ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтардың тізбесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізілетін тізбенің 1-тармағының үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы абзацтарын, 3-тармағының үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші, он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы абзацтарын, 4-тармағының бесінші, алтыншы және жетінші абзацтарын қоспағанда, 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Министрдің міндетін атқарушы |
М. Мелдебекова |
| Министрдің міндетін атқарушы | |
| 2026 жылғы 10 сәуірдегі | |
| № 88-НҚ бұйрығымен | |
| бекітілген |
Өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтардың тізбесі
1. "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 464 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17379 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) әлеуетті өнім беруші – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер олар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), шарт жасасуға үміткер заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);
2) биометриялық сәйкестендіру – жеке тұлғаның физиологиялық және биологиялық өзгермейтін белгілері негізінде оның жеке басын анықтау рәсімі;
3) білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы (бұдан әрі – оператор) – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;
4) өнім беруші – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер олар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), онымен жасалған шартта тапсырыс берушінің контрагенті ретінде әрекет ететін заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);
5) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыс (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері үшін жатақханаларда жаңа орындарды енгізуді қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысымен байланысты қызметтерге арналған ақшалай төлемдер.";
5-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5-1. Оператор жатақханадағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері нақты қамтылған орындардың мониторингін мыналардан:
жатақханада тұратындарды техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері санатына жатқызуды растау бөлігінде "Ұлттық білім беру деректер қоры" цифрлық жүйесінен;
шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қоспағанда, жатақханада тұратын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері туралы, оның ішінде олардың тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы жаңартылған және анық мәліметтерді алу бөлігінде "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер қорынан;
техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің тиісті жатақханада тұруы туралы мәліметтерді алу бөлігінде адамдардың тиісті жатақханаға еркін өтуін (кіруін немесе шығуын) шектейтін құрылғымен (құрылғыларымен) интеграцияланған, операторға тиесілі "StudDom" цифрлық жүйесінен мәліметтер алу жолымен жүзеге асырады. "StudDom" цифрлық жүйесінде мұндай мәліметтер болмаған жағдайда, оператор олардың жатақханада тұруын растау мақсатында жатақханада тұратын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне қоңырау шалуды жүзеге асырады;
карточкалық сәйкестендіруді немесе биометриялық сәйкестендіруді пайдалануды көздейтін адамдардың тиісті жатақханаға еркін өтуін (кіруін немесе шығуын) шектейтін бақылау және құрылғының қолжетімділігін басқару жүйесінен алады.";
15 және 15-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"15. Мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер Қағидалардың 5-тармағының 1) тармақшасының талаптары сақталған кезде жатақхана пайдалануға енгізіліп, жатақхананың нысаналы мақсатын өзгертуге кемінде жиырма жылға құқық ауыртпалығы тіркелгеннен кейін толық айға жүзеге асырылады, бөліктерге бөлінбейді.
Төлемді жүзеге асыру үшін өнім беруші 15 желтоқсандағы жағдай бойынша берілетін желтоқсан айына тізілімді қоспағанда, ай сайын операторға Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша айдың соңғы күніндегі жағдайға жатақханадағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің нақты орналасқан орындары туралы мәліметтерді қамтитын тізілімді ұсынады.
Оператор тізілімде көрсетілген мәліметтерді Қағидалардың 5-1-тармағында көрсетілген цифрлық жүйелерге сәйкестігі тұрғысынан салыстырып тексеруді жүзеге асырады.
Оператор айдың соңғы күніндегі және 15 желтоқсандағы жағдай бойынша жатақханадағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері нақты орналасқан орындарға мониторингті жүзеге асыру мақсатында тиісті кезеңде "StudDom" цифрлық жүйесінен алынған мәліметтер негізінде бес жұмыс күні ішінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін "цифрлық үкімет" веб-порталы арқылы кері байланыстарын көрсете отырып, олардың тиісті жатақханада тұратыны туралы хабардар етеді. Оператор хабарлама жібергеннен кейін үш жұмыс күні ішінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының студентінен қарсылық болмаған кезде, оның тиісті жатақханада әдепкі қалпы бойынша тұратынын растау болып есептеледі.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша төлем жүргізілгеннен кейін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары білім алушыларының жатақханада тұрмайтыны расталған жағдайда, оператор қорытынды дайындайды, оның негізінде өнім берушіге мұндай студенттерге тұрмаған бүкіл кезең үшін алынған қаражатты бюджетке қайтару туралы талап жіберіледі.
15-1. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің жатақханада нақты орналасқан орындары "StudDom" цифрлық жүйесі арқылы тиісті жатақханада техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының бір студентінің айына (желтоқсан айын қоспағанда) кемінде жетпіс екі сағат тұру сағатының санымен расталады.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің жатақханада нақты орналасқан орындары "StudDom" цифрлық жүйесі арқылы тиісті жатақханада техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының бір студентінің желтоқсан айына кемінде отыз алты сағат тұру сағатының санымен расталады.
Қағидалардың 15-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мерзімге дейін тиісті жатақханада алғаш рет тіркелген техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерінің жатақханада нақты орналасқан орындары "StudDom" цифрлық жүйесі арқылы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының бір студентінің айына кемінде он екі сағат тұру сағатының санымен расталады.
Осы тармақтың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінің талаптары халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстар мен фестивальдерге, олимпиадаларға қатысатын, сондай-ақ басқа елді мекендерде кәсіптік практикадан өтетін, денсаулық жағдайы бойынша жатақханадан тыс емделіп жатқан техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне қолданылмайды. Осы бөлімде көрсетілген студенттер өнім берушіге техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының іс-шараларға қатысу туралы, кәсіптік практикадан өту туралы құжаттарын, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымының еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы анықтаманы ұсынады.".
2. "Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарына бекітілген дене шынықтыру-сауықтыру және спорт құрылысжайларын мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 18 ақпандағы № 65 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20050 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарына бекітілген дене шынықтыру-сауықтыру және спорт құрылысжайларын мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидаларында:
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Объектіні мүліктік жалдауға (жалға алуға) алуға үміткер жеке тұлғалар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша объектіні мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге өтінім (бұдан әрі – өтінім) береді.
Өтінім www.gosreestr.kz адресі бойынша Интернет желісінде орналасқан интернет-ресурста объектінің атауы, оның баланс ұстаушысы, сондай-ақ мынадай құжаттардың электрондық (сканерленген) көшірмелері қоса берілген объектіге деген қажеттілік негіздемесі көрсетіле отырып, электрондық нысанда ресімделеді:
1) мемлекеттік емес заңды тұлғалар үшін – заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың көшірмесі;
2) жеке тұлғалар үшін – өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, өтініш беруші жіберген хабарламалар туралы рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізілімінен үзінді көшірме (жеке кәсіпкер үшін).".
3. "Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 30 наурыздағы № 117 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27414 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықта:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Осы Нұсқаулықта келесі негізгі ұғымдар қолданылады:
1) бейнебақылау жүйесі – бейнебақылау камераларының, деректерді беру желілерінің, бағдарламалық және техникалық құралдардың және бейнежазбаларды сақтау құралдарының, сондай-ақ өзара ақпарат алмасуды жүзеге асыратын бағдарламалық және (немесе) техникалық басқару құралдарының жиынтығы;
2) жарықтандыру жүйесі - бейнебақылау жүйесі үшін жарықтандырудың қажетті деңгейін, адамдар мен көлік құралдарының объектіде түнде көрінуін қамтамасыз ететін техникалық құралдар жиынтығы;
3) күзет қызметінің субъектілері - бұл Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері және жеке күзет ұйымдары;
4) объектінің периметрі - құқық белгілейтін құжаттарға сәйкес объектінің шекарасы;
5) объектінің потенциалды қауіпті бөлігі – жарылғыш және өрт қаупі, қауіпті химиялық заттар, қару-жарақ пен оқ-дәрілер, улы заттар мен препараттар, технологиялық тізбектер элементтері, жүйелер, жабдықтар немесе құрылғылар, пайдаланылатын, сақталатын немесе қолданылатын аумақтық бөлінген аймақтар (учаскелер) объектінің конструктивтік және технологиялық элементтері, сондай-ақ, объектіде адамдардың жаппай келу ықтималдығы, оның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге ықпал етуі мүмкін терроризм актісін жасауы, апат болуы, қауіпті әлеуметтік-экономикалық салдарлармен төтенше жағдай қатерін туғызу; терроризм актісін жасау үшін оларды одан әрі пайдалану мақсатында қауіпті заттар мен материалдарды ұрлау болуы мүмкін объектінің қауіпті аймақтары;
6) оқу (профилактикалық) іс-шаралары - алғашқы әрекет ету дағдыларын қалыптастыру мақсатында нұсқаулар және жаттығулар түрінде жүзеге асырылатын персонал мен күзетті оқытудың превентивті тәсілдері;
7) педагог – педагогтік немесе тиісті бейіні бойынша өзге де кәсіптік білімі бар және білім алушыларды және (немесе) тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу, білім беру қызметін әдістемелік қолдау немесе ұйымдастыру бойынша педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыратын тұлға;
8) рұқсаттама режимі - адамдардың санкцияланбаған кіру (шығу), көлік құралдарының кіруі (шығуы), мүліктің кіруі (шығарылуы), кіру (әкетілу) мүмкіндігін болдырмайтын, белгіленген тәртіпті реттейтін ережелер жиынтығы;
9) тексеру кезінде қолданылатын техникалық құралдар – қол жүгін, жүкті, багажды, поштаны, тәрбиеленушілер мен оқушыларды, персоналды және келушілерді тексеруді жүзеге асыру кезінде дербес немесе қандай да бір жүйенің бөлігі ретінде пайдалануға арналған арнайы құрылғылар;
10) терроризмге қарсы қауіпсіздік паспорты - бұл оның антитеррорлық қауіпсіздігінің жай-күйін бейнелейтін және террористік актілерге осал объектідегі террористік актілердің салдарының алдын алу, жолын кесу, азайту және (немесе) жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлауға арналған объект туралы жалпы және инженерлік-техникалық ақпаратты қамтитын ақпараттық-анықтамалық құжат;
11) террористік тұрғыдан осал объектілер – аса маңызды мемлекеттік, стратегиялық, қауіпті өндірістік объектілер, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар экономика салаларының объектілері, адамдар көп жиналатын объектілер, терроризмге қарсы қорғауды міндетті ұйымдастыруды талап ететін күзетілетін объектілер;
12) хабардар ету жүйесі - террористік актілерге осал объектідегі төтенше жағдайлар (авария, өрт, табиғи апат, шабуыл, терроризм актісі) кезінде және іс-қимыл туындаған жағдайда дабыл туралы жедел хабарлауға (жарық және (немесе) дыбыстық хабарлама) арналған техникалық құралдар жиынтығы.";
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"16. Білім беру ұйымдарына әкелуге және олардың аумақтарында пайдалануға тыйым салынған заттар мен құралдардың тізбесі "Білім беру ұйымдарына және олардың аумақтарына әкелуге тыйым салынған, оларда пайдаланылуы шектелген нәрселер мен заттардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 25 мамырдағы № 235 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22857 болып тіркелген) бекітілген.";
78-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 945 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10151 болып тіркелген) бекітілген азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесін ұйымдастыру, бейбіт және соғыс уақытында төтенше жағдайлар кезінде халықты, басқару органдарын құлақтандыру қағидаларына сәйкес келетін хабардар ету жүйесімен;";
80-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"80. Білім беру объектілері ішкі істер органдары тарапынан тексеру жүргізілгеннен кейін "Ұлттық білім беру деректер қоры" цифрлық жүйесіне осы Нұсқаулықтың белгіленген талаптарына сәйкестігі туралы ақпарат енгізеді.".
4. "Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражатын бөлу, жұмсау, мониторингтеу және есептілігі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 17 ақпандағы № 38 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31915 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражатын бөлу, жұмсау, мониторингтеу және есептілігі қағидаларында:
19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"19. Уәкілетті орган төлем шотты "Қазынашылық-клиент" цифрлық жүйесі арқылы қазынашылық органдарына РБК шешімін және бекітілген Басым тізбені қоса ұсына отырып Қор қаражатын ЖАО-ның тиісті шоттарына аударуды жүргізеді.";
24 және 25-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"24. Қор қаражатын ЖАО шоттарынан пайдалануға байланысты төлемдерді жүргізу Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 27 маусымдағы № 328 бұйрығымен бекітілген Бюджеттің қазынашылық атқарылуы және оларға кассалық қызмет көрсету рәсімдерінің, қазынашылық есепке алу және мониторинг рәсімдерінің (бұдан әрі – № 328 Рәсімдері) 6-тарауының 7-параграфына сәйкес жүзеге асырылады.
25. Қор шотын және ЖАО шоттарын жабу тәртібі № 328 Рәсімдердің 4-тарауының 8-параграфы талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.";
30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"30. Уәкілетті орган қазынашылық органдарының цифрлық жүйесі арқылы Қор шотына қаражат түсімдерінің мониторингін ай сайын жүргізеді.".