Жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын, сондай-ақ жүктерді және (немесе) багажды тасымалдауды жүзеге асыратын тіркемелерді, жартылай тіркемелерді, контейнерлер мен теміржол жылжымалы құрамын кеден одағының кед

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы № 324-IV Заңы. Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 115-VI Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық Одақтың Кеден кодексі туралы шарттың күшіне енуіне байланысты қолданысын тоқтатты (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз)

      Ескерту. ҚР 13.12.2017 № 115-VI Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық Одақтың Кеден кодексі туралы шарттың күшіне енуіне байланысты қолданысын тоқтатты (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз).
      2010 жылғы 18 маусымда Санкт-Петербургте жасалған Жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын, сондай-ақ жүктерді жене (немесе) багажды тасымалдауды жүзеге асыратын тіркемелерді, жартылай тіркемелерді, контейнерлер мен теміржол жылжымалы құрамын кеден одағының кедендік аумағы арқылы ішкі тасымалдау үшін пайдалану ерекшеліктері туралы келісім ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының
 
Президенті
Н. Назарбаев

     

Жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын халықаралық
тасымалдаудың көлік құралдарын, сондай-ақ жүктерді және
(немесе) багажды тасымалдауды жүзеге асыратын тіркемелерді,
жартылай тіркемелерді, контейнерлер мен темір жол жылжымалы
құрамын Кеден одағының кедендік аумағы арқылы ішкі тасымалдау
үшін пайдалану ерекшеліктері туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      Кеден одағы Кеден кодексінің 344-бабының 2-тармағы негізінде және жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын уақытша әкелінген халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын, сондай-ақ жүктерді және (немесе) багажды тасымалдауды жүзеге асыратын тіркемелерді, жартылай тіркемелерді, контейнерлер мен темір жол жылжымалы құрамын Кеден одағының кедендік аумағы арқылы ішкі тасымалдау үшін пайдалану ерекшеліктерін айқындау мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім Кеден одағы Кеден кодексінің 342-бабының 1-тармағына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлемей, Кеден одағының кедендік аумағына уақытша әкелінген, жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын, сондай-ақ жүктерді және (немесе) багажды тасымалдауды жүзеге асыратын тіркемелерді, жартылай тіркемелерді, контейнерлер мен темір жол жылжымалы құрамын (халықаралық тасымалдаудың бос көлік құралдарын қоса алғанда) Кеден одағының кедендік аумағы арқылы ішкі тасымалдау үшін пайдалану ерекшеліктерін айқындайды.

2-бап

      Кеден одағының кедендік аумағы арқылы ішкі тасымалдауларда халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары ретінде тіркемелерді, жартылай тіркемелерді, контейнерлерді (темір жол контейнерлерін қоспағанда), әуе кемелерін, су (теңіз және өзен) кемелерін пайдалануға жол берілмейді.

3-бап

      Жолаушылар тасымалдауды жүзеге асыратын халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары белгіленген бағыт шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында жолаушыларды отырғызу (түсіру) және бірге болатын багажды тиеу (түсіру) үшін халықаралық тасымалдаудың жүру бағыты бойынша аялдау пункттерінде тоқтауы мүмкін.

4-бап

      Егер:
      - ішкі тасымалдау халықаралық тасымалдауды орындау үшін халықаралық тасымалдаудың көлік құралы Тарап мемлекетінің аумағына әкелінген болса, ол аяқталғаннан кейін жүзеге асырылса;
      - ішкі тасымалдау кеден одағының кедендік аумағынан тысқары жерлерге тауарларды кейіннен шығару үшін халықаралық тасымалдаудың көлік құралы тиеу үшін жүрген кезінде жүзеге асырылса;
      - ішкі тасымалдау халықаралық тасымалдаудың бос көлік құралы кеден одағының кедендік аумағы арқылы жүрген кезде жүзеге асырылса, осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген көлік құралдарын қоспағанда, халықаралық тасымалдаудың көлік құралын жүкті ішкі тасымалдау үшін пайдалануға жол беріледі.
      Тарап мемлекетінің заңнамасында оның аумағы арқылы ішкі тасымалдаулар үшін халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын пайдалану ретінің санына қатысты шектеулер белгіленуі мүмкін. Бұл ретте мұндай тасымалдаулар саны бір тасымалдан кем болмайды.

5-бап

      Тараптар мемлекеттерінің темір жолдары (темір жол тасымалдаушылары) Тараптар мемлекеттері кеден органдарының талабы бойынша осы Келісімнің 4-бабына сәйкес, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің темір жол көлігі жөніндегі кеңесінің актілерінде және Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарымен тиісті келісімдерде белгіленген тәртіппен ішкі тасымалдауларда пайдаланылатын темір жол жылжымалы құрамын өткізу туралы ақпаратты ұсынады.

6-бап

      Осы Келісімнің 4-бабына сәйкес пайдаланылатын халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары Тараптар мемлекеттерінің бірінің аумағына 90 күннен аспайтын мерзімге әкелінеді.
      Көрсетілген мерзімге кедендік және мемлекеттік бақылаудың өзге түрлерін жүргізу үшін қажетті мерзімдер енгізілмейді.

7-бап

      Жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын уақытша әкелінген темір жол жылжымалы құрамын бір Тарап мемлекетінің темір жолынан (темір жол тасымалдаушысынан) басқа Тарап мемлекетінің темір жолына (темір жол тасымалдаушысына) беру темір жол көлігі саласындағы қолданыстағы халықаралық шарттарға және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің темір жол көлігі жөніндегі кеңесінің актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

8-бап

      Осы Келісімге Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар Тараптар арасында консультациялар және келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
      Егер дау тараптары даудың бір тарабынан даудың басқа тарабына келіссөздер мен консультациялар жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш түскен күннен бастап дауды алты ай ішінде оларды жүргізу жолымен реттемесе, онда дау тараптарының арасында оны шешу тәсіліне қатысты өзге уағдаластық болмаған кезде тараптардың кез келгені осы дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотына қарауға бере алады.
      Кеден одағының комиссиясы кеден одағы шеңберінде дауларды реттеуде Тараптарға Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотына жүгінгенге дейін жәрдем көрсетеді.

10-бап

      Осы Келісім ратификациялауға жатады және 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарт күшіне енген күннен бастап уақытша қолданылады.
      Осы Келісім депозитарий осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптар мемлекеттерінің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
      2010 жылғы "___" ____________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды, Осы Келісімнің түпнұсқа данасы әрбір Тарапқа оның расталған көшірмесін жіберетін Кеден одағының комиссиясында сақталады.

Беларусь
Қазақстан
Ресей
Республикасының
Республикасының
Федерациясының
Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Үкіметі үшін

     
      Жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын, сондай-ақ жүктерді және (немесе) багажды тасымалдауды жүзеге асыратын тіркемелерді, жартылай тіркемелерді, контейнерлер мен темір жол жылжымалы құралын Кеден одағының кедендік аумағы арқылы ішкі тасымалдау үшін пайдалану ерекшеліктері туралы келісімнің қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі мәтініне сәйкес келеді.

Қаржы министрінің
 
міндетін атқарушы
Л. Кармазин