Кәмелетке толмаған балаларға алимент ұстау жүргізілетін табыс және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 15 шілдедегі N 776 Қаулысы

Жаңартылған

      "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 17 желтоқсандағы Заңының 126-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Кәмелетке толмаған балаларға алимент ұстау жүргізілетін табыс және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Yкiметiнiң       
2002 жылғы 15 шілдедегi
N 776 қаулысымен   
бекiтiлген       

Кәмелетке толмаған балаларға алимент ұстау жүргiзiлетiн
табыс және (немесе) өзге де кiрiс түрлерiнiң
ТIЗБЕСI

      1. Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұстау осы тiзбенiң 2-тармағында көрсетiлген адамдардың кiрiстерiн қоспағанда, ата-анасы алатын ақшалай (ұлттық және (немесе) шетелдiк валютада) жалақының (ақшалай сыйақы, нәпақа) және өзге де кiрiстiң барлық түрiнен жүргiзiледi, соның iшiнде:
      1) еңбеккерлерге нақты жұмыс iстеген уақыты үшiн немесе орындалған жұмыс үшiн еңбекке ақы төлеу жүйесiнде көзделген белгiленген лауазымдық жалақыларды (ставкаларды) негiзге ала отырып есептелген жалақыдан;
      2) еңбекке ақы төлеу жүйесiнде көзделген қосымшаақылар мен үстемеақылардың барлық түрiнен, сондай-ақ еңбекке ақы төлеу қоры шегінде қаражатты немесе тиiстi мекеменi ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебiнен алынатын үстемеақылардан;
      3) еңбекке ақы төлеу жүйесiнде көзделген тұрақты сипаттағы сыйлықтардан (сыйақылардан), сондай-ақ материалдық көтермелеудiң өзге де нысандарынан;
      4) "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 маусымдағы Заңының 62-бабында көзделген өтемақыларды қоспағанда, ақшалай өтемақылардан;
      5) демалыс уақытында сақталатын жалақыдан, сондай-ақ тек бiрнеше жылғы демалыстарды қосқан жағдайда ғана пайдаланылмаған демалысқа төленетiн ақшалай өтемақыдан;
      6) комиссиялық сыйақыдан (штаттағы сақтандыру агенттерiне, штаттағы делдалдарға және басқаларға);
      7) азаматтық заңнамаға сәйкес жасалатын және бiр жолғы сипаттағы емес шарттар бойынша орындалған жұмыстар, ұсынылған қызметтер үшiн алынған сомадан;
      8) авторлық сыйақы сомасынан;
      9) зейнетақы төлемдерiнiң барлық түрiнен, Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 маусымдағы Заңының 62-бабында көзделген жәрдемақыны қоспағанда, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыдан, атаулы әлеуметтiк көмек сомасынан;
      10) бiлiм беру ұйымдарында оқитындарға төленетiн стипендиялардан;
      11) заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметпен айналысудан түскен табыстардан;
      12) мүлiктi жалға беруден түскен табыстардан;
      13) бағалы қағаздар бойынша түскен табыстардан және заңды тұлғаның мүлкiн басқаруға қатысудан түскен табыстардан;
      14) Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтар әсерiне ұшыраған аумақтарда және Арал өңiрiндегi экологиялық апат аймақтарында тұрғаны үшiн заңнамалық кесiмдермен белгiленген еңбекке қосымшаақы төлемiнен.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.12.29. N 1307 қаулысымен.

      2. Әскери қызметшiлерден, iшкi iстер органдары, прокуратура органдары, қаржы полициясы органдары, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мемлекеттік өртке қарсы қызметі, Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi Қылмыстық-атқару жүйесi комитетiнiң қызметкерлерiнен, кеден органдарының лауазымды адамдарынан алимент ұстау қызметтiк мiндеттердi орындауға байланысты олар алатын төлемдердiң мынадай түрлерiнен жүргiзiледi:
      1) лауазымдық жалақыдан, әскери (арнайы) атақ бойынша берiлетiн жалақыдан (үстемеақыдан), сыныптық шенге қосымша төлемнен және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген қызмет өткерудiң  ерекше жағдайлары үшiн үстемеақыдан;
      2) Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтар әсерiне ұшыраған аумақтарда және Арал өңiрiндегi экологиялық апат аймақтарында тұрғаны үшiн заңнамалық кесiмдермен белгiленген еңбекке қосымшаақы төлемiнен;
      3) дүлей апатқа, өртке, мүлiк ұрлануына, мертiгуге, сондай-ақ бала тууға, жақын туыстары қайтыс болуына байланысты көрсетiлген материалдық көмектен басқа, тұрақты сипаттағы материалдық көмек сомасынан;
      4) еңбекке ақы төлеу жүйесiнде көзделген тұрақты сипаттағы және тиiстi мекеменi ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебiнен алынатын сыйлықтардан (сыйақылардан);
      5) тиiстi органды ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебiнен алынатын үстемеақылар мен қосымшаақылар сомасынан;
      6) олар мертiккен жағдайда төленетiн бiр жолғы өтемақыдан, зиянды немесе қысылтаяң жағдайлардағы жұмыс үшiн өтемақы төлемдерiнен, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар салдарларын жою кезiнде экологиялық әсерден зардап шеккендерге төленетін ақшалай сомадан және бір жолғы сипаттағы басқа сомалардан өзге, ақшалай өтемақылардың барлық түрінен;
      7) әскери-оқу орындары, арнайы оқу орындары курсанттарының (тыңдаушыларының) лауазымдық жалақысынан (стипендиясынан).
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.06.30 N 662; 2008.11.18 N 1068 Қаулыларымен.