Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратты ұсыну туралы және алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы № 323-IV Заңы. Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 115-VI Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық Одақтың Кеден кодексі туралы шарттың күшіне енуіне байланысты қолданысын тоқтатты (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз)

      Ескерту. ҚР 13.12.2017 № 115-VI Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық Одақтың Кеден кодексі туралы шарттың күшіне енуіне байланысты қолданысын тоқтатты (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз).
      2010 жылғы 21 мамырда Санкт-Петербургте жасалған Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратты ұсыну туралы және алмасу туралы келісім ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының
 
Президенті
Н. Назарбаев

     

Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар
көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратты ұсыну туралы
және алмасу туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы шеңберіндегі кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартты (бұдан әрі - Шарт) басшылыққа ала отырып,
      Дүниежүзілік кеден ұйымының әлемдік саудадағы қауіпсіздігі мен жеңілдіктерінің Шеңберлік стандарттарын назарға ала отырып,
      Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарының кедендік бақылауын қамтамасыз етуде Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары қызметтерінің өзара іс-қимылының тиімділігін жолға қоюға және үйлестіруге ұмтыла отырып,
      кеден одағы кеден заңнамасының және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасының бұзылу тәуекелдерін азайту, сондай-ақ кедендік операцияларды жасауды жетілдіру және жеделдету, кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратты ұсыну мен алмасу қажеттілігін мойындай отырып,
      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімде мынадай терминдер пайдаланылады:
      кеден одағына мүше мемлекеттердің орталық кеден органы - Армения Республикасының Қаржы министрлігі, Беларусь Республикасының Мемлекеттік кеден комитеті, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті, Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік кеден қызметі, Ресей Федерациясының Федералдық кеден қызметі.
      техникалық шарттар - кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары ақпараттық жүйені пайдалана отырып алмасатын электронды хабарламалардың құрылымы мен форматына, алмасу регламентін, алмасу тәсілін, ақпараттық жүйенің бағдарламалық және техникалық құралдарына, сондай-ақ тасымалдың бірегей сәйкестендіру нөміріне талаптарды айқындайтын құжат;
      техникалық талаптар - кеден одағының кедендік аумағына әкелу жоспарланған тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратты ұсынушы кеден органының автоматтандырылған жүйесі мен мүдделі тұлғалардың ақпараттық жүйелері арасында деректерді электронды алмасу тәртібін, форматын, тәсілін және регламентін айқындайтын құжат;
      тасымалдың бірегей сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - ТБСН) - кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органы ақпараттық жүйені пайдалана отырып тауардың әрбір партиясына берілетін алдын ала ақпараттың бірегей нөмірі.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.12.2014 № 265-V; 02.08.2015 № 346-V Заңдарымен.

2-бап

      Уәкілетті экономикалық операторлар, тасымалдаушылар, оның ішінде кедендік тасымалдаушылар, кедендік өкілдер және өзге де мүдделі тұлғалар (бұдан әрі - мүдделі тұлғалар) кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарына кедендік шекара арқылы өткізу болжалған тауарлар, мұндай тауарлар тасымалданатын көлік құралдары, тауарлардың кеден одағының кедендік аумағына келу немесе мұндай аумақтан кету уақыты мен орны, кеден одағының кедендік аумағына келген немесе мұндай аумақтан кеткен жолаушылар туралы алдын ала ақпаратты (бұдан әрі - алдын ала ақпарат) электронды түрде ұсына алады.

3-бап

      Алдын ала ақпаратты ұсыну міндеттілігі тауар өткізілетін көлік түріне байланысты Кеден одағы комиссиясының шешімімен (бұдан әрі - Комиссия шешімі) айқындалады.
      Комиссия шешімінде:
      алдын ала ақпаратты міндетті ұсынуды енгізу күні;
      оларға қатысты алдын ала ақпаратты міндетті ұсыну енгізілетін кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарлар өткізілетін көліктің түрі;
      міндетті алдын ала ақпарат мәліметтерінің құрамы;
      кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізу орындарында міндетті алдын ала ақпараттар болмаған жағдайда кеден органы лауазымды тұлғасы іс-әрекетінің тәртібі;
      Комиссия шешімін іске асыру үшін қажетті өзге де ақпаратты қамтуға тиіс.
      Міндетті түрде алдын ала ақпаратты ұсыну:
      жеке пайдалану үшін жеке тұлғалар өткізетін тауарлар мен көлік құралдарына;
      халықаралық пошта жөнелтілімдерінде жіберілген тауарларға;
      Кеден одағы Кеден кодексінің 45-тарауына сәйкес жекелеген санаттағы шетелдік тұлғалар өткізетін тауарлар мен көлік құралдарына;
      дүлей зілзалалардың, авариялар мен апаттардың салдарын жою үшін өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына;
      әскери жүктерге қатысты талап етілмейді.
      Кеден одағының комиссиясы мен кеден одағына мүше мемлекеттердің орталық кеден органдары Комиссия шешімінің жариялануын және мұндай шешімге қол қойылғаннан кейін отыз күн ішінде, бірақ алдын ала ақпаратты міндетті ұсынуды енгізетін күнге дейін жүз сексен күннен кешіктірмей, соның ішінде ақпараттық технологияны пайдалана отырып, оның барлық мүдделі тұлғаларға жеткізілуін қамтамасыз етеді.

4-бап

      Алдын ала ақпарат, кеден органдары жіктеуіш ретінде пайдаланатын шартты белгілерді қоспағанда, кеден одағына мүше мемлекеттердің тілінде ұсынылады.

5-бап

      Мүдделі тұлғалар Кеден одағы Кеден кодексінің 182-бабында немесе осы Келісімнің 3-бабының екінші бөлігінде айқындалған мәліметтер көлемінде келу орындарында кедендік транзит рәсімімен орналастыру болжанған тауарларды әкелуге қатысты алдын ала ақпаратты ұсынады.
      Егер әкелінетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты кедендік транзиттің кедендік рәсімдері қолданылмаған жағдайда мүдделі тұлғалар Кеден одағы Кеден кодексінің 159-бабында айқындалған мәліметтер көлемінде алдын ала ақпаратты ұсынады.

6-бап

      Алдын ала ақпаратты ұсыну кеден одағына мүше мемлекеттері кеден органдарының ақпараттық жүйесі мен мүдделі тұлғалардың ақпараттық жүйесінің өзара іс-қимыл жолымен не кеден одағына мүше мемлекеттері кеден органдарының web-порталдары арқылы электронды түрде жүзеге асырылады.
      Мүдделі тұлғаның ақпараттық жүйесіне техникалық талаптар кеден одағына мүше мемлекеттері кеден органдарының мүдделі тұлғаларын хабардар ету үшін әзірленеді және жарияланады.

7-бап

      Мүдделі тұлға алдын ала ақпаратты кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарына тауарлар мен көлік құралдары кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткенге дейін кем дегенде 2 сағат бұрын жолдауға тиіс.
      Алдын ала ақпарат бекітілген техникалық талаптарға мәліметтер құрамына, оның құрылымына және форматына сәйкес келмеген жағдайда мүдделі тұлғаға себептері көрсетіле отырып алдын ала ақпараттың қарауға қабылданбағаны туралы электронды хабарлама жолданады.
      Ұсынылған алдын ала ақпаратта қате болмаған кезде мүдделі тұлғаға ТБСН бар электронды хабарлама жолданады.
      Бір көлік құралында әртүрлі тауарлар партиясы тасымалданған жағдайда алдын ала ақпарат әрбір тауар партиясына жеке ұсынылуға тиіс. Әрбір тауардың партиясына жеке ТБСН беріледі.
      Алдын ала ақпарат ТБСН берілген күннен бастап кемінде 30 тәулік алдын ала ақпараттар деректері базасында сақталады.
      Егер алдын ала ақпаратты сақтау мерзімі шегінде тауарлар мен көлік құралдарын іс жүзінде әкелу жүргізілмесе, онда аталған алдын ала ақпарат жойылады.

8-бап

      Кедендік операцияларды жасау үшін мүдделі тұлға кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарына кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдары өткізілетін орында ТБСН береді.
      Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарының лауазымды тұлғасы мүдделі тұлғадан ТБСН алған кезде мынадай іс-әрекеттерді:
      кеден органдарының деректер базасында бар тауарлар мен көлік құралдар туралы алдын ала ақпаратты бағдарламалық құралдар арқылы ТБСН бойынша сұрау салуға;
      алдын ала ақпараттарда бар мәліметтермен тасымалдаушылар ұсынған көліктік (тасымалдау) және коммерциялық құжаттарда (бұдан әрі - құжаттар) бар мәліметтермен салыстыруға;
      тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын тексеруге;
      кеден одағының және кеден одағына мүше мемлекеттердің кедендік заңнамасымен бекітілген өзге іс-қимылдарды орындауға тиіс.
      Кеден одағына мүше мемлекеттер кеден органдарының алдын ала ақпараттар деректер базасында бар мәліметтер тасымалдаушылар ұсынған құжаттарда бар мәліметтермен сәйкес келмеген жағдайда, кеден одағына мүше мемлекеттер кеден органдарының лауазымды тұлғасы кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тиісті шараларды қабылдайды.
      Кеден одағына мүше мемлекеттер кеден органдарының деректер базасында тауарлар мен көлік құралдары туралы ұсынылуы міндетті алдын ала ақпарат болмаған жағдайда осы Келісімнің 3-бабына сәйкес кедендік операциялар Комиссияның шешіміне сәйкес жүзеге асырылады.

9-бап

      Кеден одағына мүше мемлекеттердің орталық кеден органдары арасында тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратты электронды түрде алмасу жүзеге асырылады.

10-бап

      Осы Келісімнің 9-бабының ережесін іске асыру үшін кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпараттармен алмасуды ұйымдастырудың Техникалық шарттарын әзірлейді және оны кеден одағына мүше мемлекеттердің орталық кеден органдарының басшылары бекітеді.

11-бап

      Осы Келісімге сәйкес алынатын ақпарат құпия сипатта болады және кедендік мақсаттар үшін ғана пайдаланылуға тиіс.

12-бап

      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру мәселелері бойынша хат алмасу орыс тілінде жүргізіледі.

13-бап

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша Тараптардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

14-бап

      1. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) пайдалануға байланысты Тараптар арасындағы даулар бірінші кезекте келіссөздер мен консультациялар жүргізу жолымен шешіледі.
      2. Егер дауды тараптар даудың бір тарапынан даудың екінші тарапына оларды жүргізу туралы ресми жазбаша өтініші түскен күннен бастап алты ай ішінде консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен реттемесе, онда дау тараптарының арасында оны шешу тәсіліне қатысты өзге уағдаластық болмаған кезде тараптардың кез келгені осы дауды қарау үшін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына жібереді.
      3. Кеден одағының комиссиясы Тараптарға оны Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына жібергенге дейін дауды реттеуге көмек көрсетеді.

15-бап

      Осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

16-бап

      Осы Келісім ратификациялауға жатады және 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарт күшіне енген күннен бастап уақытша қолданылады.
      Осы Келісім депозитарий дипломатиялық арналар арқылы Тараптар мемлекеттерінің осы Келісім күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
      2010 жылғы 21 мамырда Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы әрбір Тарапқа осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін жолдайтын Кеден одағының комиссиясында сақталады.

Беларусь
Қазақстан
Ресей
Республикасының
Республикасының
Федерациясының
Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Үкіметі үшін

     
      Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратты ұсыну туралы және алмасу туралы келісімі қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі мәтініне сәйкес келеді.

Қаржы министрі
Б. Жәмішев