"Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық операцияларын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 25 шілдедегі № 65 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2026 жылғы 11 наурыздағы № 17 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 16 наурызда № 38153 тіркелді

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық операцияларын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 25 шілдедегі № 65 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4361 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенімгерлік басқарудың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 2-тармағының 23) тармақшасына, "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 19-тармағы екінші бөлігінің төртінші абзацының 17) тармақшасына және "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенімгерлік басқару туралы шарт туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 18 мамырдағы № 655 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық операцияларын жүзеге асыру қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қағидалар "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 2-тармағының 23) тармақшасына, "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 19-тармағы екінші бөлігінің төртінші абзацының 17) тармақшасына және "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенімгерлік басқару туралы шарт туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 18 мамырдағы № 655 қаулысына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – Ұлттық Банк) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын (бұдан әрі – Қор) сенімгерлік басқару кезінде инвестициялық операцияларды жүзеге асыру тәртібін белгілейді.";

      32-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "32. Қордың активтері инвестицияланатын қаржы құралдары Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұлттық Банкпен бірлесіп айқындайтын Материалдық емес активтерді қоспағанда, рұқсат берілген қаржы құралдарының және олармен жасалатын мәмілелердің тізбесінде бекітіледі.";

      35-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "35-2. Ақша қалдықтарын инвестициялау АААm (Standard&Poor's)/AAA-mf (Moody' s) рейтингі немесе басқа халықаралық рейтингтік агенттіктердің ұқсас рейтингі бар ақша нарығының қорларына не AAAm (Standard&Poor 's)/AAA-mf (Moody' s) рейтингі немесе басқа халықаралық рейтингтік агенттіктердің ұқсас рейтингі бар қорларға қойылатын барлық талаптарды орындайтын ақша нарығының қорларына жүзеге асырылады.

      Ақша нарығының қорларына инвестицияланған активтердің ең жоғары көлемі Ұлттық Банктің немесе сыртқы басқарушылардың басқаруындағы тиісті портфель активтерінің нарықтық құнының 10 (он) пайызынан аспайды. Ақша нарығының қорларына инвестициялау мынадай шарттар сақталған кезде жүзеге асырылады:

      1) ақша нарығының қоры активтерінің көлемі 3 000 000 000 (үш миллиард) АҚШ долларынан кем емес;

      2) ақша нарығы қорының жұмыс тәжірибесі 5 (бес) жылдан кем емес;

      3) ақша нарығының қорларына инвестициялауға рұқсат етілген қаржы құралдарының ең төменгі ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кредиттік рейтингтері тиісінше A- және A-1 (Standard&Poor's)/A3 және P-1 (Moody's) немесе басқа халықаралық рейтингтік агенттіктердің ұқсас кредиттік рейтингінен төмен емес;

      4) ақша нарығының қоры активтерінің 90 (тоқсан) пайызынан кем емес: АҚШ үкіметі шығарған, АҚШ долларында номинирленген АҚШ ақша

      нарығының қаржы құралдарына, сондай-ақ олармен репо операцияларына;

      Еуроаймақ құрамына кіретін елдердің үкіметтері шығарған немесе кепілдік берген, еурода номинирленген А- (Standard & Poor's)/A3 (Moody's) төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа халықаралық рейтингтік агенттіктердің ұқсас кредиттік рейтингі бар ақша нарығының құралдарына, сондай-ақ олармен репо операцияларына инвестицияланады.";

      44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "44. Жинақ портфелі облигациялар портфеліне, акциялар портфеліне, балама құралдар портфеліне және алтын портфеліне бөлінеді.

      Облигациялар портфелі дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларының портфелінен, дамушы елдердің мемлекеттік облигацияларының портфелінен және корпоративтік облигациялар портфелінен тұрады.

      Балама құралдар портфелі жаһандық балама құралдар портфелінен, ашық инвестициялық әріптестік портфелінен және шетелдік цифрлық активтер портфелінен тұрады.

      Жаһандық балама құралдар портфелі балама инвестициялардың кең спектрін қамтиды және жекелеген аймақтарға, секторларға немесе инвестициялық тақырыптарға сілтеме жасамай қалыптасады.";

      56-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "56-1. Жаһандық балама құралдар портфелі кірістілігінің нысаналы деңгейі АҚШ долларымен өлшенетін, 80 (сексен) пайызы MSCI АCWI IMI Net Total Return USD Index индексінен және 20 (жиырма) пайызы Bloomberg Global-Aggregate Total Return Index Value Hedged USD индексінен тұратын композиттік индекстің кірістілігі (портфель референсі) болып табылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген композиттік индексте (портфель референсі) эталондық бөлуге кері қайтару күнтізбелік тоқсанның соңғы жұмыс күні жүзеге асырылады.

      Бұл ретте жаһандық балама құралдар портфелі, сондай-ақ ашық инвестициялық әріптестік портфелі үшін ұзақ мерзімді кірістіліктің ең төменгі деңгейі 5 (бес), 10 (он) және 15 (он бес) жыл мерзімдегі кезеңдер үшін сырғымалы бағалау (rolling window) әдісімен есептелетін US Consumer Price Index (CPI YOY) + 3 (үш) пайыздық мәні болып табылады.

      Шетелдік цифрлық активтер портфелін басқарудың және ашық инвестициялық әріптестіктің тиімділігін бағалау портфель референсіне қатысты жүргізілмейді.

      Шетелдік цифрлық активтер портфелін басқару тиімділігін бағалау жыл сайынғы негізде жүзеге асырылады. Шетелдік цифрлық активтер портфелін басқару нәтижелері "Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Корпорация) Директорлар кеңесі бекітетін эталондық портфельдің кірістілігі мен тәуекел көрсеткіштеріне қатысты бағаланады.";

      56-3 және 56-4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "56-3. Корпорация балама құралдар портфелін сыртқы басқаруды жүзеге асырады.

      Инвестициялық жобаларды талдау және басқару үшін ашық инвестициялық әріптестік бағдарламасы шеңберінде Корпорация 2 (екі) миллиард АҚШ долларынан кем емес активтерді басқаратын және инвестициялау тәжірибесі 10 (он) жылдан кем емес халықаралық басқарушыларды тартады.

      56-4. Жаһандық балама құралдар портфеліндегі инвестициялар осы Қағидаларда белгіленген шектеулер ескеріле отырып жүзеге асырылады. Жаһандық балама құралдар портфелін активтер сыныптары бойынша секторлық бөлу осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.

      Осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес белгіленген секторлық бөлу бұзылған жағдайда, жаһандық балама құралдар портфелін соңғы есепті кезеңдегі жаһандық балама құралдар көлемінің 100 (бір жүз) пайызынан кем мөлшердегі сомаға жаһандық балама құралдар портфелін толықтыру салдарынан және (немесе) жаһандық балама құралдар портфелі активтерінің құнын өзгерту және (немесе) жаһандық балама құралдар портфелінен активтерді алып қою нәтижесінде жаһандық балама құралдар портфелі бұзылған сәттен бастап 1 (бір) жыл ішінде белгіленген бөлуге сәйкес келтіріледі.

      Осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес белгіленген секторлық бөлу бұзылған жағдайда, жаһандық балама құралдар портфелін соңғы есепті кезеңдегі жаһандық балама құралдар көлемінің 100 (бір жүз) пайызынан астам сомаға толықтыру салдарынан жаһандық балама құралдар портфелі бұзушылық жасалған сәттен бастап 3 (үш) жыл бойы жарамды транзиттік кезең ішінде белгіленген бөлуге сәйкес келтіріледі.

      Транзиттік кезең ішінде жаһандық балама құралдар портфелі осы Қағидаларға 11-қосымшаға сәйкес портфельдің референс параметрлеріне қатысты бағаланады.

      Балама құралдар портфелінің көлемі Қордың активтерін балама құралдар портфеліне ауыстыру кезінде жинақ портфелінің активтері көлемінің 10 (он) пайызынан аспайды.

      Ашық инвестициялық әріптестік портфелін толықтырудың жиынтық көлемі 1 (бір) миллиард АҚШ долларынан аспайды.

      Балама құралдар портфеліндегі шетелдік цифрлық активтер портфелінің нарықтық құны балама құралдар портфелінің 30 (отыз) пайызынан аспайды.";

      56-6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "56-6. Балама құралдар портфелінің активтерін "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын орналастыру үшін материалдық емес активтерді қоспағанда, рұқсат етілген қаржы құралдарының және олармен жасалатын мәмілелердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 21 мамырдағы № 353 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын орналастыру үшін материалдық емес активтерді қоспағанда, рұқсат етілген қаржы құралдарының және олармен жасалатын мәмілелердің тізбесінде көзделген өзге қаржы құралдарына инвестициялауға рұқсат етіледі.";

      2-1-қосымша осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын;

      3-1-қосымша алып тасталсын;

      10-қосымша осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын;

      осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес редакцияда 11-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Монетарлық операциялар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
Т. Сулейменов

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2026 жылғы 11 наурыздағы
№ 17 қаулысына
1-қосымша
Қазақстан Республикасы
Ұлттық қорының
инвестициялық операцияларын
жүзеге асыру қағидаларына
2-1-қосымша

Жинақ портфелі активтерінің нысаналы стратегиялық бөлінуі

р/с

Портфель атауы

Балама құралдар портфелін қалыптастырғанға дейін (пайызбен)

Балама құралдар портфелін қалыптастырғаннан кейін (пайызбен)

1

2

3

4

1

Облигациялар:

65

50

1.1

дамыған елдердің мемлекеттік облигациялары

34

19

1.2

дамушы елдердің мемлекеттік облигациялары

21

21

1.3

корпоративтік облигациялар

10

10

2

Акциялар

30

35-40

3

Балама құралдар

0

5-10

4

Алтын

5

5

      Ескертпе: 4-бағанның 2 және 3-жолдары бойынша балама құралдар мен акциялардың бірлескен үлесі 45 (қырық бес) пайыздан аспаған жағдайда балама құралдар портфелін ауыстыру немесе толықтыру сәтінде балама құралдардың нақты қалыптасқан үлесі қолданылады.

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
20__ жылғы __ ші
№ __ қаулысына
2-қосымша
Қазақстан Республикасы
Ұлттық қорының
инвестициялық операцияларын
жүзеге асыру қағидаларына
10-қосымша

Жаһандық балама құралдар портфелінің активтер сыныптары бойынша секторлық бөлінуі

Р/с

Активтер сыныбы

Жаһандық балама құралдар портфелін бастапқы толықтырудан кейін 5 жыл кезеңіндегі нарықтық құны (пайызбен)

Жаһандық балама құралдар портфелін бастапқы толтырғаннан кейін 5 жыл өткен соң нарықтық құны (пайызбен)

ең төменгі

ең жоғары

ең төменгі

ең жоғары

1

Жеке капитал

0

65

0

70

2

Хедж-қорлар

0

30

0

30

3

Жылжымайтын мүлік

0

40

0

40

4

Инфрақұрылым

0

30

0

30

5

Жеке борыш

0

15

0

15

6

Облигациялар

0

20

0

15

7

Акциялар

0

30

0

15

      Ескертпе: 6 және 7-жолдар бойынша облигациялар мен акциялардың жиынтық көлемі жаһандық балама құралдар портфелін бастапқы толықтырғаннан кейін 5 (бес) жылдан аспайтын жаһандық балама құралдар портфелін қалыптастыру кезеңінде 40 (қырық) пайыздан аспайды. Жаһандық балама құралдар портфелін қалыптастыру кезеңі өткеннен кейін облигациялар мен акциялардың жиынтық көлемі 15 (он бес) пайыздан аспайды.

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
20__ жылғы __ ші
№ __ қаулысына
3-қосымша
Қазақстан Республикасы
Ұлттық қорының
инвестициялық операцияларын
жүзеге асыру қағидаларына
11-қосымша

Жаһандық балама құралдар портфелі үшін транзиттік кезеңге арналған портфель референсінің параметрлері

Р/с

Кезең

Портфель референсінің параметрлері

1

Транзиттік кезеңнің бірінші жылы

Портфель референсі АҚШ долларымен өлшенетін 35 (отыз бес) пайыз MSCI АCWI IMI Net Total Return USD Index индексінен және 65 (алпыс бес) пайыз Bloomberg Global-Aggregate Total Return Index Value Hedged USD индексінен тұрады.

2

Транзиттік кезеңнің екінші жылы

Портфель референсі АҚШ долларымен өлшенетін 50 (елу) пайыз MSCI АCWI IMI Net Total Return USD Index индексінен және 50 (елу) пайыз Bloomberg Global-Aggregate Total Return Index Value Hedged USD индексінен тұрады.

3

Транзиттік кезеңнің үшінші жылы

Портфель референсі АҚШ долларымен өлшенетін 65 (алпыс бес) пайыз MSCI АCWI IMI Net Total Return USD Index индексінен және 35 (отыз бес) пайыз Bloomberg Global-Aggregate Total Return Index Value Hedged USD индексінен тұрады.