Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiнiң жекелеген мемлекеттiк мекемелерiн қайта ұйымдастыру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 27 қазан N 1620

Жаңартылған

      Астана қаласының мәдени және рухани келбетiн көркейту, қалың жұртшылықты Қазақстан халқының тарихи игiлiгiмен және әлемдiк әдебиет пен өнердiң жетiстiктерімен таныстыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiнің "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мұражайы" және "Сәкен Сейфуллин атындағы республикалық көпшiлiк кiтапханасы" республикалық мемлекеттiк мекемелерiн қосу жолымен "Қазақстан Республикасының Президенттiк мәдениет орталығы" мемлекеттiк мекемесi (бұдан әрi - Мекеме) болып қайта ұйымдастырылсын.
      2. Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен:
      1) Мекеменiң жарғысын бекiтсiн және оның мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн;
      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
      3. Мекеменi қаржыландыру Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiне республикалық бюджетте 41 "Тарихи-мәдени құндылықтарды республикалық деңгейде сақтау" бағдарламасы бойынша көзделген қаражат есебiнен және шегiнде жүзеге асырылады деп белгiленсiн.
      4. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне мынадай өзгерiстер мен толықтыру енгiзiлсiн:
      1) <*>
      2) "Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарына ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк мекемелер штат санының лимиттерiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2000 жылғы 12 ақпандағы N 229 қаулысына :
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарына ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк мекемелердiң штат санының лимитiндегi:
      6 "Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгi" бөлiмi мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
      "Қазақстан Республикасының Президенттiк мәдениет орталығы 350"
      "Қазақстан Республикасы Ұлттық кiтапханасының Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы филиалы 100" және "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мұражайы 350" деген жолдар алынып тасталсын.
      Ескерту. 1)-тармақшаның күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2003.11.24. N 1172 қаулысымен .
      5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.    

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі