Қазақстан Республикасының Су Кодексі

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі N 481-ІІ Кодексі

Жаңартылған

  1-БӨЛIМ. Жалпы ережелер

  1-тарау. Негізгі ережелер

       1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Кодексте мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) акватория - табиғи, жасанды немесе шартты шекарамен шектелген су кеңiстiгi;
      2) су объектiсiнiң бассейнi - гидравликалық жағынан байланысты су айдындары мен ағын сулардың су жинау алаңдарын қамтитын аумақ;
      3) жер асты суларының бассейнi - жер қойнауында орналасқан су тұтқыш жиектер жиынтығы;
      4) басқарудың бассейндiк принципi - әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер арасындағы өзендердiң, көлдердiң және басқа да су объектiлерiнiң бассейндерi шегiнде су ресурстарын бөлу кезiнде iске асырылатын су қорын гидрографиялық белгiлер бойынша басқару;
      5) ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздерi - су тұтынушылар үшiн ауыз сумен жабдықтаудың бiрден-бiр көздерi, олардың ауыстырылуы мүмкiн емес және мақсатқа сай келмейдi;
      6) жағалау жиегi - су объектiсi жағалауының судың барынша көтерiлуi (лық толуы) нәтижесiнде пайда болатын жиегi;
      7) жағалау белдеуi - су объектiлерi жағалауының бойындағы табиғат қорғау талаптарын сақтай отырып, навигациялық белгiлер мен жабдықтарды орнатуға арналған жағалау жиегiнен енi жиырма метр құрлық белдеуi;
      8) су сервитуты - су объектiсiн шектеулi пайдалану құқығы; 
      9) сулар - су объектiлерiнде жинақталған барлық сулардың жиынтығы;
      10) су үнемдеу - су ресурстарының ұтымды және тиiмдi пайдаланылуын қамтамасыз ететiн шаралар жүйесi;
      11) су жинау алаңы - шекарасы шегiнде су объектiсiнiң су ресурстары қалыптастырылатын аумақ;
      12) сулардың зиянды әсерi - табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайдың туындауы нәтижесiнде судың шаруашылық және өзге де қызметке терiс әсер етуi;
      13) су шаруашылығы - су объектiлерiн пайдалануға, қорғауға және ұдайы молайтуға байланысты экономика саласы;
      14) су режимi - су объектiлерi мен топырақ қабатындағы су деңгейiнiң, шығыстары мен көлемiнiң уақытқа қарай өзгеруi;
      15) тау-кен жыныстарының су тұтқыш аймақтары, жиектерi мен кешендерi - тау-кен жыныстарының жарықтары мен кеуек қуыстарында жинақталған және гидравликалық байланыстағы сулар;
      16) су тарту құрылысы - су объектiлерiнен су алуға арналған құрылыстар мен құрылғылар кешенi;
      17) ағын су - ойпаңды жер бетiнде ылдиға құлай аққан судың қозғалысымен сипатталатын су объектiсi;
      13) су қорғау аймағы - судың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болғызбау үшiн шаруашылық қызметiнiң арнайы режимi белгiленетiн су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарына iргелес аумақ;
      19) су пайдалану - жеке және заңды тұлғалардың өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерiн қанағаттандыру үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен су ресурстарын пайдалану;
      20) су пайдаланушы - өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерiн қанағаттандыру үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен су ресурстарын пайдалану құқығы берiлген жеке немесе заңды тұлға;
      21) су тұтынушы - су объектiлерiнен су тұтынушы немесе су шаруашылығы ұйымдарының қызметтерiн пайдаланушы және сумен жабдықтау жүйелерiнен су алушы жеке немесе заңды тұлға;
      22) су шаруашылығы ұйымдары - қызметi суларды реттеумен, жеткiзумен, молайтумен, су дайындаумен, ағынды суларды бұрумен және су объектiлерiн пайдаланумен байланысты заңды тұлғалар;
      23) су қорғау белдеуi - шектеулi шаруашылық қызметi режимi белгiленетiн, су объектiсiне және су шаруашылығы құрылыстарына iргелес жатқан су қорғау аймағы шегiндегi енi кемiнде жиырма метр аумақ;
      24) су шаруашылығы жүйесi - суларды ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ ағынды суларды бұруға арналған өзара байланысты су объектiлерi мен гидротехникалық құрылыстар кешенi;
      25) су шаруашылығы құрылыстары - су ресурстарының пайдаланылуы мен қорғалуын реттеу, халықты және экономика салаларын сумен қамтамасыз ету, ағынды суларды бұру және судың зиянды әсерiн жою мақсатымен су объектiлерiнде жасанды құрылған гидротехникалық құрылыстар мен қондырғылар;
      26) гидромелиорациялық жүйе - жердi суаруға, суландыруға және құрғатуға арналған технологиялық жағынан өзара байланысты гидротехникалық құрылыстар, құрылғылар мен жабдықтар кешенi;
      27) гидротехникалық құрылыстар - су ресурстарын басқару, суды дайындау, су пайдаланушыларға беру, тасымалдау және суды бұру, сондай-ақ олардың зиянды әсерiнiң алдын алу үшiн пайдаланылатын инженерлiк құрылыстар;
      27-1) мемлекеттiк бақылау - заңдылықтың сақталуын тексеру, заңнаманы бұзушылықтың себептерi мен жағдайларын анықтау және жою, жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтiру, нормативтiк құқықтық актiлердi дәл және бiркелкi қолдану және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес нормативтiк құқықтық актiлердiң мiндеттi талаптарын орындау кезiнде уәкiлеттi мемлекеттiк органдар қабылдайтын шаралар жүйесi;
      28) су қорының жерлерi - су айдындары (өзендер және соларға теңестiрiлген каналдар, көлдер, су қоймалары, тоғандар және басқа да ішкі су айдындары, аумақтық сулар), мұздықтар, батпақтар, су көздерiндегi ағындыны реттеуге арналған су шаруашылығы құрылыстары алып жатқан жерлер, сондай-ақ су қорғау аймақтары мен осы құрылыстардың белдеулерiне және ауыз сумен жабдықтаудың су тарту жүйелерiнiң санитарлық қорғау аймақтарына бөлiнiп берiлген жерлер;
      29) санитарлық қорғау аймағы - су сапасы нашарлауының алдын алу үшiн сумен жабдықтау көзiн (ашық және жер асты), су құбыры құрылыстарын және оларды қоршаған аумақты қорғау мақсатымен белгiленген режим сақталуға тиiс сумен жабдықтау көзi мен су құбыры құрылыстарының төңiрегiнде арнайы бөлiнетiн аумақ;
      30) су объектiсiндегi рекреация аймағы - жаппай демалыс, туризм және спорт үшiн пайдаланылатын су объектiсi немесе оның iргелес жағалауы бар учаскесi;
      31) су пайдалану көзi - су пайдаланушылардың қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн пайдаланылуы мүмкiн су объектiсi;
      32) су объектiлерiн пайдалану - жеке және заңды тұлғалардың материалдық немесе өзге де қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн су объектiлерiнiң пайдалы табиғи қасиеттерiн алу;
      33) өзендерге теңестiрiлген каналдар - суды бiр бассейннен екiншiсiне, сондай-ақ бiр өзен жүйесiнен екiншiсiне ауыстыруға арналған жасанды құрылыстар;
      34) шегендеу құрылысы - табиғи шығып жатқан жерасты суларының ашылуын және пайдалану мақсатында олардың жер бетiне шығарылуын қамтамасыз ететiн инженерлiк-техникалық құрылыс;
      35) көлдете суару - гидротехникалық құрылыстар жүйесiнiң көмегiмен немесе оларсыз қар суын, тасқын суды және басқа да суларды ауыл шаруашылығы алқаптарына жайып жiберу үшiн пайдалану;
      36) жер асты суларының көздерi мен учаскелерi - шегiнде жер асты суларын шығару мен алу үшiн қолайлы жағдайлары бар су тұтқыш жиектердiң бөлiктерi;
      37) минералды жерасты сулары - өзiнiң құрамы және (немесе) кейбiр epeкшe компоненттерiнiң мөлшерi бойынша оң бальнеологиялық әсер ететiн жерасты сулары;
      38) ластаушы заттардың шоғырлануының жол берiлетiн шектi нормативтерi - адамның денсаулығын қорғау және өсiмдiк пен жануарлар дүниесiне зиянды әсерiн болғызбау мақсатында белгiленетiн ластаушы заттардың су объектiлерiнде болуы мен табиғи факторлардың су ортасына әсер етуiнiң жол берiлетiн шамалары;
      39) суару каналы - суару көздерiнен суаруды талап ететiн учаскелерге су тасымалдауға арналған жасанды құрылыс;
      40) сумен жабдықтаудың ерекше маңызды топтық жүйелерi - бiреуден артық елдi мекенге қызмет көрсететiн, басымдылығы мен әлеуметтiк маңыздылығы бар және Қазақстан Республикасының Yкiметi топтық сумен жабдықтаудың ерекше маңызды жүйелерiнiң санаттарына жатқызған ауыз сумен жабдықтаудың топтық жүйелерi;
      41) cу объектiлерiн қорғау - су объектiлерiн сақтауға, қалпына келтiруге және ұдайы молайтуға, сондай-ақ судың зиянды әсерiне жол бермеуге бағытталған қызмет;
      42) жер үстi су объектiлерi - шекарасы, көлемi мен су режимi бар, құрлық бетiнде оның бедерi нысанындағы сулардың тұрақты немесе уақытша жинақталуы;
      43) су жiберу - ағын судың төменгi учаскесiндегi су шығынын немесе деңгейiн немесе су қоймасының өзiндегi судың деңгейiн реттеу үшiн су қоймасынан суды кезеңдеп немесе мезгiлдеп беру;
      43-1) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы тексеру - су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi органның және (немесе) өңiрлiк және аумақтық органдардың лауазымды тұлғасының немесе лауазымды тұлғаларының кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң су қорын пайдалану және қорғау саласындағы заңнаманың талаптарын сақтауын айқындау мақсатында жасайтын iс-әрекетi;
      44) өндiрiстiк-техникалық жерасты сулары - өзiнiң сапасы мен физикалық қасиеттерi бойынша өндiрiстiк-техникалық сумен жабдықтау үшiн пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкiн жерасты сулары;
      45) су ағызу каналы - бөлу желiсiнiң жалғасы болып табылатын, пайдаланылған және артық суды өзеннiң арнасына немесе табиғи ылди жерге қарай ағызу үшiн пайдаланылатын жасанды құрылыс;
      46) ағынды сулар - табиғи немесе жасанды су объектiлерiне немесе жер бедерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ағызып жiберiлетiн пайдаланылған немесе ластанған аумақтан келiп түскен сулар;
      47) трансшекаралық әсер - табиғи көзi шектес мемлекеттiң немесе көршiлес мемлекеттердiң аумағында толық немесе iшiнара орналасқан трансшекаралық сулардың адамның қызметiнен туындайтын сандық немесе сапалық жағынан өзгеруi нәтижесiнде пайда болатын зиянды зардаптар;
      48) құбырлы сүзгiш құдық - су тұтқыш тау-кен жынысына оларды сорғыту мақсатымен бекiтiлетiн бiрқатар тесiктерi бар құбыр кесiндiсi;
      49) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган - су қорын пайдалану және қорғау саласындағы басқару мен бақылау қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      50) гидромелиорациялық кондоминиумге қатысушылар - ортақ үлестiк меншiк құқығындағы гидромелиорациялық кондоминиумнiң құрамына кiретiн бiр гидромелиорациялық жүйемен немесе оның элементтерiмен суарылатын жеке меншiк немесе уақытша өтеулi пайдалану құқығында жер учаскесi бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар;
      51) жерасты шаруашылық-ауыз сулары - өзiнiң табиғи жай-күйiндегi немесе өңделгеннен кейiнгi сапасы бойынша нормативтiк талаптарға сай келетiн және адамның ауыз суға және тұрмыстық қажетiне, не ауыз су өнiмдерiн өндiруге арналған жерасты сулары;
      52) шахта құдығы - сумен жабдықтау, тау-кен жыныстарын құрғату және жер бетiнен атмосфералық және жер үстi суларын бұру мақсатында жерасты суларын алу үшiн құрылған тереңдiгi көлденең кесiктен үлкенiрек тiк тау-кен қазындысы.
       Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       2-бап. Қазақстан Республикасының су заңдары

      1. Қазақстан Республикасының су заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Кодекстегiден өзгеше ережелер белгiленген болса, халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Қазақстан Республикасы су заңдарының
               мақсаттары мен мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасы су заңдарының мақсаттары халықтың және қоршаған ортаның тiршiлiк жағдайларын сақтау мен жақсарту үшiн су пайдалану мен су қорын қорғаудың экологиялық қауiпсiз және экономикалық оңтайлы деңгейiне қол жеткiзу және қолдау болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасы су заңдарының мiндеттерi:
      1) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты жүргізу;
      2) су қатынастарын реттеу;
      3) тұрақты су пайдалануды және су қорын қорғауды қолдау мен дамытудың құқықтық негiздерiн қамтамасыз ету;
      4) су қорын пайдаланудың және қорғаудың негiзгi принциптерi мен бағыттарын айқындау;
      5) су ресурстарын зерттеу, барлау және осы ресурстар мен су шаруашылығы құрылыстарын ұтымды және кешендi пайдалану саласындағы қатынастарды басқару.

       4-бап. Қазақстан Республикасының су қоры

      Қазақстан Республикасының су қоры Қазақстан Республикасының аумағы шегiндегi мемлекеттiк су кадастрына енгiзiлген немесе енгiзiлуге тиiс барлық су объектiлерiнiң жиынтығын қамтиды.

       5-бап. Су объектiлерi

      Шекарасы, көлемi мен су режимi бар құрлық бетi бедерлерiндегi және жер қойнауындағы су шоғырланымдары Қазақстан Республикасының су объектiлерiне жатады. Олар: теңiздер, өзендер, соларға теңестiрiлген каналдар, көлдер, мұздықтар және басқа да жер үстi су объектiлерi, жер асты сулары бар жер қойнауының бөлiктерi.

       6-бап. Су ресурстары

      Қазақстан Республикасының су ресурстары су объектiлерiнде жиналған, пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкiн жер үстi және жер асты суларының қорлары болып табылады.

       7-бап. Су қорының жерлерi

      1. Су айдындары (өзендер және соларға теңестiрiлген каналдар, көлдер, су қоймалары, iшкi сулар, аумақтық сулар), мұздықтар, батпақтар, мемлекетаралық және республикалық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары алып жатқан су қорының жерлерi, сондай-ақ осы құрылыстардың су қорғау белдеулерiне және ауыз сумен жабдықтаудың су тарту жүйелерiнiң санитарлық қорғау аймақтарына бөлiнген жерлер мемлекет меншiгiнде болады.
      2. Ауданаралық (облыстық) және шаруашылықаралық (аудандық) маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары (cyapу және сорғыту жүйелерi) орналасқан су қорының құрамындағы жер учаскелерi, сондай-ақ бiр шаруашылық жүргiзушi субъектiнiң жер учаскесiне қызмет көрсететiн ирригациялық құрылғылар, аталған құрылыстар жекешелендiрiлген жағдайда, азаматтардың және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғаларының жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.
      3. Осы баптың 2-тармағында аталған екi немесе одан көп жер учаскелерiн меншiктенушiлерге немесе жер пайдаланушыларға қызмет көрсететiн жер учаскелерi оларға ортақ меншiк немесе жалпы жер пайдалану құқығымен табысталады.
      4. Су қорының жерiн меншiкке немесе жер пайдалануға беру тәртiбi Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiмен реттеледi.

       8-бап. Қазақстан Республикасының
               су қорына меншiк құқығы

      1. Қазақстан Республикасының су қоры айрықша мемлекеттiк меншiкте болады.
      2. Су қорын иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын Қазақстан Республикасының Yкiметi жүзеге асырады.
      3. Су объектiлерiне мемлекеттiк меншiк құқығын бұзған жеке және заңды тұлғалардың iс-әрекеттерiнiң күшi болмайды және ол Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершiлiкке әкеп соғады.

       9-бап. Қазақстан Республикасы су заңдарының принциптерi

      Қазақстан Республикасының су заңдары мынадай принциптерге негiзделедi:
      1) халықтың өмiрi мен қызметiнiң негiзi болып табылатын сулардың мемлекеттiк маңызын мойындау;
      2) халықты ауыз судың қажеттi мөлшерiмен және кепiлдi сапасымен бiрiншi кезекте қамтамасыз ету;
      3) халықтың суға әдiл және теңдей қол жеткiзуi;
      4) су алуды азайтуға және судың зиянды әсерiн кемiтуге мүмкiндiк беретiн қазiргi заманғы технологияларды игерiп, кешендi және ұтымды су пайдалану;
      5) су объектiлерiн оларды қорғаумен қоса кешендi пайдалану;
      6) арнайы су пайдаланудың ақылылығы;
      7) Қазақстан Республикасының су заңдарын бұзудан келтiрiлген залалды өтеу;
      8) Қазақстан Республикасының cу заңдарын бұзғандық үшiн жауапкершiлiктiң бұлтартпастығы;
      9) су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi мiндеттердi шешудегi жариялылық және оларға жұртшылықты тарту;
      10) Қазақстан Республикасы су қорының жай-күйi туралы ақпараттың қолжетiмдiлiгi;
      11) халықаралық нормалар мен Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың негiзiнде трансшекаралық суларды пайдалану.

       10-бап. Қазақстан Республикасының су және өзге де
                заңдарымен реттелетiн Қазақстан Республикасының
                су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы
                қатынастар

      1. Қазақстан Республикасының су заңдары су қорын пайдалану мен қорғау, су қорын және су шаруашылығы құрылыстарын басқару саласындағы қатынастарды және өзге де су қатынастарын реттейдi.
      2. Су объектiлерiн пайдалану мен қорғау кезiнде туындайтын жерге, орманға, өсiмдiк пен жануарлар дүниесiне қатысты қатынастар арнайы заңдармен және осы Кодекспен реттеледi.
      3. Су объектiлерiнiң экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мен табиғи су экологиялық жүйелерiне шаруашылық және өзге де қызметтiң зиянды әсерiн болғызбау кезiнде туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңдарымен, сондай-ақ осы Кодекспен реттеледi.
      4. Жep қойнауын геологиялық зерттеу, барлау және кешендi игеру, жер асты сулары мен жер асты құрылыстарын судың зиянды әсерiнен қорғау саласында туындайтын қатынастар жер қойнауы режимiне бағындырылады және, осы Кодекстiң 66-бабының 5 және 6-тармақтарын қоспағанда, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану, өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы Қазақстан Республикасының тиiстi заңдарымен реттеледi.
      5. Су объектiлерiндегi табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласында туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы заңдарымен реттеледi.
      6. Кеме қатынасы мен теңiзде жүзу саласында туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының су көлiгi саласындағы заңдарымен реттеледi.
      7. Теңiз суларын пайдалану саласындағы қатынастар осы Кодекспен және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен реттеледi.
      8. Трансшекаралық суларды пайдалану мен қорғауға байланысты қатынастар осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының заңдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен реттеледi.

  2-тарау. Су қатынастары объектілері

       11-бап. Су қатынастары объектiлерi

      1. Су объектiлерi, су шаруашылығы құрылыстары және су қорының жерлерi су қатынастарының объектiлерi болып табылады.
      2. Су объектiлерi:
      1) жер үстi су объектiлерi;
      2) жер асты су объектiлерi;
      3) Қазақстан Республикасының теңiз сулары;
      4) трансшекаралық сулар болып бөлiнедi.
      3. Пайдалану түрлерiне қарай су объектiлерi:
      1) ортақ пайдаланудағы су объектiлерi;
      2) бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерi;
      3) оқшау пайдаланудағы су объектiлерi;
      4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су объектiлерi;
      5) ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерi болып бөлiнедi.

       12-бап. Жер үстi су объектiлерi

      1. Жер үстi су объектiлерi:
      1) су айдындары - өзендер және соларға теңестiрiлген каналдар, көлдер, су қоймалары, тоғандар және басқа iшкi су айдындары, аумақтық сулар;
      2) мұздықтар, батпақтар болып бөлiнедi.
      2. Жер үстi су объектiлерi жер үстi суларынан, олардың түбiнен және жағалауынан тұрады.

       13-бап. Жер асты су объектiлерi

      Жер асты су объектiлерiне мыналар жатады:
      1) су тұтқыш аймақтар, тау-кен жыныстарының жиектерi мен кешендерi;
      2) жер асты суларының бассейнi;
      3) жер асты сулары орындары мен учаскелерi;
      4) жер асты суларының құрлықта немесе су астынан табиғи шығуы;
      5) жер қойнауының суландырылған учаскелерi.

       14-бап. Теңiз сулары

      1. Қазақстан Республикасының теңiз суларына, егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы шегiндегi Каспий және Арал теңiздерiнiң сулары жатады.
      2. <*>.
       Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       15-бап. Трансшекаралық сулар

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын белгiлейтiн және (немесе) қиып өтетiн жер үстi және жер асты сулары трансшекаралық сулар болып табылады.
      2. Трансшекаралық суларды пайдалану мен қорғау тәртiбi осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекара туралы заңдарымен және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен белгiленедi.

       16-бап. Ортақ пайдаланудағы су объектiлерi

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, барлық су объектiлерi ортақ пайдаланудағы объектiлер болып табылады.
      2. Су объектiлерiнде ортақ су пайдалану осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      3. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ортақ пайдаланудағы су объектiлерiн пайдалануды шектеуге жол берiледi.

       17-бап. Бiрлесiп пайдаланудағы су объектілерi

      1. Жеке немесе заңды тұлғаларға толық немесе iшiнара бiрлесiп пайдалануға берiлген су объектiлерi бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерi болып табылады.
      2. Бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерiн пайдаланған кезде ағын судың төменгi жағында орналасқан су пайдаланушылардың мүдделерi бiрiншi кезекте қанағаттандырылады.
      3. Бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерiн пайдаланатын су пайдаланушылар өзара мүдделерді ескеруге, су пайдалану құқығын жүзеге асыруды қиындатпауға және бiр-бiрiне зиян келтiрмеуге мiндеттi.
      4. Бiрлесiп пайдалану үшiн су объектiлерiн облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша бередi. <*>
      5. Бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерiнде ортақ су пайдалану осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
       Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       18-бап. Оқшау пайдаланудағы су объектiлерi

      1. Жеке немесе заңды тұлғаларға толық немесе iшiнара оқшау пайдалануға берiлген су объектiлерi оқшау пайдаланудағы су объектiлерi болып табылады.
      2. Оқшау пайдаланудағы су объектiлерi осы Кодексте белгiленген тәртiппен ортақ пайдаланудағы су объектiлерi ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.

       19-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су
                объектiлерi

      Ерекше қорғалатын су объектiлерiн құру тәртiбi, қорғау және пайдалану режимi, сондай-ақ оларда қызмет ету жағдайлары Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарымен белгiленедi.

       20-бап. Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерi

      1. Қоршаған орта мен аймақ экономикасына басым ықпал ететiн және шаруашылық қызметтi реттеудiң ерекше құқықтық режимiн талап ететiн жаратылысы табиғи су объектiлерi ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерi деп танылады.
      2. Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерiнiң тiзбесiн және олардағы шаруашылық қызметтi реттеудiң құқықтық режимiнiң ерекшелiктерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

       21-бап. Су объектiлерiнiң және су қоры жерлерiнiң
                айналымдық қабiлетi

      Осы Кодекстiң 7-бабының 2-тармағында аталған жерлердi қоспағанда, су объектiлерiнiң, су қоры жерлерiнiң айналымына, сондай-ақ олар орналасқан су объектiлерi мен жерлердiң иелiктен шығарылуына әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкiн болатын сатып алуға, сатуға, кепiлге беруге және басқа да мәмiлелер жасасуға жол берiлмейдi.

  2-Бөлім. Су объектілерін пайдалану құқығы.
Су шаруашылығы құрылыстарына меншік құқығы және
өзге де құқықтар

  3-тарау. Су объектілерін пайдалану құқығы

       22-бап. Су объектiлерiн пайдалану құқығы

      1. Жеке және заңды тұлғаларға cу объектiлерiн пайдалану құқығын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша табыстайды. <*>
      2. Жеке және заңды тұлғаларға су объектiлерi:
      1) қысқа мерзiмдi пайдалану;
      2) ұзақ мерзiмдi пайдалану құқығымен табысталады.
      3. Қысқа мерзiмдi пайдалану құқығы бес жылға дейiнгi мерзiмге, ұзақ мерзiмдi пайдалану құқығы бес жылдан қырық тоғыз жылға дейiнгi мерзiмге табысталады.
      4. Су объектiлерi пайдалануына берiлген жеке және заңды тұлғалар су объектiлерiн пайдалану құқығына билiк ете алмайды.
       Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       23-бап. Су сервитуты

      1. Су объектiлерiне су сервитуты қауымдық және жеке су сервитуттары нысандарында болады.
      2. Ортақ пайдаланудағы су объектiлерiн әркiм пайдалана алады, бұл жағдайда қауымдық су сервитуты су объектiсiн пайдалану құқығының ажырамас бөлiгi болып табылады.
      3. Ортақ пайдаланудағы су объектiсi болып табылмайтын су объектiсiне қауымдық су сервитуты Қазақстан Республикасы заңдарының, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы актiсiнiң немесе оны пайдалануға алған жеке немесе заңды тұлғалардың су объектісiн пайдалану тәртiбiн жариялауы негiзiнде туындауы мүмкiн. <*>
      4. Су объектiсiн ұзақ мерзiмдi немесе қысқа мерзiмдi пайдалану құқығы өзге де мүдделi тұлғалардың пайдасына (жеке су сервитуты) шектелуi мүмкiн.
      5. Жеке су сервитуты қауымдық су сервитуты сияқты негіздерде белгiленедi, сондай-ақ сот шешiмiнiң негiзiнде де белгiленуi мүмкiн.
      6. Қауымдық және жеке су сервитуттары:
      1) құрылыстарды, техникалық құралдар мен құрылғыларды қолданбай су алу;
      2) суат және мал айдау;
      3) су объектiлерiн сал, қайық және басқа да шағын көлемдi кемелер үшiн су жолдары ретiнде пайдалану мақсаттарында белгiленуi мүмкiн.
      7. Су сервитуттарын жүзеге асыру үшiн арнайы су пайдалануға лицензия және рұқсат алу талап етiлмейдi.
       Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  4-тарау. Су шаруашылығы құрылыстарына меншік
құқығы және өзге де құқықтар

       24-бап. Су шаруашылығы құрылыстарына меншiк құқығы

      1. Су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттiк не жеке меншiкте болуы мүмкiн.
      2. Жеке меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға, иемденуге және оларға билiк етуге байланысты қатынастар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен реттеледi.

       25-бап. Ерекше стратегиялық маңызы бар
                су шаруашылығы құрылыстары

      1. Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттiк меншiкте болады және жалға, сенiмгерлiк басқаруға берiлмейдi және жекешелендiруге жатпайды.
      2. Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.

       26-бап. Республикалық меншiктегі су шаруашылығы
                құрылыстары

      Республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттiк су шаруашылығы ұйымдарына бекiтiлiп берiледi.
      Республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарының тiзбесiн су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      Республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жалға, сенiмгерлiк басқаруға берiлуi және жекешелендiрiлуi мүмкiн.

       27-бап. Коммуналдық меншiктегi су шаруашылығы
                құрылыстары

      Коммуналдық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорындарға бекiтiлiп берiледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарынан басқалары, жалға, сенiмгерлiк басқаруға, өтеусiз пайдалануға берiлуi мүмкiн.

       28-бап. Ауыз сумен жабдықтау жүйелерiне меншiк құқығы

      1. Ауыз сумен жабдықтау жүйелерi республикалық, коммуналдық меншiкте, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың меншiгiнде болуы мүмкiн.
      2. Республикалық меншiктегi ауыз сумен жабдықтау жүйелерiн пайдалануды мемлекеттiк ұйымдар жүзеге асырады.
      Коммуналдық меншiктегi ауыз сумен жабдықтау жүйелерiн пайдалануды мемлекеттiк және өзге де ұйымдар жүзеге асырады.
      3. Ауыз сумен жабдықтаудың жекелеген жүйелерi тұрғын үй кондоминиумдарының құрамына кiруi мүмкiн.

       29-бап. Ауыл шаруашылығы су пайдаланушыларына қызмет
                көрсетуге арналған су шаруашылығы құрылыстары

      1. Ауыл шаруашылығы су пайдаланушыларына қызмет көрсетуге арналған су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттiк немесе жеке меншiкте болуы мүмкiн.
      2. Мемлекеттiк меншiктегi ауыл шаруашылығы су пайдаланушыларына қызмет көрсетуге арналған су шаруашылығы құрылыстары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп пен шарттар бойынша осы құрылыстарға қызмет көрсететiн су пайдаланушыларға немесе олардың бiрлестiктерiне жалға, сенiмгерлiк басқаруға, өтеусiз пайдалануға берiлуi, сондай-ақ сатылуы немесе өтеусiз берiлуi мүмкiн.

       30-бап. Су шаруашылығы құрылыстарын уақытша
                мемлекеттiк басқару

      1. Ұлттық қауiпсiздiк мүдделерiне, азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қатер төнген жағдайда және республиканың немесе аймақтың экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар жекелеген су шаруашылығы құрылыстарының тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша осы құрылыстарға қатысты уақытша мемлекеттiк басқаруды енгiзуi мүмкiн.
      2. Осы баптың 1-тармағында аталған су шаруашылығы құрылыстарын уақытша мемлекеттiк басқаруды енгiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

       31-бап. Су шаруашылығы құрылыстарына құқықтарды және
                олармен мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу

      1. Су шаруашылығы құрылыстарына және олармен жасалатын мәмiлелерге құқықтар Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлiкке және олармен жасалатын мәмілелерге құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы заңдарына сәйкес мiндеттi түрде мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
      2. Су шаруашылығы құрылыстарына құқықтарды мемлекеттiк тiркеу құрылысқа су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген нысандағы паспорты болған жағдайда жүргiзiледi.

       32-бап. Су шаруашылығы құрылыстарын
                меншiктенушiлердiң жауапкершiлiгi

      1. Су шаруашылығы құрылыстарын меншiктенушiлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олардың техникалық жай-күйiнiң қауiпсiздiгi үшiн жауапты болады.
      2. Су шаруашылығы құрылыстарының қауiпсiздiгiн меншiктенушiлердiң қамтамасыз етуiн қадағалауды су қорын пайдалану және қорғау саласындағы, төтенше жағдайлар және өнеркәсiп қауiпсiздiгi жөнiндегі уәкiлеттi органдар жүзеге асырады.

  3-Бөлім. Су қорын пайдалану мен қорғау
саласындағы мемлекеттік реттеу

  5-тарау. Су қорын пайдалану мен қорғау
саласындағы мемлекеттік басқару

       33-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы
                мемлекеттiк басқару

      1. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметі, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өз құзыретi шегiнде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары жүзеге асырады. <*>
      2. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы басқару құрылымы кешендiлiгi мен қоса бағыныстылығы ескерiле отырып, мынадай деңгейлерге бөлiнедi:
      1) мемлекетаралық;
      2) мемлекеттiк;
      3) бассейндiк;
      4) аумақтық.
      3. Мемлекеттiк органдар су қорын ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi шаралар бағдарламасын әзiрлеуге және жүзеге асыруға азаматтар мен қоғамдық бiрлестiктердi тартуы мүмкiн.
       Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       34-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы
                мемлекеттiк басқарудың негiзгi принциптерi

      Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк басқару:
      1) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк реттеу мен бақылау;
      2) тұрақты су пайдалану - суды ұқыпты, ұтымды және кешендi пайдалану мен қорғауды ұштастыру;
      3) су пайдаланудың оңтайлы жағдайларын жасау, қоршаған ортаның экологиялық тұрақтылығын және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгiн сақтау;
      4) бассейндiк басқару;
      5) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау мен басқару функцияларын және су ресурстарын шаруашылық пайдалану функцияларын бөлу принциптерiне негiзделедi.

       35-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы
                мемлекеттiк басқарудың негiзгi мiндеттерi

      Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк басқарудың негiзгi мiндеттерi:
      1) экономика салаларын сумен қамтамасыз етудi талдау және бағалау, кемшiлiктердi анықтау және оларды жою жөнiндегi шараларды айқындау;
      2) су ресурстарының қолда бар көлемiн, олардың сапасын және оларды пайдалану құқықтарының болуын айқындау;
      3) су тұтыну, су беру және су қорғау технологияларын жетiлдiрудiң негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
      4) қолда бар су ресурстарының көлемiн ұлғайту және су тапшылығын жабу үшiн оларды ұтымды қайта бөлу жөнiндегi iс-шаралардың болжамы және оларды ұйымдастыру;
      5) жылдың сулылығына қарай суға қажеттiлiктi қанағаттандыру басымдығы бойынша су ресурстарын бөлiп су пайдалану құрылымын белгiлеу;
      6) ғылыми негiзделген нормативтер негiзiнде су пайдалану мен қайтарымды суларды ағызуды лимиттеу;
      7) экологиялық талаптар мен шектеулердi жоспарлау және сақтау;
      8) су объектiлерiнiң сандық және сапалық жай-күйi мен су пайдалану режимiн бақылау;
      9) мемлекеттiк меншiктегi су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарын тиiмдi басқару;
      10) су шаруашылығы қызметтерiн көрсету рыногын дамыту;
      11) трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау саласында шекаралас мемлекеттермен бiрлесiп басқару.

  6-тарау. Мемлекеттік органдардың су қорын пайдалану мен қорғауды басқару саласындағы құзыреті

       36-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң су қорын
                пайдалану мен қорғау саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасының Yкiметi:
      1) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
      2) республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарын басқаруды ұйымдастырады;
      3) суларды және олардың пайдаланылуын мемлекеттiк есепке алуды, мемлекеттiк су кадастры мен су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингiн жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi;
      4) сумен жабдықтаудың баламасыз көздерi болып табылатын ерекше маңызды топтық сумен жабдықтау жүйесiнiң тiзбесiн бекiтедi;
      5) ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiне су беру және ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздерi болып табылатын ерекше маңызды топтық сумен жабдықтау жүйелерiнен ауыз су беру жөнiндегi қызметтер құнын субсидиялау тәртiбiн бекiтедi;
      6) су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу ережелерiн бекiтедi;
      7) су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың бас және бассейндiк схемаларын және су шаруашылығы баланстарын әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн белгiлейдi;
      8) су шаруашылығы құрылыстарын жалға және сенiмгерлiк басқаруға беру тәртiбiн белгiлейдi;
      9) судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындар мен басқа да құрылыстарды келiсу, орналастыру және пайдалануға беру тәртiбiн, сондай-ақ су объектiлерiнде, су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде құрылыс және басқа да жұмыстар жүргiзу шарттарын белгiлейдi;
      10) <*>
      11) республика облыстарының арасындағы су қатынастарын реттеу ережелерiн бекiтедi;
      12) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен трансшекаралық суларды пайдалану мен қорғау мәселелерi бойынша шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды;
      13) <*>
       Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       37-бап. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы
                уәкiлеттi органның құзыретi

      1. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган:
      1) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлеуге және iске асыруға қатысады;
      2) экономиканың су секторының даму бағдарламаларын әзiрлейдi;
      3) негiзгi өзендердiң бассейндерi мен тұтас алғанда республика бойынша басқа да су объектiлерi бойынша су ресурстарын кешендi пайдалану және қорғау схемаларын әзiрлейдi;
      4) экономика салаларында су тұтынудың үлестiк нормаларын келiседi;
      5) ортақ су пайдаланудың үлгi ережелерiн бекiтедi;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен арнайы су пайдалану жөнiндегi қызметтiң түрлерiне лицензия немесе рұқсат берудi, олардың күшiн тоқтата тұруды жүзеге асырады;
      7) бассейндер және облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) деңгейiнде су пайдалану лимиттерiн бекiтедi;
      8) ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiне су беру және ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздерi болып табылатын ерекше маңызды топтық сумен жабдықтау жүйесiнен ауыз су беру жөнiндегi қызметтер құнын субсидиялау тәртiбiн әзiрлейдi;
      9) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      10)  алып тасталды
      11) суды және оның пайдаланылуын мемлекеттiк есепке алуды, мемлекеттiк су кадастры мен су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингiн жүргiзудi жүзеге асырады;
      12) су объектiлерi деректерiнiң ақпараттық базасын құрады және оған барлық мүдделi адамдардың қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi;
      13) су объектiлерiн пайдалану және республикалық меншiктегi ауыз сумен жабдықтау көздерiнiң режимiн, сондай-ақ тiкелей су объектiлерiнде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану ережелерiн бекiтедi;
      14) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы жобалау, iзденiс, ғылыми-зерттеу және конструкторлық жұмыстарды ұйымдастырады;
      15) су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға қабылдау-беру жөнiндегi жұмысқа қатысады, су шаруашылығы құрылыстарының және су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн құрылыс, түбiн тереңдету және өзге де жұмыстарды жүргiзу жобаларын келiседi;
      16) республикалық меншiктегi су объектiлерiн, су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануды ұйымдастырады;
      17) Қазақстан Республикасының су заңдары саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды;
      18) су шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды дайындайды және iске асырады;
      19)  алып тасталды
      20) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың басым бағыттарын әзiрлеуге қатысады;
      21) су қатынастарын реттеу, трансшекаралық су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғау мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шектес мемлекеттермен ынтымақтастық жасауды жүзеге асырады;
      22) су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу ережелерiн әзiрлейдi;
      23) су шаруашылығы баланстарын әзiрлейдi; 
      24) мамандандырылған мемлекеттiк мекемелердiң суармалы жерлердiң мониторингi мен мелиоративтiк жай-күйiн бағалауды жүргiзуiн ұйымдастырады. 
      2. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде қабылдаған шешiмдерi барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
       Ескерту. 37-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       38-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
             астананың) жергiлiктi өкiлдi органдарының су
             қорын   пайдалану мен қорғау саласындағы құзыретi

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары:
      1) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен үлгi ережелердiң негiзiнде аймақтық жағдайлардың ерекшелiктерiн ескере отырып, ортақ су пайдалану ережелерiн белгiлейдi;
      2) <*>
      3) су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi аймақтық бағдарламаларды бекiтедi және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
      4) коммуналдық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға беру және алып қою тәртiбiн белгiлейдi;
      5) жер үстi көздерiндегi су ресурстарын пайдаланғаны үшiн төлемақы ставкаларын бекiтеді. <*>
       Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.       

       39-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
             астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының су
             қорын   пайдалану мен қорғау саласындағы құзыретi

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) коммуналдық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарын басқарады, оларды қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
      2) бассейндiк су шаруашылығы басқармаларымен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша ауыз сумен жабдықтау көздерiнiң су қорғау аймақтарын, белдеулерiн және санитарлық қорғау аймақтарын белгiлейдi;
      3) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша су объектiлерiн оқшау және бiрлесiп пайдалануға бередi;
      4) бассейндiк кеңестердiң жұмысына және бассейндiк келiсiмге қатысады;
      5) су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi аймақтық бағдарламаларды әзiрлейдi, оларды iске асыруды қамтамасыз етедi; <*>
      6) су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi бассейндiк бағдарламаларды iске асыруды жүзеге асырады; <*>
      7) судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындармен басқа да құрылыстарды орналастыруды және пайдалануға берудi, сондай-ақ су объектiлерiнде, су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде құрылыс, түбiн тереңдету және басқа да жұмыстарды жүргiзу шарттарын келiседi;
      8) тиiстi аумақтарда орналасқан су объектiлерiнiң жай-күйi туралы халықты хабардар етудi жүзеге асырады;
      9) жер үстi көздерiндегi су ресурстарын пайдаланғаны үшiн төлемақы ставкаларын әзiрлейді; 
      10) ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су жеткізу және ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын сумен жабдықтаудың айрықша маңызды топтық жүйелерінен ауыз су беру бойынша көрсетілетін қызметтер құнын субсидиялау жөніндегі іс-шараларды іске асырады;
      11) су пайдаланушылар арасында су пайдалану лимиттерін бөледі.
       Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

  7-тарау. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы
бассейндік басқару

       40-бап. Бассейндiк су шаруашылығы басқармасының
                мiндеттерi мен функциялары

      1. Бассейндiк су шаруашылығы басқармалары (бұдан әрi - бассейндiк басқармалар) - уәкiлеттi органның облыстарда бөлiмдерi бар, су қорын пайдалану және күзету саласындағы өңiрлiк органдары (екi және одан да көп облыстардың аумақтарында олардың қызметi жүзеге асырылады және оның өкiлеттiктерi қолданылады), олардың негiзгi мiндетi тиiстi бассейн аумағында су қорын пайдалану мен қорғау саласында мемлекеттiк басқаруды жүзеге асыру болып табылады.<*>
      2. Бассейндiк басқармалар мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) бассейндiк принцип негiзiнде гидрографиялық бассейннiң су ресурстарын кешендi басқару;
      2) оң экономикалық әсерге, орынды, әдiл және экологиялық жағынан тұрақты су пайдалануға қол жеткiзу мақсатында су қатынастары субъектiлерiнiң су ресурстарын пайдалану жөнiндегi қызметiн үйлестiру;
      3) тиiстi бассейн шегiнде перспективалық жоспарлар мен даму бағдарламалары негiзiнде су объектiлерiн қалпына келтiру мен қорғау туралы бассейндiк келiсiмдер дайындау және iске асыру;
      4) су қорын пайдалану мен қорғауға, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының су заңдарын сақтауына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;
      5) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп бассейндер бойынша мемлекеттiк есепке алуды, мемлекеттiк су кадастрын және су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингін жүргізу;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен арнайы су пайдалану жөнiндегi қызметтiң түрлерiне лицензия немесе рұқсат беру, олардың күшiн тоқтата тұру;
      7) мүдделi мемлекеттiк органдардың қорытындыларын:
      тиiстi бассейннiң су объектiлерiн ұтымды пайдалану жөнiндегi облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының жоспарларын; <*>
      судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындардың және басқа да құрылыстардың құрылыс орнын айқындау жөнiндегi ұсыныстарды;
      судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды және басқа да құрылыстарды салу мен қайта жаңғырту жобаларын;
      су объектiлерiнде, су қорғау белдеулерi мен аймақтарында құрылыс, түбiн тереңдету, пайдалы қазбалар, су өсiмдiктерiн өндiру жөнiндегi жарылыс жұмыстарын, кабельдер, труба құбырларын және басқа да коммуникацияларды төсеу, ағаш кесу, сондай-ақ бұрғылау, ауыл шаруашылығы және басқа да жұмыстарды жүргiзу туралы құжаттарды;
      су пайдаланушылардың су объектiлерiн сақтау, олардың жай-күйiн жақсарту жөнiндегi iс-шаралар жоспарларын келiсу;
      8) судың жай-күйiне әсер ететiн өндiрiстiк, ауыл шаруашылық және тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау жөнiндегi мемлекеттiк комиссиялардың жұмысына, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың нәтижесiнде туындаған зардаптарды жою жөнiндегi жұмыстарға қатысу;
      9) су пайдаланушылар деңгейiнде және тиiстi бассейн бойынша су пайдалану лимиттерiн айқындау;
      10) жер асты суларының қорларын бекiтуге қатысу;
      11) бiрлесiп пайдаланылатын су қоймаларының салааралық, облысаралық және мемлекетаралық маңызы бар iрi су қоймаларының жұмыс режимiн бақылауды жүзеге асыру;
      12) облысаралық, аймақаралық, мемлекетаралық су объектiлерi бойынша су алу мен су бөлу жоспарларын әзiрлеу және олардың сақталуын бақылау;
      13) тиiстi бассейн суларын кешендi пайдалану мен қорғау схемасын, су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану ережелерiн келiсу;
      14) тиiстi бассейн бойынша су шаруашылығы баланстарын әзiрлеуге қатысу;
      15) cу объектiлерiн оқшау және бiрлесiп пайдалануға беру туралы ұсыныстарды және оларда су пайдалану шарттарын келiсу;
      16) судың жай-күйiне әсер ететiн, су қорын пайдалану мен қорғау саласында белгiленген нормалар мен ережелердi бұзып жүзеге асыратын су шаруашылығы объектiлерi мен өзге де объектiлердi қаржыландыруды, жобалауды және салуды тоқтату туралы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен талаптар қою;
      17) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кiнәлiлердi жауапкершiлiкке тарту үшiн Қазақстан Республикасы су заңдарының бұзылуы туралы материалдарды құқық қорғау органдарына және сотқа беру;
      18) Қазақстан Республикасының су заңдары бұзылған жағдайда мемлекетке келтiрiлген залалды өтеу туралы сотқа талап-арыз беру;
      19) су қорын ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiнде жүргiзiлiп жатқан жұмыс туралы, судың жай-күйi мен сапасын жақсарту жөнiнде қолданылып жатқан шаралар туралы халықты хабардар ету;
      20) су қорын пайдалану мен қорғау мәселелерi бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен және басқа да мүдделi мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимыл жасау; <*>
      21) су қорын ұтымды пайдалану мен қорғау iсiнде халық арасында ағарту және тәрбие жұмыстарын жүргiзу.
      22) <*>
       Ескерту. 40-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       41-бап. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау
                саласындағы орталық атқарушы органының аумақтық
                органдарының су ресурстарын басқарудың
              бассейндiк принципiн iске асыруға қатысуы

      1. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi орталық атқарушы органы аумақтық органдарының су ресурстарын басқарудың бассейндiк принципiн iске асыруда:
      1) жасалған су шаруашылығы баланстары, тиiстi бассейннiң су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғау схемалары негiзiнде су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғау жоспарларын келiсуге;
      2) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен бiрлесiп тиiстi бассейннiң су объектiлерiнiң мониторингiн жүргiзуге;
      3) өз құзыретi шегiнде су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыруға;
      4) бассейндiк келiсiмдер әзiрлеуге және ведомстволық бағыныстағы аумақтарда олардың жүзеге асырылуын бақылауға;
      5) су объектiлерiн пайдалану, ұдайы молайту және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк (аймақтық және бассейндiк) бағдарламалар үшiн ұсыныстар әзiрлеуге қатысады.
      2. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының аумақтық органдары су объектiлерiн кешендi пайдалану мен қорғаудың бекiтiлген бас схемаларына сәйкес су ресурстарын басқарудың бассейндiк принципiн жүзеге асыруға қатысады.

       42-бап. Су объектiлерiн қалпына келтiру мен қорғау
                туралы бассейндiк келiсiмдер

      1. Су объектiлерiн қалпына келтiру мен қорғау туралы бассейндiк келiсiмдер (бұдан әрi - бассейндiк келiсiмдер) бассейндiк басқармалардың, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының және су объектiсi бассейнiнiң шегiнде орналасқан басқа да субъектiлердiң арасында олардың қызметiн бiрiктiру және үйлестiру, сондай-ақ су объектiлерiн қалпына келтiру мен қорғау жөнiндегi iс-шараларды iске асыру мақсатында жасалады. <*>
      2. Бассейндiк келiсiмдерде тараптардың орындау мерзiмi көрсетiлiп, нақты су қорғау iс-шараларын iске асыру үшiн қажеттi күштер мен құралдарды кооперациялау жөнiндегi мiндеттемелер болады.
      3. Бассейндiк келiсiмдердi дайындау су шаруашылығы баланстары, су объектiлерiн кешендi пайдалану мен қорғау схемалары, су объектiлерiн пайдалану, қалпына келтiру және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламалар, ғылыми және жобалық әзiрлемелер, даму болжамдары және өзге бағдарламалар негiзiнде жүзеге асырылады.
      4. Бассейндiк келiсiмдердiң мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыру үшiн жеке және заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шарттармен және тәртiппен, қаражаты су объектiлерiн қалпына келтiру мен қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруға арналған қорлар құруы мүмкін.
       Ескерту. 42-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       43-бап. Бассейндiк кеңес

      1. Бассейндiк кеңес бассейндiк келiсiм шеңберiнде құрылатын консультациялық-кеңесшi орган болып табылады.
      2. Тиiстi бассейндiк басқарманың басшысы басқаратын бассейндiк кеңес облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарының басшыларынан, мемлекеттiк органдардың аумақтық органдарының басшыларынан және су пайдаланушылардың өкiлдерiнен тұрады. Бассейндiк кеңестiң құрамына қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi де кiруi мүмкiн. Бассейндiк кеңестiң әзiрлiк жұмысын ұйымдастыру бассейндiк басқармаға жүктеледi.
      3. Бассейндiк кеңес су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы көкейкестi мәселелердi қарайды, бассейндiк келiсiмге қатысушылар үшiн ұсыныстар мен ұсынымдар енгізеді.
       Ескерту. 43-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  8-тарау. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік жоспарлау

       44-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы
                мемлекеттiк жоспарлаудың мiндеттерi

      1. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк жоспарлаудың мiндеттерi:
      халықтың ауыз су мен тұрмыстық қажеттерiнiң бiрiншi кезекте қанағаттандырылуын ескере отырып, су пайдаланушылардың арасында суларды ғылыми негiзделген түрде бөлудi қамтамасыз ету;
      сулардың қорғалуын және олардың зиянды әсерiнiң алдын алуды қамтамасыз ету болып табылады.
      2. Су қорын пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк жоспарлау үшiн су шаруашылығы баланстары, суларды кешендi пайдалану мен қорғау схемалары жасалады, сондай-ақ өндiргiш күштердi және экономика салаларын дамыту мен орналастыру схемаларының құрамында су ресурстарын пайдалану мен қорғау болжамы әзiрленедi.

       45-бап. Су шаруашылығы баланстары

      1. Су шаруашылығы баланстары су объектiлерiнiң бассейндерi, экономикалық аудандар және тұтас республика бойынша су ресурстарының болуын және оларды пайдалану мүмкiндiгiн бағалауға арналған.
      2. Негiзгi өзендердiң бассейндерiне арналған және тұтас республика бойынша су шаруашылығы баланстары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен әзiрленедi.
      3. Су шаруашылығы баланстарын әзiрлеуге байланысты шығындар бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. <*>
       Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       46-бап. Су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғау
                схемалары

      1. Cу ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғау схемалары су ресурстарын ықпалдасып басқару мәселелерi бойынша шешiмдер қабылдау мақсатында әзiрленедi.
      2. Су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғау схемаларын су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мүдделi мемлекеттiк органдардың қатысуымен ғылыми және мамандандырылған жобалау ұйымдарын тарта отырып әзiрлейдi.
      3. Кешендi схемаларда көзделетiн iс-шаралар:
      1) өндiрiс технологиясын жетiлдiру негiзiнде су ресурстарын ұтымды әрi үнемдi пайдалануға;
      2) суы аз және сусыз процестердi қолдануға;
      3) суару жүйелерiнде және сумен жабдықтау жүйелерiнде су ресурстарының қайтарымсыз ысырабын азайтуға;
      4) су ресурстарын реттеу, өзен ағындысын бассейнаралық қайта бөлу, тазартылмаған ағынды сулар ағызу көлемiн азайту есебiнен жергiлiктi су ресурстарын мүмкiндiгiнше барынша пайдалануға;
      5) қалаларды, елдi мекендердi, ауыл шаруашылығы алқаптары мен басқа да объектiлердi су басуының және топан су басуының алдын алуға бағытталуға тиiс.
      4. Су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғау схемалары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен әзiрленедi және бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады. <*>
       Ескерту. 46-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       47-бап. Өндiргiш күштердi және экономика салаларын
                дамыту мен орналастыру схемаларының құрамында
                су ресурстарын пайдалану мен қорғау болжамы

      1. Өндiргiш күштердi және экономика салаларын дамыту мен орналастыру схемалары құрамында су объектiлерiне экологиялық жағынан жол берiлетiн деңгейде су ресурстарын пайдалану мен қорғау болжамы әзiрленедi.
      2. Су ресурстарын өндiргiш күштер мен экономика салаларын дамыту мен орналастыру схемаларының құрамында пайдалану және қорғау болжамын орталық атқарушы органдар әзiрлейдi. <*>
      3. Орталық атқарушы органдар әзiрлеген өндiргiш күштердi және экономика салаларын дамыту мен орналастыру схемаларының құрамында су ресурстарын пайдалану және қорғау болжамдары су ресурстарын пайдаланудың жол берiлетiн деңгейi нысанасында су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органда келiсуден өтедi.
       Ескерту. 47-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.       

  9-тарау. Су қорын пайдалану мен қорғау
саласындағы бақылау мен сараптама

       48-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы
                бақылаудың мiндеттерi мен түрлерi

      1. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы бақылаудың мiндеттерi:
      шаруашылық және өзге де қызметтiң әсерiнен сулардың жай-күйi мен өзгеруiн қадағалау;
      су қорғау iс-шараларының орындалуын тексеру болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасында су қорын пайдалану мен қорғау саласында мемлекеттiк, өндiрiстiк және қоғамдық бақылау жүзеге асырылады.
      3. Уәкiлеттi органның мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру кезiндегi басты мiндеттерi:
      1) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын барлық министрлiктермен, агенттiктермен, ведомстволармен өзара iс-қимыл жасауды және қызметiн үйлестiрудi;
      2) шаруашылық және өзге де қызметтiң әсерiнен судың жай-күйiн және өзгеруiн қадағалауды, сондай-ақ су қорғау iс-шараларының орындалуын тексерудi;
      3) су қорын пайдалану мен оны есепке алудың белгiленген тәртiбiн;
      4) суларды қорғау жөнiндегi мiндеттердiң орындалуын;
      5) су объектiлерiне зиянды әсер етудiң алдын алуды және жоюды;
      6) барлық жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы су заңнамасының талаптарын сақтауын бақылауды қамтамасыз ету болып табылады.
      4. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау мынадай түрлерге бөлiнедi:
      1) су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану ережелерiнiң, олардың жұмысының белгiленген режимiнiң сақталуын бақылау;
      2) су пайдаланушылар мен кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының су заңнамасын, трансшекаралық суларды пайдалану мен қорғауды регламенттейтiн Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарды сақтауын инспекторлық тексеру.
      Тексерудiң түрлерi:
      жоспарлы тексеру - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген кезеңдiлiкке сәйкес жүргiзiлетiн, бақылаушы орган алдын ала жоспарлаған тексеру;
      жоспардан тыс тексеру - жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылуы туралы өтiнiштерде және өзге де ақпаратта жазылған фактiлер бойынша жеке адамдардың өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға, қоғамдық тәртiпке, ұлттық қауiпсiздiкке төнген қауiп-қатердi дереу жоюды талап ететiн қалыптасқан әлеуметтiк-экономикалық жағдайға, Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзушылық белгiлерiнiң тiкелей анықталуына байланысты, сондай-ақ жоспарлы тексеру нәтижесiнде анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуын бақылау мақсатында тағайындалатын тексеру;
      кешендi тексеру - уәкiлеттi орган су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдармен бiрлесiп жүргiзетiн тексеру;
      қарсы тексеру - тексеру жүргiзу кезiнде бақылаушы органдарда үшiншi тұлғаларға байланысты қосымша ақпарат алу қажеттiгi туындаған жағдайда осы тұлғаларға қатысты жүргiзiлетiн тексеру.
       Ескерту. 48-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       49-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы
                мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдар

      1. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды өз құзыретi шегiнде мыналар жүзеге асырады:
      1) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган;
      2) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы;
      3) жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi орган;
      4) өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
      5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган;
      6) ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
      7) фитосанитарлық қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      8) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары. <*>
      2. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру жөнiндегi мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiредi.
      3. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган және оның бассейндiк су шаруашылығы басқармасы:
      1) су қорғау аймақтары мен белдеулерi шекараларын, олардағы және ерекше қорғалатын су объектiлерiндегi шаруашылық қызметiнiң белгiленген режимiнiң сақталуын;
      2) трансшекаралық сулар туралы халықаралық келiсiмдердiң шарттары мен талаптарының орындалуын;
      3) су объектiлерi бойынша су пайдаланудың және су бөлудiң белгiленген нормалары мен ережелерiнiң, лимиттерiнiң, сондай-ақ су пайдалану режимiнiң сақталуын;
      4) су тарту құрылыстарын, су шаруашылық жүйелерiн және су қоймаларын пайдалану ережелерiнiң сақталуын;
      5) су объектiлерiнен алынатын су мен оларға ағызылатын су мөлшерiне бастапқы есеп жүргiзудiң, су сапасын айқындаудың дұрыстығын, суды пайдалану мен ағызуды есепке алуға арналған жабдықтар мен аппаратуралардың болуын, жарамды жай-күйiн және мемлекеттiк аттестаттау мерзiмдерiнiң сақталуын, су пайдаланушылардың белгiленген есептiлiк мерзiмдерiн сақтауын;
      6) жеке және заңды тұлғалардың арнайы су пайдалануға берiлген лицензияларды және рұқсаттарда белгiленген шарттар мен талаптарды, сондай-ақ судың зиянды әсерiне (топан су, су басу, су алу, жағалауларды бұзу және басқа да зиянды құбылыстар) қарсы күрес жөнiндегi iс-шараларды орындауын;
      7) су объектiлерiн оқшау және бiрлесiп пайдалануға берудiң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiбiнiң сақталуын;
      8) су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингiн жүргiзудiң және су объектiлерiн пайдалану мен қорғау бөлiгiнде жер бетi және жер асты суларын мемлекеттiк есепке алуды жүзеге асырудың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiбiнiң сақталуын;
      9) белгiленген тәртiппен бекiтiлген құжаттаманың болуын және оның экономика салаларының объектiлерiн салуға, жаңғыртуға, техникалық жағынан қайта жарақтандыруға су объектiлерiн, су қорғау аймақтары мен белдеулерiн пайдалану мен қорғауға байланысты өзге де қызметiне сай келуiн;
      10) су объектiлерiн өз бетiмен пайдалануға, су қорғау аймақтары мен су объектiлерi белдеулерiнiң аумақтарында өз бетiмен құрылыс салуға жол берiлмеуiн;
      11) суды ұтымды пайдалану мен қорғау саласындағы ғылым мен техника жетiстiктерiнiң және озық тәжiрибенiң, су тұтынудың үлесiн азайту жөнiндегi iс-шаралардың кәсiпорындарда, мекемелер мен ұйымдарда енгiзiлуiн бақылауды жүзеге асырады.
      Қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсiп қауiпсiздiгi, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, ветеринария саласындағы уәкiлеттi органдар, карантиндiк бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi орган және жергiлiктi атқарушы органдар:
      1) өз құзыретiне сәйкес су қорын пайдалану мен қорғау саласында мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      2) су қорының сапалық және сандық жай-күйiнiң өзгеруiн тексерудi және сараптама жүргiзудi ұйымдастырады;
      3) су заңнамасының бұзылуын жою шараларын қабылдайды;
      4) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мәселелерге қатысты нормативтiк құқықтық құжаттар дайындауға қатысады;
      5) су объектiлерiне белгiленген талаптарды бұза отырып жүргiзiлген ағынды су ағызуды тоқтата тұру және оған тыйым салу туралы, сондай-ақ су объектiлерiнiң жай-күйiне терiс әсер ететiн жекелеген өндiрiс объектiлерiнiң, цехтар мен кәсiпорындардың қызметiне тыйым салу туралы белгiленген тәртiппен ұсыныстар енгiзедi.
       Ескерту. 49-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       49-1-бап. Су қорын пайдалану және қорғау саласында
                мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырудың және
                жүргiзудiң тәртiбi

       1. Су қорын пайдалану мен қорғау саласында мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың қызметiн ұйымдастыру, жоспарлау, өзара iс-қимыл жасау және үйлестiру мақсатында осы Кодекстiң 49-бабында аталған мемлекеттiк органдардың аумақтық органдары тиiстi бассейннiң су шаруашылық басқармаларымен бiрлесiп, жыл сайын, жоспарланатын жыл алдындағы жылдың 15 желтоқсанынан бастап жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының су заңнамасын сақтауы бойынша тексерулер жүргiзудiң жылдық жоспарларын әзiрлейдi. Қажет болған кезде тексеру жүргiзудiң жоспарлары түзетiледi.
      Бiр жылға арналған тексерулердiң келiсiлген жоспарлары жоғары тұрған мемлекеттiк органдарға жоспарланған жылдың 15 қаңтарына дейiн бекiтуге берiледi.
      Бiр жылға арнап бекiтiлген тексерулердiң келiсiлген жоспары жоспарлы тексерулердi жүргiзуге негіз болып табылады.
      2. Су қорғау iс-шараларын әзiрлеу және сақтау мәселелерi бойынша жеке және заңды тұлғалармен өзара iс-қимыл жасасуды ұйымдастыру мақсатында уәкiлеттi орган:
      1) оларды бассейндiк кеңестердiң жұмысына қатысуға тартады;
      2) бассейндiк кеңестердiң мәжiлiстерiнде су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы өзектi мәселелердi қарайды.
      Мемлекеттiк бақылау су объектiлерiн пайдалануға, су қорының мемлекеттiк кадастры мен мониторингiн жүргiзуге байланысты схемалар мен жобаларды дайындау кезiнде де жүзеге асырылады.
      3. Бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бiрлескен кешендi тексерулердi жоспарлауы мүмкiн.
      4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiмен белгiленбеген тексерулердiң өзге де түрлерiн жүргiзуге тыйым салынады.
      5. Тексеру бақылаушы орган шығаратын тексеру тағайындау туралы актiнiң негiзiнде жүргiзiледi.
      Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн тексерудiң алдында уәкiлеттi орган шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiне тексеру тағайындау туралы актi шығарады.
      6. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiне тексерудi тағайындау туралы актiнi тексеру жүргiзушi лауазымды адам дара кәсiпкерге, заңды тұлғаның (филиалының немесе өкiлдiгiнiң) басшысына немесе өзге де лауазымды адамына, қызметтiк куәлiктi көрсете отырып табыс етедi.
      Тексерудi су заңнамасының сақталуына тексерудi тағайындау туралы актiде көрсетiлген лауазымды адамдар (тұлғалар) ғана жүргiзедi.
      Қазақстан Республикасының су заңнамасының сақталуына тексеру тағайындау туралы бiр актiнiң негiзiнде тек бiр ғана тексеру жүргiзуге болады.
      7. Жеке және заңды тұлғаларды тексерудi уәкiлеттi орган мiндеттi түрде Қазақстан Республикасының су заңнамасының сақталуын тексеру актiсiн жасай отырып жүргiзедi.
      Тексеру актiсi тексерiлетiн кәсiпкерлiк субъектiсi өкiлiнiң қатысуымен жасалуға тиiс.
      Тексеру актiсiнiң кiрiспесiнде тексерiлетiн объектiнiң негiзгi сипаттамалары, шаруашылық қызметiнiң түрi, рұқсат, нормалау және өзге де құжаттарының болуы, бөлiнген лимиттер көлемi, алынған судың және ағызылған ағынды судың көлемi, су қорғау iс-шараларының бар болуы және олардың орындалу барысы, айналымдық және қайталап сумен жабдықтау жүйесiнiң болуы мен оның көлемi және басқа да қажеттi мәлiметтер көрсетiлуге тиiс.
      Жоғарыда атап көрсетiлген деректер жазылғаннан кейiн тексеру актiсiнде анықталған Қазақстан Республикасының су заңнамасын бұзушылықтар тиiстi нормативтiк құқықтық актiлердiң баптарына сiлтеме жасала отырып көрсетiледi.
      Ескерту. 49-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

         49-2-бап. Қазақстан Республикасының су заңнамасын
                бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау

       1. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру кезiнде уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының су заңнамасын бұзудың алдын алу, анықтау мен жою және кiнәлiлердi жауапкершiлiкке тарту шараларын қабылдайды.
      Тексеру барысында Қазақстан Республикасының су заңнамасын бұзушылық анықталған жағдайда, тексеру актiсiнiң негiзiнде мемлекеттiк инспектор (оған берiлген құқықтар шегiнде) бұзушылықтың ауырлығына қарай бұзушыға бiр немесе бiр уақытта бiрнеше ықпал ету шараларын қолдану туралы шешiм қабылдайды:
      1) су ресурстарын пайдалану және оларды қорғау ережелерiнiң анықталған бұзушылықтарын жою жөнiнде нұсқама шығарады;
      2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасайды;
      3) әкiмшiлiк жазаға тарту туралы қаулы шығарады;
      4) кiнәлi тұлғаларға Қазақстан Республикасының су заңнамасын бұзудан келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптар қояды;
      5) Қазақстан Республикасының су заңнамасын бұзғаны үшiн қылмыстық жауапкершiлiкке тарту туралы мәселенi шешу үшiн құқық қорғау органдарына тиiстi материалдарды жiбередi.
      Ескерту. 49-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

         49-3-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласында
                мемлекеттiк бақылаудың мерзiмдерi мен
                кезеңдiлiгi

       Тексерудiң ұзақтығы күнтiзбелiк отыз күннен аспауға тиiс. Арнайы зерттеулер (сынақтар), тексерудiң көлемдiлiгiне, сараптамалар жүргiзу қажеттiгiне байланысты ерекше жағдайларда уәкiлеттi органның басшысы немесе оны ауыстыратын адам тексеру жүргiзудiң мерзiмдерiн ұзартуы мүмкiн, бiрақ ол бiр айдан аспауға тиiс.
      Құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметтi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын уәкiлеттi орган хабардар етiле отырып, тексерудi тоқтата тұру туралы акт шығару арқылы тексеру белгiлi бiр уақыт кезеңiне не белгiсiз уақытқа тоқтатыла тұруы мүмкiн. Белгiсiз уақытқа уақытша тоқтатылған тексерудi уәкiлеттi орган құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметтi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын уәкiлеттi органды хабардар ете отырып, тексерудi қайта бастау туралы акт шығару арқылы қайта бастайды. Тексеру жүргiзудiң мерзiмiн есептеу оны қайта бастаған күннен бастап жалғастырылады.
       Ескерту. 49-3-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       50-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы
                мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды
                адамдар

      1. Осы Кодекске сәйкес су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыруға уәкiлеттi лауазымды адамдар мыналар болып табылады:
      Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы және оның орынбасары, Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi аға мемлекеттiк инспекторлары және Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары;
      тиiстi бассейннiң су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлар және олардың орынбасарлары, тиiстi бассейн басқармасының су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi аға мемлекеттiк инспекторлары және тиiстi бассейн басқармасының су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары.
      2. Осы баптың 1-тармағында аталған лауазымды адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның басшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      3. Осы баптың 1-тармағында аталған лауазымды адамдар cу қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру  үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен белгiленген үлгiдегi тиiстi қызметтiк куәлiкпен, омырауға тағатын белгімен, техникалық құралдармен қамтамасыз етiледi.

       51-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы
                мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын
                лауазымды адамдардың құқықтары  

      1. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
      1) мемлекеттiк органдарға, жеке, лауазымды және заңды тұлғаларға олар үшiн Қазақстан Республикасы су заңдары нормаларының орындалуы мiндеттi талаптар қоюға, су қорын ұтымды пайдалану мен қорғау, Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген көлемдерде, коллекторлық-сорғыту және ағынды суларды ағызудың жол берiлетiн шектi нормаларын сақтау жөнiнде тиiстi шаралар жүргiзуге және су ресурстары мен ағынды сулардың сапасын зертханалық бақылауды ұйымдастыруға;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен арнайы су пайдалану қызметiнiң түрлерiне лицензияның немесе рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұру және оларды қайтарып алу туралы ұсыныстар енгiзуге;
      3) нұсқамалар негiзiнде қызметтiк куәлiгiн көрсете отырып ұйымдарға және өзге де объектiлерге баруға, су ресурстарын пайдаланудың жай-күйiн тексерудi жүзеге асыруға, су ресурстарын пайдалану мен оларды қорғау ережелерiнiң анықталған заң бұзушылықтарын жою туралы орындалуы мiндеттi нұсқамалар беруге құқығы бар. Су объектiлерiнде өз бетiмен су алу, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауы кезiнде су пайдаланушылардың шаруашылық қызметiн тоқтата тұру туралы ұсыныстар енгiзуге;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жеке, лауазымды және заңды тұлғалардан су ресурстарын пайдалану мен қорғаудың жай-күйiн анықтауға қажеттi мәлiметтердi, соның iшiнде зертханалық талдау деректерiн алуға;
      5) Қазақстан Республикасының су заңдары саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға;
      6) су объектiлерiне белгiленген талаптарды бұза отырып жүргiзiлген ағынды су ағызуды шектеу, тоқтата тұру және оған тыйым салу туралы, сондай-ақ су объектiлерiнiң жай-күйiне терiс әсер ететiн жекелеген өндiрiс объектiлерiнiң, цехтар мен кәсiпорындардың қызметiн тоқтату жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
      7) лауазымды адамдарға, ұйымдардың басшыларына су объектiлерiн пайдалану мен қорғаудың белгiленген нормалары мен ережелерiн бұзуға жол берген адамдарды жауапкершiлiкке тарту туралы ұсыныс енгiзуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кiнәлi адамдарды жауапкершiлiкке тарту туралы мәселенi шешу үшiн қажет болған жағдайда материалдарды құқық қорғау органдарына беруге;
      7-1) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы қатынастарды регламенттейтiн заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеу жөнiнде ұсыныстар енгiзуге құқығы бар.
      8)  алып тасталды
      2. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың өз өкiлеттiгi шегiнде қабылдаған шешiмдерiн барлық жеке және заңды тұлғалар орындауға мiндеттi және оған жоғары тұрған мемлекеттiк органға және (немесе) лауазымды адамға немесе сотқа шағымдануға болады.
       Ескерту. 51-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       52-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы
                мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын
                лауазымды адамдардың мiндеттерi

      Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
      1) Қазақстан Республикасының су заңдары талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асыруға;
      2) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асыру кезiнде жеке және заңды тұлғалармен өзара iс-қимыл жасауға;
      3) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылу фактiлерi туралы өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк органдарды хабардар етуге;
      4) су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеу кезiнде жеке және заңды тұлғаларға жәрдем көрсетуге мiндеттi. 
      5) <*>
       Ескерту. 52-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       53-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау
                саласындағы өндiрiстiк бақылау

      1. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы өндiрiстiк бақылау Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен келiсiм бойынша су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган, өнеркәсiп қауiпсiздiгі саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтетiн ережелердiң негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы өндiрiстiк бақылауды меншiк құқығында немесе өзге де заттық құқығында су объектiлерiн ластайтын көздерi бар жеке және заңды тұлғалар қамтамасыз етедi.
      3. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы өндiрiстiк бақылауды стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган аттестаттаған зертханалар жүзеге асырады.
       Ескерту. 53-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       54-бап. Су қорын пайдалану және қорғау
                саласындағы мемлекеттiк сараптама

      1. Су қорын пайдалану және қорғау саласында мемлекеттiк сараптаманың мынадай түрлерi жүзеге асырылады:
      1) су объектiсiнiң жай-күйiне әсер ететiн қызметке мемлекеттiк сараптама;
      2) су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн шаруашылық және басқа да объектiлердi салуға және қайта жаңғыртуға, пайдалануға, консервациялауға және таратуға арналған жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасына мемлекеттiк сараптама;
      3) жер асты суларының қорларына және жер асты су объектiлерi туралы геологиялық ақпаратқа мемлекеттiк сараптама;
      4) су шаруашылығы және өнеркәсiптiк гидротехникалық құрылыстардың төтенше жағдайлардың талаптарына сәйкестiгiне мемлекеттiк сараптама;
      5) мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық сараптамалар.
      2. Су объектiсiнiң жай-күйiне әсер ететiн қызметке мемлекеттiк сараптама осы қызметтiң қоршаған ортаға әсерiн және қабылданатын басқару және шаруашылық шешiмдерiн бағалау үшiн жүзеге асырылады. Су объектiсiнiң жай-күйiне әсер ететiн қызметке мемлекеттiк сараптама мiндеттi болып табылады.
      3. Су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн шаруашылық және басқа да объектiлердi салуға және қайта жаңғыртуға, пайдалануға, консервациялауға және таратуға арналған жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасына мемлекеттiк сараптама оның сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен бастапқы деректерге, нормативтiк құжаттардың техникалық шарттары мен талаптарына сәйкестiгiн тексеру мақсатымен жүзеге асырылады.
      4. Жер асты су қорларына және жер асты су объектiлерi туралы геологиялық ақпаратқа мемлекеттiк сараптаманы жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      5. Су шаруашылығы объектiлерi мен өнеркәсiптiк гидротехникалық құрылыстардың төтенше жағдайлар талаптарына сәйкестiгiне мемлекеттiк сараптаманы өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган және Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органы жүзеге асырады.
      6. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық сараптамаларды тиiсiнше халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы жүзеге асырады.
      7. Мемлекеттiк сараптаманы жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.

  10-тарау. Суды ұтымды пайдалануды, қорғауды және оның жай-күйін жақсартуды қамтамасыз ететін талаптар

       55-бап. Су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарын
                пайдалану кезiндегi табиғат қорғау талаптары

      1. Су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындар мен басқа да құрылыстарды орналастыру қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын қорғау, санитарлық-эпидемиологиялық, өнеркәсiп қауiпсiздiгi, су ресурстарын ұдайы молайту және ұтымды пайдалану шарттары мен ережелерi сақтала отырып, сондай-ақ аталған объектiлер қызметiнiң экологиялық салдары ескерiле отырып жүргiзiледi.
      2. Су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындар мен басқа да құрылыстарды салу, қайта жаңғырту, пайдалану, консервациялау, тарату Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының, жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органның, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органның және өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi органның оң қорытындысы болған жағдайда жүзеге асырылады.
      3. Құрылыс жұмыстарын орындау кезiнде жерлердi қайта өңдеу, су ресурстарын ұдайы молайту мен ұтымды пайдалану, аумақтарды абаттандыру және қоршаған ортаны сауықтыру жөнiнде шаралар қолданылады.

       56-бап. Су объектiлерiне ластаушы заттардың
                ағызылуын азайту жөнiндегi талаптар

      1. Cу ресурстарын пайдалану мен қорғау ластаушы заттарды ағызылу нүктелерiнде нормалауға тиiстi бассейн, ағын су немесе учаске шегiнде барлық ұйымдардың су шаруашылығы қызметiн жинақтап нормалауға негiзделедi.
      2. Ағызылатын суды тазарту дәрежесiне және сапасына қойылатын талаптар су объектiсiн ықтимал мақсатты пайдалану бағыттары бойынша айқындалып, есептеулермен негiзделедi және онда су объектiсiнiң нақты жай-күйi, техникалық және экономикалық мүмкiндiгi, жоспарланатын көрсеткiштерге қол жеткiзу мерзiмдерi ескерiлуге тиiс.
      3. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен бiрлесе отырып, су объектiсiнiң әрбiр бассейнi үшiн судың жай-күйi мен сапа өлшемдерiнiң мақсатты көрсеткiштерiн әзiрлеуге мiндеттi.
      4. Бассейн iшiндегi су объектiлерi жай-күйiнiң мақсатты көрсеткiштерiне кезеңдеп көшу мерзiмдерiн бассейндiк басқармалар мен жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық органдары және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен және жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесе отырып бекiткен әдiстеменiң негiзiнде белгiлейдi.

       57-бап. Экономика салалары және қоршаған ортаны
                қорғау талаптарын қамтамасыз ету үшiн
                кешендi су жiберудi негiздеу

      1. Кешендi су жiберу санитарлық-эпидемиологиялық және табиғат қорғау талаптарын қамтамасыз ету жағдайларын негiзге алып, сондай-ақ экономика салаларының қажеттерi ескерiле отырып белгiленедi.
      2. Табиғат қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық су жiберу басым бағыт болып табылады.
      3. Табиғат қорғау су жiберуi су объектiсiнiң табиғи жағдайының сақталуын қамтамасыз етуге тиiс. Ең төменгi шығысты сақтаудан басқа, табиғат қорғау су жiберуi су жайылуы мен су тасуы кезiнде су объектiлерiнiң кезеңдiк шайылуын қамтамасыз етуге тиiс.
      4. Табиғат қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық су жiберудiң көлемiн су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган су объектiлерi бассейндерi бойынша белгiлейдi.
      5. Авариялық су жiберу су тасыған және су жайылған кезде су объектiсiндегi судың қалыпты деңгейде ұсталуын және су объектiлерi арналарының шайылуын қамтамасыз етуге тиiс.

  11-тарау. Жер үсті және жер асты суларын мемлекеттік
есепке алу, мемлекеттік су кадастры, су объектілерінің мемлекеттік мониторингі. Су қорын ұтымды пайдалану мен қорғауды ғылыми және инновациялық-ақпараттық
қамтамасыз ету

       58-бап. Жер үстi және жер асты суларын мемлекеттiк
                есепке алу

      1. Жер үстi және жер асты суларын мемлекеттiк есепке алу Қазақстан Республикасының аумағындағы су ресурстарының сандық және сапалық көрсеткiштерiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүйелi түрде анықтау және тiркеу болып табылады.
      2. Жер үстi және жер асты суларын мемлекеттiк есепке алу деректерi жер үстi және жер асты су объектiлерiнiң сапалық және сандық көрсеткiштерi бойынша, олардың адам өмiрi мен денсаулығы үшiн өнеркәсiптiк және экологиялық қауiпсiздiк дәрежесi, зерттелуi мен пайдаланылуы бойынша жай-күйiн сипаттайды.
      3. Жер үстi және жер асты суларын мемлекеттiк есепке алуды су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп су пайдаланушылар мен гидрометеорологиялық қызмет ұсынатын жер үстi және жер асты суларын пайдалану есебiнiң деректерi негiзiнде жүзеге асырады.

       59-бап. Мемлекеттiк су кадастры

      1. Мемлекеттiк су кадастры су объектiлерiнiң жай-күйiмен пайдаланылуы туралы, олардың су ресурстары туралы, су пайдаланушылар туралы жүйелендiрiлген ресми деректер жиынтығы болып табылады.
      2. Мемлекеттiк су кадастры бiрыңғай жүйе бойынша жүргiзiледi және суларды мемлекеттiк есепке алу деректерiне негiзделедi.
      3. Мемлекеттiк су кадастрына енгiзiлген су объектiсiнiң паспорты болады, онда тiркеу нөмiрi, атауы және физикалық-географиялық, геологиялық-гидрологиялық, техникалық, құқықтық және экономикалық көрсеткiштерi қамтылатын кешендi сипаттамасы көрсетiледi.
      4. Мемлекеттiк су кадастрын жүргiзудi су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен және гидрометеорологиялық қызметтермен бiрлесiп жүзеге асырады.
      5. Су пайдаланушылар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органға және жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органға мемлекеттiк су кадастрына енгiзiлуге тиiс қажеттi деректердiң бәрiн ұсынуға мiндеттi.
      6. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мемлекеттiк су кадастрында қамтылған ақпаратқа мүдделi жеке және заңды тұлғалардың қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.

       60-бап. Су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингi

      1. Су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингi қоршаған ортаның және табиғи ресурстардың мемлекеттiк мониторингi жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болып табылады.
      2. Су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингi олардың жай-күйiне гидрологиялық, гидрогеологиялық, гидрогеохимиялық, санитарлық-химиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, радиологиялық және токсикологиялық көрсеткiштердi тұрақты қадағалау, жағымсыз процестердi уақтылы анықтау, олардың дамуын бағалау мен болжау мақсатында алынған ақпаратты жинау, өңдеу және беру, жүзеге асырылатын су шаруашылығы iс-шараларының зиянды зардаптарын болғызбау және тиiмдiлiк дәрежесiн айқындау жөнiнде ұсынымдар әзiрлеу жүйесi болып табылады.
      3. Су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингiн су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп әзiрленген әдiстеме бойынша бiрлесiп жүзеге асырады.

       61-бап. Су қорын ұтымды пайдалану мен қорғауды ғылыми
                және инновациялық-ақпараттық қамтамасыз ету

      1. Су қорын ұтымды пайдалану мен қорғауды ғылыми қамтамасыз ету мiндеттерi мыналар болып табылады:
      1) су ресурстарын кешендi және ұтымды пайдалануды негiздеу;
      2) су шаруашылығы кешенiн дамытуды бағалау мен болжау;
      3) су үнемдеудiң ғылыми-әдiстемелiк және технологиялық негiздерiн әзiрлеу;
      4) су шаруашылығы жүйесiнiң нормативтiк құқықтық базасын әзiрлеу;
      5) басқару шешiмдерiн қабылдау үшiн ұсынымдар әзiрлеу.
      2. <*>
      3. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы инновациялық қызмет Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес iске асырылады және:
      1) ұйымдастыру жағдайларын қалыптастырумен;
      2) жалпы ұлттық сипаты бар инновациялық су шаруашылығы мен су қорғау бағдарламалары үшiн тiкелей мемлекеттiк инвестициялар бөлу арқылы мемлекеттiк қолдаумен қамтамасыз етiледi.
      4. Су ресурстарын кешендi және ұтымды пайдалану мен қорғауды ұзақ мерзiмдi және орташа мерзiмдi жоспарлау, су шаруашылығы ұйымдары мен су пайдаланушыларды ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп су ресурстарын пайдаланудың республикалық ақпараттық-талдау жүйесiн құруы мүмкiн.
      5. Деректер қорын қалыптастыру үшiн су пайдаланушы жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бекiтiлген нысандар бойынша қажеттi мәлiметтер бередi.
      6. <*>
       Ескерту. 61-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  12-тарау. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы
жеке тұлғалардың құқықтары мен міндеттері және
қоғамдық бірлестіктердің қызметі

       62-бап. Жеке тұлғалардың су қорын пайдалану мен қорғау
                саласындағы құқықтары мен мiндеттерi

      1. Жеке тұлғалардың:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен су объектiлерiн пайдалануға, оларды қорғау мен ұдайы молайту жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға;
      2) су объектiлерiн пайдалану мен қорғау мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға сауалдармен, шағымдармен, өтiнiштермен және ұсыныстармен жүгiнуге;
      3) су қорын пайдалану мен қорғау саласында қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзу туралы ұсыныстар енгiзуге және оған қатысуға;
      4) әкiмшiлiк немесе сот тәртiбiмен су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы талаптарға сай келмейтiн кәсiпорындарды және басқа да құрылыстарды орналастыру, салу, қайта жаңғырту және пайдалануға беру туралы, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың су объектiлерiне терiс әсер ететiн шаруашылық және өзге қызметiн шектеу мен тоқтату туралы шешiмдердiң күшiн жоюды талап етуге;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы өзге де құқықтарды iске асыруға құқықтары бар.
      2. Жеке тұлғалар су қорын пайдалану мен қорғау, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласында Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға мiндеттi.

       63-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң су қорын пайдалану
                мен қорғау саласындағы қызметi

      1. Қоғамдық бiрлестiктердiң су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы қызметi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен олардың жарғыларына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi бассейндiк кеңестердiң жұмысына қатыса алады.
      3. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы қоғамдық бақылауды қоғамдық бiрлестiктер өз бастамасы бойынша жүргiзе алады.
      4. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы қоғамдық бақылауды жүргiзу тәртiбiн қоғамдық бiрлестiктер өздерiнiң жарғыларына сәйкес су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк органдармен келiсе отырып айқындайды.

  4-Бөлім. Су пайдалану

  13-тарау. Су пайдалану құқығы

       64-бап. Су пайдалану түрлерi, су пайдалану
                құқығының туындауы

      1. Су пайдалану ортақ, арнайы, оқшау, бiрлескен, бастапқы, қайталама, тұрақты және уақытша болып бөлiнедi.
      2. Ортақ су пайдалану құқығы азамат үшiн ол туған кезден бастап туындайды және қандай жағдайда болмасын оны одан айыруға болмайды.
      3. Арнайы су пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен берiлген лицензия немесе рұқсат алынған кезден бастап туындайды.

       65-бап. Ортақ су пайдалану

      1. Ортақ су пайдалану халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшiн су объектiлерi жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмей және судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.
      2. Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшiн арнайы рұқсат талап етiлмейдi.
      3. Экологиялық, техникалық және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгi мақсатында ортақ су пайдалану шектелуi немесе оған тыйым салынуы мүмкiн.
      4. Ортақ су пайдалану шарттары мен ережелерiн облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлейдi. <*>
       Ескерту. 65-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       66-бап. Арнайы су пайдалану

      1. Халықтың ауыз су және коммуналдық-тұрмыстық қажеттерiн, ауыл шаруашылығының, өнеркәсiптiң, энергетиканың, балық шаруашылығының және көлiктiң суға деген қажеттерiн қанағаттандыру үшiн, сондай-ақ өнеркәсiптiк, коммуналдық-тұрмыстық, сорғыту және басқа да ағынды суларды жер үстi су объектiлерiне ағызу үшiн құрылыстарды немесе техникалық құрылғыларды су объектiсiнен алып немесе алмай қолдана отырып су объектiсiнен жер үстi және жер асты су ресурстарын тiкелей пайдалану арнайы су пайдалануға жатады. <*>
      2. Жеке және заңды тұлғалардың арнайы су пайдалану құқығы лицензияда немесе рұқсатта белгiленген мақсаттар үшiн ғана пайдаланылады және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзбауға және қоршаған ортаға зиян келтiрмеуге тиiс.
      3. Осы баптың 4 және 5-тармақтарын қоспағанда, арнайы су пайдалануды жеке және заңды тұлғалар лицензияның негiзiнде жүзеге асырады.
      4. Өнеркәсiптiк, коммуналдық-тұрмыстық, сорғыту және басқа да ағынды суларды жер үстiндегi cу объектiлерiне ағызу рұқсаттың негiзiнде жүзеге асырылады.
      5. Жер қойнауы бөлiгiнен алу лимитi тәулiгiне елуден екi мың текше метрге дейiнгi шаруашылық-ауыз су және өндiрiстiк-техникалық жер асты суларын пайдалану Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган берген рұқсаттың негiзiнде жүзеге асырылады.
      6. Мынадай су тарту құрылыстарын: шахталы және тереңдiгi жиырма метрге дейiнгi құбырлы сүзгiлi құдықтар, сондай-ақ орталықтандырылған сумен жабдықтау үшiн пайдаланылмайтын су тұтқыш жиектiң бiрiншi беткейiнен барлық жағдайда деңгейiн мәжбүрлi төмендетпей тәулiгiне елу текше метрден аспайтын су алып жұмыс істейтiн шегендеу құрылыстарын пайдаланған кезде арнайы су пайдалануға лицензия және рұқсат талап етiлмейдi.
       Ескерту. 66-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       67-бап. Оқшау су пайдалану

      1. Су объектiлерiн немесе олардың бiр бөлiгiн бiр жеке немесе заңды тұлғаға пайдалануға берген кезде оқшау су пайдалану құқығы туындайды.
      2. Оқшау су пайдалануға берiлген су объектiлерiнде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлеген шарттармен ортақ су пайдалануға рұқсат етiледi. <*>
      3. Оқшау су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы, егер облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдарының шешiмдерiнде өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ортақ су пайдалану жағдайлары немесе оған тыйым салу туралы жариялауға мiндеттi. <*>
       Ескерту. 67-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       68-бап. Бiрлесiп су пайдалану

      1. Бiрлесiп су пайдалану құқығы су объектiлерiн немесе олардың бiр бөлiгiн бiрнеше жеке және (немесе) заңды тұлғаға пайдалануға берген кезде туындайды.
      2. Бiрлесiп су пайдалану кезiнде бiрiншi кезекте халықты ауыз сумен жабдықтаумен айналысатын су пайдаланушылардың мүдделерi, сондай-ақ су аяғында орналасқан су пайдаланушылардың мүдделерi қанағаттандырылады.
      3. Бiрлесiп су пайдалануға берiлген су объектiлерiнде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлеген жағдайлармен ортақ су пайдалануға рұқсат етiледi. <*>
      4. Бiрлесiп су пайдаланатын су пайдаланушылар, егер облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдарының шешiмдерiмен өзгеше белгiленбесе, ортақ су пайдалану жағдайлары немесе оған тыйым салу туралы жариялауға мiндеттi. <*>
       Ескерту. 68-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       69-бап. Бастапқы және қайталама су пайдалану

      1. Өз мұқтаждарын қанағаттандыру немесе оны қайталама су пайдаланушыларға жеткiзу үшiн тiкелей су объектiлерiнен су алуды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың су пайдалануы бастапқы су пайдалану болып табылады.
      2. Бастапқы су пайдаланушыдан шарт негiзiнде су алатын жеке және заңды тұлғалардың cу пайдалануы қайталама cу пайдалану болып табылады.
      3. Қайталама су пайдалануға арналған шартта су беру мақсаты және оны пайдаланудың негiзгi талаптары көрсетiлiп, бастапқы су пайдаланушы үшiн белгiленген лимит шегiнде қайталама су пайдаланушыға кесте бойынша су беруге кепiлдiк берiледi.
      4. Бастапқы және қайталама су пайдаланушылар Қазақстан Республикасының су заңдары талаптарының сақталуы үшiн екiжақты жауапкершiлiкте болады.

       70-бап. Су пайдалану мерзiмдерi

      1. Су объектiлерi тұрақты немесе уақытша су пайдалануға бepiледi.
      2. Мерзiмi белгiленбеген су пайдалану тұрақты деп танылады.
      3. Уақытша су пайдалану қысқа мерзiмдi - бес жылға дейiн және ұзақ мерзiмдi - бес жылдан қырық тоғыз жылға дейiн болуы мүмкiн.
      4. Қажет болған жағдайда су пайдалану мерзiмдерi ұзартылуы мүмкiн.
      5. Арнайы су пайдалану мерзiмдерi су объектiсiнiң ресурстық әлеуетi мен ағымдағы экологиялық жай-күйiне байланысты болады.
      6. Ортақ су пайдалану тұрақты болып табылады.

       71-бап. Су пайдаланушылардың құқықтары

      Су пайдаланушылардың:
      1) Қазақстан Республикасының су заңдарында көзделген шарттар мен талаптарды сақтай отырып, су объектiлерiн берiлген мақсаттарында пайдалануға;
      2) су объектiлерiн пайдаланудың өзiне тиесiлi құқығын өз қалауына қарай жүзеге асыруға, бұл орайда, басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылуына, су объектiлерi мен қоршаған ортаға зиян келтiруге жол бермеуге;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен cу қорының жерлерiн пайдалануға;
      4) су пайдаланушылардың бiрлестiктерiн, одақтарын (қауымдастықтарын) және басқа да коммерциялық емес ұйымдарын құруға;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен су шаруашылығы қызметiн жүзеге асыру үшiн су объектiлерiнiң жай-күйi туралы ақпарат алуға;
      6) берiлетiн судың сапасы мен мөлшерiн тексеруге;
      7) су пайдалануға өз құқықтарын қорғауға;
      8) белгiленген су беру лимитi мен режимiне сәйкес құқықтардың, соның iшiнде су алу құқықтарының бұзылуынан келтiрiлген зиянды өтеттiруге;
      9) Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану және қорғау саласындағы заңдарында көзделген басқа да құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

       72-бап. Су пайдаланушылардың мiндеттерi

      Су пайдаланушылар:
      1) су ресурстарын ұтымды пайдалануға, судың ысырабын қысқартуға шаралар қолдануға;
      2) су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарына ұқыпты қарауға, оларға зиян келтiрiлуiне жол бермеуге;
      3) белгiленген су пайдалану лимиттерi мен режимдерiн сақтауға;
      4) басқа су пайдаланушылар мен табиғат пайдаланушылардың құқықтары мен мүдделерiнiң бұзылуына жол бepмeугe;
      5) судың жай-күйiне әсер ететiн су шаруашылығы құрылыстары мен техникалық құрылғыларды ақаусыз күйiнде ұстауға, олардың пайдаланылу сапасын жақсартуға, су ресурстарын пайдалануды есепке алуға;
      6) су қорғау iс-шараларын жүзеге асыруға;
      7) арнайы су пайдалануға лицензияда және (немесе) рұқсатта белгiленген су пайдалану шарттарын, сондай-ақ бақылаушы органдардың нұсқамаларын белгiленген мерзiмде толық көлемiнде орындауға;
      8) белгiленген нормативтерден асатын зиянды заттардың ағызылуына жол бермеуге;
      9) су объектiсiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген нысан бойынша пайдалану туралы анық және толық ақпаратты мемлекеттiк органдарға уақтылы ұсынуға;
      10) су үнемдеушi технологияларды, суарудың озық техникасын, сумен жабдықтаудың айналымдық және қайталама жүйелерiн енгiзуге шаралар қолдануға;
      11) жер үстi және жер асты суларынан су жинау алаңының ластануына жол бермеуге;
      12) су объектiлерiнiң су қорғау аймақтарының аумағында шаруашылық және өзге де қызметтiң белгiленген режимiнiң сақталуын қамтамасыз етуге;
      13) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның және жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органның тиiстi негiздемесi мен шешiмiнсiз ауыз су сапасындағы суды өндiрiстiк және басқа мұқтаждарға пайдалануға жол бермеуге;
      14) су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарында өнеркәсiп қауiпсiздiгiнiң талабын сақтауға;
      15) су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарында жеке тұлғалардың қауіпсiздiгiн қамтамасыз етуге;
      16) барлық авариялық жағдайлар мен су пайдаланудың технологиялық режимiнiң бұзылуы туралы Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органының аумақтық органдарына және облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарына дереу хабарлауға, сондай-ақ су объектiлерiне зиян келтiрiлуiн болғызбау жөнiнде шаралар қолдануға; <*>
      17) су пайдаланғаны үшiн төлемдердiң уақтылы төленуiн жүзеге асыруға;
      18) Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы заңдарында көзделген басқа да мiндеттердi орындауға мiндеттi.
       Ескерту. 72-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       73-бап. Су пайдаланушылардың құқықтарын қорғау

      1. Су пайдалану құқығы заңмен қорғалады. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында аталған негiздерден өзгеше ешкiмдi де су пайдалану құқығынан айыруға болмайды.
      2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, су пайдаланушылардың су пайдалану құқығына қысым көрсетумен байланысты олардың қызметiне мемлекеттiк органдардың тарапынан араласуға тыйым салынады.

       74-бап. Су пайдалану құқығын шектеу

      1. Мемлекет қауiпсiздiгi мен қорғанысын, халықтың денсаулығын сақтауды, қоршаған ортаны, тарихи-мәдени мұраны, басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ су тапшылығы, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен су пайдалану құқығы шектелуi мүмкiн.
      2. Су пайдалану құқығын шектеу халықтың ауыз су және тұрмыстық мұқтаждары үшiн су ресурстарын пайдалану жағдайын нашарлатпауға тиiс.

       75-бап. Арнайы cу пайдалану құқығын тоқтату

      1. Арнайы су пайдалану құқығы:
      1) су пайдаланушы су пайдалану құқығынан бас тартқан;
      2) су пайдалану мерзiмi өтiп кеткен;
      3) су пайдаланушы жеке адам қайтыс болған;
      4) су пайдаланушы заңды тұлға таратылған;
      5) су объектiлерi табиғи немесе жасанды түрде жойылып кеткен;
      6) су объектiлерiн пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен басқа жеке және заңды тұлғаларға ауысқан жағдайларда тоқтатылуға тиiс.
      2. Арнайы су пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен:
      1) су ресурстары нысаналы мақсатында пайдаланылмаған;
      2) ауыз сумен жабдықтауға арналған су ресурстары бiр жыл бойы пайдаланылмаған;
      3) су ресурстары үш жыл бойы пайдаланылмаған;
      4) су ресурстарын мемлекеттiк мұқтаждар үшiн пайдалану қажеттiгi туындаған;
      5) су пайдаланушы Қазақстан Республикасының су заңдарында белгiленген шарттар мен талаптарды сақтамаған;
      6) су ресурстарын пайдалануға тыйым салу үшiн негiздер туындаған жағдайларда арнайы су пайдалануға берiлген лицензияны немесе рұқсатты керi қайтарып алу арқылы тоқтатылады.
      3. Арнайы су пайдалануға берiлген лицензияны немесе рұқсатты керi қайтарып алу су пайдалану шартын бұзу үшiн негiз болып табылады.
      4. Арнайы су пайдалану құқығын тоқтату туралы шешiмге Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым берiлуi мүмкiн.

       76-бап. Арнайы су пайдалану жөнiндегi
                қызмет түрлерiн лицензиялау

      1. Арнайы су пайдалану жөнiндегi қызмет түрлерiне лицензияны Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарында белгiленген тәртiппен су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бередi.
      2. Лицензиялар арнайы су пайдалану жөнiндегi қызметтiң мынадай түрлерiне берiледi:
      1) ауыл шаруашылығының, өнеркәсiптiң, энергетиканың, балық шаруашылығының және көлiктiң ауыз су және коммуналдық-тұрмыстық қажеттepi үшiн жер үстi су объектiлерiнен тәулiгiне елу текше метрден асатын көлемде су алу және су пайдалану; <*>
      2) қайталама су пайдаланушыға беру үшiн жер үстi су объектiлерiнен су алу. <*>
      3. Арнайы су пайдалану жөнiндегi қызметтiң түрлерiне лицензиямен белгiленген су пайдалану көлемдерi шектi болып табылады.
      Арнайы су пайдалану жөнiндегi қызметтi лицензиялау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
       Ескерту. 76-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

  5-Бөлім. Су шаруашылығын ұйымдастыру

  14-тарау. Су шаруашылығы ұйымдары

       77-бап. Мемлекеттiк су шаруашылығы ұйымдары

      Мемлекеттiк су шаруашылығы ұйымдарын Қазақстан Республикасының Үкiметi мынадай жұмыстарды орындау мақсатында құрады:
      1) су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингiн жүргiзу;
      2) мемлекеттiк су кадастрын жасау;
      3) су объектiлерiнiң жай-күйiн бақылау әдiснамасын әзiрлеу мен жетiлдiру;
      4) су пайдалану технологиясын әзiрлеу мен жетiлдiру және экономиканың әртүрлi салаларында оның тиiмдiлiгiн арттыру;
      5) су шаруашылығы нормативтерiн әзiрлеу;
      6) республикалық меншiктегi су шаруашылығы объектiлерi мен құрылыстарын ұстау және пайдалану;
      7) республикалық меншiктегi трансшекаралық, мемлекетаралық, облысаралық су объектiлерiнен және су шаруашылығы құрылыстарынан су пайдаланушыларға суды уақтылы және үздiксiз беру;
      8) мемлекетаралық су объектiлерiн жөндеуге шектес мемлекеттермен үлес қосып қатысу.

       78-бап. Коммуналдық су шаруашылығы ұйымдары

      Коммуналдық су шаруашылығы ұйымдарын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары мынадай жұмыстарды орындау мақсатымен құрады:
      1) коммуналдық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарын ұстау және пайдалану;
      2) су объектiлерiнен су пайдаланушыларға суды уақтылы және үздiксiз беру;
      3) пайдаланылған, ағынды және сорғыту суларын жинау, тазарту және ұйымдасып ағызу.
       Ескерту. 78-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       79-бап. Мемлекеттiк емес су шаруашылығы ұйымдары

      1. Мемлекеттiк емес су шаруашылығы ұйымдарын жеке және заңды тұлғалар, соның iшiнде шетелдiк тұлғалар су шаруашылығы құрылыстарына су жеткiзу, техникалық қызмет көрсету және су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi қамтамасыз ету жөнiнде қызмет көрсету үшін құрады.
      2. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы кәсiпкерлiк қызмет мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) пайдалану үшiн су ресурстарын алып қою;
      2) су пайдаланушыларға жеткiзу үшiн су ресурстарын алып қою;
      3) пайдаланылған, ағынды және сорғыту суларын жинау, тазарту және ағызу;
      4) су объектiлерiн олардан су ресурстарын алмай пайдалану;
      5) сулардың сапасын және су объектiлерiнiң жай-күйiн жақсарту жөнiндегi қызмет;
      6) су шаруашылығы-экологиялық маркетинг саласында қызметтер көрсету;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де қызмет түрлерi.
      3. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi мемлекеттiк қолдау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

       80-бап. Су шаруашылығы ұйымдарының
                қызметiне қойылатын талаптар

      1. Су шаруашылығы ұйымдары табиғи монополия субъектiлерi болып табылады және өз қызметiн осы Кодекске, Қазақстан Республикасының заңдарына, ұйымның жарғысына және тараптардың шарттарына сәйкес жүзеге асырады.
      2. Су шаруашылығы ұйымдары:
      1) су шаруашылығы жүйелерi мен құрылыстарының тиiстi техникалық жай-күйiн қамтамасыз етуге;
      2) шартқа сәйкес су пайдаланушыларды белгiленген мерзiмде сумен қамтамасыз етуге;
      3) су пайдаланушылармен келiсiм бойынша су бөлетiн орындарда cу өлшеу аспаптарын орнатуға;
      4) су объектiлерiнiң ластануын, қоқыстануын және сарқылуын, судың зиянды әсерiн болғызбайтын шаралар қолдануға;
      5) су шаруашылығы құрылысының паспортына ие болуға мiндеттi.

  15-тарау. Су қорын пайдалану мен қорғау
саласындағы мемлекеттік нормалау

       81-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау
                саласындағы нормалау

      1. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз етудiң бiрыңғай жүйесi судың сандық және сапалық көрсеткiштерiне, олардың көрсеткiштерiн дәл өлшеу нормаларына қойылатын талаптарды регламенттеу мақсатында белгiленедi әрi өндiрiстiк және өзге қызметтiң су объектiлерiне ықпал ету шегiн реттейдi.
      2. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы нормалауды су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган және басқа да мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады.

       82-бап. Су пайдалану лимиттерi

      1. Өзен бассейндерi бойынша су пайдалану лимиттерi бассейндiк схемалар мен су объектiлерiне жол берiлетiн шектi зиянды әсерлердiң нормативтерi негiзiнде белгiленедi және оларды су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, ал жер асты сулары бойынша - жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша бекiтедi.
      2. Су пайдалану лимиттерін уәкілетті орган жылдың сулылығын, су объектілерінің экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық жай-күйін ескере отырып, жыл сайын нақтылайды.
      Барлық су пайдаланушылар үшін айлар бойынша лимиттерді бөлуді олардың мәлімдеген су алу және (немесе) су ағызу қажеттіліктерінің негізінде облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.
      3. Су шаруашылығының жағдайы, су объектiлерiнiң экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық жай-күйi өзгерген жағдайда су пайдалану лимиттерi қайта қаралуға тиiс.
       Ескерту. 82-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       83-бап. Суды бақылау мен есепке алуды нормативтiк-
                техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық
                және метрологиялық қамтамасыз ету

      1. Суды бақылау мен есепке алуды нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету жүйесi мемлекеттiк стандарттарды, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiн қамтиды.
      2. Суды бақылау мен есепке алуды нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету талаптары Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес әзiрленедi.
      3. Суды бақылау мен есепке алуды нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету талаптары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен әзiрленедi, келiсiледi және бекiтiледi.

       84-бап. Су объектiлерiне жол берiлетiн шектi
                зиянды әсерлер нормативтерi

      1. Жер үстi және жер асты суларын экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай жағдайда ұстау Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен және өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген су объектiлерiне жол берiлетiн шектi зиянды әсерлер нормативтерiнiң сақталуымен қамтамасыз етiледi.
      2. Су объектiлерiне жол берiлетiн шектi зиянды әсерлердiң нормативтерi:
      1) ұзақ уақыт ықпал етуi су объектiсiнiң экологиялық жүйесiнiң өзгеруiне әкеп соқтырмайтын антропогендiк жүктеменiң жол берiлетiн шектi мөлшерiне;
      2) су объектiсiне және оның су жинау алаңына түсуi мүмкiн зиянды заттардың жол берiлетiн көлемi мен шоғырлануына сүйене отырып белгiленедi.
      3. Су объектiлерiне жол берiлетiн шектi зиянды әсерлердiң нормативтерiн әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

       85-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы
                стандарттау мен сертификаттау

      1. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттары және техникалық талаптар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен әзiрленедi, бекiтiледi және тiркеледi.
      2. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкестiктi айқындау үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мiндеттi және ерiктi сертификаттау жүзеге асырылады.
      3. Бөлшектеп құйылған түрде (бөтелкелерде немесе басқа ыдыстарда) тұтынушыларға сатуға арналған ауыз суды, суды тазарту мен зарарсыздандырудың жеке тұрмыстық және топтық техникалық құралдары, сондай-ақ ауыз сумен жабдықтау жүйелерiнде пайдаланылатын материалдар, реагенттер, технологиялық процестер, жабдықтар және өзге де құралдар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тiзбеге сәйкес мiндеттi түрде сертификатталуға тиiс.

       86-бап. Су алу мен пайдалану көлемдерiн
                қысқарту жөнiндегi талаптар

      1. Су объектiлерiнен су алу және пайдалану көлемдерiн қысқарту жөнiндегi талаптарға экономиканың барлық салаларында әртүрлi технологиялық процестерге су жұмсау нормативтерiн және су тұтынудың үлестiк нормаларын қайта қарау арқылы қол жеткiзiледi.
      2. Су ресурстарын алу және пайдалану көлемдерiн қысқарту жөнiндегi талаптарға:
      1) барлық тасымалдайтын, бөлетiн желiлердегi және су тұтынудың әрбiр нүктесiндегi шығындар мен ысыраптарды қысқарту;
      2) су пайдаланудың ұтымды әдiстерi мен технологияларын енгiзу және судың нақты пайдаланылуын барлық жерде бiрдей есепке алуды қамтамасыз ету негiзiнде су үнемдеу есебiнен қол жеткiзiледi.
      3. Мемлекеттiк органдар, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары және су пайдаланушылар cудың жұмсалуын, тасымалдайтын желiлердегi, су тұтыну нүктелерiндегi судың ысырабын есепке алуды ұйымдастыруды және су объектiлерiнен су алу көлемдерiн қысқарту мүмкiндiгiн жыл сайын талдап отыруға және су пайдалану көлемдерiн қысқарту мақсатымен кемiнде бес жылда бiр рет экономиканың барлық салаларындағы әртүрлi технологиялық процестерге су жұмсау нормативтерiн және су тұтынудың үлестiк нормаларын қайта қарауға мiндеттi. <*>
       Ескерту. 86-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       87-бап. Ауыз судың сапасын жақсарту жөнiндегi талаптар

      Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган басқа мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп ауыз судың сапасын жақсарту жөнiндегi талаптарды әзiрлейдi, олар:
      1) су объектiсiнiң белгiлi бiр сапасына сай келетiн құрылыстардың технологиясы мен қуатын жұмысқа қабiлеттi күйiнде ұстауды;
      2) су беру және су бұру жүйелерiнiң ақауларын қалпына келтiрудi;
      3) құрылыс жұмыстарының жоғары сапасын қамтамасыз ете отырып, сенiмдi жабдықтар мен материалдарды пайдалануды;
      4) тұтынылатын судың нормативтерi мен мемлекеттiк стандарттарын мезгiл-мезгiл жетiлдiрiп отыруды қамтиды.

       88-бап. Су объектiлерiнiң жай-күйiне терiс әсер ететiн
                құрылыстарды пайдалануға беруге тыйым салу

      1. Мыналарды:
      1) судың зиянды әсерiн, ластануын және қоқыстануын болғызбайтын құрылыстармен және құрылғылармен қамтамасыз етілмеген, сондай-ақ су тұтынуды және ағынды су ағызуды есепке aлу құралдарымен жабдықталмаған жаңа және қайта жаңғыртылып жатқан объектiлердi;
      2) балық қорғау құрылғыларынсыз cу тарту және ағызу құрылыстарын;
      3) тазарту құрылыстары мен санитарлық-қорғау аймақтары жоқ мал шаруашылығы фермаларын және басқа да өндiрiстiк кешендердi;
      4) жердi су басуды, топан су басуды, олардың батпақтануы мен сортаңдануын және топырақ эрозиясын болғызбайтын, жобаларда көзделген iс-шараларды жүргiзуге дейiн суару, суландыру және құрғату жүйелерiн, су қоймаларын, бөгеттердi, каналдарды және басқа да гидротехникалық құрылыстарды;
      5) жер асты суларын оларды су реттеу құрылғыларымен, өлшеу құралдарымен жабдықтамай пайдалануға байланысты су тарту құрылыстарын;
      6) санитарлық қорғау аймақтарын және су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстары жай-күйiнiң көрсеткiштерiн қадағалау пункттерiн белгiлемей су тарту және өзге де гидротехникалық құрылыстарды;
      7) мұнай, химиялық және басқа да өнiмдердi оларды судың ластануын болғызбайтын құралдармен жабдықтамай тасымалдайтын және сақтайтын құрылыстар мен құрылғыларды пайдалануға беруге тыйым салынады.
      2. Су объектiлерi жай-күйiнiң көрсеткiштерiн байқау пункттерiн құрмай ағынды сулармен суару объектiлерiн пайдалануға беруге рұқсат етiлмейдi.
      3. Су шаруашылығы объектiлерiн - жердi қайта өңдеу жөнiндегi жұмыстарды аяқтамай, ал су қоймаларында - олардың табанын су басуға әзiрлеу жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асырмай пайдалануға беруге рұқсат етiлмейдi.
      4. Су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды және басқа да құрылыстарды пайдалануға беруге тыйым салу туралы шешiмдер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қабылданады.

       89-бап. Жер үстi су объектiлерiн ағынды
                суды ағызу үшiн пайдалану

      1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер үстi су объектiлерiн ағынды суды ағызу үшiн пайдалануға тыйым салынады.
      2. Ағынды суды жер үстi су объектiлерiне ағызуға Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген шектерге дейiн тазартылған жағдайда су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның рұқсатымен жол берiледi.
      3. Өнеркәсiптiк ластанған ағынды немесе шахталық, карьерлiк кенiш суларын жинағыштары бар ұйымдар оларды тазарту, зарарсыздандыру және кәдеге жарату үшiн қажеттi шаралар қолдануға, сондай-ақ осы жинағыштар орналасқан жерлердi қайта өңдеудi жүзеге асыруға мiндеттi.

  Ерекше бөлік

  6-Бөлім. Су объектілері мен су шаруашылығы
құрылыстарын пайдалану

  16-тарау. Ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық
сумен жабдықтау

       90-бап. Су объектiлерi мен су шаруашылығы
                құрылыстарын ауыз сумен және шаруашылық-
                тұрмыстық сумен жабдықтау үшiн пайдалану

      1. Ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау үшiн олардағы судың сапасы белгiленген мемлекеттiк стандарттарға және гигиеналық нормативтерге сәйкес келетiн, ластану мен қоқыстанудан қорғалған жер үстi және жер асты су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстары берiледi.
      2. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау жағдайына арнап халықты ауыз сумен жабдықтауға жарамды сумен қамтамасыз ету үшiн ластану мен қоқыстанудан қорғалған жер асты су объектiлерiнiң негiзiнде ауыз сумен жабдықтау көздерiн резервтеу жүзеге асырылады. Резервтелген сумен жабдықтау көздерiнде Қазақстан Республикасының су заңдары мен өзге де заңдарына сәйкес оларды қорғаудың және жай-күйiн бақылаудың арнайы режимi белгiленедi.
      3. Ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтауға арналған жер үстi және жер асты суларының қауiпсiздiгiн халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.
      4. Су объектiсiн ауыз сумен жабдықтау көздерiне жатқызу Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен оның сенiмдiлiгi және санитарлық қорғау аймақтарын ұйымдастыру мүмкiндігi ескерiле отырып жүзеге асырылады.
      5. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ауыз сумен жабдықтауға жарамды жер асты су объектiлерiн өзге мақсаттар үшiн пайдалануға жол берiлмейдi.
      6. Жер үстi су объектiлерi жоқ, бiрақ ауыз су сапасындағы жер асты суларының жеткiлiктi қорлары бар аумақта облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары тиiстi негiздеме болған жағдайда су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша осы суларды ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтауға байланысты емес мақсаттар үшiн пайдалануға рұқсат бере алады. <*>
      7. Қаладағы аудандарда, аудандық маңызы бар қалаларда, кенттерде, ауылдарда (селоларда), ауылдық (селолық) округтерде сумен жабдықтауды осы аумақтардың әкiмдерi ұйымдастырады. <*>
       Ескерту. 90-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       91-бап. Халықты орталықтандырылған ауыз сумен және
                шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау

      1. Халықты орталықтандырылған ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтауды халыққа ауыз су беруге арналған тиiстi су құбырлары желiсi бар заңды тұлғалар жүзеге асырады.
      2. Орталықтандырылған ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар алынатын суды есепке алуды ұйымдастыруға, сумен жабдықтау көздерi мен жүйелерiндегi судың жай-күйiн үнемi қадағалап отыруға, сумен жабдықтау көздерi мен жүйелерiндегi су сапасының белгiленген мемлекеттiк стандарттар мен гигиеналық нормативтерден ауытқуы туралы облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарына, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органға, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органға, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органына, жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органға дереу хабарлауға мiндеттi.
       Ескерту. 91-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       92-бап. Халықты орталықтандырылмаған ауыз сумен
                және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау

      1. Халықты орталықтандырылмаған ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау кезiнде жеке және заңды тұлғалар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен оны облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарында мiндеттi түрде тiркеп, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органның тұтас алғанда осы су объектiлерiне оң қорытындысы болған жағдайда тiкелей жер үстi және жер асты су объектiлерiнен су алуға құқылы. <*>
      Су объектiлерiнен тәулiгiне елу текше метрге дейiнгi көлемде су алу кезiнде халықты орталықтандырылмаған ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау арнайы су пайдалануға лицензия алуды талап етпейдi.
      2. Халықты орталықтандырылмаған ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау кезiнде жер үстi және жер асты су объектiлерiнен су алу су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының ұсынуымен облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары бекiткен ережелерге сәйкес жүргiзiледi. <*>
       Ескерту. 92-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  17-тарау. Су объектілерін сауықтыру және
рекреациялық мақсаттар үшін пайдалану

       93-бап. Сауықтыру мақсатындағы су
                объектiлерiн пайдалану

      1. Ресурстарының табиғи емдiк қасиетi бар, сондай-ақ емдеу-профилактикалық мақсаттар үшiн қолайлы су объектiлерi сауықтыру объектiлерi санатына жатады және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сауықтыру мақсаттары үшiн пайдаланылады.
      2. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының, жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша:
      1) республикалық маңызы бар сауықтыру мақсатындағы су объектiлерiнiң тiзбесiн - Қазақстан Республикасының Үкiметi;
      2) жергiлiктi маңызы бар сауықтыру мақсатындағы су объектiлерiнiң тiзбесiн - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары бекiтедi. <*>
      3. Сауықтыру мақсатындағы су объектiлерiн пайдалануға беру осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
       Ескерту. 93-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       94-бап. Су объектiлерi мен су шаруашылығы
                құрылыстарын рекреациялық мақсаттар
                үшін пайдалану

      1. Әлеуеттi мақсатты қаупi бар су объектiлерiн қоспағанда, су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарын рекреациялық мақсаттар үшiн пайдалануға оған арнаулы рұқсатсыз жол берiледi.
      2. Су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшiлiктiң демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлердi қоршаған ортаны қорғау және адам өмiрiнiң қауiпсiздiгi талаптарын сақтай отырып, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейдi. <*>
      3. Су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарын әуесқойлық және спорттық балық аулау үшiн пайдалануға су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен келiсiм бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары рұқсат бepeдi. <*>
       Ескерту. 94-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  18-тарау. Су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарын
ауыл шаруашылығының мұқтаждары үшін пайдалану

       95-бап. Су объектiлерi мен су шаруашылығы
                құрылыстарын ауыл шаруашылығының
                мұқтаждары үшiн пайдалану

      1. Су объектiлерiн ауыл шаруашылығының мұқтаждары үшiн пайдалану ортақ және арнайы су пайдалану тәртiбiмен жүзеге асырылады.
      2. Бастапқы су пайдаланушылар қайталама су пайдаланушылардың су пайдалану жоспарларының негiзiнде су көлемдерiн алуға жыл сайынғы өтiнiмдерiн жасайды. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жылдың жоспарланған сулылығын ескере отырып және бастапқы су пайдаланушылардың өтiнiмдерi негiзiнде олар үшiн су пайдалану лимиттерiн белгiлейдi. Қайталама су пайдаланушылар үшiн су жеткiзу көлемдерi белгiленген лимиттер ескерiле отырып, бастапқы және қайталама су пайдаланушылардың арасында жасалған шарттармен айқындалады.
      3. Ауыл шаруашылығының мұқтаждары үшiн пайдалану мақсатымен ерiген, жауын және тасқын суларды жинауға арналған су шаруашылығы құрылыстары бар жеке және заңды тұлғаларда су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның рұқсаты болуға мiндеттi.
      4. Жер үстi және жер асты су объектiлерiн жайылымдарды суландыру үшiн пайдалану арнайы су пайдалану тәртiбiмен жүзеге асырылады.
      5. Су объектiлерiн мал суару үшiн пайдалануға санитарлық қорғау аймақтарынан тыс жерде және суат алаңдары мен су объектiлерiнiң ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда ортақ су пайдалану тәртiбiмен жол берiледi.
      6. Жеке қосалқы шаруашылық жүргiзетiн, бағбандықпен және бақша өсiрумен айналысатын жеке тұлғаларға суару үшiн су белгiленген лимиттерге сәйкес арнайы су пайдалану тәртiбiмен бөлiнедi. Жеткiлiктi су ресурстары болмаған жағдайда суару үшiн су басқа су пайдаланушылардың лимиттерiн қайта бөлу есебiнен бөлiнуi мүмкiн.
      7. Суару, құрғату және басқа да мелиорациялық жұмыстар су объектiлерiн және олардың су жинау алаңдарын қорғауды қамтамасыз ететiн табиғат қорғау iс-шараларымен бiр кешенде жүзеге асырылуға тиiс. Суармалы жерлердiң мелиорациялық жай-күйiнiң мониторингiн және оны бағалауды бюджет қаражаты есебiнен мамандандырылған мемлекеттiк мекемелер жүргiзедi. <*>
      8. Ағынды суды суару үшiн пайдалану белгiленген экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жүргiзiледi.
      9. Суармалы аймақта су пайдаланушылар қайталама сулардың көлемi мен сапасына болжам жасайды, су объектiлерiне ағызу көлемдерiн, жинақтағыш су қоймаларын жасауды немесе оларды жасалған жерiнде пайдалануды жоспарлайды.
       Ескерту. 95-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       96-бап. Гидромелиорациялық кондоминиум

      Гидромелиорациялық кондоминиум - бiртұтас мүлiктiк кешен (бұдан әрi - гидромелиорациялық кондоминиум объектiсi) ретiнде жылжымайтын мүлiкке меншiктiң ерекше нысаны, бұл ретте жер учаскелерiне заттық құқық жеке және заңды тұлғалардың иелiгiнде, ал гидромелиорациялық жүйе немесе оның элементтерi ортақ үлестiк меншiк құқығында олардың иелiгiнде болады.

       97-бап. Гидромелиорациялық кондоминиумды
                құру және тоқтату

      1. Гидромелиорациялық кондоминиум екi және одан көп жер пайдаланушыларға немесе жер учаскелерi меншiктенушілерiне тиесiлi бiр суару каналында немесе оның бөлiгiнде орналасқан суармалы алқаптарының жер учаскелерiнде құрылуы мүмкiн.
      2. Жер учаскелерiне заттық құқық иелерiнiң әрқайсысы өз қалауы бойынша гидромелиорациялық кондоминиумға өзiнiң қатысу-қатыспауына қарамастан жер учаскесiне өз құқығын iске асыруға құқылы.
      Гидромелиорациялық кондоминиумның құрамына кiретiн су шаруашылығы құрылыстары орналасқан жер учаскелерi бұру белдеулерiне жатады және ортақ үлестiк меншiк құқығында гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушыларға тиесiлi болады.
      3. Гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушының ортақ мүлiктегi үлесiнiң мөлшерi осы қатысушы құқығын иеленген суармалы жер учаскесiнiң бүкiл суару алқабының жалпы алаңына қатынасымен айқындалады. Гидромелиорациялық кондоминиум мүлкiндегi мұндай үлестi заттай түрде бөлуге болмайды (мiнсiз үлес).
      4. Гидромелиорациялық кондоминиумның барлық қатысушыларының келiсiмiнде ортақ мүлiктегi үлестiң мөлшерi айқындалмауы мүмкiн, бұл жағдайда гидромелиорациялық кондоминиумның мүлкi үлестi бөлiнуге жатпайтын ортақ меншiкте болады.
      5. Суармалы жер учаскесiне заттық құқығының (уақытша жер пайдаланудың қайталама құқығының тоқтатылуын қоспағанда) басқа тұлғаға ауысуы гидромелиорациялық кондоминиум мүлкiндегi үлестiң де алушыға ауысуына әкеп соғады.
      6. Гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушы гидромелиорациялық кондоминиум мүлкiндегi өз үлесiн суармалы жер учаскесiне құқығынан бөлек иелiктен айыруға құқылы емес.
      7. Гидромелиорациялық кондоминиумның ортақ мүлкi оның барлық қатысушыларының келiсуiмен кепіл ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
      8. Бiр гидромелиорациялық кондоминиум қызмет көрсететiн барлық суармалы жер учаскелерiне заттық құқығы (уақытша жер пайдаланудың қайталама құқығын қоспағанда) және гидромелиорациялық кондоминиум мүлкiне меншiк құқығы бiр тұлғаға ауысқан жағдайда гидромелиорациялық кондоминиум жойылуы мүмкін. 

       98-бап. Гидромелиорациялық кондоминиум
                объектiсiн тiркеу

      1. Гидромелиорациялық кондоминиум объектiсi Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi тiркеу туралы заңдарына сәйкес бiртұтас кешен ретiнде тiркелуге тиiс.
      2. Гидромелиорациялық кондоминиум объектiсiн тiркеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

       99-бап. Гидромелиорациялық кондоминиумға
                қатысушылардың құқықтары

      1. Гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушылардың барлығының ортақ мүлiктi олардың гидромелиорациялық кондоминиумға қатысудағы үлесiне мөлшерлес басқаруға құқығы бар.
      2. Гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушылардың әрқайсысының ортақ мүлiктi пайдалануға құқығы бар. Гидромелиорациялық кондоминиумның ортақ мүлкiн пайдалану тәртiбi қатысушылардың келiсiмiмен айқындалады.
      Жер учаскесiн басқа тұлғаларға жалға беру (уақытша жер пайдаланудың қайталама құқығы) жалға берушiнiң гидромелиорациялық кондоминиумға қатысуын тоқтатуға әкеп соқпайды.
      3. Гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушылар Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да құқықтарға ие болуы мүмкiн.

       100-бап. Гидромелиорациялық кондоминиумға
                 қатысушылардың мiндеттерi

      1. Гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушылар:
      1) ортақ мүлiктi ұстауға арналған барлық шығыстарға қатысуға;
      2) ортақ мүлiктiң сақталуы мен қауiпсiз пайдаланылуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      2. Гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушылар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де мiндеттердi атқара алады.

       101-бап. Гидромелиорациялық кондоминиумға
                 қатысу ерекшелiктерi

      1. Ортақ мүлiктi ұстауға арналған шығыстардың мөлшерi, егер гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушылардың келiсiмiмен өзгеше көзделмесе, қатысушының ортақ мүлiктегi үлесiне мөлшерлес белгiленедi.
      2. Егер гидромелиорациялық кондоминиумдағы суармалы жер учаскесiн оған қатысушы пайдаланбаған жағдайда, ол ортақ мүлiктi ұстауға арналған шығыстардан босатылмайды.
      3. Суармалы жер учаскелерi жалгерлерiнiң дауыс беру құқығы болмайды және олар гидромелиорациялық кондоминиум объектiсiн басқаруға өзге түрде қатыса алмайды, бiрақ гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушылар үшiн ортақ ережелердi сақтауға мiндеттi.
      4. Гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушылардың кондоминиумның ортақ мүлкiн өз атынан иелiктен айыруға құқығы жоқ.

       102-бап. Гидромелиорациялық кондоминиум
                 объектiсiн басқару

      1. Гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушылар гидромелиорациялық кондоминиум объектi тiркелгеннен кейiн бiр айдың iшiнде оны басқару нысаны туралы мәселенi шешуге мiндеттi.
      2. Гидромелиорациялық кондоминиум объектiсiн басқару нысаны Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оған қатысушылардың келiсiмiмен айқындалады.

  19-тарау. Су объектілерін және су шаруашылығы
құрылыстарын өнеркәсіп пен энергетика
үшін пайдалану

       103-бап. Су объектiлерiн және су шаруашылығы
                 құрылыстарын өнеркәсiп пен жылу
                 энергетикасы үшiн пайдалану

      1. Су объектiлерiн және су шаруашылығы құрылыстарын өнеркәсiптiң және жылу энергетикасының мұқтаждары үшiн пайдалану арнайы су пайдалану тәртiбiмен жүзеге асырылады.
      2. Өнеркәсiп пен жылу энергетикасы ұйымдары айналымдық сумен жабдықталымға ие болуға мiндеттi. Айналымдық сумен жабдықталымы жоқ ұйымдар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органға, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органына, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органға нақты мерзiмдерiн көрсете отырып, айналымдық сумен жабдықталымға көшу жоспарын беруге мiндеттi.
      3. Ауыз су және минералды су санатына жатқызылмаған жер асты сулары жер асты суларын ұтымды пайдалану мен қорғау талаптарын сақтай отырып, арнайы су пайдалану шарттарымен техникалық сумен жабдықтау үшiн және басқа да өндiрiстiк мұқтаждар үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
      4. Халықтың денсаулығына және қоршаған ортаға қауiп төндiретiн, басқа пайдалы қазбалармен бiрге өндiрiлген жер асты сулары мiндеттi түрде кәдеге жаратылуға тиiс.
      5. Технологиялық процеске байланысты ауыз суды пайдалану көзделген кәсiпорындарды қоспағанда, басқа сападағы суды пайдалану мүмкiндiгi бола тұрып, ауыз суды өнеркәсiп үшiн пайдалануға жол берiлмейдi. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары халықтың ауыз су және шаруашылық-тұрмыстық мұқтаждарын бiрiншi кезекте қанағаттандыруды ескере отырып, ауыз суды өнеркәсiптiк мақсаттар үшiн тұтынуға уақытша рұқсат беруге құқылы. Ауыз суды өнеркәсiптiк мұқтаждар үшiн тұтыну мерзiмдерi су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша белгiленедi. <*>
      6. Қазақстан Республикасының Үкiметi, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар болған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өнеркәсiп және жылу энергетикасы кәсiпорындарының су объектiлерiн және су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануын шектеуге, тоқтата тұруға немесе оған тыйым салуға құқылы. <*>
       Ескерту. 103-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       104-бап. Су объектiлерiн және су шаруашылығы
                 құрылыстарын гидроэнергетика үшiн пайдалану

      1. Су объектiлерiн және су шаруашылығы құрылыстарын гидроэнергетика үшiн пайдалану су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен және басқа да мүдделi мемлекеттiк органдармен, ал сел қаупi бар аудандарда - Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органымен және өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша экономиканың басқа салаларының мүдделерiн, суларды кешендi пайдалану және оларды қорғау талаптарының сақталуын ескере отырып, арнайы су пайдалану тәртiбiмен жүзеге асырылады.
      2. Су объектiлерiндегi гидроэнергетикалық және гидротехникалық құрылыстарды пайдаланатын ұйымдар:
      1) ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау басымдығын сақтай отырып, су қоймаларын толтырудың және босатудың белгiленген режимiн;
      2) өзендердiң жайылмалары мен атырауларында балық ресурстарын сақтау және ұдайы молайту үшiн шешушi маңызы бар өзендер мен су қоймаларының учаскелерiндегi балық шаруашылығының қажеттiлiгiн;
      3) кемелер мен салдардың кедергiсiз өтiкiзiлуiн;
      4) белгiленген табиғат қорғау, санитарлық-эпидемиологиялық және авариялық су жiберулерiнiң жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      3. Егер су қоймаларын толтыру және босату нәтижесiнде туындаған су объектiлерi табиғи деңгейiнiң өзгеруi салдарынан жеке және (немесе) заңды тұлғаларға зиян келтiрiлсе, кiнәлiлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оны өтеуге мiндеттi.

  20-тарау. Су объектілерін және су шаруашылығы
құрылыстарын көлік, ағаш ағызу және өртке
қарсы мұқтаждар үшін пайдалану

       105-бап. Су объектiлерiн және су шаруашылығы
                 құрылыстарын көлiк және ағаш ағызу
                 үшiн пайдалану

      1. Кеме қатынасы санатына жатқызылған Қазақстан Республикасының жер үстi су объектiлерi, оларды осы мақсаттарға пайдалануға толық немесе iшiнара тыйым салынған не олар оқшау пайдалануға берiлген жағдайларды қоспағанда, ортақ пайдаланудағы су жолдары болып табылады.
      2. Кеме қатынасы, әуе кемелерiнiң ұшып шығуы (қонуы) үшiн пайдаланылатын су объектiлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      3. Су объектiлерiн кеме қатынасы санатына жатқызу тәртiбiн, кеме қатынасы үшiн ашық кеме қатынасы су жолдарының тiзбесiн және оларды пайдалану ережелерiн бекiтудi Қазақстан Республикасының Үкiметi жүзеге асырады.
      4. Кеме қатынасы үшiн пайдаланылатын су объектiлерiнде кеме жетегiнсiз ағаш ағызуға тыйым салынады. Су объектiлерiнде күйелi ағаш ағызуға тыйым салынады. Ағаш ағызуды жүзеге асыратын ұйымдар су объектiлерiн батып кеткен ағаш сүрегiнен үнемi тазартып отыруға мiндеттi. Ағаш ағызу үшiн пайдаланылатын су объектiлерiнiң тiзбесiн және оларды тазарту тәртiбiн су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен келiсiм бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейдi. <*>
      5. Су объектiлерiн шағын көлемдi кемелерде жүзу үшiн, сондай-ақ әуе кемелерiнiң ұшып шығуы (қонуы) үшiн пайдалану Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      6. Кеме қатынасына, ағаш ағызуға, әуе кемелерiнiң ұшып шығуына (қонуына) арналған су объектiлерiн және су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану кезiнде су пайдаланушылар:
      1) суды ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз етуге;
      2) кеме қатынасын реттейтiн органдардың талаптарын орындауға;
      3) су объектiлерiне шаруашылық-тұрмыстық қалдықтардың және ластайтын заттардың ағызылуына жол бермеуге;
      4) су объектiлерiнiң және су шаруашылығы, гидротехникалық және басқа да құрылыстардың арналары мен жағалауларының бұзылуына жол бермеуге;
      5) басқa жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын бұзбауға мiндеттi.
       Ескерту. 105-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       106-бап. Су объектiлерiн және су шаруашылығы
                 құрылыстарын өртке қарсы мұқтаждар
                 үшiн пайдалану

      1. Өртке қарсы мұқтаждар үшiн кез келген су объектiлерiнен арнайы рұқсатсыз cу алуға жол берiледi.
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген мақсаттар үшiн су алу орындарын (пирстер, кiреберiстер, жарық көрсеткiштерi) таңдауды, оны жайластыруды су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы қоятын шарттарды сақтай отырып, Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органының аумақтық органдары жүзеге асыруға тиiс.<*>
      3. Өздерiнiң cу құбырлары желiлерiнде тиiстi өрт сөндiру құрылыстары мен құрылғылары бар заңды тұлғалар оларды ақаусыз күйiнде ұстауға мiндеттi.
      4. Арнайы өртке қарсы мұқтаждарға арналған су объектiлерiнен және су шаруашылығы құрылыстарынан суды өзге мaқcaттap үшiн пайдалануға тыйым салынады.
       Ескерту. 106-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  21-тарау. Су объектілерін және су шаруашылығы
құрылыстарын балық және аңшылық
шаруашылықтарын жүргізу үшін пайдалану

       107-бап. Су объектiлерiн және су шаруашылығы
                 құрылыстарын балық шаруашылығын жүргiзу және
                 балық ресурстарын аулау үшiн пайдалану

      1. Балық ресурстарын сақтау, ұдайы молайту және аулау үшiн (соның iшiнде кәсiпшілiк балық аулау үшiн) маңызды мәнi бар су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстары немесе олардың бөлiктерi, сондай-ақ су қорғау белдеулерiнiң учаскелерi балық шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның шешiмiмен балық шаруашылығын жүргiзу үшiн пайдалануға берiлуi мүмкiн. <*>
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген су объектiлерiн және су шаруашылығы құрылыстарын немесе олардың бөлiктерiн ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтаудан басқа, өзге мақсаттар үшiн пайдалануды су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган балық шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша балық шаруашылығының мүдделерiне орай шектеуi мүмкiн. <*>
      3. Пайдалануына балық шаруашылығын жүргiзу және балық ресурстарын аулау үшiн су объектiлерi және су шаруашылығы құрылыстары берiлген жеке және заңды тұлғалар:
      1) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен және балық шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша су объектiлерi және cy шаруашылығы құрылыстарының жай-күйiн жақсартуды және балық қорларын ұдайы молайтуды қамтамасыз ететiн балық шаруашылығы мен мелиорациялық-техникалық iс-шараларды жүргiзуге;
      2) су объектiлерiнiң жағалауларын және су шаруашылығы құрылыстарын олар пайдаланылатын жерлерде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарға сәйкес ұстауға мiндеттi.
      4. Қорықтардың, балық питомниктерiнiң, тоған, көл және басқа да балық шаруашылықтары аумағында орналасқандарын, сондай-ақ ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтайтын су қоймаларын қоспағанда, су объектiлерiн және су шаруашылығы құрылыстарын жеке тұлғалар балық аулаудың белгiленген ережелерiн сақтай отырып, спорттық және әуесқойлық балық аулау үшiн пайдалана алады.
       Ескерту. 107-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       108-бап. Су объектiлерiн және су шаруашылығы
                 құрылыстарын аңшылық шаруашылығын
                 жүргізу үшiн пайдалану

      1. Су объектiлерiн және су шаруашылығы құрылыстарын немесе олардың бөлiктерiн облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары жергiлiктi өкiлдi органмен, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен және аңшылық шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша аңшылық шаруашылығын жүргiзу үшiн жеке және заңды тұлғалардың пайдалануына бередi. <*>
      2. Пайдалану режимi құстар мен су жануарлары жаппай мекендейтiн жерлерге әсер ететiн су қоймаларын, көлдердi және басқа да су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану кезiнде аңшылық шаруашылығын жүргiзу мүдделерi ескерiлуге тиiс.
      3. Мелиорациялық-техникалық жұмыстар жүргiзу мен балық аулауды, су объектiлерiнде және су шаруашылығы құрылыстарында бағалы, сирек кездесетiн және жоғалып кету қаупi бар жануарлар мекендейтiн жерлерде аңшылық шаруашылығын жүргiзу үшiн пайдалы өсiмдiктер өсiру су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен және аңшылық шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша жүзеге асырылады.
      4. Бағалы, сирек кездесетiн және жоғалып кету қаупi бар жануарлар мекендейтiн жерлерде, сондай-ақ жануарлар дүниесiн ұдайы молайту мен қорғау жөнiндегi iс-шаралар жүзеге асырылатын учаскелерде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, аңшылық шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша жеке тұлғалардың болуына, әуесқойлық және кәсiпшiлiк аң аулауға, жағалау белдеуiнде құрылыс салуға және су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарының жай-күйiн және аңшылық шаруашылығын жүргiзудi нашарлататын басқа да iс-әрекеттерге шек қоюы мүмкiн. <*>
       Ескерту. 108-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  22-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су объектiлерiн пайдалану. Өзендер мен каналдарда
су қоймалары мен тежеуіш гидротехникалық
құрылыстарды пайдалану

       109-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су
                 объектiлерiн пайдалану

      Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су объектiлерiн пайдалану Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарында айқындалатын тәртiппен жүзеге асырылады.

       110-бап. Су қоймаларын пайдалану

      1. Су қоймалары жер үстiндегi ағын суды реттеу және су пайдаланушылардың суға деген қажеттiлiктерiн қанағаттандыру мақсатында жасалады.
      2. Cу қоймаларын жобалау, салу және пайдалану қалыптасқан табиғи және шаруашылық кешендерге осындай араласудың барлық ықтимал терiс салдары ескерiле отырып жүзеге асырылады.
      3. Су қоймалары гидрогеологиялық және инженерлiк-геологиялық санитарлық-шарттарды және экологиялық тұрақтылықтың, эпидемиологиялық және радиациялық қауiпсiздiктiң сақталуын, халықтың және экономика салалары мүдделерiнiң қанағаттандырылуын қамтамасыз ететiн шарттарды зерттеу талаптары сақталған жағдайда пайдалануға берiледi.
      4. Су қоймаларын пайдалану тәртiбi мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен ережелермен айқындалады.
      5. Су қоймаларын, олардағы су құбыры және су өткiзу немесе су тарту құрылыстарын пайдаланатын ұйымдар су қоймалары әсер ететiн аймақтардағы су пайдаланушылар мен жер пайдаланушылардың мүдделерi ескерiле отырып белгiленген су қоймаларын толтыру және ағызу режимiн сақтауға мiндеттi.
      6. Су қоймаларын пайдалану ережелерiнiң сақталуын бақылауды су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      7. Осы баптың ережелерi су қоймалары ретiнде пайдаланылатын көлдер мен басқа су айдындарында да қолданылады.

       111-бап. Өзендер мен каналдарда тежеуiш
                 гидротехникалық құрылыстарды пайдалану

      1. Өзендер мен каналдарда тежеуiш гидротехникалық құрылыстарды пайдалану мен iске қосу олардың мақсатына, осы құрылыстарды жобалау кезiнде әзiрленген шарттар мен нормаларға сәйкес жүргiзiледi.
      2. Су пайдаланушылардың тежеуiш гидротехникалық құрылыстардың көмегiмен жер үстiндегi ағын суды реттеуi кеме қатынасы және осы өзен бассейнiнiң су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғау ескерiле отырып, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен және өзге де мүдделi органдармен келiсiм бойынша жүзеге асырылады. <*>
       Ескерту. 111-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  7-Бөлім. Су объектілерін қорғау және судың
зиянды әсеріне қарсы күресу

  23-тарау. Су қорғау қызметі

       112-бап. Су объектiлерiн қорғау

      1. Су объектiлерi:
      1) зиянды қауiптi химиялық және уытты заттармен және олардың қоспаларымен табиғи және техногендiк ластанудан, жылу, бактериялық, радиациялық және басқа ластанудан;
      2) қатты, ерiмейтiн заттармен, өндiрiстiк, тұрмыстық және өзге де тектегi қалдықтармен қоқыстанудан;
      3) сарқылудан қорғалуға тиiс.
      2. Су объектiлерi:
      1) табиғи жүйелердiң экологиялық тұрақтылығының бұзылуын;
      2) халықтың өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлуiн;
      3) балық қорлары мен басқа да су жануарларының азаюын;
      4) сумен жабдықтау жағдайларының нашарлауын;
      5) су объектiлерiнiң табиғи молаю және тазару қабiлетiнiң төмендеуiн;
      6) су объектiлерi гидрологиялық және гидрогеологиялық режимiнiң нашарлауын;
      7) су объектiлерiнiң физикалық, химиялық және биологиялық қасиеттерiне терiс әсер ететiн басқа да қолайсыз құбылыстарды болғызбау мақсатымен қорғалуға тиiс.
      3. Су объектiлерiн қорғау:
      1) су объектiлерiн пайдаланудың кез келген түрiн жүзеге асыратын барлық су пайдаланушыларға осы объектiлердi қорғау жөнiнде ортақ талаптар қою;
      2) шаруашылық қызметiнiң жекелеген түрлерiне арнайы талаптар қою;
      3) жаңа техника мен экологиялық, эпидемиологиялық жағынан қауiпсiз технологиялар енгiзе отырып, су қорғау iс-шараларын жетiлдiру және қолдану;
      4) су қорғау аймақтарын, су объектiлерiнiң қорғау белдеулерiн, ауыз сумен жабдықтау көздерiн санитарлық қорғау аймақтарын белгiлеу;
      5) су объектiлерiн пайдалану мен қорғауды бақылаудың мемлекеттiк және басқа да нысандарын жүргiзу;
      6) су объектiлерiн қорғау жөнiндегi талаптардың орындалмағаны үшiн жауапкершiлiк шараларын қолдану арқылы жүзеге асырылады.
      4. Орталық органдар және облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес су объектiлерiн сақтау, олардың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болғызбау, сондай-ақ аталған құбылыстардың зардаптарын жою жөнiнде тұрақты даму принципiмен үйлесiмдi шаралар қолданады. <*>
      5. Қызметi су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн жеке және заңды тұлғалар ұйымдастырушылық, технологиялық, орман-мелиорациялық, агротехникалық, гидротехникалық, санитарлық-эпидемиологиялық iс-шараларды және су объектiлерiн ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғауды қамтамасыз ететiн басқа да iс-шараларды жүргiзуге мiндеттi.
       Ескерту. 112-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       113-бап. Су объектiлерiн ластанудан қорғау

      1. Су объектiлерiнiң сапалық жай-күйiн нашарлататын және пайдаланылуын қиындататын заттардың немесе ластаушы нәрселердiң су объектiлерiне тасталуы немесе өзге де тәсiлмен түсуi су объектiлерiнiң ластануы деп танылады.
      2. Су объектiлерiн, диффузиялық ластануды (жер бетi мен ауа арқылы ластану) қоса алғанда, ластанудың барлық түрiнен қорғау жүзеге асырылады.
      3. Су объектiлерiн ластанудан қорғау мақсатында:
      1) су объектiлерiнiң су жинау алаңында улы химикаттарды, тыңайтқыштарды қолдануға тыйым салынады. Су объектiлерiнiң су жинау алаңы мен санитарлық қорғау аймағында дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық iс-шаралар халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша жүргiзiледi;
      2) радиоактивтi және уытты заттарды су объектiлерiне тастауға және көмуге;
      3) тазарту құрылыстары жоқ және нормативтерге сәйкес тиiмдi тазартуды қамтамасыз етпейтiн өнеркәсiп, тамақ объектiлерiнiң ағынды суларын су объектiлерiне ағызуға;
      4) су объектiлерiнде радиоактивтi және уытты заттар бөлiнуi қоса жүретiн технологиялардың ядролық және өзге де түрлерi пайдаланылатын жарылыс жұмыстарын жүргiзуге;
      5) су объектiлерiнде және су шаруашылығы құрылыстарында халықтың денсаулығына және қоршаған ортаға қауiп төндiретiн техника мен технологиялардың қолданылуына тыйым салынады.

       114-бап. Су объектiлерiн қоқыстанудан қорғау

      1. Су объектiсiне қатты, өндiрiстiк, тұрмыстық және басқа да қалдықтардың, сондай-ақ салмақты бөлшектердiң түсуi, соның салдарынан оның гидрологиялық жай-күйi нашарлап, су пайдаланудың қиындауы су объектiлерiнiң қоқыстануы деп танылады.
      2. Су объектiлерiне қатты, өндiрiстiк, тұрмыстық және басқа да қалдықтарды тастауға және оларды көмуге тыйым салынады.
      3. Су объектiлерiнiң су жинау алаңдарын, су объектiлерiнiң мұз қабатын, мұздықтарды қатты, өндiрiстiк, тұрмыстық және шайылу кезiнде жер үстi және жер асты су объектiлерiнiң сапасын нашарлатуға әкеп соғатын басқа да қалдықтармен қоқыстауға жол берiлмейдi.

       115-бап. Су объектiлерiн сарқылудан қорғау

      1. Ағындының рұқсат етiлетiн деңгейiнiң ең аз мөлшерiнiң, жер үстi су қорының азаюы немесе жер асты су қорының кемуi су объектiлерiнiң сарқылуы деп танылады.
      2. Су объектiлерiнiң сарқылуын болғызбау мақсатында су объектiлерiн пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар:
      1) су объектiлерiнен лимиттен тыс қайтарымсыз су алуға жол бермеуге;
      2) су қорғау аймақтары мен белдеулерi аумағында жер жыртуға, мал тоғыту мен санитарлық дауалауға, құрылыстар салуға және су объектiлерiнiң сарқылуына әкеп соғатын басқа да шаруашылық қызмет түрлерiн жүргiзуге жол бермеуге;
      3) су қорғау iс-шараларын жүргiзуге мiндеттi.
      3. Жеке және заңды тұлғалар жүргiзетiн су объектiлерiнiң сарқылуын болғызбауға бағытталған су қорғау iс-шаралары су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен және жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен алдын ала келiсiледi.

       116-бап. Су объектiлерiнiң және су шаруашылығы
                 құрылыстарының су қорғау аймақтары
                 мен белдеулерi

      1. Су объектiлерiн және су шаруашылығы құрылыстарын санитарлық-гигиеналық және экологиялық талаптарға сәйкес күйде ұстау, жер үсті суларының ластануын, қоқыстануы мен сарқылуын болғызбау, сондай-ақ жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiн сақтау үшiн ерекше пайдалану шарттары бар су қорғау аймақтары мен белдеулерi белгiленедi.
      2. Су қорғау аймақтарын, белдеулерiн және оларды шаруашылықта пайдалану режимiн облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен, ал сел қаупi бар аудандарда - қосымша Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органымен келiсiлiп бекiтiлген жобалау құжаттамасының негiзiнде белгiлейдi. <*>
      3. Су қорғау аймақтары мен жағалаудағы қорғау белдеулерiнде орналасқан ормандарда негiзгi пайдаланудағы ағаш кесудi жүзеге асыруға тыйым салынады. Су объектiлерiн қорғауды қамтамасыз ететiн аралық пайдаланудағы ағаш кесудi және басқа да орман шаруашылығы іс-шараларын жүргізуге рұқсат етіледі.
      4. Су қорғау аймақтарының ормандарын пайдалануға беру Қазақстан Республикасының орман және су заңдарына сәйкес су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша жүзеге асырылады.
      5. Су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу ережелерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
       Ескерту. 116-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       117-бап. Суларды санитарлық қорғау аймақтары

      1. Ауыз сумен жабдықтау, емдеу, курорттық және халықты сауықтырудың өзге мұқтаждары үшiн пайдаланылатын суларды қорғау мақсатында облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары санитарлық қорғау аймақтарын белгiлейдi. <*>
      2. Санитарлық қорғау аймақтары мен санитарлық қорғау белдеулерiн белгiлеу тәртiбiн халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.
       Ескерту. 117-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       118-бап. Су объектiлерiндегi төтенше экологиялық
                 жағдай немесе экологиялық апат аймақтары

      1. Шаруашылық қызмет немесе табиғи процестер нәтижесiнде халықтың денсаулығына, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiне, қоршаған ортаның жай-күйiне қауiп төндiретiн өзгерiстер болатын су объектiлерi төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық апат аймақтары деп жариялануы мүмкiн.
      2. Cу объектiлерiндегi немесе өзен бассейндерiндегi және жер асты су көздерiндегi төтенше экологиялық жағдайды Қазақстан Республикасының Үкiметi жариялайды.

       119-бап. Су қорғау аймақтары мен белдеулерiндегi
                 жер учаскелерiн уақытша пайдалануға беру
                 және олардың пайдаланылуын бақылау

      1. Су объектiлерiнiң және су шаруашылығы құрылыстарының су қорғау аймақтары мен белдеулерiндегi жер учаскелерi шаруашылық қызмет режимiне қойылатын талаптарды сақтау шартымен, Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiнде белгiленген тәртiппен жеке және заңды тұлғаларға уақытша пайдалануға берiлуi мүмкiн.
      2. Су қорғау аймақтары мен белдеулерiндегi шаруашылық қызмет режимiне қойылатын талаптардың сақталуын мемлекеттiк бақылауды су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы, жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган өздерiнiң құзыретi шегiнде жүзеге асырады.

       120-бап. Жер асты су объектiлерiн қорғау ерекшелiктерi

      1. Өндiрiстiк қызметi жер асты суларының жай-күйiне зиянды әсер етуi мүмкiн болатын жеке және заңды тұлғалар жер асты суларының мониторингiн жүргiзуге және су ресурстарының ластануы мен сарқылуын және сулардың зиянды әсерiн болғызбау жөнiнде уақтылы шаралар қолдануға мiндеттi.
      2. Ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау үшiн пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкiн болатын жер асты суларының су жинау алаңдарында радиоактивтi және химиялық қалдықтар көмудi, үйiндiлердi, зираттарды, мал қорымдарын және жер асты суларының жай-күйiне әсер ететiн басқа да объектiлердi орналастыруға тыйым салынады.
      3. Егер жер асты суларының жай-күйiне әсер етсе немесе әсер етуi мүмкiн болса, жерлердi ағынды сумен суаруға тыйым салынады.
      4. Гидрогеологиялық ұңғымалар, соның iшiнде өздiгiнен төгiлетiн және барлау ұңғымалары, сондай-ақ пайдалануға жарамсыз немесе пайдаланылуы тоқтатылған ұңғымалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен консервациялау құрылғыларымен жабдықталуға немесе жойылуға тиіс.
      5. Егер жеке және заңды тұлғалар бұрғылау және басқа да кен жұмыстарын жүргiзу кезiнде суы бар жиектердi ашса, олар өздiгiнен төгiлетiн және барлау ұңғымаларын реттеушi құрылғылармен және бақылау құралдарымен жабдықтауға, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен және өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiлген жобалау құжаттамасына сәйкес жер асты суларын қорғау жөнiндегi басқа да шараларды қолдануға мiндеттi.
      6. Жер асты суларының су алу құрылыстарын пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар жер асты суларының санитарлық қорғау аймағы мен олардың мониторингiн ұйымдастыруға мiндеттi.
      7. Мелиорацияланған жерлерде сорғыту жүйелерiн салу мен пайдалану кезiнде арнайы cy пайдалануға рұқсаты болған жағдайда жер асты суларын сыртқа шығаруға жол берiледi.
      8. Жер асты суларын пайдалануға байланысты су тарту құрылыстарын орналастыру, жобалау, салу және пайдалануға беру кезiнде олардың жер үстi су объектiлерi мен қоршаған ортаға зиянды әсерiн болғызбайтын шаралар көзделуге тиiс.
      9. Пайдалы қазбаларды өндiруге байланысты емес жер қойнауын геологиялық зерттеу, пайдалы қазбаларды барлау және өндiру, жер асты құрылыстарын салу мен пайдалану кезiнде жер қойнауын пайдаланушылар жер асты суларының ластануы мен сарқылуының алдын алу жөнінде шаралар қолдануға мiндеттi.

  24-тарау. Шағын су объектілері және
оларды қорғау ерекшеліктері

       121-бап. Шағын су объектiлерi

      1. Шағын су объектiлерiне көлемi мынадай табиғи су объектiлерi:
      тұйық су объектiлерi бойынша - су бетiнiң алаңы он гектарға дейiнгi;
      өзендер бойынша - ұзындығы екi жүз километрге дейiнгi ағын сулар жатады.
      2. Шағын су объектiлерiнiң су ресурстарын пайдалану, әдетте, ортақ су пайдалану тәртiбiмен жүзеге асырылады.
      3. Шағын су объектiлерiнiң су ресурстарын арнайы су пайдалану тәртiбiмен пайдалану су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган осындай су пайдаланудың олардың жай-күйiне салдарларын зерттегеннен кейiн және мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда мүмкiн болады.

       122-бап. Шағын су объектiлерiн қорғау ерекшелiктерi

      1. Шағын су объектiлерiнiң су қорғау аймақтары мен белдеулерi шегiнде ортақ су пайдалану режимiн және шаруашылық қызметтi жүзеге асыруды, сондай-ақ олардың ластануының, қоқыстануы мен сарқылуының алдын алу және жою жөнiндегi шараларды облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, ал сел қаупi бар аймақтарда - Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органымен келiсiм бойынша белгiлейдi. <*>
      2. Шағын су объектiлерiнiң сарқылуын, ластануын және азып-тозуын болғызбау мақсатында су объектiлерiн кешендi пайдалану мен қорғаудың бассейндiк бағдарламаларында және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi өңiрлiк бағдарламаларында оларды қорғау және қалпына келтiру жөнiндегi iс-шаралар кешенi жеке көзделедi. <*>
      3. Шаруашылық қызметi шағын су объектiлерiнiң жай-күйi мен режимiне әсер ететiн жеке және заңды тұлғалар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiлген шағын су объектiлерiнiң су ресурстарын қалпына келтiру және олардағы сулардың тазалығын сақтау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруға мiндеттi.
       Ескерту. 122-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  25-тарау. Судың зиянды әсерінің алдын алу
және оларды жою

       123-бап. Мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды
                 тұлғалардың судың зиянды әсерiнiң алдын
                 алу және оларды жою жөнiндегi мiндеттерi

      Мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар судың мынадай зиянды әсерлерiнiң:
      су тасу, су басу, топан су басу;
      жағалаудың, қорғау бөгеттерiнiң және басқа да құрылыстардың қирауы;
      жерлердiң батпақтануы мен сортаңдануы;
      топырақ пен су объектiлерiнiң эрозиясы, жыралардың пайда болуы, сырғымалар, сел тасқындары мен басқа да зиянды құбылыстардың алдын алу және оларды жою жөнiнде iс-шаралар жүргiзуге мiндеттi.

       124-бап. Судың зиянды әсерiнiң алдын алу және оларды
                 жою жөнiндегi шараларды жүзеге асыру тәртiбi

      1. Су шаруашылығы ұйымдары, су пайдаланушылар, жеке және заңды тұлғалар елдi мекендердi, өнеркәсiп объектiлерiн, ауыл шаруашылығы жерлерiн, қорғалатын аумақтарды судың зиянды әсерiнен қорғау жөнiндегi алдын алу және ағымдағы iс-шараларды жоспарлауға және жүргiзуге мiндеттi. Судың зиянды әсерiнiң алдын алу және оларды жою жөнiндегi алдын алу мен ағымдағы iс-шараларды қаржыландыру су пайдаланушылардың және мемлекеттiң қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
      2. Судың зиянды әсерiнен туындаған табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

  26-тарау. Су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде жұмыстар жүргізу тәртібі

       125-бап. Су объектiлерiнде, су қорғау аймақтары мен
                 белдеулерiнде кәсiпорындарды, объектiлердi және
                 басқа да құрылыстарды орналастыру, жобалау,
                 салу, қайта жаңғырту және пайдалануға беру
                 шарттары

      1. Су объектiлерiнде, су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде кәсiпорындарды және басқа да құрылыстарды орналастыру, жобалау, салу, қайта жаңғырту және пайдалануға беру шарттары су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен, жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен, ықтимал сел қаупi бар су объектiлерiнде - Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органымен, кеме қатынасына жатқызылғандарында - су көлiгi органдарымен келiсiледi. <*>
      2. Жаңадан құрылатын және қайта жаңғыртылатын кәсiпорындар мен басқа да құрылыстарды жобалау және салу кезiнде, сондай-ақ су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн жаңа технологиялық процестердi енгiзу кезiнде техникалық сумен жабдықтаудың тұйық жүйелерiн жасауды көздеу қажет.
      3. Су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды және басқа да құрылыстарды қайта бейiмдеу, консервациялау және тарату су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, жер қойнауын пайдалану және қорғау жөніндегi уәкiлеттi органмен және өзге де мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қоршаған ортаға әсердi, анықталған заң бұзушылықтардың жойылуын және келтiрiлген зиянның өтелуiн бағалай отырып жүргiзiледi.
      4. Судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды және басқа да құрылыстарды салу жобалары су объектiлерiн демалыс пен спорт үшiн пайдалану мүмкiндiктерiн ескере отырып жасалады.
      5. Cу объектiлерi арқылы коммуникациялар салу жобалары су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, энергиямен жабдықтау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiлуге жатады және тасқын сулар өткiзудi, су объектiлерiн пайдалану режимiн, судың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болғызбауды, олардың зиянды әсерiнiң алдын алуды қамтамасыз ететiн iс-шаралардың жүргiзiлуiн көздеуге тиiс.
      6. Құрылыс жұмыстарын орындау кезiнде құрылыс салуға бөлiнген жердi қайта өңдеу, аумақтарды абаттау және қоршаған ортаны сауықтыру жөнiнде шаралар қолданылуға тиiс.
       Ескерту. 125-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       126-бап. Су объектiлерiнде және олардың су қорғау
                 аймақтары мен белдеулерiнде жұмыстар жүргiзу

      1. Су объектiлерiндегi немесе су қорғау аймақтарындағы су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн құрылыс, түбiн тереңдету және жарылыс жұмыстары, пайдалы қазбаларды және басқа да ресурстарды өндiру, кабельдердi, құбырлар мен басқа да коммуникацияларды төсеу, орман ағаштарын кесу, бұрғылау және өзге де жұмыстар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен, кеме қатынасына жатқызылған су объектiлерiнде - қосымша су көлiгi органдарымен де келiсiм бойынша жүргiзiледi.
      2. Су объектiлерiнде және олардың су қорғау аймақтарында жұмыстар жүргiзу тәртiбi су объектiлерiнiң жай-күйiн, қоршаған ортаның экологиялық тұрақтылығын сақтау талаптарын ескере отырып, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органмен, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен және өзге де мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша әрбiр су объектiсi бойынша жеке-дара айқындалады.
       Ескерту. 126-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  8-Бөлім. Ерекше мемлекеттік маңызы бар су
объектілеріндегі шаруашылық қызметті
құқықтық реттеу ерекшеліктері

  27-тарау. Ерекше мемлекеттік маңызы
бар су объектілері

       127-бап. Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су
                 объектiлерiндегi шаруашылық қызметтiң
                 құқықтық режимi

      Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерiндегi шаруашылық қызметтi реттеудiң құқықтық режимiне мыналар кiредi:
      1) экономика мүдделерiнiң экологиялық, мәдени және тарихи құрамдас бөлiктермен балансын сақтау негiзiнде аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету;
      2) табиғи су кешенiнiң су объектiлерiндегi судың деңгейiн белгiленген шектi белгiден төмен болмайтындай деңгейде сақтау;
      3) өндiрiстердiң жұмыс iстеуiнiң технологиялық схемалары мен ұйымдастыру-экономикалық нысандарын тұрақты жетiлдiру негiзiнде су ресурстарын тиiмдi пайдалану;
      4) су бассейнi мен су объектiсiнiң жай-күйiн жақсарту;
      5) аймақтың экономикалық, ресурстық әлеуетiн және оның санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық салауаттылығын сақтауда жұртшылықтың рөлiн арттыру;
      6) балық ресурстарын, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiн сақтау және ұдайы молайту;
      7) рекреациялық кешендi дамыту;
      8) заңдылықты және экологиялық құқық тәртiбiн нығайту.

       128-бап. Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су
                 объектiлерiн қорғау ерекшелiктерi

      Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерiн қорғаудың ерекшелiктерi мыналар болып табылады:
      1) аймаққа бөлу және жеке аймақтар бойынша су және экологиялық нормативтер белгiлеу;
      2) су объектiлерiне және олардың экологиялық жүйесiне антропогендiк жүктеме нормалау;
      3) аймақтың су объектiлерiн пайдалану ережелерiн белгiлеу кезiнде олардың ерекшелiктерiн облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының есепке алуы;
      4) өндiрiс қалдықтарын кәдеге жарату кезiнде кешендiлiктi қамтамасыз ету;
      5) су объектiсi бассейнiнiң аумағын су және жел эрозияларынан, шөлейттенуден, батпақтанудан, қайталама сортаңданудан, өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен және басқа да заттармен ластанудан қорғау;
      6) бұзылған cy объектiлерiн және cy қорының жерлерiн қайта өңдеу;
      7) су объектiлерiнiң арналары бойынша табиғат қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық су берудiң шаруашылық су беру алдындағы басымдығы.
       Ескерту. 128-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       129-бап. Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су
                 объектiлерi аймағындағы шаруашылық
                 қызметке қойылатын талаптар

      Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерi аймағын қорғау мақсатында оларда шаруашылық қызметтiң ерекше режимi белгiленедi, ол:
      1) санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық жағдайды сақтау мен жақсартуға бағытталған қызмет түрлерiнiң басымдығын;
      2) су объектiлерiнiң экологиялық жүйесiне шаруашылық қызметтiң әсерiн ұдайы азайтуды;
      3) тұрақты даму принциптерiнде әлеуметтiк-экономикалық мiндеттердi шешудiң және ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерiн қорғаудың баланстылығын көздейдi.

       130-бап. Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерi
                 аумағында тыйым салынған қызмет түрлерi

      Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерiнiң аумағында:
      1) бассейннiң табиғи экологиялық жүйелерiнiң бұзылуын, қоршаған ортаның халықтың өмiрi мен денсаулығына қауiптi өзгерiсiн туғызатын шаруашылық және өзге де қызметке;
      2) радиоактивтi қалдықтарды және зарарсыздандыруға немесе кәдеге жаратуға келмейтiн өнiмдi ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерi аймақтарына әкелуге, сондай-ақ онда сақтауға немесе көмуге;
      3) қамыс шабуға және құрғақ өсiмдiктердi өртеуге, орман ағаштарын тамырымен жұлуға, балық уылдырық шашатын өзендердiң арналарын өңдеуге;
      4) мiндеттi мемлекеттiк экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамасыз аумақта шаруашылық қызметтi және жұмыстар мен қызмет көрсетулердi жүргiзуге тыйым салынады.

       131-бап. Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерi
                 аймағындағы шаруашылық қызметтi реттеуге
                 мемлекеттiң қатысуы

      1. Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерiнiң экологиялық жүйесiн сақтау және қалпына келтiру мақсатында орталық және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) аймақтық және салалық бағдарламаларды әзiрлейдi және iске асырады;
      2) су объектiлерiн кешендi пайдалану мен қорғаудың бассейндiк схемаларын жасау кезiнде аймақтың ерекшелiктерiн ескередi.
      2. Мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктердiң және шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң қызметiн республикалық деңгейде үйлестiру үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi Ұлттық үйлестiру кеңесiн құруы мүмкін.
       Ескерту. 131-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  9-Бөлім. Су қорын пайдалану мен қорғауды реттеудің экономикалық тетігі

  28-тарау. Су пайдалануды реттеудің
экономикалық әдістері

       132-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы
                 экономикалық реттеудiң түрлерi

      Экономикалық реттеудiң негiзгi түрлерi:
      1) су пайдаланушылардан Қазақстан Республикасының салық заңдарында көзделген төлемдер мен алымдарды алу;
      2) су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғаудың бекiтiлген бағдарламаларын әзiрлеу және қаржыландыру;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың ресурстар сақтау, қалдығы аз технологияларды және энергияның дәстүрден тыс түрлерiн енгiзуi және игеруi, су ресурстарын қорғау мен ұтымды пайдалану жөнiндегi басқа да тиiмдi шараларды жүзеге асыруы кезiнде оларға кредиттiк және өзге де жеңiлдiктер беру;
      4) қоғамдық қорлар құру және оларды су объектiлерiн қалпына келтiру мен қорғау үшiн пайдалану болып табылады.

       133-бап. Су ресурстарын пайдаланғаны үшiн ақы төлеу

      1. Қазақстан Республикасында ортақ су пайдалану тегiн жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасында арнайы су пайдалану Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес ақылы негiзде жүзеге асырылады.

       134-бап. Су беру жөнiнде көрсетiлетiн
                 қызметтерге ақы төлеу

      1. Суды алуға, суларды тасымалдауға, бөлуге, тазартуға, су пайдаланушыларға су беру кезiндегi жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарын және басқа да су шаруашылығы iс-шараларын орындауға байланысты көрсетiлетiн қызметтер ақылы негiзде жүзеге асырылады.
      2. Су шаруашылығы жүйелерiнiң қызметтерi үшiн тарифтер Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңдарына сәйкес бекiтiледi.
      3. Су беру жөнiндегi қызметтер үшiн ақы төлеу тәртiбi мен талаптары тараптардың шарттарымен айқындалады.

       135-бап. Су шаруашылығын мемлекеттiк қолдаудың
                 түрлерi және су қорын ұтымды пайдалану
                 мен қорғау жөнiндегi инвестициялық
                 саясаттың принциптерi

      1. Су шаруашылығын мемлекеттiк қолдаудың негiзгi түрлерi:
      1) су шаруашылығы жүйесiнiң мемлекеттiк мекемелерiн ұстау;
      2) су беруге байланысты емес трансшекаралық су шаруашылығы құрылыстарын және республикалық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөнiндегi шығындарды қаржыландыру;
      3) ерекше авариялық қаупi бар су шаруашылығы құрылыстары мен гидромелиорациялық жүйелердi қалпына келтiру жөнiндегi iс-шараларды  қаржыландыру; <*>
      4) су шаруашылығы құрылыстары мен гидромелиорациялық жүйелердiң жаңаларын салуға және қазiр барларын қайта құруға қаржы ресурстарын, оның iшiнде қарыз қаражаттарын тарту;
      5) ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiне су жеткiзiп беру және ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздерi болып табылатын ерекше маңызды сумен жабдықтау топтық жүйесiнен ауыз су беру жөнiнде көрсетiлетiн қызметтердiң құнын субсидиялау;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен су шаруашылығы субъектiлерiне жеңiлдiктi және ұзақ мерзiмдi кредиттер мен басқа да артықшылықтар беру болып табылады.
      2. Су қорын ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi инвестициялық саясаттың негiзгi принциптерi:
      1) қайтарымды негiзде орталықтандырылған инвестициялардың есебiнен су саласын дамытуды мемлекеттiк қолдау;
      2) инвестициялық су шаруашылығы қызметiнде пайдалану үшiн ұйымдардың өз көздерiнiң рөлiн арттыруды ынталандыру;
      3) қарыздарды, оның iшiнде мемлекет кепiлдiктерiн тарту практикасын кеңейту;
      4) инвестицияларға бағытталған бюджет қаражатын жұмсауды мемлекеттiк бақылау болып табылады.
      3. Су шаруашылығын мемлекеттiк қолдау және су қорын ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi инвестициялық саясат Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
       Ескерту. 135-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       136-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау
                 саласындағы сақтандыру

      1. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы сақтандыру су қатынастарының объектiлерiне, басқа адамдардың өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне зиян келтiру салдарынан шарттан туындайтын мiндеттемелер бойынша жауапкершiлiк тәуекелi болған кезде жеке және заңды тұлғалардың мүлiктiк мүдделерiн қорғауға байланысты қатынастар кешенi болып табылады.
      2. Ерiктi сақтандыруды жеке және заңды тұлғалар өз еркi бойынша жүзеге асырады. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы ерiктi сақтандырудың түрлерi, шарттары мен тәртiбi сақтандырушы мен сақтанушылар арасындағы келiсiмдермен айқындалады.

  10-Бөлім. Су даулары және Қазақстан Республикасының
Су заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық

  29-тарау. Су дауларын шешу

       137-бап. Су даулары

      1. Су объектiлерiн, су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану мен қорғау және суды бөлу мәселелерi бойынша су қатынастары субъектiлерiнiң арасында туындайтын даулар су даулары болып табылады.
      2. Су қатынастары субъектiлерiнiң арасындағы су даулары тараптардың келiссөздерi, оларды су пайдаланушылар бiрлестiктерi құрған органдарда, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарында және су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органда немесе соттарда қарау арқылы шешiледi. <*>
       Ескерту. 137-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       138-бап. Өз бетiнше басып алынған су объектiлерi мен су
                 шаруашылығы құрылыстарын қайтару

      Өз бетiнше басып алынған су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстары заңсыз пайдаланылған уақыт iшiнде Қазақстан Республикасының су заңдарының бұзылуынан келтiрiлген зиян өтелiп, иесiне қайтарылады. Өз бетiнше басып алынған су объектiлерiн қайтару Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.

  30-тарау. Қазақстан Республикасының
су заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық

       139-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы
                 заң бұзушылықтар

      1. Cу қорын пайдалану мен қорғау саласындағы заң бұзушылықтар мыналар болып табылады:
      1) су объектiлерiн өз бетiнше басып алу, өз бетiнше су пайдалану, су пайдалану құқығын қайта табыстау, лимиттердi бұзып су алу, гидротехникалық жұмыстарды өз бетiнше жүргiзу, су объектiлерiнен өндiрiлген немесе бөлiнген жер асты және жер үстi суларын қырсыздықпен пайдалану, су қорғау және су шаруашылығы белгiлерiн жою;
      2) жер үстi және жер асты суларының, ауыз сумен жабдықтау көздерiнiң ластануы, қоқыстануы және сарқылуы, су жиналымдарында олардың ластануын, топырақтың су эрозиясын және басқа да зиянды құбылыстарды туғызатын су қорғау режимiнiң бұзылуы;
      3) судың ластануын және қоқыстануын немесе олардың зиянды әсерiн болғызбайтын құрылыстары мен қондырғылары жоқ кәсiпорындарды, коммуналдық және басқа да объектiлердi пайдалануға беру;
      4) судың ластануынан, қоқыстануынан және сарқылуынан қорғауды, сондай-ақ су режимiнiң жай-күйiн жақсартуды қамтамасыз ететiн гидротехникалық, технологиялық, орман-мелиорациялық, санитарлық және басқа да iс-шаралардың жүргiзiлмеуi;
      5) су шаруашылығы құрылыстары мен қондырғыларының, сондай-ақ өртке қарсы сумен жабдықтау жүйелерiнiң зақымдануы;
      6) су шаруашылығы құрылыстары мен қондырғыларын пайдалану ережелерiнiң бұзылуы;
      7) өзендердiң және басқа да су айдындарының жай-күйiне әсер ететiн ғимараттарды, құрылыстарды және басқа да объектiлердi өз бетiнше салу;
      8) өз бетiнше су ұңғымасын бұрғылау және жер асты суларының су тарту тоғандарын салу;
      9) сулардың және оларды пайдаланудың бастапқы есебiн жүргiзу ережесiнiң бұзылуы;
      10) мемлекеттiк су кадастрының есебi мен есептiлiгi деректерiн, су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғау схемаларын бұрмалау;
      11) су ресурстарын оларды кешендi пайдалану, экология мен су бөлу мүдделерiнде реттеуге кедергi жасау.
      2. Қазақстан Республикасының заңдарында су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы өзге де заң бұзушылықтар үшiн жауаптылық белгiленуi мүмкiн.

       140-бап. Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану
                 мен қорғау саласындағы заңдарын бұзғаны үшiн
                 жауаптылық

      Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы заңдарының бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

  11-Бөлім. Трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастық

  31-тарау. Трансшекаралық суларды пайдалану
және қорғау

       141-бап. Трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау
                 саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың
                 негiзгi бағыттары

      Трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың негiзгi бағыттары:
      1) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар жасасу негiзiнде трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау саласындағы мүдделерiн қорғау;
      2) Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар бойынша Қазақстан Республикасының мiндеттемелерiн орындау;
      3) шекаралас елдердiң трансшекаралық сулар бойынша мемлекетаралық қатынастары бөлiгiнде су заңдарын үйлестiру мен жақындастыруға қатысу;
      4) трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық, бағдарламаларды, нормаларды, стандарттарды, жобаларды және мониторингтi бiрлесiп әзiрлеу және iске асыру болып табылады.

       142-бап. Трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау
                 саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың
                 принциптерi

      Қазақстан Республикасы трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау саласындағы өз саясатында мынадай принциптердi басшылыққа алады:
      1) экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және халықаралық табиғат қорғау ынтымақтастығын дамыту;
      2) халықаралық су құқығының жалпы жұрт таныған принциптерi мен нормаларын ескере отырып, трансшекаралық ағын судың барлық елдерiнiң су ресурстарын әдiл, ақылға қонымды және өзара тиiмдi пайдалану құқығын қамтамасыз ету;
      3) болашақ ұрпақтардың қажеттiлiктерiне зиян келтiрмей қазiргi ұрпақтың қажеттiлiктерiн қанағаттандыруды ескере отырып, су ресурстарын басқару;
      4) адамның экологиялық құқықтарының, мүдделерiнiң және трансшекаралық өзендер бассейндерiнiң су шаруашылығы жүйелерiнiң экономикалық даму балансын сақтау;
      5) трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау проблемаларын шешу кезiнде өзара көмек көрсету және даулы мәселелердi бейбiт түрде реттеу;
      6) трансшекаралық сулардың жай-күйiне ықтимал трансшекаралық әсер етудiң алдын алу жөнiндегi сақтық шараларын қамтамасыз ету;
      7) халықаралық жауапкершiлiк және трансшекаралық әсер етуден туындаған залалды өтеу.

       143-бап. Трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау
                 саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың
                 тетiгi

      Трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың тетiгi:
      1) трансшекаралық әсер ететiн немесе әсер етуi мүмкiн қызметтi жүзеге acыру кезiнде трансшекаралық суларды олардың трансшекаралық сипатын ескере отырып, ақылға қонымды және әдiл түрде пайдалануды қамтамасыз етудi;
      2) трансшекаралық суларды экологиялық жағынан негiзделген түрде және ұтымды басқару, қоршаған ортаны сақтау және қорғау негiзiнде пайдалануды;
      3) ластауды қоршаған ортаның басқа құрамдас бөлiктерiне ауысуға әкелмеуге тиiс болатын трансшекаралық суларды ластауды тыю, оны болғызбау, шектеу және қысқарту жөнiндегi шараларды;
      4) трансшекаралық әсер етуден бұзылған экологиялық жүйелердi сақтауды және, қажет болған жағдайда, қалпына келтiрудi;
      5) ағынды суларды ағызудың шектi нормаларын белгiлеудi, су пайдаланудың қазiргi заманғы техникалық жетiстiктерiне және экономикалық ықтимал жағдайларына сәйкес келетiн су сақтаудың қатаң нормаларына бағдарлауды;
      6) трансшекаралық сулар мен су объектiлерiнiң мониторингi бағдарламаларын әзiрлеу мен келiсудi және оларды iске асыруға қатысуды;
      7) трансшекаралық суларды басқаруға, реттеуге және қорғауға қаржылық және техникалық жағынан бiрлесiп қатысуды;
      8) трансшекаралық өзендердiң бассейндерiндегi су шаруашылығы ахуалы туралы ақпарат алмасуды, төтенше су жағдайлары кезiнде шұғыл хабардар етудi және өзара көмек көрсетудi;
      9) нормативтiк-құқықтық базаны бiрегейлендiру, трансшекаралық суларды және оларға байланысты экологиялық жүйелердi қорғау мен қалпына келтiрудiң бiрлескен бағдарламалары мониторингiнiң, оларды әзiрлеудiң және iске асырудың бiрыңғай жүйелерiн құру саласында шекаралас елдермен ынтымақтастықты, осы мақсаттар үшiн халықаралық ұйымдардың қаражатын тартуды;
      10) трансшекаралық сулар мен су шаруашылығы құрылыстарын бiрлесiп пайдалану жөнiнде iс-шаралар әзiрлеудi, келiсудi және жүзеге асыруды;
      11) Қазақстан Республикасы бекiткен трансшекаралық суларды пайдалану және қopғaу саласындағы мемлекетаралық және үкіметаралық келiсiмдердi бiрлесiп iске асыру үшiн қажет болған жағдайда трансшекаралық суларды басқару жөнiндегi мемлекетаралық орган құруды;
      12) трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау жөнiнде аймақтық және ұлттық деректер базасын құруды;
      13) су проблемаларын шешу жөнiнде бiрлескен ғылыми-техникалық зерттеулер жүргiзудi;
      14) трансшекаралық суларды ұтымды пайдалануға және қорғауға байланысты өзге де қызметтi көздейдi.

       144-бап. Трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау
                 саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың
                 экономикалық негiзi

      Трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың экономикалық негiзi:
      1) осы су объектiсiнде және оған iргелес аумақта биологиялық тепе-теңдiктi ұстап тұру, ұдайы молайту және сақтау мақсатында трансшекаралық суларды тиiмдi және ұтымды пайдалануды;
      2) трансшекаралық әсер ету нәтижесiнде кiнәлi тарап келтiрген залал үшiн өтемдiк жауапкершiлiктi;
      3) пайдаланылатын су ресурстарына үлес қосып қатысу принципiнде басқа мемлекеттер пайдаланатын трансшекаралық суларды басқару, реттеу және қорғау жөнiндегi су шаруашылығы объектiлерiн бiржақты пайдалануды жүзеге асыратын мемлекетке шығындарын өтеудi;
      4) мемлекеттердiң бiрiнiң тиiстi бекiтiлген халықаралық шарттардың негiзiнде белгiленген өзiнiң трансшекаралық сулар үлесiн (үлесiнiң бөлiгiн) өтемдiк негiзде екiншi мемлекетке беруiн көздейдi.

       145-бап. Трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау
                 мәселелерi жөнiндегi дауларды реттеу

      1. Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттер арасындағы трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау мәселелерi бойынша даулар ізгi ниет, өзара сыйластық және тату көршiлестiк қатынастар негiзiнде келiссөздер жүргiзу арқылы немесе дауға қатысушы тараптар үшiн қолайлы басқа әдiспен шешiледi.
      2. Келiссөздерде өзара қолайлы шешiмдерге қол жеткiзу мүмкiн болмаған жағдайда, егер трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау жөнiндегi Қазақстан Республикасы бекiткен тиiстi халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, су дауларын шешудiң төрелiк процесi орынды деп танылады.

  32-тарау. Қорытынды ереже

       146-бап. Осы Кодекстi қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Кодекс ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1993 жылғы 31 наурыздағы Қазақстан Республикасының Су  кодексi  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1993 ж., N 7, 149-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 22, 408-құжат; 1999 ж., N 11, 357-құжат; 2001 ж., N 3, 20-құжат; N 24, 338-құжат);
      "Қазақстан Республикасының Су кодексiн күшiне енгiзу туралы" 1993 жылғы 31 наурыздағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң  Қаулысы  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1993 ж., N 7, 150-құжaт).

       Қазақстан Республикасының
      Президентi