"Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 49-бабы 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Банкпен, банк конгломератымен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар деп тану қағидалары бекітілсін.
2. Қоса беріліп отырған тізбеге сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы қаулысының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының кейбір қаулыларының құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
| Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Басқармасының 2026 жылғы 16 сәуірдегі № 67 |
Банкпен, банк конгломератымен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар деп тану қағидалары
Осы Банкпен, банк конгломератымен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар деп тану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Банктер туралы заң) 49-бабы 3-тармағына сәйкес әзірленген және банкпен, банк конгломератымен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар деп тану тәртібін белгілейді.
1. Банктер туралы заңның 49-бабы 1-тармағының 1) тармақшасының және 3-тармағының 1) тармақшасының мақсаттары үшін банктік қарыздар мен банк кепілдіктерін беру туралы шешімдер қабылдау банктің директорлар кеңесі комитеттерінің және (немесе) тиісті органдарының лауазымды тұлғаларының, басшы қызметкерлерінің, басшыларының және тұрақты мүшелерінің өкілеттіктеріне кіретін банктік қарыздар мен банк кепілдіктерінің мынадай мөлшері белгіленсін, олардан асып кеткен кезде көрсетілген тұлғалар банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар деп танылады:
меншікті капиталының мөлшері қоса алғанда 100 000 000 000 (жүз миллиард) теңгеге дейінгі банктер үшін банк банктік қарыз, банктік кепілдік беру туралы шешім қабылдаған күні банктің меншікті капиталының 0,7 (нөл бүтін оннан жеті) пайызы;
меншікті капиталының мөлшері қоса алғанда 100 000 000 000 (жүз миллиард) теңгеден асатын банктер үшін банк банктік қарыз, банктік кепілдік беру туралы шешім қабылдаған күні банктің меншікті капиталының 0,5 (нөл бүтін оннан бес) пайызы.
2. Банктер туралы заңның 49-бабының 1-тармағы 7) тармақшасының және 3-тармағы 2) тармақшасының мақсаттары үшін жеке тұлғаның немесе ұйымның банкпен ерекше қатынастар арқылы байланыстылық белгілері мыналар:
1) бір қарыз алушыға белгіленген ең жоғары тәуекел талаптарына сәйкес осындай топтың қарыз алушыларының бірі банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлға болып табылатын осы топқа біріктірілген банк қарыз алушыларының тобына жататын қарыз алушы (жеке тұлға немесе ұйым);
2) кредит төлеу қабілетін және (немесе) осындай мәмілені тиісті түрде қамтамасыз етудің болуын бағалауға қойылатын талаптарды сақтау бойынша банктің ішкі рәсімдері бұзыла отырып, осындай мәміле жүзеге асырылған қарыз алушы (жеке тұлға немесе ұйым);
3) Standard & Poor’s (Стандард энд Пурс) рейтингтік агенттігінің халықаралық шкала бойынша "ВВВ"-ден төмен болмайтын немесе Moody's Investors Service (Мудиз Инвесторс Сервис) рейтингтік агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "Ваа2"-ден төмен болмайтын немесе Fitch (Фич) рейтингтік агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ"-ден төмен болмайтын борыштық рейтингі бар банктердің кепілдіктерін (кепілдемелерін) және резервтік аккредитивтерін қоспағанда, банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлға ол бойынша қамтамасыз етуді ұсынған банкпен мәміле жасаған жеке тұлға немесе ұйым болып табылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігі 1) және 2) тармақшаларының талаптары банктің көрсетілген тұлғалармен мәмілелерінің мөлшері:
банк банктік қарыз, банктік кепілдік беру туралы шешім қабылдаған күні меншікті капиталының мөлшері қоса алғанда 100 000 000 000 (жүз миллиард) теңгені құрайтын банктер үшін банктің меншікті капиталының 2 (екі) және одан көп пайызын;
банк банктік қарыз, банктік кепілдік беру туралы шешім қабылдаған күні меншікті капиталының мөлшері 100 000 000 000 (жүз миллиард) теңгені құрайтын банктер үшін банктің меншікті капиталының 1 (бір) және одан көп пайызын құрайтын жағдайларға қолданылады.
3. Банктер туралы заңның 49-бабы 3-тармағының 3) тармақшасының мақсаттары үшін банкпен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар деп танылмайтын тұлғалардың мына тізбесі белгіленсін:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы;
2) банктер қатысатын қауымдастық (одақтар) нысанындағы заңды тұлғалар бірлестіктері;
3) "Қазақстанның орнықтылық қоры" акционерлік қоғамы;
4) "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" акционерлік қоғамы;
5) Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы;
6) "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамы;
7) кредиттік бюролар;
8) халықаралық қаржы ұйымдары;
9) мемлекеттік мекемелер;
10) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес үлестес тұлғалар деп танылмайтын тұлғалар;
11) банктің, Қазақстан Республикасының аумағында филиалы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің тәуелсіз директоры;
12) банктің, Қазақстан Республикасының аумағында филиалы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің тәуелсіз директорының жұбайы (зайыбы) және жақын туыстары;
13) ондағы банктің, Қазақстан Республикасының аумағында филиалы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің тәуелсіз директоры лауазымды тұлға немесе тәуелсіз директор болып табылатын ұйым;
14) банктің, Қазақстан Республикасының аумағында филиалы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің тәуелсіз директорына дауыс беретін акциялардың, қатысу үлестерінің, пайлардың немесе үлестік қатысудың басқа да нысандарының он және одан да көп пайыз тиесілі ұйым;
15) осы тармақтың 12) тармақшасында көрсетілген тұлғаларға дауыс беретін акциялардың, қатысу үлестерінің, пайлардың немесе үлестік қатысудың басқа да нысандарының он және одан да көп пайызы тиесілі ұйым;
16) банктің лауазымды тұлғасы осы қор Кеңесінің мүшесі болып табылатын жағдайда "Alatau City Authority" мемлекеттік қоры;
17) банк акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдинг және дауыс беретін акциялардың, қатысу үлестерінің, пайлардың не үлестік қатысудың басқа да нысандарының он және одан да көп пайызы осындай ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұйымдар;
18) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйым және акционері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылатын сауда-саттықты ұйымдастырушы, егер банктің лауазымды тұлғасы осы ұйымдарда лауазымды адам болып табылған жағдайда.
4. Банктер туралы заңның 49-бабы 3-тармағының 4) тармақшасының мақсаттары үшін банк конгломератымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалардың мына тізбесі белгіленсін:
1) банк конгломераты бас ұйымының лауазымды адамы немесе басшы қызметкері, бірінші басшысы және бас бухгалтері, сондай-ақ олардың жұбайы (зайыбы) және жақын туыстары;
2) банк конгломераты бас ұйымының ірі қатысушысы болып табылатын жеке тұлға немесе ұйым;
3) банк конгломераты бас ұйымының ірі қатысушысының лауазымды тұлғасы, сондай-ақ олардың жұбайы (зайыбы) және жақын туыстары;
4) осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар ірі қатысушылар не лауазымды адамдар болып табылатын ұйым;
5) банк конгломератының бас ұйымы оған қатысты осы ұйымның ірі қатысушысы болып табылатын ұйым, оның жұбайы мен зайыбы және жақын туыстары;
6) банк конгломератының қатысушылары;
7) банк конгломераты қатысушыларының үлестес тұлғалары.
5. Банк конгломератымен ерекше қатынастар арқылы байланысқан тұлғалар деп мыналар танылмайды:
1) банк конгломератының бас ұйымының акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдинг және дауыс беретін акцияларының, қатысу үлестерінің, пайларының не үлестік қатысудың басқа да нысандарының он және одан да көп пайызы осындай ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұйымдар;
2) банктің тәуелсіз директор болып табылатын лауазымды адамы басқару органдарында тәуелсіз директор болып табылатын ұйымдар;
3) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым және (немесе) егер банктің лауазымды тұлғасы осы ұйымдарда лауазымды тұлға болып табылған жағдайда, акционері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылатын сауда-саттықты ұйымдастырушы;
4) банк конгломераты бас ұйымының тәуелсіз директорының және банк конгломераты қатысушысының жұбайы (зайыбы) және жақын туыстары;
5) онда банк конгломератының бас ұйымының тәуелсіз директоры және банк конгломератының қатысушысы лауазымды тұлға болып табылатын заңды тұлға;
6) онда банк конгломератының бас ұйымының тәуелсіз директоры және банк конгломератының қатысушысы орналастырылған акциялардың (артықшылықты және сатып алынған акцияларды шегергенде) немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерінің он және одан да көп пайызына иелік ететін заңды тұлға;
7) осы тармақтың 4) тармақшасында көрсетілген тұлғалар орналастырылған акциялардың (артықшылықты және сатып алынған акцияларды шегергенде) немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерінің он және одан да көп пайызын иеленетін не лауазымды тұлғалар болып табылатын заңды тұлға.
6. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларды тану мақсаттары үшін:
Қағидалардың 1-тармағында банк деп Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және (немесе) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі ретінде түсініледі;
Қағидалардың 1 және 2-тармақтарында банктің меншікті капиталы деп Банктер туралы заңның 72-бабы 4-тармағында белгіленген Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының резерв ретінде қабылданатын активтерін қалыптастыру тәртібін және олардың ең төмен мөлшерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары үшін пруденциялық нормативтер мен лимиттер, олардың шекті мәндері және есептеу әдістемелеріне сәйкес есептелетін Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының резерв ретінде қабылданатын активтері түсініледі;
Қағидалардың 2-тармағында банк ретінде банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы түсініледі.
7. Қағидалардың 1, 2, 3 және 4-тармақтарының талаптары банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.
| Қаулыға қосымша |
Күші жойылды деп танылатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы қаулысының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі асқармасының және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының кейбір қаулыларының құрылымдық элементтерінің тізбесі
1. "Банк конгломератымен ерекше қатынаста болатын тұлғалардың тізбесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 13 ақпандағы № 37 қаулысы (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7474 болып тіркелген).
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қазандағы № 265 "Қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы" қаулысымен бекітілген Қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 4-тармағы (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2016 жылғы 26 қаңтарда № 14733 болып тіркелген).
3. "Банкпен, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға жеңілдікті жағдайлар беруге тыйым салуды белгілеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 273 қаулысы (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2018 жылғы 26 қарашада № 17781 болып тіркелген).
4. "Банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға жеңілдікті жағдайлар беруге тыйым салуды белгілеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 273 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 11 қарашадағы № 183 қаулысы (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2019 жылы 15 қарашада № 19604 болып тіркелген).
5. "Банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға жеңілдікті жағдайлар беруге тыйым салуды белгілеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 273 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 24 тамыздағы № 76 қаулысы (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2020 жылы 3 қыркүйекте № 21168 болып тіркелген).
6. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 24 ақпандағы № 43 "Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының және Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокерлері филиалдарының қызметін реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" қаулысымен бекітілген, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының және Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокерлері филиалдарының қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 8-тармағы (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2021 жылғы 25 ақпанда № 22259 болып тіркелген).