Қылмыстық істерді апелляциялық тәртіппен қарау тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы N 13 нормативтік қаулысы.

Жаңартылған

      Қылмыстық істерді апелляциялық сатыда қарау туралы өзгерістердің заңға енгізілуіне байланысты және апелляциялық (жекеше) шағымдар мен прокурордың өтінішхаттары бойынша қылмыстық істерді қарау кезінде қылмыстық-процестік заңнаманы біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "ҚІЖК-нің" деген сөздер "КПК-нің" деген сөздермен ауыстырылды;
      бүкіл мәтін бойынша "наразылықтар", "прокурордың наразылығы", "наразылықты беру", "наразылықты берудің", "наразылықты", "наразылықтың", "Шағым берілмеген, наразылық білдірілмеген", "наразылық", "наразылықпен", "шағым беруге, наразылық білдіруге", "шағым беріліп, наразылық білдірілген", "наразылықта", "наразылықтарды", "наразылығында", "нарызылығы болған", "Наразылық", "наразылықтағы", "наразылық келтіргеннен" деген сөздер тиісінше "прокурордың өтінішхаттары", "прокурордың өтінішхаты", "прокурордың өтінішхат беру", "прокурордың өтінішхат беруінің", "прокурордың өтінішхатын", "прокурордың өтінішхатының", "Шағым, прокурордың өтінішхаты берілмеген" "прокурордың өтінішхаты", "прокурордың өтінішхатымен", "шағым, прокурордың өтінішхатын беруге", "шағым, прокурордың өтінішхаты берілген", "прокурордың өтінішхатында", "прокурордың өтінішхаттарын", "прокурордың өтінішхатында", "прокурордың өтінішхаты болған", "Прокурордың өтінішхаты", "прокурордың өтінішхатындағы", "прокурор өтінішхат келтіргеннен" деген сөздермен ауыстырылды;
      бүкіл мәтін бойынша "1-бөлігінің", "1-бөлігінде", "2-бөлігінің", "2-бөлігінде", "2-бөлігіне", "3-бөлігінде", "3-бөлігіне", "5-бөлігіне", "5-бөлігінің", "7-бөлігінің", "8-бөлігінде", "9-бөлігінің" деген сөздер тиісінше "бірінші бөлігінің", "бірінші бөлігінде", "екінші бөлігінің", "екінші бөлігінде", "екінші бөлігіне", "үшінші бөлігінде", "үшінші бөлігіне", "бесінші бөлігіне", "бесінші бөлігінің", "жетінші бөлігінің", "сегізінші бөлігінде", "тоғызыншы бөлігінің" деген сөздермен ауыстырылды;
      бүкіл мәтін бойынша "наразылық білдірген", "шағым беріп, наразылық білдіре алады", "наразылық келтірудің", "наразылық білдірудің", "наразылық келтіруге", "наразылық келтірсе", "наразылық білдіру" деген сөздер тиісінше "өтінішхат келтірген", "шағым, прокурордың өтінішхатын беруге құқылы", "прокурордың өтінішхат келтіруі", "прокурордың өтінішхат келтіруінің", "прокурордың өтінішхат келтіруіне", "өтінішхат келтірсе", "прокурордың өтінішхат келтіруі" деген сөздермен ауыстырылды;
      бүкіл мәтін бойынша "өндіріс", "өз өндірісіне", "өндірістің" деген сөздер тиісінше "іс жүргізу", "өзінің іс жүргізуіне", "іс жүргізудің" деген сөздермен ауыстырылды;
      бүкіл мәтін бойынша "қысқартылады", "қысқартуға", "қысқарту", "қысқартқан", "қысқарта", "қысқартылуға", "қысқартып", "қысқартылған", "қысқартылғаны" деген сөздер тиісінше "тоқтатылды", "тоқтатуға", "тоқтату", "тоқтатқан", "тоқтата", "тоқтатылуға", "тоқтатып", "тоқтатылған", "тоқтатылғаны" деген сөздермен ауыстырылды;
      бүкіл мәтін бойынша "үкімді (қаулыны) бұзу", "үкімін (қаулысын) бұзу", "үкімін бұзу", "үкімін бұза отырып", "үкімді бұзуға", "үкімнің сөзсіз бұзылуына", "үкімді бұзу", "сот үкімі толық бұзылуға", "үкімді бұзып", "үкімі бұзылуға", "үкімін бұзуға", "сот үкімін қалған бөлігін бұзбай", "дұрыс қолданылмауын бұзу", "ақтау үкімін немесе істі қысқарту туралы қаулыны бұзуға" деген сөздер тиісінше "үкімнің (қаулының) күшін жою", "үкімінің (қаулысының) күшін жою", "үкімінің күшін жою", "үкімінің күшін жоя отырып", "үкімнің күшін жоюға", "үкімнің сөзсіз күшін жоюға", "үкімнің күшін жою", "сот үкімінің күші толық көлемде жойылуға", "үкімнің күшін жойып", "сот үкімнің күші жойылуға", "үкімінің күшін жоюға", "сот үкімінің қалған бөлігінің күшін жоймай", "дұрыс қолданылмауының күшін жою", "ақтау үкімінің немесе істі тоқтату туралы қаулыныың күшін жоюға" деген сөздермен ауыстырылды;
      бүкіл мәтін бойынша "(жеке) шағымдарды", "жеке айыптаушы", "жеке айыптаушылардың", "жеке айыптаушының", "жеке қаулыны", "жеке қаулыда", "жеке қаулымен", "жеке қаулыларға" деген сөздер тиісінше "(жекеше) шағымдарды", "жекеше айыптаушы", "жекеше айыптаушылардың", "жекеше айыптаушының", "жекеше қаулыны", "жекеше қаулыда", "жекеше қаулымен", "жекеше қаулыларға" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      1. Апелляциялық іс жүргізу Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 31-бабында бекітілген іс жүргізу әрекеттері және шешімдеріне еркін шағымдану жөніндегі құқықтарды іске асырудың процессуалдық формаларының бірі болып табылады және КПК-нің 414-бабының бірінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген тұлғалардың шағымдары және прокурордың өтінішхаты бойынша қозғалатынына соттардың назары аударылсын.

      Осыған байланысты бірінші сатыдағы соттар шағымды, прокурордың өтінішхатын қабылдау кезінде шағым, прокурордың өтінішхатын берген тұлғаның өкілеттігін тексеруі қажет.

      Процеске қатысушылар үкім шығарылғаннан кейін қайтыс болған сотталған адам жөнінде оны ақтау үшін қажетті негіздер бойынша ғана шағым, прокурордың өтінішхатын беруге құқылы.

      Апелляциялық шағымдарды, прокурордың өтінішхатын қабылдау туралы мәселені шешкен кезде бірінші сатыдағы соттар ҚПК-нің 423-бабы екінші бөлігінің талаптарын орындауға міндетті. Егер апелляциялық сатыдағы сот шағымның, прокурордың өтінішхатының аталған баптың бірінші бөлігінің талаптарына сәйкессіздігін анықтаса, ол үкім шығарған сотқа кейіннен беру мүмкіндігін түсіндіре отырып, тиісінше ресімдеу үшін өз қаулысымен оларды авторларына қайтарады, іс бірінші сатыдағы сотқа жіберіледі.

      ҚПК-нің 415-бабының үшінші бөлігінде көрсетілгендерді қоспағанда, бірінші сатыдағы соттардың қаулыларына шағым жасалған жағдайда, ҚПК-де белгіленген мерзімде апелляциялық сатыға жекеше шағым немесе прокурордың өтінішхаты, сондай-ақ шағымдану, дау айту нысанасына қатысты бөлінген материалдар жіберілуге тиіс.

      Апелляциялық сатыға бірінші сатыдағы соттың іс түпкілікті шешілгенге дейін сот талқылауы кезінде шығарылған қаулыларына жекеше шағымдар немесе прокурордың өтінішхаттары келіп түскен кезде, олар бойынша апелляциялық сатының шешімі бірінші сатыдағы сотта істі одан әрі қарауға елеулі әсер етуі мүмкін болғандықтан, оларды ақылға қонымды мерзімде (келіп түскен сәттен бастап 10 тәулікке дейінгі мерзімде) жедел қарауды қамтамасыз ету қажет.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      2. Әрбір шағым, наразылық сотқа түсісімен түскен күні көрсетіліп, дереу тіркелуі қажет. ҚПК-нің 418-бабында көрсетілген мерзім өткізіліп берілген шағым, наразылық оны қалпына келтіру туралы өтінішхат болмаған кезде осы негіздеме көрсетіліп қайтарылуға жатады. Бірінші сатыдағы сот бұл туралы қаулы шығарады, ол оған шағымданудың, прокурордың өтінішхат келтіруі тәртібі мен мерзімдері түсіндіріліп, авторға жіберіледі. Осы ретте апелляциялық сатының судьясы істі мәні бойынша қарау үшін кедергі келтіретін мән-жайларды істі қарауға дайындау барысында анықтау жөнінде шаралар қабылдауға тиіс. Егер бірінші сатыдағы сот қабылдаған апелляциялық (жекеше) шағымдарды, прокурордың өтінішхат беру мерзімінің өтіп кету фактісі істі апелляциялық сатыда қарау барысында анықталса, онда судья (сот) оларды қараусыз қалдыру туралы қаулы шығаруға және істі тиісінше ресімдеу үшін сотқа қайтаруға тиіс.

      Егер апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхатын беруге құқылы тұлға өткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш берсе, онда мұндай өтініш КПК-нің 419-бабында көзделген тәртіппен міндетті түрде қарауға жатады. Апелляциялық шағымдарды, прокурордың өтінішхат беруінің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтіру туралы қаулы бөлек шағымдануға, прокурордың өтінішхат келтіруіне жатпайды, бірақ ҚПК-нің 419-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда апелляциялық саты оны қайта қарайды. Апелляциялық сатыға өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат түскен кезде іс шағымдармен, прокурордың өтінішхатымен және өтінішхаттармен бірге бірінші сатыдағы сотқа оларды қарау үшін жіберіледі.

      Өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіруден бас тарту туралы судья қаулысына шағым, прокурордың өтінішхаты берілген жағдайда бірінші сатыдағы сот шағымды, прокурордың өтінішхатын іспен бірге апелляциялық сатыдағы сотқа жібереді.

      Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы туралы қылмыстық процестің қағидатын сақтау мақсатында соттар өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіруден бас тарту туралы қаулыға берілген шағымдарды және апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхаттарды қараған кезде негізсіз бас тарту жағдайларын болдырмауға тиіс.

      ҚПК-нің 419-бабы жәбірленушінің шағымына немесе прокурордың өтінішхатына сотталған (ақталған) адамның жағдайын нашарлатуға бағытталған жаңа талаптармен толықтырулар беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруді көздемейді.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерісnth енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      3. Процеске қатысушылардың олардың белгіленген мерзімдерде берген шағымды немесе прокурордың өтінішхатын өзгерту не толықтыру құқығы сот отырысы басталғанға дейін ғана іске асырылуы мүмкін.

      Сотталған адамның жағдайын ауырлату мақсатындағы өзгерістер мен толықтыруларды, егер осындай мәселе алғашқы шағымда, прокурордың өтінішхатында қойылған жағдайда ғана енгізуге жол беріледі. Осы орайда сотталған адамның жағдайының ауырлағаны туралы қосымша шағым, наразылық шағым беру мен прокурордың өтінішхат келтіруінің белгіленген мерзімдерінде ғана берілуі мүмкін.

      Сотталған адамның жағдайының ауырлағаны туралы уәждер келтіріліп, мерзімі өткізіліп барып берілген шағым, наразылық, егер бастапқы шағымда немесе прокурордың өтінішхатында бұл туралы талап қойылмаса, онда қосымша шағым мен наразылық деп танылмайды.

      4. Егер апелляциялық шағымды бірінші сатыдағы сотқа қатысқан қорғаушы берсе, ал үкім шығарылғаннан кейін іске сотталған адамның келісімімен басқа қорғаушы қатысса, онда ол алдыңғы уәждерді өзгертіп не жаңа уәждер келтіре отырып, сотталған адамның атынан қосымша апелляциялық шағым бере алады.

      Сотталған адам қорғаушының апелляциялық шағымын қайтарып алған және істі қарау үшін басқа негіздер болмаған жағдайда қорғаушының шағымы бойынша қозғалған апелляциялық іс жүргізу тоқтатылды.

      Апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын кері қайтарып алу туралы арыз, өтініш КПК-нің 423-бабының бесінші бөлігіне сәйкес сот отырысы басталарға дейін ғана беріледі. Шағымды кері қайтарып алу туралы өтініш бойынша сот шешімін судья шығарады және ол қаулымен ресімделеді. Егер апелляциялық іс жүргізу кері қайтарып алынбаған шағымның, прокурордың өтінішхатының негізінде жүзеге асырылса, шағымды, прокурордың өтінішхатын кері қайтарып алу туралы өтінішхат бойынша шешім, қаулының негізгі мәтініне енгізілуі мүмкін.

      КПК-нің 94-бабына сәйкес қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысудан шеттетілуге жататын, бірақ уақытында шеттетілмеген қорғаушының берген шағымы апелляциялық сатыда қарауға жатады.

      Істі апелляциялық сатыда қарау сәтінде он сегіз жасқа толған кәмелетке толмаған сотталған адамның немесе жәбірленушінің заңды өкілдерінің өздері іске қатысқан кезеңде берген шағымдары заңды өкілдердің функцияларының аяқталғанына қарамастан апелляциялық тәртіппен қарауға жатады.

      Үкім шығарылғанға дейін процеске қатысушылар болып танылмаған және осыған байланысты өздерінің процеске қатысушылар құқығын пайдалануға мүмкіндігі болмаған, бірақ кейіннен заңмен белгіленген тәртіппен процеске қатысушы болып танылған тұлғалар апелляциялық шағым беру үшін мерзімді қалпына келтіру жөнінде мәселе қоюға құқылы. Мұндай жағдайларда процестің жаңа қатысушысына іс материалдарымен танысып, өз құқықтарын іске асыруға мүмкіндік беру үшін апелляциялық сатыдағы сот істі бірінші сатыдағы сотқа қайтаруға тиіс.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      5. Апелляциялық сатыдағы сот істі өзінің іс жүргізуіне қабылдай отырып, тараптардың сот отырысы хаттамасының әзірленгені жөнінде тиісінше хабарланғаны туралы және олармен танысулары үшін шынайы мүмкіндік жасалғаны және хаттама жөнінде түскен ескертпелердің қаралғаны туралы; процеске қатысушылардың түскен шағым мен наразылық туралы хабарланғаны және осы құжаттармен, сондай-ақ қоса берілген қосымша материалдармен танысуына мүмкіндік берілгені туралы мәліметтердің істе болуын тексеруге тиіс.

      Іс ҚПК-нің 425-бабында белгіленген мерзімдерде апелляциялық тәртіпте қаралуға тиіс. Бұл ретте сот жаңа материалдар мен дәлелдемелерді зерттеген немесе үкімнің күші жойылған және іс бірінші сатыдағы сот үшін көзделген тәртіпте қаралған кездегі жағдайлар үшін екі айлық мерзім белгіленген. Мерзім ерекше жағдайларда ұзартылуы керек, ұзартудың уәждері қаулыда негізделуге тиіс.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      6. Апелляциялық сатыдағы сот қылмыстық іс шағымдармен, прокурордың өтінішхатымен бірге келіп түсісімен істі тыңдауға тағайындауға кедергі болатын мән-жайлардың жоқ екенін анықтап, сот отырысын тағайындайды, ҚПК-нің 414-бабына сәйкес апелляциялық сатыдағы сотқа қатысуға құқығы бар адамдарды, олардың үкімге (қаулыға) дау айтқанына - айтпағанына қарамастан, істі қараудың уақыты мен орны туралы хабардар етеді. Қылмыстық сот ісін жүргізу саласына тартылған адамдардың құқықтарын сақтау және кеңейту, апелляциялық сатыдағы соттардың қалыпты жұмысын және процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ апелляциялық сатыдағы соттардың сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату мақсатында ақпараттық технологияларды қолдануға, атап айтқанда істерді қашықтықтан қарауды жүзеге асыруға құқығы бар. Онлайн-процестер сот отырысының электрондық хаттамасында тіркелуге тиіс.

      Тиісінше хабарланған процеске қатысушылардың апелляциялық сатыдағы сотқа келмеуі істің қаралуына кедергі болмайды. Қатысуы міндетті болып табылатын прокурор келмеген жағдайда істі апелляциялық сатыда қарау оның қатысуын қамтамасыз ету үшін қажетті уақытқа дейін кейінге қалдырылады.

      Істі қарау дәлелді себептермен кейінге қалдырылған және осыған байланысты оны қарау мерзімі ұзартылған, сондай-ақ заң талап еткен шарттардың сақталмауына байланысты ол қараудан алынып тасталған жағдайда апелляциялық сатының соты қаулы шығарып, процеске қатысушыларды осы туралы хабардар етуге тиіс.

      Апелляциялық сатыдағы отырысқа сотталғанның/ақталғанның қатысуы КПК-нің 428-бабының үшінші бөлігіне сәйкес қамтамасыз етіледі, қорғаушының қатысуы КПК-нің 67-бабында көрсетілген жағдайларда және КПК-нің 428-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртіпте қамтамасыз етіледі.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      7. Қамауда отырған сотталған адамның сот отырысына қатысуы туралы мәселені екінші сатыдағы соттың шешетіні ескеріле отырып, апелляциялық сатыға жіберілетін іс материалдарында сотталған адамға апелляциялық сатының сотына қатысу құқығының түсіндірілгені туралы мәліметтер болуға тиіс. Сотталған адамның апелляциялық сатыдағы сотқа қатысуға ниетті екені немесе қатысудан бас тартқаны туралы мәліметтерді бірінші сатыдағы сот іс материалдарына тігіп қоюы қажет, ал олар болмаған жағдайда алдыртуға тиіс.

      КПК-нің 428-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген жағдайларда апелляциялық сатыдағы сот сотталғанның сот отырысына қатысу құқығын оның тікелей қатысуымен не оның қашықтық форматында қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып қамтамасыз етуге міндетті.

      Өзге жағдайларда сотталған адамды сот отырысына шақыру туралы мәселені істің мән-жайын жан-жақтылы зерттеу мақсатында және оның процессуалдық құқықтарын сақтау қажеттігін (мысалы, сараптама тағайындау кезінде) негізге ала отырып апелляциялық сатының соты шешеді.

      Сотталған адамды сот отырысына шақыру туралы қаулы шығарылады. Апелляциялық сатыдағы соттың сотталған адамды сот отырысына шақыру жөніндегі өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімі істі қараудың нәтижелері бойынша шығарылған сот қаулысында көрсетілуге тиіс.

      Апелляциялық сатыдағы соттың істі қамауға алынбаған сотталған адамның, ақталған адамның немесе олардың қорғаушысының қатысуынсыз қарауы, егер олар сот отырысының болатын уақыты туралы хабардар болмаса және мұның өзі оларды сот отырысына қатысу мүмкіндігінен айырса, қылмыстық іс жүргізу заңын айтарлықтай бұзу болып табылады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      8. КПК-нің 424-бабы бірінші бөлігінің талаптарын ескере отырып, апелляциялық сатының соты шағымдар мен прокурордың өтінішхаттары бойынша істі қарау кезінде әрбір сотталған адамға қатысты істің қаншалықты жан-жақты, толық әрі объективті зерттелгенін, оның қылмысының саралануының дұрыстығын, жазалау шарасының жасалған әрекетке сәйкестігін өз құзыреті шегінде тексеруге тиіс.

      Апелляциялық сатыдағы сот шағымдар мен прокурордың өтінішхатының уәждеріне қарамастан, сотталған адамдардың мүдделері мен заңды құқықтарының бұзылуы анықталған жағдайда, үкімге (қаулыға) жағдайды жақсартуға бағытталған тиісті өзгерістерді енгізуге немесе үкімді (қаулыны) заңсыз деп тануға және КПК-нің 426-бабының екінші бөлігінің тәртібімен күшін жоюға құқылы.

      Шағым, прокурордың өтінішхаты берілмеген адамдарға қатысты үкімнің (қаулының) күшін жою немесе өзгерту үшін негіздер болған жағдайда, екінші сатыдағы сот қаулының кіріспе бөлігінде осы сотталған адамның жеке басы жөнінде мәліметтер келтіріп, оның қандай заңмен, қандай жазаға кесілгені туралы көрсетіп, оған қатысты істің КПК-нің 404-бабының екінші бөлігінің тәртібімен қаралып отырғанына сілтеме жасауы қажет.

      Егер шағым берілмеген және наразылық білдірілмеген адамдарға қатысты сот үкімін (қаулысын) қайта қарау үшін негіздер анықталмаған жағдайда, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысында істі толық көлемінде тексеру туралы және осы адамдарға қатысты сот қаулыларын өзгеріссіз қалдыру туралы көрсетілуге тиіс емес.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      9. Апелляциялық сатыда істерді қарау кезінде соттың құрамы ҚПК-нің 52-бабының екінші бөлігіне сәйкес анықталады. Егер аса ауыр қылмыстарды жасаған деп айыпталған адамның әрекеті сот үкімімен ауырлығы төмендеу баптар бойынша сараланса, мұндай іс апелляциялық сатыда судьяның жеке-дара қарауына жатады.

      Егер ауырлығы орташа, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деген айып бойынша сотқа берілген адамның әрекеті сот үкімімен қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс ретінде сараланса, қылмыстық іс апелляциялық сатыдағы сотта алқалы түрде қаралуға тиіс.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) yормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10. Апелляциялық сатыдағы соттар істерді қараған кезде КПК-нің 429-бабында белгіленген тәртіпті сақтап, процеске қатысушыларға өздерінің іс бойынша айқындамаларын білдірулері үшін бірдей жағдай мен мүмкіндік туғызып, олардың заңды құқықтарын іске асыруларын қамтамасыз етулері қажет.

      Тараптардың қосымша материалдарды іске қосу жөніндегі өтініштерін қарау кезінде олардың қандай жолмен алынғанын және қандай жағдайды растау үшін ұсынылып отырғанын анықтаған жөн. Осы орайда КПК-нің 112 және 429-баптарында сәйкес тергеу амалдарын жүргізу жолымен алынған материалдардың қабылдануға тиіс емес екенін назарда ұстау қажет.

      Апелляциялық сатыдағы сот тараптардың КПК-нің 429-бабының үшінші бөлігіне сәйкес мәлімдеген өтініштерін қарағаннан кейін, оларды қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы жеке құжат түріндегі қаулы шығарады. Өтініштерді қанағаттандырған кезде оларды қосымша зерттеу қажеттілігі болса, сот қаулыда сот тергеуін жаңартуы туралы көрсетеді және КПК-нің 429-бабының бесіншіден бастап сегізіншіні қоса алғандағы бөліктерінде көзделген әрекеттерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      11. ҚПК-нің 429-бабының бесінші бөлігінде көрсетілген тергеу амалдарын жүргізбестен алынған, іс бойынша мән-жайды анықтау үшін маңызы бар материалдарды қосымша материалдар деп түсіну қажет. Олар хабарлар, құжаттар және ақиқатты анықтауға көмектесетін, іс бойынша ақпараты бар заттар болуы мүмкін. Оларға сондай-ақ мінездемелер, наградалар туралы мәліметтер, хаттар, арыздар, түбіртектер, шарттар, қолхаттар, тексеру актілері, қызметтік хат-хабарлар, ауырғаны, сотталғаны туралы анықтамалар, полиция қызметкерлерінің рапорттары, фонограммалар, бейнежазбалар, кинофотоқұжаттар және фактілер мен мән-жайларды куәландыратын басқа да материалдар жатады.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      12. Апелляциялық сатыдағы сот үкімнің (қаулының) заңдылығы мен негізділігін тексеру кезінде КПК-нің 337-бабының жетінші бөлігінің талаптарын ескеріп отырулары қажет. Ол бойынша бірінші сатыдағы сот мемлекеттік, жекеше айыптаушы айыптаудан бас тартқан кезде істі толық немесе ішінара тоқтатуға не істі айыптау тарабының бастамасы бойынша сотта қолданған жаңа айыптау бойынша қарауға тиіс.

      Мұндай жағдайларда айыптау тарабы бірінші сатыдағы сот мемлекеттік, жекеше айыптаушылардың басты сот талқылауындағы, апелляциялық сатыдағы айқындамасына сәйкес шығарған қаулысын, үкімін жою немесе өзгерту туралы шағымды, прокурордың өтінішхатын қарау кезінде апелляциялық қараудың нысанын айқындайтын КПК-нің 424-бабының талаптарын және шешім қабылдау барысында екінші сатыдағы соттың шешімдерді қабылдау кезіндегі өкілеттіктерін реттейтін КПК-нің 442, 663-баптарын негізге алулары қажет. Осы баптарға сәйкес, прокурор мен жекеше айыптаушының бірінші сатыдағы соттағы айқындамасы апелляциялық қараудың пәніне кірмейді және бірінші сатыдағы соттың үкімінің (қаулысының) күшін жою немесе өзгерту үшін негіз болып табылмайды.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      13. Сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы мәселе қойылған, бірақ апелляциялық сатының сот отырысында істі қарауға қатысушы прокурор қолдамаған прокурордың өтінішхаты үкімнің (қаулының) күшін жою немесе өзгерту туралы шешім қабылдау үшін өтінішхатта баяндалған уәждер бойынша негіз бола алмайды.

      Прокурордың сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы дәлелдері жоқ өтінішхаты дәл сондай жағдайларда жалпы тәртіппен қаралуға жатады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      14. Апелляциялық саты тараптардың өтініші бойынша шағымдарды, қарау кезінде КПК-нің 430-бабында көрсетілген әрекеттерді жүзеге асыруға құқылы.

      Апелляциялық сатыдағы сот келісімдік іс жүргізуде қаралған істер бойынша сот актілерінің заңдылығын процестік келісімді жасаған кезде заңның сақталуы және сотта іс бойынша іс жүргізу тәртібі бөлігінде ғана тексереді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 68-бабында көзделген негіздер бойынша істі тоқтату туралы қаулыға берілген шағымдарды, прокурордың өтінішхатын қараған кезде апелляциялық сатыдағы сот істі дұрыс шешу үшін мәні бар басқа да мән-жайлармен қатар тараптардың татуласуға қол жеткізілгені туралы келісімнің заңдылығын тексереді.

      Егер осының нәтижесінде қосымша мәліметтер анықталса, онда апелляциялық сатыдағы сот оларды ҚР КПК-нің 429-бабының талаптарын қатаң орындай отырып пайдалануы мүмкін.

      Апелляциялық сатыдағы сот өкілеттіктерін іске асыру жөніндегі барлық әрекеттер қаулымен ресімделеді. Апелляциялық саты отырысында хаттама КПК-нің 429-бабының сегізінші бөлігінде көзделген жағдайларда жүргізіледі.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      15. Апелляциялық сатыдағы сот істі айыптау тарабы басты сот талқылауы кезінде қолдаған айыптау шегінде қарайды және КПК-нің 431-бабында көрсетілген шешімдердің бірін қабылдайды.

      Апелляциялық саты КПК-нің 431-бабы бірінші бөлігінің 1)-3), 6)-8) тармақтарында көзделген шешімдерді қабылдаған кезде қаулы шығарады. КПК-нің 431-бабы бірінші бөлігінің 4), 5) тармақтарында көзделген шешімдерді қабылдаған кезде апелляциялық саты бірінші сатыдағы сот үкімінің (қаулысының) күшін жою туралы қаулы шығарады, содан кейін КПК-нің 46-тарауының талаптарын сақтай отырып, жаңа үкім шығарады. Үкім шығарған кезде КПК-нің 395-401-баптарының талаптарын қатаң басшылыққа алу қажет.

      КПК-нің 433-бабында көрсетілген заң бұзушылықтар сот үкімінің күшін жою немесе өзгерту үшін негіз болып табылады.

      Апелляциялық сатыдағы сот жекелеген адамдарға немесе ҚК-нің бір немесе бірнеше баптары бойынша сотталған адамдарға қатысты алқабилердің қатысуымен қабылданған сот үкімін толық немесе ішінара жоюға құқылы.

      Апелляциялық сатыдағы сот сот үкімінің күшін жоя отырып, қандай мән-жайлар тексерілуге жататынын және жол берілген олқылықтарды қалай жою керектігін көрсетіп, істі жаңадан қарау кезінде бірінші сатыдағы соттың тұжырымын алдын ала шешпейтін және бірінші сатыдағы соттардың дәлелдемелерді өз қалауы бойынша жан-жақты бағалау мүмкіндігіне кедергі келтірмейтін ұсыныстар беруге ғана құқылы.

      Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан істі тоқтатқан кезде апелляциялық саты ҚПК-нің 35-бабы тоғызыншы бөлігінің талаптарын орындауға міндетті.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      16. Сот тергеуінің біржақты және толық жүргізілмеуі, егер істегі материалдардың және апелляциялық сатыдағы сотқа қосымша ұсынылған материалдардың негізінде оларды тексермейінше шағымның немесе прокурордың өтінішхатының мәні бойынша шешім қабылдау мүмкін болмаса, үкімнің күшін жоюға негіз бола алады.

      Айыптаудың басқа көріністерімен бірге ҚК-нің бір бабы бойынша сараланған жекелеген көріністер жөнінде істің мән-жайы жеткілікті зерттелмеген жағдайда апелляциялық сатыдағы сот осы көріністерді үкімнен шығарып тастап, оны қалған бөлігінде өзгеріссіз қалдыруға құқылы.

      Айыптаудың жекелеген көріністері бойынша немесе жеке адамдарға қатысты үкімнің қалған бөлігін өзгеріссіз қалдыра отырып оның күшін жойған кезде апелляциялық сатыдағы сот істі осы бөлікте қарау үшін бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша сот талқылауын тағайындайды.

      ҚК-нің тиісті баптары бойынша өз алдына бөлек сараланған бірнеше қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп таныған жағдайда апелляциялық сатыдағы сот зерттелмеген деген уәжбен үкімді адамды баптардың бірі бойынша соттау бөлігінде жоюға және үкімді басқа баптар бойынша өзгеріссіз қалдыруға құқылы.

      Алқабилердің қатысуымен қаралған іс бойынша үкімнің күшін жойған кезде іс бірінші сатыдағы сотқа істі алдын ала тыңдау сатысынан не басты сот талқылауы сатысынан бастап қарау үшін жаңадан сот қарауына жіберіледі.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      17. Дәлелдемелерге баға беруде, қабылданған шешімді дәлелдеуде жіберілген қателіктерді, айыптауды сот талқылауы кезінде зерттелмеген дәлелдемелермен негіздеуді, сондай-ақ үкімде баяндалған мән-жайлардың сот анықтаған нақтылы мәліметтерге қайшы болуын сот тұжырымдарының істің нақтылы мән-жайымен сәйкес келмеуі деп түсіну қажет.

      Егер апелляциялық сатының соты істі қарау кезінде соттың тұжырымдары істің нақтылы мән-жайымен сәйкес келмейді деп тапса, ол егер сотталған адамның жағдайын нашарлатпаса тұжырымдарды істегі дәлелдемелерге сәйкес келтіре алады.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      18. Бірінші сатыдағы соттың ҚПК-нің 436-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген және үкімнің сөзсіз күшін жоюға әкеп соғатын елеулі заң бұзушылықтарға жол бергені анықталған жағдайда, апелляциялық сатыдағы сот айыптаудың дәлелденгені, саралаудың, жазалау мен басқа мәселелердің дұрыстығы туралы шағымдардағы және прокурордың өтінішхатындағы дәлелдерді қарап, олардың негізділігі жөнінде қорытынды шығаруға, сонымен қатар істі сот ісін жүргізудің барлық сатыларында заңдылықтың сақталуы бөлігінде толық көлемде тексеруге міндетті.

      Бұл ретте істе орын алған қылмыстық-процестік заңды бұзушылықтар апелляциялық сатыдағы сотқа заңсыз үкімнің күшін жою және ҚПК-нің 35-бабының бірінші бөлігінде және 36-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздермен істі тоқтату туралы шешім қабылдауға кедергі келтірмейді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      19. КПК-нің 35-бабының бірінші бөлігінде және 36-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша істі тоқтата отырып айыптау үкімінің күшін жою туралы шешім қабылдау кезінде мұндай шешімнің істің мән-жайы жан-жақтылы, толық, объективті зерттелген жағдайда қабылдануы мүмкін екенін назарда ұстау қажет.

      Егер сотталған адамның біреуіне қатысты іс соттың жаңадан қарауына жіберілсе, ал істің дұрыс шешілуі басқа сотталған адамдарға қатысты істің мән-жайының зерттелуіне байланысты болса, онда сот үкімінің күші толық көлемде жойылуға жатады.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      20. КПК-нің 437, 442, 662-баптарына сәйкес, қорғау тарабының шағымы бойынша істі қарау кезінде бірінші сатыдағы соттың заңды дұрыс қолданбауы тек осындай шешім сотталған адамның жағдайын ауырлатуға әкеп соқпайтын жағдайда ғана үкімнің (қаулының) күшін жою үшін негіз бола алады.

      Үкімді (қаулыны) сотталған адамның жағдайын ауырлату жағына қарай өзгерту, шағымда, прокурордың өтінішхатында айыптау тарабы нақ осы негіздерді көрсеткен жағдайларда ғана орын ала алады. Егер үкімге (қаулыға) басқа негіздер бойынша жекеше айыптаушы, жәбірленуші, олардың өкілдері шағым берсе немесе прокурор басқа негіздер бойынша өтінішхат келтірсе, онда сот сотталғанның жағдайын ауырлатуға және осы шағымда немесе прокурордың өтінішхатында көрсетілген талаптардың шегінен шығуға тиіс емес.

      Процеске қатысушы басқа тараптардың әлдеқайда ауыр қылмыстар жөніндегі заңдарды қолдану қажеттігіне немесе жазаның жеңілдігіне байланысты үкімді өзгерту туралы шағымдары үкімді ауырлату жағына қарай өзгерту үшін негіз бола алмайды.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      21. Қылмыстық заңның әлдеқайда ауыр жаза көздейтін санкциясы бар басқа нормаларының (бап, бөлім, тармақ, баптар) айыптау шегінде қолданылатын жағдайларды әлдеқайда ауыр қылмыстар туралы заңның қолданылуы деп есептеу қажет. Қылмыстың ауыр-жеңілдігін анықтау кезінде ҚК-нің тиісті бабымен көзделген қылмыстық жазаның мөлшері мен түрін, сондай-ақ қылмыстық-құқықтық маңызы бар өзге де мән-жайларды бағалау қажет.

      Апелляциялық сатыдағы сот КПК-нің 442-бабының екінші бөлігіне сәйкес әлдеқайда ауыр қылмыстар туралы заңды қолдану туралы шешімді айыптау тарабы шағымда, прокурордың өтінішхатында бұл туралы мәселе қойғанда ғана қабылдауға құқылы. Осы орайда апелляциялық сатыдағы сот тағылған айыптың немесе мемлекеттік айыптаушы, жекеше айыптаушы қолдаған айыптаудың шегінен шығуға тиіс емес.

      Мұндай жағдайларда, адамды әрекет жасағаны үшін кінәлі деп тану бірінші сатыдағы соттың құзыретіне жататыны негізге алына отырып, апелляциялық саты қаулысының сипаттау-дәлелдеу бөлігінде қабылданған шешімнің дәлелдері мен негіздерін келтіріп, ал қорытынды бөлігінде сотталған адамның іс-әрекетін қайта дәрежелеу және оған осы бап (бөлік, тармақ, баптар) бойынша жазаның тағайындалғаны туралы көрсету қажет.

      Әлдеқайда ауыр қылмыстар туралы заңның қолданылуымен қатар апелляциялық сатыдағы сот сотталған адамның жағдайын ауырлату туралы шешімді, егер айыптау тарабының шағымында, прокурордың өтінішхатында осы туралы көзделген жағдайда КПК-нің 442-бабы бірінші бөлігінің 3) тармағынан бастап 8) тармағын қоса алғанда көрсетілген негіздер бойынша қабылдауға құқылы.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      22. Егер сотталған адам ҚК-нің бір бабы бойынша сараланған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылса, ал апелляциялық сатыдағы сот сотталған адамның әрекетін жауапкершілікті жеңілдететін екі немесе одан да көп баптар бойынша саралау қажет деп тапса, сот қылмыстар жиынтығы бойынша жаза тағайындай отырып, үкімге тиісті өзгерістер енгізуге құқылы. Осы жазаның мөлшері сот үкімі бойынша тағайындалған жазадан аспауы керек.

      23. Егер қылмыстың қайта саралануына байланысты қылмыстық заң дұрыс қолданылған жағдайда істің қозғауға жатпағаны анықталса, ал қозғалған іс КПК-нің 35-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша тоқтатылуға жатса, апелляциялық сатыдағы сот әрекетті қылмыстық заңның тиісті бабына қайта саралағаннан кейін үкімнің күшін жойып, істі тоқтатуға тиіс.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      24. Апелляциялық сатыдағы сот әрекетті ҚК-нің жасалған қылмысты ашу үшін қылмыстық ізге түсудің жеке немесе жеке-жариялы тәртіппен жүзеге асырылуын көздейтін бабы бойынша саралау қажет деген қорытындыға келген жағдайда ол ҚК-нің тиісті бабына қайта саралау туралы шешім қабылдайды және жәбірленушіден қылмыстық ізге түсуді жүзеге асыру туралы арыз түскен жағдайда ғана сол бойынша жаза тағайындайды. Осындай арыз болмаған жағдайда сот сот үкімнің күші жойылуға жатады, ал іс ҚПК-нің 35-бабының бірінші бөлігінің 5) тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатылуға жатады.

      Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      25. Істі апелляциялық тәртіппен қарау кезінде істің мән-жайы толық анықталған жағдайларда сот үкімге азаматтық талапқа қатысты өзгерістер енгізуге құқылы, осы орайда ол, егер азаматтық талапкердің арызында тиісті өтініш болса, өндіріп алу мөлшерін кемітумен қатар оны ұлғайта алады.

      Өндіріп алу мөлшерінің ұлғаюына байланысты саралау мен айыптау көлемін мемлекеттік немесе жекеше айыптаушы бірінші сатыдағы сотта қолдаған айыптау шегінде өзгертуге болады.

      26. Соттар КПК-нің 24, 426-бабының және 442-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарына сәйкес, сотталған адамның жағдайының ауырлауына әкеп соқпайтын үкімді өзгерту негіздерінің түпкілікті болып табылмайтынын назарда ұстаулары қажет.

      Апелляциялық сатыдағы сот сотталған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы анықталған жағдайда, атап айтқанда:

      - іс материалдарымен расталмаған немесе қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болып табылмайтын не процессуалдық заң бұзыла отырып таңылған айыптаудың жекелеген көріністерін үкімнен алып тастауға;

      - адамды өз алдына бөлек сараланған айыптау бойынша соттау бөлігінде сот үкімінің күшін жоюға және осы бөлікте іс жүргізуді тоқтатып, қалған бөлігінде өзгеріссіз қалдыруға;

      - жасалған әрекетті екі қылмыстық құқық бұзушылықтың өте ұқсас жиынтығы ретінде қате бағалаудың нәтижесінде артық таңылған бапты алып тастап, сот үкімінің қалған бөлігінің күшін жоймай өзгеріссіз қалдыруға;

      - негізгі жаза мөлшерін қылмыстық құқық бұзушылық заң бабының санкциясы шегінде төмендетуге;

      - мүлікті тәркілеуді толық не ішінара немесе жазаның қосымша түрін алып тастауға;

      - бас бостандығынан айырудың орнына баптың санкциясында көрсетілген жазаның басқа жеңілірек түрін тағайындауға;

      - шартты түрде соттауды қолдануға;

      - осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін жазаның заңда көзделгеннен гөрі әлдеқайда жеңіл түрін тағайындауға;

      - заңмен көзделген негіздер болған жағдайда рақымшылық жасау актісін қолдануға;

      - азаматтық талапты өтеу үшін өндірілген соманың мөлшерін кемітуге, талапты қанағаттандырудан бас тартуға немесе талапты қараусыз қалдыруға;

      - бірінші сатыдағы соттың заттай дәлелдемелер туралы, сот шығындарын бөлу туралы қабылдаған шешімін өзгертуге құқылы.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      27. Апелляциялық сатыдағы соттар сондай-ақ жүкті әйелдер мен жас балалары бар әйелдердің және жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазаны өтеулерін кейінге қалдыру мәселесі бойынша шешім қабылдау туралы (ҚК-нің 74-бабы), айыптау үкімін орындаудың мерзімдерінің өтуіне байланысты жазаны өтеуден босату туралы (ҚК-нің 77-бабы), басқа орындалмаған үкімдер болған жағдайда үкімді орындау туралы, егер уақыты бойынша ең соңынан қабылданған үкімде бұл мәселе шешілмесе (ҚК-нің 60-бабы ), қамауда болу, сондай-ақ емдеу мекемелерінде болу мерзімін есепке алу туралы (ҚК-нің 62, 97, 98-баптары мәселелер бойынша шешім қабылдауға және басқа да өзгерістерді үкімге енгізуге құқылы.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      28. Істің мән-жайын зерттеуді талап етпейтін нанымды анықталған негіздер болған жағдайда КПК-нің 442-бабында көзделген өкілеттіктерді негізге ала отырып, апелляциялық сатыдағы сот айыптау тарабының шағымы, прокурордың өтінішхаты болған жағдайда сот үкіміне рақымшылық актісінің дұрыс қолданылмауының күшін жою, алдыңғы соттың шартты түрде соттау туралы үкімінің күшін жою, контрабандалық заттар, наградалар және т.б. туралы мәселені шешуге қатысты тиісті өзгерістер енгізуге құқылы.

      Ескерту. 28-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      29. Егер істің апелляциялық сатыдағы сотта қаралар сәтінде ҚК-нің 6-бабына сәйкес кері күші бар жаңа заң қабылданса, онда апелляциялық сатыдағы сот осындай заң қабылданғанға дейін шығарылған үкімге тиісті өзгерістер енгізуге міндетті.

      Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      30. Апелляциялық сатыдағы сот ақтау үкіміне, істі тоқтату туралы қаулыға немесе сотталған адамның пайдасына қабылданған өзге де шешімге шағымды, прокурордың өтінішхатын қарау кезінде шағымда немесе прокурордың өтінішхатында олардың заңсыздығы мен негізсіздігі туралы мәселе қойылған жағдайда ғана ақтау үкімінің немесе істі тоқтату туралы қаулыныың күшін жоюға болатынын назарда ұстауы қажет.

      Адамдардың біріне қатысты шағым беру, прокурордың өтінішхат келтіруі басқа адамдарға қатысты үкімнің (қаулының) күшін жою құқығын бермейді.

      31. Сотталушының пайдасына шығарылған ақтау үкімінің, істі тоқтату туралы қаулының немесе өзге де шешімнің күшін прокурордың өтінішхаты немесе жәбірленушінің не оның өкілінің, сондай-ақ ақтау негіздерімен келіспеген сот ақтаған адамның шағымы бойынша ғана жою мүмкін.

      Апелляциялық сатыдағы сот ақтау негізін осы жөнінде шағым немесе наразылық болған жағдайда, сондай-ақ өз бастамасы бойынша, егер шешім ақталғанның жағдайын нашарлатпайтын болса ғана өзгертуі мүмкін.

      Ақтау үкімі өзіне дақ түсіретін тұжырымдаманы алып тастау туралы мәселе қойған жәбірленушінің шағымы бойынша да өзгертілуі мүмкін.

      Ескерту. 31-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      32. Сотталған адамның өзі немесе басқа да процеске қатысушылар апелляциялық шағым немесе прокурор өтінішхат келтіргеннен кейін, бірақ іс апелляциялық тәртіппен қаралғанға дейін сотталған қайтыс болған жағдайда сот сот үкімнің күші жойылуға, ал іс бойынша іс жүргізу КПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 11) тармағына және 439-бабына сәйкес тоқтатылуға жатады. Қайтыс болған адамға қатысты іс тек қана қайтыс болған сотталған адамды ақтау үшін жалғастырылуы мүмкін.

      Қайтыс болған адамды ақтау үшін негіздер болмаған жағдайда апелляциялық сатыдағы сот қаулының сипаттау-дәлелдеу бөлігінде осы туралы келтіреді, ал қорытынды бөлігінде сот үкімінің күшін жою және сотталғанның қайтыс болуына байланысты іс бойынша іс жүргізу тоқтатылғаны туралы шешімді баяндайды. Қайтыс болып кеткен сотталған адамның кінәсіз екендігі анықталған жағдайда қаулыда үкімнің күшін жою және істі тиісті ақтау негізі бойынша тоқтату туралы көрсетілуге тиіс.

      Алдын ала тергеу кезінде қайтыс болуына байланысты ісі тоқтатылған айыпталушының жақын туысының оны ақтау туралы шағымын апелляциялық сатыдағы соттың КПК-нің 109-бабының тәртібімен шығарылған қаулысы шағымдалған жағдайларда ғана қарауы мүмкін.

      Ескерту. 32-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      33. Апелляциялық сатыдағы соттар қаулы дайындаған кезде КПК-нің 443-бабының талаптарын қатаң басшылыққа алулары қажет.

      Қаулының кіріспе бөлігінде КПК-нің 443-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мәліметтермен қатар сот үкіміне (қаулысына) шағым берген немесе өтінішхат келтірген тұлғаларды көрсеткен жөн.

      Сипаттау-дәлелдеу бөлігінде ҚПК-нің 443-бабы үшінші бөлігінің талаптарына сай болуы, шағымның (қарсылықтың) немесе прокурордың өтінішхатының әрбір дәлеліне тиянақты жауап беріліп, істі тексерудің барысы мен нәтижелері, заңға сілтеме жасала отырып, сот қабылдаған шешімнің негіздері мен дәлелдері көрсетіліп, айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені, қылмыстың саралануы және жазалау шаралары туралы мәселелер бойынша нақтылы жауаптар болуы қажет. Прокурордың өтінішхаты немесе шағым қанағаттандырусыз қалдырылған жағдайда апелляциялық сатыдағы сот қаулыда шағымдағы немесе прокурордың өтінішхатындағы дәлелдерді теріске шығаратын тиянақты негіздерді келтіруге міндетті. Үкім бұзылған немесе өзгертілген жағдайда, үкімге негіз етіліп алынған дәлелдемелердің неге жеткіліксіз деп танылғанын, қандай заң бұзушылықтар орын алғанын, олардың үкімнің мәніне қалай әсер еткенін көрсету қажет.

      Қорытынды бөлікте қабылданған шешімінің мәні баяндалып, үкімге енгізілген әрбір өзгеріс, шағым жасау тәртібі мен мерзімдері көрсетіледі. Қорытынды бөліктің тұжырымдамасы КПК-нің 431-бабының бірінші бөлігінде баяндалған шешімдердің бірін бейнелеуге тиіс.

      Апелляциялық сатыдағы соттың іс бойынша шығарылған жекеше қаулыны бұзу немесе өзгерту туралы шешімі, жекеше қаулыда істің мәніне қатысты мән-жайлар баяндалған жағдайлардан басқа реттерде жекеше қаулымен ресімделеді.

      Ескерту. 33-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      34. Апелляциялық қаулыларды КПК-нің 444-бабының қағидаларын сақтай отырып шығару қажет.

      Сот құрамы қаулының толық мәтінін іс қаралған күннен бастап он тәуліктің ішінде дайындап, қол қойған жағдайда, қаулының қорытынды бөлігі іс қаралғаннан кейін дереу кеңесу бөлмесінде шығарылып, оған соттың бүкіл құрамы қол қояды. Істі қарауға қатысқан судьялардың бәрі қаулының толық мәтініне қол қойғанға дейін қаулы орындауға жіберілуге тиіс емес, ал оның көшірмесін мүдделі адамдарға жіберуге болмайды. ҚПК-нің 444-бабы екінші және үшінші бөліктерінің ережелері жекеше қаулыларға қолданылмайды.

      ҚПК-нің 444-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы оның толық мәтіні жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енеді. Қаулының толық мәтіні, егер оның жариялануына ешкім келмесе, жария етілмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда қаулы жария ету үшін көрсетілген күні заңды күшіне енеді. Апелляциялық қаулыны орындау кезінде туындайтын күмәндар мен түсініксіздіктерді ҚПК-нің 476-бабының 17) тармағына сәйкес оны шығарған сот қарайды.

      Апелляциялық сатының үкімін орындауға беру КПК-нің 445-бабының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 34-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      35. Істі апелляциялық сатыда қайтадан қарау жалпы тәртіппен жүзеге асырылады. Жаңадан қабылданған үкім, қаулы апелляциялық сатының бұрын қабылдаған үкіміне, қаулысына қарама-қайшы келген жағдайда облыстық немесе оған теңестірілген соттың төрағасы кассациялық сатыға туындаған қарама-қайшылықтарды жою туралы ҚПК-нің 446-бабының үшінші бөлігіне сәйкес ұсыным енгізеді.

      Ескерту. 35-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      36. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі және жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы