"ЖҚТБ ауруының алдын алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі N 172 Заңы

       1-бап.  "ЖҚТБ ауруының алдын алу туралы" 1994 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., N 16-17, 212-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 23, 921-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
      1) тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      "АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу туралы";

      2) 1-бапта:
      мынадай мазмұндағы 1-1), 4-1), 4-2), 4-3) тармақшалармен толықтырылсын:
      "1-1) ЖҚТБ-мен ауыратын науқас - жұқтырылған қорғаныш тапшылығы салдарынан осы аурудың органдар мен жүйелердi жаппай зақымдай отырып өлiмге апаратын үдемелi дамуымен сипатталатын АҚТҚ инфекциясының терминалды сатысындағы адам;";
      "4-1) диспансерлеу - денсаулық сақтау ұйымдарында АҚТҚ жұқтырған адамның және ЖҚТБ-мен ауыратын науқастың денсаулық жағдайын байқау және оған емдеу-алдын алу көмегiн көрсету;
      4-2) құпия медициналық куәландыру - тексерiлетiн адамның жеке басы мен куәландыру нәтижелерiнiң дәрiгерлiк құпиясын медициналық қызметкердiң сақтауына негiзделген, адамның АҚТҚ жұқтыруына тексеру жүргiзу;
      4-3) медициналық куәландыру - адамның АҚТҚ жұқтыруына медициналық тексеру жүргiзу;";
      5) тармақшадағы "медициналық ұйымдар" деген сөздер "денсаулық сақтау ұйымдары" деген сөздермен ауыстырылсын;
      8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "8) денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы, дәрiлiк заттар айналымы, медициналық қызметтер көрсету сапасына бақылау жасау саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.";

      3) мынадай мазмұндағы 1-1 және 1-2-баптармен толықтырылсын:

      "1-1-бап. Қазақстан Республикасының АҚТҚ инфекциясының және
                ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      1-2-бап. АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу
               саласындағы мемлекеттiк реттеу

      АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу саласындағы мемлекеттiк реттеудi Қазақстан Республикасының Үкiметi, уәкiлеттi орган, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген құзыретi шегiнде жүзеге асырады.";

      4) 2-1-баптың тақырыбындағы "АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу саласындағы" деген сөздер алып тасталсын;

      5) 2-2-бапта:
      1) тармақша "ЖҚТБ-ның" деген сөздiң алдынан "АҚТҚ инфекциясының және" деген сөздермен толықтырылсын;
      3) тармақшада:
      орыс тiлiндегi мәтiнге түзету енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiн өзгермейдi;
      "ЖҚТБ ауруының алдын алу" деген сөздер "АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу" деген сөздермен ауыстырылсын;
      4) тармақшадағы "ЖҚТБ ауруының" деген сөздер "АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның" деген сөздермен ауыстырылсын;
      6) тармақша "ЖҚТБ-ның" деген сөздiң алдынан "АҚТҚ инфекциясының және" деген сөздермен толықтырылсын;
      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "10) АҚТҚ жұқтырғандарға және ЖҚТБ-мен ауыратын науқастарға тегiн медициналық және дәрi-дәрмектiк көмек көрсету, сондай-ақ жасырын тексеру мен құпия медициналық куәландыру тәртiбiн белгiлейдi.";

      6) 2-3-баптың 2-тармағының 2) және 3) тармақшалары "ЖҚТБ-ның" деген сөздiң алдынан "АҚТҚ инфекциясының және" деген сөздермен толықтырылсын;

      7) мынадай мазмұндағы 2-4 және 2-5-баптармен толықтырылсын:

      "2-4-бап. АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен
                емдеу мәселелерiндегi мемлекет кепiлдiктерi

      Мемлекет:
      1) тегiн негiзде жасырын тексерудiң, ерiктi, құпия медициналық куәландырудың қолжетiмдiлiгi мен сапасына, АҚТҚ жұқтырғандарды және ЖҚТБ-мен ауыратын науқастарды диспансерлеудi, психологиялық-әлеуметтiк, заңдық және медициналық консультациялар берудi қамтамасыз етуге;
      2) ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi орталықтар мен денсаулық сақтау ұйымдарында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемi шегiнде АҚТҚ жұқтырғандарға және ЖҚТБ-мен ауыратын науқастарға тегiн медициналық және дәрi-дәрмектiк көмек көрсетуге;
      3) АҚТҚ жұқтырғандар мен ЖҚТБ-мен ауыратын науқастарды әлеуметтiк және құқықтық қорғауға;
      4) АҚТҚ жұқтырғандар мен ЖҚТБ-мен ауыратын науқастарды ауруының сипатына байланысты қандай да бiр кемсiтушiлiк нысандарына жол бермеуге;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемi шегiнде АҚТҚ инфекциясы мен ЖҚТБ кезiнде қоздырғыштарға қарсы тегiн әрi арнайы емдеуге;
      6) AҚTҚ инфекциясының анадан ұрыққа берiлу қаупiн азайту жөнiндегi алдын алу iс-шараларын жүзеге асыруға;
      7) АҚТҚ инфекциясы проблемалары жөнiндегi ғылыми зерттеулердi дамытуға, АҚТҚ инфекциясының таралуының алдын алу жөнiндегi шараларды iске асыру үшiн мамандар даярлауға;
      8) АҚТҚ инфекциясы таралуының алдын алудың халықаралық бағдарламалары шеңберiнде халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және ұдайы ақпарат алмасып отыруға кепiлдiк бередi.

      2-5-бап. АҚТҚ инфекциясының алдын алу жөнiндегi iс-шаралар

      1. Қазақстан Республикасында АҚТҚ инфекциясының алдын алу жөнiндегi iс-шаралар осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген негiзде және тәртiппен жүргiзiледi.
      2. АҚТҚ инфекциясының алдын алу жөнiндегi iс-шаралар мынадай  принциптермен жүзеге асырылады:
      1) АҚТҚ жұқтырғандарға денсаулық сақтау ұйымдарында берiлетiн медициналық көмектiң қолжетiмдiлiгi;
      2) АҚТҚ инфекциясының алдын алуға қатысты ақпараттың қолжетiмдiлiгi;
      3) ведомствоаралық (сектораралық) өзара iс-қимыл;
      4) халықтың арасында АҚТҚ инфекциясының алдын алу мақсатында қоғамдық ұйымдарды тарту.
      3. АҚТҚ инфекциясының алдын алу жөнiндегi iс-шаралар:
      1) халықтың әртүрлi топтарына арналған нысаналы алдын алу және бiлiм беру бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыру;
      2) халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы АҚТҚ инфекциясы бойынша эпидемиялық ахуал және оның алдын алу шаралары туралы хабардар ету;
      3) халықтың әр түрлi топтары үшiн ақпараттық материалдар әзiрлеу және тарату;
      4) АҚТҚ инфекциясының жыныстық қатынас пен қан арқылы жұғуынан қорғау жөнiндегi бағдарламаларды iске асыру;
      5) сенiм, жасырын тестiлеу, психологиялық, заңдық және медициналық консультациялар беру пункттерiн ашу;
      6) халыққа терi қабаттары бүтiндiгiнiң бұзылуына байланысты қызметтер көрсету кезiнде қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жолымен жүзеге асырылады.";

      8) 3-1-баптың 5) тармақшасында:
      "медициналық ұйымдарға" деген сөздер "денсаулық сақтау ұйымдарына" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "ұйымдарға" деген сөзден кейiн "АҚТҚ инфекциясының және" деген сөздермен толықтырылсын;

      9) 5 және 6-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiктер мен
              азаматтығы жоқ адамдардың медициналық куәландырудан
              өту құқығы

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе онда жүрген шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың денсаулық сақтау ұйымдарында тегiн жасырын тексерiлуге, ерiктi, құпия медициналық куәландырудан өтуге және АҚТҚ жұқтыру мәселелерi бойынша консультация алуға құқығы бар.
      2. Он сегiз жасқа дейiнгi балалар мен әрекет қабiлетi жоқ адамдарды куәландыру олардың заңды өкiлдерiнiң келiсiмiмен немесе олардың қалауы бойынша жүргiзiледi.
      3. Медициналық куәландырудан өткен адамның өз қалауы бойынша сол немесе басқа денсаулық сақтау ұйымында қайта медициналық куәландырудан өтуге құқығы бар.
      4. Медициналық куәландыру кезiнде АҚТҚ жұқтырған адамды анықтаған денсаулық сақтау ұйымдары оған тексеру нәтижелерi туралы жазбаша түрде хабар берiп, өз денсаулығын және айналасындағылардың денсаулығын сақтауға бағытталған сақтық шараларын орындау қажеттiлiгi туралы ұғындырады, сондай-ақ емделуден жалтарып, басқа адамдарға жұқтырғаны үшiн әкiмшiлiк және қылмыстық жауапкершiлiгi туралы ескертедi.
      5. AҚTҚ жұқтырғандар мен ЖҚТБ-мен ауыратын науқастардың диагностикасына, оларды емдеуге, зертханалық зерттеу нәтижелерiне қатысты мәлiметтер құпия болып табылады және тек тiкелей бұл мәлiметтердiң қатысы бар адамға, оның заңды өкiлiне немесе денсаулық сақтау, прокуратура, алдын ала тергеу, анықтау және сот органдарының сұрауы бойынша ғана берiлуi мүмкiн.

      6-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiктер мен
             азаматтығы жоқ адамдардың медициналық куәландырудан
             өту жөнiндегi мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар олар AҚTҚ жұқтырған болуы мүмкiн деген жеткiлiктi негiздер болған ретте денсаулық сақтау, прокуратура, тергеу мен сот органдарының сұрауы бойынша медициналық куәландырудан өтуге мiндеттi.
      Куәландырудан өтуден немесе алдын алу бақылауынан жалтарған Қазақстан Республикасының аумағында тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге аластатылады.
      Қазақстан Республикасының аумағында дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттi пайдаланатын шет мемлекеттердiң дипломатиялық, өкiлдiк және консулдық мекемелерiнiң қызметкерлерi мен өзге де адамдары куәландырудан тек өздерiнiң келiсiмдерiмен ғана өтедi. Оларды куәландырудан өткiзу қажеттiгi туралы ұсынысты уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiмен алдын ала келiседi.
      2. Қан және оның компоненттерiнiң, тiндер мен органдардың донорлары мiндеттi түрде медициналық куәландыруға жатады.";

      10) 7-бапта:
      бiрiншi, екiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктер тиiсiнше "1.", "2.", "3." және "4." тармақтар болып белгiленсiн;
      бiрiншi бөлiкте:
      "мен азаматтығы жоқ адамдардың" деген сөздер алып тасталсын;
      "мекемелерiнде", "мекемелерi" деген сөздер тиiсiнше "ұйымдарында", "ұйымдары" деген сөздермен ауыстырылсын;
      екiншi бөлiктегi "16" деген цифрлар "он сегiз" деген сөздермен ауыстырылсын;

      11) 8, 9, 10-баптар алып тасталсын;

      12) 11-баптағы "Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын" деген сөздер "АҚТҚ" деген сөзбен ауыстырылсын;

      13) 12-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "12-бап. Еңбек қызметi АҚТҚ жұқтыру қаупiмен байланысты
               адамдар

      1. АҚТҚ жұқтырылған материалмен жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау ұйымдарының медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң қызметтiк және кәсiби мiндеттерiн орындау кезiнде АҚТҚ жұқтыруы кәсiби ауруларға жатады.
      2. Осы баптың 1-тармағында тiзiлген адамдарға кәсiби ауруына байланысты жұмысқа уақытша жарамсыздығы кезеңiне Қазақстан Республикасының  еңбек туралы  заңнамасына сәйкес әлеуметтiк жәрдемақы тағайындалады.";

      14) 13-баптың бiрiншi бөлiгiнiң екiншi сөйлемi алып тасталсын;

      15) 14-баптағы "6 сағаттық" деген сөздер "алты сағаттық" деген сөздермен, "24 жұмыс" деген сөздер "күнтiзбелiк жиырма төрт жұмыс" деген сөздермен ауыстырылсын;

      16) мынадай мазмұндағы 15 және 16-баптармен толықтырылсын:

      "15-бап. АҚТҚ жұқтырғандардың және ЖҚТБ-мен ауыратындардың
               құқықтары мен мiндеттерi

      1. АҚТҚ жұқтырғандардың және ЖҚТБ-мен ауыратындардың:
      1) Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы ратификациялаған тиiстi халықаралық шарттарда көзделген Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық құқықтарын пайдалануға;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемi шегiнде диспансерленуге және тегiн емделуге құқығы бар.
      2. АҚТҚ жұқтырғандар мен ЖҚТБ-мен ауыратындар өз денсаулығын және айналасындағылардың денсаулығын сақтау жөнiнде сақтық шараларын орындауға мiндеттi.
      АҚТҚ жұқтырғандарға қан және оның компоненттерiнiң, тiндер мен органдардың донорлары болуға тыйым салынады.

      16-бап. Қазақстан Республикасының АҚТҚ инфекциясының және
              ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу туралы заңнамасын
              бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу туралы заңнамасын бұзушылық Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.".

       2-бап.  Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті