"Мемлекеттiк құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Құпияландыруға жататын мәлiметтердiң ведомстволық (салалық) тiзбелерiн әзiрлеудiң тәртiбi туралы ереже бекiтiлсiн.
2. Басшыларына мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызу жөнiнде өкiлеттiктер берiлген мемлекеттiк органдар 2000 жылдың 1 маусымына дейiн құпияландыруға жататын мәлiметтердiң ведомстволық (салалық) тізбелерiн әзiрлесiн және заңдарда белгіленген тәртiппен бекітсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі |
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң
2000 жылғы 14 наурыздағы
N 389 қаулысымен
БЕКIТIЛГЕН
Құпияландыруға жататын мәлiметтердiң ведомстволық
(салалық) тiзбелерін әзiрлеу тәртiбi
Осы Тәртiп "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзiрленген және басшыларына мәлiметтердi Қазақстан Республикасының құпияларына жатқызу жөнiнде өкiлеттiк берiлген мемлекеттiк органдар үшін олардың құпияландыруға жататын ведомстволық (салалық) мәлiметтердiң тiзбесiн (бұдан әрi - Тiзбе) әзiрлеуi кезiнде мiндеттi болып табылады.
1. Жалпы ережелер
1. Тiзбе ведомстволық, салалық немесе бағдарламалық-мақсаттық тиесiлiгi ескерiле отырып, нақты мәлiметтердiң (мәлiметтер тобының) құпиялық дәрежесiн анықтау үшiн "Мемлекеттiк құпиялар туралы" Заңның 11, 12, 13 және 14-баптарымен айқындалған Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын құрайтын мәлiметтер тiзбесiнiң негiзiнде әзiрленедi.
2. Басшыларына жекелеген мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызу жөнiндегi өкiлеттiк берiлген мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын Тiзбеге енгізiлген мәлiметтерге иелiк ету жөнiндегі өкiлеттiк берiледi.
3. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтердiң құпиялық дәрежесi көрсетiлген мәлiметтердiң жариялануы немесе жоғалуы салдарынан Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгіне келтiрiлуi мүмкiн залалдың ауырлығы дәрежесiмен айқындалады.
4. Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердiң жариялануы немесе жоғалуы салдарынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне немесе мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүдделерiне келтiрiлген немесе келтiрiлуi мүмкiн залалдың, сондай-ақ мәлiметтердiң иесiне оларды құпияландыру нәтижесiнде келтiрiлетiн залалдың мөлшерiн айқындау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
5. Мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызудың қажеттілiгiн негiздеу осы мәлiметтердi алған (әзiрлеген) мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға жүктеледi.
6. Мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызу және мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерге иелiк ету жөнiндегi өкiлеттiктердi мемлекеттiк органдар арасында бөлу Мемлекеттiк органдардың мәлiметтердi Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу жөнiндегі өкiлеттiктер берiлген лауазымды тұлғаларының тiзбесiмен айқындалады.
2. Мәлiметтердiң құпиялық дәрежесi
7. Мемлекеттік құпияларға жатқызылған мәлiметтер құпиялық дәрежесi бойынша ерекше маңызды, өте құпия және құпия мәлiметтерге бөлiнедi.
8. Ерекше маңызды мәлiметтерге әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлау, қарсы барлау және жедел-iздестiру қызметi саласындағы, таралуы Қазақстан Республикасының аталған салалардың бiреуiндегi немесе бiрнешеуiндегi ұлттық мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн мәлiметтер жатқызылуы тиіс.
9. Өте құпия мәлiметтерге әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлау, қарсы барлау және жедел-iздестiру қызметі саласындағы, таралуы аталған салалардың бiрiнде немесе бiрнешеуiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органының немесе экономикасы салаларының мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн мәлiметтер жатқызылуы тиiс.
10. Құпия мәлiметтерге мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтер қатарындағы барлық өзге мәлiметтер жатқызылуы тиiс. Бұл жағдайда әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлау, қарсы барлау немесе жедел-iздестiру қызметі саласында ұйымның мүдделерiне келтiрiлген залал Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiне келтiрiлген залал болып саналады.
11. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтердiң құпиялығының үш дәрежесi және көрсетiлген мәлiметтер үшін құпиялықтың осы дәрежелерiне сәйкес келетiн:
"ерекше маңызды", "өте құпия", "құпия" деген құпиялық таңбалары белгiленедi.
1) Мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтерге "ерекше маңызды", "өте құпия" деген құпиялық таңбалары берiледi.
2) Қызметтік құпияны құрайтын мәліметтерге "құпия" деген құпиялық таңбасы берiледi.
3) Мемлекеттік құпияларға жатқызылмаған мәлiметтердi құпияландыру үшiн аталған құпиялық таңбаларын пайдалануға, сондай-ақ көрсетiлген мәлiметтерге өзге де шектеу таңбаларын беруге жол берiлмейдi.
3. Тiзбенi әзiрлеу тәртiбi
12. Мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызу жөнiндегі өкілеттік берiлген мемлекеттік органдардың басшылары Тізбені әзiрлеудi ұйымдастырады және нақты мәлiметтердi мемлекеттік құпияларға жатқызудың орындылығы жөнiнде өздерi қабылдаған шешiмдер үшiн жеке жауап бередi.
13. Мемлекеттік құпияларға иелiк ету жөнiндегi өкiлеттік берiлген мемлекеттік органның басшысының бұйрығымен Тiзбенiң жобасын әзiрлеу мемлекеттік құпияларды қорғау жөнiнде тұрақты жұмыс iстейтiн комиссияға (ТЖК) немесе құрамына негiзгі өндiрiстiк бөлiмшелердiң ең бiлiктi мамандары мен мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi бөлiмшелердің (МҚҚБ) өкiлдерi енгізiлетiн жеке құрылатын сараптамалық комиссияға жүктеледi.
14. Тiзбе тармақтарының сандық қатарына "Мемлекеттік құпиялар туралы" Заңның 11, 12, 13 және 14-баптарында белгiленген Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын тiзбеге енгізiлген мәлiметтер олардың туындысы болып табылатын Мәлiметтер тiзбесiнiң тиiсті баптары мен тармақшаларының сандық қатары қосымша көрсетiледі.
Мысалы: 4-тармақ (14-бап, 16-тармақ - РМТ), мұнда 4-Тiзбенiң тармағы, РМТ - "Мемлекеттік құпиялар туралы" Заңның 11, 12, 13 және 14-баптарында белгіленген мемлекеттiк құпияларды құрайтын республикалық мәлiметтердiң тiзбесi.
15. Тiзбенiң жобасын дайындау барысында сараптамалық комиссия немесе ТЖК (бұдан әрi мәтiн бойынша - комиссия) "Мемлекеттік құпиялар туралы" Заңда белгiленген мәлiметтердi құпияландыру принциптерiне сәйкес таралуы Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгіне залал келтiруi мүмкiн мәлiметтердi айқындау мақсатында мемлекеттiк органның және ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың қызметiнiң барлық түрлерiне талдау жүргiзедi. Ведомстволық бағыныстағы ұйымдар мен мемлекеттік органдардың мәлiметтердi әзiрлеген ұйымдардан келiп түскен мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызу жөнiндегі негізделген ұсыныстарын қарайды.
16. Комиссия мәлiметтердiң құпиялық дәрежесiн белгiлеген кезде мемлекет үшiн шын мәнiнде маңызды мәлiметтердiң сақталуын қамтамасыз ету қажеттiгiн де, экономикада ғылым мен техниканың ең жаңа жетiстiктерi мен қорғаныс өнеркәсiбiнiң озық тәжiрибесiн неғұрлым кеңiрек пайдалану үшiн жағдайлар жасау қажеттiгін де ескеруi тиiс.
17. Комиссияға Ведомстволық тiзбенi дайындау жөнiндегі жұмысқа мемлекеттiк орган мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың жетекшi мамандарын тарту құқығы берiледi.
18. Бiрнеше мемлекеттiк органдардың иелiгiндегі мәлiметтердiң құпиялық дәрежесi олардың арасындағы өзара келiсiм бойынша белгiленедi.
19. Комиссия жұмыс аяқталғаннан кейiн негізделген тиiстi қорытынды шығарады. Комиссияның қорытындысында: қаралған мәлiметтердiң сипаты мен мазмұны; оларды құпияландыру қажеттігiн туындатқан факторлар, оның iшiнде олар жария етiлгенде (жоғалғанда, берiлгенде, таралғанда және т.б.) мемлекетке келтiрiлуi мүмкiн залал; мәлiметтердiң комиссия ұсынатын құпиялық дәрежесi мен Тiзбенiң жобасы көрсетiледi.
20. Комиссияның төрағасы Тiзбенiң жобасын:
1) Тiзбеге енгiзiлген мәлiметтердiң құпиялық дәрежесi мен бiрыңғай редакциясын келiсу үшiн мәлiметтердi мемлекеттік құпияларға жатқызу жөнiнде өкiлеттік берiлген барлық мүдделi мемлекеттiк органдарға;
2) келiсу үшiн мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға; <*>
3) келiсiлгенен кейiн, сондай-ақ Тiзбенiң өзiн құпияландырудың орындылығы туралы мәселенi шешетiн мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызу жөнiнде өкiлеттiк берiлген мемлекеттiк органның басшысына ұсынады.
Ескерту. 20-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.03.21. N 287 қаулысымен.21. Тiзбелер бекiтiлгеннен кейiн:
1) толық көлемде не оларға қатысты бөлiгiнде мүдделi мемлекеттiк органдарға;
2) оларға қатысты бөлiгiнде Тiзбенi бекiткен лауазымды тұлғаның шешiмi бойынша мемлекеттiк органдар басқаратын салаларда жұмыс істейтін ұйымдарға;
3) осы жұмыстардың тапсырыс берушiсi белгiлеген көлемде бiрлескен жұмыстарды жүргiзуге қатысатын ұйымдарға;
4) оларға жұмыста басшылыққа алу үшiн және жұмыстардың, құжаттар мен бұйымдардың құпиялық таңбасын сәйкестiкке келтiру үшiн қатысты бөлiгiнде ведомстволық бағыныстағы ұйымдарға берiледi.
22. Тiзбеге:
1) азаматтардың қауiпсiздiгi мен денсаулығына қауiп төндiретiн төтенше жағдайлар мен апаттар және олардың салдары туралы, сондай-ақ табиғи зiлзалалар, олардың ресми болжаулары мен салдары туралы;
2) экологияның, денсаулық сақтаудың, санитарияның, демографияның, бiлiм берудiң, мәдениеттiң, ауыл шаруашылығының жағдайы туралы, сондай-ақ қылмыскерлiктiң жағдайы туралы;
3) азаматтарға, лауазымды тұлғаларға және ұйымдарға мемлекет беретiн артықшылықтар, өтемақылар мен жеңiлдiктер туралы;
4) азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактiлерi туралы;
5) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң алтын валюта активтерiнiң және бағалы металдар мен асыл тастардың үкiметтiк (бюджеттік) резервiнiң мөлшерлерi туралы;
6) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың, олардың лауазымды тұлғаларының заңдарды бұзу фактілерi туралы;
7) "Мемлекеттiк құпиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабында көзделген мәлiметтердi қоспағанда, саяси, әлеуметтік және басқа да себептер бойынша, оның iшiнде мұражайлардағы жаппай қуғын-сүргiндер туралы мәлiметтер енгiзiлмейдi және құпияландыруға жатпайды.
23. 22-тармақта аталған мәлiметтердi құпияландыру немесе оларды осы мақсатта мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерге енгiзу туралы шешiм қабылдаған лауазымды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi. Азаматтар мұндай шешiмдерге сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы.
4. Тiзбенi өзгерту
24. Тiзбелер қажет болған жағдайда (халықаралық жағдай өзгерген, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары жасалған, басқа мемлекеттерге мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтердi берген, ғылым мен техника саласында жаңа жетiстiктер пайда болған және т.б. кезде), бiрақ 5 жылдан аспайтын уақытта қайта қаралады.
25. Мүдделi мемлекеттiк органдар мен ұйымдар Тiзбелерге толықтырулар мен өзгерiстер енгізу жөнiндегi негiзделген ұсыныстарды комиссияның қорытындысымен бiрге бiр айдың iшiнде келiп түскен ұсыныстарға сараптама жүргізудi және тиiсті шешiм қабылдауды ұйымдастыруға мiндеттi, осы Тiзбенi бекiткен мемлекеттік органдардың басшыларына жiбередi.
26. Егер көрсетiлген ұсыныстарды қабылдау Мемлекеттiк құпияларға жатқызылған мәлiметтер тiзбесiнiң өзгеруiне әкеп соқтыратын болса, мемлекеттiк органдардың басшылары комиссияның қорытындыларымен бiрге тиiстi шешiмнiң жобасын:
Тiзбеге енгiзiлген мәлiметтердiң құпиялық дәрежесi мен редакциясын өзгертулердi келiсу үшiн мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызу жөнiндегі өкiлеттiк берiлген барлық мүдделi мемлекеттiк органдарға;
сараптамалық бағалауды жүргiзу және шешiм қабылдау үшiн мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға жiбередi. <*>
Ескерту. 26-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.03.21. N 287 қаулысымен.27. Көрсетiлген ұсыныстарды қабылдау мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердiң жария етiлуiне әкеп соқтыратын болса, мемлекеттiк органдардың басшылары тиiстi шешiмнiң жобасын негiздемесiмен бiрге Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiне де жiбередi.
28. Түпкiлiктi шешiм қабылданғанға дейiн осы мәлiметтердiң құпиялығы Қазақстан Республикасындағы құпиялық режимiн қамтамасыз ету жөнiндегi нұсқаулықтың талаптарына сәйкес қамтамасыз етiлуi тиiс.
29. Тiзбеге толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу туралы ұсыныс қабылданбаған жағдайда, сондай-ақ Тiзбеден қандай да бiр мәлiметтер алынып тасталған жағдайда олар белгiленген тәртiппен құпиясыздандырылады.