Қылмыстық істер бойынша сот ісін жүргізудің жариялылығы қағидатын сақтау туралы

2002 жылғы 6 желтоқсан № 25 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы

Жаңартылған

      Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбы және деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "ҚІЖК-нің" деген сөз "ҚПК-нің" деген сөзбен ауыстырылды;
      "процессуалдық" деген сөз "процестік" деген сөзбен ауыстырылды;
      "өтініш", "өтініші", "өтініштерді", "өтініштер", "өтінішті" деген сөздер тиісінше "өтінішхат", "өтінішхаты", "өтінішхаттарды", "өтінішхаттар", "өтінішхатты" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Сот ісін жүргізудің жариялылығы принципінің сақталуы жөніндегі сот практикасын зерделеу республика соттарының қылмыстық істердің басым көпшілігін ашық сот отырыстарында қарайтынын, ал жабық сот отырыстарын өткізу кезінде заңмен белгіленген талаптарды басшылыққа алатынын көрсетті. Сонымен бірге сот ісін қараудың жариялылығын заңсыз шектеу жағдайлары да орын алуда.

      Сот төрелігін іске асыру кезінде заңдылықты сақтау мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 29-бабында бекітілген сот ісін жүргізудің жариялылығы принципі басқа да принциптер жиынтығымен бірге, қылмыс жасаған адамдарды анықтауға және жауаптылыққа тартуға, сот ісін әділетті жүргізуге, қылмыстық заңды дұрыс қолдануға бағытталған қылмыстық процесс міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Осыған орай, соттар бұл принципті кеңінен іске асырып, барлық мүдделі адамдардың, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот отырысы залына еркін кіруін қамтамасыз етулері қажет.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Соттар барлық сот сатыларында істерді ашық сот талқылауы туралы қылмыстық-процестік заңның талаптарын қатаң сақтауға және сот ісін жүргізудің жариялылығы қағидатын бұзу, азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот залында немесе сот отырысы трансляцияланатын жеке залда болудан негізсіз бас тарту фактілеріне жол бермеуге міндетті. Адамдардың сот залына қатысу құқығын іске асыру сот талқылауының қалыпты барысына кедергі келтірмеуге тиіс.

      Жариялылықты заңсыз шектеу (іс материалдарын негізсіз құпиялау, заңда көзделмеген негіздер бойынша жабық отырыстар өткізу және т.б.) процеске қатысушылардың процестік құқықтарын кемсітуге және нұқсан келтіруге әкеп соғуы мүмкін.

      Осы бұзушылықтардың сипаты мен мәніне байланысты іс жүргізу өндірісі жарамсыз деп танылып, шығарылған шешім бұзылуы не жиналған материалдар дәлелдемелік күші жоқ деп танылуы мүмкін.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      3. Сот ісін жүргізудің жариялылығы деп тек ашық сот талқылауын жүргізуді ғана емес, сонымен бірге оған тараптардың, сондай-ақ қылмыстық іске қатысы жоқ өзге де адамдардың қатысу мүмкіндігін түсіну қажет. Жариялылық принципі процеске қатысушылардың істің барлық материалдарымен, соның ішінде жедел-іздестіру шараларының барысында алынған деректермен және сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында берілген прокурор нұсқауларымен (заңда көзделген шектеуден басқа) танысуды көздейдi. Сонымен қатар бұл принцип сот шешімінің көпшілікке жария етілуін, тараптардың процеске қатысушы басқа адамдардан түскен шағымдар туралы құлағдар болуын және танысу мүмкіндігін, кез келген сот сатысында істі қараудың уақыты мен орны туралы хабардар болуды, заңды күшіне енген сот үкімдері мен қаулыларының бірыңғай деректер базасын құруды және олармен, сот актілерінің орындалуы жөніндегі ақпаратпен еркін танысуды қамтиды.

      Жариялылық қағидатын сақтау соттардың қызметіне араласумен сәйкес келмейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 1-тармағына сәйкес судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз болып табылмайды және Конституцияға мен заңға ғана бағынады.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      4. Іс жүргізу өндірісінің сотқа дейінгі сатыларындағы жариялылығының шегін ҚПК-нің 201-бабына сәйкес прокурор, ал сот отырысында - сот белгілейді.

      Сот, басты сот талқылауын тағайындау кезінде, тараптардың өтінішхаты немесе өз бастамасы бойынша, қаулыда тиісті негіздеме келтіре отырып, істі ашық немесе жабық қарау туралы мәселені шешеді.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Процеске қатысушылар сот ісін қарау кезінде жариялылықты шектеу туралы өтінішхаттарды басты сот талқылауын тағайындау (істі алдын ала тыңдау) кезінде, сондай-ақ басты сот талқылауының барысында мәлімдей алады.

      Өзге адамдардың, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің істі ашық немесе жабық сот отырыстарында қарау туралы өтінішхат білдіруге құқығы жоқ.

      6. Жариялылықты шектеу туралы өтінішхаттар мемлекеттік құпияларды қорғау, іске қатысушы адамдардың өмірінің жасырын тұстары туралы мәліметтердің жариялануына жол бермеу, жәбірленушілердің, куәлардың және басқа да адамдардың, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмаған сотталушылардың мүддесін қорғау мақсатында ҚІЖК 29-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар болған кезде ғана қанағаттандыруға жататынын соттардың ескергені жөн. ҚПК-нің 106-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес тергеу судьясы шағымды сот отырысын өткізбей жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы шағымды жабық сот отырысында тиісті адамдар мен прокурордың қатысуымен қарайды, олардың келмеуі шағымды қарауға кедергі келтірмейді. Тергеу судьясының өкімі бойынша сот отырысы бейнебайланыс режимінде өткізілуі мүмкін.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      6-1. Судья ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарын сақтауға қоюды жабық сот отырысында жүргізеді.

      Ескерту. 6-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      7. Сот талқылауының жариялылығын шектеу - сот отырысының барлық кезеңіне немесе оның ҚІЖК 29-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлардың зерттелетін бөлігіне қолданылуы мүмкін. Бұл туралы қаулыда көрсетілуге тиіс.

      Егер мемлекеттік құпияларды қорғауға байланысты кейбір сотталғандар жөніндегі жабық сот отырысын өткізуге негіз болса, ал осы мән-жайлар басқа сотталғандарға қатысты болмаса, сот жабық сот отырысында қаралуға жататын қылмыстық істі басқа қылмыстық істен бөліп алып, жеке өндіріске шығаруға құқылы.

      Егер істі бөліп алу зерттеудің жан-жақтылығы мен толықтығына және істің шешілуіне әсер ететін болса, онда ҚПК-нің 44-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, мұндай процестік әрекетке жол берілмейді. Мұндайда сот іс бойынша жабық сот отырысын өткізу туралы мәселені тұтастай ҚПК-нің 29-бабының бірінші бөлігіне сәйкес шешеді.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      8. Төрағалық етуші басты сот талқылауын бастар кезде істің ашық немесе жабық сот отырысында қаралатынын жариялайды. Сот отырысының хаттамасына тиісті жазу енгізіледі.

      Басты сот талқылауына істі жабық сот отырысында қарау туралы өтінішхат келіп түскен жағдайда, сот өтінішхатты білдірген адамнан сот ісін қарау кезінде жариялылықты шектеу туралы мәселенің заңда көзделген қандай негіздер бойынша қойылып отырғанын анықтауға және процеске қатысушы басқа да адамдардың пікірлерін білуге міндетті. Мәлімделген өтінішхат бойынша шешімді сот жеке процестік құжат түрінде қаулы шығара отырып, кеңесу бөлмесінде қабылдайды. Егер сот мәлімделген өтінішхат бойынша шешімді сол жерде отырып шығарса, онда ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі, егер өтінішхат кеңесу бөлмесінде қаралса, онда сот жеке процестік құжат түрінде қаулы шығарады.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      9. ҚПК-нің 347-1-бабының талаптарына сәйкес сот отырысының барысын түсіріп алуды сот отырысының хатшысы аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен жүзеге асырады. Жабдықтардың техникалық ақауының болуынан аудио-, бейнежазба құралдарын пайдаланудың мүмкін болмауы сот отырысының хаттамасында аудио-, бейнежазбаны пайдаланбау себептерін міндетті түрде көрсете отырып, сот отырысын жалғастыруды жоққа шығармайды.

      Соттың сот отырыстарында аудио-, бейнежазбаны қолдануы сот ісін жүргізу мақсатында ғана сот талқылауының барысын дәл түсіріп алу үшін, сондай-ақ іс бойынша нақты деректерді белгілеу мақсатында пайдаланылады, бұл соттың жариялылық қағидатты жүзеге асыруын қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      10. Төрағалық етуші процеске қатысушылардың келісімімен бүкіл басты сот талқылауының барысында, сондай-ақ басты сот талқылауының белгілі бір бөлігінде не процеске кейбір қатысушыларға қатысты суретке түсіруге, аудио-, бейнежазбаны, киноға түсіруді қолдануға, сондай-ақ сот отырысын трансляциялауға рұқсат бере алады. Бұл әрекеттер сот талқылауының қалыпты өтуіне кедергі келтірмеуге тиіс.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      11. Төрағалық етушінің сот отырысы залында аудио-, бейнежазбаны қолдану мәселелері бойынша барлық өкімдері сот отырысы хаттамасында көрсетіледі.

      Төрағалық етушінің өкімдерінің процестегі барлық қатысушылар мен сот залында отырған өзге адамдар үшін міндеттілігі туралы ҚПК-нің 57-бабына сәйкес, оның аудио-, бейнежазбаны қолдануға тыйым салу немесе тоқтату туралы өкімдері орындалуға тиіс. Бұл ереже сот отырысына онлайн форматта қатысатын адамдарға да қолданылады.

      Төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбау ҚПК-нің 346-бабында көзделген шараларды қолдануға негіз болады, ал адамның жеке өміріне, жеке және отбасылық құпияларына қол сұғылмайтыны туралы конституциялық құқықтар бұзылған жағдайларда кінәлі адамдар заңмен белгіленген жауаптылыққа тартылуы мүмкін.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      12. ҚПК-нің 415-бабының үшінші бөлігіне сәйкес сот талқылауының жариялылығы мәселесі бойынша сот отырысының барысында қабылданған соттың қаулылары жеке шағым беруге және наразылық келтіруге жатпайды. Оларға қарсылықтар үкімге келтірілген апелляциялық шағымдарда, наразылықтарда жазылуы мүмкін.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      13. Істерді қарау кезінде апелляциялық, кассациялық сатылары төменгі соттардың сот талқылауының жариялылығы туралы заң талаптарын орындауына назар аударып, заң бұзушылықтың әрбір фактісі бойынша шара қолдануы қажет.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 8 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      14. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ол ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыстың хатшысы