2003 жылғы егiннiң астығын мемлекеттiк сатып алудың кейбiр мәселелерi және Мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау бойынша көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттік сатып алу ережесi мен Мемлекеттiк астық ресурстарының орнын ауыстыру бойынша көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2003 жылғы 26 ақпан N 205

Жаңартылған

      Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн жаңалау және ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердi қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерден 2003 жылғы егiннiң бидай және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдары астығын мемлекеттiк сатып алу көлемi 5 500 000 000 (бec миллиард бес жүз миллион) теңге сомасына 405722 (төрт жүз бес мың жеті жүз жиырма екi) тоннаға дейiнгi көлемде белгiленсiн, бұл ретте:
      1) 2003 жылғы 25 шiлдеге дейiнгi мерзiмде көктемгi-жазғы қаржыландыру арқылы:
      есепке алынған табиғи салмағының бiр тоннасы үшiн қосылған құн салығын қоса алғанда, 13230 (он үш мың екi жүз отыз) теңгеден кем емес баға бойынша 2851065000 (екi миллиард сегiз жүз елу бiр миллион алпыс бес мың) теңге сомасына және қосылған құн салығын төлеушiлер болып табылмайтын бiрыңғай жер салығын төлеушiлер үшiн қосылған құн салығын есептемей, франко-элеватор шартымен 215500 (екi жүз он бес мың бес жүз) тоннаға дейiнгi көлемдегi азық-түлiктiк жұмсақ бидай астығын; бұл ретте есепке алынған табиғи салмағының бiр тоннасы үшiн 10520 (он мың бес жүз жиырма) теңге есебімен 2267060000 (екi миллиард екi жүз алпыс жетi миллион алпыс мың) теңге сомасына 2003 жылғы 25 шiлдеге дейiнгi мерзiмге кейiннен астықты жеткiзiп беру фактiсi бойынша есепке алынған табиғи салмағының бiр тоннасы үшiн 2710 теңге есебiмен 584005000 (бec жүз сексен төрт миллион бес мың) теңге сомасына; <*>
      есепке алынған табиғи салмағының бiр тоннасы үшiн қосылған құн салығын қоса алғанда, 16905 (он алты мың тоғыз жүз бес) теңгеден кем емес баға бойынша 507150000 (бec жүз жеті миллион бір жүз елу мың) теңге сомасында және қосылған құн салығын төлеушiлер болып табылмайтын бiрыңғай жер салығын төлеушiлер үшiн қосылған құн салығын есептемей, франко-элеватор шартымен 30000 (отыз мың) тоннаға дейiнгi көлемдегі азық-түлiктiк қатты бидай астығын; бұл ретте есепке алынған табиғи салмағының бiр тоннасы үшiн 16100 (он алты мың бір жүз) теңге есебiмен 483000000 (төрт жүз сексен үш миллион) теңге сомасына 2003 жылғы 25 шiлдеге дейiнгi мерзiмде кейiннен астықты жеткiзiп беру фактiсi бойынша есепке алынған табиғи салмағының бiр тоннасы үшiн 805 теңге есебімен 24150000 (жиырма төрт миллион жүз елу мың) теңге сомасына. <*>
      2) күзде тiкелей сатып алу арқылы:
      есепке алынған табиғи салмағының бiр тоннасы үшiн, қосылған құн салығын қоса алғанда 13230 (он үш мың екі жүз отыз) теңгеден кем емес баға бойынша 2106505000 (екі миллиард бiр жүз алты миллион бес жүз бес мың) теңге сомасына және қосылған құн салығын төлеушiлер болып табылмайтын бiрыңғай жер салығын төлеушiлер үшiн қосылған құн салығын есептемей, франко-элеватор шартымен 159222 (жүз елу тоғыз мың екi жүз жиырма екi) тоннаға дейінгі көлемдегi азық-түлiктiк жұмсақ бидай астығы; <*>
      есепке алынған табиғи салмағының бiр тоннасы үшiн, қосылған құн салығын қоса алғанда 35280 (отыз бес мың екі жүз сексен) теңгеден кем емес баға бойынша 35280000 (отыз бес миллион екі жүз сексен мың) теңге сомасына және қосылған құн салығын төлеушiлер болып табылмайтын бiрыңғай жер салығын төлеушiлер үшiн қосылған құн салығын есептемей, франко-элеватор шартымен 1000 (бiр мың) тоннаға дейiнгi көлемдегi қытай бұршағы. <*>
      Көктемгi-жазғы қаржыландыру арқылы астық сатып алу шарттары бойынша астықты жеткiзбеген немесе толық жеткiзбеген жағдайда қосымша төлем үшiн пайдаланылмаған, сондай-ақ жеткiзiлмеген астықтың берешегiн өтеу тәртiбiмен түскен ақша қаражаты астықты тiкелей сатып алуға пайдаланылады. <*>
      ЕСКЕРТУ. 1-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.08.26. N 863 қаулысымен .

      2. "Азық-түлiк келiсiм-шарт корпорациясы" жабық акционерлiк қоғамы маңызды стратегиялық мәнi бар 2003 жылғы егiннiң астығын сатып алу бойынша көрсетiлетiн қызметтердi, мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау және орнын ауыстыру бойынша көрсетiлетiн қызметтердi жеткiзушi болып белгiленсiн.

      3. Қоса берiлiп отырған:
      1) Мемлекеттiк астық ресурстарына 2003 жылғы егiннiң астығын мемлекеттiк сатып алу ережесi;
      2) Мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау бойынша көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу ережесi;
      3) Мемлекеттiк астық ресурстарының орнын ауыстыру бойынша көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу ережесi бекiтiлсiн.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрi А.С. Есiмовке жүктелсiн.
      5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Yкiметiнiң      
2003 жылғы 26 ақпандағы
N 205 қаулысымен    
бекiтiлген      

Мемлекеттiк астық ресурстарына 2003 жылғы
егiннiң астығын мемлекеттiк сатып алу ережесi

      Осы Ереже Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң "Мемлекеттiк астық ресурстарын қалыптастыру, сақтау және пайдалану ережесiн бекiту туралы" 2001 жылғы 28 наурыздағы N 394 , "Тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастыру мен жүргiзудiң ережесiн бекiту туралы" 2002 жылғы 31 қазандағы N 1158  қаулыларына сәйкес әзiрленген және мемлекеттiк астық ресурстарына 2003 жылғы егiннiң астығын мемлекеттiк сатып алудың тәртiбiн белгiлейдi.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережеде мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) агент - "Азық-түлiк келiсiм-шарт корпорациясы" жабық акционерлiк қоғамы;
      2) комиссия - құрамына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң (бұдан әрi - Ауылшарминi) және агенттiң өкiлдерi енгiзiлетiн, сатушыларды iрiктеудi жүзеге асыратын, агент құратын комиссия;
      3) сатушы - астықты мемлекеттiк сатып алуға қатысатын ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушi;
      4) ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушi - өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiнiң тауарлы өндiрiсiмен айналысатын жеке немесе заңды тұлға.

      2. Астықты мемлекеттiк сатып алудың мақсаты - мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн жаңалау және көктемгi-жазғы қаржыландыру арқылы және күзде тікелей сатып алу арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң астықты жеткiзуi шартының негiзiнде оларды мемлекеттiк қолдау.

      3. Агент сатушылардан астық сатып алуды мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау үшiн агент заңнамаға сәйкес iрiктеген астық қабылдау кәсiпорындарында жүзеге асырады.

      4. Сатып алуды жүзеге асыру үшiн Ауылшарминi мемлекеттiк ресурстарға астық сатып алу бойынша қызметтер көрсетуге агентпен шарт жасасады. Бұл ретте көктемгi-жазғы қаржыландыруға және күзгi сатып алуға бөлек шарттар жасалады. Шарт жасалғаннан кейiн, республикалық бюджеттен ақшалай қаражаттың түсуiне қарай Ауылшарминi ақшаны Астана қаласының Қазынашылық басқармасында агенттiң ашқан N 1 арнайы шотына аударады.

2. Астық сатып алуды жүргiзудiң және оны
қаржыландырудың шарттары мен тәртiбi

      5. Осы Ереже жарияланғаннан кейiн агент республикалық баспасөз басылымдарында сатушылардың өтiнiм беру, оларды комиссияның қарауы мерзiмдерi, орны және басқа шарттар туралы хабарландыру жариялайды.

      6. Сатушылардың "ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушi" деген анықтамаға сәйкестiгiн және бiр сатушыдан сатып алынатын астық көлемiн белгiлеу мақсатында жергiлiктi жерлерде облыс әкiмдерiнiң шешiмдерiмен жұмыс топтары құрылады.

      7. Жұмыс топтарының құрамына облыс әкiмдерiнiң ауыл шаруашылығы мәселелерiн қадағалайтын орынбасарлары, ауыл шаруашылығы департаменттерiнiң (басқармаларының), жер ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық органдардың, статистика және салық органдарының, Ауылшарминiнiң облыстық аумақтық органдарының өкiлдерi және агенттiң облыстық өкiлдiктерiнiң директорлары енгiзiледi.

      8. Өз астығын сатуға мүдделi сатушы жұмыс тобына:
      1) көктемгi-жазғы қаржыландыру арқылы сатып алу бағдарламасына қатысу үшiн:
      мiндеттi түрде екiншi деңгейдегi банктiң сатушыға банк кепiлдiгiн беру ниетi туралы хатын ұсына отырып өтiнiмдi;
      жер пайдалану құқығын белгiлейтiн құжаттың көшiрмесiн;
      2) тiкелей шарттар бойынша күзгi сатып алуға қатысу үшiн:
      өзi өндiрген астығын сату туралы жазбаша өтiнiмдi;
      астықтың бар екенiн куәландыратын астық қолхатының көшiрмесiн;
      жер пайдалану құқығын белгiлейтiн құжаттың көшiрмесiн ұсынады.

      9. Сатып алынатын астық сапалық көрсеткiштерi бойынша мынадай талаптарға сәйкес болуы тиiс:
      1) азық-түлiктiк жұмсақ бидай:
      Табиғи салмақ, г/л                 750-тан кем емес
      Ылғалдығы, %                       13,5-тен көп емес
      Дән маңызының жалпы үлесi, %       23,0-ден кем емес
      Дән маңызының сапасы, тобы         ІІ-ден төмен емес
      Протеин, %                         12,0-тен кем емес
      Мөлдiрлiгi, %                      50-ден кем емес
      Түссiздiгi (дәреже)                1-ден төмен емес
      Арамшөп қоспасы, %                 2,0-ден көп емес
      Дән қоспасы, %                     3,0-ден көп емес
      қалған сапалық көрсеткiштерi үшiншi сыныпты жұмсақ бидай үшiн 1046-2001 ҚР CT белгiлеген нормалар шегiнде;
      2) азық-түлiктiк қатты бидай:
      Табиғи салмақ, г/л                 750-ден кем емес
      Дән маңызының жалпы үлесi, %       25-тен кем емес
      Мөлдiрлiгi, %                      70-тен кем емес
      Түссiздігі (дәреже)                І-ден төмен емес
      Арамшөп қоспасы, %                 1,0-ден көп емес
      Дән қоспасы, %                     4,0-ден көп емес
      қалған сапалық көрсеткiштерi үшiншi сыныпты қатты бидай үшiн 1046-2001 ҚР СТ белгiлеген нормалар шегiнде;
      3) қытай бұршағының тұқымы:
      Ылғалдығы, %                       12,0-ден көп емес
      Арамшөп қоспасы, %                 2,0-ден көп емес
      Майлылық қоспасы, %                6,0-ден көп емес
      қалған сапалық көрсеткiштерi қытай бұршағының тұқымы үшiн 17109-88 МЕМСТ белгiлеген нормалар шегiнде.
      ЕСКЕРТУ. 9-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.08.26. N 863 қаулысымен .

      10. Жұмыс тобы сатушылар ұсынған құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестiгiн қарайды, облыс бойынша сатушылардың тiзiлiмiн жасайды, оны жұмыс тобы мүшелерiнiң қолдарымен куәландырады және осы Ереженің 8-тармағында көрсетiлген құжаттарды қосып комиссияға жiбередi.

      11. Комиссия жұмыс тобы ұсынған құжаттарды тексередi, республика бойынша сатушылардың тiзiлiмiн жасайды және оны шарт жасасу үшiн сатушылардың облыстар бойынша тiзiлiмiмен бiрге агентке ұсынады.

      12. Агент комиссия ұсынған құжаттардың негiзiнде агент бекiткен нысан бойынша сатушылармен астықты сатып алуға шарттар (бұдан әрi - Шарт) жасасады.
      Шарт жасасу үшiн сатушы агентке қосылған құн салығы бойынша есепке қойылғаны туралы куәлiктiң көшiрмесiн немесе салықтық тiркеу нөмiрiн көрсетiп және сатушы бiрыңғай жер салығын төлеушi екендiгiн және қосылған құн салығын төлеушi емес екендiгiн растай отырып, салық қызметi органының анықтамасын бередi.

      13. Сатып алу шарттары бойынша ақы төлеудi жүргiзу үшiн Сатушы агентке:
      1) көктем-жаз кезеңiнде - астықты сатып алуға арналған шартта көзделгеннен кем емес сомаға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң пруденциалдық нормативтерiн орындайтын Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банкiнiң төлем кепiлдiгiн;
      2) күзде - астық қолхатын, астық сапасының сертификатын, сәйкестiк сертификатын, салық заңнамасына сәйкес нысан бойынша шот-фактураны бередi.

      14. Агент осы Ереженiң 13-тармағында көрсетiлген құжаттарды сатушылар бергеннен кейiн Ауылшарминiнен алынған ақшаны үш банктік күн iшiнде сатушылардың шоттарына аударады.

      15. Сатушыларға ақшаның аударылуына қарай агент Ауылшарминiне Астана қаласы Қазынашылық басқармасының ақы төлегенi туралы белгiсi қойылған, сатушылармен жасалған шарттардың тiзiлiмдерiн ұсынады.
      16. Агент қосымша төлемдi жүзеге асыру үшiн сатушылармен агент бекiткен нысан бойынша қосымша келiсiмдер жасайды. <*>
      ЕСКЕРТУ. 16-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2003.08.26. N 863 қаулысымен .

Қазақстан Республикасы 
Yкiметiнiң      
2003 жылғы 26 ақпандағы
N 205 қаулысымен    
бекiтiлген      

Мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау бойынша
 көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттік сатып алу
ережесi

      Осы Ереже "Тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастыру мен жүргiзудiң ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 31 қазандағы N 1158 қаулысына  сәйкес әзiрленген және мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау бойынша көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алудың тәртiбiн белгiлейдi.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережеде мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) агент - "Азық-түлiк келiсiм-шарт корпорациясы" жабық акционерлiк қоғамы;
      2) комиссия - құрамына Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi (бұдан әрi - Ауылшарминi) мен агенттiң өкiлдерi енгiзiлетiн, агент құратын астық сақтау үшiн астық қабылдау кәсiпорындарын iрiктеу жөнiндегi комиссия.

2. Мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау бойынша
көрсетiлетiн қызметтерді мемлекеттiк сатып алуды
 ұйымдастыру мен жүргізу

      2. Мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау бойынша көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алуды осы Ережеге сәйкес агент жүзеге асырады.

      3. Мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау үшiн астық қабылдау кәсiпорындарын iрiктеудi комиссия жүргiзедi. Мемлекеттiк астық ресурстарын сақтауға рұқсат берiлген астық қабылдау кәсiпорындарының тiзiмiн Ауылшарминi бекiтедi.
       Агент республикалық баспасөз басылымдарында өтiнiмдi беру және комиссияның қарауы мерзiмдерiн, орнын және басқа да шарттарды көрсетiп, хабарландыру жариялайды.

      4. Мемлекеттiк астық ресурстарын сақтағысы келетiн астық қабылдау кәсiпорындары комиссияға жазбаша өтiнiм, астық қабылдау кәсiпорнының осы Ереженiң 5-тармағында көрсетiлген өлшемдерге сәйкестiгiн растайтын Ауылшарминiнiң тиiстi облыстық аумақтық органының ұсынымын тапсырады.
      Бұған қоса астық қабылдау кәсiпорындары кәсiпорын жарғысының нотариалды куәландырылған көшiрмелерiн, мерзiмi өткен берешегi жоқ екендiгi туралы банктiң (банктердiң) анықтамасын, салық және басқа да бюджетке мiндеттi төлемдердi төлеу бойынша мерзiмi өткен берешегi жоқ екендiгi туралы салық органының анықтамасын тапсырады.

      5. Мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау үшiн астық қабылдау кәсiпорындарын iрiктеу мынадай өлшемдер негiзiнде жүргiзiледi:
      1) астық сақтау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру құқығына арналған лицензияның болуы;
      2) технологиялық желiлердiң астықтың сапасы бойынша бiртектi партияларын қалыптастыру мүмкiндiгiн қамтамасыз ететiн элеваторлық-қоймалық сыйымдылықтармен жарақтандырылуы;
      3) астықты қоспалардан толық көлемде тазалауды қамтамасыз ететiн қазiргi заманғы астық тазалау машиналарымен жарақтандырылуы;
      4) кептiрудiң жұмсақ режимiн қолдану мүмкiндiгiн және астық сапасының сақталуын қамтамасыз ететiн тиiмдi астық кептiргiштермен жарақтандырылуы;
      5) механикаландырылған қоймалық және элеваторлық сыйымдылықтардың болуы;
      6) Қазақстан Республикасының стандарттау және метрология органдарында белгiленген тәртiппен тексеруден өткен аттестатталған зертхананың, астықтың сапасын анықтауға арналған зертханалық жабдықтар мен құралдардың болуы;
      7) астықтың температурасын дистанциялық бақылайтын дұрыс iстейтiн электротермометрлiк қондырғылардың болуы;
      8) темiр жол вагондары мен автокөлiктiң салмағын өлшеу үшiн таразы шаруашылығымен жарақтандырылуы;
      9) темiр жол вагондарын алып келу және алып кету үшiн жылдам тепловоздардың (мотовоздардың) болуы;
      10) меншiктi кiреберiс темiр жолдарының болуы.

      6. Комиссия астық қабылдау кәсiпорнының осы Ереженiң 5-тармағында көрсетiлген өлшемдерге сәйкестiгiне сүйене отырып, жай дауыс беру арқылы мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау үшiн астық қабылдау кәсiпорнын iрiктеу туралы шешiм қабылдайды. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешушi болып табылады.

      7. Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн сақтау жөнiндегi агенттiң қызметтер көрсетуiне ақы төлеу республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
      Мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарын, мемлекеттiк тұқымдық астық ресурстарын және мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарын сақтау агенттiң оларды сатудан алатын қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      8. Агент iрiктеп алынған астық қабылдау кәсiпорындарымен енгiзiлген мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарт жасасады, ол мынадай негiзгi шарттарды қамтуға тиiс:
      1) астық қабылдау кәсiпорнының мыналарды қамтамасыз ету бойынша мiндеттемелерi:
      мемлекеттiк ресурстар астығының сақталуы;
      астық қабылдау кәсiпорнының мемлекеттiк ресурстар астығын сақтаудың шарттарын орындау мен сақтауына бақылауды жүзеге асыру үшiн агенттiң уәкiлеттi өкілдерiн астық қоймаларының аумағына кедергiсiз жiберу;
      сақтауға қабылданған мемлекеттiк ресурстар астығын агенттiң талап етуi бойынша агенттiң нарядында және астық қолхатында көрсетiлген мерзiмде, көлемде және сапада агентке немесе үшiншi тұлғаға тиеп жiберу (беру);
      агенттiң жазбаша өкiмiнсiз (келiсiмiнсiз) сақтауға берiлген мемлекеттiк астық ресурстарын пайдалануға немесе оны үшiншi тұлғаларға беруге тыйым салу;
      астық қабылдау кәсiпорнында сақтаулы астықты кез-келген мөлшерде тиеп жiберудi Ауылшарминiнiң аумақтық органымен келiсу;
      сақтау процесiнде астық қорына зиянкестердiң ауру жұқтыруына жол берiлген жағдайда мемлекеттiк ресурстар астығын залалсыздандыру;
      агентке ай сайын мемлекеттiк ресурстар астығы қозғалысының ведомосын, сондай-ақ мемлекеттiк ресурстар астығының сандық-сапалық жай-күйiнiң нысандарын ұсыну;
      сақтауға қабылданған мемлекеттiк ресурстар астығы жоғалған, оның сапасы нашарлаған, сорттары араласып кеткен, бүлiнген және жетiспеген жағдайда мемлекеттiк ресурстар астығын қалпына келтiру;
      астық қабылдау кәсiпорны иесiнiң (құрылтайшысының), оның мәртебесiнiң және/немесе атауының өзгеруi, сондай-ақ астық қабылдау кәсiпорнын банкроттау, оның өз еркiмен таратылуы рәсiмдерi қозғалғаны туралы агенттi жазбаша хабардар ету;
      2) астық қабылдау кәсiпорнының өз мiндеттемелерiн тиiстi түрде орындамағаны үшiн шығындарды өтеу және агентке тұрақсыздық айыбын өтеу түріндегі жауапкершілігі;
      3) мемлекеттiк ресурстар астығын сақтау бойынша көрсетiлетiн қызметтерге ақы төлеу тәртiбi, ол мыналарды көздейдi:
      мемлекеттiк азық-түліктiк астық резервiн сақтау бойынша көрсетiлетiн қызметтерге ақша түрiнде ақы төлеу;
      мемлекеттiк сатылатын ресурстарды, мемлекеттiк тұқымдық және жемдiк астық ресурстарын сақтау бойынша көрсетiлетiн қызметтерге зат түрiнде - агент белгiлеген баға бойынша астықпен ақы төлеу.

      9. Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн сақтау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру мақсатында Ауылшарминi агентпен мемлекеттiк резерв астығын сақтау бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасасады.

      10. Ақшаны Ауылшарминi агентке ай сайын нақты көрсетiлген қызметтер үшiн ол облыстар бойынша көрсетiлген қызметтер туралы Ауылшарминiнiң облыстық аумақтық органдарының басшылары бекiткен есептер қоса берiлген республика бойынша көрсетiлген қызметтер жөнiндегi жиынтық актiнi тапсырған жағдайда аударады, Есептiлiк нысанын Ауылшарминi бекiтедi.

      11. Көрсетiлген қызметтер үшiн агентке ақы төлеудi Ауылшарминi ақшалай қаражат түсуiне қарай ақшаны Астана қаласының Қазынашылық басқармасында агент ашқан N 3 арнайы шотқа аудару арқылы жүргiзедi.

Қазақстан Республикасы 
Yкiметiнiң      
2003 жылғы 26 ақпандағы
N 205 қаулысымен    
бекiтiлген      

Мемлекеттiк астық ресурстарының орнын ауыстыру
бойынша көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу
ережесi

      Осы Ереже "Тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастыру мен жүргiзудiң ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 31 қазандағы N 1158 қаулысына сәйкес әзiрленген және мемлекеттiк астық ресурстарының орнын ауыстыру бойынша көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алудың тәртiбiн белгiлейдi.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережеде мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) агент - "Азық-түлiк келiсiм-шарт корпорациясы" жабық акционерлiк қоғамы;
      2) комиссия - агент құратын, құрамына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң (бұдан әрi - Ауылшарминi) және агенттiң өкiлдерi енгiзiлетiн мемлекеттiк астық ресурстарының орнын ауыстыру бойынша көрсетiлетiн қызметтердi жеткiзушiлердi iрiктеу жөнiндегi комиссия;
      3) тасымалдаушы - осы Ережеге сәйкес мемлекеттiк астық ресурстарының орнын ауыстыруды жүзеге асырушы көлiктiк ұйым;
      4) мемлекеттiк астық ресурстарының орнын ауыстыру - астықтың сақталуын қамтамасыз ету және мемлекеттiк ресурстар астығының iрi көлемдерiн жекелеген астық қабылдау кәсiпорындарына шоғырландыру мақсатында республика iшiнде бiр астық қабылдау кәсiпорнынан екiншiсiне мемлекеттiк астық ресурстары бiр бөлiгiнiң орнын ауыстыру.

2. Мемлекеттiк астық ресурстарының орнын ауыстыру бойынша
көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алуды
ұйымдастыру және жүргізу

      2. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша мемлекеттiк астық ресурстарының орнын ауыстыру темiр жол немесе автомобиль көлiгiмен жүзеге асырылады.

      3. Мемлекеттiк астық ресурстарының орнын темiр жол көлiгiмен ауыстыру кезiнде агент вагондар бөлуге "Қазақстан темiр жолы" ұлттық компаниясы" жабық акционерлiк қоғамына өтiнiм бередi және темiр жол қызметтерiнiң астықты тасымалдау бойынша көрсететiн қызметтерiне ақы төлейдi.

      4. Мемлекеттiк астық ресурстарының орнын автомобиль көлiгiмен ауыстыру бойынша көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу комиссияның тасымалдаушыларды ықтимал жеткiзушiлердiң арасынан iрiктеу жолымен жүзеге асырылады.
      Агент мемлекеттiк астық ресурстарының орнын автомобиль көлігімен ауыстыру үшiн тасымалдаушыларды iрiктеудi жүргiзудiң мерзiмдерi, орны және уақыты туралы мерзiмдi баспасөзде хабарландыру жариялайды.

      5. Мемлекеттiк астық ресурстарының орнын автомобиль көлiгiмен ауыстыру бойынша көрсетiлетiн қызметтердi жүзеге асыруға ниет бiлдiрген тасымалдаушылар комиссияға өтiнiм кәсiпорын жарғысының нотариалды куәландырылған көшiрмесiн, мерзiмi өткен берешегi жоқ екендiгi туралы банктiң (банктердiң) анықтамасын, өтiнiм берген уақытта салық және басқа да бюджетке мiндеттi төлемдердi төлеу бойынша берешегi жоқ екендiгi туралы салық органының анықтамасын, мөр соғып жабылған, комиссия отырысында ашылатын конверттегi баға ұсынысын тапсырады.

      6. Мемлекеттiк астық ресурстарының орнын автомобиль көлiгiмен ауыстыру үшiн тасымалдаушыларды iрiктеу мынадай өлшемдер негiзiнде жүргiзiледi:
      1) көлiктiк қызметтер көрсету бойынша iс-әрекеттi жүзеге асыру құқығына арналған лицензияның (лицензияның болуы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарында көзделген жағдайда) және (немесе) басқа да рұқсат құжаттарының болуы;
      2) астықты тасымалдау үшiн қажеттi дұрыс iстейтiн көлiк құралдарының және басқа да материалдық ресурстардың болуы;
      3) астық тасымалдау бойынша қызметтi жүзеге асыру тәжiрибесiнiң болуы;
      4) астықтың орнын ауыстыру бойынша көрсетiлетiн қызметтерге неғұрлым төменгi бағалар.

      7. Осы Ереженiң 6-тармағында көрсетiлген өлшемдерге сүйене отырып, комиссия ашық дауыс беру жолымен мемлекеттiк астық ресурстарының орнын ауыстыру үшiн тасымалдаушыларды iрiктеу туралы шешiм қабылдайды. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешушi болып табылады.

      8. Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiнiң орнын ауыстыру республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Мемлекеттiк тұқымдық астық ресурстарының, мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарының және мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарының орнын ауыстыру оларды сатудан алынған қаражаттың есебiнен жүзеге асырылады.

      9. Агент комиссия iрiктеген тасымалдаушылармен мемлекеттiк астық ресурстарының орнын ауыстыруға арналған шарт жасасады.

      10. Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiнiң орнын ауыстыру жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру мақсатында Ауылшарминi агентпен мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiнiң орнын ауыстыру бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарт жасасады.

      11. Ақшалай қаражатты Ауылшарминi агент Астана қаласының Қазынашылық басқармасында ашқан арнайы шотқа мынадай тәртiппен аударады:
      шарттың жалпы сомасының 30 пайызын алдын-ала төлеу;
      агент республика бойынша жиынтық есеп және облыстар бойынша көрсетiлген қызметтер туралы Ауылшарминiнiң облыстық аумақтық органдарының бастықтары бекiткен есептер қоса берiлген көрсетiлген қызметтерге ақы төлеуге арналған актiнi бергенде нақты көрсетiлген қызметтер үшiн ақы төлеу. Есептiлiк нысанын Ауылшарминi бекiтедi.