Түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинаумен (дайындаумен), сақтаумен, өңдеумен және сатумен айналысатын шаруашылық субъектілерінің қызметін бақылауды күшейту жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы. 2000 жылғы 6 қаңтар N 23

Жаңартылған

      Түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинаумен (дайындаумен), сақтаумен, өңдеумен және сатумен айналысатын шаруашылық субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында:
      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Экономика, индустрия және сауда министрлігі:
      "Заңды тұлғалардың түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, өңдеу және сату жөніндегі қызметін лицензиялаудың тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 29 қыркүйектегі N 969 қаулысымен  белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін заңды тұлғаларды анықтау жөнінде іс-шаралар жүргізсін және ашылған кемшіліктерді жою жөнінде іс-шаралар жүргізсін;
      облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен келісу бойынша түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинаумен (дайындаумен), сақтаумен, өңдеумен және сатумен айналысатын мамандандырылған ұйымдар желісін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындасын.
      Ескерту. 1-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.08.27. N 1105
қаулысымен.

      2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасының Қаржы полициясы агенттігімен және Қазақстан Республикасының Кедендік бақылау агенттігімен бірлесіп, рұқсаттық құжаттары жоқ түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын қабылдау пункттері қызметінің жолын кесу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырсын және олардың іске асырылу барысы туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне тоқсан сайын ақпарат беріп отырсын.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2003.02.06. N 135 қаулысымен.

      3. Қазақстан Республикасының Кедендік бақылау агенттігі ТМД СЭҚ ТН кодтары бойынша: 7601 20 910, 7601 20 990, 7606 11 990, 7606 12 500, 7606 12 990, 7606 91 000, 7606 92 000, 7616 99 100 қара және 7204*, 740400 ТМД СЭҚ ТН кодтары бойынша түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын, сондай-ақ 7302, 8607* ТМД СЭҚ ТН кодтары бойынша қолданыста болған рельстердi, темiр жол төсеніші мен жылжымалы құрамның элементтерiн Қазақстан Республикасының кедендiк аумағынан контрабандалық әкетудiң жолын кесу мақсатында тек қана темiр жол және теңіз көлiгімен экспортқа рұқсат етiлсiн. Қара және түстi металдардың сынықтары мен қалдықтарын, сондай-ақ қолданыста болған рельстердi темiр жол төсенiшi мен жылжымалы құрамның элементтерiн транзиттік өткiзу кезiнде кеден декларацияларында әкелiнген жүктің нақты салмағы белгіленсiн және әкету кезiнде iлеспе құжаттардың жүктiң нақты мөлшерiне сәйкестігін бақылау күшейтiлсiн.
      * Тауар номенклатурасы тауардың кодымен де, атауымен де белгіленеді.
      * Көрсетілген тауарлардың тасымалдау түрлеріне экспортты шектеу Еуропалық Одаққа мүше елдерге қатысты қолданылмайды.
      ЕСКЕРТУ. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2000.03.13. N 383 қаулысымен.
     Ескерту. 3-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.08.27. N 1105 қаулысымен.
      Ескерту. 3-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.02.06. N 135 қаулысымен.

     4. <*>
     ЕСКЕРТУ. 4-тармақ алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2000.03.13. N 383 қаулысымен.
    5. Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігі 2000 жылдың 1 наурызына дейін мерзімде осы қаулының қабылдануына байланысты қолданылып жүрген заңдарды жетілдіру
жөнінде ұсыныстар дайындасын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізсін.

     6. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері Энергетика, индустрия және сауда министрлігіне осы қаулыны іске асыруда жәрдем көрсетсін.

     7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрі