"Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлiгiнiң Геодезия және картография комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а. 2019 жылғы 2 тамыздағы № 186/НҚ бұйрығы.

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 17 маусымдағы № 24 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлiгiнiң Геодезия және картография комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлiгiнiң Геодезия және картография комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрық бекітілген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдансын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
      аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы М. Нұрғожин

  Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш
өнеркәсібі министрі
міндетін атқарушының
2019 жылғы 2 тамыздағы
№ 186/НҚ бұйрығымен
бекiтілген

"Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті (бұдан әрі - Комитет) Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) реттеушілік, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын, сондай-ақ Министрліктің геодезиялық және картографиялық қызметі саласындағы стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын ведомствосы болып табылады.

      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет Министрлікке ведомстволық бағынысты, мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлғасы болып табылады, өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрлері мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілсе, ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болады.

      6. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Комитеттің құрылымы мен штат саны лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      8. Комитеттің орналасқан мекенжайы: Қазақстан Республикасы, 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, № 8 үй, "Министрліктер үйі" ғимараты, 13А-кіреберіс.

      9. Комитеттің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттемелерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Комитетке заңнамалық актілерімен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен түскен кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2-тарау. Комитеттің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттемелері

      13. Міндеттері:

      1) геодезия және картография саласын дамыту жөніндегі шараларды іске асыру;

      2) геодезия және картография саласында мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу.

      14. Функциялары:

      1) геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерінің қызметін үйлестіру;

      2) әкімшілік-аумақтық бірліктер арасындағы шекараның өзгерістерін, сондай-ақ жергілікті жердің өзгерістерін және географиялық объектілердің атауларын көрсете отырып, кезекші анықтамалық карта жүргізу;

      3) Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорды қалыптастыру және жүргізу;

      4) Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі мүдделерін ескере отырып, геодезиялық және картографиялық жұмыстардың, аэроғарыштық түсірілім деректері мен материалдарын дайындау, есепке алу, сақтау, көбейту және пайдалану тәртібін регламенттейтін нұсқаулықтарды, нормалар мен қағидалар жобаларын әзірлеу;

      5) мемлекеттік, арнаулы және (немесе) салалық мақсаттағы геодезиялық және картографиялық жұмыстардың орындалуын ұйымдастыру;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес геодезиялық өлшеу құралдарының бірлігі мен дәлдігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыру;

      7) геодезиялық және картографиялық жабдықтарға, аспаптар мен құралдарға бақылау және метрологиялық бақылау жүргізу;

      8) геодезиялық және картографиялық қызметтің басталуы туралы хабарлама берген субъектілердің тізілімін жүргізу;

      9) аэротүсірілім жұмыстарын жүргізуге арналған рұқсаттарды тіркеу, есепке алу және беру;

      10) геодезиялық пункттерді бұзуға немесе қайта салуға (көшіруге) рұқсаттар беру;

      11) Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының материалдары мен деректерін қайтару мерзімдерін белгілеу;

      12) геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілеріне жоспарланып отырған жұмыс учаскелеріндегі жергілікті жердің геодезиялық және картографиялық жағынан зерделенгендігі туралы мәліметтер беру;

      13) Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесіндегі геодезиялық және картографиялық қызметті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен өзара келісілген жұмыс жоспарлары бойынша жүзеге асыру;

      14) республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындар өндіретін топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстардың бағаларын бекіту;

      15) геодезиялық және картографиялық қызметті мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      16) құзыреті шегінде геодезия және картография саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау;

      17) құзыреті шегінде геодезия және картография саласындағы анықталған заңнаманы бұзушылықтарды жою жөнінде орындалуы міндетті нұсқамалар беру;

      18) құзыреті шегінде, геодезиялық және картографиялық жұмыстарды ұйымдастыру мен орындау, сондай-ақ көрсетілген жұмыстарды немесе аэроғарыштық түсірілімдерді жүргізу нәтижесінде алынған геодезиялық және картографиялық материалдар мен деректерді іске асыру тәртібінде анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі талаптарды енгізу;

      19) құзыреті шегінде геодезия және картография саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактілері анықталған жағдайда, геодезиялық және картографиялық жұмыстарды тоқтата тұру;

      20) геодезиялық пункттерді есепке алуды жүргізу және олардың сақталуын қамтамасыз етуді бақылау;

      21) Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының және жергілікті жерлерде әкімшілік-аумақтық бірліктер шекараларының дұрыс көрсетілуін және олардың картографиялық материалдарда көрсетілуін бақылауды жүзеге асыру;

      22) өз құзыреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысу;

      23) Қазақстан Республикасы атынан жасалатын халықаралық шарттар бойынша міндеттемелерді орындау;

      24) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да функцияларды жүзеге асыру.

      15. Құқықтары мен міндеттемелері:

      1) Комитетке жүктелген міндеттер мен функцияларды іске асыруды қамтамасыз етеді;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді;

      3) өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан Комитет құзыретіне кіретін мәселелерді шешуге қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратады және алады;

      4) өз қызметінің барлық мәселелері бойынша ұсыныстар енгізеді;

      5) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттарына қолжетімділікті қамтамасыз етеді;

      6) мемлекеттік көрсетілетін қызметті тұтынушылардың мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі туралы хабардарлығын қамтамасыз етеді;

      7) қоғамдық мониторинг жүргізетін коммерциялық емес ұйымдарға заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті ақпарат беруге қатысады;

      8) мемлекеттік көрсетілетін қызметті тұтынушылардың шағымдары мен өтініштерін қарайды;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттемелерді жүзеге асырады.

3-тарау. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

      16. Комитетке басшылық етуді Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын төраға жүзеге асырады.

      17. Комитеттің төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Комитет төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Комитет төрағасының өкілеттігі:

      1) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      2) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;

      3) өз құзыретінің мәселелері бойынша бұйрықтар шығарады;

      4) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Комитет атынан өкілдік етеді;

      5) геодезия және картография саласын дамыту жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу және бастамашылық жасау, сондай-ақ шараларды іске асыруды ұйымдастырады;

      6) орындаушылық және еңбек тәртібін сақтауды бақылайды;

      7) мемлекеттік сатып алулар қорытындысы бойынша орныдалған жұмыстар актілеріне қол қояды;

      8) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың құзыретіне жататын қызметкерлерді қоспағанда, Комитеттің қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      9) Комитет қызметкерлерін іссапарға жіберу, оларға еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, көтермелеу, үстемақы төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;

      10) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың құзыретіне жататын қызметкерлерді қоспағанда, Комитет қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілік мәселелерін шешеді;

      11) Комитеттің жыл сайынғы жұмыс жоспары мен оның қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есепті әзірлейді және Министрлік басшылығына бекітуге ұсынады;

      12) Комитеттің бюджеттік өтінімдерін дайындауды, Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізуі үшін Министрге ұсынылатын бюджеттік өтінімдерді Министрліктің жауапты хатшысына ұсынуды, сондай-ақ бюджет процесінің өзге де рәсімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді;

      13) Комитеттің қаржыландыру жоспарын әзірлеуді қамтамасыз етеді және Министрліктің жауапты хатшысының бекітуіне енгізеді;

      14) Комитеттің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;

      15) оның құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;

      16) заңнамада белгіленген тәртіппен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларын тағайындайды;

      17) өз құзыреті шегінде Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануына дербес жауапкершілікте болады;

      18) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Комитет төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттігін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны ауыстыратын тұлға орындайды.

      20. Төраға өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Комитеттің мүлкі

      21. Комитеттің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген, мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Комитетке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Комитеттің өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Комитеттің ведомстволық бағынысты ұйымдардың тiзбесi

      1. "Қазгеодезия" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;

      2. "Ұлттық картографиялық-геодезиялық қоры" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.