РҚАО-ның ескертпесі!
Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).
2010 жылғы 18 қарашада Санкт-Петербургте жасалған Беларусь Республикасындағы, Қазақстан Республикасындағы және Ресей Федерациясындағы техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Беларусь Республикасындағы, Қазақстан Республикасындағы
және Ресей Федерациясындағы техникалық реттеудің бірыңғай
қағидаттары мен қағидалары туралы келісім
(2012 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 1, 1-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы,
Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі Кеден одағында (бұдан әрі - Кеден одағы) интеграциялық процестерді тереңдетіп, жеделдету және Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру мақсатында,
2005 жылғы 24 наурыздағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің техникалық регламенттерін үйлестіру негіздері туралы келісімде, 2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімде, 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының кедендік аумағында сәйкестікті міндетті бағалауға (растауға) жататын өнімнің айналымы туралы келісімде, 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі органдарды және сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі жұмыстарды орындайтын сынақ зертханаларын (орталықтарын) аккредиттеуді өзара тану туралы келісімде және 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы шартта белгіленген ережелерді назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
«Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкестігі туралы декларация» - дайындаушы (дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, өнім беруші, сатушы) айналымға шығарылатын өнімнің Кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат;
«сәйкестікті декларациялау» - дайындаушының (дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның, өнім берушінің, сатушының) айналымға шығарылатын өнімнің Кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін растау нысаны;
«Кеден одағына мүше мемлекеттер рыногындағы өнім айналымының бірыңғай белгісі» - сатып алушылар мен тұтынушыларға айналымға шығарылатын өнімнің Кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігі туралы ақпарат беру үшін қызмет атқаратын белгілеме;
«Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкестігі туралы сертификат» - сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі орган айналымға шығарылатын өнімнің Кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат;
«сертификаттау» - сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі органның айналымға шығарылатын өнімнің Кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін міндетті растау нысаны;
«Кеден одағының техникалық регламенті» - Кеден одағының кедендік аумағында өнімге не өнімге және өнімге қойылатын талаптарға байланысты өндіру, монтаждау, реттеу, пайдалану (қолдану), сақтау, тасу (тасымалдау), өткізу және кәдеге жарату процестеріне қойылатын, қолдану мен орындау үшін міндетті талаптарды белгілейтін, Кеден одағының комиссиясы бекіткен құжат;
«сәйкестікті бағалаудың (растаудың) үлгі схемасы» - Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі жұмыстарды орындаудың үлгі тәсілдерін белгілейтін қағидалар мен рәсімдердің жиынтығы.
Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар 2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімде белгіленген мағынада қолдаланылады.
2. Осы Келісімнің қолданысы санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық шараларды белгілеуге және қолдануға қатысты болмайды.
2-бап
1. Тараптар 2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімнің 2-бабының ережелерін басшылыққа ала отырып, техникалық реттеу саласында келісілген саясат жүргізеді.
2. Кеден одағының техникалық регламенттері Кеден одағының кедендік аумағында тікелей қолданылады.
3. Айналымға шығарылатын өнімнің Кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалау (растау) оны айналымға шығарғанға дейін жүзеге асырылады.
4. Тараптар Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келетін өнімнің айналымын өз аумағында Кеден одағының техникалық регламентінде қамтылған талаптарға қатысты осындай өнімге қосымша талаптар қоймай және қосымша сәйкестікті бағалау (растау) рәсімдерін өткізбей қамтамасыз етеді.
5. Өнімнің Кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалау (растау) нәтижелерінің салыстырымдылығын болуын қамтамасыз ету мақсатында Тараптар өлшем бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған келісілген саясат жүргізеді.
3-бап
1. Техникалық реттеу саласында Кеден одағының нормативтік құқықтық базасын қалыптастыру мақсатында Тараптар оған қатысты Кеден одағы шеңберінде міндетті талаптар белгіленетін бірыңғай өнім тізбесін (бұдан әрі - бірыңғай тізбе) қалыптастырады.
2. Бірыңғай тізбеге енгізілген, оған қатысты Кеден одағының техникалық регламенттері немесе Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың техникалық регламенттері күшіне енбеген өнім үшін техникалық реттеу саласындағы Кеден одағы заңнамасының және Тараптар заңнамаларының нормалары қолданылады.
3. Бірыңғай тізбені және оны жүргізу тәртібін Кеден одағының Комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) бекітеді.
4. Тараптар өз заңнамасында бірыңғай тізбеге енгізілмеген өнімге қатысты міндетті талаптарды белгілеуге жол бермейді.
4-бап
1. Егер мұндай өнімге қатысты Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың техникалық регламенттері қабылданбаса, Кеден одағының техникалық регламенттері бірыңғай тізбеге енгізілген өнімге қатысты ғана әзірленеді.
Кеден одағының техникалық регламенті қабылданған өнімге қатысты Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың техникалық регламенті қабылданған жағдайда, Кеден одағы техникалық регламентінің немесе оның тиісті бөлігінің қолданысы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың техникалық регламенті күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.
2. Кеден одағының техникалық регламенттері Кеден одағының кедендік аумағында адамның өмірін және (немесе) денсаулығын, мүлікті, қоршаған ортаны, өсімдіктер мен жануарлар тіршілігін және (немесе) саулығын қорғауды қамтамасыз ету, тұтынушыларды жаңылуға әкеп соқтыратын іс-әрекетті болғызбау мақсатында, сондай-ақ энергетикалық тиімділік пен ресурс үнемдеуді қамтамасыз ету мақсатында әзірленеді және қабылданады.
Кеден одағының техникалық регламенттерін өзге мақсаттарда қабылдауға жол берілмейді.
3. Кеден одағының техникалық регламенттерінде өнімге не өнімге және өнімге қойылатын талаптарға байланысты өндіру, монтаждау, реттеу, пайдалану (қолдану), сақтау, тасу (тасымалдау), өткізу және кәдеге жарату процестеріне қойылатын талаптар, сондай-ақ сәйкестендіру қағидалары, нысандары, схемалары және сәйкестікті бағалау (растау) рәсімдері белгіленеді.
Кеден одағының техникалық регламентінде терминологияға, буып-түюге, таңбалауға, зат белгілерге және оларды жапсыру қағидаларына қойылатын талаптар, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық талаптар мен рәсімдер қамтылуы мүмкін.
Кеден одағының техникалық регламенттері Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің 2006 жылғы 27 қазандағы № 321 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың техникалық регламентінің үлгі құрылымы жөніндегі ұсынымдарына сәйкес әзірленеді.
4. Кеден одағының техникалық регламенттерін әзірлеу үшін негіз ретінде тиісті құжаттары жоқ, Кеден одағының техникалық регламенттерін қабылдау мақсаттарына, оның ішінде климаттық және географиялық факторлардың немесе технологиялық және басқа ерекшеліктердің салдарынан сәйкес келмейтін жағдайларды қоспағанда, тиісті халықаралық стандарттар (стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдар қабылдаған қағидалар, директивалар мен ұсынымдар және өзге де құжаттар), ал олар болмаған жағдайда өңірлік құжаттар (регламенттер, директивалар, шешімдер, стандарттар, қағидалар және өзге де құжаттар), ұлттық (мемлекеттік) стандарттар, ұлттық техникалық регламенттер немесе олардың жобалары қолданылады.
5. Кеден одағының техникалық регламенттерінде Тараптардың климаттық және географиялық факторларына немесе технологиялық ерекшеліктерге байланысты және Тараптардың аумақтарында ғана қолданылатын ерекшеліктерді көрсететін ерекше талаптар қамтылуы мүмкін.
5-бап
1. Кеден одағының техникалық регламенттерін әзірлеу, қабылдау, өзгерістер енгізу және олардың күшін жою тәртібін Комиссия белгілейді.
2. Кеден одағының қабылданған техникалық регламенті қолданысқа енгізу тәртібі және қажет болған кезде өтпелі ережелер Кеден одағының техникалық регламентінде және (немесе) Комиссияның оны қабылдау туралы шешімімен айқындалады.
3. Кеден одағының техникалық регламенті күшіне енген күннен бастап Тараптардың аумақтарында Тараптардың заңнамасында белгіленген тиісті міндетті талаптар қолданылмайды.
6-бап
1. Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкестігін бағалау (растау) мақсаттары үшін халықаралық, өңірлік стандарттар, ал олар болмаған жағдайда (өңірлік стандарттар қабылданғанға дейін) Тараптардың ұлттық (мемлекеттік) стандарттары қолданылуы мүмкін.
2. Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарын орындау мақсатында Комиссия халықаралық және өңірлік стандарттардың, ал олар болмаған жағдайда Тараптардың ұлттық (мемлекеттік) стандарттарының тізбесін бекітеді, оларды қолдану нәтижесінде Кеден одағының қабылданған техникалық регламентінің талаптарын сақтау ерікті негізде қамтамасыз етіледі.
3. Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына өнімнің сәйкестігін бағалау (растау) кезінде зерттеулер (сынақтар) мен өлшемдер жүргізу мақсатында Комиссия халықаралық және өңірлік стандарттардың, ал олар болмаған жағдайда зерттеулер (сынақтар) мен өлшемдердің қағидалары мен әдістерін, оның ішінде Кеден одағының қабылданған техникалық регламентінің талаптарын қолдану мен орындау үшін және өнім сәйкестігін бағалауды (растауды) жүзеге асыру үшін қажетті үлгілерді іріктеу қағидаларын қамтитын Тараптардың ұлттық (мемлекеттік) стандарттарының тізбесін бекітеді.
7-бап
1. Оған қатысты Кеден одағының техникалық регламенті (техникалық регламенттері) қабылданған өнім Кеден одағының техникалық регламентінде (техникалық регламенттерінде) белгіленген сәйкестікті бағалаудың (растаудың) қажетті рәсімдерінен өткізілген жағдайда ол Кеден одағының кедендік аумағында айналымға шығарылады.
Кеден одағының техникалық регламенттерінде белгіленетін өнімнің сәйкестігін бағалау (растау) сәйкестікті тіркеу, сынау, растау (сәйкестікті декларациялау, сертификаттау) нысанында, сараптама жасау және (немесе) өзге де нысанда жүргізіледі.
2. Өнімнің Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін міндетті растау сәйкестікті декларациялау немесе сертификаттау нысандарында жүзеге асырылады. Сәйкестікті бағалау (растау) рәсімдері сәйкестікті бағалаудың (растаудың) үлгі схемалары негізінде Кеден одағының техникалық регламенттерінде белгіленеді.
Сәйкестікті декларациялаған кезде Тарап заңнамасына сәйкес оның аумағында тіркелген заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде не дайындаушы немесе сатушы болып табылатын, не жеткізілетін өнімнің Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету бөлігінде және жеткізілетін өнімнің Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес болмағаны үшін жауаптылық бөлігінде онымен шарт негізінде шетелдік дайындаушының функциясын орындайтын жеке тұлға (шетелдік дайындаушының функциясын орындайтын тұлға) өтінім беруші бола алады. Өтінім берушілер тобы техникалық регламентке сәйкес белгіленеді.
3. Осы Келісімнің 6-бабының 2-тармағында көрсетілген тізбеге енгізілген халықаралық, өңірлік стандарттарды және (немесе) ұлттық (мемлекеттік) стандарттарды ерікті негізде қолдану Кеден одағының тиісті техникалық регламентінің талаптарын сақтаудың жеткілікті шарты болып табылады.
Көрсетілген тізбеге енгізілген стандарттарды қолданбауды Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарын сақтамау ретінде қарауға болмайды.
4. Кеден одағының осы өнімге қолданылатын күшіне енген техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келетін және Кеден одағының техникалық регламенттерінде белгіленген сәйкестікті бағалау (растау) рәсімдерінен өткен өнім Кеден одағына мүше мемлекеттер рыногындағы өнім айналымының бірыңғай белгісімен таңбаланады.
5. Сәйкестікті бағалаудың (растаудың) үлгі схемаларын, сәйкестікті бағалау (растау) туралы құжаттардың бірыңғай нысандарын (Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкестігі туралы декларацияны, Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкестік сертификатын), Кеден одағына мүше мемлекеттер рыногындағы өнімдер айналымының бірыңғай белгісінің бейнесін және оны қолдану тәртібін Комиссия бекітеді.
8-бап
1. Өнімдердің Кеден одағы шеңберінде техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау (растау) жөніндегі жұмыстарды 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының кедендік аумағында сәйкестікті міндетті бағалауға (растауға) жататын өнімнің айналымы туралы келісімге сәйкес құрылатын Кеден одағының сертификаттау жөніндегі органдары мен сынақ зертханаларының (орталықтарының) бірыңғай тізіліміне енген сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі аккредиттелген органдар мен сынақ зертханалары (орталықтары) жүзеге асырады.
2. Өнімдердің Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалау (растау) жөніндегі жұмыстарды орындайтын сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі органдарды, сынақ зертханаларын (орталықтарын) аккредиттеу жөніндегі жұмыстардың нәтижелерін тану 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі органдарды және сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі жұмыстарды орындайтын сынақ зертханаларын (орталықтарын) аккредиттеуді өзара тану туралы келісімге, сондай-ақ Тараптардың жекелеген келісімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
3. Бірыңғай тізбеге енгізілген, оған қатысты Кеден одағының техникалық регламенттері немесе Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың техникалық регламенттері күшіне енбеген өнімнің сәйкестігін бағалау (растау) нәтижелерін тану 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының кедендік аумағында сәйкестікті міндетті бағалауға (растауға) жататын өнімнің айналымы туралы келісімге, сондай-ақ Тараптардың жекелеген келісімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
9-бап
1. Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарын сақтамағаны үшін, сондай-ақ өнімнің Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалауды (растауды) жүргізу рәсімдерін бұзғаны үшін жауаптылық әрбір Тараптың заңнамасында белгіленеді.
2. Кеден одағының техникалық регламентерінің талаптарына сәйкес келмейтін немесе оған қатысты белгіленген міндетті талаптарға сәйкестігін бағалауға (растауға) жататын және сәйкестігін бағалау (растау) туралы құжатсыз және (немесе) Кеден одағына мүше мемлекеттер рыногында айналымның бірыңғай белгісімен таңбалаусыз келіп түскен немесе айналымдағы өнім табылған кезде әрбір Тараптың уәкілетті органдары осы өнімнің айналымға шығарылуына жол бермеу жөнінде, оны Тараптың заңнамасына сәйкес айналымнан шығару жөнінде, сондай-ақ бұл туралы басқа Тараптарға хабарлау жөнінде шаралар қолданады.
3. Тараптар Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарын бұзғаны үшін жауаптылықты белгілеу саласында, сондай-ақ өнімнің Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалау (растау) рәсімдерін жүргізу кезінде әрбір Тараптың заңнамасын үйлестіреді.
10-бап
1. Кеден одағының техникалық регламенттері талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау (қадағалау) әрбір Тараптың заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2. Жеткізілетін, оның ішінде үшінші елдерден жеткізілетін өнімнің Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына немесе Кеден одағының техникалық регламенттері қабылданбаған өнімге қатысты Тараптар заңнамасында белгіленген міндетті талаптарға сәйкестігін мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүргізу және айналымға шығарылатын өнімді адамның өміріне және (немесе) денсаулығына, мүлікке, қоршаған ортаға, жануарлар мен өсімдіктер тіршілігіне және (немесе) саулығына қауіп төндіретін өнімге жатқызу кезінде Тараптардың уәкілетті органдары мүмкіндігінше қысқа мерзімде (немесе осындай сәйкессіздікті белгілей не қауіпті өнімді айқындай отырып бір уақытта) Кеден одағының Сыртқы және өзара саудасының ықпалдасқан ақпараттық жүйесіне тиісті мәліметтерді жіберіп, бұл туралы басқа Тараптардың уәкілетті органдарын хабардар етеді және Тараптардың аумағына мұндай өнімнің жіберілмеуі жөнінде шаралар қабылдайды.
11-бап
Тараптар өздерінің заңды мүдделерін қорғауды басшылыққа ала отырып, қауіпті өнімді айналымға шығаруды болғызбау жөнінде шұғыл шаралар қабылдай алады.
Мұндай жағдайда Тарап қабылданған шұғыл шаралар туралы басқа Тараптарға дереу хабарлайды және осы мәселе бойынша консультациялар мен келіссөздер процесіне кіріседі.
Мұндай шұғыл шараларды қабылдау тәртібі Тараптардың жеке келісімімен айқындалады.
12-бап
Тараптар Кеден одағының Сыртқы және өзара саудасының ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінің бір бөлігі ретінде Кеден одағының техникалық реттеу саласындағы ақпараттық жүйесін қалыптастырады.
13-бап
Тараптар Комиссияға тиісті өкілеттіктер берген күннен бастап ол мынадай функцияларды жүзеге асырады:
бірыңғай тізбені және оны жүргізу тәртібін бекіту;
Кеден одағының техникалық регламенттерін әзірлеу жоспарларын (бағдарламаларын) бекіту;
Кеден одағының техникалық регламенттерін қабылдау, оларға өзгерістер енгізу және олардың күшін жою;
Кеден одағының техникалық регламенттерін әзірлеу, қабылдау, оларға өзгерістер енгізу және олардың күшін жою тәртібін белгілеу;
осы Келісімнің 6-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген халықаралық және өңірлік стандарттардың, ал олар болмаған жағдайда ұлттық (мемлекеттік) стандарттардың тізбелерін әзірлеу және бекіту тәртібін бекіту;
сәйкестікті бағалаудың (растаудың) үлгі схемаларын бекіту;
сәйкестікті бағалау (растау) туралы құжаттардың (Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкестік туралы декларацияның, Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкестік сертификатының) бірыңғай нысандарын бекіту;
Кеден одағына мүше мемлекеттер рыногындағы өнім айналымының бірыңғай белгісінің бейнесін бекіту;
Кеден одағына мүше мемлекеттер рыногындағы өнім айналымының бірыңғай белгісі және оны қолдану тәртібі туралы ережені бекіту;
Кеден одағының шеңберінде міндетті талаптар белгіленетін өнімді Кеден одағының кедендік аумағына әкелу тәртібі туралы ережені бекіту.
14-бап
1. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар келіссөздер мен консультациялар жүргізу жолымен шешіледі.
2. Егер даудың бір Тарабы даудың екінші Тарабына оларды жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш жіберген күннен бастап 6 ай ішінде Тараптар дауды консультациялар және келіссөздер жолымен реттемесе, онда оны шешу тәсіліне қатысты дау Тараптарының арасында өзге уағдаластық болмаған кезде, дау Тараптарының кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотына қарау үшін бере алады.
15-бап
Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
16-бап
Осы Келісім қол қойылған күннен бастап уақытша қолданылады және ратификациялауға жатады.
Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған Халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
2010 жылғы 18 қарашада Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Республикасы Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясы
үшін үшін үшін
Осы мәтін 2010 жылы 18 қарашада Санкт-Петербург қаласында: Беларусь Республикасынан - Беларусь Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары А.В.Кобяков, Қазақстан Республикасының Үкіметінен - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Ө.Е.Шөкеев, Ресей Федерациясы Үкіметінен - Ресей Федерациясының Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары - И.И.Шувалов қол қойған Беларусь Республикасындағы, Қазақстан Республикасындағы және Ресей Федерациясындағы техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісім түпнұсқасының толық және дәлме-дәл көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.
Түпнұсқа дана Кеден одағы Комиссиясында сақталады.
Барлығы тігілген, қол қоюмен
және мөрмен бекітілген 10 бет.
Кеден одағы Комиссиясының
Хатшылығы Құқықтық
Департаментінің директоры Н.Б.Слюсарь
2010 жылғы 18 қарашадағы Санкт-Петербург қаласында қол қойылған Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясындағы бірыңғай қағидаттар және техникалық реттеу тәртібі туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық құқық департаментінің
Басқарма бастығы Б. Пискорский