"Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 2002 жылғы 26 қараша N 1252

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      "Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

"Өсiмдік шаруашылығындағы мiндетті сақтандыру туралы"
Қазақстан Республикасының Заңы

      Осы Заң өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандырудан туындайтын қатынастарды реттейді және осы қатынастарға қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерiн анықтайды, мемлекеттiк қолдаудың нысанын көздейдi, өсімдік шаруашылығындағы мiндеттi сақтандырудың мән-жайы мен тәртiбiн анықтайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндетті сақтандыру
             туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы

      1. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндетті сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделген және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен , "Сақтандыру қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңынан , осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарт өсiмдiк шаруашылығындағы мiндетті сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы көздегеннен басқа ережелердi белгiлесе, халықаралық шартты қолдану үшін заң шығару қажет болғаннан басқа жағдайларда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
      2. Осы Заңмен тікелей реттелген қатынастардан басқа, өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандырудан туындайтын және өзге заңнамалық актілерінің iс-қимыл саласына жататын қатынастар сол актiлермен реттеледi.
      3. Ауыл шаруашылығына арналмаған жерлерде өсiмдiк шаруашылығы өнiмiн өсiру және өсiмдiк шаруашылығы өнiмiн сақтау жөнiндегi қызметке осы Заңның күшi қолданылмайды.

      2-бап. Өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандырудың мақсаты,
             объектiсi және субъектiлерi

      1. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандырудың (бұдан әрi - өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандыру) мақсаты осы Заңда көзделген жағдайларда, көлемде және тәртiппен егiннiң iшiнара немесе толық шығынға ұшырауына әкеп соққан қолайсыз табиғат құбылыстарының салдарынан сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру жолымен өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлердiң мүлiктiк мүдделерiн қорғау болып табылады.
      2. Өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандыру объектiсi - өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн өндiру процесiнде сақтандырылушыға келтiрiлген қаржылық шығындарды оған iшiнара немесе толық өтеуге байланысты сақтандырылушының мүлiктiк мүдделерi. Сонымен бiрге, осы Заңның мақсаттары үшiн, ауыл шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган оларға қатысты өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрi өндірiлетiн бiр гектарға жұмсалатын шығынның нормативтерiн белгiлеген дәнді және дәнді-бұршақ тұқымдастар, майлы, жемдiк, техникалық, көкөнiстiк және бақша дақылдары, картоп, жемiс беретiн жемiс-жидек екпе ағаштары мен жүзiмдiктер өсiмдiк шаруашылығы өнiмiне жатады.

      3-бап. Өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандыру саласын
             мемлекеттiк бақылау

      1. Өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн өндірушiлердiң сақтандыру шартын жасасу жөніндегi осы Заң белгiлеген мiндеттемелерiнiң орындалуын мемлекеттік бақылауды ауыл шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
      2. Сақтандыру ұйымдарының қызметiн мемлекеттiк қадағалауды Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес сақтандыру қызметiн реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.

      4-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      өсiмдiк шаруашылығы - бұл өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн өндiрумен айналысатын заңды және жеке тұлғалардан - ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрушiлерден тұратын ауыл шаруашылығы саласының өндiрiстер кешенi;
      сақтандырылушы - сақтандырушымен сақтандыру шартын жасаған тұлға;
      сақтандырушы - сақтандыруды, яғни сақтандыру жағдайы болған кезде сақтандырылушыға немесе пайдасына шарт жасалған тұлғаға (пайда алушыға), шартпен анықталған соманың (сақтандыру сомасының) шегiнде сақтандыру төлемiн төлеуге мiндеттi тұлға;
      Үкімет агенті - Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтаған жағдайларда, төленген сақтандыру төлемдерiнiң бiр бөлiгiн сақтандырушыға өтеу арқылы, өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандыруды қолдауға республикалық бюджеттен бөлiнетiн қаражатты басқару үшiн Қазақстан Республикасының Yкіметi анықтаған, мемлекеттiң жүз пайыздық қатысуымен құрылған заңды тұлға;
      бағалаушы - бағалау қызметiн жүзеге асыратын лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлға;
      өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру шарты (бұдан әрi - шарт) - осы Заң талаптары бойынша сақтандырушы мен сақтандырылушы арасында жасалатын шарт;
      сақтандыру жағдайы - шарт сақтандыру төлемiн жүзеге асыруды көздейтiн оқиғаның болуы;
      сақтандыру сомасы - сақтандыру объектiсi сақтандырылған және сақтандыру жағдайы болған кезде сақтандырушы жауапкершiлiгiнiң шектi көлемi болып саналатын ақша сомасы;
      сақтандыру сыйақысы - өсiмдік шаруашылығындағы сақтандыру шартында анықталған көлемде сақтандыру төлемiн сақтандырылушыға төлеу мiндеттемелерiн сақтандырушының қабылдағаны үшiн сақтандырылушының сақтандырушыға төлеуге мiндеттi ақша сомасы;
      сақтандыру төлемi - сақтандыру жағдайы болғанда сақтандыру сомасының шегінде сақтандырушы сақтандырылушыға төлейтiн ақша сомасы;
      франшиза - сақтандырушының өтеуiне жатпайтын шығындар сомасы.

2-тарау. Өсімдiк шаруашылығындағы сақтандырудың мән-жайы

      5-бап. Сақтандыру жағдайларының түрлерi

      Өсiмдік шаруашылығындағы сақтандырудың сақтандыру жағдайларына қолайсыз табиғат құбылыстарының (құрғақшылық, қатқақ, тоң, жылылық жетiспеуі, артық ылғалдану, бұршақ, нөсер, су тасқыны, дауыл, табиғат құбылыстары салдарынан болған өрттер, сел) немесе олардың жиынтығының нәтижесiнде өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң жойылуы немесе бүлiнуi салдарынан сақтандырушының зиян шегуi жатады.

      6-бап. Сақтандыру сомасының мөлшерi

      1. Өсімдік шаруашылығы өнiмiнiң түрi бойынша сақтандыру сомасы жеке айқындалады және сақтандырылушы өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң осы түрiн өсiруге шығын жұмсайтын бүкiл алаңға көбейтілген, бiр гектарға жұмсалатын шығынның нормативiнен кем болмауы тиiс.

      7-бап. Сақтандыру сыйақысын есептеу және төлеу

      1. Өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандыру бойынша сақтандыру сыйақысының көлемi сақтандыру шартымен белгiленедi, алайда, кез келген жағдайда, Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiткен, өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң әрбiр түрi бойынша сақтандыру сомасына көбейтiлген аймақтық сақтандыру тарифiнiң көлемiнен аспауы тиiс.
      2. Сақтандыру сыйақысын сақтандырушы төлейдi және өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң сақтандырылған түрiнiң өзiндiк құнына жатқызылады.
      3. Егер сақтандыру шартында басқаша көзделмеген болса, өсiмдік шаруашылығындағы сақтандыру сыйақысын сақтандырылушы сақтандырушыға бiржола төлейдi.

      8-бап. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн және жүзеге
             асырудың тәртібiн анықтау

      1. Сақтандыру төлемi франшизаларды қолдана отырып шығын көлемiнде жүзеге асырылады.
      2. Шығын көлемi шарт жасасу кезiнде тағайындалған өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрiн өндiрудің бiр гектарына жұмсалған шығын нормативiнiң көлемi мен өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрiн өндірудiң қолайсыз табиғат құбылыстары ықпал еткен бiр гектарынан алынған кiрiс арасындағы, қолайсыз табиғат құбылыстары ықпал еткен өнiмнiң осы түрiн өндiрудiң алаңына көбейтiлген айырмасы ретiнде анықталады.
      Қолайсыз табиғат құбылыстарының ықпалына ұшыраған алаңдардың көлемдерi, сақтандырылушының арызын алған күннен бастап үш күндiк мерзiм iшiнде жергiлiктi атқарушы орган сақтандырылушының арызы бойынша құруға тиiс комиссия белгiлейдi.
      Комиссия құрамына жергiлiктi атқарушы органның, ауыл шаруашылығы және жер ресурстарын басқару жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның, Үкiмет агентiнiң, сақтандырушының және сақтандырылушының өкiлдерi кiредi.
      Комиссияның тексеру нәтижесi бойынша тиiстi тексеру кесiмi ресiмделедi, ол әрбiр қолайсыз табиғи құбылыс фактiсi бойынша және өсiмдiк шаруашылығындағы өнiм түрi бойынша жеке жасалады (бұдан әрi - тексеру кесiмi).
      Қолайсыз табиғат құбылыстары ықпал еткен алқаптан жиналған өнiмнiң көлемi егiн жинау кезiнде мiндетті бағалауға жатады.
      3. Кiрiс нақты, яғни алуға қолайсыз табиғат құбылыстары ықпал еткен, өсiмдiк шаруашылығы өнiмi түрiнiң көлемiн сатқаннан кейiн есептелетiн болуы мүмкiн (бұдан әрi - нақтылы кiрiс).
      4. Кiрiс бағалық, яғни егiн жиналғаннан кейiн және алуға қолайсыз табиғат құбылыстары ықпал еткен, өсiмдiк шаруашылығы өнiмi түрiнiң көлемiн сатқанға дейiн есептелетiн болуы мүмкiн. Бағалық кiрiс ауыл шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен әдiстеме негiзiнде анықталады. (бұдан әрi - бағалау кiрiсi).
      Бағалық кiрiстi ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілеттi мемлекеттiк орган беретiн, өсiмдiк шаруашылығы саласында бағалау қызметiн жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалаушы анықтайды.
      Өсiмдік шаруашылығы өнiмiн бағалаушыларды лицензиялаудың ережесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      5. Егiн жартылай жойылған жағдайда сақтандыру төлемi егiн жинау алған күннен бастап ең кемiнде бiр ай өткенде, алайда егін жинау аяқталған күннен бастап бес айдан кешiктiрмей жүзеге асырылады.
      Сонымен бiрге кірiс мынадай тәртіппен есептеледi:
      1) егер алынған егiн сатылған болса, кiрiс осы баптың 3-тармағына сәйкес есептеледi;
      2) егер алынған егiн сатылмаған болса, онда кiріс осы баптың 4-тармағына сәйкес есептеледi;
      3) егер алынған егiн жартылай сатылған болса, онда сатылған бөлiгiне кiрiс осы баптың 3-тармағына сәйкес есептеледi, ал сатылмаған бөлiгiне кiрiс осы баптың 4-тармағына сәйкес есептеледі.
      6. Егiстiктер (көшеттер) толық жойылған жағдайда сақтандыру төлемi зерттеу актiсiне қол қойылған күннен бастап екi апта мерзiмде жүргiзiледi.
      7. Франшизалардың шектi көлемдерiн өсiмдік шаруашылығы өнiмдерiнiң әрбiр түрi бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      8. Үкiмет агентiнiң сақтандырушыға сақтандыру төлемдерiнiң бiр бөлігін республикалық бюджет қаражаты есебiнен өтеуiнiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      9-бап. Сақтандыру төлемi туралы талап қоюдың тәртiбi

      1. Сақтандырушыға сақтандыру төлемдерi жөнiндегі талапты сақтандырылушы жазбаша нысанда сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруға қажеттi құжаттармен қоса бередi.
      2. Сақтандыру төлемi туралы арызға мынадай құжаттар қоса берiледi:
      сақтандыру шартының көшiрмесi;
      қолайсыз ауа райы құбылысының болғандығын растайтын гидрометеоқызмет органының анықтамасы;
      осы Заңның 8-бабының 2-тармағына сәйкес жасалған зерттеу актісi;
      нақтылы алынған кiрiстi растайтын, тiзбесi сақтандыру шартында белгiленген құжаттар, ал олар болмаған жағдайда - бағалаушының кiрiстi бағалау жөнiндегі есебi;
      сақтандырушының сақтандырылушыдан басқа құжаттарды қосымша талап етуiне жол берiлмейдi.
      3. Құжаттарды қабылдаған сақтандырушы оларды қабылдаған күнiн және құжаттардың толық тiзбесiн көрсетiп сақтандырылушыға анықтама беруге мiндеттi.

      10-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемiн жүзеге
              асырудан босатудың негіздерi

      1. Сақтандырушы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен көзделген негiздер бойынша сақтандыру төлемiн төлеуден бас тартуға құқылы.
      2. Егер сақтандыру жағдайы мынадай себептердiң салдарынан болса сақтандырушы сақтандыру төлемiн төлеуден толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы:
      сақтандырушының қажеттi қорғаныс немесе мейлiнше қажеттiк жағдайында жасалған iс-әрекетiнен басқа, сақтандыру жағдайының әдейi жасалуына бағытталған немесе оның жасалуына ықпал ететiн қасақана iс-әрекеттерi;
      сақтандырушының Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен белгiленген тәртіппен қасақана жасалған қылмыс немесе сақтандыру жағдайының себебiмен байланысты болған әкiмшiлiк құқық бұзушылық деп танылған iс-әрекеттерi.
      3. Сондай-ақ сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуына мыналар негiз бола алады:
      сақтандырылушы сақтандырушыға сақтандыру объектiсi, сақтандыру қауiп-қатерi, сақтандыру жағдайы және оның салдарлары туралы жалған мәлiметтердi хабарлауы;
      сақтандырылушы сақтандыру жағдайының шығындарын азайту жөнiндегi шараларды қасақана қабылдамауы;
      сақтандыру жағдайы болуының мәнiсiн зерттеуде және одан келген шығынның көлемiн белгiлеуде сақтандырушыға сақтандырылушының қарсылық жасауы;
      сақтандыру жағдайының болғаны туралы сақтандырушының хабарламауы;
      Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен көзделген басқа да жағдайлар.
      4. Сақтандыру төлемiнен бас тарту жөнiндегi шешiмдi сақтандырушы қабылдайды және бас тартудың дәлелдi негiздерiн көрсетiп жазбаша нысанда сақтандырылушыға осы Заңның 9-бабының 2-тармағында көзделген барлық құжаттардың берiлген күнiнен бастап жетi күндiк мерзiм iшiнде хабарлайды.
      5. Сақтандырушының сақтандыру төлемдерiн жүргiзуден бас тартқаны үшiн сақтандырылушы сотқа шағымдануы мүмкiн.

      11-бап. Өсiмдiк шаруашылығын сақтандыруды мемлекеттiк
              қолдау

      1. Мемлекет қолайсыз табиғат құбылысының нәтижесiнде болған сақтандыру жағдайынан мiндеттi сақтандыруды мемлекеттiк қолдауға, ауыл шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органға республикалық бюджеттен ақша бөлу арқылы өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандыруға қаржылай қатысады.
      2. Республикалық бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган Үкiмет агентiне арнаулы шот ашады.
      Мемлекеттiк мiндеттi сақтандыру жүйесiн дамытуға жағдай жасау үшiн арнаулы шоттың қаражаттары депозитке орналастырылуы мүмкiн.
      Арнаулы шоттың кiрiс бөлiгi республикалық бюджеттен сақтандыруды мемлекеттiк қолдауға бөлiнген қаражаттар мен уақытша бос сақтандыру сомаларын депозитке орналастырудан түскен кірiстер есебiнен қалыптасады.
      Депозитке орналастырылған сомалар, сақтандырушыға төленетiн сақтандыру төлемдері мен Үкiмет агентiнiң қызметiне төленетiн шығыстар арнаулы шоттың шығыс бөлiгiне қосылады.
      Қаржы жылының соңында есептелген арнаулы шот қаражаттарының қалдығы бюджетке қайтарылуға жатпайды.
      3. Арнаулы шоттың ақшасын пайдалану тәртiбi, сондай-ақ уақытша бос қаражаттарды депозитке орналастыру рәсiмi Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген тәртіппен анықталады.
      4. Мiндеттi сақтандыруға жататын өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiнiң түрлерi және сақтандыру төлемдерiн өтеу мөлшерлерi сақтандыруды мемлекеттiк қолдаудың кезектi бюджеттiк-қаржылық жылға арналған мүмкiндiктерiне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық кесiмдерiмен сақтандыру қызметiн реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның ұсынысы бойынша реттеледi.

      12-бап. Сақтандырушы, оның құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сақтандыру ұйымы ретiнде тiркелген және өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру бойынша сақтандыру қызметiн жүзеге асыруға құқылы лицензиясы бар заңды тұлға сақтандырушы бола алады.
      2. Сақтандырушы:
      - қолайсыз табиғат құбылысы туған кезде жергiлiктi атқарушы орган Сақтандырылушының өтiнiш бойынша құрған комиссияның құрамында қолайсыз табиғат құбылыстарының әсерiне ұшыраған алаңдарды анықтау жөнінде тексеру жұмысын жүргізу үшін өз өкілін жіберуге;
      - сақтандыру жағдайы туған кезде сақтандырылушымен және бағалаушымен бiрлесе қолайсыз табиғат құбылысының әсерiне ұшыраған өсiмдiк шаруашылығындағы өнiмнiң нақтылы және/немесе бағалық кiрiсiн анықтау жөнiнде жұмыс жүргiзуге;
      - құзыреттi органдардан сақтандыру жағдайы туғандығын растайтын құжаттарды сұратып алуға;
      - сақтандыру жағдайы туу нәтижесiнде сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн анықтау үшiн тәуелсiз бағалаушылардың есептерiн пайдалануға;
      - сақтандыру жағдайын тудыруға алып келуi мүмкiн қолайсыз табиғат құбылысы болған аумақты қарауға және тексеру жүргiзуге;
      - сақтандыру төлемдерi бөлiгiнiң өтеуiн республикалық бюджетте көзделген қаражаттар есебiнен Үкiмет агентiнен алуға;
      - өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандыруды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге және оларды Үкiмет агентiне енгiзуге құқылы.
      3. Сақтандырушы:
      - әрбiр сақтандыру жағдайы туған кезде сақтандырылушы жүзеге асыратын өндiрiстегi өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiнiң түрлерi бойынша осы Заңда және сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде, тәртiпте және мерзiмде сақтандыру төлемiн жүргiзуге;
      - Үкiмет агенттермен iшiнара сақтандыру төлемдерiн өтеу тәртібi мен талаптары туралы шарт жасасуға;
      - өсiмдiк шаруашылығында сақтандыру жөнiндегi статистиканы жүргiзуге және жинақтауға және Үкiмет агентiнiң талабы бойынша оған ұсынуға;
      - Өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандыру ережесiн әзiрлегенде, сақтандыру қызметiн реттейтiн және қадағалайтын уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсуге;
      - өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандырудың жасалған шарттары туралы сақтандыру шарты жасалған келесi айдың бесiншi күнiнен кешiктiрмей, сақтандырушы мен Үкiмет агентi арасында жасалған шартта көзделген тәртiпте, көлемде және мерзiмде Үкiмет агентiне ақпарат беруге;
      - Сақтандырылушыны Өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандыру ережелерiмен таныстыруға;
      - сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге;
      - бағалаушының қызметiне ақы төлеуге мiндеттi.
      4. Сақтандырушының сондай-ақ Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген заңнамада көзделген өзге де құқықтары мен мiндеттерi бар.

      13-бап. Сақтандырылушы, оның құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сақтандырылушы өсiмдiк шаруашылығында өнiм өндiру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын заңды немесе жеке тұлға болып табылады.
      2. Сақтандырылушы:
      - сақтандыру төлемiн алуға;
      - өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандырушыдан мiндеттi сақтандырудың шарттарын, өзiнiң құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiрудi талап етуге;
      - келтiрiлген залал туралы жүргiзiлген бағаның деректерiмен танысуға;
      - сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуы немесе оның мөлшерiн азайту жөнiндегi шешiмiне Қазақстан Республикасының заңнамасында және сақтандыру шартында көзделген тәртiппен дауласуға;
      - қолайсыз табиғат құбылысына ұшыраған егіс алаңынан өсiрiлген өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiнiң әр түрiнен алынған нақтылы немесе бағаланатын кiрiсті бағалау нәтижесiмен келiспеген жағдайда сотқа жүгiнуге құқылы.
      3. Сақтандырылушы:
      - сақтандырушымен өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандыру шартын осы Заңның 16-бабының 3-тармағында белгiленген мерзiмде жасасуға;
      - шартта белгiленген мөлшерде, тәртiпте және мерзiмде сақтандыру сыйлықтарын төлеуге;
      - сақтандыру оқиғасының тууына соқтыруы мүмкiн оған белгілi болған қолайсыз табиғат құбылысының фактiсi жөнiнде 3 күндiк мерзiм iшiнде сақтандырушыны хабардар етуге;
      Үкiмет агентінiң өкiлдерiн, сақтандырушыны және бағалаушыны осы қолайсыз табиғат құбылысы болған аумақты қарау үшiн тиiстi жағдай туғызуды қамтамасыз етуге және олардың егiн жинау жұмыстары аяқталғанға дейiн егiстер мен көшеттердiң жай-күйiн бақылауына кедергі келтірмеуге;
      - қолайсыз табиғат құбылысының фактiсiн анықтау жөнiндегi комиссия құру туралы жергiлiкті атқарушы органға өтiнiш беруге;
      - сақтандыру жағдайынан болған шығындарды азайту жөнiндегi шараларды қабылдауға;
      - сақтандыру төлемдерiн алу үшін қажетті осы Заңның 9-бабының 2-тармағында көрсетілген құжаттарды сақтандырушыға беруге мiндеттi.
      4. Сақтандырылушының Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген заңнамада көзделген өзге де құқықтары мен мiндеттерi бар.

      14-бап. Yкімет агентiнiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Үкiмет агентi:
      - өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандыруды жетiлдіру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге;
      - өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандыруды өткiзу тәжiрибесiн жинақтауға;
      - өз құқықтары мен оған жүктелген міндеттерді іске асыру үшiн сақтандыруға қатысушылардан қажеттi ақпараттарды, оның iшiнде сақтандыру құпиясына жататын мәлiметтердi сұрап алуға құқылы.
      2. Үкiмет агентi:
      - сақтандырушы мен сақтандырылушыға өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiнiң белгiлi түрлерiн өндiру шығындарының бекiтiлген нормативтерi туралы ақпараттарды жеткiзуге;
      - қолайсыз табиғат құбылысы туған жағдайда, сақтандырылушының өтiнiшi бойынша жергiлiктi атқарушы орган құрған комиссия құрамында қолайсыз табиғат құбылысының әсерiне ұшыраған өсiмдік шаруашылығындағы өнiм өндiрiлетiн алаңның мөлшерiн анықтау жөнiнде жұмыс жүргiзуге;
      - сақтандыру жағдайы туған кезде табиғат құбылысының қолайсыз әсерiне ұрынған өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрлерiн өткiзуден түскен нақтылы кiрiстi немесе бағаланған кiрiстi анықтау жөнiндегi сақтандырылушының, сақтандырушының және бағалаушының бiрлескен жұмысына қатысуға.
      Сақтандырушыға осы заңның 8-бабының 8-тармағында белгiлеген мөлшерде сақтандыру төлемiн өтеуге мiндеттi.
      3. Үкiмет агентiнiң Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген заңнама бойынша жүктелген өзге де құқықтары мен мiндеттерi бар.
      4. Үкiмет агентi сақтандыру төлемдерiн iшiнара өтеу тәртібi мен жағдайлары жөнiнде сақтандырушымен шарт жасасуға мiндеттi.
      5. Үкiмет агентiнен сақтандырушыға ақша тиiстi шартқа сәйкес келiсiлген мерзiмде тек сақтандырушы өз мiндеттемелерiн сақтандыру төлемi бойынша толық орындағанда, Үкiмет агентiмен бiрге шарт талаптарын сақтандырушы мiндеттi түрде сақтаған жағдайда ғана бөлiнедi.
      6. Yкiмет агентiнiң қызметiне ақы төлеу мөлшерi мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi анықтайды.
      7. Yкiмет агентiнiң қызметiн бақылауды Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасына сәйкес уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      15-бап. Бағалаушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Бағалаушы:
      бағалауды жүргізу кезiнде сақтандырылушыдан сақтандыру жағдайы туған жерге және бағалауды жүзеге асыру үшiн қажеттi қуаттарға, материалдарға толық көлемде қол жеткiзуiн қамтамасыз етудi талап етуге;
      сақтандырылушыдан және сақтандырушыдан бағалауды жүзеге асыру үшiн қажеттi түсiнiктер мен қосымша мәлiметтер алуға; заңмен қорғалатын мемлекеттiк немесе коммерциялық құпия болып табылатын ақпараттардан басқа ақпараттарды үшiншi тұлғадан жазбаша немесе ауызша нысанда сұрауға құқылы.
      2. Бағалаушы:
      - ауыл шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен әдiстеме негізiнде сақтандырушының сақтандырылушыға келтiрiлген залалдың және сақтандыру өтемақысының мөлшерiн анықтау үшiн өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандырылған өнiмнiң осы түрiнiң бағалық кiрiсiн анықтауға;
      - сақтандырылушыға, сақтандырушыға және Үкiмет агентiне бағалау жөнiнде есеп беруге мiндеттi.
      3. Бағалаушы қолайсыз ауа райы жағдайында алынған, бұрын анықталған өсiмдік шаруашылығындағы өнiмнiң сол бөлiгінiң бағалау құны шамасының растығы үшiн жауапты болады.
      4. Бағалаушының Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген заңнамада көзделген өзге де құқықтары мен мiндеттерi бар.

      16-бап. Сақтандыру шарты

      1. Сақтандыру шартын жасау өсiмдік шаруашылығында өнiм өндiрушiлер үшiн мiндеттi болып табылады.
      2. Сақтандыру шарты күнтізбелiк жылға жасалады және егер сақтандыру шартында басқаша көзделмеген болса, сақтандыру сыйлығын төлеу сәтiнен бастап күшiне енедi.
      3. Өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандыру шартын жасау және сақтандыру сыйлығын төлеу мерзiмi:
      - көп жылдық дақылдар бойынша, жемiс беретiн жемiс-жидек көшеттерi мен жүзiмдiктер - жыл сайын 1 наурызға дейiн;
      - өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiнiң қалған түрлерi бойынша - өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiнiң тұқымын себу аяқталғаннан кейiн 15 күннен кешiктiрiлмей.
      4. Сақтандыру шарты жазбаша нысанда жасалады.
      Сақтандыру шартының үлгi нысаны ауыл шаруашылығындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның сақтандыру қызметiн реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiмi бойынша бекiтiледі.
      5. Сақтандыру шарты мынадай жағдайларда өзiнiң қолданылуын тоқтатады:
      1) шарттың қолданылу мерзiмi өткенде;
      2) шарт мерзiмiнен бұрын бұзылғанда;
      3) шарт қолданылып тұрған мерзiмде орын алған барлық сақтандыру жағдайлары бойынша сақтандыру сомасы мөлшерiнде сақтандыру төлемi жүзеге асырылғанда.
      6. Сақтандыру шарты қолданылуын Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексте белгiленген жағдайларда мерзiмiнен бұрын тоқтатады.
      7. Сақтандыру шарты Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексiнде көзделген негiздемелер бойынша заңсыз деп танылады.

3-тарау. Қорытынды ережелер

      17-бап. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру
              туралы Қазақстан Республикасының заңнамаларын
              бұзу салдарлары

      Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде Сақтандырылушы ретiнде көрiну мiндетi жүктелген тұлға осы заңда көзделген сақтандыру жағдайларында Сақтандырушыдан сот тәртiбiмен сақтандыру шартын жасауды талап етуге құқылы.

      18-бап. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру
              шартынан жалтарғаны үшiн жауапкершiлiк

      Өсiмдік шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру шартынан жалтарғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жауапкершіліке тартылады.

      19-бап. Дауларды шешу

      Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру бойынша тараптардың қатынастарынан туындайтын даулар белгiленген заңнама тәртібiмен шешiледi.

      20-бап. Заңның күшiне енуi

      Осы Заң 2003 жылғы 1 шiлдеден бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті