Кәмелетке толмаған балаларға алимент ұстау жүргізілетін табыс және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 15 шілдедегі N 776 Қаулысы

Жаңартылған

      "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 17 желтоқсандағы  Заңының  126-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Кәмелетке толмаған балаларға алимент ұстау жүргізілетін табыс және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Yкiметiнiң        
2002 жылғы 15 шілдедегi 
N 776 қаулысымен    
бекiтiлген        

Кәмелетке толмаған балаларға алимент ұстау жүргiзiлетiн
табыс және (немесе) өзге де кiрiс түрлерiнiң
ТIЗБЕСI

      1. Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұстау осы тiзбенiң 2-тармағында көрсетiлген адамдардың кiрiстерiн қоспағанда, ата-анасы алатын ақшалай (ұлттық және (немесе) шетелдiк валютада) жалақының (ақшалай сыйақы, нәпақа) және өзге де кiрiстiң барлық түрiнен жүргiзiледi, соның iшiнде: 
      1) еңбеккерлерге нақты жұмыс iстеген уақыты үшiн немесе орындалған жұмыс үшiн еңбекке ақы төлеу жүйесiнде көзделген белгiленген лауазымдық жалақыларды (ставкаларды) негiзге ала отырып есептелген жалақыдан; 
      2) еңбекке ақы төлеу жүйесiнде көзделген қосымшаақылар мен үстемеақылардың барлық түрiнен, сондай-ақ еңбекке ақы төлеу қоры шегінде қаражатты немесе тиiстi мекеменi ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебiнен алынатын үстемеақылардан; 
      3) еңбекке ақы төлеу жүйесiнде көзделген тұрақты сипаттағы сыйлықтардан (сыйақылардан), сондай-ақ материалдық көтермелеудiң өзге де нысандарынан; 
      4) "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 маусымдағы  Заңының  62-бабында көзделген өтемақыларды қоспағанда, ақшалай өтемақылардан; 
      5) демалыс уақытында сақталатын жалақыдан, сондай-ақ тек бiрнеше жылғы демалыстарды қосқан жағдайда ғана пайдаланылмаған демалысқа төленетiн ақшалай өтемақыдан;
      6) комиссиялық сыйақыдан (штаттағы сақтандыру агенттерiне, штаттағы делдалдарға және басқаларға);
      7) азаматтық заңнамаға сәйкес жасалатын және бiр жолғы сипаттағы емес шарттар бойынша орындалған жұмыстар, ұсынылған қызметтер үшiн алынған сомадан;
      8) авторлық сыйақы сомасынан;
      9) зейнетақы төлемдерiнiң барлық түрiнен, мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақыдан, мемлекеттiк арнаулы жәрдемақыдан, атаулы әлеуметтiк көмек сомасынан;
      10) бiлiм беру ұйымдарында оқитындарға төленетiн стипендиялардан;
      11) заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметпен айналысудан түскен табыстардан;
      12) мүлiктi жалға беруден түскен табыстардан;
      13) бағалы қағаздар бойынша түскен табыстардан және заңды тұлғаның мүлкiн басқаруға қатысудан түскен табыстардан;
      14) Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтар әсерiне ұшыраған аумақтарда және Арал өңiрiндегi экологиялық апат аймақтарында тұрғаны үшiн заңнамалық кесiмдермен белгiленген еңбекке қосымшаақы төлемiнен.

      2. Әскери қызметшiлерден, iшкi iстер органдары, прокуратура органдары, қаржы полициясы органдары, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызметі, Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi Қылмыстық-атқару жүйесi комитетiнiң қызметкерлерiнен, кеден органдарының лауазымды адамдарынан алимент ұстау қызметтiк мiндеттердi орындауға байланысты олар алатын төлемдердiң мынадай түрлерiнен жүргiзiледi: 
      1) лауазымдық жалақыдан, әскери (арнайы) атақ бойынша берiлетiн жалақыдан (үстемеақыдан), сыныптық шенге қосымша төлемнен және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген қызмет өткерудiң ерекше жағдайлары үшiн үстемеақыдан; 
      2) Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтар әсерiне ұшыраған аумақтарда және Арал өңiрiндегi экологиялық апат аймақтарында тұрғаны үшiн заңнамалық кесiмдермен белгiленген еңбекке қосымшаақы төлемiнен; 
      3) дүлей апатқа, өртке, мүлiк ұрлануына, мертiгуге, сондай-ақ бала тууға, жақын туыстары қайтыс болуына байланысты көрсетiлген материалдық көмектен басқа, тұрақты сипаттағы материалдық көмек сомасынан; 
      4) еңбекке ақы төлеу жүйесiнде көзделген тұрақты сипаттағы және тиiстi мекеменi ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебiнен алынатын сыйлықтардан (сыйақылардан); 
      5) тиiстi органды ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебiнен алынатын үстемеақылар мен қосымшаақылар сомасынан;
      6) олар мертiккен жағдайда төленетiн бiр жолғы өтемақыдан, зиянды немесе қысылтаяң жағдайлардағы жұмыс үшiн өтемақы төлемдерiнен, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар салдарларын жою кезiнде экологиялық әсерден зардап шеккендерге төленетін ақшалай сомадан және бір жолғы сипаттағы басқа сомалардан өзге, ақшалай өтемақылардың барлық түрінен;
      7) әскери-оқу орындары, арнайы оқу орындары курсанттарының (тыңдаушыларының) лауазымдық жалақысынан (стипендиясынан).
       ЕСКЕРТУ. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.06.30. N 662  қаулысымен .