Бірлескен және басқа да жұмыстарды орындауға байланысты мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді беру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 мамырдағы N 743 қаулысы

Жаңартылған

     "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы Заңы 26-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

     1. Қоса беріліп отырған Бірлескен және басқа да жұмыстарды орындауға байланысты мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді беру ережесі бекітілсін.
     2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялауға жатады.

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы        
Үкіметінің              
2001 жылғы 31 мамырдағы        
N 743 қаулысымен           
бекітілген              

Бірлескен және басқа да жұмыстарды орындауға байланысты мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді беру
ережесі

      1. Осы Ереже "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы Заңының 26-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді (бұдан әрі - мемлекеттік құпиялар) бірлескен құпия жұмыстарды орындауға байланысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік және мемлекеттік емес (коммерциялық) ұйымдарына (бұдан әрі - орындаушы ұйым) немесе азаматтарына беру тәртібін белгілейді.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда  - ҚР Үкіметінің 2012.01.19 № 122 Қаулысымен.   

      1-1. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) тапсырыс беруші ұйым - мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалануға байланысты жұмыстарға тапсырыс берушілер болып табылатын мемлекеттік орган немесе мемлекеттік ұйым;
      2) орындаушы ұйым - орындау үшін өте құпия және құпия материалдар (бұйымдар), мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер тасушылар (қағаз және электрондық) талап етілетін, тапсырыс беруші ұйымның белгілі бір тапсырысын орындайтын мемлекеттік және мемлекеттік емес (коммерциялық) ұйымдар.
      Ескерту. 1-1 тармақпен толықтырылды  - ҚР Үкіметінің 2012.01.19 № 122 Қаулысымен.         

      2. Бірлескен құпия жұмыстар деп мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалана отырып, тапсырыс беруші ұйым мен орындаушы ұйымның арасында жүргізілетін жұмыс түсініледі.
      Бірлескен құпия жұмыстарды орындауға байланысты мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді Қазақстан Республикасының орындаушы ұйымдарына немесе азаматтарына беруді осы жұмыстарға тапсырыс беруші ұйым иелігінде "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына сәйкес тиісті мәліметтер бар мемлекеттік органның рұқсатымен және осы жұмыстарды орындау үшін қажетті көлемде ғана жүзеге асырады.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда  - ҚР Үкіметінің 2012.01.19 № 122 Қаулысымен.   

       3. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді Қазақстан Республикасының ұйымдарына немесе азаматтарына беру тапсырыс беруші ұйым мен орындаушы ұйым (азамат) арасында жасалған бірлескен және басқа да жұмыстарды жүргізуге арналған шарт негізінде жүзеге асырылады.

       4. Мемлекеттік құпияларға иелік ету жөнінде өкілеттік берілген мемлекеттік органның мәліметтерді беру мүмкіндігі туралы қорытындысын алғанға дейін бірлескен және өзге де жұмыстарды жүргізуге шарт жасасуға және мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді беруге тыйым салынады.

      5. Бірлескен құпия жұмыстарды жүргізу шартында жұмыстарды жүргізу үдерісінде де және олар аяқталғаннан кейін де мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі тараптардың құқықтары мен міндеттемелері, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді беру мерзімі, сондай-ақ өзіне берілген құпия құжаттарды уақытша пайдаланғаны үшін орындаушы ұйымның ақысының мөлшері, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғау жөніндегі жұмыстарды (қызмет көрсетуді) қаржыландыру шарттары көзделуі тиіс.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда  - ҚР Үкіметінің 2012.01.19 № 122 Қаулысымен.   

       6. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді ұйымдарға немесе азаматтарға беру қажеттігі туындаған кезде тапсырыс беруші ұйым осы мәліметтерге иелік ету жөнінде өкілеттік берілген мемлекеттік органға жазбаша сұрату жібереді.
      Сұратуда мыналар:
      оларға мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді беру ұйғарылған орындаушы ұйым немесе азамат;
      орындаушы ұйымның ведомстволық және мемлекеттік бағыныстылығы, азаматтығы (азаматтар үшін);
      беруге жоспарланған мәліметтер тізбесі, олардың құпиялылық дәрежесі;
      мәліметтерді беру қажеттілігінің және орындылығының негізділігі;
      орындаушы ұйымның мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалана отырып жұмыстарды жүргізуіне Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті немесе оның органдары берген рұқсат нөмірі мен күні; мемлекеттік құпиялармен жұмыс істеуге берілген рұқсат нысаны, нөмірі мен күні (азаматтар үшін);
      мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді беру жоспарланған мерзім көрсетіледі.
      Сұратуға тапсырыс берген ұйым мен орындаушы ұйым немесе азамат арасында жасалған бірлескен және басқа да жұмыстарды жүргізуге арналған шарт жобасы қоса беріледі.

      7. Тиісті мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызу жөнінде өкілеттік берілген мемлекеттік органның басшысы (бұдан әрі - мемлекеттік орган) тапсырыс беруші ұйымның сұратуын қарайды және мәліметтерді ұйымдар мен азаматтарға беруге мүмкіндігі туралы шешім қабылдайды.

      8. Кері шешім қабылданған жағдайда мемлекеттік орган мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді беруге кедергі болатын себептерді көрсете отырып дәлелді жауап береді.

      9. Орындаушы ұйымдарда мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі функциялар:
      1) шетелдің қатысуынсыз жұмыс істейтін орындаушы ұйымның, сондай-ақ жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын орындаушы ұйымның мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі бөлімшесіне;
      2) орындаушы ұйымда құрылатын тапсырыс беруші ұйымның мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі бөлімшесінің филиалына немесе тапсырыс беруші ұйымда олардың негізгі жұмыс орны бойынша және орындаушы ұйымда жұмыс орны бойынша тапсырыс беруші ұйымның мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті бөлімшесіне;
      3) жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын шетелдің қатысуынсыз жұмыс істейтін және қызметі мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалануға байланысты, мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі бөлімшесі жоқ ұйымдарда мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғау жөніндегі қызмет көрсетуге байланысты қызметті жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілетін рұқсаты (лицензиясы) бар орындаушы ұйыммен бір қала (елді мекен) шегінде нақты орналасқан басқа ұйымның мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі бөлімшесіне жүктелуі мүмкін. Бұл жағдайда орындаушы ұйым орындаушы ұйыммен бір қала (елді мекен) шегінде нақты орналасқан осы ұйыммен оның мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі бөлімшесінің қызметтерін пайдалану туралы шарт жасасады, бұл туралы екі уағдаласушы тараптың мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалана отырып, жұмыстар жүргізуге берілген рұқсатта тиісті белгі жасалады. Шарт жасасқандығы туралы ұйым жазбаша нысанда фельдъегерлік және арнайы байланыстың жергілікті органдарын хабардар етеді.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда  - ҚР Үкіметінің 2012.01.19 № 122 Қаулысымен.
      10. Орындаушы ұйымда мемлекеттік құпиялардың қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ұйымдастыру және бақылау жөніндегі функцияларды тапсырыс беруші ұйым өзіне алады, оны мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы қажетті нормативтік құқықтық актілермен жабдықтайды.
      Бірлескен құпия жұмыстарды жүргізу шартын жасасу кезінде тапсырыс беруші ұйым аса маңызды, өте құпия және құпия мәліметтерге рұқсат беруге ресімдеуге жататын қызметкерлер лауазымдарының номенклатурасына (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 14 наурыздағы № 390-16 қ қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында құпиялық режимін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықтың 1-нысаны) мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі басшы, жауапты қызметкер, сондай-ақ қажет болғанда орындаушы ұйымның өзге де қызметкерлер лауазымдарын қамтитын "Бірлескен құпия жұмыстарға тартылатын ұйымдар" бөлімін (немесе 1-нысанға тиісті қосымша) енгізеді.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда  - ҚР Үкіметінің 2012.01.19 № 122 Қаулысымен.

      11. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді бірлескен және басқа да жұмыстарды орындау үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына беру кезінде тапсырыс беруші ұйым белгіленген тәртіппен рұқсат беруге ресімдеуге жататын лауазымдар номенклатурасына қажетті толықтырулар енгізуге және азаматқа тиісті нысан бойынша мемлекеттік құпиялармен жұмыс істеуге рұқсатты ресімдеуге тиіс. Бұл ретте рұқсат беру туралы шешімі тапсырыс беруші ұйым басшысы қабылдайды.

      12. Бірлескен құпия жұмыстарды орындау барысында орындаушы ұйым немесе азамат мемлекеттік құпияларды қорғау жөнінде өзіне алған міндеттемелерді бұзған кезде тапсырыс беруші ұйым тапсырысты орындауды бұзушылықтарды жойғанға дейін тоқтата тұрады, ал бұзушылықтар қайталанған кезде - тапсырыстың және мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалана отырып жұмыс жүргізуге арналған рұқсаттың (азаматтың рұқсаты) күші жойылады және кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту туралы мәселе қаралады. Бұл ретте мемлекеттің атынан тапсырыс беруші ұйымға орындаушы ұйым келтірген материалдық залал Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндіріліп алынуға тиіс.
      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда  - ҚР Үкіметінің 2012.01.19 № 122 Қаулысымен.

      13. Бірлескен және басқа жұмыстарды жүргізу кезінде мемлекеттік құпиялардың қорғалуын бақылауды ұйымдастыру, жасалған шарт ережелеріне сәйкес, осы жұмыстардың тапсырыс берушісіне жүктеледі.