Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 2020 жылғы 23 желтоқсандағы № 1413-VI ПМ қаулысы

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т.қараңыз.

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Регламентінің 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 1996 жылғы 8 ақпандағы Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Регламентіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 3, 213, 216-құжаттар; 2005 ж., № 16, 71-құжат; 2007 ж., № 22, 171-құжат; 2011 ж., № 19, 149-құжат) осы Қаулыға қосымшаға сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін.

      2. Осы Қаулы 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикас
Парламенті Мәжілісінің Төрағасы
Н. НЫҒМАТУЛИН

  Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің
2020 жылғы 23 желтоқсандағы
№1413-VI ПМ Қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар

      1) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстары ашық болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес интернет-ресурста онлайн режимде трансляциялануы мүмкін.

      Осы Регламентте көзделген жағдайларда Палата жабық отырыстар өткізуге құқылы.";

      2) 5-тармақта:

      үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мәжіліс немесе Мәжілістің Бюросы жалпы отырысты өткізудің өзге уақыты туралы шешім қабылдай алады.";

      жетінші бөлік мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:

      "Мәжіліс немесе Мәжілістің Бюросы өңірлерге шығудың өзге мерзімдері мен мерзімділігі туралы шешім қабылдай алады.";

      3) 6-4-тармақ алып тасталсын;

      4) 7-тармақтың 2) тармақшасы алып тасталсын;

      5) 9-тармақта:

      бірінші бөліктегі "отыз минутқа дейін, қосымша баяндамалар үшін –жиырма минутқа дейін, жарыссөзде сөз сөйлеу үшін – он минутқа дейін" деген сөздер "он бес минутқа дейін, қосымша баяндамалар үшін – он минутқа дейін, жарыссөзде сөз сөйлеу үшін – жеті минутқа дейін" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші бөліктегі "минут шегінде" деген сөздер "минутқа дейін" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6) 25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Заң шығару бастамасы құқығы Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің жобаларын енгізу нысанында жүзеге асырылады."; 

      7) 26-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Заң жобасы бойынша материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес интернет-ресурста орналастырылады.";

      8) 27-тармақта:

      бірінші бөліктің 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) ғылыми сараптаманың қорытындылары және өзге де сараптамалық қорытындылар;";

      жетінші бөліктегі "бес күн" деген сөздер "бес жұмыс күні" деген сөздермен ауыстырылсын;

      9) 28-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Республика Президенті заң жобасын қарауды басым деп айқындаған жағдайда, Палатаның бас комитетінің қорытынды әзірлеуіне қажетті мерзім күнтізбелік отыз күннен аспайды.";

      10) 30-1-тармақтың төртінші бөлігіндегі "түзетулер бас комитеттің салыстырма кестесіне енгізілмейді" деген сөздер "түзетулер, сондай-ақ заң жобасы нормаларының құқықтық мазмұнын өзгертпейтін редакциялық сипаттағы ескертпелер бас комитеттің салыстырма кестесіне енгізілмеуі мүмкін" деген сөздермен ауыстырылсын;

      11) 35-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Заң жобасы белгіленген тәртіппен басым деп айқындалған жағдайда, сондай-ақ заң жобасының ережелерін қолданысқа енгізу мерзімдеріне байланысты өзге де айрықша жағдайларда Палата Бюросы заң жобасы мен оның материалдарын депутаттарға ұсынудың өзге мерзімдерін белгілей алады.";

      12) 77-1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Президенттің жазбаша ұсынуы негізінде Мәжілістің Төрағасы Палатаның жалпы отырысын шақырады.";

      13) мынадай мазмұндағы 77-4-тармақпен толықтырылсын:

      "77-4. Үкімет мүшелерін қызметке тағайындау үшін Республика Президентіне ұсынылатын кандидатуралар бойынша Парламент Мәжілісімен оның тиісті бейінді тұрақты комитеттерінде консультациялар өткізіледі.

      Тиісті комитеттің отырысында консультациялар өткізу кезінде қызметке кандидатураларды Республиканың Премьер-Министрі немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам ұсынады.

      Консультациялардың қорытындысы бойынша тиісті комитет талқыланатын әрбір кандидатура бойынша консультативтік (ұсынымдық) сипатта болатын қорытынды шығарады.";

      14) 89-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға құқылы. Есепті тыңдау қорытындысы бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен оны қызметінен босату туралы Республика Президентіне өтініш қабылдауға құқылы. Бұл жағдайда Республика Президенті Үкімет мүшесін қызметінен босатады;";

      15) 89-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "89-1. 89-тармақтың 1) тармақшасында аталған адамдарды лауазымдарға тағайындау Палатаның жалпы отырысында Мәжіліс Төрағасының ұсынуы бойынша жүзеге асырылады.

      Ұсынылған кандидатуралар мәселе Мәжілістің жалпы отырысында қаралғанға дейін Мәжіліс Бюросының шешімімен айқындалатын Палатаның тиісті комитетінің отырысында талқылануға тиіс. Комитет кандидатураларды қарау қорытындысы бойынша талқыланатын әрбір кандидатура бойынша қорытынды шығарады.";

      16) 89-3-тармақта:

      төртінші бөліктің үшінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Парламент Мәжілісі жоғарыда аталған лауазымдарға кандидатураларды сайлау туралы қаулы қабылдайды.";

      бесінші бөлік алып тасталсын;

      17) 96-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "96-1. Парламент Мәжілісі жұмыс жоспарына сәйкес өз құзыретіндегі мәселелер бойынша "үкімет сағатын" өткізе алады.

      Парламенттік оппозиция осы Регламентте көзделген тәртіппен бір сессия ішінде кемінде екі рет "үкімет сағатының" күн тәртібін айқындауға құқылы.

      "Үкімет сағатының" күн тәртібіне енгізілетін тақырып бойынша ұсыныстарды бастапқы кезде депутаттар ұсынады және олар парламенттік оппозиция болып табылатын саяси партиялар фракцияларының әрқайсысында бөлек қаралады.

      Талқылау қорытындысы бойынша бұл ұсыныстар парламенттік оппозиция болып табылатын саяси партиялар фракцияларының бірлескен отырысының қарауына шығарылады, содан кейін "үкімет сағатының" келісілген тақырыбы "үкімет сағатын" өткізуді дайындап жатқан тұрақты комитеттің қарауына жіберіледі.

      Парламенттік оппозицияның өкілдері тұрақты комитеттің "үкімет сағатын" өткізу жөніндегі дайындық жұмысына қатысады.";

      18) 96-2-тармақта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "96-2. Депутаттар "үкімет сағаты" барысында Үкімет өкілінің баяндамасын және қажет болған кезде тиісті тұрақты комитеттің қосымша баяндамасын тыңдайды, содан кейін депутаттар Үкіметтің өкіліне сұрақтар қоюға құқылы. Талқыланып отырған мәселе бойынша баяндамаға – жиырма минуттан аспайтын, қосымша баяндамаға – он минуттан аспайтын, сұрақтар мен жауаптарға – бір жарым сағаттан аспайтын, ал талқылауға бір сағаттан аспайтын уақыт беріледі.";

      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Үкімет сағаты" Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес интернет-ресурста онлайн режимде трансляциялануы мүмкін.";

      19) 97-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Парламенттік оппозиция осы Регламентте көзделген тәртіппен бір сессия ішінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізуге бастамашылық жасауға құқылы.

      Парламенттік тыңдау тақырыбының жобасын депутаттар ұсынады және ол парламенттік оппозиция болып табылатын саяси партиялар фракцияларының әрқайсысында бөлек қаралады.

      Парламенттік тыңдау тақырыбының жобасын депутаттық фракциялардың талқылау қорытындысы бойынша тақырыптың жобасы парламенттік оппозиция болып табылатын саяси партиялар фракцияларының бірлескен отырысының қарауына шығарылады, содан кейін парламенттік тыңдаудың келісілген тақырыбы Мәжіліс Бюросының қарауына жіберіледі.

      Парламенттік оппозицияның өкілдері парламенттік тыңдауды өткізу жөніндегі арнайы уақытша комиссияның дайындық жұмысына қатысады.";

      20) 100-тармақ мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Ашық парламенттік тыңдау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес интернет-ресурста онлайн режимде трансляциялануы мүмкін.";

      21) 102-тармақ мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Саяси партия фракциясының, депутаттық топтың атынан сөз сөйлеу үшін міндетті түрде сөз беріледі.";

      22) 106-тармақ "көпшілік даусымен" деген сөздердің алдынан "кемінде үштен екісінің" деген сөздермен толықтырылсын;

      23) 108-тармақ мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Саяси партия фракциясының, депутаттық топтың атынан сөз сөйлеу үшін міндетті түрде сөз беріледі.";

      24) 110-тармақтағы "көпшілік даусымен" деген сөздер "кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен" деген сөздермен ауыстырылсын;

      25) 112-тармақ мынадай мазмұндағы 3-1) және 11-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "3-1) жалпы отырысты өткізудің өзге уақыты туралы шешім қабылдауға құқылы;";

      "11-1) депутаттардың сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге шығуының мерзімдері мен мерзімділігі туралы шешім қабылдауға құқылы;";

      26) 116-тармақтың бесінші бөлігі "жұмыс органдары" деген сөздерден кейін "ашық" деген сөзбен толықтырылсын;

      27) мынадай мазмұндағы 128-1, 128-2, 128-3 және 128-4-тармақтармен толықтырылсын:

      "128-1. Төрағасы мен хатшылары "Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының үшінші бөлігіне және 19-бабының үшінші бөлігіне сәйкес сайланатын Мәжілістің тұрақты комитеттері парламенттік көпшілікке және парламенттік оппозицияға кіретін саяси партиялар фракциялары басшыларының консультацияларынан кейін айқындалады және олардың бірлескен шешімімен ресімделіп, Мәжіліс Төрағасына беріледі.

      Мұндай шешімге қол жеткізілмеген жағдайда, Парламент Мәжілісі Палатаның жалпы отырысында депутаттардың ұсыныстары бойынша Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен төрағалары мен хатшылары парламенттік көпшіліктің және парламенттік оппозицияның партияларынан сайланатын тұрақты комитеттерді айқындайды.

      128-2. Парламенттік оппозиция депутаттарының арасынан төраға мен хатшылар Мәжілістің әртүрлі тұрақты комитеттеріне сайланады.

      128-3. Парламенттік оппозиция болып табылатын саяси партиялардың фракциялары Мәжілістің тұрақты комитеттерінің бірінің төрағасы лауазымына бірыңғай кандидатура ұсынады.

      Парламенттік оппозициядан тұрақты комитеттердің бірінің төрағасы лауазымына бірыңғай кандидатура парламенттік оппозиция болып табылатын саяси партиялардың фракциялары басшыларының консультацияларынан кейін айқындалады және олардың бірлескен шешімімен ресімделіп, Мәжіліс Төрағасына беріледі.

      Парламенттік оппозиция тұрақты комитеттердің бірінің төрағасы лауазымына бірыңғай кандидатураны айқындамаған жағдайда, онда Парламент Мәжілісі Палатаның жалпы отырысында парламенттік оппозиция болып табылатын саяси партиялар фракцияларының ұсыныстары бойынша Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен парламенттік оппозицияның депутаттары арасынан тұрақты комитеттердің бірінің төрағасын сайлайды.

      128-4. Парламенттік оппозиция болып табылатын саяси партиялардың фракциялары Мәжілістің екі тұрақты комитетінің хатшысы лауазымдарына бірыңғай кандидатуралар ұсынады.

      Парламенттік оппозициядан екі тұрақты комитеттің хатшысы лауазымдарына бірыңғай кандидатуралар парламенттік оппозиция болып табылатын саяси партиялар фракциялары басшыларының консультацияларынан кейін айқындалады және олардың бірлескен шешімімен ресімделіп, хатшылары парламенттік оппозициядан сайланатын тұрақты комитеттерге жіберіледі.

      Парламенттік оппозиция екі тұрақты комитеттің хатшысы лауазымдарына бірыңғай кандидатураларды айқындамаған жағдайда, онда тұрақты комитеттер өз отырыстарында парламенттік оппозиция болып табылатын саяси партиялар фракцияларының жазбаша ұсыныстары бойынша комитеттер мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен парламенттік оппозиция депутаттарының арасынан екі тұрақты комитеттің хатшыларын сайлайды.

      Бұл ретте дауысқа алдымен парламенттік оппозиция болып табылатын саяси партиялардың басқа фракцияларымен салыстырғанда сайлаушылар дауыстарының неғұрлым көп санына ие парламенттік оппозиция болып табылатын саяси партия фракциясының кандидатурасы қойылады.";

      28) 150-тармақтың үшінші абзацындағы "минут шегінде" деген сөздер "минутқа дейін" деген сөздермен ауыстырылсын;

      29) 157-тармақтың екінші бөлігі "Депутаттың" деген сөзден кейін "өзі Парламент Мәжілісінің құрамына сайланған" деген сөздермен толықтырылсын;

      30) 158-тармақтың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы үшінші сөйлеммен толықтырылсын:

      "Саяси партиялардың фракциялары өздерінің жазбаша хабарламасында парламенттік оппозицияға жататынын көрсетеді.";

      31) 160-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Депутаттық бірлестіктердің (саяси партиялардың фракциялары мен депутаттық топтардың) құрамдарын уақтылы есепке алу мақсатында олар өздеріндегі адам саны өзгерген кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде Мәжіліс Бюросына өздерінің депутаттық бірлестіктері мүшелерінің өзгертілген тізімін ұсынады.";

      32) мынадай мазмұндағы 161-1-тармақпен толықтырылсын:

      "161-1. Саяси партиялар фракцияларының жетекшілеріне, ал олар болмаған жағдайда не олардың уәкілеттік беруі бойынша саяси партиялар фракцияларының өкілдеріне Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдауда және өзге де іс-шараларда сөз сөйлеу құқығына кепілдік беріледі.";

      33) 4-1-бөлім мынадай мазмұндағы 12-1-тараумен толықтырылсын:

      "12-1-тарау. Парламенттік көпшілік және парламенттік оппозиция

      162-8. Парламенттік көпшілік – Парламент Мәжілісінде депутаттық мандаттардың ең көп санын алған саяси партия.

      162-9. Парламенттік оппозиция – Парламент Мәжілісінде өкілдік ететін және парламенттік көпшілікке кірмейтін, әдетте, әлеуметтік-экономикалық және (немесе) қоғамдық-саяси мәселелер бойынша парламенттік көпшілікке қарағанда өзге позиция ұстанатын саяси партия немесе саяси партиялар.

      Парламенттік оппозиция жекелеген мәселелер бойынша парламенттік көпшілік партиясын қолдауы мүмкін.";

      34) 192-тармақтағы "Парламенттің Шаруашылық басқармасы" деген сөздер "Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы" деген сөздермен ауыстырылсын.