Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Регламенті

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 1996 жылғы 8 ақпандағы Қаулысы

Қолданыстағы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ
РЕГЛАМЕНТІ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің
1996 жылғы 8 ақпандағы Қаулысымен қабылданған)

(Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің
2005 жылғы 12 қазандағы және
2007 жылғы 17 қазандағы қаулыларымен енгізілген
өзгерістер мен толықтырулармен бірге)

МАЗМҰНЫ

1-бөлім .   ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
2-бөлім .   ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ЖАЛПЫ
           ОТЫРЫСТАРЫН ӨТКІЗУ ТӘРТІБІ
1-тарау .   Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстары
2-тарау .   Дауыс беру және шешімдер қабылдау тәртібі
3-тарау .   Парламент Мәжілісінің заң шығару қызметі.
           Заң жобаларының өту тәртібі
4-тарау .   Парламент Мәжілісінде бастапқы қарауға
           жататын мәселелерді қарау тәртібі
5-тарау .   Парламент Мәжілісінің ерекше қарауына
           жататын мәселелерді қарау тәртібі
6-тарау .   Парламент Мәжілісінің дербес қарауына
           жататын мәселелерді қарау тәртібі
3-бөлім .   ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІ ОРГАНДАРЫН ҚҰРУ ЖӘНЕ
           ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
7-тарау .   Парламент Мәжілісінің Бюросы және оның
           құзыреті
8-тарау .   Парламент Мәжілісінің жұмыс органдары
4-бөлім .   ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ
           ӨКІЛЕТТІГІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ ЖӘНЕ
           ОЛАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
9-тарау .   Алып тасталды
10-тарау .  Парламент Мәжілісі депутаттарының
           өкілеттігі және олардың жауапкершілігі
11-тарау .  Депутаттық сауалдар мен сұрақтар
4-1-бөлім . ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНДЕ ДЕПУТАТТЫҚ
           БІРЛЕСТІКТЕРДІ, ОЛАРДЫҢ ОРГАНДАРЫН ҚҰРУ,
           ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ
           ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ, ДЕПУТАТТЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ
           ӨКІЛЕТТІКТЕРДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІМЕН
           ЖАҒДАЙЛАРЫ
12-тарау .  Парламент Мәжілісінің депутаттық
           бірлестіктері
5-бөлім .   ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРЫ
           ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ӨКІЛЕТТІГІ
13-тарау .  Парламент Мәжілісінің Төрағасы
14-тарау .  Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасарлары
5-1-бөлім . ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ
           ЖӘНЕ ПАРЛАМЕНТАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ
6-бөлім .   ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ
РЕГЛАМЕНТІ

1-бөлім. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1. Парламент Мәжілісінің Регламенті:
      1) Парламент Мәжілісінің отырыстарын өткізу жағдайлары мен тәртібін;
      2) Парламент Мәжілісінің жұмыс органдарын құру тәртібін;
      3) Парламент Мәжілісі мен оның жұмыс органдарының қызметін ұйымдастыруды;
      4) Парламент Мәжілісінің депутаттары мен лауазымды адамдарының өз өкілеттігін жүзеге асыру жағдайлары мен тәртібін;
      5) саяси партиялар фракцияларының жұмысын ұйымдастыру мен жұмыс тәртібінің ерекшеліктерін белгілейді.
      Парламент Мәжілісінің Регламенті, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Палатаның жалпы отырыстарында Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және Парламент Мәжілісінің қаулысымен бекітіледі.
      2. Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстары ашық жүргізіледі. Осы Регламентте көзделген жағдайларда Палата жабық отырыстар өткізуге құқылы.
      3. Парламент Мәжілісі жүз жеті депутаттан тұрады.
      Парламент Мәжілісі депутатының өкілеттігі оны Республиканың Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты ретінде тіркеген кезден басталады.
      4. Парламент Мәжілісінде жұмыс қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

2-бөлім. ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСТАРЫН ӨТКІЗУ
ТӘРТІБІ

1-тарау. Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстары

      5. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысын Мәжіліс Төрағасы шақырады.
      Мәжілістің жалпы отырыстары сәрсенбі және бейсенбі күндері 12 сағат 30 минуттан 14 сағат 30 минутқа дейін үзіліспен сағат 10-нан 18-ге дейін өткізіледі. 17 сағат 30 минуттан 18 сағатқа дейінгі уақыт Мәжілістің ішкі қызметі мәселелерін шешуге арналады.
      Мәжіліс жалпы отырыстарды өткізудің өзге де уақыты туралы шешім қабылдай алады.
      Төрағалық етуші өзінің бастамасы бойынша немесе Парламент Мәжілісінің қатысып отырған депутаттарының көпшілігінің ұсынысы бойынша жалпы отырыстарда үзілістер жариялайды.
      Парламент пен Мәжілістің жалпы отырыстары өткізілмейтін кезеңде депутаттар Парламенттің жұмыс органдарында жұмыс істейді.
      Дүйсенбі, сейсенбі және жұма күндері депутаттар Парламенттің комитеттерінде, комиссияларында жұмыс істейді.
      Парламенттік тыңдау, Мәжіліс ғимаратында өткізілетін өзге де республикалық іс-шаралар, әдетте, жұма күндері, ал»Үкімет сағаты» дүйсенбі күндері өткізіледі.
      Мәжіліс депутаттарының сайлаушылармен өзара қарым-қатынас жасауы үшін оларға тоқсан сайын өңірлерге баруға күнтізбелік он күнге дейін беріледі.
      Парламент палаталарының бірлескен және бөлек отырыстары кезінде Парламенттің жұмыс органдарының отырыстарын өткізуге жол берілмейді.
      6. Егер Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына Палата депутаттары жалпы санының кем дегенде үштен екісі қатысатын болса, жалпы отырыс заңды деп саналады.
      Жалпы отырыстың заңдылығын анықтау үшін ол басталар алдында, сондай-ақ әрбір үзілістен кейін депутаттарды дербес тіркеу өткізіледі. Дауыс берудің алдында депутаттарды қосымша дербес тіркеу өткізілуі мүмкін. Рәсімдік мәселелер бойынша дауыс берудің алдында депутаттарды қосымша дербес тіркеу өткізілмейді.
      6-1. Парламент Мәжілісі жаңа сайланымның бірінші жалпы отырысын Мәжілістің Төрағасын сайлағанға дейін Республика Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы ашады және жүргізеді.
      Мәжілістің Төрағасын сайлағаннан кейін Палатаның жалпы отырысын одан әрі Парламент Мәжілісінің Төрағасы жүргізеді.
      6-2. Мәжілістің бірінші жалпы отырысында төрағалық етуші Мәжілістің бірінші жалпы отырысы ашылатын күнге жасалған, Орталық сайлау комиссиясы ресми тіркеген депутаттар тізіміне сәйкес Мәжілістің сайланған депутаттарының тектерін Палатаға хабарлайды.
      6-3. Жаңа сайланымның бірінші жалпы отырысында Мәжіліс Палатаның сайланған депутаттары санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы:
      1) электрондық жүйені қолдануды бақылау жөніндегі уақытша комиссияны;
      2) Мәжілістің Регламенті жөніндегі уақытша комиссияны сайлайды.
      Бұл мәселелер бойынша Мәжілістің шешімдері қаулымен бекітіледі.
      6-4. Қазақстан Республикасы Конституциясы 70-бабының 1-тармағына сәйкес жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында Республика Премьер-Министрі Үкіметке сенім туралы мәселе қояды. Үкіметке сенім туралы мәселе Мәжілістің жалпы отырысында қаралады. Мәселені отырыстың күн тәртібіне енгізгеннен кейін Мәжіліс Төрағасы Премьер-Министрдің тиісті хатын оқып береді.
      Премьер-Министр Палата алдында сөз сөйлеуге құқылы. Сөйлеу уақыты - он минутқа дейін. Отырысқа қатысушы депутаттар Үкіметке сенім туралы мәселе бойынша Премьер-Министрге сұрақ қоюға және өз пікірін білдіруге құқылы. Егер депутаттар талап етіп сұрамаса, Үкіметке сенім туралы мәселе бойынша жарыссөз ашылмауы мүмкін.
      Егер Палата дауыс берудің өзгеше тәртібін белгілемесе, осы мәселе бойынша шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Шешім Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданып, Палата қаулысымен ресімделеді.
      7. Төрағалық етуші Мәжілістің жалпы отырысында:
      1) Палатаның жалпы отырыстарын ашады, жүргізеді және жабады;
      2) отырыстың басында депутаттар дербес тіркелгеннен кейін Палата отырысына дәлелді себеппен қатыспай отырған депутаттардың тізімін жария етеді;
      3) жарыссөзде сөйлеу үшін электрондық жүйе арқылы жазылғандар туралы мәліметті жария етеді. Бұл ретте сөз сөйлеуге жазу әрбір қаралатын мәселе бойынша жеке жүргізіледі;
      4) сөз сөйлеу үшін электрондық табло бойынша қатаң түрде кезектілік тәртібімен сөз береді;
      5) сөйлеуші Регламентті бұзған жағдайда - оған ескерту жасауға, ал қайталап бұзған ретте сөзден айыруға құқылы;
      6) рәсімдік мәселелер бойынша кезектен тыс сөз береді;
      7) заңдардың, Мәжіліс қаулылары мен басқа да актілерінің жобалары, депутаттардың жалпы отырыста қаралатын мәселелер жөніндегі ұсыныстары бойынша дауыс беруді ұйымдастырады және дауыс беру нәтижелерін жариялайды;
      8) жалпы отырыстың осы Регламентте белгіленген тәртібін қамтамасыз етеді.
      Мәжілістің жалпы отырысында мәселелерді талқылау кезінде төрағалық етушінің депутаттардың сөздеріне баға беруге және түсініктеме беруге құқығы жоқ.
      8. Жалпы отырыстың күн тәртібі және мәселелерді қарау реті Бюрода (соның ішінде сұрау салу арқылы) алдын ала қаралады және жалпы отырыста Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы бекітіледі.
      Күн тәртібі мен жұмыс реті жөніндегі ұсыныстар мен ескертпелер әрбір ұсыныс бойынша Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
      9. Палатаның жалпы отырыстарында баяндамалар үшін - отыз минутқа дейін, қосымша баяндамалар үшін - жиырма минутқа дейін, жарыссөзде сөз сөйлеу үшін - он минутқа дейін, жарыссөзде қайта сөз сөйлеу үшін - бес минутқа дейін, кандидатураларды талқылау кезінде - үш минутқа дейін, рәсімдік мәселелер бойынша сөз сөйлеу үшін, анықтамалар мен сұрақтар үшін екі минутқа дейін уақыт беріледі. Белгіленген уақыттан асып кеткен кезде микрофон автоматты түрде өшіріледі. Қажет болған жағдайда төрағалық етуші екі минуттан аспайтын қосымша уақыт беруі мүмкін.
      Сұрақтар қою және оларға жауап қайтару үшін - бір сағаттан аспайтын, ал жарыссөз үшін бір жарым сағаттан аспайтын уақыт бөлінеді. Жарыссөз аяқталғаннан кейін баяндамашы мен қосымша баяндамашының он минут шегінде қорытынды сөз сөйлеуге құқығы бар.
      Палата депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен өзге де уақыт белгілей алады.
      Сөз мінберден немесе орыннан сөйленеді, бірақ талқыланып жатқан мәселе бойынша сөз сөйлеу екі реттен аспауға тиіс. Сөз беру туралы өтініш орнынан беріледі.
      Қазақстан Республикасының Президентіне оның өтініші бойынша сөз сөйлеу үшін кез келген уақытта сөз беріледі.
      Мәжіліс Төрағасының, Премьер-Министр мен Үкімет мүшелерінің, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының, Мемлекеттік хатшының, Президент Әкімшілігі Басшысының, Президент пен Үкімет өкілдерінің өтініші бойынша талқыланып жатқан мәселе бойынша сөйлеу үшін сөз кезектен тыс беріледі.
      Мәжіліс отырысында төрағалық етушінің рұқсатынсыз ешкімнің де сөз сөйлеуге құқығы жоқ.
      Жалпы отырыстарды өткізу кезінде отырыс залында ұялы телефондарды, радиотелефондарды, пейджерлерді және өзге де байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салынады.
      10. Мәжілістің жалпы отырыстары ашық жүргізіледі.
      Жалпы отырысқа қатысу қажеттігі туралы Палатаның шешімі қабылданған мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымды адамдары Парламент Мәжілісінің отырысына келуге және өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажетті түсіндірмелер беруге міндетті. Парламент Мәжілісінің Республика Президентіне қатысты мұндай шешімдер қабылдауға құқығы жоқ.
      Күн тәртібінде қаралатын мәселелер бойынша Мәжілістің жалпы отырысына шақырылатын адамдардың тізімін Палатаның тұрақты комитеттері айқындайды.
      Шақырылған адамдардың Мәжіліс қызметіне араласуға құқығы жоқ, олар оның жұмысын мақұлдайтынын немесе мақұлдамайтынын көрсетпеуге, белгіленген тәртіпті сақтауға және төрағалық етушінің өкімін орындауға міндетті.
      Мәжіліс Аппаратының Басшысы шақырылған адамдарды олардың отырыс залында қатысып отыру қажеттігі туралы және қарауға жататын мәселелер туралы алдын ала хабардар етеді.
      Шақырылған адамдарды Мәжілістің отырыс залына кіргізу тәртібін Мәжіліс Аппаратының Басшысы айқындайды.
      11. Мәжіліс депутатының ұсынысы бойынша, егер қатысып отырған депутаттар жалпы санының көпшілігі жақтап дауыс берсе, Палата жабық отырыстар өткізе алады.
      Республика Президенті, Премьер-Министрі мен Үкімет мүшелері, Ұлттық Банкінің Төрағасы, Бас Прокурор, Республика Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Президент Әкімшілігінің Басшысы Мәжілістің кез келген жалпы отырысына қатысуға құқылы.
      Президенттің, Үкімет пен Бас Прокурордың Мәжілістегі өкілдері Палата комитеттерінің отырыстарына, Мәжілістің жалпы отырыстарына қатысуға құқылы және қажет болған жағдайда анықтамалар беріп, хабарламалар жасай алады.
      12. Парламент Палатасының жалпы отырыстары стенограммаға түсіріледі және олардың бейнежазбасы жүргізіледі. Стенограммаға отырыста төрағалық етуші қол қояды. Депутаттарға стенограмманы не одан үзіндіні олардың талап етуі бойынша Палатаның Аппараты береді.
      13. Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеушінің депутаттық әдеп ережелерін бұзуға, өз сөзінде депутаттар мен басқа да адамдардың ар-ожданы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін дөрекі, қорлайтын сөздер айтуға, кімнің болса да атына негізсіз кінә тағуға, көрінеу жалған хабарламаны пайдалануға, заңсыз әрекеттерге шақыруға құқығы жоқ.
      Бұл талап бұзылған жағдайда төрағалық етуші сөз сөйлеушіге ескерту жасайды, ал қайталап бұзылған кезде оны сөзден айырады.
      Депутатты өзіне бөлінген уақыт ішінде:
      1) сөз сөйлеу уақыты біткен;
      2) талқыланып жатқан мәселе тақырыбынан ауытқыған;
      3) осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптар бұзылған жағдайлардан басқа реттерде, төрағалық етуші сөзден айыра алмайды.
      14. Жарыссөз барысында төрағалық етуші талқыланып отырған мәселе бойынша пікірлердің әралуандығын қамтамасыз етеді.
      Жарыссөз бөлінген уақыт аяқталғанда не жалпы отырысқа қатысып отырған депутаттар көпшілігінің шешімі бойынша ашық дауыс беру арқылы тоқтатылады. Жарыссөзді тоқтату туралы шешім қабылданғаннан кейін төрағалық етуші Палата депутаттарына сөзге жазылған және сөз сөйлеген депутаттардың саны туралы хабарлайды, кім сөз сөйлеуді талап ететінін анықтайды және қатысып отырған депутаттардың көпшілігі келіскен жағдайда оған сөз береді.
      Жарыссөздің тоқтатылуына байланысты сөз сөйлей алмай қалған депутаттар өз сөздерінің қол қойылған мәтіндерін Мәжіліс жалпы отырысының стенограммасына тіркеп қоюға құқылы.

2-тарау. Дауыс беру және шешімдер қабылдау тәртібі

      15. Мәжіліс өз құзыретінің мәселелері бойынша қаулылар қабылдайды.
      Парламент Мәжілісі өз құзыретінің мәселелері бойынша үндеулер, декларациялар, мәлімдемелер және заңдық сипаты жоқ өзге де актілер қабылдауға құқылы. Оларды қабылдау Парламент пен Мәжіліс регламенттерінде белгіленген шарттар мен талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
      16. Алып тасталды.
      17. Конституциялық заңдардың жобасы Мәжіліс депутаттары жалпы санының кемінде үштен екі бөлігінің даусымен мақұлданады.
      Парламент Мәжілісі конституциялық заңның жобасын Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылдамауға құқылы. Қабылданбаған конституциялық заңның жобасы бастамашысына қайтарылады.
      18. Егер Республика Конституциясында өзгеше көзделмесе, заң жобалары Палатаның жалпы отырыстарында Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен мақұлданады.
      19. Парламент Мәжілісі шешімді өз құзыретіне сәйкес өзінің жалпы отырыстарында дауыс беру арқылы қабылдайды.
      Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында дауыс беру:
      1) дауыстарды санаудың электронды жүйесін пайдалану арқылы;
      2) қол көтеру арқылы;
      3) бюллетеньдерді пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
      Дауыстарды санаудың электронды жүйесін пайдалану арқылы дауыс беруді өткізген кезде депутат дауыс берудің дербес нәтижелері бар тізімді алуға құқылы.
      Депутаттардың дауыс беру үшін қажетті саны болмаған жағдайда төрағалық етуші кворумды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданады. Кворумды қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда төрағалық етуші дауыс беруді Палатаның келесі жалпы отырысына қалдырады.
      Өткізілген дауыс беру рәсімі мен техникасында қателер анықталған жағдайда Палатаның шешімімен қайта дауыс беру өткізіледі.
      Дауыстарды санаудың электрондық жүйесінің пайдаланылуын бақылауды Мәжілістің электрондық жүйенің пайдаланылуын бақылау жөніндегі уақытша комиссиясы жүзеге асырады.
      Әрбір мәселе бойынша дауыс беру нәтижелері мен қабылданған шешімдер Палата жалпы отырысының стенограммасына түсіріледі.
      20. Палатаның рәсімдік мәселелер жөніндегі шешімдері қаулы қабылдамай жалпы отырысқа қатысып отырған депутаттардың көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады және жалпы отырыстардың стенограммасына түсіріледі.
      Рәсімдік мәселелерге:
      1) жалпы отырыстың үзілісі туралы;
      2) жалпы отырысты басқа уақытқа ауыстыру туралы;
      3) мәселелерді талқылау кезектілігі туралы;
      4) жарыссөзді тоқтату немесе жалғастыру туралы;
      5) сұрақ қоюды тоқтату туралы;
      6) дауыс беру тәсілдері туралы;
      7) сөз сөйлеу уақытын шектеу немесе ұзарту туралы;
      8) кворумды растау және дауыстарды қайта санау туралы;
      9) қайта дауыс беруді өткізуге қайтып оралу туралы мәселелер жатады.
      21. Дауыс беру басталар алдында төрағалық етуші дауысқа қойылатын ұсыныстардың санын жариялайды, олардың тұжырымдамаларын нақтылайды, депутаттардың қайсысы өз түзетулерін алып тастайтынын анықтайды, шешімді қандай көпшілік дауыспен қабылдауға болатынын еске салады.
      Палата қарап жатқан мәселе бойынша бірнеше ұсыныс енгізілген жағдайда төрағалық етуші енгізілген барлық ұсыныстарды олардың келіп түсу ретімен дауысқа салады.
      Төрағалық етуші дауыс берудің басталғаны туралы хабарлағаннан кейін ешкім дауыс беруді бұзуға құқылы емес.
      Төрағалық етуші дауыс беру аяқталғаннан кейін дауыс беру нәтижелерін және қабылданған шешімді жариялайды.
      22. Дауыс беру кезінде депутат әр мәселе бойынша бір дауысқа ие болады, ол бұл дауысын шешімнің қабылдануын "жақтап" немесе "оған»қарсы" береді не шешім қабылдаудан қалыс қалады.
      Дауыс беру кезінде болмаған депутат кейіннен дауыс беруге құқылы емес.
      23. Алып тасталды.
      24. Бюллетеньдерді пайдалану арқылы жасырын дауыс беру өткізген кезде Палата депутаттар арасынан Санақ комиссиясын сайлайды. Кандидатуралары сайланбалы органдардың құрамына немесе лауазымды адамдар қызметіне ұсынылған депутаттар Санақ комиссиясына кірмейді. Санақ комиссиясының сайланғаны туралы Палата қаулы қабылдайды.
      Санақ комиссиясы өз құрамынан комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды. Санақ комиссиясының шешімі комиссия мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең бөлінген жағдайда төрағаның даусы шешуші болып табылады.
      Дауыс беруге арналған қажетті хабарламасы бар бюллетеньдер Санақ комиссиясының бақылауымен ол белгілеген нысан бойынша және белгілі бір мөлшерде әзірленеді.
      Дауыс беру уақыты мен орнын, оны өткізу тәртібін Санақ комиссиясы белгілейді және оларды Санақ комиссиясының төрағасы жариялайды.
      Әр депутатқа Санақ комиссиясының төрағасы қол қойған бір бюллетень беріледі. Бюллетеньдердің жалпы саны Мәжіліс депутаттарының тізімдік құрамы санынан аспауға тиіс.
      Палата депутаттарына жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер олардың депутаттық куәлігін көрсетуі бойынша беріледі. Депутат бюллетеньдерді жасырын дауыс беруге арналған кабинада - бюллетеньдегі өзі жақтап дауыс беретін кандидаттың тегінің оң жағына белгі қою, ал шешімнің жобасы жөніндегі бюллетеньде ұсынылатын шешімдер нұсқаларының бірінің оң жағындағы "жақтап" не "қарсы" деген сөздердің біреуін белгілеу арқылы толтырады.
      Белгіленбеген нысандағы бюллетеньдер, ал лауазымды адамдарды сайлаған кезде бір қызметке бір кандидатурадан артық белгіленген бюллетеньдер де жарамсыз деп есептеледі. Бюллетеньге қосымша жазылған тектер дауыстарды санаған кезде есепке алынбайды. Біреуден артық шешім жобасы белгіленген бюллетеньдер жарамсыз деп есептеледі.
      Толтырылмаған бюллетеньдер және барлық кандидаттардың тектері белгіленбеген бюллетеньдер жарамды деп танылады, алайда дауыстарды санаған кезде есепке алынбайды.
      Санақ комиссиясы дауыс беруге арналған жәшікті дауыс беру аяқталғаннан кейін ашуға тиіс. Жәшікті дауыс беру аяқталғанға дейін ашуға тыйым салынады.
      Дауыс беруге арналған жәшікті ашудың алдында Санақ комиссиясы пайдаланылмаған барлық бюллетеньдерді санайды және жояды.
      Жәшікті ашу комиссия мүшелерінің барлығының қатысуымен жүзеге асырылады. Санақ комиссиясы жасырын дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасайды, оған Санақ комиссиясының барлық мүшелері қол қояды. Палата Санақ комиссиясының баяндамасы бойынша Санақ комиссиясының жасырын дауыс беру нәтижелері туралы хаттамасын Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы бекітеді.
      Өткізілген дауыс беру рәсімі мен техникасында қателер анықталған жағдайда Палатаның шешімі бойынша қайта дауыс беру өткізіледі.
      Дауыс беру кезінде болмаған Парламент Мәжілісінің депутаты кейіннен дауыс беруге құқылы емес.

3-тарау. Парламент Мәжілісінің заң шығару қызметі.
Заң жобаларының өту тәртібі

      24-1. Заң шығару бастамасы құқығы субъектісінің заң немесе Парламенттің өзге де заң актісі жобасының мәтінін Парламенттің міндетті қарауына арнайы енгізуі заң шығару бастамасы болып табылады.
      24-2. Заң шығару бастамасы құқығы тек қана Парламент Мәжілісінде іске асырылады және:
      1) Мәжіліске заңнамалық актінің жобасын енгізу туралы шешімді арнаулы жолдаумен ресімдейтін Республика Президентіне;
      2) Мәжіліске заңнамалық актінің жобасын енгізу туралы шешімді тиісті ұсынумен ресімдейтін Парламент депутаттарына;
      3) Мәжіліске заңнамалық актінің жобасын енгізу туралы шешімді Үкіметтің тиісті қаулысын шығару жолымен қабылдайтын Республиканың Үкіметіне беріледі.
      24-3. Республика Президенті, депутаттар және Үкімет енгізген заң жобалары Парламент Мәжілісінің қаулысымен қарап, қорытынды әзірлеу үшін Мәжілістің тиісті тұрақты комитеттеріне жіберіледі және ол бойынша Палатаның барлық тұрақты комитеттерінің және Палата Аппаратының тиісті Бөлімінің қорытындылары болған кезде ғана оның жалпы отырысында қаралуы мүмкін.
      Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген негіздер бойынша Парламент депутатының өкілеттігі тоқтатылған жағдайда, ол бастамашы болған заң жобасы Палатаның жалпы отырысында қаралғанға дейін, Парламент Мәжілісінің ол бастамашы болған заң жобасын жұмысқа қабылдау туралы қаулысы Палатаның жалпы отырысында күші жойылды деп танылады.
      24-4. Мемлекеттік кірістердің қысқаруын немесе мемлекеттік шығыстардың ұлғаюын көздейтін заң жобалары Республика Үкіметінің оң қорытындысы болған кезде ғана енгізілуі мүмкін.
      Парламент Мәжілісіне Республика Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары үшін мұндай қорытынды талап етілмейді.
      24-5. Заң шығару бастамасы құқығын жүзеге асыру тәртібіне байланысты өзге де мәселелер осы Регламентпен шешіледі.
      25. Заң шығару бастамасы құқығы:
      1) Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің жобаларын енгізу;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер, толықтырулар енгізу және олардың күші жойылды деп тану туралы жобаларды енгізу;
      3) Парламент пен Мәжілістің нормативтік қаулыларының жобаларын енгізу нысандарында жүзеге асырылады.
      25-1. Заң актісінің жобасын енгізген заң шығару бастамасы құқығының субъектісі оны қараудың кез келген кезеңінде өзінің бастамасын қайтып алуға құқылы.
      Заң шығару бастамасын қайтып алу жазбаша түрде ресімделуге және Мәжіліс Төрағасының атына жіберілуге тиіс. Заң шығару бастамасы құқығын бірнеше депутат пайдаланған жағдайда, заң актісінің жобасын қайтып алу оның барлық бастамашыларының қолдарымен бекітілуге тиіс. Республика Үкіметі енгізген заң жобасы тиісті қаулымен қайтарылады.
      26. Қағаз және электрондық жеткізгіштердегі заң жобасы қажетті қосымшаларымен (заң жобасы жөніндегі материалдар) бірге Мәжіліске мемлекеттік тілде және орыс тілінде енгізіледі, мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі мәтіндердің бірдейлігін алдын ала тексеру нәтижелері бойынша оң қорытынды болған жағдайда бес жұмыс күні ішінде Палатаның Аппаратында тіркеліп, Палата басшылығына жіберіледі.
      26-1. Қазақстан Республикасының Президенті енгізген заң жобалары бойынша материалдарда Мемлекет басшысының арнаулы жолдауы болуға тиіс.
      27. Заң жобасы бойынша тапсырылатын материалдарда:
      1) жобаны Үкімет енгізген жағдайда, Үкіметтің қаулысы;
      2) егер заң жобасына депутат (депутаттар) бастамашы болса, оның (олардың) ұсынуы;
      3) заңды қабылдау қажеттігінің негіздемесі, оның мақсаты мен міндеттерінің сипаттамасы бар түсіндірме жазба:
      4) егер заңның жүзеге асырылуы шығындарды қажет ететін болса, қаржы-экономикалық есептер;
      5) депутат бастамашы болған және мемлекеттік кірістердің қысқаруын немесе мемлекеттік шығыстардың ұлғаюын көздейтін заң жобасы бойынша Үкіметтің оң қорытындысы;
      6) қабылданатын заң қолданылған кезде болуы мүмкін экономикалық, әлеуметтік, заңдық, экологиялық салдарлардың болжамы;
      7) халықаралық шарттарды ратификациялау және денонсациялау туралы заң жобаларын қоспағанда, ғылыми сараптаманың қорытындысы;
      8) жобаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган, жұмыс тобының құрамы(егер ол құрылса), заң жобасы бойынша баяндамашы туралы мәліметтер көрсетілетін анықтама парақ;
      9) осы заңның қабылдануына байланысты өзгертілуге, толықтырылуға немесе күшін жоюға тиісті заң актілерінің тізбесі және осы заңды жүзеге асыруға қажетті нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу туралы ұсыныстар болуға тиіс.
      Материалдар мемлекеттік тілде және орыс тілінде тапсырылады.
      Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын енгізген кезде өзгерістер мен толықтырулардың заң техникасы сақтала отырып, орындалған тиісті негіздемесімен қоса баптардың қолданыстағы және жаңа редакциясының салыстырма кестесі беріледі.
      Егер заң жобасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесін қозғайтын болса, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестігінің сараптамалық қорытындысы табыс етіледі.
      Халықаралық шарттарды ратификациялау туралы заң жобасын енгізген кезде ратификациялауға енгізілетін мемлекеттік тілдегі, орыс тіліндегі және оларға қол қойылатын, түрліше түсінік туындаған жағдайда басымдық берілетін, қол қойылған өзге де тілдердегі құжаттардың Сыртқы істер министрлігі растаған көшірмелері қоса беріледі.
      Заң жобасымен бірге тәуелсіз сараптаманың қорытындысы табыс етілуі мүмкін.
      Палатаның Аппараты қажетті қосымшалардың бірі болмаған, сондай-ақ олардың мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі мәтіндері бірдей болмаған жағдайда құжаттарды тіркемей, белгіленген талаптарды орындау үшін заң жобасының бастамашысына бес күн ішінде қайтарып береді.
      28. Тіркелген заң жобасы алдын ала қарап, онымен одан әрі жұмыс істеу тәртібі туралы ұсыныстар әзірлеу үшін Мәжіліс қаулысымен тиісті комитетке (комитеттерге) жіберіледі. Егер заң жобасы екі және одан да көп комитетке жіберілген болса, онда қаулыда бірінші аталған комитет бас комитет болып есептеледі.
      Қорытындыны әзірлеуге қажетті мерзім тапсырмада көрсетіледі және ол тіркелген заң жобасы тиісті комитеттер мен Палата Аппаратының Заңнама бөліміне келіп түскен күннен бастап отыз күнтізбелік күннен кем болмауға тиіс.
      Егер Республика Президенті заң жобасын жедел қарауды арнайы жолдаумен жария етсе, Палата бас комитетінің қорытындыны әзірлеуіне қажетті мерзім жеті күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
      29. Заң жобасын қарау, заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу тәртібін Палатаның тиісті комитеті дербес белгілейді.
      Палатаның комитеті жұмыс топтарының құрамына заң жобасының бастамашыларын, мемлекеттік органдар, консультациялық-кеңесші органдар, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми мекемелер өкілдерін, сарапшыларды, мамандарды, шаруашылық жүргізуші субъектілер басшыларын тартуға құқылы.
      Тұрақты комитет заң жобасын тәуелсіз ғылыми және өзге де сараптамаға жіберуге құқылы.
      Палата Аппараты тұрақты комитеттің сұратуы бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үлгі заңдарын және халықаралық практикада қолданылып жүрген соларға ұқсас заңдарды табыс етеді.
      Палатаның комитеттері балама заң жобаларын негізгі жобамен бір мезгілде қарайды және әрбір жоба бойынша жеке-жеке қорытынды әзірленеді.
      30. Заң жобасын комитеттерде талқылау ашық өткізіледі. Комитет заң жобасын талқылаудан бес күн бұрын депутаттарды хабардар етеді. Комитет заң жобасын қарау нәтижелері бойынша қорытынды қабылдайды.
      31. Алып тасталды.
      32. Бас комитет жалпы отырыстың қарауына әзірленген заң жобасын, оған қоса тіркелген материалдарды, сондай-ақ Аппараттың Заңнама бөлімінің қорытындысын Мәжіліс жалпы отырысының қарауына енгізу үшін оның отырысына дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей Палатаның Бюросына жібереді.
      Комитет Мәжілістің заң жобасын қарауына адамдар шақыру туралы ұсынысты да енгізеді.
      33. Палатаның Бюросы бас комитеттің қорытындысын ескере отырып, заң жобасын жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізу туралы ұсыныс жасайды.
      Жалпы отырыстың күн тәртібі және Мәжілістің қарауына енгізілетін мәселелерге қатысты барлық қажетті материалдар депутаттарға Палатаның жалпы отырысына дейін үш күннен кешіктірілмей таратылады.
      34. Егер Палата нақты жобаға қатысты басқа шешім қабылдамайтын болса, Мәжілістің жалпы отырыстарында заңдардың, оның ішінде конституциялық заңдардың жобаларын қарау бір оқылымда жүзеге асырылады.
      Кодекстің жобалары, оларға өзгерістер мен толықтырулар кемінде екі оқылымда қаралады.
      35. Заң жобасының бастамашысы тапсырған нұсқадағы заң жобасының мәтіні мен оған қоса тіркелген материалдар бұл заң жобасы жалпы отырыста қарардан кемінде он күн бұрын депутаттарға беріледі.
      36. Палата заң жобасының бірінші оқылымы кезінде осы жоба бастамашысының баяндамасы мен бас комитеттің қосымша баяндамасын тыңдайды, заң жобасының тұжырымдамалық ережелерін талқылап, түзетулер түрінде ұсыныстар мен ескертпелер айтады.
      Баяндамалар мен қосымша баяндамалардың мәтіндері ілеспе аударма жасау үшін қазақ тілінде және орыс тілінде дер кезінде, бірақ жалпы отырыс басталардан кемінде екі сағат бұрын Аппаратқа беріледі.
      Мәжіліс талқылау нәтижелері бойынша заң жобасының негізгі ережелерін мақұлдайды немесе оны қабылдамай тастайды.
      37. Егер оқылым барысында Палата тапсырылған жоба оның тұжырымдамасын немесе жекелеген баптарының мазмұнын өзгертетін түзетулерді талап етпейді деп таныса, Палата оны мақұлдайды.
      Белгілі бір мәселе бойынша балама заң жобалары енгізілген жағдайда Палата оларды оқылым барысында бір мезгілде талқылайды және қаралып отырған жобалардың қайсысын екінші оқылымға әзірлеу үшін негізге алу туралы шешім қабылдайды.
      Бірінші оқылымда қаралған заң жобасы жөніндегі шешім, егер ол Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен бекітілген болса, қабылданды деп есептеледі. Мұндай шешім Мәжілістің қаулысымен ресімделеді.
      38. Депутаттар бірінші не екінші (келесі) оқылымдарда мақұлданған заң жобасына түзетулерді, оларды қабылдау қажеттігі жөніндегі негіздемемен бірге жазбаша түрде заң жобасы бойынша екінші (келесі) оқылым басталардан кемінде он күн бұрын бас комитетке береді.
      Егер заң жобасына ұсынылған түзету мемлекеттік кірістердің қысқаруына немесе мемлекеттік шығыстардың ұлғаюына әкеп соғатын болса, онда заң жобасын қарау тапсырылған бас комитет ұсынылған түзетуді қорытынды беру үшін Үкіметке жібереді. Үкімет осы түзетулер бойынша қорытындыны Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентінде белгіленген мерзімде береді.
      Үкіметтің қорытындысы бойынша қосымша түсіндірмелер қажет болған жағдайда, комитет оларды Үкіметтен талап етуге құқылы.
      39. Бас комитет заң жобасына енгізілген түзетулерді қарап, оны екінші оқылымға әзірлейді.
      Түзетулерді енгізген депутаттар заң жобасын бас комитетте талқылау барысында олардың мазмұнын нақтылауға құқылы, бас комитет отырыстың өтетін уақыты мен орны туралы депутаттарды дер кезінде хабарландырады. Мәжілістің Бюросы пысықталған заң жобасын екінші оқылымға енгізеді.
      Бірінші оқылымда қабылданған нұсқаға қатысты ұсынылатын өзгерістермен қоса салыстырма кесте және олардың негіздемесі, сондай-ақ заң жобасын пысықтау барысында қабылданбай тасталған түзетулер, оларды екінші оқылымда қарау үшін заң жобасының мәтініне қоса беріледі.
      40. Заң жобасының екінші оқылымы кезінде осы заң жобасы бойынша бас комитеттің төрағасы немесе комитет мүшелерінің бірі, не Үкіметтің өкілі баяндама жасайды. Баяндама бойынша жарыссөз ашылмайды.
      Заң жобасын талқылау баптар бойынша, бөлімдер бойынша немесе тұтастай жүргізіледі. Талқылау кезінде заң жобасының жекелеген бөліктері немесе ол тұтастай Палатаның тиісті комитеттеріне пысықтауға қайтарылуы мүмкін. Екінші оқылым барысында заң жобасын қарау кезінде жазбаша түрде енгізілген түзетулер ғана қаралады.
      Палата комитеттердің түзетулер бойынша қорытындыларын тыңдайды. Комитет қорытындысымен келіспеген авторлар енгізілген түзетулерді негіздеп сөз сөйлеуге құқылы. Палата депутатының талап етуі бойынша енгізілген түзету дауысқа салынады. Әрбір түзету дауысқа жеке-жеке салынады. Егер жобаның бір бабына бірнеше түзету енгізу ұсынылса, онда олардың ішіндегі қабылдануы немесе қайтарылып тасталуы өзге түзетулер туралы мәселені шешуге мүмкіндік беретін түзетулер дауысқа алдымен салынады.
      Мемлекеттік бюджеттің қосымша шығыстарын тартуға не кірістерін кемітуге әкеп соғуы мүмкін түзетулер енгізілген жағдайда, Палата Үкіметтен қорытынды талап етеді не комитетке пысықтауға жібереді.
      41. Енгізілген түзетулермен бірге заң жобасының әрбір бабы не тарауы немесе бөлімі жеке-жеке, ал содан соң бүкіл жоба тұтастай дауысқа салынады. Егер бірде-бір депутат осы тәртіпке қарсылық білдірмесе, Палата тұтастай заң жобасы бойынша бірден дауыс беру туралы шешім қабылдай алады.
      Екінші оқылымда заң жобасын қарау нәтижелері бойынша Палата мынадай шешімдердің біреуін қабылдайды:
      1) мақұлдау;
      2) пысықтау үшін комитетке қайтару;
      3) келесі оқылымдарды өткізу;
      4) қабылдамау.
      42. Мәжіліс қарап, мақұлдаған, бас комитет төрағасы мен Мәжіліс Аппараты тиісті бөлімдерінің басшылары алдын ала қол қойып бекіткен конституциялық заң жобасы немесе заң жобасы Палатаның қаулысымен бірге ол мақұлданған күннен бастап он күннің ішінде Палата Аппараты арқылы Парламент Сенатының қарауына беріледі.

Сенат қабылдамай тастаған заң жобаларын қарау

      43. Мәжіліс мақұлдаған конституциялық заң жобасын немесе заң жобасын Сенат тұтастай қабылдамауға құқылы.
      44. Мәжіліс мақұлдаған конституциялық заң жобасын немесе заң жобасын Сенат тұтастай қабылдамаған жағдайда, ол қабылдамаудың дәлелді негіздемесімен Мәжіліске қайтарылады. Мәжіліс Бюросы заң жобасын қоса тіркелген құжаттарымен бірге бас комитетке береді, ол Сенаттың қайтару негіздемелерін қарап, олар бойынша қорытынды береді және туындаған келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі өз ұсыныстарын Палатаның қарауына енгізеді.
      45. Сенат конституциялық заңның жобасына Палата депутаттарының кем дегенде үштен екі даусымен, ал заң жобасына көпшілік даусымен өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқылы.
      Конституциялық заң жобасына немесе заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар, бұл туралы қаулыны, заң жобасының редакциясы және баптардың жаңа редакциясы бар салыстырма кестені, сондай-ақ заң жобасының мәтінін қоса шешім қабылданған күннен бастап екі аптадан аспайтын мерзімде Сенат Аппараты арқылы Мәжіліске жіберіледі.
      Конституциялық заң жобасына немесе заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін Мәжіліс Бюросы оларды бас комитетке жібереді.
      Егер Мәжіліс депутаттардың даусының кем дегенде үштен екісімен конституциялық заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келіссе немесе депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келіссе, тиісінше конституциялық заң немесе заң қабылданды деп есептеледі, осыдан кейін Палата Төрағасы оны Мәжілістің қаулысымен бірге бес күн ішінде Сенатқа жібереді.
      46. Егер Мәжіліс конституциялық заң жобасына немесе заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар бойынша дауыс беру барысында тиісінше дауыстың кемінде үштен екісімен немесе депутаттардың көпшілік даусымен олармен келіспесе, онда Парламент Палаталары арасындағы келіспеушіліктер келісім рәсімдері арқылы шешіледі.
      Туындаған келіспеушіліктерді еңсеру үшін Мәжіліс пен Сенат әр Палатадан сан жағынан теңдей депутаттарды қатыстыра отырып келісім комиссиясын құрады. Келісім комиссиясының жұмысына заң шығару бастамасы құқығының субъектісі кеңесші дауыс құқығымен қатыса алады.
      Келісім комиссиясын құру қажеттігі туралы және оның құрамына Мәжілістен депутаттар сайлау жөніндегі шешім Палатаның жалпы отырысында Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және Сенатқа жіберіледі. Сенаттың келісім комиссиясына депутаттарды осыған ұқсас сайлау рәсімінен кейін келісім комиссиясының мүшелері өз құрамынан келісім комиссиясы мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен төраға сайлайды.
      47. Келісім комиссиясы тиісті конституциялық заң жобасының немесе заң жобасының бірыңғай мәтінін жасауға ұмтыла отырып Сенаттың әрбір қарсылығын жеке-жеке қарайды.
      Комиссия шешімді ашық дауыс беру арқылы қабылдайды. Келісім комиссиясының шешімі оның мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. "Жақтап" және "қарсы" берілген дауыстар саны тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші дауыс болып есептеледі.
      Келісім комиссиясы жұмыс нәтижелері бойынша келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі ұсыныстар жазылған қаулы қабылдайды, ол Мәжіліс Бюросының қарауына енгізіледі.
      Келісім комиссиясының қаулысына заң жобасының өзгерістер енгізілген баптарының салыстырма кестесі қоса тіркеледі.
      48. Мәжіліс конституциялық заң жобасын немесе заң жобасын қайта қараған кезде келісім комиссиясының қаулысында айтылған ұсыныстар ғана талқыланады. Осы ұсыныстар шегінен тысқары түзетулердің ешқайсысын Мәжіліс қарамайды.
      49. Мәжіліс келісім комиссиясының әрбір ұсынысы бойынша Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жеке-жеке шешім қабылдайды.
      Парламент Мәжілісінің қаулысы, келісім комиссиясының материалдары жеті күн мерзім ішінде Сенатқа жіберіледі.
      50. Егер Сенат тұтастай қабылдамаған конституциялық заң жобасын немесе заң жобасын қайта қараған кезде Мәжіліс Сенаттың заң жобасын қабылдамау жөніндегі шешімімен өзінің келіспейтінін білдірсе, ол бұрынғы қабылданған редакцияда дауысқа салынады. Мәжіліс өзінің конституциялық заң жобасын немесе заң жобасын алғашқы мақұлдауын Палата депутаттары жалпы санының үштен екі даусымен қуаттайтыны туралы шешім қабылдайды, содан соң оны Палата Төрағасы Мәжіліс қаулысымен бірге Сенатқа жібереді.
      Мәжіліс депутаттардың осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген дауыс санын жинамаған жағдайда конституциялық заң жобасы немесе заң жобасы қосымша дауысқа салынбай, қабылданбады деп есептеліп, бастамашыға қайтарылады. Бұл ретте заң жобасын Мәжіліске сол сессиясының ішінде қайтадан енгізуге болмайды.
      51. Сенат Мәжіліс мақұлдаған конституциялық заң жобасын немесе заң жобасын екінші рет қайтарған жағдайда, ол сол сессияның ішінде қайтадан енгізілмейді.
      Республика Парламенті қабылдаған заңдарға Президенттің қарсылығын Мәжілістің қарауы
      52. Алып тасталды.
      53. Алып тасталды.

Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен
толықтырулар енгізу

      54. Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды Республика Президентінің өз бастамасымен қабылданған шешімі, Парламенттің немесе Үкіметтің ұсынысы бойынша өткізілетін республикалық референдум енгізе алады. Егер Президент Конституцияға өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламенттің қарауына беруді шешсе, ол республикалық референдумға шығарылмайды. Бұл жағдайда Парламент шешімі Конституцияда белгіленген тәртіпте қабылданады.
      55. Мәжіліс Төрағасы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қорытынды әзірлеу үшін Сенатқа, Палатаның тиісті комитеттері мен Аппаратының Заңнама бөліміне жібереді, содан кейін оны Палаталардың бірлескен отырыстарында қаралатын мәселелердің жоспарына енгізеді.
      56. Комитеттер Президент Әкімшілігінің, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми мекемелердің өкілдерін, мамандарды, Мәжіліс Аппаратының Заңнама бөлімінің қызметкерлерін қатыстыра отырып Республика Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын алдын ала қарауды өткізеді.

Республиканың Конституциялық Кеңесіне жүгінуі

      57. Мәжіліс Төрағасы, Парламент депутаттары жалпы санының кем дегенде бестен бір бөлігін құрайтын Палата депутаттары Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне жүгіне алады.
      Конституциялық Кеңес:
      1) дау туған жағдайда Республика Президентiн, Парламент депутаттарын сайлаудың және республикалық референдумның дұрыс өткiзілгені туралы мәселенi шешедi;
      2) Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестiгiн Президент қол қойғанға дейiн қарайды;
      3) Парламент пен оның Палаталары қабылдаған қаулылардың Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды;
      4) Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялауға дейiн олардың Конституцияға сәйкестiгiн қарайды;
      5) Конституцияның нормаларына ресми түсiнік бередi;
      6) Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде қорытындылар бередi.
      58. Конституциялық Кеңеске Мәжіліс Төрағасы немесе Парламент депутаттары жалпы санының кем дегенде бестен бір бөлігін құрайтын депутаттар жүгіне алады. Соңғы жағдайда жүгініске депутаттардың тегі, аты, әкесінің аты көрсетілген тізім қоса тіркелуге тиіс.
      Конституциялық Кеңеске жүгіністі Мәжіліс Аппараты жібереді.
      59. Алып тасталды.

4-тарау. Парламент Мәжілісінде бастапқы қарауға
жататын мәселелерді қарау тәртібі

      60. Парламент палаталардың бөлек отырыстарында мәселелерді әуелі Мәжілісте, содан соң Сенатта кезегімен қарау арқылы конституциялық заңдарды және заңдарды қабылдайды, оның ішінде:
      1) республикалық бюджетті бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
      2) мемлекеттік салықтар мен алымдарды белгілейді және жояды;
      3) Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылымы мәселелерін шешу тәртібін белгілейді;
      4) мемлекеттік наградаларды тағайындайды, Республиканың құрметті, әскери және өзге де атақтарын, сыныптық шендерін, дипломатиялық дәрежелерін белгілейді, Республиканың мемлекеттік рәміздерін айқындайды;
      5) мемлекеттік заемдар және Республиканың экономикалық және өзге де көмек беруі жөніндегі мәселелерді шешеді;
      6) рақымшылық жасау жөніндегі мәселелерді шешеді;
      7) Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялайды және олардың күшін жояды.
      60-1. Парламент палаталардың бөлек отырыстарында мәселелерді әуелі - Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта кезегімен қарау арқылы:
      1) республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді талқылайды;
      2) Қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзім ішінде Республика Президентінің қарсылықтарын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қайта талқылау мен дауысқа салу өткізіледі. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Мәжіліс пен Сенат әр Палата депутаттарының жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді қуаттайтын болса, Президент бір ай ішінде заңға қол қояды. Президенттің қарсылығын палаталардың біреуі еңсермегеннің өзінде, заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі. Парламент қабылдаған конституциялық заңдарға Мемлекет басшысының қарсылықтары осы тармақшада көзделген тәртіппен қаралады. Бұл ретте Парламент Президенттің конституциялық заңдарға қарсылықтарын әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде төрттен үш бөлігінің даусымен еңсереді;
      3) республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтереді.
      61. Парламент Мәжілісіне енгізілген конституциялық заң жобаларын және заң жобаларын қарау осы Регламенттің 3-тарауына сәйкес жүргізіледі.
      62. Алып тасталды.
      63. Алып тасталды.
      64. Алып тасталды.
      65. Алып тасталды.
      66. Алып тасталды.
      67. Алып тасталды.
      68. Алып тасталды.
      69. Алып тасталды.
      70. Алып тасталды.
      71. Алып тасталды.
      72. Алып тасталды.
      73. Алып тасталды.
      74. Алып тасталды.
      75. Алып тасталды.
      75-1. Парламент қабылдаған, Парламенттің әрбір Палатасы Төрағаларының қолдарымен алдын ала бекітілген заңдарды Сенат қабылданған күнiнен бастап он күннiң iшiнде Республика Президентiнiң қол қоюына ұсынады, бір айдың iшiнде Президент ұсынылған заңға қол қойып, оны жариялайды не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылау және дауысқа салу үшiн Парламентке қайтарады.
      Аталған мерзім ішінде қайтарылмаған заңға қол қойылды деп есептеледі.
      75-2. Қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзім ішінде Республика Президентінің қарсылықтарын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қайта талқылау мен дауысқа салу жүргізіледі. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді.
      Республика Президентінің Парламент қабылдаған заң бойынша келіп түскен қарсылықтары Мәжілісте тіркелгеннен кейін Палата Төрағасы қарсылықтарды Республика Президентінің өкілдерін және Мәжіліс Аппаратының Заңнама бөлімін қатыстыра отырып қарау үшін бас комитетке жібереді. Бас комитет пен Палата Аппаратының Заңнама бөлімі Президент қарсылықтарын күнтізбелік он күн ішінде қарап, олар бойынша қорытынды береді, Мәжіліс Төрағасы осыдан кейін Палатаның жалпы отырысын шақырады.
      Мәжілістің жалпы отырысында Президенттің қарсылықтары бойынша баяндаманы Президент уәкілеттік берген лауазымды адам жасайды.
      Егер Мәжіліс дауыс беру қорытындылары бойынша Парламенттің заң жөніндегі бұрын қабылдаған шешімін қуаттамайтын болса, онда Парламент Палаталарының Президент қарсылықтарын одан әрі қарауы тоқтатылады және заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі.
      Егер Мәжіліс Палата депутаттарының жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен заң жөніндегі бұрын қабылданған шешімді қуаттамайтын болса, онда заң Президент қарсылықтарымен бірге әрі қарай қарау үшін Сенатқа беріледі.
      Қарсылықтарды Мәжілісте қарау барысында Республика Президенті депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, өзі қарсылықтарда ұсынған заңның тұтастай не оның тиісті жекелеген баптарының редакциясын өзгертуге құқылы.
      Парламент Палаталарының отырыстарында заң немесе оның жекелеген баптары қайтадан талқыланған және дауысқа салынған кезде дауысқа салу, егер Президенттің қарсылықтары заңға тұтастай қатысты туындаған болса, онда заң бойынша тұтас не Республика Президентінің қарсылықтарын туғызған баптар бойынша өткізіледі.
      Республика Президентінің қарсылықтары Парламент қабылдаған конституциялық заңдарға енгізілген жағдайда, онда бұл қарсылықтар заңдарға қарсылықтарды қарау үшін көзделген тәртіппен қаралады. Бұл ретте Парламент Президенттің конституциялық заңдарға қарсылықтарын әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде төрттен үш бөлігінің даусымен еңсереді.
      Жалпы отырыстың өткізілетін уақыты мен орны туралы оны өткізерден кемінде үш күн бұрын Мәжіліс Аппараты Республика Президентінің өкіліне хабарлайды.

5-тарау. Парламент Мәжілісінің ерекше қарауына
жататын мәселелерді қарау тәртібі

      76. Мәжілістің ерекше қарауына:
      1) Парламентке енгізілген конституциялық заңдардың және заңдардың жобаларын қарауға қабылдау және осы жобаларды қарау;
      2) Палата депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен Республика Президентіне Республика Премьер-Министрін тағайындауға келісім беру;
      3) Республика Президентінің кезекті сайлауын хабарлау;
      4) Конституциямен Парламент Мәжілісіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады;
      Мәжіліс депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен, Мәжіліс депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің бастамасы бойынша Мәжіліс Үкіметке сенімсіздік білдіруге құқылы.
      77. Парламент Мәжілісінің конституциялық заң жобаларын және заң жобаларын қарауға қабылдауы және қарауы осы Регламенттің 3-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.
      77-1. Премьер-Министрді қызметке тағайындауға Парламент Мәжілісінің келісімін алу үшін Республика Президенті Палатаға жазбаша ұсыну енгізеді.
      Президенттің жазбаша ұсынуы негізінде Палата Бюросы осы мәселені Палатаның ең таяудағы отырысының күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылдайды.
      Премьер-Министрді тағайындауға Парламент Мәжілісінің келісімі Палата отырысында беріледі.
      77-2. Премьер-Министр қызметіне кандидатураны Мәжіліс отырысында Республика Президенті немесе ол уәкілеттік берген Республиканың лауазымды адамы таныстырады.
      Мәжіліс отырысында кандидатқа және кандидатты таныстырушы адамға сұрақтар қойылуы мүмкін. Депутаттар ұсынылған кандидатты "жақтап" немесе "қарсы" пікірлер білдіруге құқылы.
      Егер депутаттар ұсынылған кандидатура бойынша жарыссөз ашуды талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкін.
      77-3. Мәжіліс Президент ұсынған кандидатура бойынша Премьер-Министр қызметіне тағайындауға келісім беру туралы шешім қабылдамаған жағдайда, Президент Мәжіліске нақ осы адамға немесе жаңа кандидатураға жазбаша ұсыну енгізеді.
      78. Алып тасталды.
      79. Алып тасталды.
      80. Алып тасталды.
      81. Алып тасталды.
      82. Алып тасталды.
      83. Алып тасталды.
      84. Президенттің кезекті сайлауы бес жылда бір рет тиісті жылдың желтоқсанының бірінші жексенбісінде өткізіледі және ол мерзімі жағынан Республика Парламентінің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиіс.
      85. Алып тасталды.
      86. Президенттің кезекті сайлауы Парламент Мәжілісінің қаулысымен қыркүйек айының екінші жексенбісінен кешіктірілмей жарияланады.
      87. Алып тасталды.
      88. Алып тасталды.

6-тарау. Парламент Мәжілісінің дербес қарауына
жататын мәселелерді қарау тәртібі

      89. Парламент Мәжілісі дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз:
      1) Конституциялық Кеңестің екі мүшесін қызметке тағайындайды; Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;
      2) Конституцияның 47-бабының 1-тармағында көзделген ретте Парламент құратын комиссия мүшелерінің тең жартысына өкілеттік береді;
      3) Палаталардың бірлескен комиссиялары мүшелерінің тең жартысын сайлайды;
      4) Палаталар депутаттарының өкілеттігін тоқтатады, сондай-ақ Республика Бас Прокурорының ұсынуымен Палаталар депутаттарын оларға ешкімнің тиіспеуі құқығынан айыру мәселелерін шешеді;
      5) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Парламенттік тыңдау өткізеді;
      6) Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөнінде есептерін тыңдауға құқылы. Есепті тыңдаудың нәтижелері бойынша палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда, оны қызметінен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасауға құқылы. Егер Республика Президенті мұндай өтінішті қабылдамаса, онда депутаттар Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен өтінішті бірінші берген күннен бастап алты ай өткеннен кейін Республика Президентінің алдына Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы мәселені қайта қоюға құқылы. Мұндай жағдайда, Республика Президенті Үкімет мүшесін қызметінен босатады;
      7) Палаталардың үйлестіруші және жұмыс органдарын құрады;
      8) өз қызметінің Регламентін және Палатаны ұйымдастыру мен оның ішкі жұмыс ретіне байланысты мәселелер бойынша өзге де шешімдер қабылдайды.
      89-1. 89-тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген қызметтерге кандидатураларды тағайындау Палатаның жалпы отырысында жүзеге асырылады. Ұсынылған кандидатуралар мәселені Мәжілістің жалпы отырысында қарағанға дейін Мәжіліс Бюросының шешімімен анықталатын Палатаның тиісті комитетінің отырысында талқылануға тиіс. Комитет кандидатураларды қарау нәтижелері бойынша талқыланып отырған әр кандидатура бойынша Мәжілістің жалпы отырысында жария етілетін қорытынды шығарады.
      89-2. Жоғарыда аталған қызметтерге тағайындау туралы мәселені қарау кезінде Мәжіліс Төрағасы кандидатураларды Палатаның жалпы отырысында таныстырады.
      Содан кейін тиісті комитеттің өкілі сөз сөйлеп, комитеттің осы кандидатура жөніндегі қорытындысын жария етеді.
      89-3. Жоғарыда аталған қызметтерге кандидаттар Палатаның алдында қысқаша сөз сөйлеуге құқылы. Отырысқа қатысып отырған депутаттар кандидатқа немесе кандидатты таныстырушы адамға сұрақтар қоюға, ұсынылған кандидатураны "жақтап" немесе "оған»қарсы" сөйлеуге құқылы. Мәселені талқылау отыз минуттан артық уақыт алмауға тиіс.
      Егер депутаттар ұсынылған кандидатура бойынша жарыссөз ашуды талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкін.
      Ұсынылған кандидатуралар бойынша талқылау және дауыс беру әр кандидатура бойынша жеке-жеке жүргізіледі. Кандидатураларды тізім бойынша талқылауға және дауыс беруге жол берілмейді.
      Егер Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жоғарыда аталған қызметтерге кандидаттарды жақтап дауыс берсе, олар қызметке сайланды деп есептеледі. Егер Палата дауыс берудің өзгеше тәртібін белгілемесе, шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Шешім Палатаның қаулысымен әр кандидатура бойынша жеке-жеке ресімделеді.
      Мәжіліс Төрағасы қызметке тағайындау үшін ұсынған кандидатуралар қабылданбаған жағдайда, Палатаның шешімінде қабылдамаудың толық дәлелдемесі болуға тиіс.
      89-4. Мәжіліс ұсынылған кандидатуралар бойынша қызметке тағайындау туралы шешім қабылдамаған жағдайда, Палата Төрағасы Мәжіліске сол адамдар немесе жаңа кандидатуралар жөнінде жазбаша ұсыныстар енгізеді.
      Жаңа кандидатураны талқылау мен сайлау осы Регламенттің 89-1 - 89-3-тармақтарында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
      90. Алып тасталды.
      91. Алып тасталды.
      92. Қазақстан Республикасы Конституциясы 47-бабының 1-тармағына сәйкес Республика Президенті науқастануына байланысты өзінің міндеттерін атқаруға қабілетсіздігі дендеген жағдайда қызметінен мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін. Бұл ретте Парламент әр Палата депутаттарының тең санынан және медицинаның тиісті салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады.
      Парламент Мәжілісінен комиссия мүшелерінің кандидатураларын тікелей Мәжіліс депутаттары, Мәжілістің тұрақты комитеттері Палатаның жалпы отырысында ұсынады. Парламент Мәжілісі депутаттары жалпы санының ең көп даусын алғандар сайланды деп есептеледі.
      93. Палаталардың бірлескен комиссиясы мүшелерінің тең жартысын Парламент Мәжілісінің сайлауы "Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына , Парламент Регламентіне сәйкес жүргізіледі.
      94. Мәжіліс депутатының өкілеттігі ол өз еркімен орнынан түскен, қайтыс болған, депутат соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша іс-әрекетке қабілетсіз, қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
      Мәжіліс депутаты:
      1) ол Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен;
      2) оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
      3) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айрылған кезде өз мандатынан айрылады.
      94-1. Парламент Мәжілісінің Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған депутаттарының өкілеттігі оның шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
      94-2. Парламент Мәжілісінің депутаты:
      1) конституциялық заңға сәйкес өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған;
      2) конституциялық заңға сәйкес депутатты сайлаған саяси партия қызметін тоқтатқан кезде өз мандатынан айрылады.
      94-3. Мәжіліс депутатының өкілеттігі Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайда тоқтатылады.
      94-4. Мәжіліс депутатының өкілеттігі 94-тармақта көзделген негіздер бойынша тоқтатылған кезде Орталық сайлау комиссиясы қаулы қабылдайды, онда Палата депутатының өкілеттігін тоқтатуға әкеп соққан негіздердің пайда болғаны көрсетіледі және Мәжіліске депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде ұсыныс енгізу туралы шешім қабылданады.
      Орталық сайлау комиссиясы ұсынысының негізінде Парламент Мәжілісі депутаттың өкілеттігін тоқтатады.
      Мәжіліс депутатының өкілеттігі 94-1 және 94-2-тармақтарда көзделген негіздер бойынша тоқтатылған кезде Орталық сайлау комиссиясы тиісті адамның депутаттың өкілеттігінен айрылу фактісін көрсеткен қаулы қабылдайды.
      95. Депутатты қылмыстық жауапқа тартуға, қамауға алуға немесе сот тәртібімен белгіленген әкімшілік жазалау шараларын қолдануға келісім алу үшін Республиканың Бас Прокуроры Парламент Мәжілісіне ұсыныс енгізген жағдайда, Парламент Мәжілісі ұсынысты қорытынды әзірлеу және оны Палатаның жалпы отырысына енгізу үшін Республиканың Орталық сайлау комиссиясына жібереді.
      Ұсынысты депутатқа айып тағу, қамауға алуға санкция беру немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі сотқа жіберу алдында Республиканың Бас Прокуроры енгізеді.
      96. Бас Прокурордың ұсынысы мен Республика Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы олар келіп түскен күннен бастап екі апта мерзімнен кешіктірілмей қаралады. Парламент Мәжілісі тиісті лауазымды адамдардан қосымша ақпарат ұсынуды талап етуге құқылы.
      Парламент Мәжілісі дәлелді шешім қабылдап, оны үш күн мерзімде Бас Прокурорға және Республиканың анықтау мен алдын ала тергеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органының басшысына жібереді.
      Депутат өзіне ешкімнің тиіспеуі құқығы туралы мәселені Парламент Мәжілісі қараған кезде оған қатысуға құқылы.
      Депутатқа қатысты қылмыстық істі анықтау мен алдын ала тергеуді жүзеге асыратын Республиканың мемлекеттік органының басшысы ғана қозғауы мүмкін.
      Республиканың Орталық сайлау комиссиясы іс жөнінде шешім қабылдаған тиісті соттан қаралған істің нәтижелері туралы ақпаратты сұратып алдырады және айыптау үкімі шығарылған жағдайда Парламент Мәжілісіне депутатты мандаттан айыру туралы ұсыныс енгізеді.
      96-1. Парламент Мәжілісі жұмыс жоспарына сәйкес өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Үкімет сағатын өткізе алады.
      96-2. Депутаттар Үкімет сағаты барысында - Үкімет өкілінің баяндамасын және қажет болған жағдайда тиісті тұрақты комитеттің қосымша баяндамасын тыңдайды, содан кейін депутаттар Үкімет өкіліне сұрақтар қоюға құқылы. Талқыланып отырған мәселе бойынша баяндамаға - жиырма минуттан аспайтын, қосымша баяндамаға - он минуттан аспайтын, сұрақтар мен жауаптарға бір жарым сағаттан аспайтын, ал талқылауға - бір жарым сағат аспайтын уақыт беріледі.
      Үкімет сағатында төрағалық етушінің рұқсатынсыз ешкімнің сөз алуға құқығы жоқ.
      97. Парламент Мәжілісі өз құзыретіндегі мәселелер бойынша парламенттік тыңдау өткізеді.
      Парламенттік тыңдау Палата қызметін ұйымдастыру нысаны болып табылады, оның мақсаты - өз құзыретіне жататын аса маңызды мәселелерді алдын ала талқылау.
      Парламенттік тыңдауды дайындау үшін арнайы уақытша комиссиялар құрылады.
      98. Парламенттік тыңдау тақырыбы, олардың өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлама парламенттік тыңдау басталғанға дейін жеті күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдарына беріледі.
      Парламенттік тыңдауға шақырылған адамдардың құрамын осы тыңдауды ұйымдастыратын Палата комитеттері, комиссиялары белгілейді.
      99. Парламенттік тыңдауды Палата Бюросының шешімі бойынша Мәжіліс комитеттері өткізеді.
      Палата комитеттері мен комиссиялары бірлескен парламенттік тыңдау өткізуі мүмкін.
      100. Парламенттік тыңдау бұқаралық ақпарат құралдары мен жұртшылық өкілдері үшін ашық болады.
      Палата Бюросының немесе комитеттің (комиссияның) шешімі бойынша, егер мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпиядан тұратын мәліметтерге қатысты болса, жабық тыңдау өткізілуі мүмкін.
      Ашық парламенттік тыңдаудың есептері Парламент басылымдарында жариялануы және бұқаралық ақпарат құралдарында жазып көрсетілуі мүмкін.
      101. Парламенттік тыңдауды Палатаның тиісті комитетінің, комиссиясының төрағасы жүргізеді.
      Парламенттік тыңдау палаталардың бірлескен немесе бөлек жалпы отырыстары күндері өткізілмейді.
      102. Парламенттік тыңдауға төрағалық етушінің қысқаша сөз сөйлеуімен басталады, ол талқыланатын мәселенің мәні, оның маңыздылығы, отырыстың өткізілу тәртібі, шақырылған адамдардың құрамы туралы хабардар етеді.
      Талқыланатын мәселе жөнінде баяндама жасау үшін отыз минутқа дейін сөз беріледі, содан соң Парламенттік тыңдауға қатысып отырған депутаттар мен шақырылған адамдар сөз сөйлейді.
      Депутаттар, ондай-ақ шақырылған адамдар Парламенттік тыңдауда тек төрағалық етушінің рұқсатымен ғана сөз сөйлейді. Егер тыңдауға қатысып отырған депутаттардың көпшілігі өзгеше белгілемесе, сөз сөйлеу уақыты жеті минуттан аспайды.
      103. Парламенттік тыңдаудағы баяндамадан және шақырылған адамдардың сөйлеген сөздерінен кейін ауызша да, сондай-ақ жазбаша нысанда да депутаттардың, басқа да қатысушы адамдардың сұрақтары беріліп, оларға жауаптар қайтарылады.
      Шақырылған адамдардың парламенттік тыңдаудың барысына араласуға, оларды наразылық немесе мақұлдау білдірумен үзіп жіберуге құқығы жоқ. Төрағалық етуші тәртіп бұзушыларды отырыстар залынан шығарып жіберуге құқылы.
      104. Парламенттік тыңдау қорытындылары бойынша тыңдауға қатысқан Палата депутаттары көпшілігінің мақұлдауы арқылы алынған ұсыныстар қабылданады.
      Парламенттік тыңдауда қабылданған ұсыныстар барлық депутаттарға, тиісті мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктерге жеткізіледі және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылуы мүмкін.
      105. Парламенттік тыңдау стенограммаға түсіріледі.
      Жабық парламенттік тыңдаудың материалдары Парламент депутаттарына, Президент пен Үкімет өкілдеріне, сондай-ақ өкілдері парламенттік тыңдауға қатысқан мемлекеттік органдарға ғана арналады.
      106. Мәжіліс Республика Конституциясының 57-бабына сәйкес Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға құқылы. Мәжіліс Есепті тыңдау нәтижелері бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен оны қызметтен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасауға құқылы.
      107. Палата Үкімет мүшесінің есебін тыңдау туралы мәселені қабылдаған жағдайда Мәжіліс мерзімін белгілейді және есебі тыңдалатын Үкімет мүшесін Палата шешімі және ол тыңдалатын күн туралы жазбаша түрде хабардар етеді. Сонымен бір мезгілде Палата Үкімет мүшесін тыңдауды ұсынған ынталы топтан баяндамашыны белгілейді.
      Үкімет мүшесі оның есебін тыңдау туралы Палатаның шешім қабылдауына негіз болған құжаттармен танысуға құқылы және өзін тыңдайтын күнгі Мәжілістің жалпы отырысына қатысуға міндетті.
      Палатаның Үкімет мүшесінің есебін тыңдау жөніндегі өкілеттігін жүзеге асыру мақсатында есепті тыңдау бастамашылары қатарынан арнаулы уақытша комиссия құрылады.
      108. Палатаның жалпы отырысында Үкімет мүшесінің есебін тыңдау төрағалық етушінің қысқаша кіріспе сөзімен басталады, ол мәселенің мәні туралы хабарлама жасайды.
      Төрағалық етушінің сөзінен кейін Үкімет мүшесін тыңдауды ұсынған ынталы топтың баяндамашысына сөз беріледі, ол осы шешімнің қабылдануын туындатқан дәлелдерді жария етеді. Баяндама отыз минуттан аспауға тиіс.
      Бұдан кейін сөз тыңдалатын Үкімет мүшесіне беріледі, оның есебі отыз минуттан аспауға тиіс.
      Есеп беруден кейін депутаттар сұрақтар қоюға және оларға жауаптар алуға, ұз пікірін айтуға құқылы.
      109. Жарыссөз аяқталғаннан кейін жалпы отырыста төрағалық етуші:
      1) Үкімет мүшесінің есебін назарға алу туралы;
      2) Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда, оны қызметінен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасау жөніндегі мәселені Палатаға дауысқа салады.
      Мәселелер олардың дауысқа түсу ретіне қарай қойылады.
      109-1. Үкімет мүшесінің есебін назарға алу туралы шешім Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және қаулымен бекітіледі.
      110. Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда, оны қызметтен босату туралы Республика Президентіне өтініш Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
      110-1. Мәжіліс жалпы отырыста өз құзыретінің мәселелері бойынша үндеулер, декларациялар, мәлімдемелер және заңдық сипаты жоқ өзге де актілер қабылдауға құқылы.
      Үндеудің, декларацияның, мәлімдеменің жобалары алдын ала тұрақты комитеттердің отырыстарында талқыланады және олардың шешімі бойынша Палата Бюросына енгізіледі.
      Бұл мәселе жалпы отырыста қаралған кезде жобаны ±сынған тұрақты комитеттің өкілі Үндеудің, декларацияның, мәлімдеменің жобасын жария етеді. Үндеудің, декларацияның, мәлімдеменің жобасы бойынша жарыссөз ашылуы мүмкін. Палата қажет болған жағдайда оны пысықтау жөніндегі редакциялық комиссияны құрады. Мәжіліс үндеуді, декларацияны, мәлімдемені Палата депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен қабылдайды, оларға Палатаның Төрағасы қол қояды.

3-бөлім. ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІ ОРГАНДАРЫН ҚҰРУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ
ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ

7-тарау. Парламент Мәжілісінің Бюросы және оның құзыреті

      111. Мәжіліс Бюросы Парламент Мәжілісінің үйлестіруші органы болып табылады және Мәжіліс Төрағасы жанынан құрылады.
      Бюро құрамына Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасарлары, Мәжілістің тұрақты комитеттерінің төрағалары, Мәжілісте өкілдік ететін саяси партиялар фракцияларының жетекшілері кіреді.
      Мәжіліс Бюросының отырысына саяси партия фракциясының жетекшісі қатыспаған жағдайда, оның тапсыруы бойынша Палата Бюросының жұмысына оның орынбасарларының бірі қатысуы мүмкін.
      112. Мәжіліс Бюросы:
      1) Парламенттің кезекті сессиясына арналған Мәжілістің іс-шаралар жоспарының жобасын әзірлеуді қамтамасыз етеді және оны Парламент Мәжілісінің бекітуіне енгізеді;
      2) конституциялық заңдардың жобаларын және заңдардың жобаларын әзірлеу жөніндегі жоспарлардың жобаларын қарайды;
      3) Палатаның заң жобаларын және өзге де шешімдер жобаларын қарауының кезектілігі жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
      4) депутаттардың, Палата комитеттерінің ұсыныстары бойынша ғылыми ұйымдар мен мамандарды тарта отырып әзірлеуге жататын заң жобаларының тізбесін, сондай-ақ депутаттар бастамашы болған заңдардың жобаларын республикалық бюджет қаражаты есебінен әзірлеу тәртібін бекітеді;
      5) Палатаның жалпы отырыстарын дайындауды үйлестіреді;
      6) Палата комитеттері мен комиссияларының қызметін үйлестіреді;
      7) бірнеше комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша Палата комитеттерінің бірлескен жұмысын ұйымдастыруға жәрдемдеседі және алдын ала бас комитетті белгілейді;
      8) Палатаның тиісті комитеттерінің парламенттік тыңдау өткізуі туралы шешім қабылдайды;
      9) басқа мемлекеттердің Парламенттерімен халықаралық байланыстардың жыл сайынғы жоспарларын қарайды;
      10) Палата комитеттерінің ұсынысы бойынша депутаттарды халықаралық, парламентаралық институттардың әртүрлі органдарының құрамына ұсынады, оларға өзгерістер енгізеді;
      11) депутаттарды шет елдерге ресми делегация құрамында және дербес іссапарларға жіберу мәселелерін шешеді;
      12) депутаттардың арасынан Конституциялық Кеңеске Парламент Мәжілісінен өкілдер тағайындайды;
      13) Палата депутаттарының жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселелерін қарайды;
      14) Мәжіліс Аппаратының құрылымын, штат санын анықтайды және оларды Парламент қызметін қаржыландыруға бөлінген бюджет қаражаты шегінде құрады, Аппарат Басшысын қызметке бекітеді және қызметтен босатады;
      15) Палата жұмысын ұйымдастырудың осы Регламентте Палатаның басқа органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне жатқызылмаған өзге де мәселелерін шешеді.
      Мәжіліс Бюросы өз құзыреті шегінде қаулылар қабылдайды, Парламент Мәжілісі олардың күшін жоюға құқылы.
      113. Палата Бюросының отырыстары қажеттілігіне қарай шақырылады және оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқанда заңды болады.
      Палатаның Бюросында қарауға арналған құжаттар отырыс басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей енгізіледі.
      Белгіленген мерзімде және толық көлемде ұсынылмаған материалдар бойынша мәселелер күн тәртібіне енгізілмейді.
      114. Парламент депутаттары, Республика Президенті мен Үкіметінің өкілдері Мәжіліс Бюросының отырыстарына кеңесші дауыс құқығымен қатысуға құқылы.
      Төрағалық етуші Мәжіліс Бюросының отырысына мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін шақыруы мүмкін.
      115. Палата Бюросының шешімі оның мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
      Қабылданатын шешімдер бойынша құжаттарды олар қабылданғаннан кейін әрі кеткенде екі күнде бас комитет әзірлейді.
      Палата Бюросының отырыстары стенограммаға түсіріледі, ал қаулы тиісті хаттамалық жазбалармен ресімделеді. Парламент депутаттары стенограммамен және хаттамалық жазбалармен танысуға құқылы. Мәжіліс Бюросы қараған мәселелер мен ол қабылдаған шешімдер туралы Палата депутаттарына хабарланады.

8-тарау. Парламент Мәжілісінің жұмыс органдары

      116. Мәжіліс Қазақстан Республикасы Конституциясының 60-бабының 1-тармағына сәйкес Палата депутаттарының арасынан тұрақты комитеттер құрады.
      Палата комитеттері Мәжілістің жұмыс органдары болып табылады және заң жобасы бойынша жұмыс жүргізу, Парламент Палатасы қарауға енгізген мәселелер бойынша қорытындылар беру мәселелерін алдын ала қарау және дайындау үшін құрылады.
      Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Палатаның тұрақты комитеттері өзге де мәселелерді қарайды және Мемлекет басшысына тиісті қорытындылар береді.
      Тұрақты комитеттер өз қызметінің ішкі нысанын дербес айқындайды.
      117. Мәжілістің тұрақты комитеттерінің төрағаларын сайлау тұрақты комитеттер құрамының тізбесі мен саны айқындалғаннан кейін жүзеге асырылады. Палатадағы тұрақты комитеттердің саны жетіден аспауға тиіс. Тұрақты комитеттердің төрағалары сайланғаннан кейін Палата тұрақты комитеттердің мүшелерін сайлайды.
      118. Сандық құрамын қалыптастыру кезінде депутаттардың қай тұрақты комитетте жұмыс істегісі келетіні ескеріледі. Тұрақты комитеттерде мүшелер жетіспеген жағдайда депутаттар Парламент Мәжілісі Төрағасының ұсынысы бойынша Мәжіліс қаулысымен басқа тұрақты комитеттерге ауысуы мүмкін.
      119. Тұрақты комитет мүшелерінің санын Парламент Мәжілісі белгілейді, бірақ ол жеті депутаттан кем болмауы керек.
      120. Парламент Мәжілісі тұрақты комитетінің төрағасы Палатаның жалпы отырысында Мәжіліс депутаттары арасынан Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен, ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы сайланады.
      Тұрақты комитет төрағасы қызметіне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.
      121. Мәжілістің тұрақты комитеті төрағасының қызметіне кандидатқа Палата алдында сөз сөйлеу құқығы беріледі. Сөз сөйлеу уақыты он минутқа дейін.
      Кандидат сөз сөйлегеннен кейін депутаттар оған сұрақтар қоюға, кандидатура жөнінде өз пікірін айтуға, ұсынылған кандидатураны "жақтап" және "оған»қарсы" үгіт жүргізуге құқылы.
      Палатаның тұрақты комитеті төрағасы қызметіне кандидатқа депутаттардың сұрақтарына жауаптар қайтару үшін он бес минутқа дейін уақыт бөлінеді. Кандидатураны талқылау үшін жиырма минутқа дейін уақыт бөлінеді.
      122. Кандидатураларды талқылау бөлінген уақыт біткеннен кейін Палата шешімімен немесе депутаттардың ұсынысы бойынша тоқтатылады.
      123. Егер тұрақты комитеттің төрағасы қызметіне екіден артық кандидат ұсынылса және олардың бір де біреуі сайлану үшін қажетті дауыс санын ала алмаса, ең көп дауыс санын алған екі кандидат бойынша қайталап дауыс беру жүргізіледі.
      Қайталап дауыс беру кезінде ең көп дауыс санын алған кандидат тұрақты комитеттің төрағасы қызметіне сайланды деп есептеледі.
      124. Тұрақты комитет төрағасының сайланғаны туралы Парламент Мәжілісі қаулы қабылдайды.
      125. Комитет мүшелері жалпы санының үштен екісінің ұсынысы бойынша, егер бұл үшін Палата депутаттары жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, тұрақты комитет төрағасы қызметінен кері шақырылып алынуы мүмкін.
      126. Комитет төрағасы өз еркімен орнынан түсуге құқылы, егер бұл үшін Палата депутаттары жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, ол қабылданды деп есептеледі.
      127. Тұрақты комитет төрағасы:
      1) тұрақты комитеттің жұмысына басшылық жасайды;
      2) комитеттің жұмыс жоспарын және отырыстар күн тәртібінің жобасын жасайды;
      3) комитет мүшелеріне комитет жұмысына байланысты тапсырмалар береді.
      128. Палата тұрақты комитетінің хатшысы комитет мүшелері арасынан оның отырысында комитет мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен, ашық дауыс беру арқылы сайланады.
      Тұрақты комитет хатшысы қызметіне кандидатураны Палатаның тиісті тұрақты комитетінің мүшелері ұсынады.
      Комитеттің хатшысы комитет төрағасының тапсырмасы бойынша комитеттің отырыстарын жүргізеді. Ол болмаған кезде комитет төрағасын алмастырады, комитет депутаттары арасында міндеттерді бөлуге сәйкес комитет қызметінің ішкі ретінің басқа да мәселелерін шешеді және комитеттегі іс қағаздарын жүргізуге жауап береді.
      129. Егер бұл үшін комитет мүшелері жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, тұрақты комитет төрағасының ұсынысы бойынша хатшы қызметінен кері шақырылып алынуы мүмкін.
      130. Тұрақты комитеттің отырыстары оның мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі болған кезде заңды болады.
      Тұрақты комитеттің отырыстарында комитеттің төрағасы немесе хатшысы төрағалық етеді.
      Тұрақты комитеттің отырысы қажетіне қарай, бірақ айына кемінде екі рет өткізіледі.
      Тұрақты комитеттің отырысы туралы оның төрағасы кемінде екі тәулік бұрын осы комитеттің мүшелерін хабардар етеді, сондай-ақ отырыстың басқа да қатысушыларына дер кезінде хабарлайды.
      Тұрақты комитет өз қызметіне қажетті құжаттар мен материалдарды сұратып алуға, сондай-ақ өз отырыстарына комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша лауазымды адамдарды шақыруға және тыңдауға, тәуелсіз сараптама жүргізуді тағайындауға құқылы.
      Тұрақты комитеттің шешімі комитет мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. "Жақтап" және "қарсы" берілген дауыс саны тең болған жағдайда комитет төрағасының дауысы шешуші болып есептеледі.
      Тұрақты комитет отырысының хаттамаларына төрағалық етуші қол қояды.
      131. Парламент Мәжілісінің Төрағасы мен оның орынбасарларын қоспағанда, Парламент Мәжілісінің депутаттары тұрақты комитеттердің құрамына кіруге құқылы.
      Парламент Мәжілісінің депутаты Палатаның бір тұрақты комитетінің ғана мүшесі болуы мүмкін.
      132. Қажет болған жағдайда жаңа комитеттер құрылып, бұрын құрылғандарының таратылуы және қайта құрылуы мүмкін.
      Комитеттер өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қалуы және қорытындылар түрінде шешімдер шығарады.
      Тұрақты комитеттер мен комиссиялар қызметінің өкілеттігі мен тәртібі заңмен белгіленеді.
      132-1. Палатаның құзыретіне жатқызылған мәселелер жөніндегі ұсыныстарды талдау үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жанынан шешімдері ұсынымдық сипатта болатын консультациялық-кеңесші органдар құрылуы мүмкін.
      Консультациялық-кеңесші органдарды Парламент Мәжілісі құрады, қайта ұйымдастырады және таратады.
      Мәжіліс Бюросы:
      1) консультациялық-кеңесші органдардың құрамын белгілейді;
      2) консультациялық-кеңесші органдардың басшы лауазымды адамдарын тағайындайды;
      3) консультациялық-кеңесші органдар туралы ережені бекітеді;
      4) тоқсан сайын консультациялық-кеңесші органдардың қызметі туралы басшы лауазымды адамдардың есебін тыңдайды.
      Парламент Мәжілісі жанындағы консультациялық-кеңесші органның жұмыс органы Палата Аппараты болып табылады.

4-бөлім. ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ӨКІЛЕТТІГІН
ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

9-тарау. Алып тасталды.

10-тарау. Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігі және
олардың жауапкершілігі

      138. Мәжіліс депутаты Парламенттің, Палатаның және құрамына өзі сайланған олардың органдарының жұмысына қатысуға міндетті.
      139. Парламент депутаты:
      1) Парламент пен оның палаталарының үйлестіруші, жұмыс және консультациялық-кеңесші органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
      2) сессияның күн тәртібі, талқыланатын мәселелерді қараудың тәртібі және олардың мәні бойынша ұсыныстар мен ескертпелер енгізуге;
      3) Парламент палаталары сайлайтын немесе тағайындайтын не олардың тағайындалуына Парламент Палаталары келісім беретін лауазымды адамдардың кандидатуралары жөнінде өз пікірін айтуға;
      4) Парламент Палаталарының бірлескен және бөлек отырыстарында қарау үшін ұсынылатын мәселелер бойынша Палата Бюросына ұсыныстар енгізуге, ал оның ұсыныстары қабылданбаған жағдайда оларды палаталардың жалпы отырысының қарауына енгізуге;
      5) Парламент пен оның Палаталары органдарының отырыстарында қарау үшін мәселелер ұсынуға;
      6) Парламент Палаталарына есеп беретін лауазымды адамдардың есебін немесе хабарламасын Парламент сессиясында тыңдау туралы ұсыныстар енгізуге;
      7) заңда белгіленген тәртіппен депутаттық сауал жолдауға, сондай-ақ сайлаушылардың хаттары мен өтініштерін мемлекеттік органдардың қарауына жіберуге;
      8) жарыссөздерге қатысуға, баяндамашыларға, сондай-ақ отырысқа төрағалық етушіге сұрақтар қоюға;
      9) дауысқа салу себептері бойынша өзінің ұсыныстарын негіздеп сөз сөйлеуге, анықтамалар беруге;
      10) Парламент қабылдайтын заңдардың, қаулылардың, басқа да актілердің жобаларына түзетулер енгізуге;
      11) Парламент депутаттарын азаматтардың қоғамдық мәні бар үндеулерімен таныстыруға;
      12) Парламент отырыстарының стенограммалары мен хаттамаларындағы депутаттардың сөйлеген сөздерінің мәтіндерімен танысуға;
      13) "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына , Парламент пен Палатаның регламенттеріне сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.
      140. Депутаттық міндеттерін атқаруға бөгет жасау мақсатымен депутатқа немесе оның жақын туыстарына қандай түрде болмасын ықпал жасау Республика заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
      Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың депутат алдында өздерінің міндеттерін орындамаған, оған көрінеу жалған ақпарат берген, депутаттық қызметтің кепілдіктерін бұзған лауазымды адамдары Республика заңдарымен белгіленген жауапқа тартылуға тиіс.
      141. Парламент депутатының басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетін өзге де жұмысты атқаруға, кәсіпкерлік қызметпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруіне құқығы жоқ. Осы ереженің бұзылуы депутаттың өкілеттігін тоқтатуға әкеп соғады.
      142. Дауыс беру құқығын депутаттың жеке өзі жүзеге асырады.
      Парламенттің, Палатаның және оның органдарының отырыстарында депутат өзінің даусын басқа біреуге берген жағдайда Палата Бюросының шешімімен депутатқа дауысты басқаға беруге жол берген күні үшін жалақы төлеуден, ал даусын басқа біреуге қайталап берген жағдайда айлық жалақысын төлеуден бас тартылады.
      Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың 141-тармақтың талаптарын, депутаттық әдеп ережелерін сақтауына, сондай-ақ депутаттардың өкілеттігін тоқтатуға және оларды өкілеттігінен және депутатқа ешкімнің тиіспеуі құқығынан айыруға байланысты мәселелерді әзірлеуді Республиканың Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
      Саяси партия фракциясының құрамына кіретін депутаттарға "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңында көзделген жазалау шараларын қолдану туралы мәселеге саяси партияның фракциясы бастамашы бола алады.
      143. Депутаттық қызмет мәселелері бойынша депутат мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге, мемлекеттік ұйымдарға бөгетсіз кіру құқығын, сондай-ақ олардың басшылары мен басқа да лауазымды адамдарының кідіріссіз қабылдауы құқығын пайдаланады.
      Кіріп-шығу депутаттық куәлікті көрсету арқылы жүзеге асырылады.
      Қызметі мемлекеттік құпияларға байланысты ұйымдарға депутаттардың кіріп-шығу тәртібі заңмен белгіленеді.
      144. Депутат Палатаның жалпы отырысына және оның жұмыс органдарының отырыстарына дәлелсіз себептермен үш реттен артық қатыспаған жағдайда, оған қатыспаған күндері үшін жалақы төлеуден бас тартылады.
      Депутат Палатаның және оның органдарының отырыстарына дәлелсіз себептермен бір айдан астам уақыт қатыспаған жағдайда, депутатқа қатыспаған мерзіміне:
      1) жалақысын төлеуден;
      2) көлікпен жүріп-тұру құжаттарын кезектен тыс алуынан;
      3) іссапарға шығуынан;
      4) іссапар шығыстарын өтеуден;
      5) автомобиль көлігімен қызмет көрсетуден;
      6) емдеу-сауықтыру және санаторий-курорттық қызмет көрсетуден бас тартылады.
      Бұл туралы шешімді депутат Парламенттің немесе оның палаталарының жалпы отырысына қатыспаған жағдайда, Республиканың Орталық сайлау комиссиясының ұсынуымен Палатаның Төрағасы қабылдайды.
      Депутат Парламенттің немесе оның палаталары органдарының отырыстарына дәлелсіз себептермен үш реттен артық қатыспаған жағдайда, оны қатыспаған күндері үшін жалақыдан айыру туралы шешімді Палатаның Бюросы оның мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қаулы шығару арқылы қабылдайды.
      Депутаттың жауапкершілігі туралы шешім Палата Төрағасының өкімімен ресімделеді.
      145. "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңмен, Парламенттің және Палатаның регламенттерімен белгіленген депутаттық әдеп ережелерін бұзған жағдайда Палата Төрағасының шешімімен депутатқа мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкін:
      1) парламенттік бетке басу;
      2) көпшілік алдында кешірім сұрауға еріксіз көндіру;
      3) палаталардың бірлескен немесе бөлек жалпы отырысының бірінде сөзден айыру;
      4) палаталардың үш бірдей бірлескен немесе бөлек жалпы отырысында сөзден айыру;
      5) палаталардың бірлескен немесе бөлек жалпы отырыстарының бірінде отырыс залынан шығарып жіберу;
      6) палаталардың үш бірдей бірлескен немесе бөлек жалпы отырысында отырыс залынан шығарып жіберу;
      7) бір күндік жалақысынан айыру.
      Депутатқа қолданылатын аталған жазалау шараларының бәрі Палата Төрағасының өкімімен ресімделеді.
      146. Депутаттарға жазалау шараларын қолданумен, олардың осы Регламенттің 144-тармағының талаптарын, депутаттық әдеп ережелерін сақтаумен, сондай-ақ депутаттардың өкілеттігін тоқтатумен және оларды өкілеттігі мен депутаттарға ешкімнің тиіспеуі құқығынан айырумен байланысты мәселелерді әзірлеу Республиканың Орталық сайлау комиссиясына жүктеледі.
      147. Депутаттардың жауапкершілігі туралы мәселелерді олардың депутаттық әдеп ережелерін бұзу фактісінен кейін немесе Орталық сайлау комиссиясы мүшесінің тиісті баяндамасынан кейін Палатаның төрағасы қарайды.
      148. Мәжіліс депутаты Парламент пен Мәжілістің отырысына Палата Төрағасының рұқсатымен ғана қатыспауы мүмкін.
      Депутат Палатаның, сондай-ақ Парламенттің немесе оның Палатасының жұмыс органының отырысына келу мүмкіндігі болмаған жағдайда, б±л туралы Палатаның Төрағасына не Палатаның тұрақты комитетінің төрағасына алдын ала хабарлайды.

11-тарау. Депутаттық сауалдар мен сұрақтар

      149. Депутаттық сауал депутаттың Парламент палаталарының бірлескен және бөлек жалпы отырысында мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарынан осы органның немесе лауазымды адамның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Парламент сессиясында негізделген түсінік беруін немесе өзінің айқындамасын баяндауын ресми талап етуі болып табылады.
      Парламент депутатының Республика Премьер-Министріне және Үкіметінің мүшелеріне, Ұлттық Банкінің Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелеріне, Бас Прокурорға, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы мен мүшелеріне сауал жолдауға құқығы бар. Бұл орайда, Бас Прокурорға қойылған сауал қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыруға байланысты мәселелерге қатысты бола алмайды.
      Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына арналған депутаттық сауалдарды қарау Палатаның жабық отырысында жүргізіледі.
      150. Депутаттық сауал жазбаша түрде енгізілуі мүмкін және Парламент Палаталарының бірлескен отырысында, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында күн тәртібі бекітілгеннен кейін жария етіледі.
      Палата депутаттық сауалдарды жария етудің өзге де уақыты туралы шешім қабылдай алады.
      Сауалды жария ету үшін бес минут шегінде уақыт беріледі.
      151. Депутат сауалында өзі сауал жолдаған нақты лауазымды адамды және күтетін жауабының нысанын (ауызша немесе жазбаша) көрсетуге міндетті.
      Палатаның Аппараты сауал жалпы отырыста жария етілген кезден бастап үш күн мерзім ішінде оны тиісті мемлекеттік органның лауазымды адамына жібереді және сауалдың көшірмесін қол қойған депутатқа немесе депутаттарға ұсынады.
      152. Сауал жолданған лауазымды адамдар Парламент сессиясында ол бойынша ауызша немесе жазбаша жауап беруге міндетті. Сауалға жазбаша жауап бір айдан аспайтын мерзімде ұсынылады және сессияда жария етіледі. Сауалға жауап бойынша жарыссөз ашылуы мүмкін. Депутаттар сауалдың жауабына өз көзқарастарын білдіруге құқылы.
      153. Егер депутаттық сауалға Парламенттің немесе Палатаның жалпы отырысында лауазымды адам ауызша жауап беруге тиіс болса, сауалға жауап оның адресатқа келіп түскен күнінен бастап бір айдан аспайтын мерзімде Парламенттің немесе оның Палатасының жалпы отырысында берілуге тиіс.
      Депутаттық сауал авторының келісімімен сауалға басшының міндетін атқаруға тағайындалған ресми лауазымды адам жауап бере алады. Егер лауазымды адам қызметтік міндеттерін орындауға байланысты Палатаның жалпы отырысына қатыса алмайтын болса, сауалға жауап кейінге, бірақ бір айдан аспайтын мерзімге қалдырылуы мүмкін.
      Парламенттің немесе оның Палатасының жалпы отырысындағы депутаттық сауал мынадай тәртіппен қаралады:
      депутаттың сауалмен сөз сөйлеуі - бес минутқа дейін;
      депутаттық сауал жолданған лауазымды адамның жауабы - жиырма минутқа дейін.
      Сауалға жауап бойынша жарыссөз ашылуы мүмкін.
      Жауапты тыңдап болғаннан кейін депутаттық сауалдың авторы, сондай-ақ басқа да депутаттар сауалда көтерілген проблемалар бойынша сұрақтар қоюы мүмкін. Депутаттық сауал жолданған лауазымды адамға депутаттардың сұрақтарына жауап беру үшін отыз минутқа дейін уақыт бөлінеді.
      154. Депутаттық сауалға жауап және оны талқылаудың нәтижелері бойынша Парламенттің немесе оның Палатасының қаулысы қабылданады. Сауал және оған жауап беру бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мүмкін.
      155. Депутаттар палаталардың бірлескен және бөлек жалпы отырыстарында Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне және Үкіметі мүшелеріне, Ұлттық Банкінің Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелеріне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы мен мүшелеріне ауызша сұрақтар қоюға құқылы. Сұраққа жауап - сол отырыста, ал жауап қайтаруға қосымша әзірлік қажет болған жағдайда үш күн мерзім ішінде қайтарылады.

4-1-бөлім. ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНДЕ ДЕПУТАТТЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРДІ,
ОЛАРДЫҢ ОРГАНДАРЫН ҚҰРУ, ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
ЖӘНЕ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ, ДЕПУТАТТЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ
ӨКІЛЕТТІКТЕРДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ МЕН ЖАҒДАЙЛАРЫ

12-тарау. Парламент Мәжілісінің депутаттық бірлестіктері

      156. Парламент Мәжілісінің депутаттары саяси партиялардың фракциялары және депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құруға құқылы.
      Саяси партияның фракциясы - Парламентте тиісті саяси партияның мүдделерін білдіру мақсатында құрылатын, заңда белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияның атынан өкілдік ететін депутаттардың ұйымдасқан тобы. Саяси партия фракциясының ең аз саны Парламент Мәжілісінің кемінде жеті депутатынан тұруға тиіс.
      Депутаттың бір ғана саяси партияның фракциясында болуға құқығы бар.
      157. Депутаттық топ - өздерінің өкілеттіктерін бірлесіп жүзеге асыратын депутаттар бірлестігі.
      Депутаттық топтың құрамында Парламенттің кемінде он бес депутаты болуға тиіс.
      158. Саяси партиялардың фракцияларын тіркеу Парламент Мәжілісінің Бюросында жүзеге асырылады, депутаттық топтарды тіркеу Парламент Палаталарының Бюроларында жүзеге асырылады. Саяси партиялардың фракцияларын және депутаттық топтарды тіркеу келіп тіркелу тәртібімен жүргізіледі.
      Тіркеу фракцияға не депутаттық топқа енген депутаттардың қолы қойылып куәландырылған депутаттық бірлестік құру және оның тізімдік құрамы туралы жазбаша хабарлама негізінде жүзеге асырылады. Тіркегеннен кейін Бюро назарға алу үшін депутаттарға депутаттық бірлестіктердің тізімдік құрамын жібереді.
      Осы тармақтың талаптарына сәйкес тіркелмеген депутаттық бірлестіктер заңсыз деп танылады.
      159. Депутаттық бірлестіктерді тіркеген кезде олардың бір де біреуіне кірмеген Мәжіліс депутаттары кейіннен бірлестік мүшелерінің келісімімен олардың кез келгеніне кіре алады.
      Депутаттық бірлестіктердің ішкі қызметін өздері дербес ұйымдастырады.
      Депутаттың өтініші немесе саяси партияның басшы органының шешімі тіркелген күн депутаттың депутаттық бірлестіктен шыққан күні болып есептеледі.
      160. Депутаттық бірлестіктен мүшелері шығып, оны тіркеген кездегі қажетті саннан мүшелерінің сан құрамы аз болып қалған жағдайда бірлестік өз қызметін тоқтатады.
      Депутаттық бірлестіктердің құрамын уақтылы есепке алып отыру мақсатында саяси партиялардың фракциялары мен депутаттық топтар өзіндегі адам саны өзгерген кезден бастап жеті күн ішінде Мәжіліс Бюросына өздерінің депутаттық бірлестіктері мүшелерінің өзгертілген тізімін береді.
      161. Депутаттық бірлестіктердің мүшелері саяси партия фракциясының, депутаттық топтың атынан:
      1) Парламент және Палаталар отырыстарының күн тәртібі, талқыланатын мәселелерді қараудың тәртібі және олардың мәні жөнінде ескертпелер мен ұсыныстар енгізуге;
      2) Парламент немесе оның Палаталары сайлайтын немесе тағайындайтын не олардың тағайындалуына Парламент немесе оның Палаталары келісім беретін лауазымды адамдардың кандидатуралары жөнінде өз пікірлерін айтуға;
      3) Парламент және оның Палаталары қабылдайтын заңдардың, қаулылардың және басқа да актілердің жобаларына түзетулер ұсынуға;
      4) Парламент депутаттарын азаматтардың қоғамдық маңызы бар өтініштерімен, саяси партия фракциясының, депутаттық топтың шешімдерімен таныстыруға;
      5) мемлекеттік органдардан және лауазымды адамдардан депутаттық бірлестіктердің қызметіне қажетті материалдар мен құжаттарды сұратуға;
      6) жарыссөз тоқтатылған кезде депутаттық бірлестіктің атынан сөз сөйлеуді талап етіп сұрауға құқылы. Төрағалық етуші бұл жағдайда оларға сөз беруге міндетті.
      Саяси партия фракциясы мүшелерінің құқықтары мен міндеттері саяси партияның фракциясы туралы ережемен анықталады.
      162. Мыналар:
      1) саяси партияның бағдарламалық нұсқауларын, саяси партия Төрағасының, саяси партияның жоғары және басшы органдарының шешімдерін іске асыру жөніндегі заң шығару қызметін қамтамасыз ету;
      2) Республика Премьер-Министрінің кандидатурасы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті өткізетін консультацияларға қатысу, Парламент Мәжілісінде Үкіметке және оның мүшелеріне сенімсіздік білдіру туралы мәселелерді қарауға бастама жасау;
      3) Парламент пен Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттіктерін іске асыру мақсатында жүзеге асырылатын саяси партия фракциясының қызметіндегі негізгі бағыттар Парламент Мәжілісіндегі саяси партия фракциясының негізгі өкілеттігі болып табылады.
      Саяси партиялар фракцияларының ұйымдастырылуы және қызмет ету тәртібі саяси партиялардың фракциялары туралы ережелермен реттеледі.
      162-1. Саяси партиялар фракцияларының қызметі заңнамада белгіленген тәртіппен саяси партияның жоғары және (немесе) басшы органдарының шешімімен мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
      162-2. Саяси партияның фракциясы өз қызметінде саяси партияның басшы органдарымен, орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, саяси партиялармен және қоғамдық бірлестіктермен, азаматтық қоғамның басқа да институттарымен өзара іс-қимыл жасай алады, сондай-ақ саяси партияның қоғамдық қабылдау орнының жұмысына қатысады.
      162-3. Партиялық тізім бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланған депутаттар саяси партия фракциясының мүшелері болып табылады. Парламент Мәжілісінің депутаттары саяси партия фракциясының құрамына кіре алады.
      Депутаттың саяси партия фракциясындағы мүшелігі саяси партия фракциясының басшы органының депутаттың жазбаша өтініші негізінде қабылданған шешімімен ресімделеді.
      162-4. Саяси партия фракциясының мүшесі саяси партияның жарғысына және саяси партияның фракциясы туралы ережеге сәйкес саяси партияның басшы органының шешімі бойынша саяси партияның фракциясынан шығарылуы және Парламент Мәжілісі депутаттарының құрамынан кері шақырылып алынуы мүмкін.
      Депутатты саяси партия фракциясының құрамынан шығару немесе депутаттың одан өз еркімен шығуы туралы ақпарат Парламент Мәжілісінің, саяси партияның назарына жеткізіледі.
      162-5. Саяси партияның фракциясын саяси партияның жарғысына сәйкес сайланатын Фракция жетекшісі басқарады.
      Саяси партия фракциясы жетекшісінің өкілеттіктері саяси партияның фракциясы туралы ережемен анықталады және жүзеге асырылады.
      Саяси партия фракциясы жетекшісінің орынбасарлары болуы мүмкін.
      162-6. Саяси партия фракциясының жоғары және үйлестіру органдарын құру, ұйымдастыру, оның өкілеттіктері және қызметін жүзеге асыру, жұмыс және консультациялық-кеңесші органдарын құру мен олардың жұмыс істеу мәселелері саяси партияның фракциясы туралы ережемен анықталады.
      162-7. Саяси партияның фракциясы өзінің қызметін қамтамасыз ету үшін аппарат құра алады, оның қызметі саяси партияның фракциясы туралы ережемен реттеледі.
      Саяси партия фракциясы аппаратының басшысы Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстарына, Палата Бюросының отырыстарына және Парламент Мәжілісінің жұмыс органдарына қатыса алады.

5-бөлім. ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРЫ ЖӘНЕ
ОЛАРДЫҢ ӨКІЛЕТТІГІ

13-тарау. Парламент Мәжілісінің Төрағасы

      163. Алып тасталды.
      164. Алып тасталды.
      165. Алып тасталды.
      166. Палатаны мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Палатаның жалпы отырысында Мәжіліс депутаттары арасынан Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған Парламент Мәжілісінің Төрағасы басқарады.
      167. Парламент Мәжілісі Төрағасының қызметіне кандидатураларды Палата депутаттары ұсынады.
      168. Парламент Мәжілісі Төрағасының қызметіне кандидатқа Палата алдында сөз сөйлеу құқығы беріледі. Сөз сөйлеу уақыты он минутқа дейін.
      Кандидат сөз сөйлеп болғаннан кейін депутаттардың оған сұрақтар қоюға, кандидатура жөнінде өз пікірін айтуға, ұсынылған кандидатураны "жақтап" немесе "қарсы" үгіттеуге құқығы бар.
      Мәжіліс Төрағасы қызметіне кандидатқа депутаттардың қойған сұрақтарына жауап қайтару үшін он бес минутқа дейін уақыт бөлінеді.
      Кандидатураны талқылау үшін жиырма минутқа дейін уақыт бөлінеді.
      169. Кандидатураларды талқылау бөлінген уақыт біткеннен кейін немесе депутаттың ұсынысы бойынша Палатаның шешімімен тоқтатылады.
      170. Парламент Мәжілісі Төрағасы қызметіне ұсынылған барлық кандидатуралар, өз кандидатураларын қайтарып алғандарды қоспағанда, жасырын дауыс беруге арналған тізімге енгізіліп, оны төрағалық етуші жариялайды.
      Кандидаттарды жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньге енгізу туралы жалпы отырысқа қатысушы депутаттар санының көпшілік даусымен Палатаның қаулысы қабылданады.
      171. Жасырын дауыс беруді өткізу тәртібі осы Регламенттің 24-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
      172. Алып тасталды.
      173. Алып тасталды.
      174. Егер жасырын дауыс беру нәтижесінде кандидат Палата депутаттары жалпы санының жартысынан астамының дауысын алса, ол Республика Парламенті Мәжілісінің Төрағасы болып сайланды деп есептеледі.
      175. Парламент Мәжілісінің Төрағасын сайлау туралы Палата қаулы қабылдайды, оған жалпы отырысқа төрағалық етуші қол қояды.
      176. Егер Парламент Мәжілісі Төрағасының қызметіне екіден артық кандидат ұсынылып, олардың бір де біреуі Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусын ала алмаса, ең көп дауыс алған екі кандидат бойынша қайталап жасырын дауыс беру өткізіледі.
      Егер сайлау кезінде екі кандидаттың бір де біреуі Палата депутаттары жалпы санының жартысынан астамының даусын ала алмаса, жаңа кандидатураларды ұсынып, талқылай отырып қайталап сайлау өткізіледі.
      177. Парламент Мәжілісінің Төрағасы, егер бұл үшін Палата депутаттары жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қызметінен кері шақырылып алынуы, сондай-ақ отставкаға кетуі мүмкін.
      178. Парламент Мәжілісінің Төрағасы:
      1) Республика Парламентінің сессияларын ашады;
      2) Палатаның жалпы отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді;
      3) Палаталардың кезекті бірлескен жалпы отырыстарын шақырады, Парламент Палаталарының кезекті және кезектен тыс бірлескен жалпы отырыстарына төрағалық етеді;
      4) Парламент отырысының күн тәртібін және жұмыс ретін Парламент жалпы отырысының бекітуіне енгізеді;
      5) Палатаның қарауына енгізілетін мәселелерді әзірлеуге жалпы басшылықты жүзеге асырады;
      6) Палата Төрағасының орынбасарлары қызметіне, Конституциялық Кеңестің екі мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің үш мүшесін сайлау үшін Палатаға кандидатураларды ұсынады;
      7) Палата қызметінде Регламенттің сақталуын қамтамасыз етеді;
      8) Палата Бюросының қызметіне басшылық жасайды;
      9) Палата шығаратын актілерге қол қояды;
      10) Парламенттің және Палатаның регламенттерімен өзіне жүктелген басқа да міндеттерді орындайды.
      Республика Парламенті Мәжілісінің Төрағасы өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкімдер шығарады.

14-тарау. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасарлары

      179. Парламент Мәжілісі Төрағасының екі орынбасары болады, олар Парламент Мәжілісі Төрағасының ұсынуымен Палата депутаттарының арасынан Палатаның жалпы отырысында ашық дауыс беру арқылы Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен сайланады.
      180. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасарлары қызметіне кандидаттарға Палата алдында сөз сөйлеу құқығы беріледі. Сөз сөйлеу уақыты - он минутқа дейін.
      Кандидаттар сөз сөйлеп болғаннан кейін депутаттар оларға сұрақтар қоюға, кандидатуралар жөнінде өз пікірін айтуға, ұсынылған кандидатураларды "жақтап" немесе "қарсы" үгіттеуге құқылы.
      Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасарлары қызметіне кандидаттарға депутаттардың қойған сұрақтарына жауап беру үшін он бес минутқа дейін уақыт бөлінеді.
      Кандидатураларды талқылау үшін жиырма минутқа дейін уақыт бөлінеді.
      181. Кандидатураларды талқылау бөлінген уақыт біткеннен кейін немесе депутаттардың ұсынысы бойынша Палатаның шешімімен тоқтатылады.
      182. Егер Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасарлары қызметіне кандидаттар сайлану үшін қажетті дауыс санын ала алмаса, Парламент Мәжілісінің Төрағасы жаңа кандидатуралар ұсынып, оларды талқыға және дауысқа салады.
      183. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасарларын сайлау туралы Палата қаулы қабылдайды.
      184. Палата Төрағасының ұсынысы бойынша Мәжіліс Төрағасының орынбасарлары, егер бұл үшін Палата депутаттары жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, Төраға орынбасарлары қызметінен кері шақырылып алынуы мүмкін.
      185. Палата Төрағасының орынбасарлары өз еріктерімен орындарынан түсуге қақылы, егер бұл үшін Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, ол қабылданды деп есептеледі.
      186. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасарлары Палата Төрағасының уәкілеттік беруі бойынша оның жекелеген функцияларын орындайды және Төраға болмаған немесе оның өз міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндігі болмаған жағдайда оны орынбасарларының бірі ауыстырады.
      Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасарлары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкімдер шығарады.

5-1-бөлім. ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ
ПАРЛАМЕНТАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

      186-1. Парламент Мәжілісі шет мемлекеттердің парламенттерімен, халықаралық және парламентаралық ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      186-2. Мәжіліс Төрағасы немесе оның уәкілеттік беруі бойынша орынбасарларының бірі халықаралық ынтымақтастық шеңберінде жүзеге асырылатын ресми және жұмыс сапарлары туралы, сондай-ақ Мәжіліс депутаттарының шетелдік іс-сапарлары туралы өкім шығарады.
      186-3. Мәжіліс Төрағасы мен оның орынбасарларының, сондай-ақ Мәжілістің тұрақты комитеттерінің ұсыныстары бойынша Палата Бюросы шет мемлекеттер парламенттерінің және парламентаралық ұйымдардың делегацияларын Қазақстан Республикасына шақыру мәселелерін қарайды.

6-бөлім. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      187. Регламент қабылданған күнінен бастап күшіне енеді.
      Регламенттің ережелерін түсіндіруді және оның сақталуын бақылауды Мәжілістің Регламенті жөніндегі уақытша комиссия жүзеге асырады.
      188. Мәжіліс Регламентін өзгерту және толықтыру туралы ұсыныстарды Палата Бюросына Парламент Мәжілісінің Төрағасы, оның орынбасарлары, Палатаның комитеттері, депутаттары, фракциялар мен депутаттық топтар енгізе алады, Бюро бұл ұсыныстарды Мәжілістің мәселелер қарау және Палатаның жалпы отырыста қарау жоспарына енгізеді және аталған ұсыныстарды белгілі бір мерзімде қорытып, Мәжілістің қарауына енгізуді Мәжіліс Регламенті жөніндегі уақытша комиссияға тапсырады.
      189. Өзінің конституциялық өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатын көздей отырып Парламенттің және Мәжілістің регламенттерімен белгіленген шарттар мен рәсімдерді сақтамай өткізген Мәжіліс депутаттарының кез келген отырысы заңсыз болып табылады. Осы отырыстарда қабылданған актілердің күші болмайды.
      190. Алып тасталды.
      191. Мәжілістің, оның консультациялық-кеңесші органдарының, сондай-ақ депутаттық бірлестіктердің қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық-талдау тұрғысынан және өзге де қамтамасыз етуді Палатаның Аппараты жүзеге асырады.
      192. Мәжілістің және саяси партиялар фракцияларының қызметін инженерлік, шаруашылық-тұрмыстық, көлікпен, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді Парламенттің Шаруашылық басқармасы жүзеге асырады.
      193. Мәжіліс Аппаратының қызметі мемлекеттік қызмет туралы нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ Мәжіліс Аппараты туралы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының қызметін қамтамасыз етуге бағытталады.
      Парламент немесе Парламент Мәжілісі өкілеттігінің мерзімі аяқталуымен байланысты, Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған және оның депутаттарының жаңа құрамы сайланған жағдайда Мәжіліс Аппаратындағы мемлекеттік қызметшілердің қызметі тоқтатылмайды.
      Палата Аппаратының жұмысын Мәжіліс Аппаратының Басшысы басқарады, ол Палатаның Бюросына есеп береді.
      194. Мәжіліс қызметінде жариялылықты қамтамасыз етуге ықпал жасау, Палата мен оның құрылымдарының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысын жүзеге асыру, сондай-ақ баспасөз, теледидар мен радио үшін ресми материалдар әзірлеу мақсатында Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі құрылады.
      Мәжілістің баспасөз қызметі Палата Бюросында бекітілетін "Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі жанында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тіркеу туралы ереже" негізінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тіркейді.
      195. Алып тасталды.