Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 12 ақпандағы № 266 өкімі.

Жаңартылған

      Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен тиімді өзара іс-қимыл жасау мақсатында:

      1. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Кеңестің лауазымдық құрамы;

      2) Кеңес туралы ереже бекітілсін.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы 12 ақпандағы
№ 266 өкімімен
БЕКІТІЛГЕН

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен өзара іс-қимыл жөніндегі кенестің
ЛАУАЗЫМДЫҚ ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 06.08.2014 № 888 Жарлығымен; өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 08.02.2016 N 191; 10.10.2016 N 357; 13.06.2018 № 701; 30.10.2018 № 782; 26.02.2019 № 862 Жарлықтарымен.

      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төраға

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының жобаларын үйлестіру және іске асыру мәселелеріне жетекшілік етуші орынбасары, төрағаның орынбасары

      әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары немесе Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, төрағаның орынбасары

      мемлекеттің құқықтық жүйесін жетілдіруді қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты үйлестіруші Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасының Сырткы істер министрі

      Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі

      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі

      Қазақстан Республикасының Әділет министрі

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі

      Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі

      Қазақстан Республикасының Энергетика министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі

      Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі

      Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрі

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалау сот алқасының төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары

      "Ұлттық талдау орталығы" акционерлік коғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы 12 ақпандағы
№ 266 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен өзара іс-қимыл
жөніндегі кеңес туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер

      1. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      Кеңестің лауазымдық құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      2. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Мемлекет басшысының актілерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Кеңестің міндеттері мен құқықтары

      3. Кеңестің міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасында жүзеге асырылатын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (бұдан әрі - Ұйым) бастамалары мен бағдарламаларын үйлестіру;

      2) мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Ұйыммен тиімді ынтымақтастық процесін қамтамасыз ету;

      3) Қазақстан Республикасында ұйымның стандарттары мен ұсынымдарын енгізу бойынша ұсыныстарды әзірлеу болып табылады.

      4. Кеңес өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін өз құзыреті шегінде:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Қазақстан Республикасы дамуының стратегиялық бағыттары бойынша ұсыныстар енгізуге;

      2) Ұйым шеңберінде жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдар мен ұйымдардан Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпарат сұратуға және алуға құқылы.

3. Кеңестің қызметін ұйымдастыру

      5. Кеңес төрағадан, оның орынбасарларынан және Кеңес мүшелерінен тұрады.

      6. Кеңесті:

      1) Кеңестің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асыратын;

      2) Кеңес отырыстарының өткізілетін орны мен уақытын айқындайтын;

      3) Кеңес отырыстарына төрағалық ететін төраға басқарады.

      7. Кеңес төрағасы болмаған уақытта оның функцияларын Кеңес төрағасының орынбасарларының бірі орындайды.

      8. Кеңестің жұмыс органы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі болып табылады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 06.08.2014 № 888 Жарлығымен.

      9. Кеңес отырыстары Кеңес төрағасының бастамасымен шақырылады.

      10. Қағида бойынша, отырыс басталғанға дейін кемінде бір жұмыс күні қалғанда Кеңес мүшелері өздерінің отырысқа қатысатынын растайды.

      11. Кеңес отырыстары қажеттігіне қарай, бірақ жартыжылдықта бір реттен артық өткізілмейді. Кеңес төрағасының шешімі және жұмыс органының ұсыныстары бойынша кезектен тыс отырыстар шақырылуы мүмкін.

      12. Кеңес отырысы оның құрамының кемінде жартысы қатысқан жағдайда, заңды болып табылады.

      13. Кеңес шешімдері оның отырысына қатысып отырған Кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Кеңес мүшелерінің дауыстары тең болған кезде төрағалық етуші берген дауыс шешуші болып табылады.

      14. Кеңестің шешімдері Кеңес төрағасы қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

      Кеңес хаттамасының көшірмелері тиісті мемлекеттік органдарға, ұйымдарға жіберіледі.

      15. Кеңестің қызметі Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі негізінде тоқтатылады.