Халықаралық гуманитарлық құқық жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 1 желтоқсан N 1794. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2003.12.09. N 1251 қаулысымен.

Күшін жойған

      Соғыстың құрбандарын қорғау туралы 1949 жылғы Женева конвенцияларынан және Соғыс құрбандарын қорғау туралы Женева конвенциясына 1977 жылғы І және ІІ Қосымша хаттамаларынан туындайтын Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық міндеттемелерін іске асыру және Қазақстан Республикасының заңнамасында халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын қолдану жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
     1. Халықаралық гуманитарлық құқық жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылсын.
     2. Қоса беріліп отырған:
     1) Комиссия туралы ереже;
     2) Комиссияның құрамы бекітілсін.
     3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.    

    Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы        
Үкіметінің              
2000 жылғы 1 желтоқсандағы      
N 1794 қаулысымен            
бекітілген                  

Халықаралық гуманитарлық құқық жөніндегі
ведомствоаралық комиссия туралы
ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Халықаралық гуманитарлық құқық жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) халықаралық гуманитарлық құқық мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Комиссияның құрамын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      2. Комиссия өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Президент пен Үкіметтің кесімдерін және өзге де нормативтік құқықтық кесімдерді, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Комиссияның негізгі міндеттері мен функциялары

      3. Комиссияның негізгі міндеті халықаралық гуманитарлық құқық саласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық міндеттемелерін орындауды қамтамасыз етуге жәрдемдесу болып табылады.
      4. Комиссияның функциялары:
      Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасын Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық гуманитарлық құқық саласындағы халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес келтіруге жәрдемдесу;
      Қазақстан Республикасы заңнамасының оның халықаралық гуманитарлық құқықтың нормаларына сәйкестігі бөлігіндегі жағдайын зерделеу және бағалау;
      халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын Қазақстан Республикасының заңнамасында қолдану жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу;
      халықаралық гуманитарлық құқық саласындағы Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының, нормативтік құқықтық кесімдерінің жобалары бойынша консультативтік қорытындыларды қарау және әзірлеу;
      халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын Қазақстан Республикасының заңнамасында қолдануға бағытталған Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының қызметін үйлестіру;
      халықаралық гуманитарлық құқық туралы білімдерді таратуға жәрдемдесу;
      халықаралық гуманитарлық құқықты қолдану және одан әрі жетілдіру саласында зерттеулерді жүргізу, баяндамалар мен ұсыныстарды әзірлеу;
      Халықаралық Қызыл Крест комитетімен, халықаралық гуманитарлық құқық саласындағы қызметті жүзеге асыратын басқа да халықаралық ұйымдармен өзара іс-әрекетті, ақпарат алмасуды ұйымдастыру болып табылады.

3. Комиссияның құқықтары

      5. Комиссияның:
      халықаралық гуманитарлық құқық саласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық міндеттемелерін іске асырудың негізгі бағыттары туралы ұсыныстарды белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізуге;
      өз құзыреті шегінде халықаралық гуманитарлық құқықтың нормаларын қолдану мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеуді Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарына ұсынуға;
      Қазақстан Республикасының заңнамасында халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын қолдану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының және ұйымдарының өкілдерін Комиссияның отырыстарына шақыруға және оларды тыңдауға;
     Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан және ұйымдарынан Комиссияның міндеттерін іске асыру үшін қажетті материалдарды белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;
     уақытша және тұрақты жұмыс істейтін сараптама және жұмыс топтарын ұйымдастыруға құқығы бар.    

4. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      6. Комиссияны Төраға басқарады.
      7. Комиссияның жұмысын ұйымдастыруды, тиісті материалдарды, ұсынымдарды әзірлеуді Комиссияның хатшысы жүзеге асырады.
      8. Комиссияның Төрағасы:
      Комиссияға басшылықты жүзеге асырады;
      Комиссия отырысының күн тәртібін белгілейді;
      халықаралық гуманитарлық құқық саласындағы қызметті жүзеге асыратын басқа мемлекеттердің тиісті органдарымен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Комиссияның атынан өкілдік етеді.
      9. Комиссияның хатшысы:
      Комиссияның отырыстарын дайындауды жүзеге асырады;
      халықаралық гуманитарлық құқық саласындағы қызметті жүзеге асыратын басқа мемлекеттердің тиісті органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-әрекетті ұйымдастырады;
     Комиссия мүшелерінің және оның қызметіне тартылған мамандардың жұмысын үйлестіреді.
     10. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ кемінде жарты жылда бір рет өткізіледі.
     11. Отырыстардың күн тәртібін, сондай-ақ олардың өткізілетін орны мен уақытын Комиссия Төрағасы белгілейді.
     12. Комиссияның шешімдері ашық дауыс берумен қабылданады және егер олар үшін Комиссия мүшелерінің жалпы санынан көпшілік дауыс берілген болса, қабылданған болып саналады, хаттамамен ресімделеді және ұсынымдық сипатта болады.
     13. Комиссия мүшелері шешім қабылдау кезінде тең дауысқа ие болады. Дауыстар тең болған жағдайда Төраға дауыс берген шешім қабылданған болып саналады.
     14. Комиссия мүшелерінің ерекше пікірге құқығы бар, ол білдірілген жағдайда жазбаша түрде баяндалуға және хаттамаға қоса берілуге тиіс.
     15. Комиссияның шешімдері Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдары мен ұйымдарына Комиссия отырыстарының хаттамаларынан көшірмелер түрінде жеткізіледі.
     16. Комиссия мүдделі органдардың, сондай-ақ Халықаралық Қызыл Крест комитетінің, халықаралық гуманитарлық құқық саласында қызметті жүзеге асыратын басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдерімен өзара іс-әрекет жасайды.
     17. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.    

Қазақстан Республикасы        
Үкіметінің              
2000 жылғы 1 желтоқсандағы       
N 1794 қаулысымен             
бекітілген                 

      ЕСКЕРТУ. Құрам өзгерді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2002 жылғы 14 маусымдағы N 645 қаулысымен .  

Халықаралық гуманитарлық құқық жөніндегі
ведомствоаралық комиссияның құрамы

Ким                             - Қазақстан Республикасының Әділет
Георгий Владимирович              министрi, төраға

Рахымбеков                      - Қазақстан Республикасының Әділет
Боран Ғизатұлы                    бiрiншi вице-министрi, төрағаның
                                  орынбасары

Қосжанова                      - Қазақстан Республикасының Әдiлет
Жанаркүл Тоғызбайқызы            министрлiгi Заңнамадепартаментiнiң
                                 директоры, хатшы    

Әбусейітов                     - Қазақстан Республикасының
Қайрат Қуатұлы                   Сыртқы істер вице-министрі,
                                 төрағаның орынбасары         

                 Комиссия мүшелері:    

Самақова                      - Қазақстан Республикасының министрі-
Айткүл Байғазықызы              Қазақстан Республикасының Президенті
                                жанындағы Отбасы және әйелдер
                                ісі жөніндегі ұлттық
                                комиссияның төрайымы    

Шәмшидинова                   - Қазақстан Республикасының Бiлiм және
Күләш Ноғатайқызы               ғылым вице-министрі 

Мерзадинов                    - Қазақстан Республикасының Iшкi
Ерғали Серiкбайұлы              iстер вице-министрi

Рябченко                      - Қазақстан Республикасының Мәдениет,
Олег Григорьевич                ақпарат және қоғамдық келiсiм
                                бiрiншi вице-министрi

Нұриманов                     - Қазақстан Республикасының Ұлттық
Мақсұт Әнуарбекұлы              қауiпсiздік комитетi төрағасының
                                орынбасары (келiсiм бойынша)

Уәйiсов                       - Қазақстан Республикасы
Мерей Құрманұлы                 Бас прокурорының орынбасары
                                (келiсiм бойынша)

Тұрмағамбетов                 - Қазақстан Республикасының Табиғи
Мәжит Әбдiхалықұлы              ресурстар және қоршаған ортаны
                                қорғау вице-министрi    

Тасболатов                    - Қазақстан Республикасы
Абай Бөлекпайұлы                Қорғаныс министрiнiң орынбасары

Арынов                        - Қазақстан Республикасының Экономика
Ерлан Асатайұлы                 және сауда министрлiгі Сауда,
                                халықаралық ынтымақтастық және
                                экспорттық бақылау департаментiнiң
                                директоры

Бұхарбаева                    - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
Сәуле Әбiлхайырқызы             университетінің Құқық институты
                                азаматтық және еңбек құқығы
                                кафедрасының аға оқытушысы
                                (келiсiм бойынша)    

Белоног                       - Қазақстан Республикасының Денсаулық
Анатолий Александрович          сақтау вице-министрi - бас
                                мемлекеттiк санитарлық дәрiгерi  

Нұрмағамбетов                 - Қазақстан Республикасының
Аманжол Мағзұмұлы               Парламенті Сенатының Төрағасы
                                Хатшылығының меңгерушісі,
                                заң ғылымдарының докторы,
                                профессор (келісім бойынша)    

Юрченко                       - Қазақстан Республикасы
Раиса Николаевна                Жоғарғы Сотының судьясы
                                (келісім бойынша)

Сәрсембаев                    - "Дәнекер" Халықаралық
Марат Алдоңғарұлы               құқық және халықаралық бизнес
                                институтының ректоры, заң
                                ғылымдарының докторы,
                                профессор (келісім бойынша)