Төтенше жағдайлар саласында бiлімді насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету, хабардар ету ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 қаңтардағы N 50 Қаулысы

Жаңартылған

      "Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 5 шілдедегi Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Төтенше жағдайлар саласында бiлiмдi насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету, хабардар ету ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкiметінiң      
2003 жылғы 17 қаңтардағы 
N 50 қаулысымен    
бекiтiлген    

Төтенше жағдайлар саласында бiлімді насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету, хабардар ету ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже төтенше жағдайлар саласында бiлiмдi насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету, хабардар ету тәртiбiн белгілейдi.

2. Төтенше жағдайлар саласында халықты хабардар ету

      2. Ұйымдар қызметкерлерге және халыққа төтенше жағдайлардың туындау қаупi және туындауы туралы хабарлайды.
       Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.18 N 1068 Қаулысымен.

      3. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары жергiлiктi атқарушы органдармен, мемлекеттік органдардың өкілдерімен өзара iс-әрекет жасай отырып, ведомствоға қарасты аумақтағы төтенше жағдайлар туралы ақпарат жинауды ұйымдастырады және ол туралы халыққа хабарлайды.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.18 N 1068 Қаулысымен.

      4. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында ақпаратты лауазымды адамдардың жасырып қалуына, мезгiлiнде бермеуiне немесе көрiнеу жалған ақпарат ұсынуына жол берiлмейдi.

      5. Жергiлiктi атқарушы органдар қауiп-қатер фактiлерi мен төтенше жағдайлардың алдын алу және сол аумақтағы болуы ықтимал төтенше жағдайлардың сипатына сәйкес олардан қорғану жөнiндегi қажеттi шаралар туралы халыққа және ұйымдарға тоқсан сайын хабарлайды.

      6. Халыққа хабарлау үшiн хабарлау жүйесi пайдаланылады.
      Хабарлау жүйесi дегенiмiз табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың қауiп-қатерi және туындауы туралы азаматтық қорғанысты басқару органдарына, авариялық-құтқару қызметтерiнiң күштерiне және халыққа қысқа мерзiм iшiнде ескерту беру жөнiндегi құралдардың ұйымдастырушылық-техникалық бiрлестiгi.
      Хабарланатын ақпарат ұйымдардың радио және сымды байланыстың арналары, радио хабарларын тарату мен теледидар және басқа да техникалық құралдар арқылы беріледi.
       Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.18 N 1068 Қаулысымен.

3. Төтенше жағдайлар саласында бiлiмдi насихаттау

      7. Төтенше жағдайлар саласында бiлiмдi насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөнiндегi iс-шараларға жатады.
      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында бiлiмдi насихаттауды орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, қоғамдық бiрлестiктер жүзеге асырады. Сондай-ақ бiлiмдi насихаттау үшiн бұқаралық ақпарат құралдары пайдаланылуы мүмкiн.

      8. Төтенше жағдайлар саласында бiлiмдi насихаттаудың міндеттерi:
      1) халыққа табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғану тәсiлдерi мен құралдарын түсiндiру;
      2) басшылардың, жұмысшылардың және қызметшiлердiң, азаматтық қорғаныс құралымдары жеке құрамының, бүкiл халықтың төтенше жағдайлардың iс-шараларына қатысуға жауапты көзқарасын тәрбиелеу жөнiндегi шараларды түсiндiру;
      3) басқару органдары, авариялық-құтқару қызметтерi және азаматтық қорғаныс күштерiнiң жеке құрамының, халықтың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезiндегi жанкештi әрекеттерiн насихаттау;
      4) төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру кезiнде жинақталған оң тәжiрибенi қорыту және тарату;
      5) бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкiндiктерiн пайдалану;
      6) көрнекi үгiт-насихат (плакаттар мен билбордтар) жөнiнде жобалар әзiрлеу және енгiзу, имидждік бейне- және аудиороликтердi, жарнамалық ұрандарды пайдалану болып табылады.

      9. Төтенше жағдайлар саласында бiлiмдi насихаттау мынадай негiз қалаушы қағидаттарға негiзделуi тиiс: ғылымилық, атаулылық, кешенділік, жүйелілік, жеделдiк, шынайылық.

      10. Насихаттау нысандары мен әдiстерiн жұмыстың мазмұнына, оның нақты мақсаттары мен міндеттеріне, тыңдаушылар дайындығының деңгейiне және басқа да ерекшелiктерiне, насихат жүргiзiлетiн объектiнің, ұйымның және аумақтың ерекшелiгiне байланысты жетiлдiрiп және өзгертіп отыру қажет.

      11. Насихаттау жұмысының практикалық нысандарына: ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар; лекциялар; баяндамалар; әңгiмелесулер; төтенше жағдайлар жөнiнде бейне- және кинофильмдер көрсету; байқау-конкурстар жатады.

      12. Бiлiмдi насихаттауды жоспарлау негiзi азаматтық қорғаныс бастығының ағымдағы жылға арналған бұйрығымен бекiтiлген төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiндегi iс-шаралар немесе төтенше жағдайлар жөнiндегi жоғары тұрған органның ұйымдастырушылық-әдiстемелiк нұсқаулары болып табылады. Насихаттау жоспарының мақсаттары мен мiндеттерi жоспарланатын кезеңдегi жұмыстың басты бағытын анықтауы және төтенше жағдайлар саласында насихаттаудың неғұрлым орынды нысандары мен әдiстерiн белгiлеуi тиiс.
      Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiндегi iс-шараларды насихаттау жоспары мынадай бөлiмдердi қамтуы тиiс:  мақсаттары мен мiндеттерi; ұйымдастыру iс-шаралары; бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау; қазiргi заманғы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, вербальдық және визуалдық әсер ету; қоғамдық ұйымдармен өзара iс-әрекет жасау.

4. Төтенше жағдайлар саласында халықты және мамандарды оқытып-үйрету

      13. Халықты және мамандарды оқытып-үйрету табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларда, құтқару жұмыстары мен басқа да шұғыл жұмыстарды жүргiзуде оларды кәсiби даярлау, iс-қимылға дағдыландыру, өзiне- және өзара көмек көрсетудiң негiзгi тәсiлдерi мен әдiстерiн үйрету, халық арасында болуы ықтимал шығынды барынша азайту, материалдық залалды төмендету мақсатында жүргiзiледi.

      14. Халықты оқытып-үйрету мектепке дейiнгi және орта бiлiм беру мекемелерiнде, жұмыс, оқу, тұратын орны бойынша ұйымдарда сабақтарда, жаттығуларда және арнайы оқу-жаттығулар жүргізу барысында бұқаралық ақпарат құралдарын кеңiнен пайдалана отырып, сондай-ақ өз бетiмен оқып-үйрену жолымен жүзеге асырылады.
      Азаматтық қорғаныс құралымдарына кiрмейтiн персоналмен ұйымдарда бекiтiлген бағдарлама бойынша оқытылған тақырыптар көлемiнде сынақ қабылдай отырып, жоспарлы оқу-жаттығулар жүргізіледі.
      Халықты оқытып-үйрету кезiнде "Баршаңыздың назарыңызға!" дабылы бойынша дұрыс iс-қимыл жасауға, өзiне- және өзара көмек көрсету әдiстерiне оқытып-үйретуге ерекше назар аудару қажет. Жұмыс iстейтiн халық кешендi жаттығуларға, объектiлiк жаттығуларға және жаттығулардың барлық түрлерiне тартылуы тиiс.
      Жұмыс iстемейтiн халықты оқытып-үйрету олардың өз бетiнше жаднамаларды, буклеттердi, мерзiмдi баспасөз материалдарын оқуы, телерадио хабарларын көруi (тыңдауы), сондай-ақ оларды оқу-жаттығуларға және жаттығуларға тарту арқылы жүргiзiледi.
      Оқу орындарының студенттерi мен оқушыларын оқытып-үйрету әрбiр санат үшiн оқыту бағдарламасында көзделген көлемдерде жүргiзiледi.
      Жоғары оқу орындарында оқытып-үйрету "Тiршiлiк қауiпсiздiгi" бағдарламасына сәйкес жүргiзiлуi тиiс.
      Жалпы бiлiм беретiн мектептердiң барлық түрлерiнде оқытып-үйрету "Тiршiлiк қауiпсiздiгiнiң негiздерi" бағдарламасы бойынша жүргiзілуi тиiс.
      Жалпы бiлiм беретiн мектептердiң барлық түрлерiнде және кәсiптiк-техникалық мектептерде жыл сайын "Азаматтық қорғаныс күнiн" өткiзу ұсынылады.
      Сейсмикалық қауiптi аймақтарда немесе химиялық қауiптi объектiлерге жақын орналасқан ұйымдарда, оқу орындарында және мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнде тоқсан сайын сейсмикалық жаттығулар немесе қатты әсер ететiн улы заттардың жайылуынан туындаған авариялар кезiндегi персоналдың, студенттердiң, оқушылардың, балалардың iс-қимылы бойынша жаттығулар жүргiзу қажет.
      Сел қауiпi бар аудандарда орналасқан ұйымдарда, оқу орындарында сел қаупiнiң кезеңi басталар алдында жылына 1 рет сел жаттығуларын жүргiзу қажет.

      15. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, pecпубликалық мекемелердiң және ұйымдардың басшы құрамы, сондай-ақ жоғары, кәсiптiк орта оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар басқару органдарының мамандары белгiленген оқыту мерзiмдiлiгiне сәйкес табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның біліктіліктi арттыру оқу орындарында даярлау мен қайта даярлаудан өтедi.
      Ұйымдардың басшылары және олардың орынбасарлары, азаматтық қорғаныс құралымдарының командирлерi, ұйымдардағы caбaқ жүргiзу топтарының басшылары, бастауыш сыныптардың мұғалiмдерi және барлық үлгiдегi жалпы бiлiм беру мектептерiнiң және кәсiптiк орта оқу орындарының алғашқы әскери дайындығын ұйымдастырушы мұғалiмдерi, мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнiң меңгерушілерi, пәтер меншiктенушілер кооперативтерiнiң төрағалары, әлуеттi-қауiптi объектiлердің мамандары бекiтiлген бағдарлама бойынша табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарында даярлаудан және қайта даярлаудан өтедi.
      Даярлаудың негiзi практикалық сабақтар мен тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар болып табылады. Азаматтық қорғаныс құралымдарының жеке құрамы кешендi оқу-жаттығуларға, объектiлiк жаттығуларға, командалық-штабтық оқу-жаттығуларға, сейсмикалық және сел жаттығуларына, авариялық жағдайлар жөнiндегі жаттығуларға қатысуға тиiс.
      Азаматтық қорғаныс құралымдарының жеке құрамымен хабарлау және жинау жөнiнде кемiнде жылына eкі рет жаттығу жүргізу қажет.
       Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.18 N 1068 Қаулысымен.

      16. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында кадрларды кәсiптiк оқытып-үйрету Қазақстан Республикасының жоғары және кәсiптiк орта оқу орындарында бекiтiлген мамандықтар мен бiлiм беру стандарттарына сәйкес жүргiзiледi.