымдық және ұйымдастырушылық қалыптасуымен, үкiметтiк емес секторға қатысты бiрыңғай мемлекеттiк саясаттың әзiрленуiмен атап өтiледi.
      3-шi кезең 1998 жылдан басталады және осы уақытқа дейiн жалғасып келедi. Бұл - мемлекеттiң үкiметтiк емес ұйымдармен өзара iс-қимылының тетiгiн iске асыру туралы мәселенiң нақты қойылуымен сипатталатын, жаңа сапалық кезең. Yкiметтiк емес ұйымдардың сандық өсуi олардың санының 3500-ге жуықтауына алып келдi. Оларда тұрақты негiзде 35 мыңнан аса адам, уақытша (консультанттар, сарапшылар) - 50 мыңға дейiн адам және ерiктiлер - 100 мыңнан аса адам жұмыс iстейдi.
      Талдау қазiргi уақытта қызметтiң әр түрлi бағыттары бойынша үкiметтiк емес ұйымдардың жеткiлiктi тұрақты топтарының қалыптасып отырғанын көрсетедi.
      Бiрiншi кезекте қоғамдық секторды сапалық, ұйымдастырушылық-практикалық қолдау проблемасы туындайды. Мұндай жағдайда үкiметтiк емес сектордың мемлекетпен тең құқылық әрiптестiк қағидаттарындағы нақты ынтымақтастығы маңызды мәнге ие болып отыр.
      Мемлекет бүгiнде мемлекеттiк емес ұйымдарға қолдау көрсетуде. Қоғамдық процестерде коммерциялық емес ұйымдардың рөлi мен орнын тануда нақты қадам болған "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  2001 жылы қабылдануы осының айғақтарының бiрi болып табылады. Коммерциялық емес заңды тұлғалардың ұйымдастырушылық-құқықтық нормалары мен түрлерi, олардың құқықтары мен мiндеттерi, құрылу тәртiбi, қызметiн қайта ұйымдастыру және тоқтату заңмен айқын белгiленген.
      Yкiметтiк емес ұйымдардың кейбiр санаттарына тiркеу шарттарының жеңiлдетiлуiн оң құбылыс ретiнде атап өтуге болады. Айталық, "Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу үшiн алым төлеу ставкаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2001 жылғы 19 желтоқсандағы N 1660 қаулысына  сәйкес балалар мен жастардың қоғамдық ұйымдарын тiркеу үшiн алым ставкасы алым төлеу күнiндегi қолданыстағы екi еселенген айлық есептiк көрсеткiштi құрайды.
      Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 84 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасына импортталатын тауарларды қосылған құн салығынан босату ережесiне сәйкес мемлекет, мемлекеттер үкiметтерi, халықаралық ұйымдардың желiсi бойынша қайырымдылық мақсатында әкелiнетiн тауарлар салықтан босатылуы әлеуметтiк проблемаларды шешу үшiн маңызды болып табылады.
      Yкiметтiк емес ұйымдарды мемлекеттiк қолдаудың мақсаттары мен басымдықтары, оны iске асырудың қағидаттары, тетiктерi мен деңгейлерi анықталған Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 85 қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасының үкiметтiк емес ұйымдарын мемлекеттiк қолдау тұжырымдамасының қабылдануы үкiметтiк емес секторды дамытудағы ерекше оқиға болып табылады.
      Осылайша, қазiргi уақытта мемлекет үкiметтiк емес секторды қолдау жөнiнде едәуiр шаралар қабылдауда, бiрақ үкiметтiк емес ұйымдардың көпшiлiгi өз мiндеттерiн жүзеге асыруда қиыншылықтарды бастан кешiруде. Өңiрлерде, әсiресе ауылдық жерлерде, оның бiркелкi дамымауы мемлекеттiк емес секторды дамытудағы осал тұсының бiрi болып табылады. Yкiметтiк емес ұйымдардың тек 8% аудандық деңгейде бой көрсетуде, бұл қоғамдық бастаманы дамыту үшiн мүлде жеткiлiксiз.
      Yкiметтiк емес секторды мақсатты мемлекеттiк қолдаудың болмауы көп жағдайда мұның себебi болып табылады, бұдан басқа мемлекеттiк органдар мен үкiметтiк емес ұйымдардың өзара iс-қимыл және ынтымақтастық жасау тетiктерi жеткiлiксiз пысықталған.

      3.2. Yкiметтiк емес ұйымдар жобаларын мемлекеттiк қаржыландыруды заңнамалық реттеу саласындағы шетелдердiң
                     тәжiрибесi

      Әлеуметтiк тапсырыс үкiметтiк емес ұйымдарды мемлекеттiк қолдаудың неғұрлым тиiмдi нысаны болып табылады. Осыған байланысты үкiметтiк емес ұйымдар жүзеге асыратын жобаларды мемлекеттiк қаржыландыруды заңнамалық реттеу саласындағы шет елдердiң тәжiрибесiн зерделеу маңызды болып табылады.
      Грант немесе мемлекет пен үкiметтiк емес ұйымдар арасындағы келісім-шарт арқылы мемлекеттiк қызмет көрсетудi ұсыну жөнiндегi мiндеттердi үкiметтiк eмec ұйымдарға беру практикасы Америка Құрама Штаттарында бұрыннан бар, алайда орталықтандыру үрдiсi неғұрлым мол еуропалық елдерде таяуда ғана қолданыла бастады. Айталық, Люксембург Ұлы Герцогтiгiнiң "Даму үшiн ынтымақтастық туралы" 1996 жылғы 6 қаңтардағы Заңы тiркелген үкiметтiк емес ұйымдардың қосымша қаржыландыруға, жыл сайынғы көмекке, ынтымақтастыққа жәрдемдесу үшiн субсидияға, бiрнеше жылға созылатын ынтымақтастық туралы келiсiмге құқығы болатынын белгiлейдi. Нидерландыда үкiметтiк емес ұйымдар әлеуметтiк қызметтердi негiзгi көрсетушiлер болып табылады. Әлеуметтiк қызметтер көрсетудi үкiметтiк емес ұйымдарға берудi Германия үкiметi табысты жүзеге асыруда.
      Қазiргi уақытта көптеген дамушы елдер мен өтпелi кезеңдегi елдер үкiметтiк емес ұйымдармен әлеуметтiк қызметтер көрсетуге келiсiм-шарттар жасасуға мүмкiндiк беретiн заңнамалық тетiктердi жасады немесе жасауда. Мемлекеттiң әлеуметтiк қызметтердi жүзеге асыру жөнiндегi құқықтарды үкiметтiк емес ұйымдарға беруiне бағытталған заңдар Шығыс Еуропа елдерiнде (Словакия, Польша, Венгрия, Румыния, Болгария және т.б.) қолданылуда.
      Кеңестен кейiнгi кеңiстiк елдерiндегi үкiметтiк емес ұйымдарды мемлекеттiк қолдау мәселесiнiң шешiлуi Қазақстан үшiн құнды болып табылады. Бұл ретте үкiметтiк eмec ұйымдардың әлеуметтiк қызмет көрсетудi орындауына әлеуметтiк тапсырыстың берiлуi мемлекеттiк қолдаудың неғұрлым тиiмдi нысаны болып танылған Ресей тәжiрибесi назар аударарлық. Ресей Федерациясының қалалары мен субъектiлерi деңгейiнде үкiметтiк емес ұйымдардың жергiлiктi бюджет есебiнен әлеуметтiк маңызы бар проблемаларды шешуге қатысуы үшiн құқықтық негiздi қамтамасыз ететiн 20-дан астам нормативтiк-құқықтық кесiм қабылданды.
      "Пермь облысындағы мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы" Пермь облысының 2000 жылғы 21 қыркүйектегi Заңында "осы Заңның Пермь облысындағы азаматтық қоғам институттарын дамытуға, әлеуметтiк проблемаларды шешу үшiн бөлінетiн бюджет қаражатын пайдалану тиiмдiлiгiн арттыруға және олардың шешiлуiне коммерциялық емес ұйымдар мен халықтың кең жiктерiн тартуға бағытталғаны" атап өтiледi.
      "Мәскеу қаласы өкiмет органдарының мемлекеттiк емес коммерциялық емес ұйымдармен өзара iс-қимылы туралы" Мәскеу қаласының 2000 жылғы 12 сәуiрдегi Заңы Мәскеу қаласы өкiмет органдарының мемлекеттiк емес коммерциялық емес ұйымдармен, соның iшiнде мемлекеттiк емес коммерциялық емес ұйымдардың мақсатты әлеуметтiк бағдарламаларымен, қоғамдық-азаматтық бастамалармен, ерiктi қызметтi қолдаумен байланысты өзара iс-қимылы негiзгi қағидаттары мен жiктерiн айқындайды. Көрсетiлген заңның "Мәскеу өкiмет органдарының мемлекеттiк емес коммерциялық емес ұйымдармен экономикалық емес өзара iс-қимылы" 4-тарауында мемлекеттiк емес коммерциялық емес ұйымдарды қолдаудың нысаны: ақпараттық қолдау; қоғамдық кеңестер құру; мамандарды оқыту, әдiстемелiк көмек көрсету; конференциялар, семинарлар, консультациялар өткiзу; қаланың, Мәскеу қаласы ауданының мақсатты әлеуметтiк бағдарламалары жобаларын талқылауды ұйымдастыру сияқты басқа да нысандары атап өтiлген.
      Ресейде муниципалдық әлеуметтiк тапсырыс практикасы таралып отыр. Бұл муниципалдық тапсырыстың әр түрлiлiгi, iс-шаралар мен қаржыландырудың кепiлдi көздерiн қамтамасыз ете отырып конкурстық негiзде келiсiм-шарттар (шарттар) жасасу жолымен қала тiршiлiгi қызметiнiң әлеуметтiк маңызы бар мәселелерiн iске асыруға бағытталған шараларды орындауға муниципалдық тапсырыс берушiнiң тапсырмасы.
      Айталық, Түмен қалалық Думасының 1999 жылғы 27 қазандағы N 508 шешiмiмен Муниципалдық әлеуметтiк тапсырыс туралы ереже бекiтiлдi. Бұл құжатпен муниципалдық әлеуметтiк тапсырыс саласындағы нормативтiк құқықтық база мен қатынастар реттеледi, бекiтiлдi. Бұл құжатпен муниципалдық әлеуметтiк тапсырыс саласындағы нормативтiк құқықтық база мен қатынастар реттеледi, муниципалдық тапсырыс берушiнiң, конкурсты ұйымдастырушының, сарапшылардың және басқа да қатысушылардың өзара iс-қимылының тәртiбi, муниципалдық әлеуметтiк тапсырысты iске асыру кезiнде өтiнiмдердiң бекiтiлу, өту тәртiбi және басқа да мiндеттi шарттар бекiтiледi. 2000-2001 жылдары конкурстарға 96 ұйым қатысты, әлеуметтiк қызметтердi орындауға 127 өтiнiм берiлдi.
      Осылайша, мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс тетiгi экономикалық және саяси жүйелерi әр түрлi елдерде қолданылады және үкiметтiк емес секторды нығайту мен дамытудың маңызды факторы болып табылады.

4. Бағдарламаның мақсаттары мен мiндеттерi

      Бағдарламаның мақсаты азаматтық қоғамның бiр бөлiгi ретiнде Қазақстан Республикасында үкiметтiк емес ұйымдарды тұрақты дамыту үшiн жағдайлар жасау және өзара iс-қимыл мен мемлекеттiк билiк органдары тарапынан қолдау негiзiнде әлеуметтiк маңызы бар проблемаларды шешудегi олардың рөлiн күшейту болып табылады.
      Бағдарламаның негiзгi мiндеттерi:
      1) үкiметтiк емес ұйымдар қызметiн қамтамасыз ететiн құқықтық базаны жетiлдiру;
      2) мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк емес ұйымдардың өзара iс-қимылы мен ынтымақтастық жасау жүйесiн жетiлдiру;
      3) әлеуметтiк мәселелердi шешетiн елдiң үкiметтiк емес ұйымдарына ақпараттық, консультативтiк, әдiстемелiк, ұйымдастырушылық-техникалық қолдау көрсету;
      4) мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс жүйесiн қалыптастыру;
      5) өңiрлерде азаматтық бастамалардың өсуi үшiн жағдайлар жасау;
      6) үкiметтiк емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара iс-қимыл жасау мәселелерi бойынша мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жүйесiн құру;
      7) үкiметтiк емес ұйымдардың қызметiне тұрақты мониторинг пен зерттеулер жүргiзу;
      8) халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту.

5. Бағдарламаны iске асырудың негiзгi
 бағыттары мен тетiгi

      Бағдарламаны iске асыру мынадай басым бағыттар бойынша:
      1) ұйымдастырушылық-құқықтық iс-шаралар;
      2) өңiрлерде азаматтық бастамаларды дамыту;
      3) үкiметтiк емес ұйымдармен өзара iс-қимыл және ынтымақтастық жасау жөнiндегi органдар құру;
      4) үкiметтiк емес ұйымдардың қызметiн ақпараттық қамтамасыз ету;
      5) үкiметтiк емес ұйымдарды консультативтiк және әдiстемелiк қолдау;
      6) үкiметтiк емес ұйымдарды ұйымдастырушылық-техникалық қолдау;
      7) үкiметтiк емес сектормен өзара iс-қимыл жасау мәселелерi бойынша мемлекеттiк қызметшiлердiң бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi iс-қимылдардың жүйелiлiгi мен кезеңдiлiгiн көздейдi.
      Бағдарлама үкiметтiк емес ұйымдарды мемлекеттiк қолдауды iске асырудың, мемлекеттiк органдар мен үкiметтiк емес ұйымдардың одан әрi ынтымақтастығының тиiмдiлiгiн арттыруға бағытталған.

      5.1. Ұйымдастырушылық-құқықтық iс-шаралар

      Yкiметтiк емес ұйымдардың қызметiн қамтамасыз ететiн тиiстi нормативтiк құқықтық базаны қалыптастыру мен жетiлдiру үкiметтiк емес секторға пәрмендi мемлекеттiк қолдау көрсетудiң аса маңызды шарты болып табылады.
      "Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002-2004 жылдарға арналған Бағдарламасын iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 24 сәуiрдегi N 470 қаулысына сәйкес "Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзiрлеу жоспарлануда.
      Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс - келiсiм-шарттар (шарттар) жасасу жолымен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен қамтамасыз етiлген, республикалық және өңiрлiк деңгейлердегi басым мақсатты әлеуметтiк бағдарламаларды iске асырудың экономикалық-құқықтық нысаны. Тапсырыс берушi мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыстар орналастыруды жариялы ашық конкурстар (тендерлер) өткiзу негiзiнде қамтамасыз ететiн болады.
      "Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы" Заң мемлекеттiк органдар мен үкiметтiк емес ұйымдардың өзара iс-қимылының құқықтық, ұйымдастырушылық және өзге де мәселелерi кешенiн, қоғамның әлеуметтiк маңызды проблемаларын шешуге олардың қатысуын анықтайды. Заң мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен әлеуметтiк маңызды жобаларды шешуге үкiметтiк емес ұйымдардың кеңiнен қатысуы үшiн құқықтық негiздi қамтамасыз етедi, халыққа ұсынылатын әлеуметтiк қызметтердiң сапасы мен көлемiн арттыруға мүмкiндiк бередi.
      Бағдарламаны iске асыру шеңберiнде үкiметтiк емес ұйымдардың әлеуметтiк маңызы бар жобаларына орталық атқарушы органдардың пилоттық тендерлер (конкурстар) өткiзуi жоспарлануда. Тендерлердiң (конкурстар) жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында үкiметтiк емес ұйымдардың әлеуметтiк маңызы бар жобаларына тендер (конкурс) өткiзудiң ережесiн әзiрлеу көзделген.
      Yкiметтiк емес ұйымдардың мәртебесi мен қызметiне байланысты ұғымдарға қатысты заңнаманың терминологиялық үйлестiгi маңызды.
      Қазақстан Республикасының Yкiметiне үкiметтiк емес ұйымдардың қызметiне қатысты нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзу көзделуде.
      Yкiметтiк емес сектор проблемаларын, оның даму үрдiстерiн мемлекеттiк органдармен iс-қимылын анықтау мақсатында үкiметтiк емес ұйымдар проблемалары бойынша социологиялық зерттеулер, Бағдарламаның орындалу барысына мониторинг жүргiзiлетiн болады.

      5.2. Өңiрлерде азаматтық бастаманы дамыту

      Өңiрлерде, әсiресе ауылдық жерлерде, үкiметтiк емес секторды дамыту, жергiлiктi билiк органдарының әлеуметтiк проблемаларды шешуге үкiметтiк емес ұйымдарды тартуы әлеуметтiк шиеленiстi түсiредi, халықтың өзiне өзi көмек көрсетуi мен өзiн өзi жұмыспен қамтуын ұйымдастыруда азаматтық бастамалардың өсуiне, әлеуметтiк қызмет көрсету сапасы мен көлемiнiң артуына ықпал ететiн болады.
      Yкiметтiк емес ұйымдардың әлеуметтiк маңызы бар жобаларына тендерлер (конкурстар) ұйымдастыру және өткiзу арқылы жергiлiктi үкiметтiк емес ұйымдарды аймақтық әлеуметтiк маңызы бар проблемаларды шешуге тарту көзделуде.
      Жергiлiктi атқарушы билiк органдарының үкiметтiк емес ұйымдармен бiрлесе отырып өңiрлерде дамытудың өзектi проблемалары бойынша оқыту семинарларын, тренингтерiн, "дөңгелек үстелдерiн" өткiзуi ауылдық жерлерде азаматтық бастамаларды көтермелеуге жәрдемдесетiн болады.
      Қайырымдылық, ерiктiлiк, мәдени-көпшiлiк және өзге де акцияларды бiрлесiп өткiзу ауыл халқы әлеуметтiк белсендiлiгi артуының маңызды шарты болып табылады.
      Халықтың неғұрлым әлсiз жiктерiн қолдау, сондай-ақ мемлекеттiк әлеуметтiк бағдарламаларды тиiмдi әрi сапалы iске асыру үшiн коммерциялық сектор әлеуетiн барынша толық пайдалану есебiнен жеке көздерден қайырымдылық саласына түсетiн ресурстар көлемiн елеулi түрде ұлғайтуға мүмкiндiк беретiн жағдайлар жасау қажет.
      Мемлекеттiк билiк органдары жеке тұлғалардың үкiметтiк емес ұйымдар қызметi шеңберiнде iске асырылатын әлеуметтiк маңызы бар қызмет ретiнде өтеусiз еріктi қызметiн дамытуға жәрдем көрсетуi тиiс.
      Ерiктiлер көмегi мынадай: халыққа қызмет көрсету түрiнде көмек көрсету, қоғамдық пайдалы еңбектi жүзеге асыру, қайырымдылық бағдарламаларын iске асыруға қатысу нысандарында жүзеге асырылады.
      Өңiрлiк деңгейде азаматтық бастамаларды дамыту проблемаларының табысты шешiлуi әлеуметтiк саладағы үкiметтiк емес ұйымдардың тиiмдi қызметi үшiн жағдайлар жасайды.

      5.3. Yкiметтiк емес ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау
                   жөнiндегi органдар құру

      Жергiлiктi атқарушы билiк органдары жанындағы консультативтiк-кеңесшi мәртебесi бар кеңестер мемлекеттiк билiк органдарының үкiметтiк емес ұйымдармен өзара iс-қимылының оңтайлы жолдарын iздеуге жәрдемдесетiн болады. Кеңестер қызметiнiң негiзгi бағыттары: мемлекеттiк және үкiметтiк емес ұйымдардың өзара қатынастарын нығайту мен кеңейту, оларға жүйелiлiк сипат беру; бiрлескен iс-қимылды үйлестiру және оларды үйлестiрудiң нақты тетiктерiн әзiрлеу; әлеуметтiк және экономикалық мәселелерді шешуге, қазақстандық мемлекеттiлiктi нығайтуға, қоғамдық процестердi демократияландыруға бағытталған бiрлескен iс-шаралардың кешендi бағдарламасын әзiрлеу; өзара қолайлы шешiмдердi iздеудегi қоғамдық дамудың өзектi проблемаларын бiрлесiп талқылау.
      Кеңестер қызметiне бiрыңғай талаптарды әзiрлеу мақсатында жергiлiктi билiк органдарына ұсынылатын атқарушы билiк органдары жанындағы үкiметтiк емес ұйымдармен өзара iс-қимыл жөнiндегi консультативтiк кеңестер туралы үлгi ереже жасалатын болады.
      Yкiметтiк емес ұйымдарды әлеуметтiк маңызы бар заң жобаларын және орталық мемлекеттiк органдар бағдарламалық құжаттарын әзiрлеу процесiне кеңiнен тарту Бағдарламаны iске асырудың маңызды тетiгi болып табылады.

      5.4. Yкiметтiк емес ұйымдар қызметiн ақпараттық
                    қамтамасыз ету

      Yкiметтiк емес ұйымдар қызметiн ақпараттық қолдау бұқаралық ақпарат құралдарында үкiметтiк емес сектордың әлеуметтiк маңызы бар проблемаларды шешудегi жұмыс тәжiрибесiн, оның мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылы мен ынтымақтастығын кеңiнен жария етудi көздейдi. Yкiметтiк емес ұйымдар қызметi туралы мамандандырылған айдарлар, тақырыптық радио және теле хабарларын жасау, қоғамда үкiметтiк емес сектордың жағымды бейнесiн қалыптастыруға жәрдемдесуге тиiс.
      Yкiметтiк емес ұйымдардың проблемаларын, әлеуметтiк маңызы бар қызметтiң даму практикасын, қоғамдық-азаматтық бастамаларды мемлекеттiк ақпарат саясатын жүргiзуге мемлекеттiк тапсырысты орындайтын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап отыру көзделген.
      Ақпараттық қолдау шеңберiнде, сондай-ақ әлеуметтiк жарнамалар рыногын дамыту үшiн құқықтық және қаржылық жағдайлар қалыптастыру қажет.

      5.5. Yкiметтiк емес ұйымдарды консультативтiк және
                   әдiстемелiк қолдау

      Yкiметтiк емес ұйымдарды консультативтiк қолдау үкiметтiк емес ұйымдар қызметiн қамтамасыз ететiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық кесiмдерiн түсiндiрудi; оларға үкiметтiк емес сектормен ынтымақтастықты дамыту жөнiндегi мемлекеттiк органдардың, отандық және шетелдiк грант берушiлердiң жұмыс әдiстерi, бағыттары туралы ақпарат, елдегi үкiметтiк емес ұйымдар туралы деректер мен өзге де ақпарат берудi көздейдi.
      Қазақстан Республикасы үкiметтiк емес ұйымдарының деректер банкiн жасау көзделген.
      Yкiметтiк емес секторды одан әрi жандандыру мен топтастыру мақсатында "Қазақстандық үкiметтiк емес ұйымдар 21 ғасырда: қалыптасу проблемалары, даму перспективалары" халықаралық форумы өткiзiлетiн болады, онда Қазақстанның үкiметтiк емес ұйымдарының даму үрдiстерi мен перспективалары талқыланатын болады, кең көлемде тәжiрибе алмасу өтедi, мемлекеттiк органдармен тиiмдi ынтымақтастықтың жолдары қаралады.
      Әдiстемелiк қолдау үкiметтiк емес сектор қызметiне жүргiзiлетiн мониторинг пен зерттеулер, оның мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылы проблемаларын талдау негiзiнде үкiметтiк емес ұйымдар үшiн әдістемелік ұсынымдар, материалдар, анықтамалықтар, оқу құралдарын жасауды көздейдi.

               5.6. Yкiметтiк емес ұйымдарды
            ұйымдастырушылық-техникалық қолдау

      Ұйымдастырушылық-техникалық қолдаудың маңызды бағыты практикалық сипаттағы iс-шаралар: "дөңгелек үстелдер", семинарлар, конференциялар, тренингтер, үкiметтiк емес ұйымдармен бiрлесiп өзге де акциялар өткiзу, сондай-ақ iс-шараларды өткiзуге техникалық көмек көрсету (үй-жайларды, техникалық құралдарды беру, мүдделi органдарды, адамдарды шақыру және т.б.) болып табылады.
      Yкiметтiк емес секторды дамытудың өзектi проблемалары бойынша "дөңгелек үстелдердi" жүйелi негiзде ұйымдастыру мен өткiзу үкiметтiк емес ұйымдардың даму процесінiң, олардың мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылын көтермелеу мен кедергiлерiн анықтауға жәрдемдесетiн болады.
      "YЕҰ ақпарат-орталығы" үкiметтiк емес ұйымдарға қолдау көрсету республикалық орталығы мен орталықтың өңiрлiк өкiлдiгiн байланыстыратын бiрыңғай жүйе құру, бағдарламалық жабдықтар орнату жұмысты тиянақты үйлестiруге, мемлекеттiк органдар мен үкіметтiк емес ұйымдардың өзара қатынастарын нығайту мен кеңейту жөнiндегi қызметтi жоспарлы түрде жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi.
      Жұртшылықтың экологиялық ақпаратқа кеңiнен қол жеткiзуiн қамтамасыз ету, үкiметтiк емес ұйымдарды экологиялық проблемаларды шешуге тарту, қоршаған ортаны қорғауға қатысты мәселелер бойынша құқықтық сауаттылықты арттыру қажет.

5.7. Yкiметтiк емес сектормен өзара iс-қимыл мәселелерi бойынша мемлекеттiк қызметшiлердi дайындау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру

      Осы бағыт үкiметтiк емес ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау жүйелерiн жетiлдiрудiң әртүрлi мәселелерi бойынша мемлекеттiк қызметшiлер үшiн жүйелi семинарлар, оқыту тренингтерiн ұйымдастыруды және өткiзудi көздейдi.
      Yкiметтiк емес секторды дамыту саласындағы тәжiрибе, әдiстемелiк және теориялық әзiрленiмдер Қазақстанда әзiрше жеткiлiксiз болғандықтан, бағдарламаны iске асыру жөнiндегі жұмыс көбiнесе инновациялық сипатта болады. Осыған байланысты Бағдарлама бойынша iс-шараларды жүзеге асыратын уәкiлеттi органдардың қызметкерлерiн даярлауға және олардың бiлiктiлiгiн арттыруға едәуiр көңiл бөлу қажет.
      Аумақтық бөлiмшелер қызметкерлерi үшiн бiлiктiлiктi арттыру семинарларын өткiзiп, бөлiмшелер мен әртүрлi деңгейлер арасында тәжiрибе алмасу жүйесiн жолға қойып, қызметкерлердiң халықаралық және ұлттық оқыту iс-шараларына қатысуына жәрдемдескен жөн.
      Халықаралық ұйымдармен әрiптестiк қатынастар негiзiндегi ынтымақтастық демократиялық реформалардың алға басуының, азаматтық қоғам құрудың маңызды көрсеткiшi болып табылады. Әлеуметтiк маңызы бар мiндеттердi шешуге бағытталған бiрлескен бағдарламаларды орындау елдiң үкiметтiк емес секторын дамытуға оң ықпал етедi. Халықаралық ұйымдар мен қорлардың қаржылық және техникалық қолдауы үкiметтiк емес ұйымдарды нығайту мен дамытуға, мемлекеттiк органдармен ынтымақтастық жасауға жәрдемдесетiн болады.

      5.8. Бағдарламаны iске асыру тетiгi

      Бағдарламаны iске асыру үшiн белгiленген iс-шаралардың кезең-кезеңiмен орындалуын көздейтiн, Қазақстан Республикасының үкiметтiк емес ұйымдарын мемлекеттiк қолдаудың 2003-2005 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспары (бұдан әрi - Жоспар) әзiрленедi.
      Жоспар Бағдарламаны орындау жөнiндегi мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiру мен бақылауға мүмкiндiк бередi.
      Бағдарламаны iске асыру процестерiн үйлестiру Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiне жүктелген.
      Бағдарламаны iске асыру тетiгi мемлекеттiк органдар мен үкiметтiк емес ұйымдардың бiрлескен iс-қимылын, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен белсендi ынтымақтастықты көздейдi.
      Бағдарламаның орындалуын үйлестiру мен бақылау мақсатында жүргiзiлетiн iс-шаралар тиiмдiлiгiн бақылаудың айқын көрсеткiштерiн (индикаторларын) қамтитын оның мониторингi мен бағалау жүйесi жасалатын болады. 2003 жылдың 4 тоқсанында 300 сараптамашы (мемлекеттiк органдар, ғылыми, үкiметтiк емес ұйымдар) қатысатын Қазақстан Республикасындағы үкiметтiк емес сектордың даму проблемалары жөнiнде сараптамалық сұрау салуды өткiзу жоспарланып отыр.
      Бағдарлама мониторингiн талдау нәтижелерi жекелеген бағыттарға түзету енгiзу, Бағдарлама мен Жоспарға тиiстi өзгерiстер енгiзу, сондай-ақ кейiнгi бағдарламаларды әзiрлеу үшiн негiз болады.
      Ескерту. 5.8-бөлімше өзгерді - ҚР Үкіметінің 2004.02.06. N 146 қаулысымен .

      6. Қаржыландырудың қажеттi ресурстары мен көздерi

      Бағдарламаны iске асыру мынадай қаржыландыру көздерiнен жүзеге асырылатын болады:
      1) республикалық бюджеттен;
      2) жергiлiктi бюджеттерден;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған қаржыландырудың өзге де көздерiнен.
      Бағдарламаны қаржыландыру бiлiм беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты, демографиялық саясат, гендерлiк саясат, әлеуметтiк қамтамасыз ету және әлеуметтiк көмек, мәдениет, ақпарат, cпopт, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар салаларындағы әлеуметтiк маңызы бар iс-шаралардың бiр бөлiгiн орындауға республикалық және жергiлiктi бюджеттерде көзделген қаражат шегiнде жүзеге асырылатын болады.
      Халықаралық ұйымдардың, қоғамдық қорлардың техникалық және гранттық көмегiн, барлық меншiк нысанындағы ұйымдардың өз қаражаттары мен Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдермен тыйым салынбаған өзге де көздердi тарту көзделедi.
      Бағдарламаны іске асыруға арналған республикалық бюджеттен қаржыландырудың жалпы көлемi 37 628 000 теңге көлемінде көзделедi, оның ішінде: 2003 жылға - 14000 000 теңге, 2004 жылға - 11 146 000 теңге, 2005 жылға - 12 482 000 теңге. <*>
      Ескерту. 6-бөлім өзгерді - ҚР Үкіметінің 2004.02.06. N 146
қаулысымен .

7. Бағдарламаны іске асырудан күтiлетiн нәтиже

      Бағдарламаны толық iске асыру және онда көзделген барлық шараларды қабылдау нәтижесiнде мемлекеттiк органдар мен қоғамдық сектор арасында әрiптестiк қатынастардың тиiмдi жүйесi, сондай-ақ республика азаматтық қоғамының тұрақты дамуы қамтамасыз етiлетiн болады.
      Осы Бағдарламаның iске асырылуы елдiң үкiметтiк емес секторына нақты ұйымдастырушылық-техникалық, әдiстемелiк, консультативтiк, ақпараттық қолдаудан көрiнетiн болады, қайырымдылық қызмет үшiн жағдайлар жасайды, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты жандандыра түседi.
      Бағдарламаны iске асыру нәтижесiнде қол жеткiзiлетiн үкiметтiк емес сектор дамуындағы оң өзгерiстердi сипаттайтын негiзгi көрсеткiштер (индикаторлар): үкiметтiк емес ұйымдардың сандық және сапалық құрамы, кадрлық әлеуетi, ұйымдастырушылық және қаржылық ресурстары, олардың қоғамдық рейтингi, өңірлерде үкiметтiк емес сектордың өсуi, үкiметтiк емес ұйымдардың мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты iске асыруға қатысуы, мемлекеттiк құрылымдармен әрiптестiк қатынастар.
      Бағдарламаны толық iске асыру және онда көзделген шараларды қабылдау нәтижесiнде:
      Қазақстанның үкiметтiк емес секторын одан әрi дамыту үшiн құқықтық, әдiснамалық, ұйымдастырушылық-техникалық жағдайлар жасалатын;
      халыққа көрсетiлетiн әлеуметтiк қызметтердiң сапасы мен көлемiн арттыруға жәрдемдесетiн мемлекеттiк органдар мен үкiметтiк емес сектор арасындағы әрiптестiк қатынастардың тиiмдi жүйесi жасалатын және енгiзiлетiн;
      өңiрлерде азаматтық бастамалардың өсуiне жағдайлар жасалатын;
      халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жөнiндегi әдiснамалық база нығайтылатын болады.
      Көрсетiлгендер, тұтастай алғанда азаматтық қоғамды дамыту мен нығайтуға, елдiң әлеуметтiк және гуманитарлық әлеуетiн арттыруға жәрдемдесетiн болады.

8. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары

      Ескерту. 8-бөлім өзгерді - ҚР Үкіметінің 2004.02.06. N 146
қаулысымен .

------------------------------------------------------------------
Р/с!   Іс-шара   ! Аяқтау !Орындалу.!Орындалу!Болжамды! Қаржылан.
 N !             ! нысаны !ына жау. !  (іске !шығыстар! ландыру
   !             !        !аптылар  !  асыру)!        ! көздері
   !             !        !         ! мерзімі!        !
------------------------------------------------------------------
 1 !       2     !    3   !    4    !    5   !    6   !     7
------------------------------------------------------------------
           1. Ұйымдастырушылық-құқықтық іс-шаралар

1   Қазақстан    Қазақстан   МАҚКМ   2003 ж.      -    Қаржыланды.
    Республика.  Республи.           2 тоқсан          руды қажет
    сының "Мем.  касы За.                              етпейді
    лекеттiк     ңының
    әлеуметтiк   жобасы
    тапсырыс
    туралы"
    заңының
    жобасын
    әзiрлеу

2   Yкiметтiк    Бұйрық      МАҚКМ   2003 ж.       -   Қаржыланды.
    емес ұйым.                       2 тоқсан          руды қажет
    дардың әлеу.                                       етпейді
    меттiк ма.
    ңызды жоба.
    ларына тен.
    дер (кон.
    курс) өткiзу
    ережесiн
    әзiрлеу

3   Орталық және Бұйрық    МАҚКМ     2003 ж.       -   Қаржыланды.
    жергiлiктi             ҮЕҰ       2 тоқсан          руды қажет
    атқарушы               (келісім                    етпейді
    органдар               бойынша)
    жанындағы
    үкіметтік
    емес ұйым.
    дармен өзара
    iс-қимыл
    жөнiндегi
    консульта.
    тивтiк ке.
    ңестер тура.
    лы үлгiлiк
    eреже
    әзiрлеу

4   Yкiметтiк    Орталық   МАҚКМ,    2003 ж.   10700000 Республи.
    емес ұйым.   атқарушы  ЕХҚМ,     2 тоқсан  теңге    калық
    дардың әлеу. органдар. ДСМ,                (МАҚКМ)  бюджет
    меттiк ма.   дың бұй.  ҚОҚМ,
    ңызды жоба.  рықтары   ТурСА,
    ларын iрiк.            КДА,      2004 ж.   9700000
    теу жөнiнде            ОӘІҰК     2 тоқсан  теңге
    тендерлер              (келісім            (МАҚКМ)
    (конкурстар)           бойынша)
    ұйымдастыру                      2005 ж.   9700000
    және өткізу                      2 тоқсан  теңге
                                               (МАҚКМ)

5   Мемлекеттiк  Қазақстан   МАҚКМ   2003 ж.      -    Қаржыланды.
    емес ұйымдар Республи.           4 тоқсан          руды қажет
    қызметiн     касының                               етпейді
    қамтамасыз   Үкіметіне
    ететiн құ.   ақпарат
    қықтық база.
    ны жетiлдiру
    жөнiнде
    ұсыныстар
    енгiзу

6   Үкiметтiк    Қазақстан   МАҚКМ
    емес ұйым.   Республи.
    дардың қыз.  касының
    метiне мони. Үкіметіне
    торинг өткi. ақпарат
    зу:
    Yкiметтiк                        2003 ж.      -    Қаржыланды.
    емес сектор.                     4 тоқсан          руды қажет
    ды дамыту                                          етпейді
    мәселелерi
    бойынша са.
    раптамалық
    сауалдама

          2. Аймақтарда азаматтық бастаманы дамыту

7   Yкiметтiк    Қазақстан   МАҚКМ,  Желтоқсан    -    Қаржыланды.
    емес ұйым.   Республи.   облыс.  жыл сайын         руды қажет
    дармен бiр.  касының     тардың,                   етпейді
    лесiп өңiр.  Үкіметіне   Астана
    лiк әлеумет. ақпарат     және
    тiк маңызды              Астана
    проблемалар              қалала.
    бойынша                  рының
    семинарлар,              әкімдері,
    "дөңгелек                ҮЕҰ
    үстелдер"                (келісім
    өткiзу                   бойынша)

8   Yкiметтiк    Қазақстан   МАҚКМ,  Желтоқсан    -    Қаржыланды.
    емес ұйым.   Республи.   облыс.  жыл сайын         руды қажет
    дармен бiр.  касының     тардың,                   етпейді
    лесiп қайы.  Үкіметіне   Астана
    рымдылық,    ақпарат     және
    ерікті, мә.              Астана
    дени-көпшілік            қалала.
    және өзге                рының
    де акциялар              әкімдері,
    ұйымдастыру              ҮЕҰ
    және өткізу              (келісім
                             бойынша)

             3. Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл
                       жөніндегі органдар құру

9   Жергiлiктi  Әкімдердің Облыстар. 2003 ж.     -     Қаржыланды.
    атқарушы    шешімдері  дың, Ас.  2 тоқсан          руды қажет
    органдар               тана, Ал.                   етпейді
    жанынан                маты қа.
    үкiметтiк              лаларының
    емес ұйым.             әкімдері
    дармен ын.
    тымақтастық
    және өзара
    iс-қимыл
    жөнiндегi
    консульта.
    тивтiк ке.
    ңестер құру

10  Yкiметтiк    Қазақстан МАҚКМ,    4 тоқсан,    -    Қаржыланды.
    емес ұйым.   Республи. орталық   жыл сайын         руды қажет
    дарды әлеу.  касының   атқарушы                    етпейді
    меттiк ма.   Үкіметіне органдар
    ңызды заң    ақпарат
    жобаларын
    және бағдар.
    ламалар жо.
    баларын
    әзiрлеу про.
    цесiне тар.
    туды ұйым.
    дастыру

    4. Yкіметтiк емес ұйымдар қызметін ақпараттық
                     қамтамасыз ету

11  Әлеуметтiк   Қазақстан  МАҚКМ    Маусым,      -    Қаржыланды.
    маңызды про. Республи.           желтоқсан,        руды қажет
    блемаларды   касының             жыл сайын         етпейді
    шешудегi     Үкіметіне
    үкіметтік    ақпарат
    емес ұйым.
    дардың жұмыс
    тәжiрибесiн
    бұқаралық
    ақпарат құ.
    ралдарында
    кеңiнен
    жариялау

12  Әлеуметтiк   Қазақстан   МАҚКМ   2005 ж.      -    Қаржыланды.
    жарнама      Республи.           1 тоқсан          руды қажет
    рыногын да.  касының                               етпейді
    мыту үшiн    Үкіметіне
    құқықтық     ұсыныс
    және қаржы.
    лық жағдай.
    лар қалып.
    тастыру

13  Мемлекеттiк  Қазақстан   МАҚКМ   2004 ж.      -    Қаржыланды.
    тапсырысты   Республи.           4 тоқсан          руды қажет
    орындайтын   касының                               етпейді
    бұқаралық    Үкіметіне
    ақпарат      есеп
    құралдарында
    үкіметтік
    емес сектор.
    ды дамыту
    проблемалары
    жөнiнде ма.
    мандандырыл.
    ған айдарлар
    ұйымдастыру

           5. Yкiметтік емес ұйымдарды консультативтік
                     және әдістемелік қолдау

14  Үкiметтiк    Қазақстан  МАҚКМ,   Маусым,       -   Қаржыланды.
    емес ұйым.   Республи.  ӘдМ,     желтоқсан,        руды қажет
    дардың қыз.  касының    ЕХҚМ,    жыл сайын         етпейді
    метiне қа.   Үкіметіне  ДСМ,
    тысты норма. ақпарат    ҚОҚМ,
    тивтiк құ.              ТурСА,
    қықтық ке.              КДА
    сiмдердi,
    қоғамдық
    бiрлестiк.
    терге түсiн.
    дiру

15  Үкiметтiк    Қазақстан  МАҚКМ,   Желтоқсан,        Республика.
    емес ұйым.   Республи.  ЕХҚМ,    жыл сайын         лық бюджет
    дармен өзара касының    ДСМ,     2003 ж.   180 000
    iс-қимыл     Үкіметіне  ҚОҚМ               теңге
    және ынты.   ақпарат                       (МАҚКМ)
    мақтастық                        2004 ж.   180 000
    саласындағы                                теңге
    мемлекеттiк                                (МАҚКМ)
    саясатты                                  
    түсiндiру                                 
    жөнiндегi                                 
    әдістемелік
    материалдар,
    ұсынымдар,
    оқу құралда.
    рын әзiрлеу

16 <*>

17  "Қазақстан.    Бұйрық   МАҚКМ,   2005 ж.   2 782 000 Республи.
    дық YEҰ 21-             СІМ,     3 тоқсан  теңге     калық
    ғасырда: қа.            халық.                       бюджет
    лыптасу про.            аралық
    блемалары,              ұйымдар
    даму перс.              (келісім
    пективалары"            бойынша)
    үкiметтiк
    емес ұйымдар.
    дың халық.
    аралық фору.
    мын өткiзу

   6. Үкiметтік емес ұйымдарды ұйымдастырушылық-техникалық
                           қолдау

18  Yкiметтiк    Қазақстан  МАҚКМ,    Жыл сайын,   -   Қаржыланды.
    емес ұйым.   Республи.  мемле.    желтоқсан        руды қажет
    дармен бiр.  касының    кеттік                     етпейді
    лесiп конфе. Үкіметіне  органдар
    ренциялар,   ақпарат
    "дөңгелек
    үстелдер",
    тренингтер,
    семинарлар,
    өзге де
    акциялар
    өткiзу

19  Yкiметтiк     Бұйрық   МАҚКМ     2003 ж. 1 200 000 Республика.
    емес сектор.                             теңге     лық бюджет
    ды дамытудың
    өзектi проб.                     2004 ж. 446 000
    лемалары,                                теңге
    оның мемле.
    кеттік ұйым.                    
    дармен өзара                    
    iс-қимылы
    мен ынтымақ.
    тастығы жө.
    нiнде "дөң.
    гелек үстел.
    дер" ұйымдас.
    тыру және
    өткiзу

20  "YEҰ ақпарат   Бұйрық   МАҚКМ,   2003 ж.   300 000 Республика.
    орталығы"               халық.   1 тоқсан  теңге   лық бюджет
    YEҰ-ны қол.             аралық
    даудың рес.             ұйымдар
    публикалық              (келісім
    орталығы мен            бойынша)
    орталықтың
    өңiрлiк
    өкiлдiктерiн
    байланысты.
    ратын бiрың.
    ғай желi құру,
    бағдарламалық
    қамтамасыз
    етуді белгiлеу

21  YEҰ-ның эко.  Қазақстан   ҚОҚМ   Тоқсан       -    Қаржыланды.
    логиялық ақ.  Республи.          сайын             руды қажет
    паратқа ке.   касының                              етпейді
    ңiнен қол     Үкіметіне
    жеткiзуiн     есеп
    қамтамасыз
    ету, оларды
    экологиялық
    проблемаларды
    шешуге тарту,
    қоршаған
    ортаны қор.
    ғауға қатысты
    мәселелер
    бойынша құ.
    қықтық caуат.
    тылықты көтеру

        7. Yкiметiк емес сектормен өзара iс-қимыл мәселелерi
           бойынша мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау және
                     олардың бiлiктiлiгiн арттыру

22  Tренингтер    Бұйрық   МАҚКМ,    2003 ж.   60 000  Республика.
    үйренушi               МҚА, Мем. 2 тоқсан  теңге   лық бюджет
    мемлекеттiк            қызмет.             (МАҚКМ)
    қызметшiлер            академия.
    үшiн семинар.          сы (келі.
    лар ұйымдас.           сім бой.
    тыру және              ынша),
    өткiзу                 халықара.
                           лық ұйым.
                           дар (келi.
                           сiм бойын.
                           ша)

23  Yкіметтік     Бұйрық,  МАҚКМ,    2004 ж.    820 000 Республика.
    емес сектор.  әкiмдер. МҚА,      2, 3, 4     теңге  лық бюджет
    мен өзара     дiң ше.  облыстар. тоқсандар  (МАҚКМ)
    iс-қимыл      шiмдерi  дың,
    мәселелерi             Астана
    бойынша мем.           және
    лекеттiк               Алматы
    органдар               қалалар.
    қызметкер.             ының
    лерi үшiн              әкiмдерi,
    өңiрлiк                мемқызмет
    семинарлар             академиясы
    ұйымдастыру            (келiсiм
                           бойынша)

24  Қазақстан    Бұйрық    МАҚКМ,      2003 ж. 1 560 000 Республи.
    Республика.            МҚА, СІМ,             теңге   калық
    сының шет              халықаралық                   бюджет
    елдердегi              ұйымдар    
    мемлекеттiк            (келiсiм             
    органдары.             бойынша)
    ның қызмет.
    керлерiн
    оқытуды
    ұйымдастыру
------------------------------------------------------------------

      Ескерту: Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттiң қалыптастырылуына қарай iс-шараларды қаржыландыру көлемi нақтыланады

Қабылданған қысқартулар:

      Мемқызмет академиясы - Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Мемлекеттiк қызмет академиясы
      МҚА - Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi агенттiгi
      КДА - Қазақстан Республикасының Көшi-қон және демография жөнiндегi агенттiгi
      TуpCA - Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөнiндегi агенттiгi
      ДСМ - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi
      СIМ - Сыртқы iстер министрлiгi
      МАҚКМ - Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгi
      ҚOҚM - Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi
      ЕХҚМ - Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi
      ӘдМ - Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi
      ЭБЖМ - Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлiгi
      ОӘIҰК - Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Отбасы және әйелдер iсi жөнiндегi ұлттық комиссиясы
      YEҰ - үкiметтiк емес ұйымдар