Шетелдіктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат берудің ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2002 жылғы 15 ақпан N 222

Қолданыстағы

      "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы Заңының 29-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Қоса беріліп отырған Шетелдіктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат берудің ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкiметінің 2002 жылғы
15 ақпандағы N 222
қаулысымен БЕКIТIЛГЕН

Шетелдiктерге Қазақстан Республикасының
мемлекеттiк құпияларына рұқсат берудiң
ЕРЕЖЕСI

 
      1. Осы Ереже "Мемлекеттiк құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және мемлекеттiк құпияларды қорғау саласындағы қызметтi реттейтiн басқа да нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес әзiрлендi.
      2. Осы Ереже шетелдiктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына рұқсат берудiң тәртiбiн айқындайды және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен ұйымдарының орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
      3. Шетелдiктер Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын iске асыру шеңберiнде ғана, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 23 қазандағы N 1355 қаулысымен бекiтiлген Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi шет мемлекеттерге беру ережесiнде көзделген рәсiмдер жүзеге асырылғаннан кейiн жiберiледi.
      4. Шетелдiктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына рұқсат беру үшiн халықаралық шартта белгiленген шет мемлекеттiң уәкiлеттi органы шетелдiктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына рұқсат беру жүргiзiлетiн мемлекеттiк органның басшысына өтiнiш жiбередi.
      Өтiнiшке шетелдiктiң өкiлеттiктерiн растайтын және шетелдiкте тиiстi құпиялылық дәрежесiнде өз мемлекетiнiң құпия мәлiметтерiне рұқсат етiлуi құқығының барлығы туралы деректер бар куәлiк қоса берiледi.
      5. Шетелдiктерге мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру жүзеге асырылатын мемлекеттiк органның басшысы шетелдiк азаматтарға мемлекеттiк құпияларға рұқсат берудiң мүмкiндiлiгi мен орындылығын Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдарымен келiседi. Келiсу мерзiмi 30 күннен аспауға тиiс.
      6. Нақты шетелдiктерге ұлттық қауiпсiздiк тұрғысында мемлекеттiк құпияларға рұқсат берудi келiсуден бас тартылған жағдайда мемлекеттiк органның басшысы шет мемлекеттiң уәкiлеттi органына Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат беруге басқа адамдардың кандидатураларын ұсыну туралы хабарлама жiбередi.
      7. Келiсу оң болған кезде Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органының басшысы шетелдiктерге мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру туралы бұйрық шығарады.
      8. Шетелдiктерге рұқсат беру туралы бұйрықта қандай мерзiмге рұқсат берiлгендiгi, рұқсат қандай жұмыстарды орындау үшiн берiлгендiгi, шетелдiк азамат қандай нақты мәлiметтермен танысуға тиiс екендiгi, танысу рұқсат етiлген мәлiметтердiң жоғары құпиялылық белгiсi туралы мәлiметтердi қамтуы тиiс.
      9. Шетелдiкке мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру туралы бұйрықтың негiзiнде шетелдiкке мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру жүзеге асырылатын мемлекеттiк органның немесе ұйымның мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi бөлiмше (бұдан әрi - МҚҚБ) қызметкерлерi немесе мемлекеттiк құпиялармен жүргiзiлетiн жұмыс үшiн жауапты қызметкер (ұйымда МҚҚБ жоқ болған жағдайда) шетелдiк азаматқа құпиялылық режимiн сақтау жөнiнде нұсқама жүргiзедi.
      10. Нұсқама жүргiзiлгеннен кейiн шетелдiк өзiне рұқсат берiлген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын жарияламау туралы жазбаша мiндеттеме бередi. Жазбаша мiндеттеме Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органының немесе ұйымының мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi бөлiмшесiнде шетелдiктер Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларымен жұмысты тоқтатқаннан кейiн кемiнде 5 жыл сақталады.
      11. Шетелдiктерге нақты рұқсат беру туралы ақпарат әр нақты жағдайда Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдарына жiберiледi.
      12. Мемлекеттiк құпияларды қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдердiң талаптарын бұзғандығы үшiн шетелдiктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауап бередi.

      Мамандар: Багарова Ж.А., Қасымбеков Б.А.