Қазақстан Республикасының әуежайларында халықаралық рейстердiң жолаушыларына қызмет көрсетудi жақсарту жөнiндегі шаралары туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 27 шілде N 1132

Қолданыстағы

      Әуежайлар қызметтерiнiң тиiмдi және сапалы жұмысына қол жеткiзу, халықаралық рейстердiң жолаушыларына қызмет көрсету мәдениетiн жақсарту, авиажолаушыларға қызмет көрсетуге қатысатын мемлекеттiк органдардың келiсiлген iс-қимылын қамтамасыз ету, сондай-ақ ел экономикасына шетелдiк инвестицияларды тартуға ықпал ететiн Қазақстан Республикасының имиджiн көтеру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді: 
      1. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігі Қазақстан Республикасының әуежайларында халықаралық рейстердiң жолаушыларына қызмет көрсетуге қатысатын мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестірушi болып белгiленсiн. 
      2. Халықаралық авиарейстердiң жолаушыларына қызмет көрсетудi және оларды теңдеме жүктерi мен жүктердi ресiмдеудi: 
      Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiнiң кеден органдарымен бiрлесiп халықаралық рейстерге қызмет көрсететiн әуежайлардың қызметтерi; 
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекаралық қызметi қамтамасыз етедi деп белгiленсiн. 
      Әуежайдың әкiмшiлiгi халықаралық авиарейстерде авиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн жауаптылықта болады. 
      3. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн. 
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары Д.К. Ахметовке жүктелсiн. 
      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң   
2000 жылғы 27 шілдедегі       
N 1132 қаулысына         
қосымша              

  Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешімдеріне өзгерiстер мен толықтырулар

      1. "Шет мемлекеттердiң дипломатиялық почтасын және дипломатиялық курьерлердің жеке заттарын Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы өткiзудің уақытша ережелерi туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1993 жылғы 13 шiлдедегi N 599  қаулысына
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген, Шет мемлекеттердiң дипломатиялық почтасын және дипломатиялық курьерлердің жеке заттарын Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы өткiзудiң уақытша ережесiнде: 
      7-тармақтың үшiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын: 
      "Дипломатиялық (консулдық) өкiлдiлiктерге белгiленген үлгiдегi тұрақты рұқсаттамаларды ресiмдеудi және берудi Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң ресми жазбаша өтiнiмiне орай шекара және кеден органдарымен келісiм бойынша әуежайдың әкiмшiлiгi жүргiзедi". 
      2. "Жүзу құралдарының, мұз үстімен жүретін құралдардың орналасқан жерiнен сапарға шығуына (шығарылуына) құжаттар ресiмдеудiң тәртiбi және тоқтамаларды, айлақтар мен жүзу құралдарының мұз үстiмен жүретiн құралдардың орналасқан пункттерiн жабдықтау тәртiбi туралы нұсқама мен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiндегi шекаралық режимнің ережелерiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 4 қаңтардағы N 20  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1994 ж., N 1, 8-құжат): 
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiндегi шекаралық режимнiң ережелерiнде: 
      мәтiн бойынша "Шекара әскерлерi" деген сөздер "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекаралық қызметi" деген сөздермен ауыстырылсын; 
      1-тармақта: 
      бiрiншi абзацтағы "шекара әскерлерiмен" деген сөздерден кейiн "кеден органдарымен" деген сөздермен толықтырылсын; 
      екiншi сөйлем мынадай редакцияда жазылсын: 
      "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсiздiк комитетiнiң Шекаралық қызметi, кедендiк қызмет және көлiктiк ұйымдардың әкiмшiлiгi шекаралық және кедендiк бақылауды жүзеге асыру үшiн үй-жайлар мен өзге де орындарды белгiлейдi. Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекаралық қызметi көлiктік ұйымдардың әкiмшiлiгiмен, кеден органдарымен келiсiм бойынша осы жерлерде қосымша режимдiк iс-шаралар белгілейдi, олар:"; 
      төртiншi абзацтағы "көлiк кәсiпорындарының қызметкерлерiне" деген сөздерден кейiн "Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекаралық қызметiнiң әскери қызметшілерiне және кеден органдарының қызметкерлерiне" деген сөздермен толықтырылсын. 
      3. "Қол жүгiн, теңдеме жүктi, жүктi, почтаны, борт тағамын, әуе кемесiнiң экипажын бақылау, тексеру мен жолаушылардың жеке басын тексерудiң ережелерiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1996 жылғы 10 маусымдағы N 723  қаулысына
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген, Қол жүгiн, теңдеме жүктi, жүктi, почтаны, борт тағамын, әуе кемесiнiң экипажын бақылау, тексеру мен жолаушылардың жеке басын тексерудiң ережелерiнде: 
      1-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын: 
      "Халықаралық авиажелiлерде қол жүгiн, теңдеме жүктi бақылауды, тексерудi, жолаушылар мен әуе кемелерi экипаждарының мүшелерiн, сондай-ақ жүктердi, почтаны, борт тағамын жеке тексерудi Қазақстан Республикасы әуежайларының, кеден және шекара органдарының қызметкерлерi жүргiзедi"; 
      2-тармақтағы "Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен" деген сөздерден кейiн "Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк кірiс министрлiгiнiң Кеден комитетiмен" деген сөздермен толықтырылсын; 
      4-тармақтың бiрiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын: 
      "Қол жүгiн, теңдеме жүктi, бақылау мен тексеру және жолаушыларды жеке тексеру ұшуға арналған билеттi ұсыну бойынша жүргiзiледi". 
      4. "1998-2000 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының шекарасын аса қауiптi жұқпалы аурулардан санитарлық қорғау" мақсатты кешендiк бағдарламасын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1998 жылғы 11 ақпандағы N 93  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1996 ж., N 4, 26-құжат): 
      4-тармақ "санитарлық-эпидемиологиялық, малдәрiгерлiк және фитосанитарлық бақылауды жүзеге асырушы мамандарды" деген сөздерден кейiн "тазартылған аймақтан тысқары жерлерде" деген сөздермен толықтырылсын. 
      5. "Малдәрiгерлiгі жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1996 жылғы 2 қазандағы N 1205  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 40, 379-құжат):
     көрсетiлген қаулымен бекiтiлген, Шеттен әкелiнетiн және шетке шығарылатын малдарды, мал өнiмдерi мен шикiзаттарын мемлекеттiк шекара арқылы өткiзген кезде мемлекеттiк малдәрiгерлiк қадағалауды жүзеге асыру тәртiбi туралы ережеде:
     5-тармақтың үшiншi абзацы "тазартылған аймаққа кiру қажет болған жағдайда шақыру арқылы жүзеге асырылады" деген сөздермен толықтырылсын.