Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 16 наурыздағы № 270-VIII ҚРЗ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Аудиторлық қызмет туралы" 1998 жылғы 20 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      5-баптың 2-тармағының бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы он сегізінші абзацпен толықтырылсын:

      "дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс ақшаны бөлу жөніндегі бірыңғай оператор;".

      2. "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" 2001 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) бүкіл мәтін бойынша "экскурсоводтар", "экскурсовод", "экскурсоводтардың", "экскурсоводтың", "экскурсоводпен" деген сөздер тиісінше "экскурсия жүргізушілер", "экскурсия жүргізуші", "экскурсия жүргізушілердің", "экскурсия жүргізушінің", "экскурсия жүргізушімен" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 1-бапта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) гид – Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын, туристерге ақпараттық және (немесе) ұйымдастырушылық қызметтер көрсету үшін кәсіптік даярланған жеке тұлға;";

      6) тармақшадағы "дара кәсіпкер немесе жалдамалы жұмыскер ретінде қызметін жүзеге асыратын," деген сөздер "қызметін жүзеге асыратын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7-1) тармақша алып тасталсын;

      8) тармақша:

      "туристердің" деген сөзден кейін "уақытша" деген сөзбен толықтырылсын;

      "ғимараттар" деген сөзден кейін "болып табылатын туризм объектілері" деген сөздермен толықтырылсын;

      17) тармақшадағы "туристік қызмет объектілеріне" деген сөздер "туристік ресурстарға, оның ішінде туризм объектілеріне" деген сөздермен ауыстырылсын;

      22) және 30) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "22) туристік ресурстар – шаруашылық айналымына тартылу дәрежесіне қарамастан, туристік қызметті жүзеге асыру және туристік көрсетілетін қызметтерді қалыптастыру үшін әлеуетті негіз болып табылатын табиғи жағдайлардың, тарихи-мәдени мұра объектілерінің, әлеуметтік-экономикалық, рекреациялық және өзге де факторлардың жиынтығы;";

      "30) экскурсия жүргізуші – Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын, туристерге уақытша болатын елдегі (жердегі) туристік көрікті жерлермен таныстыру жөнінде экскурсия жүргізу үшін кәсіптік даярланған жеке тұлға.";

      3) 2-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.";

      4) 3-бапта:

      тақырыптағы "қызметтiң субъектiлерi мен объектiлерi" деген сөздер "қызмет субъектілері мен туризм объектілері" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1-тармақтың 3) тармақшасындағы "Қазақстан Республикасында дара кәсіпкерлер ретінде қызметін жүзеге асыратын" деген сөздер алып тасталсын;

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Туризм объектілері – туристер уақытша тұру, орын ауыстыру, демалу, сауығу және мәдени демалыс үшін тікелей пайдаланатын арнайы құрылған немесе бейімделген объектілер.";

      5) 4-баптың 2-тармағының 2) тармақшасындағы "тұратын" деген сөз "уақытша тұратын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6) мынадай мазмұндағы 4-1-баппен толықтырылсын:

      "4-1-бап. Танытым орталығы

      1. Танытым орталығы – туристік әлеует туралы ақпарат таратуға және туристік көрсетілетін қызметтер ұсынуға арналған ғимарат, құрылысжай не үй-жай болып табылатын туризм объектісі.

      2. Танытым орталығын салуды, реконструкциялауды, жарақтандыруды, күтіп-ұстауды және пайдалануды кәсіпкерлік субъектісі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

      3. Танытым орталығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес туристік ресурстар аумағында, туристік маршруттарда және өзге де туризм объектілерінде орналасады.

      4. Танытым орталығы қызметінің тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ оның қызметіне қойылатын талаптарды уәкілетті орган бекітеді.";

      7) 6-баптың 5 және 7-тармақтарындағы "нақты" деген сөз "туристік өнімге енгізілген нақты" деген сөздермен ауыстырылсын;

      8) 11-бапта:

      20-5) тармақшадағы "Қазақстан Республикасында дара кәсіпкерлер ретінде қызметін жүзеге асыратын" деген сөздер алып тасталсын;

      20-11) тармақша "қағидаларын" деген сөзден кейін ", сондай-ақ туристік өнімге қойылатын талаптарды" деген сөздермен толықтырылсын;

      20-14) тармақшадағы "субсидиялау қағидаларын" деген сөздер "субсидиялаудың қағидалары мен мөлшерін, субсидиялауға қойылатын талаптарды" деген сөздермен ауыстырылсын;

      20-15), 20-16), 20-18), 20-19) және 20-20) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "20-15) танытым орталықтары мен туристерді орналастыру орындарын салу және реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу қағидалары мен мөлшерін, сондай-ақ оларға қойылатын талаптарды бекітеді;

      20-16) кәсіпкерлік субъектілерінің тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техника сатып алуға жұмсалған шығындарының бір бөлігін өтеу қағидалары мен мөлшерін, сондай-ақ тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техниканы сатып алуға жұмсалатын шығындардың бір бөлігі өтелуге тиіс осындай жабдықтар мен техника тізбесін бекітеді;";

      "20-18) кәсіпкерлік субъектілерінің туристік ресурстардағы және оларға апаратын жолдардағы санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға жұмсалған шығындарының бір бөлігін субсидиялау қағидалары мен мөлшерін, сондай-ақ санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындар субсидиялануға тиіс осындай тораптарға қойылатын талаптарды бекітеді;

      20-19) кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы сервис объектілерін салуға жұмсалған шығындарының бір бөлігін өтеу қағидалары мен мөлшерін, сондай-ақ осындай объектілердің тізбесін және оларға қойылатын талаптарды бекітеді;

      20-20) туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерінің жүргiзушiнiң орнын қоспағанда, сыйымдылығы сегiзден астам отыратын орын болатын автомобиль көлік құралдарын сатып алуға жұмсалған шығындарының бір бөлігін өтеу қағидалары мен мөлшерін, сондай-ақ көлік құралдарын сатып алуға жұмсалатын шығындардың бір бөлігі өтелуге тиіс осындай көлік құралдарына қойылатын талаптарды бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 20-27) тармақшамен толықтырылсын:

      "20-27) гидтердің, экскурсия жүргізушілердің және туризм нұсқаушыларының қызметі қағидаларын бекітеді;";

      9) 12-баптың 1-тармағында:

      13-2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "13-2) Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ерекше мәртебеге ие облыстық маңызы бар қаланың аумағында қызметін жүзеге асыратын гидтерді, экскурсия жүргізушілерді және туризм нұсқаушыларын қоспағанда, гидтерді, экскурсия жүргізушілерді және туризм нұсқаушыларын кәсіптік даярлауды ұйымдастырады;";

      13-5) тармақшадағы "объектілерді" деген сөз "туризм объектілерін" деген сөздермен ауыстырылсын;

      13-8) тармақшадағы "туристік қызмет объектілерін" деген сөздер "танытым орталықтары мен туристерді орналастыру орындарын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 13-17), 13-18) және 13-9) тармақшалармен толықтырылсын:

      "13-17) кәсіпкерлік субъектісі шығындарының бір бөлігінің өтемін алған күннен бастап бес жыл ішінде танытым орталықтарының, туристерді орналастыру орындарының, тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техниканың, жол бойындағы сервис объектілерінің, жүргiзушiнiң орнын қоспағанда, сыйымдылығы сегiзден астам отыратын орын болатын автомобиль көлік құралдарының иеліктен шығарылмауына және нысаналы пайдаланылуына, сондай-ақ шығындардың бір бөлігін субсидиялауды алу кезеңінде санитариялық-гигиеналық тораптардың, оның ішінде Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ерекше мәртебеге ие облыстық маңызы бар қаланың аумағындағы туризм объектілерінің және сол аумақта қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс істеуіне мониторингті жүзеге асырады;

      13-18) басым туристік аумақтар шекараларының шегін айқындайды;

      13-19) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының шеңберінде әзірленетін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың даму жоспарларына ішкі туризм мен келу туризмін дамыту жөніндегі бағыттар мен іс-шаралардың енгізілуін қамтамасыз етеді;";

      10) 14-бапта:

      "Туристік" деген сөз "1. Туристік" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "Қазақстан мен оның туристік әлеуеті туралы ақпаратты қалыптастыру және тарату, туристік өнімді халықаралық туристік нарықта және мемлекет ішінде ұсыну" деген сөздер "тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік пен оның туристік әлеуеті туралы ақпаратты қалыптастыру және тарату, туристік көрсетілетін қызметтерді халықаралық туристік нарықта және мемлекет ішінде ілгерілету" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Туристік ақпарат орталығы туристік өнімді халықаралық туристік нарықта ілгерілету кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі ішкі туризм мен келу туризмін дамыту мақсатында құрған ұйыммен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.";

      мынадай мазмұндағы 2-тармақпен толықтырылсын:

      "2. Туристік ақпарат орталықтары қызметінің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган бекітеді.";

      11) 14-1-бапта:

      1-тармақтағы "Туристендіру картасының республикалық деңгейдегі объектілері тізбесіне енгізілген," деген сөздер "Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ерекше мәртебеге ие облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы шегін айқындайтын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Туристің қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын туризм объектілерін басым туристік аумақтарда салу және олар бойынша инвестициялық преференциялар беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.";

      12) 14-3-бап мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) туристік өнімді халықаралық туристік нарықта ілгерілету бөлігінде туристік ақпарат орталықтарының қызметін үйлестіреді, халықаралық қызметті әдістемелік және ақпараттық қолдап отыруды қамтамасыз етеді;";

      13) 15-баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің төртінші абзацындағы "Қазақстан Республикасында дара кәсіпкерлер ретінде қызметін жүзеге асыратын" деген сөздер алып тасталсын;

      14) 15-3-бапта:

      1-тармақтағы "Қазақстан Республикасында дара кәсіпкерлер ретінде қызметін жүзеге асыратын гидтің" деген сөздер "Гидтің" деген сөзбен ауыстырылсын;

      3-тармақтағы "Қазақстан Республикасында дара кәсіпкерлер ретінде қызметін жүзеге асыратын гид" деген сөздер "Гид" деген сөзбен ауыстырылсын;

      15) 21-бап "құқықтары мен" деген сөздерден кейін "заңды" деген сөзбен толықтырылсын.

      3. "Автомобиль жолдары туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 3-баптың 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларындағы "туристік қызмет объектілерімен" деген сөздер "туристік ресурстармен, туризм объектілерімен" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 13-бапта:

      1-1-тармақтың бірінші бөлігінің 2-1) тармақшасындағы "туристік қызмет объектілеріне" деген сөздер "туристік ресурстарға, туризм объектілеріне" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2-тармақтың 2-2) тармақшасындағы "туристік қызмет объектілеріне" деген сөздер "туристік ресурстарға, туризм объектілеріне" деген сөздермен ауыстырылсын.

      4. "Автомобиль көлiгi туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      43-баптың 5-тармағы "бойынша" деген сөзден кейін ", сондай-ақ туристік операторлар ұйымдастырған тұрақты емес тасымалдар бойынша" деген сөздермен толықтырылсын.

      5. "Жарнама туралы" 2003 жылғы 19 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      14-баптың 7) тармақшасындағы "үлескерлердің ақшасын тартуға тиісті рұқсатсыз немесе "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кепілдігін беру туралы шартсыз" деген сөздер "үлескерлердің ақшасын тартуға арналған рұқсаттың нөмірі мен берілген күнін тиісті түрде көрсетпей немесе "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кепілдігін беру туралы жасалған шарттың немесе реновациялау шеңберінде кепілдік беру туралы шарттың нөмірі мен күнін көрсетпей" деген сөздермен ауыстырылсын.

      6. "Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      40-баптың 1-тармағында:

      жетінші бөліктегі "Ащы-тұзды балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін қоспағанда, жеке" деген сөздер "Жеке" деген сөзбен ауыстырылсын;

      сегізінші және тоғызыншы бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ащы-тұзды балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін қоспағанда, жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншігіндегі немесе уақытша жер пайдалануындағы жер учаскелерінде толық орналасқан жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда олардың өтінімі бойынша балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің шешімімен конкурс өткізілместен оларға бекітіліп беріледі.

      Бекітіп беру мерзімі аяқталатын балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері шарт міндеттемелеріне және балық шаруашылығы субъектілерін дамыту жоспарына сәйкес келген жағдайда олар бұрын бекітіліп берілген тұлғалардың өтінімі бойынша конкурс өткізілместен шартты ұзарту арқылы беріледі.";

      оныншы бөліктегі "мен балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері" деген сөздер алып тасталсын;

      он екінші бөлік "мерзімге" деген сөзден кейін "балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосының немесе оның аумақтық бөлімшелерінің шешімімен конкурс өткізілместен" деген сөздермен толықтырылсын.

      7. "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 2-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.";

      2) 20-баптың 3-тармағының 5) тармақшасындағы "жоспарлау жобасын және оның инфрақұрылымын (инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарын)," деген сөздер "және оның инфрақұрылымын жоспарлау жобасын (инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарын): танытым орталықтарын," деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 38-бапта:

      1-тармақтың 1) тармақшасында:

      екінші абзацтағы "туристiк соқпақтар" деген сөздер "танытым орталықтары, туристiк соқпақтар" деген сөздермен ауыстырылсын;

      төртінші абзацтағы "экскурсия ұйымдастырушылар, жол нұсқаушылар" деген сөздер "экскурсия жүргізушілер, гидтер" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1-1-тармақтың 2) тармақшасындағы "мектеп жасына дейінгі балалардан" деген сөздер "кәмелетке толмаған адамдардан" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 45-баптың 5-тармағы "жүргiзiледi," деген сөзден кейін "танытым орталықтарын," деген сөздермен толықтырылсын.

      8. "Ойын бизнесі туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 11-баптың 1-тармағында:

      бірінші бөлік "Бурабай ауданында" деген сөздерден кейін ", Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында, Жетісу облысының Панфилов ауданында және Алакөл көлінің жағалауында, Алматы облысының Талғар ауданында, Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында және Зайсан ауданында" деген сөздермен толықтырылсын;

      үшінші бөліктегі "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау қажет болатын жағдайларды, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылу және бүліну қатері төнген, қорғаныс мұқтаждары мен елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайларын қоспағанда, жергілікті атқарушы органдардың казиноны", "өзгертуіне тыйым салынады" деген сөздер тиісінше "Казиноны", "өзгертуді жергілікті атқарушы органдар уәкілетті органмен келісу бойынша жүзеге асырады" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы төртінші және бесінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Казиноны, ойын автоматтары залдарын, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды (букмекерлік кеңселердің және (немесе) тотализаторлардың кассаларын) орналастыруға арналған аумақтардың шекараларын өзгерту кезінде ойын бизнесін ұйымдастырушылар қызметін лицензиялар негізінде жүзеге асыратын жер учаскелерін осындай аумақтардың шекараларынан алып тастауға жол берілмейді.

      Казиноны, ойын автоматтары залдарын, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды (букмекерлік кеңселердің және (немесе) тотализаторлардың кассаларын) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, тарихи-мәдени мақсаттағы, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждарына арналған жерлерге орналастыруға тыйым салынады.";

      2) 15-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында, Жетісу облысының Панфилов ауданында және Алакөл көлінің жағалауында, Алматы облысының Талғар ауданында, Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында және Зайсан ауданында орналасқан казиноларға, ойын автоматтары залдарына, букмекерлік кеңселердің және (немесе) тотализаторлардың кассаларына шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, ойын мекемесі жұмыскерлерінің және ойын мекемесінде еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауға байланысты болатын өзге де адамдардың ғана кіруіне жол беріледі.".

      9. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      3-қосымшаның 33-тармағындағы "Қазақстан Республикасында дара кәсіпкерлер ретінде қызметін жүзеге асыратын гид, экскурсовод" деген сөздер "Гид, экскурсия жүргізуші" деген сөздермен ауыстырылсын.

      10. "Дене шынықтыру және спорт туралы" 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      2-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-1) балалар-жасөспірімдер спорт мектебі – балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталған қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйым;";

      мынадай мазмұндағы 2-2), 2-3), 2-4) және 12-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "2-2) балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі мемлекеттік тапсырыс – мемлекеттік балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріндегі мемлекет қаржыландыратын көрсетілетін қызметтер көлемі;

      2-3) балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі – мемлекеттік балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде оқытудың мемлекеттік кепілдендірілген құнын қаржылай қамтамасыз ету нормативі;

      2-4) балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секциясы – жаттықтырушы, жаттықтырушы-оқытушы немесе дене шынықтыру және спорт жөніндегі нұсқаушы өткізетін, тұрақты негізде ұйымдастырылатын, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайтуға және спорттық қабілеттерін дамытуға арналған сабақ;";

      "12-1) дене шынықтыру мен спорттың цифрлық платформасы – дене шынықтыру және спорт саласындағы әкімшілік және өзге де деректерді жинауға, өңдеуге және талдауға, сондай-ақ басқа да цифрландыру объектілерімен ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге арналған цифрландыру объектісі;";

      2) 2-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:

      "9) дене шынықтыру мен спортты дамытуға арналған заманауи инновациялық және цифрлық технологияларды ендіру.";

      3) 7-бап мынадай мазмұндағы 65-26), 65-27), 65-28) және 65-29) тармақшалармен толықтырылсын:

      "65-26) мемлекеттік балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріндегі жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      65-27) мемлекеттік балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріндегі жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

      65-28) мемлекеттік балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      65-29) дене шынықтыру мен спорттың цифрлық платформасын қалыптастыру мен жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      4) 8-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 15-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "15-1) мемлекеттік балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріндегі мемлекеттік тапсырысты бекітеді және орналастырады;";

      5) мынадай мазмұндағы 42-1-баппен толықтырылсын:

      "42-1-бап. Дене шынықтыру мен спортты цифрландыру

      1. Осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 1), 2), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген, жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылмайтын дене шынықтыру және спорт субъектілері дене шынықтыру мен спорттың цифрлық платформасына уәкілетті орган айқындайтын көлемде, мерзімде және нысанда деректер беруді қамтамасыз етуге міндетті.

      2. Осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 1), 2), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген, жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылмайтын дене шынықтыру және спорт субъектілері дене шынықтыру мен спорттың цифрлық платформасына берілген деректердің сапасы, уақтылығы, анықтығы және құпиялылығы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.";

      6) 49-бап мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Мемлекеттік балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландыру балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі мемлекеттік тапсырыс бойынша және мемлекеттік балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріндегі жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесінде айқындалатын көлемде және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де көздерден жүзеге асырылады.";

      7) 50-1-бап мынадай мазмұндағы 9-тармақпен толықтырылсын:

      "9. Бірыңғай оператор Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылдық қаржылық есептілікке жыл сайынғы аудитті жүргізуге міндетті.".

      11. "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" 2016 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      4-тараудың тақырыбы "және реновациялау шеңберінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт" деген сөздермен толықтырылсын.

      12. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2021 жылғы 30 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 6-тармағы 2) тармақшасының жиырма төртінші абзацы және 9) тармақшасының тоғызыншы абзацы алып тасталсын;

      2) 2-баптың 1-тармағының төртінші абзацы алып тасталсын.

      13. "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" 2025 жылғы 3 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 8-баптың 2) тармақшасы алып тасталсын;

      2) 9-баптың 1-тармағында:

      11) тармақша "және бекітеді" деген сөздермен толықтырылсын;

      17) тармақшада:

      бесінші абзацтағы "экскурсоводтарды" деген сөз "экскурсия жүргізушілерді" деген сөздермен ауыстырылсын;

      сегізінші абзацтағы "туристік қызмет объектілерін" деген сөздер "танытым орталықтарын және туристерді орналастыру орындарын" деген сөздермен ауыстырылсын.

      2-бап.

      1. Осы Заң:

      1) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1, 6 және 10-тармақтарын;

      2) 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 13-тармағының 1) тармақшасын және 2) тармақшасының екінші абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін "цифрландыру объектілерімен", "цифрландыру объектісі", "цифрлық технологияларды" деген сөздер тиісінше "ақпараттандыру объектілерімен", "ақпараттандыру объектісі", "ақпараттық технологияларды" деген сөздер болып есептелсін.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ