Қылмыстық істерді апелляциялық тәртіппен қарау тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы N 13 нормативтік қаулысы.

Жаңартылған

      Қылмыстық істерді апелляциялық сатыда қарау туралы өзгерістердің заңға енгізілуіне байланысты және апелляциялық (жеке) шағымдар мен наразылықтар бойынша қылмыстық істерді қарау кезінде қылмыстық-іс жүргізу заңнамасын біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Апелляциялық өндіріс Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 31-бабында бекітілген іс жүргізу әрекеттері және шешімдеріне еркін шағымдану жөніндегі құқықтарды іске асырудың процессуалдық формаларының бірі болып табылады және ҚІЖК-нің 414-бабының 1 және 3-бөліктерінде көрсетілген тұлғалардың шағымдары және прокурордың наразылығы бойынша қозғалатынына соттардың назары аударылсын.

      Осыған байланысты бірінші сатыдағы соттар шағымды, наразылықты қабылдау кезінде шағым берген, наразылық білдірген тұлғаның өкілеттігін тексерулері қажет. Заңның нормаларында көрсетілген тұлғалар тізбесі кеңейтілуге тиіс емес.

      Процеске қатысушылар үкім шығарылғаннан кейін қайтыс болған сотталған адам жөнінде оны ақтау үшін қажетті негіздер бойынша ғана шағым беріп, наразылық білдіре алады.

      Апелляциялық шағымдарды, наразылықты қабылдау туралы мәселені шешкен кезде бірінші сатыдағы соттар ҚПК-нің 423-бабы 2-бөлігінің талаптарын орындауға міндетті. Егер апелляциялық сатыдағы сот шағымның, наразылықтың аталған баптың бірінші бөлігінің талаптарына сәйкессіздігін анықтаса, ол үкім шығарған сотқа кейіннен беру мүмкіндігін түсіндіре отырып, тиісінше ресімдеу үшін өз қаулысымен оларды авторларына қайтарады, іс бірінші сатыдағы сотқа жіберіледі.

      Бірінші сатыдағы соттың іс түпкілікті шешілгенге дейін сот талқылауы кезінде шығарылған қаулысына жеке шағымдар, наразылық апелляциялық сатыға түскен кезде олардың жедел қаралуын қамтамасыз ету қажет, өйткені апелляциялық сатының олар бойынша шешімі бірінші сатыдағы сотта іс бойынша іс жүргізудің одан арғы барысына едәуір ықпал етуі мүмкін.

      Бірінші сатыдағы сот шағым беру, наразылық келтіру нысанасына қатысты бөлінген материалды апелляциялық сатыға шағыммен, наразылықпен бірге жіберуге тиіс.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      2. Әрбір шағым, наразылық сотқа түсісімен түскен күні көрсетіліп, дереу тіркелуі қажет. ҚПК-нің 418-бабында көрсетілген мерзім өткізіліп берілген шағым, наразылық оны қалпына келтіру туралы өтінішхат болмаған кезде осы негіздеме көрсетіліп қайтарылуға жатады. Бірінші сатыдағы сот бұл туралы қаулы шығарады, ол оған шағымданудың, наразылық келтірудің тәртібі мен мерзімдері түсіндіріліп, авторға жіберіледі. Осы ретте апелляциялық сатының судьясы істі мәні бойынша қарау үшін кедергі келтіретін мән-жайларды істі қарауға дайындау барысында анықтау жөнінде шаралар қабылдауға тиіс. Егер бірінші сатыдағы сот қабылдаған апелляциялық (жеке) шағымдарды, наразылықты беру мерзімінің өтіп кету фактісі істі апелляциялық сатыда қарау барысында анықталса, онда судья (сот) оларды қараусыз қалдыру туралы қаулы шығаруға және істі тиісінше ресімдеу үшін сотқа қайтаруға тиіс. Бұл жөнінде бірінші сатыдағы сот қаулы шығарып, оны шағым берудің, наразылық білдірудің тәртібі мен мерзімдерін көрсете отырып шағымның, наразылықтың иесіне жібереді.

      Егер апелляциялық шағым беруге, наразылық білдіруге құқылы тұлға өткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш берсе, онда мұндай өтініш ҚІЖК-нің 419-бабында көзделген тәртіппен міндетті түрде қарауға жатады. Апелляциялық шағымдарды, наразылықты берудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтіру туралы қаулы бөлек шағымдануға, наразылық келтіруге жатпайды, бірақ ҚПК-нің 419-бабының 2-бөлігінде көзделген жағдайда апелляциялық саты оны қайта қарайды. Апелляциялық сатыға өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат түскен кезде іс шағымдармен, наразылықпен және өтінішхаттармен бірге бірінші сатыдағы сотқа оларды қарау үшін жіберіледі.

      Өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіруден бас тарту туралы судья қаулысына шағым беріліп, наразылық білдірілген жағдайда бірінші сатыдағы сот шағымды, наразылықты іспен бірге апелляциялық сатыдағы сотқа жібереді.

      Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы туралы қылмыстық процестің қағидатын сақтау мақсатында соттар өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіруден бас тарту туралы қаулыға берілген шағымдарды және апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхаттарды қараған кезде негізсіз бас тарту жағдайларын болдырмауға тиіс.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. Процеске қатысушылардың олардың белгіленген мерзімдерде берген шағымды немесе наразылықты өзгерту не толықтыру құқығы сот отырысы басталғанға дейін ғана іске асырылуы мүмкін.

      Сотталған адамның жағдайын ауырлату мақсатындағы өзгерістер мен толықтыруларды, егер осындай мәселе алғашқы шағымда, наразылықта қойылған жағдайда ғана енгізуге жол беріледі. Осы орайда сотталған адамның жағдайының ауырлағаны туралы қосымша шағым, наразылық шағым беру мен наразылық білдірудің белгіленген мерзімдерінде ғана берілуі мүмкін.

      Сотталған адамның жағдайының ауырлағаны туралы уәждер келтіріліп, мерзімі өткізіліп барып берілген шағым, наразылық, егер бастапқы шағымда немесе наразылықта бұл туралы талап қойылмаса, онда қосымша шағым мен наразылық деп танылмайды.

      4. Егер апелляциялық шағымды бірінші сатыдағы сотқа қатысқан қорғаушы берсе, ал үкім шығарылғаннан кейін іске сотталған адамның келісімімен басқа қорғаушы қатысса, онда ол алдыңғы уәждерді өзгертіп не жаңа уәждер келтіре отырып, сотталған адамның атынан қосымша апелляциялық шағым бере алады.

      Сотталған адам қорғаушының апелляциялық шағымын қайтарып алған және істі қарау үшін басқа негіздер болмаған жағдайда қорғаушының шағымы бойынша қозғалған апелляциялық өндіріс қысқартылады.

      Апелляциялық шағымды, наразылықты кері қайтарып алу туралы арыз, өтініш ҚІЖК-нің 423-бабының 5-бөлігіне сәйкес сот отырысы басталарға дейін ғана беріледі. Шағымды кері қайтарып алу туралы өтініш бойынша сот шешімін судья шығарады және ол қаулымен ресімделеді. Егер апелляциялық өндіріс бірнеше сотталған адамдардың шағымдарының немесе бірнеше адам сотталған үкімге келтірген наразылықтың негізінде жүзеге асырылса, шағымды, наразылықты кері қайтарып алу туралы өтініш жөніндегі шешім қаулының негізгі мәтініне қосылуы мүмкін.

      ҚІЖК-нің 94-бабына сәйкес қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысудан шеттетілуге жататын, бірақ уақытында шеттетілмеген қорғаушының берген шағымы апелляциялық сатыда қарауға жатады.

      Істі апелляциялық сатыда қарау сәтінде он сегіз жасқа толған кәмелетке толмаған сотталған адамның немесе жәбірленушінің заңды өкілдерінің өздері іске қатысқан кезеңде берген шағымдары заңды өкілдердің функцияларының аяқталғанына қарамастан апелляциялық тәртіппен қарауға жатады.

      Үкім шығарылғанға дейін процеске қатысушылар болып танылмаған және осыған байланысты өздерінің процеске қатысушылар құқығын пайдалануға мүмкіндігі болмаған, бірақ кейіннен заңмен белгіленген тәртіппен процеске қатысушы болып танылған тұлғалар апелляциялық шағым беру үшін мерзімді қалпына келтіру жөнінде мәселе қоюға құқылы. Мұндай жағдайларда процестің жаңа қатысушысына іс материалдарымен танысып, өз құқықтарын іске асыруға мүмкіндік беру үшін апелляциялық сатыдағы сот істі бірінші сатыдағы сотқа қайтаруға тиіс.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      5. Апелляциялық сатыдағы сот істі өз өндірісіне қабылдай отырып, тараптардың сот отырысы хаттамасының әзірленгені жөнінде тиісінше хабарланғаны туралы және олармен танысулары үшін шынайы мүмкіндік жасалғаны және хаттама жөнінде түскен ескертпелердің қаралғаны туралы; процеске қатысушылардың түскен шағым мен наразылық туралы хабарланғаны және осы құжаттармен, сондай-ақ қоса берілген қосымша материалдармен танысуына мүмкіндік берілгені туралы мәліметтердің істе болуын тексеруге тиіс.

      Іс ҚПК-нің 425-бабында белгіленген мерзімдерде апелляциялық тәртіпте қаралуға тиіс. Бұл ретте сот жаңа материалдар мен дәлелдемелерді зерттеген немесе үкімнің күші жойылған және іс бірінші сатыдағы сот үшін көзделген тәртіпте қаралған кездегі жағдайлар үшін екі айлық мерзім белгіленген. Мерзім ерекше жағдайларда ұзартылуы керек, ұзартудың уәждері қаулыда негізделуге тиіс.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      6. Апелляциялық сатыдағы сот қылмыстық іс шағымдармен, наразылықпен бірге келіп түсісімен істі тыңдауға тағайындауға кедергі болатын мән-жайлардың жоқ екенін анықтап, сот отырысын тағайындайды, ҚПК-нің 414-бабына сәйкес апелляциялық сатыдағы сотқа қатысуға құқығы бар адамдарды, олардың үкімге (қаулыға) дау айтқанына - айтпағанына қарамастан, істі қараудың уақыты мен орны туралы хабардар етеді. Қылмыстық сот ісін жүргізу саласына тартылған адамдардың құқықтарын сақтау және кеңейту үшін, апелляциялық сатыдағы соттың сот төрелігін іске асыруын жеңілдету мақсатында ақпараттық технологиялар қолданылуға тиіс.

      Тиісінше хабарланған процеске қатысушылардың апелляциялық сатыдағы сотқа келмеуі істің қаралуына кедергі болмайды. Қатысуы міндетті болып табылатын прокурор келмеген жағдайда істі апелляциялық сатыда қарау оның қатысуын қамтамасыз ету үшін қажетті уақытқа дейін кейінге қалдырылады.

      Істі қарау дәлелді себептермен кейінге қалдырылған және осыған байланысты оны қарау мерзімі ұзартылған, сондай-ақ заң талап еткен шарттардың сақталмауына байланысты ол қараудан алынып тасталған жағдайда апелляциялық сатының соты қаулы шығарып, процеске қатысушыларды осы туралы хабардар етуге тиіс.

      Апелляциялық сатыдағы отырысқа сотталғанның/ақталғанның қатысуы ҚІЖК-нің 428-бабының 3-бөлігіне сәйкес қамтамасыз етіледі, қорғаушының қатысуы ҚІЖК-нің 67-бабында көрсетілген жағдайларда және ҚІЖК-нің 428-бабының 4-бөлігінде көзделген тәртіпте қамтамасыз етіледі.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      7. Қамауда отырған сотталған адамның сот отырысына қатысуы туралы мәселені екінші сатыдағы соттың шешетіні ескеріле отырып, апелляциялық сатыға жіберілетін іс материалдарында сотталған адамға апелляциялық сатының сотына қатысу құқығының түсіндірілгені туралы мәліметтер болуға тиіс. Сотталған адамның апелляциялық сатыдағы сотқа қатысуға ниетті екені немесе қатысудан бас тартқаны туралы мәліметтерді бірінші сатыдағы сот іс материалдарына тігіп қоюы қажет, ал олар болмаған жағдайда алдыртуға тиіс.

      ҚІЖК-нің 428-бабының 2-3-бөліктерінде көзделген жағдайларда апелляциялық сатыдағы сот сотталғанның сот отырысына қатысу құқығын қамтамасыз етуге міндетті.

      Өзге жағдайларда сотталған адамды сот отырысына шақыру туралы мәселені істің мән-жайын жан-жақтылы зерттеу мақсатында және оның процессуалдық құқықтарын сақтау қажеттігін (мысалы, сараптама тағайындау кезінде) негізге ала отырып апелляциялық сатының соты шешеді.

      Сотталған адамды сот отырысына шақыру туралы қаулы шығарылады. Апелляциялық сатыдағы соттың сотталған адамды сот отырысына шақыру жөніндегі өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімі істі қараудың нәтижелері бойынша шығарылған сот қаулысында көрсетілуге тиіс.

      Апелляциялық сатыдағы соттың істі қамауға алынбаған сотталған адамның, ақталған адамның немесе олардың қорғаушысының қатысуынсыз қарауы, егер олар сот отырысының болатын уақыты туралы хабардар болмаса және мұның өзі оларды сот отырысына қатысу мүмкіндігінен айырса, қылмыстық іс жүргізу заңын айтарлықтай бұзу болып табылады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      8. ҚІЖК-нің 424-бабы 1-бөлігінің талаптарын ескере отырып, апелляциялық сатының соты шағымдар мен наразылықтар бойынша істі қарау кезінде әрбір сотталған адамға қатысты істің қаншалықты жан-жақты, толық әрі объективті зерттелгенін, оның қылмысының саралануының дұрыстығын, жазалау шарасының жасалған әрекетке сәйкестігін өз құзыреті шегінде тексеруге тиіс.

      Апелляциялық сатыдағы сот шағымдар мен наразылықтың уәждеріне қарамастан, сотталған адамдардың мүдделері мен заңды құқықтарының бұзылуы анықталған жағдайда, үкімге (қаулыға) жағдайды жақсартуға бағытталған тиісті өзгерістерді енгізуге немесе үкімді (қаулыны) заңсыз деп тануға және ҚІЖК-нің 426-бабының 2-бөлігінің тәртібімен күшін жоюға құқылы.

      Шағым берілмеген, наразылық білдірілмеген адамдарға қатысты үкімді (қаулыны) бұзу немесе өзгерту үшін негіздер болған жағдайда, екінші сатыдағы сот қаулының кіріспе бөлігінде осы сотталған адамның жеке басы жөнінде мәліметтер келтіріп, оның қандай заңмен, қандай жазаға кесілгені туралы көрсетіп, оған қатысты істің ҚІЖК-нің 404-бабының 2-бөлігінің тәртібімен қаралып отырғанына сілтеме жасауы қажет.

      Егер шағым берілмеген және наразылық білдірілмеген адамдарға қатысты сот үкімін (қаулысын) қайта қарау үшін негіздер анықталмаған жағдайда, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысында істі толық көлемінде тексеру туралы және осы адамдарға қатысты сот қаулыларын өзгеріссіз қалдыру туралы көрсетілуге тиіс емес.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      9. Апелляциялық сатыда істерді қарау кезінде соттың құрамы ҚПК-нің 52-бабының 2-бөлігіне сәйкес анықталады. Егер үкім, қаулы аса ауыр қылмыс бойынша қабылданған не егер қылмыстардың жиынтығында ең болмағанда бір аса ауыр қылмыс болған жағдайда, сондай-ақ алқабилердің қатысуымен қаралған істер алқалы түрде қаралады. Егер аса ауыр қылмыстарды жасаған деп айыпталған адамның әрекеті сот үкімімен ауырлығы төмендеу баптар бойынша сараланса, мұндай іс апелляциялық сатыда судьяның жеке-дара қарауына жатады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      10. Апелляциялық сатыдағы соттар істерді қараған кезде

      ҚІЖК-нің 429-бабында белгіленген тәртіпті сақтап, процеске қатысушыларға өздерінің іс бойынша айқындамаларын білдірулері үшін бірдей жағдай мен мүмкіндік туғызып, олардың заңды құқықтарын іске асыруларын қамтамасыз етулері қажет.

      Тараптардың қосымша материалдарды іске қосу жөніндегі өтініштерін қарау кезінде олардың қандай жолмен алынғанын және қандай жағдайды растау үшін ұсынылып отырғанын анықтаған жөн. Осы орайда ҚІЖК-нің 112 және 429-баптарында сәйкес тергеу амалдарын жүргізу жолымен алынған материалдардың қабылдануға тиіс емес екенін назарда ұстау қажет.

      Апелляциялық сатыдағы сот тараптардың ҚІЖК-нің 429-бабының 3-бөлігіне сәйкес мәлімдеген өтініштерін қарағаннан кейін, оларды қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы жеке құжат түріндегі қаулы шығарады. Өтініштерді қанағаттандырған кезде оларды қосымша зерттеу қажеттілігі болса, сот қаулыда сот тергеуін жаңартуы туралы көрсетеді және ҚІЖК-нің 429-бабының 5-8-бөліктерінде көзделген әрекеттерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      11. ҚІЖК-нің 429-бабының 5-бөлігінің ережелерін және 7-бабының түсіндірмелерінің мағынасын негізге ала отырып, тергеу амалдарын жүргізбестен алынған, іс бойынша мән-жайды анықтау үшін маңызы бар материалдарды қосымша материалдар деп түсіну қажет. Олар хабарлар, құжаттар және ақиқатты анықтауға көмектесетін, іс бойынша ақпараты бар заттар болуы мүмкін. Оларға сондай-ақ мінездемелер, наградалар туралы мәліметтер, хаттар, арыздар, түбіртектер, шарттар, қолхаттар, тексеру актілері, қызметтік хат-хабарлар, ауырғаны, сотталғаны туралы анықтамалар, полиция қызметкерлерінің рапорттары, фонограммалар, бейнежазбалар, кинофотоқұжаттар және фактілер мен мән-жайларды куәландыратын басқа да материалдар жатады.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      12. Апелляциялық сатыдағы сот үкімнің (қаулының) заңдылығы мен негізділігін тексеру кезінде ҚІЖК-нің 337-бабының 7-бөлігінің талаптарын ескеріп отырулары қажет. Ол бойынша бірінші сатыдағы сот мемлекеттік, жеке айыптаушы айыптаудан бас тартқан кезде істі толық немесе ішінара қысқартуға не істі айыптау тарабының бастамасы бойынша сотта қолданған жаңа айыптау бойынша қарауға тиіс.

      Мұндай жағдайларда айыптау тарабы бірінші сатыдағы сот мемлекеттік, жеке айыптаушылардың басты сот талқылауындағы, апелляциялық сатыдағы айқындамасына сәйкес шығарған қаулысын, үкімін жою немесе өзгерту туралы шағымды, наразылықты қарау кезінде апелляциялық қараудың нысанын айқындайтын ҚІЖК-нің 424-бабының талаптарын және шешім қабылдау барысында екінші сатыдағы соттың шешімдерді қабылдау кезіндегі өкілеттіктерін реттейтін

      ҚІЖК-нің 442, 663-баптарын негізге алулары қажет. Осы баптарға сәйкес, прокурор мен жеке айыптаушының бірінші сатыдағы соттағы айқындамасы апелляциялық қараудың пәніне кірмейді және бірінші сатыдағы соттың үкімін (қаулысын) бұзу немесе өзгерту үшін негіз болып табылмайды.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      13. Апелляциялық сатыдағы сот отырысында істі қарауға қатысқан прокурор қолдамаған және белгіленген тәртіппен кері қайтарылып алынбаған, прокурордың сотталған адамның жағдайын ауырлату туралы мәселе қойған наразылығында келтірілген дәлелдер үкімді (қаулыны) жою немесе өзгерту жөнінде шешім қабылдау үшін негіз болып табылмайды.

      Сотталған адамның жағдайын ауырлату туралы дәлел келтірілмеген прокурор наразылығы жалпы тәртіппен қарауға жатады.

      14. Апелляциялық саты тараптардың өтініші бойынша шағымдарды, наразылықтарды қарау кезінде ҚІЖК-нің 430-бабында көрсетілген әрекеттерді жүзеге асыруға құқылы.

      Апелляциялық сатыдағы сот келісімдік іс жүргізуде қаралған істер бойынша сот актілерінің заңдылығын процестік келісімді жасаған кезде заңның сақталуы және сотта іс бойынша іс жүргізу тәртібі бөлігінде ғана тексереді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 68-бабында көзделген негіздер бойынша істі қысқарту туралы қаулыға берілген шағымдарды, наразылықты қараған кезде апелляциялық сатыдағы сот істі дұрыс шешу үшін мәні бар басқа да мән-жайлармен қатар тараптардың татуласуға қол жеткізілгені туралы келісімнің заңдылығын тексереді.

      Егер осының нәтижесінде қосымша мәліметтер анықталса, онда апелляциялық сатыдағы сот оларды ҚР ҚІЖК-нің 429-бабының талаптарын қатаң орындай отырып пайдалануы мүмкін.

      Апелляциялық сатыдағы сот өкілеттіктерін іске асыру жөніндегі барлық әрекеттер қаулымен ресімделеді. Апелляциялық саты отырысында хаттама ҚІЖК-нің 429-бабының 8-бөлігінде көзделген жағдайларда жүргізіледі.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      15. Апелляциялық сатыдағы сот істі айыптау тарабы басты сот талқылауы кезінде қолдаған айыптау шегінде қарайды және

      ҚІЖК-нің 431-бабында көрсетілген шешімдердің бірін қабылдайды.

      Апелляциялық саты ҚІЖК-нің 431-бабы 1-бөлігінің 1)-3), 6)-8) тармақтарында көзделген шешімдерді қабылдаған кезде қаулы шығарады. ҚІЖК-нің 431-бабы 1-бөлігінің 4), 5) тармақтарында көзделген шешімдерді қабылдаған кезде апелляциялық саты бірінші сатыдағы сот үкімінің (қаулысының) күшін жою туралы қаулы шығарады, содан кейін ҚІЖК-нің 46-тарауының талаптарын сақтай отырып, жаңа үкім шығарады. Үкім шығарған кезде ҚІЖК-нің 395-401-баптарының талаптарын қатаң басшылыққа алу қажет.

      ҚІЖК-нің 433-бабында көрсетілген заң бұзушылықтар сот үкімін бұзу немесе өзгерту үшін негіз болып табылады.

      Апелляциялық сатыдағы сот жекелеген адамдарға немесе ҚК-нің бір немесе бірнеше баптары бойынша сотталған адамдарға қатысты алқабилердің қатысуымен қабылданған сот үкімін толық немесе ішінара жоюға құқылы.

      Апелляциялық сатыдағы сот сот үкімін бұза отырып, қандай мән-жайлар тексерілуге жататынын және жол берілген олқылықтарды қалай жою керектігін көрсетіп, істі жаңадан қарау кезінде бірінші сатыдағы соттың тұжырымын алдын ала шешпейтін және бірінші сатыдағы соттардың дәлелдемелерді өз қалауы бойынша жан-жақты бағалау мүмкіндігіне кедергі келтірмейтін ұсыныстар беруге ғана құқылы.

      Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан істі қысқартқан кезде апелляциялық саты ҚПК-нің 35-бабы 9-бөлігінің талаптарын орындауға міндетті.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      16. Сот тергеуінің біржақты және толық жүргізілмеуі, егер істегі материалдардың және апелляциялық сатыдағы сотқа қосымша ұсынылған материалдардың негізінде оларды тексермейінше шағымның немесе наразылықтың мәні бойынша шешім қабылдау мүмкін болмаса, үкімді бұзуға негіз бола алады.

      Айыптаудың басқа көріністерімен бірге ҚК-нің бір бабы бойынша сараланған жекелеген көріністер жөнінде істің мән-жайы жеткілікті зерттелмеген жағдайда апелляциялық сатыдағы сот осы көріністерді үкімнен шығарып тастап, оны қалған бөлігінде өзгеріссіз қалдыруға құқылы.

      Айыптаудың жекелеген көріністері бойынша немесе жеке адамдарға қатысты үкімнің қалған бөлігін өзгеріссіз қалдыра отырып оның күшін жойған кезде апелляциялық сатыдағы сот істі осы бөлікте қарау үшін бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша сот талқылауын тағайындайды.

      ҚК-нің тиісті баптары бойынша өз алдына бөлек сараланған бірнеше қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп таныған жағдайда апелляциялық сатыдағы сот зерттелмеген деген уәжбен үкімді адамды баптардың бірі бойынша соттау бөлігінде жоюға және үкімді басқа баптар бойынша өзгеріссіз қалдыруға құқылы.

      Алқабилердің қатысуымен қаралған іс бойынша үкімнің күшін жойған кезде іс бірінші сатыдағы сотқа істі алдын ала тыңдау сатысынан не басты сот талқылауы сатысынан бастап қарау үшін жаңадан сот қарауына жіберіледі.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      17. Дәлелдемелерге баға беруде, қабылданған шешімді дәлелдеуде жіберілген қателіктерді, айыптауды сот талқылауы кезінде зерттелмеген дәлелдемелермен негіздеуді, сондай-ақ үкімде баяндалған мән-жайлардың сот анықтаған нақтылы мәліметтерге қайшы болуын сот тұжырымдарының істің нақтылы мән-жайымен сәйкес келмеуі деп түсіну қажет.

      Егер апелляциялық сатының соты істі қарау кезінде соттың тұжырымдары істің нақтылы мән-жайымен сәйкес келмейді деп тапса, ол егер сотталған адамның жағдайын нашарлатпаса тұжырымдарды істегі дәлелдемелерге сәйкес келтіре алады.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      18. Бірінші сатыдағы сот ҚІЖК-нің 436-бабының 3-бөлігінде көрсетілген және үкімнің сөзсіз бұзылуына әкеп соғатын елеулі заң бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, апелляциялық сатыдағы сот шағымдар мен наразылықтың айыптаудың дәлелділігіне, әрекетке заңдық баға берудің дұрыстығына, жазаның әділдігіне және басқа да мәселелерге қатысты дәлелдерді де мәні бойынша қарап, олардың негізділігі жөнінде тұжырым жасауға, сондай-ақ істі сот ісін жүргізудің барлық сатыларында заңдылықтың сақталуы жөнінде толық көлемінде тексеруге тиіс.

      Осы орайда істегі орын алған қылмыстық-іс жүргізу заңын бұзушылықтар апелляциялық сатыдағы сотқа заңсыз үкімді бұзу және ҚІЖК-нің 35-бабының 1-бөлігінде және 36-бабының 1-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша істі қысқарту туралы шешім қабылдауына кедергі болмайтынын назарда ұстау қажет.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      19. ҚІЖК-нің 35-бабының 1-бөлігінде және 36-бабының 1-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша істі қысқарта отырып айыптау үкімін бұзу туралы шешім қабылдау кезінде мұндай шешімнің істің мән-жайы жан-жақтылы, толық, объективті зерттелген жағдайда қабылдануы мүмкін екенін назарда ұстау қажет.

      Егер сотталған адамның біреуіне қатысты іс соттың жаңадан қарауына жіберілсе, ал істің дұрыс шешілуі басқа сотталған адамдарға қатысты істің мән-жайының зерттелуіне байланысты болса, онда сот үкімі толық бұзылуға жатады.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      20. ҚІЖК-нің 437, 442, 662-баптарына сәйкес, қорғау тарабының шағымы бойынша істі қарау кезінде бірінші сатыдағы соттың заңды дұрыс қолданбауы тек осындай шешім сотталған адамның жағдайын ауырлатуға әкеп соқпайтын жағдайда ғана үкімді (қаулыны) бұзу үшін негіз бола алады.

      Үкімді (қаулыны) сотталған адамның жағдайын ауырлату жағына қарай өзгерту, шағымда, наразылықта айыптау тарабы нақ осы негіздерді көрсеткен жағдайларда ғана орын ала алады. Егер үкімге (қаулыға) басқа негіздер бойынша жеке айыптаушы, жәбірленуші, олардың өкілдері шағым берсе немесе прокурор басқа негіздер бойынша наразылық келтірсе, онда сот сотталғанның жағдайын ауырлатуға және осы шағымда немесе наразылықта көрсетілген талаптардың шегінен шығуға тиіс емес.

      Процеске қатысушы басқа тараптардың әлдеқайда ауыр қылмыстар жөніндегі заңдарды қолдану қажеттігіне немесе жазаның жеңілдігіне байланысты үкімді өзгерту туралы шағымдары үкімді ауырлату жағына қарай өзгерту үшін негіз бола алмайды.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      21. Қылмыстық заңның әлдеқайда ауыр жаза көздейтін санкциясы бар басқа нормаларының (бап, бөлім, тармақ, баптар) айыптау шегінде қолданылатын жағдайларды әлдеқайда ауыр қылмыстар туралы заңның қолданылуы деп есептеу қажет. Қылмыстың ауыр-жеңілдігін анықтау кезінде ҚК-нің тиісті бабымен көзделген қылмыстық жазаның мөлшері мен түрін, сондай-ақ қылмыстық-құқықтық маңызы бар өзге де мән-жайларды бағалау қажет.

      Апелляциялық сатыдағы сот ҚІЖК-нің 442-бабының 2-бөлігіне сәйкес әлдеқайда ауыр қылмыстар туралы заңды қолдану туралы шешімді айыптау тарабы шағымда, наразылықта бұл туралы мәселе қойғанда ғана қабылдауға құқылы. Осы орайда апелляциялық сатыдағы сот тағылған айыптың немесе мемлекеттік айыптаушы, жеке айыптаушы қолдаған айыптаудың шегінен шығуға тиіс емес.

      Мұндай жағдайларда, адамды әрекет жасағаны үшін кінәлі деп тану бірінші сатыдағы соттың құзыретіне жататыны негізге алына отырып, апелляциялық саты қаулысының сипаттау-дәлелдеу бөлігінде қабылданған шешімнің дәлелдері мен негіздерін келтіріп, ал қорытынды бөлігінде сотталған адамның іс-әрекетін қайта дәрежелеу және оған осы бап (бөлік, тармақ, баптар) бойынша жазаның тағайындалғаны туралы көрсету қажет.

      Әлдеқайда ауыр қылмыстар туралы заңның қолданылуымен қатар апелляциялық сатыдағы сот сотталған адамның жағдайын ауырлату туралы шешімді, егер айыптау тарабының шағымында, наразылығында осы туралы көзделген жағдайда ҚІЖК-нің 442-бабы 1-бөлігінің 3)-8) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша қабылдауға құқылы.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      22. Егер сотталған адам ҚК-нің бір бабы бойынша сараланған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылса, ал апелляциялық сатыдағы сот сотталған адамның әрекетін жауапкершілікті жеңілдететін екі немесе одан да көп баптар бойынша саралау қажет деп тапса, сот қылмыстар жиынтығы бойынша жаза тағайындай отырып, үкімге тиісті өзгерістер енгізуге құқылы. Осы жазаның мөлшері сот үкімі бойынша тағайындалған жазадан аспауы керек.

      23. Егер қылмыстың қайта саралануына байланысты қылмыстық заң дұрыс қолданылған жағдайда істің қозғауға жатпағаны анықталса, ал қозғалған іс ҚІЖК-нің 35-бабының 1-бөлігінде көзделген негіздер бойынша қысқартылуға жатса, апелляциялық сатыдағы сот әрекетті қылмыстық заңның тиісті бабына қайта саралағаннан кейін үкімді бұзып, істі қысқартуға тиіс.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      24. Апелляциялық сатыдағы сот әрекетті ҚК-нің жасалған қылмысты ашу үшін қылмыстық ізге түсудің жеке немесе жеке-жариялы тәртіппен жүзеге асырылуын көздейтін бабы бойынша саралау қажет деген қорытындыға келген жағдайда ол ҚК-нің тиісті бабына қайта саралау туралы шешім қабылдайды және жәбірленушіден қылмыстық ізге түсуді жүзеге асыру туралы арыз түскен жағдайда ғана сол бойынша жаза тағайындайды. Осындай арыз болмаған жағдайда сот үкімі бұзылуға жатады, ал іс ҚПК-нің 35-бабының 1-бөлігінің 5) тармағында көзделген негіздер бойынша қысқартылуға жатады.

      Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      25. Істі апелляциялық тәртіппен қарау кезінде істің мән-жайы толық анықталған жағдайларда сот үкімге азаматтық талапқа қатысты өзгерістер енгізуге құқылы, осы орайда ол, егер азаматтық талапкердің арызында тиісті өтініш болса, өндіріп алу мөлшерін кемітумен қатар оны ұлғайта алады.

      Өндіріп алу мөлшерінің ұлғаюына байланысты саралау мен айыптау көлемін мемлекеттік немесе жеке айыптаушы бірінші сатыдағы сотта қолдаған айыптау шегінде өзгертуге болады.

      26. Соттар ҚІЖК-нің 24, 426-бабының және 442-бабы 1-бөлігінің 1) және 2) тармақтарына сәйкес, сотталған адамның жағдайының ауырлауына әкеп соқпайтын үкімді өзгерту негіздерінің түпкілікті болып табылмайтынын назарда ұстаулары қажет.

      Апелляциялық сатыдағы сот сотталған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы анықталған жағдайда, атап айтқанда:

      - іс материалдарымен расталмаған немесе қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болып табылмайтын не процессуалдық заң бұзыла отырып таңылған айыптаудың жекелеген көріністерін үкімнен алып тастауға;

      - адамды өз алдына бөлек сараланған айыптау бойынша соттау бөлігінде сот үкімін бұзуға және осы бөлікте іс жүргізуді қысқартып, қалған бөлігінде өзгеріссіз қалдыруға;

      - жасалған әрекетті екі қылмыстық құқық бұзушылықтың өте ұқсас жиынтығы ретінде қате бағалаудың нәтижесінде артық таңылған бапты алып тастап, сот үкімін қалған бөлігін бұзбай өзгеріссіз қалдыруға;

      - негізгі жаза мөлшерін қылмыстық құқық бұзушылық заң бабының санкциясы шегінде төмендетуге;

      - мүлікті тәркілеуді толық не ішінара немесе жазаның қосымша түрін алып тастауға;

      - бас бостандығынан айырудың орнына баптың санкциясында көрсетілген жазаның басқа жеңілірек түрін тағайындауға;

      - шартты түрде соттауды қолдануға;

      - осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін жазаның заңда көзделгеннен гөрі әлдеқайда жеңіл түрін тағайындауға;

      - заңмен көзделген негіздер болған жағдайда рақымшылық жасау актісін қолдануға;

      - азаматтық талапты өтеу үшін өндірілген соманың мөлшерін кемітуге, талапты қанағаттандырудан бас тартуға немесе талапты қараусыз қалдыруға;

      - бірінші сатыдағы соттың заттай дәлелдемелер туралы, сот шығындарын бөлу туралы қабылдаған шешімін өзгертуге құқылы.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      27. Апелляциялық сатыдағы соттар сондай-ақ жүкті әйелдер мен жас балалары бар әйелдердің жазаны өтеулерін кейінге қалдыру мәселесі бойынша шешім қабылдау туралы (ҚК-нің 74-бабы), айыптау үкімін орындаудың мерзімдерінің өтуіне байланысты жазаны өтеуден босату туралы (ҚК-нің 77-бабы), басқа орындалмаған үкімдер болған жағдайда үкімді орындау туралы, егер уақыты бойынша ең соңынан қабылданған үкімде бұл мәселе шешілмесе (ҚК-нің 60-бабы ), қамауда болу, сондай-ақ емдеу мекемелерінде болу мерзімін есепке алу туралы (ҚК-нің 62, 97, 98-баптары мәселелер бойынша шешім қабылдауға және басқа да өзгерістерді үкімге енгізуге құқылы.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      28. Істің мән-жайын зерттеуді талап етпейтін нанымды анықталған негіздер болған жағдайда ҚІЖК-нің 442-бабында көзделген өкілеттіктерді негізге ала отырып, апелляциялық сатыдағы сот айыптау тарабының шағымы, наразылығы болған жағдайда сот үкіміне рақымшылық актісінің дұрыс қолданылмауын бұзу, алдыңғы соттың шартты түрде соттау туралы үкімін бұзу, контрабандалық заттар, наградалар және т.б. туралы мәселені шешуге қатысты тиісті өзгерістер енгізуге құқылы.

      Ескерту. 28-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      29. Егер істің апелляциялық сатыдағы сотта қаралар сәтінде ҚК-нің 6-бабына сәйкес кері күші бар жаңа заң қабылданса, онда апелляциялық сатыдағы сот осындай заң қабылданғанға дейін шығарылған үкімге тиісті өзгерістер енгізуге міндетті.

      Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      30. Апелляциялық сатыдағы сот ақтау үкіміне, істі қысқарту туралы қаулыға немесе сотталған адамның пайдасына қабылданған өзге де шешімге шағымды, наразылықты қарау кезінде шағымда немесе наразылықта олардың заңсыздығы мен негізсіздігі туралы мәселе қойылған жағдайда ғана ақтау үкімін немесе істі қысқарту туралы қаулыны бұзуға болатынын назарда ұстауы қажет.

      Адамдардың біріне қатысты шағым беру, наразылық білдіру басқа адамдарға қатысты үкімді (қаулыны) бұзу құқығын бермейді.

      31. Сотталушының пайдасына шығарылған ақтау үкімінің, істі қысқарту туралы қаулының немесе өзге де шешімнің күшін прокурордың наразылығы немесе жәбірленушінің не оның өкілінің, сондай-ақ ақтау негіздерімен келіспеген сот ақтаған адамның шағымы бойынша ғана жою мүмкін.

      Апелляциялық сатыдағы сот ақтау негізін осы жөнінде шағым немесе наразылық болған жағдайда, сондай-ақ өз бастамасы бойынша, егер шешім ақталғанның жағдайын нашарлатпайтын болса ғана өзгертуі мүмкін.

      Ақтау үкімі өзіне дақ түсіретін тұжырымдаманы алып тастау туралы мәселе қойған жәбірленушінің шағымы бойынша да өзгертілуі мүмкін.

      Ескерту. 31-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      32. Сотталған адамның өзі немесе басқа да процеске қатысушылар апелляциялық шағым немесе наразылық келтіргеннен кейін, бірақ іс апелляциялық тәртіппен қаралғанға дейін сотталған қайтыс болған жағдайда сот үкімі бұзылуға, ал іс бойынша өндіріс ҚІЖК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 11) тармағына және 439-бабына сәйкес қысқартылуға жатады. Қайтыс болған адамға қатысты іс тек қана қайтыс болған сотталған адамды ақтау үшін жалғастырылуы мүмкін.

      Қайтыс болған сотталған адамды ақтау үшін негіздер болмаған жағдайда апелляциялық сатыдағы сот қаулының сипаттау-дәлелдеу бөлігінде осы туралы келтіреді, ал қорытынды бөлігінде сот шешімін бұзу және сотталғанның қайтыс болуына байланысты іс бойынша өндірістің қысқартылғаны туралы шешімді баяндайды. Қайтыс болып кеткен сотталған адамның кінәсіз екендігі анықталған жағдайда қаулыда үкімді бұзу және істі тиісті ақтау негізі бойынша қысқарту туралы көрсетілуге тиіс.

      Алдын ала тергеу кезінде қайтыс болуына байланысты ісі қысқартылған айыпталушының жақын туысының оны ақтау туралы шағымын апелляциялық сатыдағы соттың ҚІЖК-нің 109-бабының тәртібімен шығарылған қаулысы шағымдалған жағдайларда ғана қарауы мүмкін.

      Ескерту. 32-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      33. Апелляциялық сатыдағы соттар қаулы дайындаған кезде ҚІЖК-нің 443-бабының талаптарын қатаң басшылыққа алулары қажет.

      Қаулының кіріспе бөлігінде ҚІЖК-нің 443-бабының 2-бөлігінде көрсетілген мәліметтермен қатар сот үкіміне (қаулысына) шағым берген немесе наразылық білдірген тұлғаларды, сондай-ақ бірінші сатыдағы сот қабылдаған шешімді көрсеткен жөн.

      Сипаттау-дәлелдеу бөлігінде шағымның (қарсылықтың) немесе наразылықтың әрбір дәлеліне тиянақты жауап беріліп, істі тексерудің барысы мен нәтижелері, заңға сілтеме жасала отырып, сот қабылдаған шешімнің негіздері мен дәлелдері көрсетіліп, айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені, қылмыстың саралануы және жазалау шаралары туралы мәселелер бойынша нақтылы жауаптар болуы қажет. Наразылық немесе шағым қанағаттандырусыз қалдырылған жағдайда апелляциялық сатыдағы сот қаулыда шағымдағы немесе наразылықтағы дәлелдерді теріске шығаратын тиянақты негіздерді келтіруге міндетті. Үкім бұзылған немесе өзгертілген жағдайда, үкімге негіз етіліп алынған дәлелдемелердің неге жеткіліксіз деп танылғанын, қандай заң бұзушылықтар орын алғанын, олардың үкімнің мәніне қалай әсер еткенін көрсету қажет.

      Қорытынды бөлікте қабылданған шешімінің мәні баяндалып, үкімге енгізілген әрбір өзгеріс, шағым жасау тәртібі мен мерзімдері көрсетіледі. Қорытынды бөліктің тұжырымдамасы ҚІЖК-нің 431-бабының 1-бөлігінде баяндалған шешімдердің бірін бейнелеуге тиіс.

      Апелляциялық сатыдағы соттың іс бойынша шығарылған жеке қаулыны бұзу немесе өзгерту туралы шешімі, жеке қаулыда істің мәніне қатысты мән-жайлар баяндалған жағдайлардан басқа реттерде жеке қаулымен ресімделеді.

      Ескерту. 33-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 10.04.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      34. Апелляциялық қаулыларды ҚІЖК-нің 444-бабының қағидаларын сақтай отырып шығару қажет.

      Сот құрамы қаулының толық мәтінін іс қаралған күннен бастап он тәуліктің ішінде дайындап, қол қойған жағдайда, қаулының қорытынды бөлігі іс қаралғаннан кейін дереу кеңесу бөлмесінде шығарылып, оған соттың бүкіл құрамы қол қояды. Істі қарауға қатысқан судьялардың бәрі қаулының толық мәтініне қол қойғанға дейін қаулы орындауға жіберілуге тиіс емес, ал оның көшірмесін мүдделі адамдарға жіберуге болмайды. ҚПК-нің 444-бабы 2 және 3-бөліктерінің ережелері жеке қаулыларға қолданылмайды.

      Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы оның толық мәтіні жария етілген сәттен бастап заңды күшіне енеді, бұл ретте тиісті түрде хабардар етілген процеске қатысушылардың тағайындалған уақытта келмеуі апелляциялық қаулының толық мәтінін жария етуге кедергі келтірмейді. Апелляциялық қаулыны орындау кезінде туған күмәндер мен түсініспеушіліктерді сол қаулыны шығарған сот ҚІЖК-нің 51-бабының қағидалары бойынша қарауы мүмкін.

      Апелляциялық сатының үкімін орындауға беру ҚІЖК-нің 445-бабының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 34-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      35. Істі апелляциялық сатыда қайтадан қарау жалпы тәртіппен жүзеге асырылады. Жаңадан қабылданған үкім, қаулы апелляциялық сатының бұрын қабылдаған үкіміне, қаулысына қарама-қайшы келген жағдайда алқа төрағасы кассациялық сатыға туындаған қарама-қайшылықтарды жою туралы ҚПК-нің 446-бабының 3-бөлігіне сәйкес ұсыным енгізеді.

      Ескерту. 35-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 18 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 10.04.2015 N 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      36. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі және жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы