Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 6 ақпандағы № 195-VII ҚРЗ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) 62-баптың бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жаза қолдану мерзiмiнiң өтуі сараптама тағайындалған кезден бастап, прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін қарау кезеңіне, өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адамды күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарылған, сондай-ақ iс сотқа немесе мемлекеттiк органның әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген лауазымды адамына жiберілген кезден бастап тоқтатыла тұрады.

      Бұл мерзімдерді есептеу сараптама нәтижелері алынған кезден бастап, прокурорлық қадағалау және ден қою актісі бойынша шешім қабылданған күннен бастап, сондай-ақ әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адам күштеп әкелу туралы ұйғарымды орындайтын органға (лауазымды адамға) іс жүзінде жеткізілген кезден бастап қайта басталады.

      Күштеп әкелудің жалпы мерзімі бір айдан аспауға тиіс.";

      2) 165-баптың бірінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Жүйелік оператор айқындайтын белгіленген квоталар шеңберінде цифрлық майнерлерге спот-сауда-саттықта (күнтізбелік айда осындай ұйымдар өндіретін электр энергиясы көлемінің он пайызынан аспайтын), теңгерімдеуші нарықта, экспортқа және электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығында өткізу (сату) жағдайларын қоспағанда, энергия өндіруші ұйымның электр энергиясының босату бағасынан асатын электр энергиясын өткізуі (сатуы) –";

      3) 693-баптың бірінші бөлігіндегі "89, 90" деген цифрлар "89 (мемлекеттік қызметшімен қарым-қатынастағы жұмыс берушілерді қоспағанда), 90" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 721-баптың бірінші бөлігіндегі "475-баптарында" деген сөздер "89 (мемлекеттік қызметшімен қарым-қатынастағы жұмыс беруші жасаған құқық бұзушылықтар бөлігінде) және 475-баптарында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 743-баптың 4-1-бөлігінің 4) тармақшасындағы "мәтіндік хабар жеткізілген" деген сөздер ", сондай-ақ "электрондық үкімет" веб-порталында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік нөміріне қысқа мәтіндік хабар жөнелте отырып, "электрондық үкімет" веб-порталындағы пайдаланушы кабинетіне мәтіндік хабар жіберілген" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6) 919-1-бапта:

      тақырып "Осы Кодекстің бабының" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ оның жекелеген нормаларының" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

      "Осы Кодекстің 443-1-бабы бірінші және екінші бөліктерінің қолданысы 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын.".

      2-бап. Осы Заң 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 6) тармақшасын қоспағанда, 2023 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ