"Тарихи-мәдени сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 99 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің м.а. 2026 жылғы 5 маусымдағы № 270-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 12 маусымда № 38954 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тарихи-мәдени сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 99 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20452 болып тіркілген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тарихи-мәдени сараптама жүргізу қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Тарихи-мәдени сараптама жүргізу қағидалары "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және тарихи-мәдени сараптама жүргізу тәртібін анықтайды.";

      3-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) игеруге жататын жер учаскелерінде жоспардан тыс (алдын алу) археологиялық жұмыстарды жүргізу нәтижесі бойынша алынған, тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатердің болуын немесе болмауын негіздейтін материалдар;";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Тарихи-мәдени сараптаманы тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке немесе археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке арналған лицензиясы және Қазақстан Республикасының ғылым және технологиялық саясат туралы заңнамасына сәйкес ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттеу туралы куәлігі бар жеке және заңды тұлғалар жүргізеді (бұдан әрі – сарапшы).";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Қорытынды қазақ және орыс тілдерінде фирмалық бланкте екі данада құрастырылады, тарихи-мәдени сараптама жүргізген заңды тұлғаның мөрімен куәләндырылып, ал тарихи-мәдени сараптама жеке тұлғамен жүргізілген жағдайда оның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) көрсетіледі және қолтаңбасымен куәландырылады.";

      14-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) заңды тұлғаның атауы немесе жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда);".

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және ақпарат министрінің
міндетін атқарушы
К. Искаков